Қараша айының басынан бері қазақстандық полицейлер заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі заттарын тәркіледі. Елдің бірнеше қаласында есірткі жеткізушілерді ұстау шаралары қатарынан жүргізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, айдың алғашқы онкүндігінде 56 есірткі құқықбұзушылығы анықталған, оның 35-і қылмыс ретінде сараланған. Ел бойынша барлығы 35 күдікті ұсталды. Олардың 19-ы есірткі сату фактілері бойынша, 8-і контрабанда үшін, 3-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін, 3-і улы заттардың заңсыз айналымы үшін, 1-і есірткі құрамы бар өсімдіктерді өсіргені үшін, тағы 1-і есірткіні насихаттап, жарнамалағаны үшін ұсталды.

Ведомство өңірлердегі бірнеше ірі ұстау шарасының мәліметтерін келтірді. Павлодарда полицейлер Алматыдан келген 32 жастағы әйелді тоқтатты. Тергеу нұсқасы бойынша, әйел әлеуметтік желілерден есірткі жеткізуші жұмысы туралы хабарландыру тауып, тыйым салынған заттарды сату үшін арнайы басқа қалаға келген. Оны жеке тінту кезінде қолынан шамамен 1,5 келі α-PVP және 30 грамға жуық мефедрон тәркіленді.

Шымкентте 21 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, одан шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі табылды. Ол оларды қалада таратуды жоспарлаған болуы мүмкін.

Алматыда 56 жастағы ер адам тергеу дерегінше, психотроптық заттың ірі партиясын сақтаған: оның көлігі мен пәтерін тінту кезінде жедел қызметкерлер 220 грамнан астам кетаминді тапты.

Жалпы, ІІМ дерегінше, 10 күн ішінде тәркіленген 200 келіден астам тыйым салынған заттың басым бөлігін марихуана құрады — 190 келі, тағы шамамен 13 келісі «синтетикаға», 4 келісі гашишке тиесілі. ІІМ есірткі трафигін тоқтату және жастарды есірткі ортасына тартылудан қорғау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.