Алматы облысы полиция департаменті Нелли Михееваның таудан табылған адам сүйектері оның әкесіне тиесілі деген мәлімдемесін растады, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Талғар ауданындағы Северцов мұздығынан адам денесінің табылуына байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Жүргізілген іс-шаралар барысында қайтыс болған адамның жеке басы анықталды. Ол бұрын хабар-ошарсыз кеткен Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Деректерге сәйкес, ер адам 19 жыл бойы іздеуде болған. Болжам бойынша, мұздықтың еруі салдарынан дене жер бетіне шығып, табылған», — деп хабарлады полицияда.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және өлім себептерін анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын Алматы облысы Талғар ауданындағы Северцов мұздығынан Беларусь туристері тобы адам сүйектері мен туристік жабдықтарды тапқаны белгілі болған еді. Кейін қазақстандық Нелля Михеева Instagram-дағы stories-та Алматы облысының тауларынан табылған сүйектер оның әкесіне тиесілі екенін айтқан.
«Бүгін біздің отбасы үшін бір жағынан қайғылы, бір жағынан қуанышты күн. 19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Северцев мұздығы еріп, Беларусь туристері тауып алды, оларға үлкен рахмет, өтіп кетпей, әкемнің сүйегі мен рюкзагын тапқандары үшін», — деді әйел.
Михееваның айтуынша, рюкзактан әкесінің атына жазылған жеке куәлік те табылған.


