Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 апта бұрын)
Адасқан өмір
Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен,
Көрсетпейтін жүректің іші бар ма?
I
Мен бала
Мен сәби мейірімді ана құшағында,
Ақ мамасын сүйемін, құшамын да:
Алтын ана жек көрер шамасы жоқ;
Былғанам ба, мейлі құсамын ба.
Мен ұжмақ періштесі, көңілім таза,
Қандай нәрсе білмеймін: бәле, қаза.
Еркімнің ұйғарғанын істеуіме,
Ұғынбаймын ешкімнен бар деп жаза.
Қастық деген не нәрсе: көрінген дос;
Қайғы деген не нәрсе: көңілім хош;
Алдау, күндеу, айла не, мен білмеймін,
Жүрегімде түкпір жоқ сүюден бос.
Мен білмеймін: жалыну, жағынуды,
Ресім, ұлық, құдай деп табынуды,
Өз еркімнің қылығы өзіме жөн,
Айтшы маған не нәрсе жаңылуды?
Кәпір жоқ, мұсылман жоқ, мал мен адам
Бәрі де айырмасыз бауыр маған.
Пайда, зиян, ұят не,- мен білмеймін
Менің үшін сөз һәм жоқ деген жаман.
Менде жоқ: мынау орыс, мынау қазақ,
Не мақтау, не кемсіту, қорлау, мазақ.
Бай, кедей, сау, кем-кетік бәрібір бас,
Не нәрсе айтшы: кәрілік, ауру, азап?
Мен білмеймін: не нәрсе өлім деген,
Қорқу деген, көму деген, көрің деген.
Тамағыма пышақ таяп тұрған жан да,
Күлуден басқа жауап алмас менен.
Күн сайын жазғытұрым шыққан гүлдей,
Жақсы түрге кіремін өзім білмей.
Сондықтан көңілім шат, жүзім нұрлы,
Күліп сәуле шашамын жазғы күндей.
Жас тәнім ажарланып күннен-күнге,
Бәйшешектей құлпырар түрден-түрге.
Талпынам асыққандай жігіттікке,
Ұқсайтын жүзім гүлге, шаш сүмбілге.
Жас тән мен сезім, білім қабат өсіп,
Барамын кәмілдікке таман көшіп.
Өңім тұрсын, түсіме елестемес:
Бір күн топырақ болам деп, үнім өшіп.
Сыртым сондай, ішім бос жамандықтан,
Мен періште ұжмақтан жаңа шыққан.
Сондықтан әркімге де мен сүйкімді,
Күнәсіз екенімді бір көрсе ұққан.
Ақтайтындай дүниеге келісімді,
Асыққандай беруге жемісімді,
Күн сайын өсіп барам, толып барам,
Ақтасан, дүние, осы сен ісімді.
Мен, сыйлар деп дүние, келдім міне!
«Бір жас» деп есігіңнен ендім міне!
Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін,
Не қылсаң да басымды бердім міне!
Кім біледі қоярсың еркімді алып,
Кім біледі қоярсың көркімді алып,
Кім біледі бүл ерік, бұл көріктің -
Жоғалғанын білмеспін қайда қалып.
Әлде дерсің: «пәлен бар, көрмесем де,
Соған табын, солайша және нанып.
Соны қылып, сондайдан тыйылмасаң,
Миллион-миллион жыл қинар отқа жағып»
Әлде дерсің: «Ұлық бар, ел ғұрпы бар,
Жазалысың, қоймасаң оны танып».
Әлде дерсің: «Царь, құдай, алтын деген,
Соны сүй, соған табын, шұлғы барып».
Әлде дерсің: «Қап салып тілену бар,
Алтынның қызметінен қалсаң арып».
Әлде дерсің: «Құтылмас кедейлік бар,
Маңдай термен болмайтын асқа жарып».
Әлде дерсің: «Мейірімсіз ғашығың бар,
Түкіруге қорланар күйсең жанып».
Әлде дерсің: «Достық бар сау кезіңде,
Қараңды да көрмейтін солсаң кәріп».
Әлде дерсің: «Ауру бар қинайтұғын,
Тынышың кетіп, тамағың, ұйқың қалып».
Әлде дерсің: «Беле бар кем-қор қылып,
Елден ет жиғызатын дорба салып».
Әлде дерсің: «Қайғы бар жылайтұғын,
Гүл бетіңді сарғайтып жасқа малып».
Әлде дерсің: «Кәрілік бар тәнің тозып,
Қуартар, әлсіз қылар көркіңді алып».
Әлде дерсің: «Құтқармас қараңғы көр,
Топырақ болып, ұйықтарсың сонда барып».
Миллион жыл, миллионымен өтсе-дағы,
Тұруды бір білмессің ұйқың қанып.
Сен ұмыт, сен деген бір саңырау көр,
Бар-жоғыңды артқылар қылмас парық».
II
Мен жігіт
Мен жігіт, он бес - отыз арасында,
Бұл жаста көп: бересі-аласым да.
Алдымда толған мақсат, толған таңдау,
Алайын мынасын ба, анасын ба?
Жазғы гүлдей түрленіп толған түсім,
Көзім нұрлы, ақ меруерт - бүтін тісім.
Шашым қара сүмбілдей, бойым түзу,
Сәуле шашып тұрады жастық пішін.
Жалыны бойға сыймай сырттан көрініп,
Күн сайын тұрады артып қайрат, күшім.
Әр үміттің қиялы сәулеленіп,
Түн бойы ұйқы бермес, толқып ішім.
Жүрегім жұлқынады әлдеқайда:
Сақтауға күші келмей іштегісін
Лепіріп, бақ іздейді, жар іздейді!-
Ол ғашық көрмесе де жардың түсін.
Тәніме жаным сыймас іздеп кімді?
Кеудем қызып құриды әбден мысым.
Іздеймін, түсін әлі бір көргем жоқ,
Кандай түрде, қай жерде білемісің?
«Басқа бақыт табылмас» деп ұқпаймын,
Соны табу: ең менің керек ісім.
Бір табармын басқа бар қандай бақыт,
Таңдаймын, салыстырып, әрбір ісін.
Ұқпаймын қол жетпейтін бақыт бар деп,
Дүние жаралғандай менің үшін.
Үміттімін, алдар деп және ұқпаймын,
Қайғы алған жоқ жүректің бір бұрышын.
Сол түрде тұратындай мәңгі өмірім
Бақыттан бақыт таңдар жас көңілім.
Жетпеймін деп білмеймін еш біріне,
Мен үшін жоқ секілді кәрілік, өлім.
«Асығыс жоқ, мен әлі жетем» деймін,-
«Дәл бүгін жетпедім деу бекер» деймін.
«Сондай бақыт табуға мен әуелі -
Сондай бейнет һәм еңбек етем» деймін.
Еңбек қып мен іздейтін бақыт қандай?
Бүгін мен ұйықтағам жоқ таңдай-таңдай:
Бай болу, әкім болу, алғыс, атақ -
Ойланылды бәрі де бірі қалмай.
Ғашық болу, ақ ерке сұлу тауып,
Еріп тұрған «бір мен» деп жүрегі ауып.
Жанына жаным қосып өмір сүріп,
Айды күндей өткізу құрып сауық...
* * *
Ең басында көрінді байлық оңды:
Басқасына даярлық жолды.
Әкімшілік, сұлу жар, алғыс, атақ -
Бәрі сатылар, тек байлық болса болды.
Жоқ, әкім болу неге ақы беріп,
Бермеген күні кетсе халық жеріп.
Ақыл иесі, жан иесі бола тұра,
Жансыздың арқасымен күтім көріп.
Крыловтың баснядағы есегіндей,
Үстімде алтын болғанды қылып желік.
«Данышпан ел көркейтер ерім осы»,-
Деп таңдап қоймаған соң халық сеніп.
Қандай байлық шыдайды тойғызуға,
Анау топты тімтінген күнде келіп.
Кісі деп, ақылды айтпас, есек демей,
Жүргенді құр байлықпен қатарға еніп.
«Ит едім, байлық мені кісі қыл» деп,
Адамның несі адам болған жерік?
Мен адам болғандықтан өзі қызығып,
Бақыт, дәулет жүрмеген соң соңыма өріп.
Несі бақыт: сүймейтін бір сұлуды,
Сатып алып, өзімді жүрсем теліп.
«Құшақта, сүй!» деп зорлау, көріп отырып
Ататындай көздерін берілсе ерік.
Несі бақыт: сол байлық қылмаған соң,
Сұлу бір сүйетіндей жүрегі еріп,
Байлықпен медресе, школ салсам,
Нашарларды оқытып, алғыс алсам;
«Жақсы» деген атағым жұртқа шығар,
Жиһан кезсем, кәрілікте қажыға барсам.
Жоқ, байымас бұл күнде адал еңбек:
Біреу байыса, біреулер кедейленбек.
Кімде-кім тез байыса қолына ағып,
Кім кедей болса, соның малы келмек.
Несі бақыт: алдап ап, тартып алып,
Өз малын қайта өзіне қайтып бермек.
Көз жасы, бейшараның маңдай тері,
Жиылып, байытпай-ақ қойсын мені.
Мал біте ме адамды малдай қылмай,
Малдан басқа көрмейтін дәнеңені.
Бейне бір жаралғандай мал жимаққа,
Адалдықтан, ардан без, дамыл таппа.
Мал сен үшін жаралмай, сен мал үшін,
Жасағандай өмір сүр, осы бақ па?
Құл болмаған бай бар ма осы күнде?
Малды жиып, мақсатын ұмытпаққа.
Өгіздей ең маяда шөпке тойып,
Тамақ көп деп қайғының бәрін жойып.
Артық жеп, артық семіріп, бақыт сол деп,
Жүрейін бе басқа ойдың бәрін қойып?
Несі қызық байлықтың, несі бақыт?!
Байлықпен алмаған соң бақыт сатып.
Бақыт тауып беретін істі қумай,
Неге мен өткізейін оған уақыт?
Өйткені мен қалмаспын аштан өліп,
Суыр да жүр ін қазып, күнін көріп.
Қарын тоққа қанағат қылатұғын,
Мен емес, тәнім тірі, жаным өлік.
Ірі мақсат болмаса, ұсақ іске,
Неге мен алданайын уақыт бөліп.
Мұны ойлап, байлық жақтан көңілім безді,
Онан бақыт таппасын жүрек сезді.
«Әкімшілік бақыт» деп жұрт айтады,
Осы қалай екен деп ойым кезді.
* * *
Адам тобын еркіме жүргізуге,
Бәріне өкімдігім білгізуге.
Мен өзіңдей сүйгізіп бәріне де
Бір мен үшін жылатып, күлгізуге.
Мақсаты бір-біріне қайшы топты -
Бауыр ғып, тату өмір сүргізуге.
Зорлаусыз әр ойдағы сонша жанға,
Не бұйрық қылсам соны сүйгізуге.
Бүйтуге әкім болсам келе ме әлім?
Ешбір әл бүйте алмасы көптен мәлім:
Басқадан өзін артық сүймейтұғын,
Еш біреу жоқ, байқасам жанның бәрін.
Әрбір жан дүниеге өзін кіндік,
Қылмақшы, табылар ма мүнан бірлік?
Үміт ету ақымақтық менің үшін,
Еркін құрбан қылар деп, бәрі бірігіп,
Әркімнің өз аузына қолы жақын,
Бар законнен өзіне еркі мақұл,
Бәрінің де келеді «Мен» болғысы,
«Оны күшпен жеңем» деу бола ма ақыл?
«Күн көзіндей баршаға бұл ортақ жан -
Пайда алу керек мұның ақылынан:
Ел пайдасын табуға өзгемізден
Артығырақ ақылы, зейіні бар»,-
Деп билеткен ел бар ма кемеңгерге?
Түрме бар, дар ағаш бар ондай ерге,
Өмірдің бұл түрінде ешбір әкім,
Мүмкін емес әділдік қылуға елге.
Себебі: тастап әкім бола алмайды,
Байлар мен молдалардың сөзін жерге.
Күшті таптың ыңғайын қылмасқа жоқ.
Мүбәда әкім болсам егер мен де.
Бір сағат та қыла ма мені әкім,
Болыса бастасам мен күші кемге?
Әкім деген - күштіге шоқпар деген.
Зорлығын істегенде күшсіздерге...
Байлардың көңілін тауып, басты пұл ғып
Дінге, әдетке, басымды иіп, шұлғып.
Бір-екі тасы болған надандардың,
Түкке тұрмас қыртылын тыңдап, мүлгіп..
Бұлай болса әкімдік билеу болмай,-
Азат басты беру ғой қолдан құл ғып.
Кімде түйме көп болса тілін алып,
Оларға пальто әперіп, галош салып,
Ісің түзу болса да ол шытынса,
Кешу сұрап, алдына шұлғып барып.
Не айтса да «таптыңыз, құп, тақсырлап»,
Біліміне тұрғансып, мейірің қанып,
Кекесе, сөксе-дағы саңырау болып,
Ішіңнен тұрсаң-дағы ызаланып.
Өз көңіліңнің қалауын бір қыла алмай,
Закон не айтады деп тұра қалып.
Әкім болсам осындай қорлықтардың,
Басыма келетіні айдан анық.
Мұны ойлап, әкімдіктен көңілім суып,
Өмірде болман дедім оған жуық.
«Кетсем енді қайтеді, деп ойладым,-
«Даңқ, атақ алатұғын істі қуып».
Атымды дүние таныр, шежіре ұмытпас,
Атақты істер қалса менен туып».
Алдымда сансыз әскер басын иіп,
Көкпеңбек қару асынып, темір киіп.
Көркімен көз тартатын талай шаһар,
Бір әмір беруіммен болса күйік.
Қолда ту, аста тұлпар, үстім шенді,
Тұрмайды омырауыма медаль сыйып.
Солайша Шыңғыс хан мен Бонапарттай,
Атағым жұрт көзінде болса биік.
Қанды көзім болсын-ақ қанға тоймас,
Болса егер тоймастықпен басын жоймас.
Бұл іспен бүгін менің жолым болса,
Күні ертең басым жолда қалмай қоймас!
Мұндай бақыт баянсыз, көшпеске жоқ,
Бұл істен бақытсыздық өспеске жоқ.
Найзаның күшіменен жанған бақыт,
Бір кезде найза ұшында өшпеске жоқ.
Көп күндер көпті істейді, көпті істемек.
Адамзаттың ақылы күнде үстемек.
Ақылдың өскен сайын айтатыны:
«Жоқ құлдық, жоқ төрелік, жоқ күштемек».
Тағы да көпті істеуге күндер өтпек,
Папа мен ферғауыннан қадір кетпек.
Өзі үшін тап өзінен басқа құдай,
Жоғына әр адамның көзі жетпек.
Кешегі ізін сүйген Николайды,
Бүгін бәрі жиылып басқа теппек.
Кеше бәрі түнеген әулиенің,
Бүгін кеп төбесіне дәрет етпек.
Вильгельм кеше айтты деп отқа түссе,
Бүгін оны қуалап, тентіретпек.
Ертең биттей сықпай ма халық мені,
Қышытсам бүгін сорып қанын ептеп.
Кім қарсы тұра алады бұл ағынға?
Өмір түрі барады солай беттеп...
Соқырлығы, кімде-кім болса солдат:
Жыртқыш қылар аздырып, оларды алдап.
Жыртқыштығы емес пе, «төре айтты» деп,
Көрген жерде бір-бірін қанға малмақ.
Адамдыққа сыя ма кісі өлтіріп,
Батыр деген ат тауып, медаль алмақ.
Солдаттықтан не пайда солар үшін,
Бейнет көрмек, не өлмек, шаруа қалмақ.
Кәрі әкесі, шешесі күн көре алмас,
Жас бала, жас қатыны үйде зарлап.
Керек-жарақ бәрі де қымбаттанар,
Соғыстың шығындарын елге салмақ.
Мұқтаждық халдерінен пайда алуға,
Бір жақтан сәудегерлер салар қармақ.
Соғыс болса, жауғандай көктен алтын,
Капиталист, байларға әдейі арнап.
Бас көтерер еркегі соғыста боп,
Шаруа істелмей, кедейлер мұқтажданбақ.
Көктен жауып тұрғаннан оңай жолмен,
Байларға сол мұқтаждың малы бармақ.
Дүниеде сонша зиян болар ма еді,
Бар кедей солдаттықтан безсе қарғап.
Тоқтаса не жалданып, не алданып,
«Айт!» десе ит секілді барып жармақ.
Шын дұспаны «солдат бол» деген кісі,
Екенін алыс емес білуге аңдап.
Жаралмаған екенін қырмақ үшін,
Әкімнің не айтқанын қылмақ үшін,
Ақыл, ой, адамдықтан мүлде безіп,
Бас кесер машина боп тұрмақ үшін.
Байлар мен үкіметке шоқпар болып,
Жүргенін өз-өздерін ұрмақ үшін.
Ұғуы алыс емес солдаттардың,
Екенін менің-дағы сезеді ішім.
Солдат шығу болып жүр халық жаққа,
Бұл-дағы бергендігі бір белгісін.
Мұны ойлап әскерліктен көңілім суып,
Тағы да болман дедім оған жуық.
«Кетсем енді қайтеді, - деп ойладым,-
Жұрт алғыс айтатұғын істі қуып».
* * *
Сыр тапсам дүниеден ашылмаған,
Әлі адамға білініп, шашылмаған,
Тапқан сырым көркейтсе адам өмірін,
Алғыс айтып, кім имес басын маған.
Зерттесе де адамға білмейтін ғып,
Дүние ешбір сырын жасырмаған.
Дауа тапсам: дене ауру көрмес болса,
Қартайып, тозбай, адам өлмес болса,
Қиынды оңай қылар жолын тапсам,
Жұмыстан адам бейнет көрмес болса.
Керегін жер анадан оңай алып,
Ертең қайтем деп көңілін бөлмес болса,
Күн бұрын келтірмейтін жолын тапсам,
Шаруаны түрлі апаттар жеңбес болса.
Мысалы, мал қыратын түрлі аурудан
Себеп тапсам, еш зиян келмес болса.
Суық, ыстық, сусыздық құрбанына
Ешқандай жан иесін бермес болса.
Ашылмаған сыр тауып менің де атым,
Эдиссон, Луи Пастерға теңдес болса.
Бірақ бүгін ғылымның тапқандары,
Пайдасын көрсеткен жоқ кедейге әлі.
Азусыз қасқырларға азу болып,
Қой халін ауырлатты онан әрі.
Бұрын көл болса, енді теңіз болды,
Өнердің арқасында адам қаны.
Бұл қалыпта ғылымды пайдалы деп,
Алғыс айтып тұрған жоқ жанның бәрі.
Бұл қалыпта бере алмас ғылым пайда,
Бере алмаса қарғыс бар, алғыс қайда?
Сен, міне доктор болдың терең оқып,
Нашарға пайда етуге осы жайда.
Біраздан соң білесің кедей оңбас
Оларға бұл жайында емің қонбас,
Орын, тамақ, киімі жақсы болмай,
Құр дәрімен оларды жазып болмас.
Өзі кедей «тап» дедің, тапсын қайдан?
Жұмыс сүрап жүргенде анау байдан.
Бұлай болса алатын жалуния*...
Кедейге, көпшілікке тиген пайдаң.
Әр түрлі оқу жұртың бізге мәлім,
Еңбекші салар, асырар қинап жанын.
Пайдасын чиновниктер байлар көрер,
Жылда кедей ол үшін тартса да алым.
Таң қаламын: кедейге оқы дейді,
Оқуға келтірместік қылып халін.
Атақты чиновниктің баласынан,
Аз көрдім стипендия артылғанын.
Бұлай болса сондағы үйретуші,
Сорысқан боп табылар кедей қанын.
Пайда етуге агроном болсаң тағы,
Бұл ісің кедейге сор, байдың бағы,
Құр сенің ғылымыңмен түзеле ме,
Саймансыз кедейлердің шаруа жағы!
Сен «тап» деген сайманды қайдан табар?
Денсаулығы сорлының сенген малы.
Бұлай болса құр текке жалуния алып,
Оларға масыл болып өттің-дағы.
* * *
Бұл күнгі бақытсыздық дүние толған,
Нақақ қан, нақақ көз жас дария болған.
Нақақ өмір еркімен ер жете алмай,
Жеміссіз құмға түскен гүлдей солған.
Ғылым жоқтан дүниені бұлар жайлап,
Отыр ма адамзаттың соры қайнап?
Жер-анада жететін тамақ жоқтан,
Отыр ма адам бірін-бірі шайнап?
Не жерден тамақ тауып алатындай,
Ғылым жоқтық отыр ма бақты байлап?
Жоқ, жерде тамақ та бар жететұғын,
Жалуния (орысша) - еңбекақы.
Ғылым да бар алатын оны сайлап.
Жер сараң, адам надан болғандығы:
Тіпті емес бақсыздыққа тұрған айдап,
Ә, жоқтығы жақындық-әділдіктің
Адамды сорлы қылған бақсыз байлап.
Сондықтан адам біткен ертең әлі,
Бас иіп, әділдікке келер бәрі.
