Абылайдың бір жорығы (ІІІ нұсқа)
Қарақалмақ Қатысыбанның ханы Абылайға елші жіберген екен:
— Абылай менен менің таласым дін емес, дүние ғой! Дүние үшін жұртымызды қырылыстырмайық. Мен өз қол-астыма қараған қалмақтан бір сырттан табайын, Абылай да өз қоластына қараған қазақтан бір сырттан тауып келсін! Екеуін жекпе-жекке шығарайық. Менің сырттанымның күші асса, малдан, жаннан Абылай безіп шықсын біз олжа қылайық. Абылайдың сырттанының күші асса малдан, жаннан қол жуып, екі қолды төбеге қойып, біз шығайық, Абылай олжа қылсын. уәде осы болсын! — деп.
— Жә, бәсе, — деп бұл сөзге Абылай да қол қойыпты. Қалмақта аты шулы атағы шыққан сырттан бар екен де, қазақта ондай білікті болып, ауызға ілініп, көзге түскен сырттан жоқ екен. Абылай хан сырттан тауып алуға ел ара- лапты. Шақшақ батырдың ауылына келіп түсіпті:
— Хан келді! Хан келді! — деп жұрт жабырласып шығып жатыр дейді.
«Шақшақ батырдың бір немересі бар Жәнібек деген» деп естуі бар екен. Бірақ түсін көрген жоқ екен. Далада алдынан жүгіргендердің ішінде ол тұлғалы жан көзіне көрінбеді дейді. Хан Шақшақ батырдың үйіне кіріп келсе, үй ішінде құрт қайнатқан қазан бар екен. Шешелері жүгіріп кеткен соң «құрттың түбі күйіп кетер» деп кеулеуіш алып қолына қазанды кеулеп, араластырып тұр екен. «Хан келді-ау!» деген хабарында жоқ, сәлем-пәлемді білмейді, құртын араластыра берген екен. Хан:
— Батыр қайда десем, құрт қайнатып тұр екен-ау! — депті.
— Үйде құрт қайнатуға жарамаған жаман, жауда ат ойнатуға жараушы ма еді? — депті.
Жәнібекті тапқан қатын «Қатаған ханы» атанған хан Тұрсынның қызы екен. Тәшкен ханы болып тұрған күнінде Еңсегей бойлы ер Есім Қатағанды қырып, хан Тұрсынды өлтіріп, қынадай қырғын қылған шабыншылықта бір қызы Есім ханның олжасына үлеске түсіп, ол баласы[н] Салқам Жәңгірге қосқан екен де, бір қызы Шақшақ батырдың ол- жасына үлеске түсіп, бұл баласы[н] Қошқарға қосқан екен. Сонда Жәнібектің шешесі айтты дейді:
— Аттың сырттанын өзім [ат]қа мініп, қазақ жылқысын үш жыл аралап, таптым. Ағаштың сырттанын тоғайдан то- ғай қалдырмай, орманнан орман қалдырмай үш жыл аралап зорға таптым. Адамның сырттанын мырза Құдайлығымен төсекте жатқан бір түн түсімде берді. «Қалай берді?» десең, ұйықтап жатыр едім, үстіме келіп бір нәрсе шөкті. Бойым иіді, тұрып кетті. Немене екенін айырып біле алмадым. Бір сипап қалдым, жүнді барақ нәрсе екен. Бар, апар да, айқастыра бер! Бір кісіден өлсе, жыласам, көзіме ақ түссін! — депті.
Абылай алып кетті, қалмаққа барды. Ертең ертеменен екі жақтан сырттандар жекпе-жекке шығыспақ болды.
Түнде жатып Жәнібек бір түс көріп, түсінен шошып оянып, түн ішінде қосын жықтырды дейді. «Ханға айтып кетейінші» деп келсе, хан да түйсініп оянып, басын көтеріп отыр екен:
— Батыр, жай ма? — депті.
— Не жай болсын? Бір түс көріп, айтуға аузым бармайды. Қосымды жықтырып, арттырып, тарттырып қойдым. Сізге жолықпай кетпейін деп, өкпем аузыма тығылып, әрең келдім, — депті.
Хан сонда:
— Шыйеш! — деп атшысын шақырды, жетіп келді.
— Уа, менің қарт Бөгенбай берген Нарқызыл атымды есіктің алдына алып кел! — деді. Тоқтау бар ма, атты көлденең ұстап алып келді.
Жәнібекке:
— Ұшып түрегел де, қолыңды жай! — деді, — а, Құдай, осының түсін мен неге жорысам, сен соған қабыл қыл! — деп, — Нарқызылды сой да, тарат, — дейді, — енді шошыма, орнығып отыр да түсіңді айт, — деді.
— Түсімді айтсам, тақсыр, қалмақ сырттанымен айқаса кеткенде ол мені найзамен шаншып түсірді. Кеудеме атша мініп, тамағымнан кесуге ыңғайланғанда, кеудемде екі айдаһар жылан — бірі оң емшегімде қадалып, бірі сол емшегімде қадалып жатыр екен, — дегенде:
— Түсің түс-ақ екен! Мұнан жақсы бола ма? Түсіңде сені ол шаншып түсіріп жүрсе, өңіңде оны сен шаншып түсіреді екенсің. Түсіңде сенің кеудеңе ол атша мініп жүрсе, өңіңде оның кеудесіне сен атша мінеді екенсің. Түсіңде сенің тамағыңа ол қылыш жалақтатса, өңінде оның тамағына сен қылыш жалақтатасың. Оң емшегіңді емген айдаһар жылан — өзіңнің туайын деп тұрған балаң айдаһардай ақырып туады екен. Сол емшегіңді еміп жүрген — өзіңнен бір қыз туады. Онан бір жиен туады. ол да айдаһардай ақырып туады. ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің тұлпар мініп, ту ұстап туады екен. Өзің осынша өсіп-өнейін деп тұрсың. Сен қалай өлесің? Бар, жекпе-жекке шыға бер! — деді.
Хан түсін қолмен ұстатқандай жорыған соң, атын айтып сойып, талатып жатқан соң Жәнібек көркейіп, тасып кетті. Қайрат-қуаты бұрынғысынан да басым болып асып кетті. Атына міне сала:
— Жекпе-жек! Жекпе-жек! — деп айғай сала шапты. Қалмақ сырттанының құты қашып, аяғын әукелектеп басып, найзасын қалай толғарын білмей, өзінен қалбалақтап сасып қалған қарсаңда Жәнібек батыр шаншып түсіріп, үстіне аттай мініп, тамағына қылышты ыңғайлағанда, шал- қасынан жатқан қалмақ:
— Тоқта, тоқта, — дейді, — түнде сен де көріп едің, мен де көріп едім. Сені мен алып едім-ау, табанымның астына салып едім-ау! Сенің түс жорушың жақсы жорығандығынан, менің түс жорушым жаман болғандықтан алып кеттің-ау! — дейді.
Мұндай жанның басын қалай кесесің? Қолынан ұстап, Абылай ханға алып келді. өзі де өскен-өнген жан екен. Он бір ауыл болған сабаз екен. Сол он бір ауылға тимеді де, өзге қалмақты тұттай жалаңаш қылып тонап, алып қайтты. Хан болса, осындай болсын!
Оқуға кеңес береміз:
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)