Ағайынды Жүнісовтер. I
Екі бөлімді роман
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Жайық алқабының көктемі ала-бөле жарқын келеді: жұп-жұмсақ қоңыр ала бұлттарды баяу жел ақырындап ысырып әлдеқайда асырып жатады да, көкек айының өзінде-ақ дерткен жер күн нұрына балқыған сайын шөп түгі тұтамдап өсіп жүре береді. Дөңес біткенді қара бұйра жусан бүркейді: ылдиды көк бидайық пен түбіттей қалың бетеге жауып кетеді. Ал, қырат біткенді өрмелей балқурай бойын жазып, еркек басын жарған кезде албыраған ақ раушан гүлдерге асылып көк көбелек шарқ ұрады; сол шақта төскей-төскейден балмағыз атқан илан иісі аңқиды, самал желпіген сайын киік оты мұрынды қытықтайды. Сөйтіп, көктемгі дарқан дала хош иісіне еліктіріп бойың мен ойыңды бірдей билейді. Әсіресе ертеңгі мезет өзгеше: сағым құшақтап, самал жел теңселткен сұлу сахараны тас төбеге шығып алып ұршықша иірілген боз торғай бейне-бір әлдилеп тербетіп тұрғандай көрінеді...
Осындай бір қырдың сән-салтанатқа бөленген шағында үлкен қара жол үстінде фаэтонға қос қара көк ат жеккен жолаушылар кетіп бара жатты.
Жол табаны тақыр да шаңсыз еді. Жеп-жеңіл солқылдақ фаэтонның жұмсақ шинді дөңгелектері зырлап бара жатқанда болмашы ғана тозаң жоғары көтерілмей, ақжіптеніп қана шөгіп жатыр, аяғын шеңгелдеп тастап пәрмен шоқырақпен келе жатқан пірәшкедегі жұмыр қара көк те шаң көтерер емес — ол жолдың жалды жиегінен әрі шөпті тепсеңмен төпеп келеді.
Ұзын жол үстінде не көп — жолаушы көп қой: арбалы да, жаяу да кәрі де, жас та ағылып жатады, бірақ бұл жүргіншілер өзгеше: аттары мен фаэтонына да, оның үстіндегі адамдарына да кездескен жан бір көз тастап қаларлық.
Арбада үш кісі отыр, оның екеуі артта, біреуі алдағы козлада. Козлада отырған делбешіге онша лайықты емес — кейінгі екеуі сияқты бұл да мұнтаздай орысша киінген — басында қара қалпақ, үстінде сұр шекпеннен тіктірген гимнастерка, галифе шалбар, аяғында хром етік. Оның үстіне және осы өлкенің қожасы бір ғана өзі сияқты сұлу қара мұртты шиырып тастап, шекесінен қарайды, онсыз да ұшып келе жатқан аттардың делбесін кере тартып қойып, іркуге мұрша берместен қағып-қағып жібереді.
Аттар серіппедей жазыла түсті: сонадайдан көрінген бел-белестер ұршықша үйіріліп ә дегенше-ақ артта қалып жатты.
Жүрдек ат пен жүйрік тазының жайын біреу айтса кешке шейін жалықпай тыңдайтын, ал өзі айтса бой бермей таң атқанша күжілдейтін бұл делбеші қазақ қос қара көктің жүрісіне аса риза болып кетті. Оның үстіне көктемгі өңді даланың сәнді түрі көзін тербетіп, самалы жанынан желпи түсіп шаттық әсеріне бөледі де, ішіне сыймай келе жатқан сыр-сезімін ақтаруға асықты. Ақтармаса бола ма! «Қарауға көз керек сүмбідей керілген, бір түсті, бір тұрпатты қара көк аттарды жалтыраған қара фаэтонға пар мына отырған патшаның баласындай екі жігіт ше? Біреуі нағыз... мықтының мықтысы! Бүкіл уездің үстінен қарайтын пыркарол ол! ал, екіншісі — қазақ баласы аяғын аттап баспаған, сонау Мекеден де алыс, Құдыс шаһарынан да сұлу қаладан оңып қайтты. Екеуінің пормасын қарасайшы, Петербордан келген жылғы кәдімгі Шұғылдың Ықыласынан да сымбатты! Ықылас емес-ау, Жанша ханыңның өзінен де мығым, құдды сұлтандар секілді...» деп ойлап делбеші көтеріле түсті. Сөйтті де лықсып ішке сыймай келе жатқан ойды айту үшін аттан бастап:
— Қанаты бардай-ақ жерге аяғы тимей келе жатқан жоқ па, а? Айыбы тек мыңғырған байдың малы демесең, жануар екеуі де қыл құйрықтының жүрдегі! Тұлпар, белкүллі тұлпар! Айшылық жолды алты басатын жез тұяқ! Жаман ағаң атты таба да біледі, айдай да біледі-ау өзі. Солай ма, балдар? — деді ол арт жаққа қарап.
Күймесін кері қайырып тастаған фаэтонның жайлы жұмсақ арқалығына сүйеніп шалқайыңқырап отырған екі жігіт езу тартып біріне-бірі қарады да, көңіл күйі кемерінен асып келе жатқан делбешіге мақұлдағандай, бастарын изесті. Бірақ, жә аттардың жүрісіне, жә делбе ұстау шеберлігіне бір ауыз болса да мақтау лебіз күткен делбеші екі жігіттің үнсіз ғана бас изегеніне көңілі көншімеді. Ол тағы да атты сылтау етіп:
— О жез тұяқ, көсіл, көсіліңкіре! Жүре алмасаң саған серт, жүргізе алмасам маған серт! — деп шеткі атқа шүйіле түсіп, енді өзін қошеметтеуге бет бұрды. — Қалай, балдар, ағаң атты айдай ала ма? Есек жеккен адамдай ілбітіп, осындай аттармен жұрт ара қонып барады, мен сендерді қалаға ел орынға отырмай-ақ жеткізейін.
— Жеткізесіз, Сүлеке, жеткізесіз. Мына жүріспен сіз Қызылүй түгіл бүгін Қаратөбеге де құлап кетерсіз, тым қатты айдаймын деп аттарыңызды зорықтырып алып жүрмеңіз, — деді отырған екі жігіттің үлкені, ақыл берерлік салмақты пішінмен.
Делбеші оның пішініне назар салмастан еңсесін көтеріңкіреп алып, бүлдіргесін білегіне кигізіп, шыбыртқы ұстаған оң қолымен қара мұрттың миығын шиыршықтай түсті.
— Семізден ұстап жеккен тоң ат дейсің бе, қарағым-ау, зорығу қайда, біреу қайда! Жем жеп, бір шек болып қамшыдай қатып алған жануарлардың сілтеуін көрмейсің бе! Бүл аттар екі жүз шақырым жер жортсаң да танауын қақпайды. Ал, біздің Қызылүйге дейін небары жүз отыз-ақ шақырым, оның үстіне күн де қағу, жол да тақтайдай, қыза-қыза келгенде екіндіге шейін де құлап кетерміз әлі. Белкүллі, солай емес пе, ә?
— Сүлекең желпінді...
— Сұрама, шалқып келеді.
— Мына аттардан басқа малы бар ма Сүлекеңнің?
— Мына аттардан басқа дейсің бе?.. Мынадай ат арбасы болса Орал түгіл Орынбордан бір-ақ шықпай ма Сүлекең! Арба да, ат та Нұрыш ағаңдікі ғой, — деді салмақпен сөйлеп келе жатқан екеудің үлкені. Сырт пішіні бір-бірінен аумаған бүл екі жігіттің кішісі таңданған пішінмен:
— Сүлекең ағай әлі байи алмай келе ме? — деді козладағы делбеші естіп қалар дегендей сыбырлай сөйлеп. — Әлі күнге сауынға сиыр, мінуге ат сұраумен келеді ғой, шамасы, — деп қойды.
Үлкені оған:
— Ағаңның өзінен сұра, бұл жайды ол өзі жақсылап айтып береді, — дей салды.
Фаэтонда отырған бұл үш адамның делбе ұстағаны: «Ақ Жайық» хикаясында кездесетін Сүлеймен еді де, ал артта отырған Хакім мен оның өзіне тетелес інісі Әлібек болатын. Әлібек алыстағы астана қаладан жаз демалысқа келе жатқан оқушы болса, Хакім жаңада ғана уездік прокурор болып тағайындалған-ды. Бірі үлкен әкім, бірі үлкен оқу оқып қайтқан білгіш: туысқандарын губерниядан уезге алып келе жатқан ақжарқын Сүлейменнің бала көңілі Шалқар көлінен де жалпаң, кемерінен асып тасқындап келе жатыр еді.
Табаны ойылып, шыңы молаймаған көктемгі қара бұйра жолмен желгіш көктер зырлай берді де Сүлеймен ойын жеделдете түскендей болды. Күн де қағу еді.
«...Пыркарол! Қазақтан пыркарол болған жалғыз Жанша. Онан басқа пыркарол бола алған қазақ баласы жоқ еді, енді мына біздің Хакім болды. Әй, біз де осал емеспіз-ау! Жоқ, осал емеспізі..» Сүлеймен кеудесін көтере түсті де, әлде не бір ойға шомып отырған арт жақтағы Хакімге жалт қарады. Сөйтті де өз ойына өзі шүбәланған адамдай:
— Хакімжан, біздің қазақта осы Жаншадан басқа пыркарол болған адам бар ма? Бұрын деймін-ау... Қазір міне өзің болдың ғой. Меніңше осы екеуіңнен басқа, белкүллі ешкім пыркарол бола алған жоқ. Әлбетте бола алған жоқ. Қайдан бола алсын. Пыркарол болу үшін мына сен сияқты алты да алты — он екі жыл, тағы екі жыл, не бары атандай он төрт жыл оқу керек. Солай емес пе, ә? — деді.
Хакім оның бұл сұрақты неге қойғанын бірден ұқты.
— Сүлеке, Есенгелдіден сыңар тайың ғана кем болып келе жатыр-ау деймін, ә? Бұл ат айдауыңнан да, иығыңды көтере түсуіңнен де, қалпағыңның етегі едірейгені былай тұрсын, оны жел ұшырып кетерлік етіп қоқырайта кигеніңнен де көрініп тұр, — деп күлді, — мені хан Жаншаға теңегің келеді ғой, солай ма?
— Неге теңемейін, өзің сондай болсаң! Оқуың да сонан бір елі кем болмаса! Теңеймін, екеуіңнен басқа кім болды пыркарол? Болса айтшы кәне, айта алмайсың. Түк айта алмайсың. Айтар едің, бірақ басқа жоқ. Есенгелдіден сыңар тайың ғана кем болып келе жатыр дейсің. Тура бір тайым ғана кем. Кешегі өзімнің Текеден оқу бітіріп алып қайтқан Хакімім пыркарол болса, менің кім болғаным! Есенгелдіден бәлкім бір тайым артып та кеткен шығар! Он мың тайдан басқа онда не болды дейсің. Ол жау алғырды бір жау қуса бітті ғой, тіпті жау алмай-ақ кешегі жиырма бірінші жылғы жұт кездессе, Есенгелді не істер еді? Құрығын сүйретіп жаяу қалар еді. Он мың тайдың кұны бір жұт, — деді атшы ойын әбден нықтап армансыз дәлелдеген жанша, мұртын бір сипап өтіп. Хакім орнынан көтеріле түсті.
— Айтқаныңыздың, Сүлеке, бәрі рас. Жалғыз-ақ бір жері теріс. Ол мынау: бұрын Жаншадан басқа қазақта прокурор болған адам кездеспесе, енді ондай прокурорлар біздің Қазақстанда жиырмадан астам. Сіз Ғаббасты білесіз бе? Губерналық прокурор, кәдімгі Жетпістің Ғаббасы. Ол Жаншадан әлдеқайда құдіретті. Бүкіл губерна қол астында, заң бақылаушы. Ал Жанша дегеніңіз округтік сотта прокурордың серігі ғана болған кісі және Жаншаның бақылаған заңы басқа — ол ақсүйектердің, байлығы асқан көпестердің, казак-орыс атамандарының шығарған заңын жүзеге асырды. Ал, біздің прокурор мына сіз сияқты кедейлердің еңбегімен күн көрген шаруалардың жоғын жоқтайтын прокурорлар. Мұндай прокурорлар Семейде, Қызылжарда, Ақмолада, Жетісуда, Торғайда, Ақтөбеде — Қазақстанның барлық жерінде бар. Сондықтан мені Жаншаға теңеуіңіз теріс. Менің лауазымым кіші болғанмен, істейтін ісім зор — ерікті халықтың қамын көздейтін заң.
— Рас айтасың ба? Қазақтан соншама көп пыркарол шықты ма?
— Ақиқат... Барлық губернада губерналық прокурор бар, барлық уездерде де уездік прокурор қызмет істейді. •
— Хакімжан, мен сенің Жаншадан да ұлығырақ болғаныңа қарсы емеспін. Жаншаның ұлықтығынан маған тиген пайда аз. Және өзін де бір-ақ мәртебе көрдім — ана жылы күздігүні. Шұғыл қажының үйіне ЬІқылас ертіп келгенде көрдім, онда да бір шақырым жерден, көлден құс атып жүргенде көрдім. Ал сен болсаң мына қасымда отырсың, сенің онан да ұлық болғаның керек маған. Илаһи бол! — деп атшы құшырлана түсіп, аттың делбесін қағып-қағып жіберді.
Өз ауылынан аулақта жүрсе де ел шаруаларын күнде көріп сөйлесіп жүрген Хакім Сүлейменнің шағын ұғымына таңданған жоқ. «Кешегіден бүгін тәуір, прокурор деген сөзді білгеніне, оның және мағынасы зорын түсінгеніне ризамын. Өмір әлі онан да қиынын үйретер, енді бір он жылда атты емес, машинаның құлағын да ұстар біздің Сүлекеңдер. Әй, өзі де бала сияқты емес пе. Тура балаша мақтанады менің прокурорлығыма, Әлібектің алыста оқығанына төбесімен көк тірегендей мәз» деп ойлады ол.
— Есіттің бе, ағаң сөзін: «Жаншадан да ұлығырақ бол» дейді. Қазекеңнің ұлықтық несін алған десейші... Хакім сөзін аяқтап үлгірмеді, айқайлап ән салатын адамша інісі орнынан көтеріле түсіп, басындағы кепкасын оң қолына алды да:
— Дүниеде не сұлу дегенде ғараптың бір ақыны: көк орай шалғынды дала сұлу, сылдырап аққан су сұлу және жар сұлу деген екен. Сол сұлу далам мынау ғой! — деп көтерген қолымен алысты орай көрсетті. — Бәрі үйреншікті, бәрі ыстық жерлер, бәрі жүрекке жылы суреттер. Қараңызшы. Тағдырдың мейрімсіз құшағында дегеніне жетпей арманда өткен Бекей мен Маулананың бір кезде қол ұстаса жүгіріп бәйшешек терген кербез көлінің әсем жағасы! Жаңағы Сүлекең айтқан тайы ғана он мыңнан астам дәулетті Есенгелдінің мына тұрған Бұрғымашы! Анау шөгіп жатқан ақбас атандай Сынтас тауы! Анау даланы шимайлап аққан қос Аңқаты! Анау етегін сағым ораған Сырымшыққан! Ана жақ — шаттауығы жүректей Мың шұқыр! Анау балығы тайдай тулаған Шалқар көл! қараңызшы, осыдан көркем жерді қайдан табасың! Асық ойнап шарқ ұрған, бәйгіге шауып, жамбы атқан, аударыспақ ойнаған, суына шомылып, көгіне аунаған даламнан ыстық не бар!
Хакім лекіте сөйлеген інісінің жүзіне қарай қалды. Ауған жоқ өзіндей. Бұдан он жыл бұрынғы тап өзінің сүмбідей сымбатты бойы әрі тұнық, әрі тымық, жел теңселтпеген ертеңгі айдынның бетіндей мөлдір жүзі, жібектей қоңыр шашы, желдеген киіктің танауындай желбезегі едірейе қалған сүйкімді қырлы мұрны, қиығы сүйріктеген өткір көзі, маңдайы, құлағы — бәрі көз алдына тартылды, бейне бір айна алдында тұрған адамдай, өз сипаты елестеп кетті. Хакім сәл уақыт көз тоқтатып, жас студенттің әлденеге құмартқандай аздап жоғары түрілген жұп-жұқа ерніне қарап тұрды да:
— Елді, жерді сағынған екенсің... Мен де бір кезде тап сендей, сенің осы күйіңдей айнала көз тоймастай қарайтынмын, қырды көзіммен жейтінмін. Болады ондай кездер! Қалай, қалай дедің? «Ақбас атандай Сынтас тауы, шимайлап аққан қос өзен» дедің бе? Ой кішкене романтигім, ой кішкене қиялшылым-ай! — деді күлімсіреп.
Хакім жас кезінде екі інісінің екеуін де, әсіресе, кеп сөйлемейтін жұмсақ лебізді, жуас Әлібекті айырықша жақсы көретін. Ал, қазір Әлібек ағасына тап сол жас кезіндегідей сүйкімді көрініп кетті, ол сүйіп алғысы келіп құшақтай түсті де, бөгеліп қалды, сүймеді.
— Мен романтик емеспін. Мен өзгеше көрікті жерімді, жерімнің суретін жақсы көремін. «Шөгіп қалған бір тайлақ жардай атан болған жер. Жатып қалған бір тоқты — мың қой болып өрген жерімді» әсірелеймін. Арқада Бурабайымды, Жетісуда Алатауымды, батыста Жайығымды мақтаймын. Мақтаныш етем, әнге қосам, күйге салам...
— Сал, сал! Мақтаныш ет. Оның жақсы. Бірақ асырып айтпасаң тіпті жақсы.
— Асырған жоқпын. Қай жерін асырдым. Жерімнің көдесінің түбі сайын бір жылқы екені өтірік пе? Осы да асырған ба? Ана жатқан ұшы-қиыры жоқ жылқы бұлай деуге сыймай ма? Бұл романтика емес, асырып айту емес. Бұл қайта жеткізіп айта алмау.
— Көдесінің түбі сайын бір жылқы, Қарақыпшақ Қобыланды тұлпар мініп желген жер дегің келе ме. Ол өткен заман ғой.
— Сары аға, сен басылып бара жатырсың. Күнбе-күнгі өмірдің шабан көгіне жайдақтап асылып, кіш-кіштеп мал қайырған кәрілерше, дүниенің бәрін қарапайым жағынан алып қарайсың. Өткен күн дейсің, қазіргі күн сол өткеннің жалғасы емес пе? Бүгінгі өзен кеше де, онан бұрын да, жүз жыл бұрын да тап осылай ақты ғой. Бұрынғы жер, тап қазіргі жердей бұрынғы байлық мына жатқан байлықтың басы.
— О-һо! Құр ғана романтик емес, романтик-философ екенсің ғой. Бірақ айыра білу керек: кешегі мен бүгінгінің арасы таудай.
— Тек көзге ғана, көңілге ғана таудай. Аңдап қарасаң титтей айырмасы жоқ. Баяғы Сынтас тауы әлі сол күйінде, жұмбақ күйінде, бейне бір шөгеріп тастаған ақбас атан тәрізді, қимылсыз жатыр. Бірақ әлі сол әдемі күйінде, айбарлы күйінде, көңілге жақын күйінде, ыстық күйінде жатыр. Ана жатқан Ханкөлі де тап сондай, мұнан жүз жыл бұрын да бидайығы белуардан, көктемде үйрегі мен қазы жыртылып айырылып, тап мына бүгінгі сияқты, бейне бір жәрмеңкедей думан-тойын өткізіп жатпады дейсің бе. Енді жүз жыл өткен соң да тап осындай, осы қалпында қалуын тілер едім...
— Қара Мәмбеттен асқан шешен болды ма, Хакімжан, айтшы, сен көп білесің ғой? Менімше болған жоқ, — деп осы арада Сүлеймен де әңгімеге араласа кетті.
— Оны қайтейін деп едің, Сүлеке? Талай шешендер өткен шығар, кім біледі, онан асқаны да көп болуы мүмкін. Қара Мәмбет ертеде өткен сөзуар жан екені де рас. Қара Мәмбетті жұрт Сақау Мәмбет деп те атайды ғой.
— Не деп атаса о деп атасын, бірақ та, әлбетте, деп айтайын, одан сөзді келістіріп айтатын адам болмаған. Мен мына Әлібекжанның сөзін тыңдап отырдым, тура Қара Мәмбеттің өзіндей, емес, артық. Мәмбет қуақы сөзге ғана шебер болған, ал біздің Әлібекжан, бар жағынан шешен, аяқты нық тастайды, жердің сипатын көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай дәл айтады. Даладан сұлу нәрсе жоқ, соны аса келістіріп айтады.
Хакім Сүлеймен мен інісіне кезек қарады. Екеуі де жан танымастай өзгеріп кеткен, әсіресе, мінездері өзгеше: бірі атқа, арбаға, әкім туысқанына мақтанып, бүкіл козлаға әрең сыйып отыр; дүниеде өзінен бақытты адам жоқтай өзінен ірі, өзінен мықты жан жоқтай шіренеді. Ал екіншісі онан да әрі... Ол өз басын мақтаныш етпейді, бүтін жер мен суды, тіпті бар әлемді ән мен күйге толы айнала жыр, айнала сән-салтанат деп ұққандай, алып ұшқан қиял, сезімге бөленіп келе жатыр. Бұл Әлібектің сөзінен де, суға түскен адам сәулесіндей, оның шаттық нұры төгілген жүзінен де көрініп тұр. «Көп жылдар бойы сирек көріп, сирек әңгімелесіп, байқамай қалған екенмін, адам мінезі күрт өзгереді екен ғой. Кезі келгенде Сүлекең мақтана салудан бұрын да құр алақан емес еді, қазір бұл мінезі өте-мөте көзге түсетін дәрежеге жеткен екен. Ал, Әлібек... өлең жазады деп еді, әлгі ақын айтқан: «Гасаңды кәлимолла маған берсең, жүзігін Сүлейменнің қолға кисем...» деп дүниені қиялымен буып-түйіп алған ба, қалай? Қызық! Өмір тез өзгертеді адамды, кешегі салт атты, сабау қамшылы Сүлекең бүгін өзі совет, өзі қожа, қалаған атын жегіп, қалаған жеріне барып, өзіне де риза, өзгеге де риза. Риза деп қоярсың ба, төбесімен көк тіреп келеді» деп ойлады Хакім көзінің қиығымен күліп.
Жолаушылар тізгін тежеместен сары желіспен жүріп отырып Оралдан қырық шақырымдай жердегі Шолақ Аңқатыға жетіп қалды.
Аяқ өткелі бар жарқабақты кішкене өзеннің жағасы жым-жылас — доғарып ат суарып, арбасын майлап, қайта жегіп жататын жүргіншілерден тап сол кез толас екен. Қия жолмен түсіп келе жатқан бұлардың алдынан тек қана сыңар шелекпен өзеннен су алып шыққан жар басындағы жалғыз үйдің әйелі қарсы кездесті. Ежелден әзіл-қалжыңға құмар Сүлеймен әйелді көре сала:
— Уа балдыз аман ба! Аман-есен тұрсыңдар ма! — деп әйелді өзіне қаратты да, арбадағыларға бұрылып: — жолымыз болады екен, алдымыздан мына балдыз су алып шықты ғой, — деді.
— Сүлеке, бұл қай балдызың? — деп сұраған Хакімге, делбеші:
— Әйелімнен кіші қазақ қызының бәрі маған балдыз ғой! — дей салды.
Амандасар-амандаспасын білмей «бұл кім еді?» деп аңтарылып қалған әйел жар басында ұзақ тұрып, бұларды қиядан төмен түсіп кеткенше көзімен ұзатты. «Шырағым-ау, бұл кім еді?» деп тіпті үйіне жеткенше артына әлденеше рет бұрылып қараумен болды.
Аттарының делбесін аса тежеместен лекітіп келген Сүлеймен жар астына түсіп те кетті. Қайдағы қыр, қабақты мекендеп, күндіз шөп-шөлеңнің түбінде бұғып отыратын даланың құлағы ербиген бір жапалағы прашкедегі кішкене қара көктің дәл аяғы астынан жалп етіп ұша жөнелді. Аңсызда боз жусан түбінен пыр етіп көтерілген боз торғайдан да үркетін бұл елгезек жануар жапалақтан үркіп жалт беріп, жолдан шыға жөнелді.
— Мәссаған, занталақ! — деді Сүлеймен делбесін қос қолдап шірене тартып.
Бірақ прашке көк тертедегі аттың алдын орай, бой берместен бұрмалап келіп жолсыз жерден суға еніп кетті. Қайрақтай сары табан жолдан шығып кеткен аттар екпінмен омыраулап, тізеден келетін май сазды бауырдай тіліп, өзеннің арғы бетіне қарап ұмтыла берді, су асты-үстіне шығып қою қара көк лайға айналып кетті. Өзеннің бұл тұсы едәуір енді болғанмен де өте таяз, ат бауырына жетер-жетпес еді: бірақ асты ұйыма екен, арбаның артқы дөңгелектері күпшектеп, ал алдыңғы дөңгелектер бейне бір желді күнгі қармақтың қалтқысындай қылтылдай бастады.
Хакімнің ойына басында: «арбаны кілт бұрып кішкене қара көк төңкеріп кетпесе игі еді» деген күдік келіп еді, енді ол аттарды «бұл көк саздан алып шыға алмас» деп қауіптенді. Оқыс іс пен кездейсоқ қызыққа әуестене қалатын Әлібек бетіне балшық шашырағанына қарамастан су мен саздың қою ботқасының түбінде алтын жатқандай төмен үңілді. Ол аттардың алып шығар-шықпасын ойлаған жоқ.
— Үркегін көрдің бе, жаман неменің, ал сүйре енді мықты болсаң! — деп Сүлеймен астына басқан шыбыртқыны суырып алып, кішкене қара көкті осып-осып жіберді.
Шыбыртқының қызуымен көк ат оқыс ұмтылып пастромкені шарт үзді де, тертенің алдын орай бұлаң етіп бос шығып кетті. Бар жүк бір өзіне ғана қалған үлкен көк ат бірер ұмтылып, ол да тоқтай қалды. Үш адамымен қоса дөңгелектері күпшегіне дейін сазға оппалаған фаэтонды сүйреп шығуға оның күші де жетпеді және оның үстіне прашке көк көлденеңдеп жолын бөгеді.
Арбадағылар бір сәт үнсіз қалды. Кінәның бәрі бір өзінде екенін жақсы түсінген тек атшы ғана күбірлеп, әлде белеңі бар атын балағаттады ма, әлде көпірсіз өзеннің осындай шырғалаңы мол аяқ өткелін сөкті ме, әйтеуір, ішінен міңгірлеген күйі аяқ киімін шеше бастады. Кешікпей шалбарының балағын көтере түріп ол арбадан түсті, пірәшке көкті шегіндіріп әкеліп үзілген пастромкені жалғамақшы болды. Бірақ қамшыдан шошып елеуреген ат бой бермей қарысып, кері шегініп, қайта ілгері қарай ұмтыла түсті. Бір кезде Сүлеймен атты зорға деп орнына әкеліп, пастромкені түйіп жалғаған жайда, ол қысқарып аттың тірсегіне дөңгелектің тоғыны соғып жүргізбеу қаупін туғызды. Атшы енді не істеу керек екенін ойлап сәл уақыт кідіріп қалды да, жалма-жан шыбыртқыға жармасты. Несінің ебедейсіз қимылынан белең ап тұрған ат шыбыртқыны көре сала тағы да ілгері ұмтылып кетіп, енді кері шегінбей әлекке салды.
Так, так! Тентек болма, шырағым, ақылың бар хайуансың ғой, мен сені ұрмаймын, оны түсін. Тентектікті қой, пастромкеңді жалғат та, тез мына батпақтан алып шың. Ұят емес пе, тапа-тал түсте аядай судан алып шыға алмай тұрып қалғаның! Ім, бәсе, шегін шегін! Түсіндің ғой менің не істейтінімді. Ім, бәсе түсінерсің, түсінерсің. Әлде де кішкене шегіне түс, иә, иә. Көнді! Ой тентек хайуан манадан бері сүйтсең етті, белкүллі, — деді ол.
Сөйтіп, бұлар су ішінде біраз уақыт кідіріп те қалды. Тап осы кезде жеңіл трантасқа қамшыдай қатқан қызыл нар жегіп, жанына ірі боз атты бос байлаған бір жолаушы жардан төмен түсе берді. Нақ су жағасына төнгенде бұл тосын жолаушы қайран жолдың арнасына салмай, нарын батпаққа батып тұрғандарға туралай берді. Сөйтті де ол бұлардың мүшкіл халін көре сала:
Мына сияқты білектей пар атпен торғайдың тобығынан келмейтін суға батпақтап жатқаныңа қарағанда, сен, қара қалпақты, бал беріп асыраса да адам болмайтын бір көбдік шығарсың, сірә? Күн жаумай жаурап жүретін Қара моланың түбіндегі жұмықтарша көрдің бе өзінің қоянның көжегіндей күржеңдеуін, ұмтылт, жетекте тәртені! Кәне тез! — деп, нарлы Сүлейменге жекіріп қалды да, өзі жанамалап келіп күлеш ағашты арбада отырған күйі сол қолымен ұстай алып, оң қолымен нар делбесін қағып жіберді. Қызыл нар маңқ етіп жүрісін ірікпестен ілгері жылжи түсті де, арба үстінен қол созып күлеш ағашты берік ұстаған нар иесі сүйрік тартқан адамдай, фаэтонды батпақтан суыра сүйрей жөнелді. Арбаның бір жағын еңсере тартып жүгін жеңілдеткен қара кек ат та нарлының қатарынан қалмай ұмтыла берді, ат тізгінін Сүлеймен де босатпай омбалап жетектеп, ә дегенше-ақ ені қырық-елу қадам өзеннің арғы тепсең жағасына шыға келді. Мұнан кейін нарлы бөгелместен үлкен жолдың арнасына түсіп, артына мойын бұрды да:
— Жол болсын мырзалар! Нашар делбешілеріңнің кесірінен су үстінде кездесіп, сәлемдесуге де жөні келмей қалды, — деді самарқау ғана.
Сөйтті де ол жалма-жан мәсінің қонышынан үлкен қара мүйіз шақшаны суырып алып, тырнақты тез толтырып, оң жаң танауына жақындата түсті де, екінші рет толтырып сол жақ танауын саласымен сүйкеп өткендей болды. Сонымен бірге қалың қабақтың астынан түйілген жіті көзі Хакімді, оның қасындағы Әлібекті, ат пен арбаны тұтас шолып өтті. Оның насыбай атуы да, қарауы да Хакімге оғаштығымен бірге таныс әдет, тіпті жуырда ғана кездескен адамның әдеті сияқты болып кетті. Қапелімде ол қалай жауап қатуды да білмей тек қана:
— Әләй болсын, отағасы. Мына бір аттың үркектігі тепсеңнен бұрып әкетіп, батпаққа ұрындырғаны... — деді. Және Хакімнің көзі нарлыдан бір керегін іздегендей оның өн бойын тінте, арба көлігін ақтара қалды. Ақтарған сайын бұл адамның таныстығы, бұрын бір жерде кездескені айқындала бергендей болды.
...Басына аң киіз қалпақ, үстіне кең түйе жүн шекпен киген. Арбаның қалқанынан ірі кеудесінің едәуір жоғары тұрғанына қарағанда бойы өте ұзын болуы керек. Жүзі сол... таныс жүз: атжақты, қарақұс қабақты, имек мұрынды. Анау арбаны сүйрескен ұзын қардың білезігі де ботаның сирағындай, алыстан тартатын желді танауға насыбай апарған салалар да әрқайсысы кере қарыс, сынық сүйемнен. Ат тартып шығара алмайтын фаэтонды майдан суырған қылшық құрым көрмегені — дәу перідей қуатты екеніне айғақ көрінді.
Бұл адамның кенеттен өткел басында пайда бола қалғаны да, ешкім сұрамай-ақ өз бетімен кие-жара жанамалап келіп, арбаны сүйресуі де, анау нары да, жанына бос байлаған ақ боз атты да, жуан дауысты үні де, түйеден түскендей өктем сөзі де еріксіз ойландырарлық...
— Отағасы, сізді таудай тәңір жарылғасын, таудан да үлкен рақмет! Өзіңнің күшің де нардың күшіндей екен белкүллі. Құдай біледі күресе қалсаң жан шыдатпассың. Біздің Шайдолла болмаса, әй, сенің беліңді ұстайтын қазақ табыла да бермес. Мені «жұмық» дедің ау, отағасы. Мына сияқты қос қара көк аты бар, арбасында... арбасында емес, қасында хан Жаншадай, пыркаролы бар сарқасқа жігіт жұмық болушы ма еді. Өзің дәу болғанмен адам танымайды екенсің ғой, мен кәдімгі Барқын Нарботаның бал асы Сүлеймен деген жігіт болам. Өзің кімсің соншама, жанды менсінбейтін, деді Сүлеймен оған ірілік көрсетіп.
Әкең нардың ботасы болса болған да шығар. Шырақ өзің күл басына шөгіп, кешке дейін тырқиып жататын жапырақ атанша көрінесің. Сөзіңді қысқарт та, атыңды бапта, ана азаматтарды үйіне жеткіз. Менің жөнімді сұрап қайтесің, құда түспексің бе? Сенен басқа да мені сырттан, құданы қарауылдаған кісіше, тосып жүргендер аз емес, бірақ менің киіт киюге зауқым жоқ, — деп, нарлы адам Хакімге тесіле қарады.
Әлденеше жыл өтіп, жадында қалған бұлдыр суреттерді әбден көз алдына келтіре алмай, ой торына шырмалған Хакім де онан жүзін бұра алмай түр еді, тосын жолаушының көзіне көзі ұшыраса кетті де, сол сот екеуі де арбасқандай кірпік қақпастан біріне-бірі қадала қалды. «Сол! Ақметшенің керуен басы! Көп қызыл нарға оқ-дәрі тиеген ұзын қара кісі! Түнде керуен қолға түскенде жетектегі атымен жоқ болған жайсаң! Сол, сол! Анау нар жанына бос байланған ақ боз ат та со шығар» — деген қорытындыға тірелді. Хакімнің аласұрған ойы кенеттен медеу тапқандай баяулап, ол жалма-жан інісіне қарап еді, Әлібек нарлының сезіне ұйып қалыпты, ерні жыбырлап: «Сөзі де өзі сияқты тоқпақтап төлеп тұр. Адай емес пе екен өзі? Заманның бір батыры ғой мынау! Насыбай атқан түрін қара: сойқан ғой жаным-ау», — деп күбірледі де, жалт қараған ағасына:
— Кім екен өзі, сары аға, сен танымайсың ба? — деді. Хакім үндемеді. Ол көмейіне келген сөзді сыртқа шығармай әдейі іркіп қалды, тура-ақ болжаған пікірін жарыққа шығарып, нарлының кім екенін жариялауға әлі ертерек болар деп бөгелді.
Хакімнің көзінен көзін шапшаң бұрып алып, нарлы жолаушы арба үстіне жөнделіңкіреп отырды да:
— Хайыр, мырзалар. Жол ақысы — жүрмек, көз ақысы — көрмек деген бар. Тоқтауға реті жоқ, әйтпесе, жол үсті және өткел аузы емес, төрде бағланның басын мүжіп отырып сұхбаттасатын-ақ жігіттер екенсіңдер. Иә, иә, солай екенсіңдер, — деп делбесін қағып жіберді.
Қызыл нар су ішіндегідей тағы да иесінің делбе қаққанына жай ғана «маңқ» етіп жауап беріп, екі көзі жаутаңдап, оң мен солына кезек қарап қойып, желе жөнелді.
2
Кешікпей бұлар қызыл нарлыны басып озды.
Деңінен асып бара жатқан Хакім оның бетіне тағы да қадала қарап өтті. Оның байқағыш көзі нарлы жолаушының сырт пішініндегі көзге түсерлік белгілері мен ат-көлігінің үстін қалдырмай сүзіп шықты.
«Арбадағы еңгезердей ат жақты қара баяғыда көрген сылбыр керуеншім емес — етек-жеңін кең жайып бейғам отырған шаруаға ұқсамайды: аңдысып көз тастап, алыса кететін жанша әрі ызғарлы, әрі омырып тастарлық ожар пішінмен қарайды».
Қызыл нардың тер қатқан қатыңқы қабағы мен сауырынан жоғары өркештің етегіне шапқан ақ сортаң тердің ізі жатыр. «Күндіз-түні жол үстінде жүрмін, көптен иық ағашым алынған жоқ, көрдің бе, қомымды таңбалап тастағанын» деп тұрғандай. Мұны қамшыдай қатып қалған жарау пішіні де әбден дәлелдеп жатыр. Жеккені қалқанды жеңіл трантас. Хакім орнынан сәл ғана көтеріле түсіп, оның трантасының ішіне де көз тастап өтті: ұзыннан төсеген бөстек сияқты бір төсеніштің астынан білеуленген зат көзіне шалынды, бірақ оны айырып қалуға уақыт жетпеді сары желіспен келе жатқан аттар дөңнен тез өтіп кетті де, делбешісіне «ат басын теже!» деп айта алмады. «Бұл малғұнның қаруы шығар ана жатқан. Қарусыз жүруге тиісті емес қой. Жоқ, мұның қаруы жалғыз да болмас. Кім біледі ана кең шекпенінің ішінде не жатқанын» деп ойлады ол. Мүшелік жер сары аяңмен жүріп келіп, бірер шақырым жолды желіп алумен өндіріп келе жатқан қызыл нар аздан кейін артта қалды. Өзен бойынан ұзаған сайын жол да қуқылдана бастады, енді бір сәт жүріп, кейінгі жаққа мойнын бұрған Хакімге ақшаңылтақтана бастаған жолдың тұнба майда шаңын бүркенген нардың қомынан жоғары жағы мен басы ғана бұлдырап бірден-бірге алыстай берді.
— Қыр көрінісін әсірелей сөйлеп, тіпті көзіне түскен нәрсенің тек қана сәулетті жағын іздеумен келе жатқан Әлібек енді мына нарлыға көшті. Ол қасындағы Хакімнің ойын бөліп жіберді.
— «Салтанатқа салпы ерін нар жегіп, салқамдар жүйріктен өзге мінбеген» дейтін нағыз жалпақ даланың жампоз қазағы екен әлгі. Түрін байқадыңыз ба: нағыз бір туған қара нар! Мен тіпті оны ойыншығын көтерген баладай, бізді фаэтонымызбен қоса көтеріп жағаға шығарып қоя салады екен деп ойламап едім. Ой, шіркіннің күшін-ай! Денесі де күш бітерлік дене ғой! Сақалына қарай іскегі, шақшасының өзі де анау-мынау қонышқа сиятын емес, кіші-гірім лақадай бар екен. Сүлеке, сен оның насыбайды қалай атқанын байқадың ба? Ойбай, сұмдық! Оның тырнағындағы насыбайының өзі менің қос уысыма шақ сиярлық. Ал ол танауына жұқ та болған жоқ қой деймін, ең болмаса бір рет те түшкірген жоқ-ау, шіркін! Отты тигізбей тартып кететін үлкен пештің көмейі сияқты, анадайдан үйіріп алды да кетті. Осыны да шымшып-шымшып насыбай атты дер ме екен біреулер?! Қол ше, қол! Қол деп осыны айт — сырықтай ма деп қалдым, өйткені өз арбасының алдында отырып бір даладағы тұрған фаэтонды ат-матымен дырылдатып сүйреп барады! Сүлеке, шынымен танымайсың ба? Мына сияқты адамды бір көрмегенің ғажап екен, — деді студент, өте-мөте желпіне сөйлеп.
— Қарағым-ау, мен Кіші жүзді басынан аяғына дейін аралап шықты дейсің бе, соншама. Сонау Қаракөл мен Қарабау, сонау Үйшік маңайын жайлаған үш Сиықтың бір перзенті шығар. Адырайған неме, Адай болса да ғажап емес. Бірақ ол жақ арба жекпейді деуші еді, мынауың арба жекпек түгіл, бір жеті жол үстінде жүрген жортуылшы ма деп қалдым: түйесі жарау, аты ащы терсіз көрінеді, — деді де, Сүлеймен арт жағына қарап қойып: — сөзінің түрін көрдің бе, толайым ұрып-жығып кетейін деп тұрған адамның сөзі. «Құда түспексің бе, аты-жөнімді қайтесің?» деп жекіреді және немене деді, «киіт киюге зауқым жоқ» дей ме, а? Мінезі сойылды содырдың мінезі. Қарсы келсең оллаһи ұрып жығудан да тайынбас. Мені жұмық деп кемітеді...
— Жұмық дегені ештеме емес, күл басына шөгіп алып, тырқиып жататын атанша көрінесің дейді. Тілі қандай, тоқпақтай, — деп күлді Әлібек. Сүлеймен оның сөзін жөндеп бақты.
— Мен Нарботаның баласымын дегенсін айтқаны ғой, атан деп. Атаншаның нарға тұрарлығы да болады, онымен кеміте алмайды. Мен де оны бақырауық қара нар деп айта аламын.
— Аты-жөнін білмесем де, бұл адамның Ақметшенікі екенін мен әлдеқашан танығанмын. Оған аттай он жыл өтті... Ол күнде бұ кісі керуенші еді, Ақметшенің керуенін басқарушы еді, тап осы сияқты өңкей қызыл нарларға пургон жегіп, Жымпиты үкіметінің Оралдан қару-жарағын тиеп жеткізіп беруші еді. Бірақ мен оның атақты Құныскерей екенін білген жоқ едім... — Сөзін аяқтамай Хакім Әлібекке жалт қарады. Әлібектің түсі құп-қу болып кетті. Сүлеймен:
— Қой, байғұс! Әлгі нарлы... Құныскерей?.. Атақты Құныскерей? Хакімжан, шын айтамысың? — деді шошып. Ол жалма-жан оқыс бұрылып артта, алыста қалған қызыл қарлыға қарай қадалып қалды. Бірақ қызыл нарлы белестен әрі, көзден тасаланып қалып еді, мойнын бұрып тағы да көз жіберген Хакімге де, үрейлі пішінмен іздеген Сүлейменге де көрінбеді.
— Сол! Түрі, түсі, жүрісі, аты, бәрі — сонікі. Сендер бірақ, сыр бермеңдер. Еш нәрсе білмеген болыңдар. Мен әбден байқайын мүмкін ол ат шалдырған жерде тағы да кездесер.
— Қой, байғұс мен нанарымды да, нанбасымды да білмей келе жатырмын, Хакімжан. Сен оны әбден байқайын дейсің, малғұн, өлтіріп кетер ол бас салып. Абзалы, біздің кездеспегеніміз мақұл болар. Белкүллі, сол болып шықса — қатер. Мен қорқып келе жатырмын... Қорыққан жоқпын-ау, қатер жасар деп сескеніп келе жатырмын. Ойбай-ау, ойыншық емес қой, бүтін губерна, бүтін әскер қуып қолына түсіре алмай жүрген жоқ па?
— Қой, Сүлеке, өлтіре салатын немене, басқа кісінің жаны жоқ деп ойлайсың ба, кездескен жерде қисая кететін. Жұрт әншейін айта береді асырып, қорқатын еш нәрсе жоқ.. Бүтін губерна қуғанын қайдан есіттің?
— Ойбай, қарағым-ау, жұрт осы күні қыбырлағанның бәрін естиді. Былтыр құмда, Адай бетте, қолға түсіре алмай қайтып келіпті ғой. Елу әскер бір ай қуып, аяғында ұстаған жерде айрылып қалыпты. Ондай жүрегінің жүні бар адамды адам батып ұстай алар ма? Ұстауға келтіре ме, ұшып бара жатқан қарғаны қара тұмсықтан атып түсіретін қу жебелі сұр мергенді. Құдай оның бетін аулақ қылсын де... Әй, бәсе, қимылы жаман еді-ау, иттің...
Сүлеймен тағы да арт жаққа көз тастады.
— Тегін адам емес екенін мен бірден-ақ оның түрінен байқап едім, бәсе қимылы бөлек еді. Дегенмен, мен оның жүретін жолы, жүретін емес жортатын жолы жықпыл-жықпыл жыралар мен тобылғысы ат бойы тау бөктері шығар деуші едім. Ал қонақтайтын жері қара құсы қасқая қонып отыратын атам заманғы құлап қалған қара қорғандар, иә болмаса сары бұйра құмның қазан шұңғылды қия түбі деп түсінуші ем. Бірақ ол ісімнен қорықсын. Арба үстінде түк білмеген жанша бұғып отырып, айналасындағы отыз-қырық шақырым жердегі қарсы қимылдаған адамды бүркітше жалт қарап көзімен бірақ шалатын шығар. Сонсоң арғы жағы белгілі ғой: жарау қызыл нардың өзі де желіп кеткенде анау-мынау атты ілестірмейтін болар. Оның үстіне анау бота тірсек боз ат нардың қабырғасында бос байлаулы. Бәсе, бәсе. Тегін адам емес екеніне менің шегім жоқ. Құныс, Құныс болмаса, сондай бір жойқын жортуылшы. Сөз жоқ, даланың Робин Гуды, — деді Әлібек.
Оның әлгінде ғана қуқылдана түскен жұқа жүзіне қыза сөйлеген сөзбен бірге қызыл шырай ойнап кетті де, көздері жайнаңдай қалды.
— Ойпырмай, шынымен сол Құныс дейсіңдер ме? Сол болса, онда бұл масқара ғой! Қауіп қой, жол жүруге қауіп қой! Менің зәремді алдың сен, Хакімжан.
— Зәрең кететін еш нәрсе жоқ, Сүлеке. Ол қарадан қарап жүріп адамға ұрынбайды, соңына түскендерге өшігеді. Кім біледі... осы жөнінде арам ойы болмаса... — деп Хакім сөзін тауыспай, тамағын кенеп бөгеліп қалды.
— Біздің кім екенімізді ол білмейтін шығар? — деп сұрады Әлібек ағасынан. «Соңынан түскендерге өшігеді» деген сөзді «прокурор, сот, тергеушілерге қас екен ғой» деп ойлап.
— Мен оны бұрын көргенмен, ол мені көрмеген шығар.
— Бағана Сүлекең: «қасында Жаншадай прокуроры бар адам жұмық бола ма» деп салды ғой, сонан сезбесе?
— Қара басқанда мен солай дедім бе? Әй, мені де ұрып өлтіретін кісі жоқ-ау, сірә. Рас, рас сөйдедім білем. Әй, қара басқанда құдай тілден жаздырады ғой! Әй, мені де ұрып өлтіретін кісі жоқ-ау, сірә. Мықтылық көрсету неге керек еді, мүләйімсіп «жұмық» бола қоймай. Құдай жұп-жуас жұмық-ақ қылып жаратпаған екен...
— Батырды қара, састы! — деп күлді Хакім Сүлейменді кекетіп. — Тал түсте жалғыз адам өзіндей үш кісіні тақымына басып әкетпекші ме? Сонда біз кім болғанымыз, Сүлеке, бөрікпен соғып алатын, кәдімгі қармаққа шаншатын сары шегіртке болдық па?
— Ойбай-ау, бүтін жұртқа, қыруар әскерге болмаған адам бізді бұйым көре ме? Малғұнның тек жолын аулақ қылсын.
— Жолы аулақ емес, біздің жолмен айқасып-ақ қалды. Ана қырдың астында келе жатыр ғой. Не ойлап келе жатыр екен өзі. Біз сияқты ол да кім екенімізді болжап келе ме, кім білсін, — деп, Әлібек Сүлейменнің үрейін ұшыра түсті.
Қасындағы екеуінің күдігін сейілту үшін Хакім Құныскерей жөніндегі халық арасына таралып кеткен лақапты артық айтылған семіз сөздерден арши бастады.
— Құныскерейді ұстауға шыққан адамдардың саны елу де емес, қырық та емес және ол әскер тәртібіне жетік солдаттар да емес. Мұны жұрт әншейін сырлап айтады, шектен тыс асырып жібереді. Оны ұстауға шыққан кәдімгі өзіміздің ана жылғы Ащысай болысында милиционер болып жүрген Әжіғали. Қазір Әжіғали — уездік милиция бөлімінде аға сақшы, Әрине, Әжіғали орны келген жерде асырыңқырап айтатын мінезден де құр алақан емес. Дегенмен, өзі қайратты және аса өткір жігіт, көп адамның қолынан келмейтін істі оп-оңай орындай салу оған кейде бұйым да болмай шығады. Оның осындай жақтарын еске алып, біз Құныскерейдің елдегі байланысын ашуды, соңына түсіп жүріп, бұл қашқынды қолға түсіруді тапсырғанбыз. Ол бір ай бойы жансыз болып, іздестіре келе Құныстың қайда барып, қайда жүргенін ашқан. Бірақ елде оның сыбыршысы аз емес, тіпті астас, амалдастары да бар.
Осылардың бірі Әжіғалиды танып қалып, оның жәй жүрмегенін, Құныстың ізіне түсіп жүргенін сезген. Осыдан кейін бұл аты шулы қашқын соғып кететін жерлеріне соқпай, ала жаздай бір көрінбей қойған. Қызылқоға жаққа, Қаратөбеден әрі құм арасына сіңіп кеткен. Бұл енді ел ішінен аңдуды қойып, құмнан іздеуге шыққан. Әрине, Әжіғали да жалғыз емес, елден алған оның да басшылары мен қосшылары болған. Кәдімгі аңға шыққан адамдардай бұғып, кейде жаяулап «осы маңдасың-ау» деген жерлерді тінткілей береді. Со керек, сөйтіп жүріп бір күні үстінен шығады.
— Иә, менің естігенім басқарақ.
— Сонсоң. О дәу пері-ай, құм арасында жатқан ғой... Сүлеймен бір қырындап отырып козладан еңкейіп тыңдады.
— Рас болса, жатқан жері елден жиырма бес-отыз шақырымдай жер екен. Күндіз құмда болып, түнде ел табанына келіп қона-түстеніп жүрген көрінеді. Жатқан жері шұп-шұңғыл бір ойпаң Итшағыл дейтін жер екен дейді. Айналасы жан сирек басатын қарталанған сары құм көрінеді. Бұлар әнтектік еткен. Алдымен өзін ұстауға ұмтылмай, атын ұстап алу керек еді. Оның аты сол төңіректе, ол да бір ойпаңда оттап тұрды ғой. Өзін көргеннен кейін атты есіне де алмаған. Қалайда тек бас салып ұстау әрекетімен болған. Және қайтып ұстамақшы болған десейші? Құныс түйе жүн шекпенінің жағасын көтеріп, бетін күннен көлкештеп қойып, шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр дейді. Әжіғали айтады: Жұмыс бітті, ғайыптан тайып кетпесе, атқа жайдақ мінгізіп, екі аяғын салақтатып, құмнан соққан арлан қасқырдай тісін ақситып, ауылға айдап барамын ғой-ақ; деп ойлап ем, қайтесің ақымақтық жасадым, жер соқтырып кетті!» дейді.
Әрине, жер соқтырмағанда! — деп, Әлібек Хакімнің аузынан шыққан келесі сөзді қағып алатындай ентелей түсіп тоқтады.
— Қайтып жер соқтырмасын? Ұйықтап жатқан адамды бас салып байлап алудың орнына айқайлап оятыпты. Кәдімгі баяғының батырларынша, қапы қалмасын деп тұр-тұрлап айқай салған ғой. Әрине, оянған күнде де бұлардың бір адамға әлі келерлік еді, өйткені бір қора жан: екі аға милиционер үш кіші сақшы және «оның үстіне волисполкомның екі мықты шабарманы бар, соңғы екеуінің қолында құс мылтық болғанмен, ана бесеуінің қаруы нағыз қару ғой. Күш бұлар жағында, ептеп айлалап амал еткенде, тырп еткізбеуге болатын еді. Ұйықтап жатқан адамды ұстай алмады деген не сұмдық. Мұнан кейін жұрт не демесін: «Құныскерейдің аруағы бар екен, ұйықтап жатқанда үстінде көлегейлеп тұрады екен, тұрса басында, отырса қасында күзетіп тұрады екен, қарсы келген адамды пысы басып қол көтертпейді екен» — деген әңгіме жайылып кетті, — деп Хакім риза болмаған пішінмен қолын бір сілтеп қойды да, арт жағына қарады.
— Иә, онан кейін қалай болыпты?
— ...Онан кейін қалай болушы еді, — деді Хакім бұрылып жайласыңқырап отырып, — әлгі талайды көрген қу Мүйіз, сүзеген бұқаша айналасындағыларды бір жайпап тастап, өз жөнімен кете барған. Мұндай тар жерде аспай-саспай қимылдау әдісін ол жақсы біледі. ғой және алдарқатып айлалап құтылып кетуге қандай шебер десейші! Өзі де сергек жатқан болу керек, айқай шығар-шықпастан-ақ басын жерден жұлып алыпты. Сөйтіпті де, қоршалап алған қарулы адамдарды көргеннен кейін бір шынтақтап тағы да қисая кетіпті. «Е, өздерің бе, әйтеуір, келіп тұрған өздерің болсаңдар болғаны! Шегір көз орыс пен шақша бас татар келмесе болды. Көптен бері кездестіре алмай жүргенім осы өздерің. Қайда апарсаңдар да мейілдерің. Алдымен бір насыбай атып алайын, сонан кейін әкете беріңдер», — депті де жалма-жан қонышынан шақшасын суырып алып, тырнағына насыбай толтырып қағып-қағып жібереді, оның бұл жайбарақат түрде, ойында түк жоқ жантайып жатып насыбайын атқанын көріп, әлгі біздің, қуғыншылар шынымен-ақ берілді десе керек, бұлардың ойынан қашады деген күдік мүлдем шығып кеткенге ұқсайды. Ол да тап осы қамсыз сәтті күткен. Қайрат қылады деген баскесер: «Келіңдер, келіңдер, өзім де сендерді күтіп жүр едім» дегеннен кейін аңырып тұрып қалады. Бірқатары кезенген мылтықтарын кері тартып, шаппасынан сұқ қолдарын да шығарып алған білем.. Мүмкін, кейбір ашық ауыздың есі кетіп, жылан арбаған боз торғайдай қалшиып тұрып қалған да шығар. Әйтеуір, не керек, атып тұрып оңға-солға зуылдата сермеген ұп-ұзын қайқы қара қылыштың жарқылдаған жүзін ғана көріп қалады. Қол қатудың орнына біздің майталмандар тырақайлап кері қашқан ба, қалай, өйткені тап сол минутте оның қалайша сытылып кеткенін ешқайсысы дәлелдеп айтып бере алмайды. «Не болғанын білмей қалдық, елу-алпыс қадамдай жердегі құмның жонынан бір-ақ қарғып түсіп, біз ол жерге жете бергенде ,екінші жотаға іліккенін көрдік. Атып едік оғымыз дарымады. Ал қайрыла беріп, ол біздің екі атымызды атып құлатып кетті. Бірі менің атым оққа ұшқан. Жұмсақ құм болғандықтан жаным қалды, әйтпесе, он-он бес метрдей ұшып түсіп төбемнен шаншылып қалдым» дейді Әжіғали. Не керек, ұзын сөздің қысқасы: бұлар есін жиып үлгіргенше, Құныскерей екінші құм төбенің астында тұрған атына мініп алып жықпыл-жықпыл құмға суырша сүңгіп кетеді.
— Аты алдын тоса қалады деседі ғой, сондай қысылшаң кезде, бағанағы боз ат па екен сол? Және атын өмірде тұсамайтын көрінеді, бос қояды дейді.
— ...Солай деседі. Үйретіп тастаған әскер аты сияқты шығар. Ұрының қатыны өзіне лайық деп, аты да суыт жүріске, тар жерде тарпаң басып сытылып шығуға үйренген ғой, жылқы ақылды хайуан, тәсіл-тәртіпті жақсы ұғып, бұлжытпай орындайды.
— Құныскерей ұры емес, басын қорғап жүрген ер ғой, ондай бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен, оны ұстап неге керек. Ешкімге зияны жоқ, — деді інісі Хакімге.
— Кім айтты оны, зияны жоқ деп?
— Жұрттың бәрі айтады... Басында милиция ағасын атып тастаған соң, бұл ерегесіп олардың бір бастығын өлтіріп кеткен.
Хакім інісінің жүзіне қарай қалды. Оның бұл сөзді балалық көңілімен айтқанын көріп басын шайқады, бірақ қарсы жауап қатпады.
3
Үш жолаушы ат шалдыруға көпір аузындағы каршеунік әйелдің үйіне түсті. Бұл жүргіншіге мәлім, пәтер ұстайтын Кербез деген әйел болатын.
Жолаушылар үйге кіріп, жуынып, таранып, әйелдің үнемі қайнап тұратын әзір шайына отыра бергенде, «мен де келдім» дегендей таныс қызыл нардың «маңқ» еткен даусы естілді. Неге екені белгісіз Сүлеймен селк ете түсті. Ағайынды екеуі бірінің бетіне бірі қарай қалып, көзімен «сол» десті. Сонымен бірге Әлібектің жүзінде әлденеге желігіп, елегізген шырай пайда бола қалды. Оның ақ сұр бетіндегі жіңішкелеу келген қоңыр сызат қастары жоғары көтеріліп кетті, байқаған жанға жұқа танауы да сәл едірейе түскендей болды. «Шай-су ішуге тап осы бөлмеге кіретін шығар. Бұл заманның Робин Гудын өз көзіммен көретін болдым» деп ойлады ол.
— Тағы да бір қонақ келді, — деді Кербез, құйған шайды Хакімдердің алдына ысыра түсіп.
Сөйтті де ол тез сыртқа шығып, кешікпей қайта оралды.
— Бір жолаушы түсуге рұқсат сұрап тұр. Сіздердің үстеріңізге кіргізсем, ренжімес пе екенсіздер, — деп сұрады әйел.
— Сол ғой. Түсе берсін, — деп Әлібек ағасына күбір ете қалды.
Хакім қолына ұстаған шыны аяғын дастарқанға қойды да, азырақ ойлана түсіп:
— Уақасы жоқ, кірсін. Танитын адамыңыз ба еді? — деп Кербезге тіке қарады.
Хакімнің сынай қараған пішінін жұмсартқысы келген адамша әйел қылықты қулықпен қабағын керді де, көзінің қиығын бір жоғары, бір төмен тастап:
• — Сіз сияқты, осы жолмен өткен сайын бір шай ішіп кететін адам, — деді.
«Бұлай қарамасаң сен Кербез болармысың, құдай атқан, көзін қалай қиғаштайды! Әлде әдейі істеп тұрсың ба, анау қызыл нарлының аты-жөнін бүркеу үшін?» деп ойлады Хакім. Бірақ ол әйелдің жылмағай сөзін де, аса жайдарлы қас-қабағын да байқамаған болды. Қолға қайта алған шайын жиілете ұрттап, тезірек ішуге тырысты... Айнала ашық есік-терезеден кірген даланың жұмсақ желі үйдің бұрыш-бұрышын қыдырып, тынысты жеңілдетуге келгендей бетті үрмелей түседі. «Бұл пәлекет қайта-қайта әдейі кездесіп, бір пәле істегелі жүр ме, болмаса әлдеқалай ұшырасып қалды ма? Енді не болар екен?» деген күдікті оймен үйдегі үшеуі үн-түнсіз, есікке қарап қойып, шайларын іше берді.
Түйелі жолаушы нардың басын оқшауырақ тұрған қораға тіреді де, қабырғадағы аттың тізгінін шешіп, көлеңкеге байлады. Сөйтті де туарулы қос қара көк атты көзімен бір сүзіп өтіп, үйдің терезе-есік жақтарын барлады. Сыртта өзінен басқа жан жоқ екеніне көзі жеткен адамша ол шапшаңдап, арбасына еңкейіп қапшық тәрізді кенепке ораған нәрсені төсеніштің астынан суырып алды да, бала түгіл үлкен кісінің де бойы жетпестей биік қораның төбесіне қолын созып әрірекке тастай салды.
— Шай тәтті болсын, мырзалар. Су басында кездескен көзтаныс қазақпын бағанағы, — деді ол есіктен кірген бойы Хакімге қарап, сонан кейін төменде отырған Сүлейменге:
— Атаншаның баласы, сен жасың кіші және ебдейлі жігіт көрінесің, маған сыртқа шығып жәрдемдесіп жіберші, болмашы ғана бір шаруа бар еді, — деп есіктен кері шыға берді.
Қобалжыңқырап отырған Сүлеймен жауап қатпастан оның соңынан ілесе шықты. Басында сескенсе де, манағыдай емес қызыл қарлыға көзі үйреніп те қалған сияқты. Өзінен біржарым есе ұзын оның бойына, жұмыр да иықсыздау келген томар тәрізді денесіне, аршындап басқан адымына ол айызы қанғандай қарап келеді.
— Мына тоқтының терісін сыпыр да, етін тұтасымен Кербездің қазанына тоғыт. Тез қимылда. Күн еңкейгенше пісетін болсын. Қасыңдағы мырзалармен дастарқандасып, атаның асынан ауыз тиелік, — деді қораның қараңғы бұрышына байлаулы тұрған марқаны көрсетіп.
Сүлеймен оның сөзін екі етпей, алдында құрдай жорғалады.
— Мен қазір «ә» дегенше жайғастырайын, — деді «ол жалма-жан тоқтының аяғын буып жатып.
Қызыл нарлы қолына ұстай кірген ала қоржынды бұрышқа сүйей салды да, сенекке шығып жуынып, үйге қайта кірді. Сүлейменді тысқа неге шақырғанын біліп бұл тосын жолаушының не пиғылы барын да түсіне алмай, шай ішіп отырған екеуі дағдарып қалып еді, нарлы көп күттірмей-ақ дастарқанға жақындап келіп, молдасын құрды да, көзі астымен қарап отырған Хакімге тіл қатты.
Пыркарол мырза, қырдың жуан қоныш, кең шекпенді қара қазағынан жиренбессіз. Жол ортақ, әкім ортақ деген бар. Мені сонау Қызылқоғадан, сізді Қызылүйден жетелеп мынау Кербездің үйіндегі дәм кездестірген шығар, кәне, шай ішейік.
Сөйтті де ол шайын еселеп, тас құман астындағы шоғын жаңартып, шай құюға қайта кіріскен Кербезге қоржыннан алып мәмпәси, қағазға түйген тәтті нан ұсынды.
Әлібек ілкі елегізе қарап отырған күйі оның жүріс-тұрысын, жүз құбылысын шашау шығармастан жадына түйе бастады, сөзін мұқамына шейін бұлжытпай қағып алуға тырысты. Ал, Хакім мән-жайын өзіне айтқызуға тырысып, тікелеп жөн сұрауға кірісті. Ол:
— «Птицу определяют по полету» деген орыстың бір нақылы бар. Мұны қазақша дәл аударуға келе бермейді» ал мағынасы: «құстың дабысынан, аттың шабысынан байқа» — дегенге жақын. Жуан қонышты, кең шекпенді болғанмен, мал баққан қара қазақ емес екеніңіз, жүрісіңізден де, сөз саптауыңыздан да көрініп тұр, жол болсын, қарымыңыз кім, ат маңдайы қай жақ? — деді өзінің жай қалыпты сабырлы пішінімен.
Бейтаныс жолаушы бір сәт бөгеліп қалып, әлденені іздегендей, сол қолымен жағын сипай түсті де, ұзын иегінің нақ ұшына қашып шыққан шоқ сақалын ұстады, оны да тастай беріп дастарқандағы нанға жармасты. Сонсоң ол нанды көтеріп, Хакімге:
— Өзіңіз білесіз, біздің қыр елінде нан таңсық. Соны көрген соң, жөн сұрауды да ұмытып кеттім. Бұл да менің надан қазақтығым ғой менің қарымым Кете, Қаратөбе болысындағы Кете, жетінші ауылмыз. Текеде болдым, ауыл жаққа қайтып барамын, — деді.
— Мен Қаратөбе болысын жақсы білуші ем, бірақ жетінші ауылда Кете барын естімеп ем.
Хакімнің бұл ру жөнінде сенбеген сөзіне дәлел-жауап қайырмастан қарлы жолаушы өзін таныстыра түсті.
— Шаруаның қатарына қоспауыңызға да болады мені, өйткені қызметкер болып та есептелемін, мұны сіз топшыладыңыз, қазынаға мал алу, тері-терсек жинау секілді қызметкер мен шаруаның екі ортасындағы бір әсіреңке жұмыс. Осы сапар Текеге мал тапсырып келе жатырмын.
— Ім, — деді Хакім сенбеген мұқаммен. Сөйтті де күдігімді сезіп қалды ма деп шапшаңдап, — жақсы кәсіп қой малмен айналысу. Көп мал ма еді? — деді.
— Жоқ, елу-алпыстай ірі қара, жүзге тарта жандық, — дей салды ол немкеттілеу үнмен, қолын ербең еткізіп. Хакім әңгімені үзбей, тергегіштік тәсілмен тамамдай түсті.
— Мен сізді танимын... Мұнан он жыл бұрын Текеде көргенмін. Онда сіз керуенмен жүретін едіңіз ғой... Атыңыз...
— Менің атым, — деп, күдікті жолаушы жұлып алғандай Хакімнің сөзін бөліп кетті. Бірақ Хакімге тура қарамай, басын изей түскен Әлібекке сырлас адамындай-ақ күлімсірей қалды. — Қызық өзі. Менің атымды айтам-ау. Қазекең шала молдасыз жүреме, әжем марқұм үйде болмапты да кәрі шешем, топырағың торқа болғыр, ізгі жан еді, оның үстіне құлағының аздап тосаңы да болатын. Өмірі адам атын дұрыс айтып көрген кісі емес еді, ұдайы біреумен біреуді шатастырумен отыратын. Молда азан шақырып, менің құлағыма айқайлағанда, көтеріп ұстап тұрған шешемнің құлағына молданың «әкпары» ұялап қалған. Кәдімгі азанның «алла акпары» ортасынан үзіліп аяғы ат болып естілгенде, атым Акпар болып қалған. Молданың қойған аты «Байболсын» сияқты бір ат екен. Бірақ шешем Акпар деп ұғып, сол ат ат болып қалыпты ғой. Бірақ басында сәті түспеген ат, бері келген соң, онан да зор сәтсіздікке ұшырады. Еңгезердей болып өскен сиқыма қарап жұрт: «Дәуқара», «Ұзынқара», «Капсағайқара», «Дығалқара» деп атап Акпарымнан да айрылып, осы күні жеңгелерім «Қапсағай қайным, келіндерім «Зор қайнаға» дейді. Құдай біледі деп айтайын, бағанағы су басында көргеннен бері сіздер де «Ұзынқара», «Нарлықара» деп келе жатқан боларсыздар. Оқасы жоқ «Акпар» деген сөздің өзі де молдаларша «дығал» көрінеді ғой. Дығал екенім рас. Солай емес пе, інішегім, ә? — деп ол Әлібекке қарап қолқылдап күліп қойды.
Шайын тастай салып күлген Кербезге Әлібектің бала күлкісі қосылып, үй іші сылқылдаған күлкіге батты.
Бірақ Хакімге оның бүл қуақылығы аралас тілмәр жауабы келеке еткендей көрінді. «Сөз сонарына салып ізіңді осылай бүркемекші болдың ба сен, жарты бас! Отырған орнынан тыпыр еткізбей тұтқынға алсам ба екен езін? Әбден басынып алған. Губернаның шеті былай тұрсын, тапа-тал түсте қаланың қақ ортасынан шығып, үлкен жолдың үстінде: «Мені көрдің бе? Көргенде не істейсің? Міне, жүрмін, жүргенім былай тұрсын, қасыңда-ақ отырмын, істе қолыңнан келгенін»- дегені ғой бүл. Мына жәйіттен кейін менің прокурорлық құдіретіме жұрт не демекші! «Прокурор Жүнісов бір дастарқанның үстіне қатар отырып тағам татып, біле тұра, тани тұра, қол қата алмай қоя берді» демей ме?! Жақсы. Тұтқынға алайын. Мұның қарсыласпай алдыма түсіп, бүлкілдей беруіне кім кепіл? Қару жұмсамасына кімнің көзі жетеді? Бойында қаруының бары да сөзсіз ғой. Өз күшіне, өз айласына сенгеннен кейін отыр ғой, бұл кесепат! Әйтпесе, тергеушіге, заң бақылаушыға жуи ма мұндай жаннан безген қарақшы...»
Біріне-бірі қайшы ойлар, бірімен-бірі жағаласқан күдігі мол әрі-сәрі болжалдар Хакімнің басын аз уақыттың ішінде бірі кіріп, бірі шыққан жәрмеңкеге айналдырып жіберді. Ол бөгелеп қалды — нарлының сөзіне басын иә шайқап, иә иземестен тұнжырай түсті.
Басында бұл жұмбақ жолаушының пішіні мен жүрісіне есі кетіп, енді оның сөзге жүйріктігіне ден қойған Әлібек аузын ашып қалды да, ал қызыл нарлы, көбінесе, сол жас жігітке қарап сөйлеп отыр еді. Сөйте тұра Хакімнің жүзіндегі құбылысты ол бірден байқап қалды.
— Менің адыр-бұдыр сөздеріме сіз құлақ қоймаңыз, мына інімді күлдіру үшін сөзді шоқпыт киімдей алба-жұлба етіп айтып отырмын. Сай-саласы көп қырдың адамдары да өзіне сай ойлы-қырлы келеді ғой„ оқығаны да, наданы да, молдасы да, қожасы да аралас. Соның бірі мына біз. Сіз мені «шырамытамын» дедіңіз бе? Не көп, мен сияқты қазақ көп. Солардың біреуімен шатастырып отырған шығарсыз, өйткені сізді керіп те отырғаным, дастарқандас болуым да осы бірінші рет. Және өмірімде керуен айдап көрген емеспін, — деді ол үнін де өзгертіп, сөзін де салмақтап сөйлеп.
— Ақметше Мұқаметшин деген кісіні сіз білетін шығарсыз? Мына қызыл нар соның нарларының тұқымы ғой.
— Ақметшені естуім бар, ол Тайпақ болысы, Алтеке ғой. Мен Қаратөбенікімін. Руым — Кете. Айттым ғой. Сіз біреумен шатастырып отырсыз. Оқасы жоқ, ондай-ондай бола береді. Қызыл нар дейсіз бе? Біздің арғы құм бетімізде, сонау Қызылқоға жақ тегісімен нарлы келеді. Нардың, әрине, қызылы да, қарасы да бар. «Шынымен шатастырып отырмын ба? Өзіне-өзі тым сенімді, ешбір күдік қалдырмай сөйлейді. Бұл қалай болды?» — деп ойлады Хакім, ілкі ойынан біржола безбесе де, солқылдақтау халде қалып.
Шайдың соңына Сүлеймен де келіп ілікті.
— Күшің, құдай біледі деп айтайын, отағасы, нардың күшінен де көп шығар, мұқым бір қолмен сүйреп кеттің-ау бүгін біздің паэтонды. Пай-пай, өзіңді біздің ІІІайдолламен күрестірер ме еді, шіркін, бүтін ел қарар еді қызығыңа. Шайдоллалар кескен томар сықылды да, ал, отағасы, сен бейне бір дәу терек секілдісің, кәдімгі төбесіне қарасаң бөркің түсерлік күжбан терек. Анау саған төменнен әкесіне жармасқан балаша қарар еді. Бірақ оның сандары ана қызыл нардың шонданындай, желкесі, кәдімгі өзінің қызыл бұқасының шүйдесіндей. Екеуің белдессең, тірі қызық сонда болар еді. Мына қол, мына тірсекпен өзің оны бір көтеруге бүркіттей-ақ бүріп кетер ең. Бірақ ол, белкүллі тарғыл мысықтай дік ете қалар еді, жығылмас еді, жығылмай қоймас та еді. Егерде Шайдолла көтеріп әкетсе мына дәу теректі, құдай біледі деп айтайын, жер солқылдамаса да, бір майысып кетер еді. Ол үйірген күнде не керек, мына тірсектер жерден көтерілмей тырылдатып бір ор қазып берер еді. Пай-пай, Құныскерей дегенің осындай екен ғой, мұны да кердік, — деді Сүлеймен алдына қойған шайды қолына да алмастан, есі кетіп сөйлеп.
— Тәйт, не оттап отырсың өзің! — Нарлы оған көзін жалт төңкеріп қарап жекіріп тастады. — Қайдағы Құныскерей, есінен танған тайлақша неме!
Сүлеймен жасып қалды. Ол соғып жібере ме деген адамша аңырын жылжып, сөзге кіріспей тыңдап отырған Кербезге таман ығысты.
— Шай ішіңіз, шай суып барады, — деді әйел, көре көзге жұрттың назарын басқа жаққа аударуға тырысып.