Надсонның айтқанындай: «Жауыз жолмен,
Жүре алмай дымы құрыр онан әрі.
Талған күш, ауырған жан, қиналған тән,
Дертіне жақындықты етер дәрі»,
Әділдік қызметкері болғандарға,
Алғысты сол күнде айтар баршалары.
Ендеше мен жабысам негізгі іске:
Әділдікіе бар негіз, бақ та, күш те,
Қарғаймын әділдіктен басқа жолды,
Өңім тұрсын, кірмесін түнде түске.
Ғайсаны адам аузы қарғай алмас,
Өзі өлсе де ауыздан аты қалмас.
Неғұрлым ай мен күндер өткен сайын.
Ғайса тірі, алғыс жоқ оған бармас.
Қолыма сол Ғайсаның туын алсам,
«Әділдік! Жақындық!» деп айғай салсам.
Атым тірі қалмай ма өлгенмен де,
Ісім сөнбес, мен сөніп, көрге барсам.
Адамды күн көрістің өзі қосып,
Жақындату әне тұр алдан тосып.
Сондықтан, еділдікті-жақындықты,
Кім жатырқап, бой тартар «жат» деп, шошып,
Сол уақытты тездетуге қылмақ қызмет -
Бақ іздеген адамға парыз - міндет.
Жоғалсын бұл «сенікі, менікілік»,
Осы ғой адамзатты қырған індет.
Бар адам жерден тамақ алмақ үшін,
Жиылып бірге күшін салмақ үшін,
Бірі еңбек қып, бірі оны жатып жемей,
Теп-тегіс бұл жұмысқа бармақ үшін.
Кәрі демей, жас демей, күшсіз демей,
Олжадан бірдей пайда алмақ үшін.
Әкіммін, әулиемін, әскермін деп,
Бір-бірін жейтін сылтау қалмақ үшін.
Әділдік, ұлт деген сөз, дін деген сөз
Залымның жем болмауға қармағы үшін.
Істелер мұнан былай менің ісім:
Жұмсалсын сол ниетке барлық күшім!
Мен ғашықпын көруге әділдікті,
Тегіс қылып көркейген өмір түсін.
Ол өмірде бірде-бір алдау болмас,
Жағынып, арды ақшаға жалдау болмас.
Ешкімнен достық таппай, қастық көріп.
Бар адамды сайтан деп, қарғау болмас.
Қара күштен жеңіліп, қайғы басып,
Өлгісі кеп, өмірден зарлау болмас.
Адамдағы жан, қуат, тапқыш, талант,
Гүл шашпай, жеміс бермей қалмау болмас.
Әркімнің қандай іске таланты бар,
Өмірін, күшін соған салмау болмас,
Жаратылыстан керегін әрбір адам,
Еңбегімен алуға бармау болмас.
Әкіммін, құдайшылмын, әскермін деп,
Еңбексіз еңбекшіні жалмау болмас.
Көре-біле ақынды жегізбесең,
Бай сені қызметіне алмау болмас.
Аштан өлу, не байға арзан тұру,
Амалсыз бірін соның таңдау болмас.
Не көрілік, не бір апат келген күні,
Көшеде қайыршы боп сарнау болмас.
Бір тілім нан алуға байды мақтап,
Жалынып, тұс-тұсынан аңдау болмас.
Дене азыққа тоюдан жан ержетер,
Өмірді бұл күнгідей аңдау болмас.
Жан ержетіп, дүниенің сырын табар,
«Өмірде мақсат жоқ» деп барлау болмас.
Таудай үміт һәм талап орындалар,
Еш еңбек бұл күнгідей жанбау болмас.
Жұмысқа кем көзбенен қарау болмас,
Жұмыс қылу қорлық деп санау болмас.
Жұмысшылық құлға хас, біз мырза деп,
Еңбекшінің еккенін талау болмас,
Мен аз деймін көруге осы өмірді,
Келіңдер, бақ іздеуші, болсаң жолдас.
Ойласам дүниеде қанша жан бар:
Адам бар, ағаш, шөп бар, мал мен аң бар,
Жанды, жансыз нәрсенің бәрі-дағы
Әр себептің жемісі байқасаңдар.
Мал болмақ, маймыл болмақ, адам болмақ,
Қасқыр болмақ, құс болып, ұшып қонбақ -
Сол болғандар болмаған өздігінен,
Болғызған еріксіз бір себеп қолдап.
Адамға бұл себептің көбі мәлім,
Біледі салған сайын мидың әлін.
Себебін біле-біле бір кездерде,
Жаратуға бек мүмкін қолдан бәрін.
Себепті жарата алар адам қолдан,
(Жері осы хайуандардан артық болған),
Себепті жарата алу арқасында,
Адамзат еңбегінен егін орған.
Ормаса, өнер, ғалым қайдан шықты,
Бұл күнгі тіршілікке болған қорған.
Себебін білгендіктен буды көлік,
Қалып адам отыр ғой пайда көріп.
Аспанда құстай ұшып, суда жүзіп,
Өмірі бұрынғыдан тапты көрік.
Себеп жеміс: әділдік, адалдықта,
Себеп жеміс: залымдық, арамдықта.
Бұлай болса, бек мүмкін адамзатгы,
Әділ қып, үйір қылмау жамандыққа.
«Тумыстағы мінезді ешкім жеңбес,
Адамды әділ қылу қолдан келмес.
Түзесе жаратылыс өзі түзер»,
Деген сөзге, сондықтан, көңілім сенбес.
«Себебін жаратса да, адам адал,
Бола алмайды» деген сөз құлаққа енбес.
Себеп жоқ адам ұлы жаратпайтын,
Және де еш нәрсе жоқ себепке ермес.
Келіңдер, сол себепті жаратуға!
Жаратып ап, өмірге таратуға!
Адам ұлы дүниеге жіберілген,
Себепті бағындырып қаратуға.
III
Мен тоқтадым
Адамда өмір бар ма қуанатын,
Жазғы шөп күз түскенше қуаратын,
Құрт түсіп кейбіріне көк кезінде,
Мезгілсіз гүл шаша алмай суалатын.
Кейіне күн, кейіне сусын жетпей,
Жемісі тумай қояр туа алатын.
Өмірді ой жіберіп ойлау деген -
Нәрсе ғой бал орнына у алатын.
Жар сүю, жұрт мақтарлық атақ табу -
Ақ күннің аз ермегі уанатын.
Екеуінің бірі жоқ әлі менде
Кәрілік келсе, шамам не қуа алатын?
Не қазам кеп, қалармын ертең өліп,
Қартаймай, жас өлгенді жүрмін көріп.
Қолға түскен ләззатпен пайдаланып,
Аз өмірде жүрген жөн көңіл бөліп,-
Деп тұрмын аздан бері, мұнан былай,
Басқа ой салса, көрермін тағы құдай.
Туысында еріксіз жер құрттары,
Жерге кірмей қоймайды жылай-жылай.
Білемін, әлі күнге адам надан:
Көзі жетпес болуға ертең аман,
Қартаймай жанның көбі көрге кірер,
Надандық білінбей ме осы арадан?!
Аз өмірде көргені бейнет-қайғы.
Болған соң түзелместей мінез жаман.
Жан иесі жегелі бірін-бірі,
Өлмеу үшін ауызын ашқан заман.
Дүние - өзен, ағысын кім тоқтатар?
Ағып кете баратын мен бір салам.
Дүниедегі бар кызық күштінікі -
Екенін жасағандық айтты маған.
«Әділдік», «ар», «адамдық» деген сөздер,
Күшсіздерді алдауға қылған амал.
Қуанбаймын дегенде: «Өзім білмей,
Әйтеуір, бір мақсатқа таман барам».
Анықталған кезінде қуанармын,
Кішіліктен көре алмай тұрса адам.
Көрінгелі жаралдым өлмек үшін,
Көңілдің тілегінен бермек үшін,
Айтпаймын: «құдай мені жаратты» деп,
Ойыншық қып сынауға ермегі үшін.
Туыстағы көңілдің тілектерін,
Жаралған жоқ шығармын жеңбек үшін.
Туыстағы тілекті қаулыменен,
Қуатым жоқ «жеңем» деп сенбек үшін.
Егер бақ бергісі кеп маған аллам
Мен болсам сопыларша соқыр нанған...
Мешітте құлшылық қып өтер едім,
Түкірер ем ләззатқа, беріп жалған.
Түпкілікті шын бақыт табу үшін
Құранмен күңірентер ем мешіт ішін.
Масатыдай құлпырған жаз кезінде,
Көрмей-ақ қояр едім жаздың түсін.
Ақ ауыл, айдын көлден көзді жұмып,
Құйқылжытса, естімей бұлбұл құсын.
Ақ ерке, алтын сәуле келбеңдесе,
Міз бақпауға жетер ед және күшім.
Сыры терең көк жүзі, ай мен күнде
Болса да қарамас ем, қандай пішін.
Тілден зікір, көңілден пікір түспей,
«Ол» десе өлер едім тамақ ішпей.
Ұжмақта бұл дүниені еске алар ем,
Түнде көрініп, қорқытқан жаман түстей.
Қанымды жүз бұзатын жамандармен,
Кісі етіне жеріген арамдармен.
Күн үшін жебелеп дос болмас едім,
Ішімнен атқым келген адамдармен.
Өлер ем, жол бермес ем қара күшке,
Түзуді жықпас үшін теріс іске.
Дер едім: ол дүниеде орным даяр,
Кірсе де бүгін келіп істік ішке.
Бейшараны шын досқа санар едім,
Ол үшін оқ астына барар едім.
Бай жағы жүз мың болса, кедей жалғыз,
Қорықпай-ақ жалғыз жақта қалар едім.
Жағынбаққа ешкімді мақтамас ем,
Арымды таптатпас ем, таптамас ем,
Айтар ем мінділердің мінін бетке
Кек тұтар деп, қипақтап, сақтамас ем.
Уәдеде тұрудан танбас едім.
Алтын берсе «бұрыл» деп, алмас едім,
Өтірік, алдау, шағым болған жерге,
Мойныма арқан салса бармас едім.
Не ұлық, не бай кісі сөгіп тұрса,
Естімеген кісі боп қалмас едім.
Біреудің көзге қылған артықтығын
Білмегенсіп, ішімнен жанбас едім.
Шындығын сезе тұра күншілікпен
Мін іздеп, арсыздыққа салмас едім.
Жақыным, жұрттың бетін аударуға
Қара боран салса егер, нанбас едім...
Жоқ, табуға бермеді үйтіп бақыт,
Мешітте бір құдайға жылап жатып.
Сор, бақты дәнеңені ескермейтін,
Тым болмаса баянсыз бала оқыт.
Жеткізетін жолы деп, оқу бақтың,
Соқыр наныс жоғалды, бәле таптым.
Дүниені жасап-оқып білген сайын
Жолы алыстап барады бақыт жақтың.
Бұл жолмен жүре берсем өмір өтіп,
Сан соғып, айтатыным: «құры қаппын.
Идеалист болғансып, әуреленіп,
Жар сүйген қызығынан жастық шақтың».
«Жердегі торғай артық, әуедегі
Тырнадан» деген сөзі рас қарттың.
Аз өмірден әліңше пайдаланбай,
Көкке қарау ісі екен ақымақтың.
Жастықтың тілегенін ақыл жеңу,
Болмайды, законы емес табиғаттың.
Жастықтың сезімді ыстық жүрегімен,
Жаратылыста берілген тілегімен,
Бұл күнгеше күрестім, не өндірдім?
Мен жығар ем, жан жықса білегімен.
Өмір аз әлде болса күресуге,
Мақсат жоқ мақсат үшін сіресуге.
Ажал кеп аз қызықтан құр қалдырар,
Көпті аз деп мен жүргенде тіресуде.
«Бейнеттенем, жасаймын ұрпақ үшін»
Деп қанағат қылуға жетпес күшім.
Өзім көрге кеткен соң пайдасы не?
Ұжмақ қып, жіберсе де жиһан ішін.
«Өз етігің тар болса дүниенің
Кеңдігінен не пайда», білемісің?
Мұндай бақсыз қыларын білген болсам,
Бар еді оқуменен не жұмысым?
Өмірдің қызығын да, бұзығын да,
Жасар ем тинақтай да болмай ісім.
«Кім алдын бұрын көрсе, бейшара сол»,-
Деген сөз ып-ырас қой, айтшы кісім!
Пайданы енді ойлаймын өз басыма,
Қоштасып идея деген жолдасыма.
Енді мен қатын алам, байлық жиям,
Көп ойдың көңілім сенді болмасына.
Қона алса жар сүюден жастығымда
Сендім мен басқа бақыт қонбасына.
Бұл күнге өмір суық, өмір жансыз,
Жар сүймей мүмкін емес тоңбасыма.
Қайткенмен кедей өмірі бұл қалыпта
Жүз бұлқынса, қол екел оңбасына,
Қалай егін егерсің бейнеттеніп,
Көзің жетіп тұрса егер, ормасыңа.
Гүл ұрығы жел ұшырып, құмға түссе,
Шара жоқ кеуіп, қурап, солмасына.
Ақ ниет, адал ойлар түкке тұрмай,
Барады ешкім оған мойнын бұрмай,
Әділдік орнамасқа көзім жетті,
Дүниеден ет жейтұғын ауыз құрымай.
Менде де өз шамамша бар ғой зейін,
Кімде зейін кем болса соны жейін.
Дүние алдау екен, алдасуда,
Өз обалым өзіме, қалсам кейін.
Дүние - жеу, жегізу майданы екен,
Жеңе алсам жеймін демей мен не дейін.
Әділдік болады деп тоса берсем,
Өзімді жеп қоятын оған дейін.
Байып алып, біреуді мен де жекпей,
Неге өгіз боп оларға жегілейін?!
Адам бұрын көреді өлмеуді артық,
Аз өмірде мұқтаждық көрмеуді артық.
Сондықтан, кім байлықты қолына алса,
Өмір соның қолында - алды тартып.
Неғұрлым залымдықтың күші басым,
Болып, артық көп төксе көздің жасын,
Соғұрлым сағындырып әділдікті,
Соғұрлым көбейтпей ме өш пен қасын?
Әділ болып байқадым, не өндірдім?
Бұл басым залым болып бір байқасын!..
IV
Мен кәрі
Мен кәрі халім кеміп, тәнім тозған,
Алдымда қараңғы көр қолым созған.
Аяқ бассам, алдымда көр тұрған соң,
Күндерді сағынамын бастан озған.
«Ол күндердің келмеске кеткені рас»
Дегендей аппақ болған сақал мен шаш.
Буын босап, қалтылдап, бел бүгіліп,
Жерге аз-ақ тимей отыр селкілдеп бас,
Бар денем кәріліктен қуырылған,
Кішірейген, сиық кеткен, күш құрыған;
Дірілдеп, төгіп алар қолым асты,
Сүлдемін құлайын деп, қурап тұрған.
Көрмейді еш нәрсені жөндеп көзім,
Тістен түк жоқ бұзылып шығар сөзім.
Катты айтпаса, құлағым түк естімес -
Отырмын керексіз боп ешкімге өзім.
Дүние менің үшін жаралғандай,
Өзім соның кіндігі саналғандай;
Ойлаушы ем: сонша үмітті, сонша биік,
Түк емес екенмін ғой, амал қандай?
Ырқыма дүние тұрсын, денем көнбес,
Көнсе, неге қартаймау қолдан келмес.
Ызасына ішемін, миды улаймын,
Құп білемін: қайғыдан еш нәрсе өнбес.
Қартаймаудың шарасын іздер едім,
Әттең, жігіт күнімді қайтып бермес.
Бұл күнде ұйқы - тамақ, қайғы - жолдас,
Мұндай өмір ешкімге қызық болмас.
Мен үмітсіз һәм менен жұрт та үмітсіз,
Сөйлеспейді дегендей: «мынау оңбас».
Сырласып, жасы кіші айтпас ойын,
Мен айтсам тыңдаудан да тартар бойын.
Ең арты балама да ұнамайды,
Түзу деп айтқан сөзім, айтқан ойым.
Біліп отырам, келмейді естігісі,
Құр айтты деп, «ие», - дейді «үлкен кісі».
«Солай дұрыс» дей салар көңіл жықпай,
«Мазаны алды, қойса екен»,- десе де іші.
Сондықтан, мен жалғызбын, ермегім жоқ,
Алдым қабір, үміт қып сенгенім жоқ.
«Соны істеп кеттім ғой» деп медеу қылар,
Адамдыққа еш нәрсе бергенім жоқ.
Бұл кезімде құрметтеп мені елерлік.
Жұрт үшін еткен қызмет, еңбегім жоқ.
«Өлмей жасап тұрса екен» дейтұғын жұрт:
«Дәрежеге еңбек қып келгенім жоқ.
Жалғыз мен бұл халіме қайғыратын,
Ешкім жоқ кем көңілімді жай қылатын.
Жастықта тапқан ғылым, өнерім жоқ,
Жас біткен ақыл сұрап қайрылатын;
Бәрі де менің үшін өмір тілеп,
Жылайтын: көз болғанда айрылатын.
Газет пен журналдарда жайым толып,
Бірі күн, бірі атымды ай қылатын.
Өлген, туған жылымды мейрам қылып,
Атымды әр құрметке бай қылатын.
Таппадым өзім үшін жасап пайда,
Әсіресе, ұлғайған кәрілік жайда,
Бір кезде идеямды құрбан қылған,
Сұлу жар һәм жинаған байлық қайда?
Сұлулығы сүйгендік бәрі кетті,
Кетірмеске таппадым ешбір айла.
Бұл күнгеше тамағым аш болған жоқ,
Байлықтың қылған сыйы осы-ақ байға.
Мен тойып күнде болам тамаққа ыдыс,
Ұйықтаймын, осыным ба жақсы жұмыс?
Қанша ішсек те күн сайын кері кетемін,
Біржолата сөнгелі отыр дыбыс.
Арды сатып, тірнектеп жинағанда,
Жер жұтсын, байлық берген бұл болса ырыс.
Қалды менің күнәмнан бала туып,
Бұл күнәмді алармын немен жуып?
Олар да бақ таба алмас бейшаралар,
Мен секілді өз нәпсің кетсе қуып.
Туғаны - мынау тұрмыс, әкесі - мен,
Қалайша оларға бақ болсын жуық?
Мен секілді әкесін о да қарғар,
Тудырды деп, дүниеден көңілі суып.
Боламын-ау дүниеге келмегендей,
Аһ, дүние: қызық бар ма өлмегендей?!
Мен тоқсанда өкінем өлгеніме.
Бір күн өмір, бір қызық көрмегендей.
Бұл зорлық, көрмес едім, көнбес едім,
Егер де, амал болса көнбегендей.
Тым болмаса, қалмады-ау ешбір ісім,
Мені айтып, жұрт сағынып, шөлдегендей.
V
Мен өлік
Мен өлік, мен суық тән, менде жан жоқ,
Жүрегімде өмір жоқ, ыстық қан жоқ.
Үміт жоқ, жек көру жоқ, махаббат жоқ,
Сезім жоқ, кірпігімді қозғар хал жоқ.
Бетім түрі қараңғы, тіс сақиып,
Көзімнен жарық сөнген, тұр ақиып,
Жылылыққа таралып шіри бастап,
Суық болса сіресіп, бой қақиып.
Мені апарып, жер бол деп, жерге қойды,
Жалғызбын, жарығы жоқ, көрге қойды.
Мен жоқпын, мен деген бір саңырау көр,
Мінеки су топырақ басты бойды.
Сонда жатып аздан соң мен топырақ,
Топырақта жоқ сезім, тіл мен құлақ,
Бір дыбыс ала алмассың өмір бойы,
Қасымда отырсаң да жауап сұрап.
Бәрібір қалған дүние не болса да
Мәңгілік сезбестікті қылдым тұрақ.
Ұмытылдым, жұрт та сезбес жоқтығымды,
Тудым, өлдім, жоғалдым, сөнді шырақ.
Бар болды деп сүйсініп, жоқ болды деп,
Ғаламның күйзелген жоқ міні құрап.
Законы дүниенің билегенде,
Заман өтіп, әр түрге сүйрегенде,
Жер суып, жердің үсті мұзға айналып,
Күн сеніп, жерге жарық тимегенде,
Мен не түрде жүремін, жауап берші,
Жер тозып, быт-шыт болып күйрегенде?
Не болар топырағы жүрегімнің -
Тірліктегі ұясы тілегімнің?
Не болар бәрін көрген көз топырағым,
Топырағы миымның, білегімнің.
Тозған жердің атомы күлдей ұшып,
Жүргенде әлдеқайда барып түсіп,
Жаралатын жаңа жер, жаңа күнде,
Жан бітер ме мақұлық боп, тамақ ішіп.
Әлде болар сондағы балыққа тән?
Шыбынға аяқ, немесе, бақаға сан?
Не малға, не бір шөпке дене болып,
Не шаң боп ұшады ма кіре алмай жан?
Не діндердің айтқаны рас болып,
Хор қыздары жүре ме жанға толып?
Қартаймайтын, өлмейтін өмір туып,
Шат қылар ма кетпестік бақыт қонып?
1918


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама