Алматы қаласы Білім басқармасы аз қамтылған отбасыларға балаларды мектепке дайындауға берілетін көмек көлеміне түсініктеме берді. Биыл көмек көлемі 60 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев РСК-да өткен брифингте мектеп маусымына қаржылай көмек көрсетуге Алматыда 460 млн теңге бөлінгенін айтты. Көмек 7669 жетім баланы, аз қамтылған отбасылар мен АӘК алатын отбасылардың балаларын қамтиды.

«Биыл Алматыда төлем мөлшері бір балаға 60 мың теңгені құрайды. Ата-аналар нысан мен кеңсе тауарларын өздері таңдай алуы үшін қаражат тікелей ата-аналардың карта шоттарына аударылады», — деп атап өтті басқарма басшысы.

Ол сондай-ақ бұл соманың оқушыны жинауға жеткілікті екенін айтты. «Біз костюмді, спорттық костюмді, рюкзакты, кеңсе тауарларын және т.б. есептедік. Менің ойымша, 60 мың теңге оқушыны жаңа оқу жылына дайындауға жетеді. Егер аз қамтылған отбасыларға жататын ата-аналар тарапынан қосымша қажеттіліктер туындаса, біз аудандық әкімдіктермен бірлесіп, «Мектепке жол» акциясы аясында қосымша көмек көрсетуге дайынбыз», — деді Сәкен Аралбаев.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында аудандық әкімдіктердің демеушілік қаражаты есебінен 8660 баланы қажетті мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың 17 тамызына дейін аудандық әкімдіктер арқылы аз қамтылған отбасылардан шыққан 3968 оқушыға 98 млн теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілді.