Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абылайдың өз түсін жоруы

Абылай үйінде ме, не жорықта ма, әйтеуір бір түс көріпті (әркім әр түрлі айтады).

Түсінде бір қалың даманда отырып есіктен қараса, есік алдында бір үлкен көл бар екен. Оның құрақ, қамыстары жолсыз ыққа қарап жапырылып тұр екен. «Япырым-ай, мына көлдің қамысы желсіз неге жапырылып тұр?» деп, есікке шыға келсе, есіктің алдында бір арыстан қарсы қарап жатыр екен. Абылай сескеніп тұра қалыпты. Арыстан қарап секіретін түрге келіп, айбаттанып күшін жинапты да, өз бетімен жүре беріпті. Одан соң сол жерге қасқыр, түлкі, қоян келіп кідіріп, бәрі де көз алдында өз бетімен кетті. «Манағы құрақты көлім сор болды ма? Бұлақ болды ма? Шалшыққа айналды ма? Не болғанын қарауға өзім де жиреніп жатып оянып кеттім», — дейді.

Естушілер не деп жоруын білмей, жақсылыққа жоруға қисынын таба алмай, жамандыққа жоруға ханына бата ал- май отырыпты.

Сонда Абылай өзі былай деп жорыпты:

— Менің көрген жыным, айдын шалқар көлім, ол мына менің көрген дәуірім, мына отырған сендерсіңдер. Ана жапырылып көрінген менің қоғадай жапырылып бас иіп тұрған халқым. оның ақыры былай болды. Шіркін, халқым, дәуірің осындай болады екен ғой! Көрген арыстаным — ол дұшпаным. Қанша дұшпаным қайрат етсе де, әсер етпеді. оның артындағы қасқыр, түлкі, қоян — олар менің кейінгі тұқымдарым болар. олардың ақыры қоянға ұқсап, ел-жұрт қараудан да жиренетін болады екен ғой! — деп жорып, өзі қатты күйзелген екен. Сонда қасындағылар да:

— «Түс — түлкінің боғы», жақсыға жорыңыз, түс көрушіден емес, жорушыдан, — деген екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жәнібек батырдың түсін Абылайдың жоруы (І нұсқа)

Абылайдың бір жорығы (ІІ нұсқа)

Абылайдың бір жорығы (ІІІ нұсқа)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама