Қаржы мониторингі агенттігінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражатты жымқырудың жолын кесу жұмыстарына байланысты алаяқтық жағдайлары жиіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алаяқтар өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, анықталған бұзушылықтарды сылтауратып, медициналық мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартумен қорқытады. Олар ақша талап етіп, сыйақы үшін оларды жауапкершілікке тартпауға уәде береді.

Осындай алаяқтық схема Түркістан облысында әшкереленді. Агенттік қызметкерлерінің атын жамылған екі адам медициналық ұйым басшысын алдап, 15 млн теңге қаражатты иемденбек болған. 5 млн теңгені алған соң, алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.

Ағымдағы жылдың 8 тамызында олар Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен Агенттіктің Ішкі қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұсталды. Сот оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу жалғасуда.

ҚМА ескертеді: жауапкершілікке тарту қаупімен немесе жазадан құтылуға уәде берумен қатар жүретін кез келген ақша талабы заңсыз болып табылады. Мұндай фактілер туралы дереу ҚМА-нің 1458 нөміріндегі Call-орталығына хабарлау қажет.

Азаматтарды қаржы мониторингі органдарына шақыру тек қана тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі істер аясында, заңнамада белгіленген тәртіппен ресімделген және жіберілген ресми шақырту қағаздары негізінде жүзеге асырылады. Азаматтарды сақ болуға, алаяқтардың айла-тәсілдеріне алданып қалмауға шақырамыз.