Адамгершілік тәрбие
Жер жүзіндегі қай ұлттың болмасын салт-дәстүр ғұрыптары мен тәлім тәрбиесі адам бойында ізгі қасиеттер қалыптастыруға негізделген. Қоғамдағы сан-саланың қайсысын алсақ та адамгершілік қасиет алдыңғы орында. Бұл дегеніңіз әрбір адамның бойында бірінші бағаланатын құндылық. Құндылықтардың әртүрлі болуы ақиқат, ал қарама-қайшы болуы ғылым саласында жаңалық ашуға жол ашса, саясатта соғысқа себеп болғандары да аз емес. Ал құндылық дегеніміз не? «Құндылық – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы. Ол қашанда әлдекімнің (немесе әлдененің) бағалылығын, яғни объективті болмысты және сонымен бір мезетте оның әлдекім (немесе әлдене ) үшін құндылығын, яғни субъективті бағалауды білдіреді. Дүние құндылыққа толы – материалды (заттар, әшекей бұйымдар, алтын мен асыл тастар, ақша, меншік және т.б.), көркем (әдебиет пен өнер туындылары) және адами (сұлулығы мен ізгі қасиеттері) құндылықтар. Бір нәрсені екіншісінен артық көру жалпы тірі табиғатқа тән. Аң екеш аңның өзі төлін қызғыштай қорғайды. Дегенмен, құндылықтың антропогенді, яғни адамға тән екендігін баса айту қажет, өйткені барлық жаратылыстың ішінде адам ғана табиғи
және мәдени туындыларды, идеялар мен амал-әрекеттерді, жалпы басқа адам мен қоғамды, сондай-ақ өзін-өзі бағалауға қабілетті. Құндылықтар адамның әлеуметтік болмысына тартылған, адам құндылықтарға мүдделі әрі мұқтаж болып табылады», - дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов .
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз
алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып,заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын, бойға сіңіруіміз керек» деген пікірді айтқан болатын. Расында әлемде өркениетпен қатар құндылықтар да өзгеруде. Өзгеріссіз қалатын бір ғана құндылық бар ол – рухани құндылық. Рухани құндылық адам бойындағы мейірімділік, адамгершілік, ізгілік қасиеттерінің жиынтығы. Рухани құндылықтарды қалыптастырудың негізгі көздерінің бірі көркем шығарма. Психология заңдылықтары мен механизмдерін зерттеп жүрген қазақстандық жас психоаналитик Сая Бақимованың көркем әдебиет оқудың артықшылығы турасында пікіріне жүгініп көрген едік, жеке істәжірибесінен мысал келтірген маман «көркем шығарманы көп оқу эмоциялық интеллекті дамытуға септігін тигізеді» деп біледі. «Психолог ретінде айтарым – көркем әдебиетті оқитын адамдармен жұмыс істеу мүлдем әдебиет оқымайтын адаммен жұмыс істегеннен басқаша. Жақсы да, жаман да емес, басқаша. Мысалы, эмоциялық интеллектіні дамытудың бір жолы – сезінетін эмоцияларды жақсы тану, атын атай алу. Яғни, бізде болатын эмоциялардың барынша палитрасын беру үшін бізге сәйкесінше сондай бай сөздік қор керек. Ал оны қалай дамытуға болады? Оның маңызды бөлігі – көркем әдебиет. Эмоциялық интеллектті дамытудан басқа рөлі жайлы өзім сүйенетін психоанализ теориясынан айтсам, бұл жерде клиенттің еркін ассоциациясы маңызды», деген психолог образды ойлай білетін адам мазмұнға бай, мағына жағынан бірнеше деңгейден тұратын терең ассоциацияларды көбірек ұсына алатынын айтады. Құндылықтың қайнар көзі, ұлттық бірегейлік пен рухани байлықтың түйіскен тұсы да – әдебиет. Көркем әдебиетте дүниетанудың екі формасы ұштасқан. Онда сезім мен ой, этика мен эстетика, ақыл мен эмоция тоғысқан. Байқағанымыздай көркем шығарма оқырманның таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, сөздік қорын байытуға, өзіндік пікір қалыптастыруға әсер етеді. Бір ғана көркем шығарманы оқи отырып оқырман түрлі күй кешеді. кейіпкердің іс-әрекетіне бірде сүйсініп үйренеді, енді бірде тыжырынып жиренеді, жаңа дағды қалыптастырады. Кейде күліп, жылап, таңданып, ашуланып ішкі эмоциясын да шығарып алады. Жазушы-драматург Роза Мұқанова «Бұрын оқығандарымның ішінен өзіме ұнаған, тіпті кейде қайталап оқитын кітаптарым бар. Олар менің ең жақын достарым деуге де болады. Жауап таба алмай, ой сенделгенде көмекке келеді. Жанымды тереңдетеді, санама сабыр береді. Іздегенімді тауып олжалы етеді. Сондай құнды дүниелерім бар.
Меніңше, әр адам құндылықты өзі іздеп тауы керек. Бәлкім, менің оқығандарым басқаларға жаңалық та емес. Олар мектеп қабырғасында-ақ оқып тастаған болар. Мемлекет қайраткерлерінің көзқарасы, қалыптасқан ойы, өмірбаянын, саяси тақырыптағы жазылған очерктерін оқығанды жақсы көремін. Өмірбаян – тағдыр, ақиқатты ғана айтады. Ал көркем әдебиеттің түп тамыры шындықтан алынып, көркемдікпен өріледі» .Бұл тұрғыда көркем шығарма оқырманның психологиясына әсер етіп жан дертін емдесе, енді бірде жігерін қайрап, ес жидырар дос та бола алады. Белгілі қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың: «Әдебиеттің атқаратын орасан зор күшімен ештеңе де теңесе алмайды» деуінің себебі де осы болса керек.
