Қостанай облысында Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан қыздың қабірінен белгісіз адамдар бейнебақылау камерасын ұрлап кетті. Туыстары қабірді қорғау үшін арнайы аппарат орнатқан, бірақ бұл тонаушыларды тоқтата алмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан Салима Жұтаеваның отбасы Қостанай облысындағы зиратта тонау оқиғасына тап болды. Белгісіз адамдар туыстары қабір басына қорғаныш ретінде орнатқан бейнебақылау камерасын ұрлап әкеткен.

Қыздың анасы Ұлтұған Жұтаева камераның көмегімен вандалдарды тоқтатамын деп үміттенгенін айтты. Алайда құрылғы бекітпесімен бірге жұлып алынған.

«Бұл жерді қорғау үшін бейнекамера орнатуды шештік. Тонаушыларды үркітеді деп ойладық. Бірақ үркітпеді, тамырымен жұлып, бәрін жұлып кетті. Полиция жақсы жұмыс істеді, ол адамды ұстады, мен оның көзіне қарағым келеді. Не үшін мұндайды жасады? Ештеңе қорғалмаған, мұнда қоршау да жоқ, ешкімде киелі дүние қалмаған», — деді әйел.

Камера кезекті тонау оқиғасынан кейін орнатылған. Белгісіз адамдар анасы қызының қабіріне отырғызған бұталарды қазып әкеткен. Бұған дейін де қабірден тірі гүлдер бірнеше рет жоғалып кеткен. Бірде қаскөйлер тіпті мәрмәр орындықты да алып кетпек болған, бірақ туыстары уақытында байқап қалған. Вандалдармен өз күшімен күресуге шаршаған отбасы бейнебақылау орнатуды шешкен.

«Өз күшімізбен бағана мен күн батареясында жұмыс істейтін камера орнаттық. Оны да ұрлап кетті, ешқандай бақылау жоқ», — деп бөлісті Салима Жұтаеваның ағасы Руслан Жұтаев.

«Полиция осы фактіге қатысы болуы мүмкін адамды анықтады. Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Айри Темірғалиева.

Қостанай ауданының әкімдігі зиратты абаттандыруға бюджеттен қаржы қарастырылмағанын мәлімдеді.

«Аудандық және облыстық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілген, бүгінде өтінімдер бекітілген жоқ. Әрі қарай келесі 2027 жылға бюджеттік өтінім беру бойынша жұмыс істейміз», — деп атап өтті Қостанай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Денис Петрухно.

Сонымен қатар былтыр депутаттар еліміздегі зираттарда тәртіп орнату мәселесін көтерген. Ең алдымен үкіметтен зираттардың мәртебесін заңнамалық деңгейде тек мемлекеттік меншік объектілері ретінде белгілеу және зираттарға қызмет көрсететін, жерлеу қызметтерін ұсынатын мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру мен сатудың кешенді жоспарынан алып тастауды сұраған.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан «Әзірбайжан әуе жолдары» ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Олар Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары. 29 адам аман қалды, қаза тапқандардың барлығы қазақстандықтар.