Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
Ресей Қазақстанды айналып өтетін жаңа жол тапты: Астана транзиттік артықшылықтан айырыла ма?

Ресей мен Түрікменстан Каспий теңізі арқылы тікелей байланысты нығайтып, «Жеңілдетілген кеден дәлізін» іске қосты. Бұл тарихи келісім Қазақстанды «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінен ығыстырып, Астананың транзиттік маңызын төмендетуі мүмкін.

2025 жылдың 20 қазанында Ашхабадта өткен түрікмен-ресей үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық комиссиясының 13-отырысы аясында екі ел арасындағы «Жеңілдетілген кеден дәлізі» салтанатты түрде іске қосылды. Бұл қадам екіжақты интеграцияның жаңа кезеңі ғана емес, сонымен бірге аймақтың логистикалық картасын толығымен өзгертетін стратегиялық шешім болуы ықтимал.

 

Жаңа келісімнің мәні неде?

 

Бұл келісім Ресей мен Түрікменстан арасындағы тауарлар мен көлік құралдарының кедендік рәсімдеуін жеңілдетуге бағытталған. Ресей вице-премьері Марат Хуснуллиннің айтуынша, басты мақсат – тауар айналымын жылдамдату және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды жандандыру.

Айта кету керек, кезінде Еуразиялық экономикалық одақ та дәл осындай Кеден одағын құрудан басталған еді. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам бейтарап Түрікменстанның болашақта ЕАЭО-ға мүше болуының алғашқы қадамы болуы да мүмкін.

 

Қазақстан үшін қауіп қандай?

 

Бүгінгі таңда Ресейден Түрікменстанға және кері бағыттағы жүктердің басым бөлігі Қазақстан аумағы арқылы тасымалданады. 2014 жылы іске қосылған «Болашақ» теміржол желісі Өзбекстанды айналып өтіп, Маңғыстау облысы арқылы Түрікменстанға тікелей шығуға мүмкіндік берген еді.

Алайда, жаңа келісім аясында Мәскеу мен Ашхабад арадағы делдал – Қазақстанды шығарып тастап, Каспий теңізі арқылы тікелей теңіз тасымалын дамытуы ықтимал. Бұл қадамның себебі прагматикалық: соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей шекарасынан ауыр жүк көліктерінің өтуі қиындап кетті. Қазірдің өзінде 7 мыңнан астам фура шекарадан өте алмай тұр.

Түрікменстанның «Түрікмендеңіздеряёллары» агенттігі мәлімдегендей, «жеңілдетілген дәліз» Ресей мен Түрікменстан шекарасынан тауарлардың өту уақытын барынша қысқартады. Бұл «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі үшін аса маңызды.

Егер екі ел тікелей теңіз тасымалын дамытса, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің бағыты былайша өзгеруі мүмкін: Ресей – Түрікменстан (Каспий теңізі арқылы) – Иран – Пәкістан – Үндістан. Бұл Қазақстанның құрлықтағы транзиттік рөлін едәуір төмендетеді.

 

Тек кедендік келісім емес

 

Ресей мен Түрікменстан ынтымақтастығы тек логистикамен шектелмейді. Тараптар экономиканы цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік, Ресейдің IT-компанияларының Түрікменстан нарығына енуі сияқты мәселелерді талқылап, цифрлық трансформация саласында меморандумға қол қойды. Мәскеу Түрікменстанның шалғай аудандарын кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге уәде берді.

Бұл оқиға Қазақстанның транзиттік саясаты үшін елеулі сынақ болып отыр. Астана енді өзінің логистикалық стратегиясын қайта қарап, жаңа бәсекелестік жағдайында өз артықшылықтарын сақтап қалу жолдарын іздеуі керек. Әйтпесе, стратегиялық маңызы зор халықаралық маршруттың сыртында қалу қаупі бар.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама