Түркістан облысында медициналық ұйым басшысынан 15 млн теңге алуға әрекет жасаған екі алаяқ ұсталды. Олар өздерін Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) қызметкері ретінде таныстырып, қылмыстық жауапкершілікке тартумен қорқытқан, деп хабарлайды infohub.kz.
ҚМА-де мұндай жағдайлар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражатты жымқыруға қатысты тексерулер мен тергеулер аясында жиілеп кеткенін атап өтті. Осыны пайдаланған алаяқтар медициналық мекеме басшыларына хабарласып, заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, ақша берсе, қылмыстық жауапкершіліктен құтқаратындарын уәде етеді.
Тергеу деректері бойынша, Түркістан облысындағы екі күдікті дәл осы схемамен әрекет еткен. «Өздерін ҚМА қызметкері ретінде таныстырып, олар медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан 15 млн теңге талап еткен. 5 млн теңгені алған соң, қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен», — делінген ҚМА хабарламасында.
8 тамызда күдіктілер Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мен ҚМА-нің ішкі қауіпсіздік департаментінің бірлескен іс-шарасы кезінде қолға түсті. Сот оларды қамауға алуға санкция берді. Тергеу жалғасуда.
Агенттікте қаржы мониторингі органдарының қызметкерлері қылмыстық қудалауды тоқтату немесе жауапкершіліктен босату үшін ақша талап етпейтінін ерекше атап өтті. Қаржы мониторингі органдарына шақыру сотқа дейінгі тергеу аясында жүзеге асырылуы мүмкін, бұл үшін заңда белгіленген тәртіппен ресімделген ресми шақырту жіберілуі тиіс.
Ведомство қызметкерлерінің атынан бопсалау әрекеттері туралы ҚМА-нің 1458 нөмірлі call-орталығына хабарлауды сұрайды.


