2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда реновация бағдарламасы бойынша 224 көппәтерлі үй сүріледі. Тұрғындарға жаңа баспана немесе ақшалай өтемақы беріледі, деп хабарлайды infohub.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген инвесторлар еліміздің барлық өңірінде бар. Алайда Жамбыл облысы әзірге ерекшелік – онда мүдделі құрылыс салушы әлі табылмаған.
Жұмысты бастау үшін биліктің бір ғана шешімі жеткіліксіз. Құрылыс салушы үйді сүруге және жаңасын салуға барлық пәтер иелерінің келісімін алғаннан кейін ғана кірісе алады.
«Егер бір ғана тұрғын қалса да, оның келісімі қажет. Бір пәтерде бірнеше адам тіркелген болса, сол тұрғын үйде үлесі барлардың барлығының келісімі міндетті», — деді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев.
Сондай-ақ ол үйдің адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларда ғана ерекшелік жасалуы мүмкін екенін түсіндірді. «Сот арқылы шығаруға келсек – егер тұрғын үй адам өміріне қауіп төндірсе, бұл жағдайда сот шығару туралы шешім шығарады», — деп атап өтті Қанат Мыңбаев.