Мәселен, сөз зергері Әуезовтің «Абай жолы» романындағы мына бір үзінді «Бұл үйге, әсіресе, көктем нәрін енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы Тоғжан. Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатаның ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей» оқырманды өзіне елітіп, сұлулыққа сүйсіндіріп қана қоймай, эстетикалық талғам қалыптастырады.
Қандай көркем туынды болсын мейлі фильм яки шығарма белгілі бір идеяны жеткізу құралы. Шығарманы сөзбен суреттеп, кейіпкер тудырып көркемдеп ұсыну, сол арқылы оқырман ойына дөп түсу автордың шеберлігіне байланысты. Бұған Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары мысал бола алады. Жүсіпбек Аймауытұлының шығармаларында көркемдікидеялық ізденістер, бейнелеу тәсілдері, басты тұлғаның жан-жүйесін ашудағы динамикалық қозғалыстар деталь, портрет, пейзаж, ішкі монолог, ой ағыстары, тілдік-стильдік құбылыстар, композициялық үйлесім, лексикалықсинтаксистік қайталаулар, даналық ой, нақыл сөз т.т. өз орындарында қолданылып, 20 жылдардағы қазақ прозасының сыртқы пішіні мен ішкі мазмұнын, көркемдік құрылым-ерекшеліктерін байыта, толықтыра түседі.
Аймауытовтың табиғат көріністерін суреттеуі де ерекше «Өскеменнің ар жағында, бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа қарай құлай аққан, құлай ағын Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар. Алтай, Күршім – не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтай мен Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тырыңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған – ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі – Алтай жазы тау еркесі – киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны».
Көркем шығарманың оқырманы өзіне елітіп әкетуінің тағы бір себебі әлеуметтік мәселенің көрініс тауып, шынайы тіршіліктен хабар беруі.
Жалпы қазақ әдебиетінің тарихына үңілсек, сүбелі деген шығармалардың қайқайсысы болмасын негізгі өзегіне өмірде болған оқиғаларды негіз етеді. Ол сипат қазақ прозасының алғашқы үлгілеріне де тән. Мәселен, Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінің, Ш.Құдайбердіұлының «Әділ-Мария», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Көбеевтің «Қалың мал» тәрізді шығармаларының барлығы да шынайы өмірде болған адамдар тағдырына негізделген. Ал, нақты тарихи адамда өмірінен алынған прозалық шығармалар әдебиетте кештеу туды. Оның басында М.Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы» повесі тұрады. Повест 1927 жылы жазылған. Ленинград университетінің студенті, жас жазушы қаламынан шыққанына қарамастан бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпты игерудегі басты белес болып қалды. Шығарманың ең басты артықшылығы да осы тарихи шындықтың барынша нанымды көрініс табуында. Бұл орайда жазушы қазақ әдебиетіндегі тарихи жырлар Абай, Шәкәрім дәстүрін берік сақтай отырып,Еуропа әдебиетіндегі үлгіні де жете меңгергендігін байқатады. Автордың тарихи адамдар аттарын да сәл өзгертіп беруінің өзінен әдебиетке келген жаңа бір лепті, Еуропалық үлгідегі көркем әдебиетке қарай аяқ басқан жаңа қадамды көреміз. Бұл тарихи дерек пен көркемдік шеберліктің астасып келуі жағынан қазақ әдебиетіндегі жаңа үлгі болды.
Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында жазылған көркем туындылар тақырыптың алуандығымен, бастысы идеяның еркіндігімен ерекшеленеді. Бүгінгі күні қазақ әдебиеті өзінің биігінде сан түрлі ізденістер мен сан тарау жолдарда өз мүмкіндіктерін көрсетіп келеді. Қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы тақырып аясының кеңіп, қоғамдық мәселелерді қозғауы да өз кезегінде тарихи уақыт кеңістігіндегі еліміздің болашағына алаңдаулы үміттің бір көрінісі екендігі анық.
Жазушының ұшқыр қиялынан туған қандай көркем туынды болмасын онда өмір шындығы бар. Шығармадағы образ нақты бір кейіпкерлердің
айналасына жинақтала, соны негізгі нысанаға ала отырып айқындалады. Сондықтан оқырман шығармадағы негізгі тұлға-кейіпкерлерді тани отырып, басқа кейіпкерлерді сонымен салыстыра, сабақтастыра отырып баға беруге дағдыланады. Иә, әр жазушының өзіндік жазу стилі, сюжеттік желіні құру ерекшеліктері, кейіпкерлерді сөйлету тәсілі әртүрлі болғанмен, бәріне ортақ бір дүние бар ол - шығарманың ізгілікке бағытталуы. Жоғарыда аталған рухани құндылықты қалыптастыратын да осы көркем шығарма.
Рухани-адамгершілік тәрбие қоғамның барлық сатысында зерттеу нысаны болып отырғаны баршаға мәлім. Рухани-адамгершілік құндылықтар мәні, тәрбиелік маңызы туралы қазақ ғұламаларының, қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтерінің ой-пікірлері мен көзқарастары бар. Бүгінгі таңда сұраныс қоғамдағы ізгілікке, руханилыққа бет бұрғызып, оқу-тәрбие жұмысын рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру қажеттілігін айқындап отыр. Ал дәл осы құндылықтың іргетасы көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарма - оқу қоршаған ортаны, дүниені өзін тануға көмектеседі, талдап сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді.
Амантай Насихат Атымтайқызы