Қазақстанда 2027 жылдан бастап кейбір әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу тәсілін өзгерту жоспарлануда: айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өссе де, жекелеген төлемдер бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін. Бұл ҚР Қаржы министрлігі жариялаған 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасынан көрінеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, 2027 жылы АЕК 8,5%-ға өсіп, қазіргі 4 325 теңгенің орнына 4 693 теңгені құрауы мүмкін. Әдетте АЕК-тің ұлғаюы осы көрсеткішке байланысты жәрдемақылардың да өсуіне әкелетін. Алайда жаңа бюджет жобасында кейбір әлеуметтік көмек түрлерін есептеу үшін АЕК-ті 2026 жылғы деңгейде сақтау ұсынылуда.
Жобаның 11-бабы 1-тармағында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу үшін АЕК 4 325 теңге мөлшерінде қалатыны көрсетілген. Бұл ҚР Әлеуметтік кодексінің 10-бабы 1-тармағының 1), 6) және 9) тармақшаларында, сондай-ақ ҚР «Жер асты және ашық тау-кен жұмыстарында, ерекше зиянды және ерекше ауыр еңбек жағдайларында немесе зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарға арналған мемлекеттік арнаулы жәрдемақы туралы» Заңының 6 және 7-баптарында және ҚР Азаматтық кодексінің (ерекше бөлім) 945-бабының 4-тармағында көзделген жәрдемақыларға қатысты.
Осылайша, келесі мемлекеттік көмек түрлерін алушылар төлемдердің өсуін көрмейді: балалары бар отбасыларды әлеуметтік қорғау (тууға, бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға және т.б. жәрдемақылар); азаматтардың жекелеген санаттарына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмек (Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген адамдар, «Халық қаһарманы» атағын алған азаматтар); зейнетақы төлемдерін немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда жерлеуге біржолғы төлем.
Күнкөріс минимумы (КМ) бойынша да осындай жағдай қалыптасуда. Жалпы көрсеткіш 50 851 теңгеден 55 173 теңгеге дейін өседі, бірақ кейбір жәрдемақыларды есептеу үшін оның мөлшері 50 851 теңге деңгейінде қалады. Бұл ҚР Әлеуметтік кодексінің 10-бабы 1-тармағының 5), 6-1) және 8) тармақшаларында көрсетілген адамдарға төлемдерге әсер етеді.
Сонымен қатар, түзетулер жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамдарға (отбасыларға) арналған атаулы әлеуметтік көмекке әсер етпейді. Олар үшін АЕК пен КМ жаңа мөлшерде қолданылады.
Осылайша, егер республикалық бюджет жобасы қабылданса, 2027 жылы АЕК пен КМ-нің жалпы өсуіне қарамастан, кейбір жәрдемақылар 2026 жылғы деңгейде қалады.


