Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен жеңіліс көрмеген даниялық Якоб Банк (20-0, 11 КО) командалары екінші орта салмақта (76,2 кг-ға дейін) WBO нұсқасы бойынша бос әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек өткізу туралы келісімге келгенін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұйым екі тараптан да ресми жазбаша хабарламаларды 7 қазанға дейін белгіленген дедлайн қарсаңында алды. Осының арқасында промоутерлік сауда-саттық тоқтатылды.
WBO басшысы әлеуметтік желідегі X парақшасында тараптар келісімшарт талаптарын бекіткенін, ал күні мен орны кейінірек жарияланатынын ресми түрде растады. Жәнібек Әлімханұлы бұл жазбаға жасыл құсбелгі қойып, репост жасап үлгерді.
Беделді инсайдерлердің (атап айтқанда, The Ring) хабарлауынша, титулдық жекпе-жек 2026 жылдың желтоқсанында Данияда (Якоб Банктің отанында) өткізілуі жоспарлануда.
Титулдың бұрынғы иегері, британдық Хамза Шираз Әлімханұлына қарсы міндетті қорғау жүргізуден бас тартып, белдікті өз еркімен босатты. Осыдан кейін WBO рейтингтің бірінші нөмірі Әлімханұлы мен үшінші орындағы Якоб Банкті дереу жекпе-жекке қосты.
Бұрын орта салмақта WBO және IBF титулдарын иеленген Әлімханұлы үшін бұл жекпе-жек екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға ресми мүмкіндік.
Бұған дейін «Курсив» Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық титул үшін жекпе-жек өтетін орынды таңдағанын жазған. Ол промоутерлерге Нью-Йорктегі (АҚШ) атақты «Мэдисон-сквер-гарден» аренасында жекпе-жек ұйымдастыруды сұрап жүгінген.


