Интернетте 15 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің даркнетте сатылымға қойылғаны туралы ақпарат пайда болды. Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл мәліметтерді тексеруді бастады, деп хабарлайды infohub.kz.

Mash басылымының мәліметінше, shymzz13 бүркеншік атын жамылған белгісіз хакер Қазақстанның 15 миллион тұрғыны туралы мәліметтері бар дерекқорды сату туралы хабарландыру орналастырған. Бұл ел халқының шамамен төрттен үш бөлігін құрайды. Сатушы бұл деректерді мемлекеттік eGov қызметін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген. 2,7 гигабайттық файл үшін ол 0,5 биткоин, яғни шамамен 32 мың АҚШ долларын сұраған. Сатушының айтуынша, базада 47 миллион жол бар: паспорт деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың сканерлері және құпиясөздер.

Киберқауіпсіздік сарапшылары бұл базаны украиндық колл-орталықтар сатып алуы мүмкін деп алаңдаулы. Олар бұған дейін де мұндай деректерді алаяқтық схемаларда қолданған. Мысалы, жақында алаяқтар Қазақстанды Ресеймен шатастырып, Павлодардағы зейнеткерлерді банкте жарылыс жасауға көндірген.

NUR.KZ тілшісі Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Ведомство қазақстандықтардың жеке деректерінің даркнетте жарияланғаны туралы тараған ақпараттан хабардар екенін растады. Қазіргі уақытта профильді қызметтермен бірлесіп жарияланған мәліметтерге техникалық тексеру жүргізілуде, оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау бар. Әзірге электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған базаның тікелей eGov-дан алынғаны туралы расталған деректер жоқ.

Министрлік сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтті. Атап айтқанда, eGov-да паспорттардың сканер-көшірмелері көрсетілгендей сақталмайды, ал цифрлық құжаттар басқа форматта болады. Даркнет пайдаланушысының базаның шығу тегі туралы мәлімдемесі eGov-дың бұзылу фактісін растау ретінде қарастырыла алмайды. Техникалық тексеру жалғасуда, нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілетін болады.

Минцифра азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі шараларын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, құпиясөздерді және ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күдікті сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін әртүрлі құпиясөздерді қолдану.