Бұл кезде Хакім кері шегініңкіреп отырып, портфелінен бір қалың дәптер суырып алып, соның шимайланған беттеріне көз қиығын сала бастап еді.
«...Ұзын бойлы, қапсағай қара кісі. Жасы қырықтың аз-маз үстінде. Сиректеу мұрты бар: сақалы ұзын иегіне қашып шыққан — шоқша сақал. Жалпақ емес, бірақ жұмыр, әлді дене. Түрі бір қараған кісіге қарақұс реңді: қасы, қабағы жабыңқы, қолдары ұзын және тарамыс тамырлы...»
Арғы жағын оқымай, ол дәптерді жаба салды да: «Ақиқат сол. Сол атышулы Құныскерейдің өзі» деп түйді іштей.
— Сен қайда жоғалып кеттің, Сүлеке? — деді Хакім. Бірақ ол Сүлейменнің: «Марқаның терісін сыпырып бердім» деген жауабына құлақ салмастан, нарлы жолаушыға бетін бұрып: — Құныскерей дегеннен есіме түсті-ау. Отағасы, қалай, ел іші тыныштық па? Ол батырдан не хабар бар? — деп сұрады немкеттілеу үнмен.
— Жаманат білінбейді... Батыр дегеніңіз кім? Айып болмаса айта отырыңыз, — деп, нарлы Сүлейменге меңзеген қатал үнін жұмсарта қойды. Оның түрі де кенет жай қалпына көшті, түйіле түскен қаһарлы қабақ қыртысынан арылып жүре берді.
— Сіздің жақта Құныскерейді батыр демей ме? Көргендер солай деп мақтайды ғой. Бірақ шын батыр адам елін, жерін тастап жыра-жықпылды бетке ұстап құм сағаламас болар еді. Мына өзіңіз құсап қасқиып жүрмес пе ел ішінде. Сірә, батыр деген ат ана сіздің жетектегі бозыңыз секілді босқа байланып жүрген шығар.
Хакімнің намысты шымырлатарлық ащы кекесіні көздеген жеріне дөп тиді ме, әлде көптен бері кеудеге сыймай келген қамығу зары ернектеп кетті ме, әйтеуір, қарауға қатал, қаны ішіне тартылған кәрлі жанның үні балқып шықты.
— Ел не демейді, кейде барды жасырып айтады, кейде жоқты асырып айтады. Батыр атанамын деп жүр дейсіз бе, ұядан айырылған безгелдектей шөке-шөкені паналап, суынған орынға қайта орала алмай жүрген бір пенде шығар, — деді ол өте бәсең, сыбырлай сөйлеп.
Хакім оның жаңа ғана жалт еткен шұңғылдау көздің түбіндегі жанарды буалдыр шалып өткенін байқап қалды.
— Рас, — деді прокурор, буынды бекітуге мұрша бермей ілесе жетектеп. — Айдалада ұрылған дауылпаздан үркіп, кейде әккі болған сары қауырсын қаз да көпке дейін көліне қона алмайды — қауырсыны қатпаған көгілдіріне орала алмайды, босқа қиқулап, босқа ойқастайды. Құныскерей де тап осындай ұясынан босқа безіп жүрген жан көрінеді. Көп жыл өтті, ескі жара жазылды, ескі әңгіме ұмытылды. Енді келіп кешірім сұраса — ұсынған басты қылыш кесе ме — ашылды түндік, қайнады қазан, орын от басында.
Ұзақ уақыт екеуі де кездесіп қалған кездерін айыра алмай тұрды да, аңырында нарлы жолаушы темен қарап:
— Мейманасы асып кеткен шығар, әйтпесе, елінің жағасы бүтін болуын тілейтін ездеріңіз сияқты азаматы барын білмей жүр дейсіз бе, — деп еді, Хакім тағы да іліп әкетті.
— Үкіметтің қолы ұзын, мейманасы асқанды бұғаулауға құрығы жетеді. Сонда да адасқанның алды жөн — өзі қайрылар, өз үйірін өзі табар деп жүруі хақ.
— Қайрылуға намыс жібермесе, не істейсіз. Басында егесіп қан төгіскен деседі жұрт. Ол бастамаған егесті, еруліге қарулы іс істепті-мыс. Адамның өмірі — құмырысқаның илеуі емес пе, бір рақымсыз аяң оны бұзып-тапап кетсе, оған назарын салмаса — құмырысқа да басқа жерге кешпей ме. Ол айтып отырған адамыңыздың елден шығып кетуіне осындай себептер итермелеген бе, қалай. Мен, әрине, естігенімді айтып отырмын. Мүмкін бұл олай да болмас. Ал, мәгәр осылай болса, намыс егеске ұрындырса, егес иін тіресерлік тентектік жолға сілтесе, бәрі бір емес пе — мың жасаған Сүлеймен де керде. Бүл жалғанның күзеген тайдың құйрығындай шолақ теріне біреу күндей күркіреп шығамын деп әлек болады, біреу жыланша жорғалап жетемін деп пұшайман, біреу боқ аударған қоңыздай жинап-теріп мехнаттанумен күні зая. Бәрінің де болар жері — тереңдігі кісі бойы қол ұсынымға жетер-жетпес қуыс.
— Алайда, өмірдің тері қаншама шолақ көрінсе де бірқыдыру жер. Оған адам адамша жетеді: алқалаған азаматтың ортасында, қатын мен баланың алдында құрметке бөленген ағалық, аталық салтпен аттанады алыс сапарға. Бөрідей жортақтап, күзендей бүгіліп жол тору — лайық емес алшаңдай басып жүретін азаматқа. Сіз оған бір табан болса да жақынсыз ғой, керсеңіз ауызша, көрмесеңіз тамыр-таныс арқылы сәлем айтыңыз: маған келсін, сөйлессін. Үкіметтен кешірім сұрасын, — деп Хакім орнынан түрегелді.
Ол: «Әңгіменің ұшы түйілді, бұдан кейін қалайда бір сыр берер, езі аяғымен келіп қаруын тапсырмаса да қазықты айналған арқандаулы аттай, төңіректеп бір соқпай кетпес. Сонан кейін арғы жағын тағы көрермін» деп ойлады.
Прокурордың жүруге ыңғайланғанын сезіп, нарлы жолаушы да ас қайырды, бірақ өзі терісін сыпырып мүшелеп тастаған бағланның етін қимады ма, әлде әзір асқа қарамауды әдепсіздік деп тапты ма, кім білсін, әйтеуір, Сүлеймен орнынан тұрмастан, Хакім мен жолаушыға алма-кезек жалтаңдай қалды.
— Әлгі қозы... қалай болды? — деп күбірледі.
— Мына бәйбішенің қазаны көтеріліп жатыр, мырза, бауыздалған бағлан бар, басын ұстап кетіңіз, — деді нарлы Хакімге.
Хакім қозының сойылып қалғанын білген де жоқ еді, оның үстіне бүл жерде ұзақ айналу оған келіссіз де көрінді.
— Біз жүреміз. Уақыт тар. Жол ұзақ. Жайласып отырып дастарқандасатын шақ алда. Әлі де талай көрісерміз. Сіз Қызылүйге соғасыз ғой? Келіңіз, біздің үйді табасыз ғой? Бәлкім, білетін де шығарсыз... — деп еді Хакім, оған жолаушы ойланбастан жауап қатты.
— Білемін. Дәм бұйырса, соғармыз да, — деді.
Жолаушы сыртқа ере шықты. Кешікпей ағайынды
Жүнісовтер арбаға отырды да, Сүлеймен қос қара көкті қара жолға салды.
— Келеді ол! Өзі келеді, көрерсің! — деді Хакім артына жиі қарап келе жатқан інісіне.
— Мен де келер деп ойлаймын. Бірақ... келмегені жақсы болар еді, — деді Әлібек төмен қарап.
Бұл сөздің шын мағынасын жүзінен іздегендей Хакім інісінің бетіне қадала қарады да, онан аяныш шырай тапты...
«Мұның балалық», — деді ол ішінен.
Ал, Жүнісовтерді шығарып салып, үйге қайта Kipген нарлы жолаушы: «Мына қу шырамытты, бұрын бір мәртебе көрсе де шырамытты. Оған да он жыл өтіп еді және мені іңір қараңғысында көріп еді. Өте қырағы жігіт екен. Сөзге де ұста, ақылға да жарлы жан емес. Қармақты қалай алысқа тастайды. Біздің үйді білесіз ғой, келіңіз! — дейді. Келгенде жарылқайтын болсаң...» — деді ішінен. Сөйтті де, ол әлденеге күдіктенгендей:
— Кербез, ay Кербез! — деп дауыстады екінші бөлмедегі әйелге.
— Сағындың ба, батыр!
Әйелдің назды сұрағына тура жауап қатпай, қара көлеңкелеу бұрышта шынтақтап жатқан күйі:
— Мен де жүремін, — деді ол, суық үнмен.
Балғын шақтан әлдеқашан әрілеп кеткен, бірақ
дәні толып кемеліне келіп, басын желге салмақпен иетін қобақан бидайдай, толықсыған әйел қылықты шыраймен ер келбетті еркекке жақындай түсті.
— Батыр, үн қатпайсың ғой, әлде... Әлгі әкім ойлаған ойыңды бөліп кетті ме? Әлде... Тынықсайшы, міне жастық.
— Жоқ. Жүремін. Әкімдер әрілеңкіресін.
— Оларды қайтесің... Әлде солардың ізін аңду үшін ғана келіп пе ең?
— Жоқ. Көлденең жүрген көк аттылының ізін аңдып не басыма ат теуіпті.
— Бәсе...
— Осы жаққа тарта беретін бір сиқыр бар...
— Ол қандай сиқыр?
— Бері кел!..
Ұзын қараның бақандай қолына әйел іліге кетті де, белінен орай ұстап өзіне қарай тартқанда, жас талдай иіле берді...
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Сол күні Жымпитыға ішкі ауыл жолымен де бір арбалы кетіп бара жатты, бірақ бұл — сонау Арқа беттегі елдерге соқпайтын, үлкен қара жолдың бойындағы қос қара көк ат жеккен салтанатты жолаушылардай емес, өгіз арбалы адам. Мұның да барар жері алыс. Бірақ жүрісі мардымсыз. Өгіздер ертеден бері ілбуін қыл елі өзгерткен жоқ. Әлі сол азар аяңымен аяқтарын шалыс басып, қыбыр-қыбыр адым санап келеді.
Қалқаны қисық қазақы арбаға көк шөпті баса салып, үстінде бір шынтақтап қожайын жатыр. Мүмкін, ол ертеден бері талай ұзын ойдың о шеті мен бұ шетін сан рет шарлап та шыққан шығар. Ал, тап қазір арбаның майда ырғағымен өгіздердің тасбақа қыбырынан әудемжер қиялы да шарықтамай қалған сияқты. Тысы оңған көнетоз к,ара бұйра бөркін күн жаң шекесіне салып қойып, өгіздерінің мүйізінен көз алмайды. Ырғалып теңселген жүріс мәдісін аңдып, мүйіздің буынын санайды. Түбі ақ қайызғақтанған оң қолдағы шаңырақ мүйіздің жылтыр ұшына ерлеген шығыршық саны кей¬де он, кейде он бірге жетеді. Көз жаңылды ада деп күдіктенген өгіз иесі мүйіз шығыршығын қайта санап, кайта есептейді. «Сары аланың шығыршығы он бір болу керек еді ғой, иә, он бір! Оның жасы он бірде, көкем қайтқан жылғы бұзау... Шолақ атты балшабайлар келетін жылғы!» деп күбірлейді. Сөйтеді де ол сол қолдағы өгізге көшеді... Оқта-текте жалқаулау үйірілген шыбыртқы мен зәрі жоқ соп-соп өгіздерді сәл ғана серпілте түседі: көзін арт жағына бейғам тастап қойып күйсеп келе жатқан сары ала өгіз бес-алты адым емпеңдей аттайды да, көзін қайтадан жұмып бәсең жүріс қалпына қайтадан түсе қалады.
Дала да осы шабан қимылға ұқсап жатыр: баяғы жалпақ күйінде, өмірі бір шағындалмайтын сияқты, әлдеқашан артта қалды деген «Ащысай» қырқасы әлі алыстаған жоқ. Ал алдыңғы жақтағы Сарыбоз — өмірі жеткізер емес. Бұлан қырқасымен ұштасқан күйі қиырдағы сағым толқынына оранып тұр.
Жалпақ дала өгіз аяң, талмалы теңселу жұмсақ шөп үстінде қисайған арба иесінің ойы мен денесін қоса тербетіп, әбден балбыратты да, арты қалың ұйқыға айналатын қалғу басталды. Ол көзін ашып қалып қайта жұмып, біраз уақыт шынтақтап жатқан күйі шыдап бақты да кешікпей ұйықтап кетті — алақаннан ығысып, басы шөпке жайланысты. Бірте-бірте дене до жазылып, жай тапқан сияқтанды. Жұмсақ қорылды тәтті ұйқы бар денені мықтап құшақтап алғандай болды...
Бөріксіз қалған шекесін күн қыздырып оятқан жігіт қанша уақыт өткенін, қай жерге келгенін шамалай алған жоқ. Ол тек үйреншікті жекіріспен қолдан түспеген шыбыртқысын үйіре түсті, бірақ қарасынға қарай асыға ұмтылған өгіздер онсыз да жақсы аяңдап келе жатыр еді. Аяңдамай бола ма: ұзын күнгі ыстық, таусылмайтын ұзақ жол шөліркеткен жануарлар жақындаған сайын құдық суының салқын ылғалын.» тұмсығын тұтас көмгендей сезіп еді.
Шаңырақ мүйіз сары ала бір-екі рет тіпті астау басына келгендей ұзын тілмен орай шүйіріп, қос танауды тазартып та алған еді. Үлкен жолдан бұрып ауылға еріксіз жетелеген де осы су иісі болатын.
Екі ағасы қос қара көк ат жеккен сәнді фаэтонмен кетіп бара жатқан қалаға өгіз арбамен жол шеккен бұл Жүнісовтердің ең кішісі Әділбек болатын. Ағалары Оралдан шықса, бұл елден шыққан еді.
Әділбек қапелімде ұйқылы көзімен, өгіздерінің қайда алып бара жатқанын, жолдан қашан бұрылып кеткенін аңғара алмады. Ол алды артына көзін уқалай қарап, Бұлан қырқасынан асқанын жонайттан құлап жатқан жолдың қара қоңыр бұрымына қарап білді, бірақ төніп келіп қалған ауылының кімдікі екенін танымады.
Кәрі сайтандар ауылға бұрған екен, шөлдеген ғой шамасы. Жарайды, құдық суына қандырып, бұларды суарып алайын. Өзімнің де таңдайым кеуіп қалыпты... Бұл кімнің ауылы екен? Екі отау, қос қараша үй қоршалған кім де болса дәулетті адамның үйі ғой. Бұл жерде бай бұландардан кім бар еді!..
Әділбек көп ойланбастан «дәуде болса кіші отау шығар» деп шамалаған үйге таяу келді де, өгіздерін тоқтатып, арбадан түсті. Өгіз арбалы қонақты елей қоймайтын әдет қой, мұның алдынан үйден шыққан, да, көлденеңнен көз тіккен адам да бола қойған жоқ, жалғыз-ақ шеткі қараша үй жақтан отауға қарай беттеген толық әйел арба жанында тұрған көзге қораш бала жігітті көре сала:
Мына ала өкпе тигірлеріңді кидірмелетіп қайда апарасың, үйге кіргізейін деп пе ең соншама? Әрмен, ана жаққа қарай әкет, төңіректі былғайсың! Жөн-жосықты білмейтін қандай көргенсіз неме едің, өзің! — деп киліге кетті.
Әйелдің жүзіне тіктеп қарады да, оның түтігіп тұрғанын көріп Әділбек үндемеді. Ол: «Көрінгенге тиісейін деп тұрған мынау бір қос үйді қоса қондырмайтын шайпы ауыз қатын екен. Үндемеген үйдей пәледен құтылады деген, бөтен ауылдың сыртында ұрсысып тұру ұят болар» деп ойлады. Әйелдің өзін де, сөзін де естімеген болып, ол басындағы бөркінің шаңын сілкіп қайта киді, еңкейіп қолымен нанке шалбарының балағын қақты, бешпетінің етегін желпіп-желпіп қойды. Мұның бұл «қылығына» жыны келген би бәйбіше (Әділбек оны «осы ауылды бір шыбықпен айдайтын ер мінез бәйбішесі шығар» деп ойлады):
— Сен айтқанды естіп тұрсың ба, естімей тұрсың ба? Әлде өгізіңнің басын кері қайыртып шыбыртқылатуды күтіп тұрсың ба? Ай, күйеу, үйдемісің, бері шық! — деп айқайлады әйел үйге қарап. Әділбек шыдамады.
— Бәйбіше, сырт қарауға көз тоқтатарлық ақ орда көрінгеннен кейін: жолаушы аялдар табақты ауыл екен деп бұрылып ем. Жаңылдым, айғайы мен қамшысын көтеріп қарсы алатын таяқты ауыл екенсіз. Өзіме шалап бермесеңіз де, өгізіме сыңар шелек суыңызды қиярсыз, қауға беріңіз, құдығыңыздан көлік суарайын, — деді.
— Мына тышқақ өгіз жеккен қарғадай неме, тіл мен жағына сүйеніп, тазша баладай тақылдайды ғой. Мен саған қауға әкеліп беретіндей кім едің өзің? Қара арбаға қос жорға жеккен мырзалардай, шіренеді-ай! Күйеу, а күйеу! Күйеу-ау, сен тірімісің, өлімісің? Шықсайшы бері, десеңші мынаған бірдеме!
— Тышқақ өгізді бұл жерде де жегетін көрінеді. Анау жатқан өгіз қамыт пен жармалы арба жорғаларға деген салтанатты жабдық болмас. Күйеу, күйеу деп қақылдайсыз, майлық орамал орнына жұмсайтын күшік күйеуіңіз бар-ау шамасы. Шықсын, шақырыңыз, шақырыңыз, — деді Әділбек өр кеуде әйелдің намысына тие сөйлеп.
Әйел бөгеліп қалды, ол үйден кешеуілдеп шыққан күйеу мен тістене сөйлеп, безере қалған Әділбекке кезек қарады. Бұрын-соңды ешкім қарсы кеп сөз айтпаған бәйбішеге отты жігіттің орынды сөзі найзадай тиді, ол түтіге түсті.
— Сендердің осы айқайлатпай орындарыңнан көтерілетін күндерің бар ма? — деп зекіді әйел, бар өшін «күйеуден» алайын деген адамша. — Өмірі қозғалмайсыңдар, аяқтарыңа қазандай қара тас байлап қойған адамша.
— Уа! — деді үйден шыққан кішкене кісі жіңішке дауыспен Әділбекке қарап. — Сен айналайын, Әділбекпісің? Қай жақтан жүрсің? Қайда барасың? Ел аман ба? Жеңеше, мынау кәдімгі Жүніс қажының баласы Әділбек!.. Біздің Әділбек! Бағанағы айтып отырған Хакімнің інісі, туған інісі, кіші інісі. Кәдімгі біздің пыркарол Хакімнің. Ой айналайын, бәсе, сөз саптауың құлағыма таныс адамның лебізіндей тиіп еді-ау. Жөкеңнің сөзі... ауған жоқ өзі... Ой, айналайын...
Әйел аңтарылып қалды. «Күйеудің» мына сөзі оған ұшық салғандай әсер етті.
— Шырағым-ау, күйеужан-ау? Құда бала дейсің бе? «Бері келіп кетші, тез шықшы» деп сені білгендей шақырған екенмін. Әйтпесе, танымасын сыйламас деп... Құда бала екенін білсем өзім де басқаша сөйлесер едім. Ім, бәсе, біздікіне танымайтын адам бұрылмаушы еді ғой, — деп саса бастады.
Кішкене күйеудің тілі одан әрі ағытыла түсті. Оның сөзі бейне бір көзі ашылған бұлақша сорғалады.
— Иә, иә, би-жеңгей, құда балаңыз! Құда бала болғанда нағыз шекесі тоқпақтай, анау-мынау емес, ортан қолдай құда балаңыз! Қажының аузынан түскен де қалған, қызыл тілдінің шешені! Оның үстіне өзі әрі әнші, әрі өлеңші, әрі балуан! Бір сырлы, сегіз қырлы жастың бірі! Білім қандай десеңізші. Қален ушетелден жеті жыл оңып шаруа мектебін бітірді. Ана екі ағасынан бұл асып түседі. Қара шаңырақта қалған бала осы. Басынан бақ, аузынан бал арылмаған бетке ұстар інілеріміз. Ана алдындағы ағасы үйленсін деп жүрмін. Әйтпесе Әділбекжанға қызды өзім таңдап, әлдеқашан өзім айттырамын ғой, — деді ол, Әділбек қыз көре жүргендей-ақ сөз аяғын үйленуге тіреп.
— А, ім! — деді әйел даусын көтере созып. Оның аса бір мағыналы пішін көрсеткендей, қабағы керіле қалды.
Тәкаппар бәйбішенің өр сөзіне ащы жауап қайырып: «Майлық орамал орнына жұмсайтын күшік күйеуіңіз бар-ау, шамасы» деген ағат сөзіне Әділбек енді қысылды. Осыны жуып-шайғандай ол:
— Рақа, үй ішіңіз аман-есен бе? Мен сіздің үйді бұл жерде деп ойлаған жоқ едім, кімнің ауылы болса да өгіздерімді суарайын деп бұрылып ем. Әйтпесе, бірден сіздің атыңызды атап, сіздікіне түсемін ғой, — деді.
— Оқасы жоқ, оқасы жоқ, қарағым. Үйге кір. Күн ыстық, шөлдеген шығарсың. Көлігіңді өзім жайғастырармын. Жүр, жүр, жеңгең де, кішкене інішегің де үйде. Жақсы келдің, қонақ болып қонып кетесің, — деді үй иесі Әділбекті қолынан жетектегендей үйіне қарай бейімдеп.
«Күшік күйеу деген сөзді естімеген шығар... естісе ұят-ақ болды» деп ойлады Әділбек тағы іркіліңкіреп.
— Күйеу, «інім» деп өзіңе қарай сүйреме, құда бала біздікіне түссін, жолы сол, — деді бәйбіше Әділбектің ойын бөліп.
Әйелдің кенет өзгеріле қалғанын Әділбек іштей жақсы көрді, өйткені, бұл ауыл уезд қол астындағы ең дәулетті адам Дабыл байдың ауылы еді, мынау тұрған Дабыл байдың не өз бәйбішесі, не інісінің әйелі болса керек. «Бұл құдіретті ауылдың бізді сырттан білгені өте дұрыс. Тәңір жарылқағыр Рақымғали не болса да келістіріп мақтап берді» деп ойлады да, алғашқы сөз өрінен Әділбек те жазыққа көше сөйледі.
— Құдағи, сіз де ғапу етерсіз, танымасын сыйламас менен де болды. Ал, аялдау билігі ағаның айтқанымен болсын. Өйткені, сіздің үйге арнап келіп, асықпай отыруды жөн көріп тұрмын. Және оның үстіне өзіңіз айтқандай, өгіз арбамен базар базарлап жүріп, сыйлы жерге жол-жөнекей соғу лайық та емес, — деді.
— Жөн-жөн, — деді әйел, үйіне түсіруге аса құлап ықылас білдіре қоймай, — аға мен жеңгенің үйі жастарға әрдайым ыстық келеді.
Әділбектің «Рақа» дегені әрі сөзшең, әрі пысық дөңгеленген жігіт Рақымғали дейтін жамағайыны болатын. Жиырма бірінші жылғы күйзелістен кейін бұл епті адам мыңғырған бай қайын атасының төңірегіне көшіп келіп, біржола орналасқан еді.
Әрі сөзшең, әрі ұршықша айналған зырылдауық Рақымғалидың үйге еңсесі енгеннен-ақ құлқы өзгеріліп жүре берді: молданың алдынан өткен балаша, оның аяқ басысы да жыбырлай қалды, үй сыртындағы салдырлаған үні де май жалаған баланың үніндей жұмсара түсті. Айбынды әкесінің алдында талай жанның бұйыққан торғайдай томсара қалатынын көріп өскен Әділбек бұл өзгерісті бірден байқады.
— Зейнеп, Зейнеп, қайның, кәдімгі Хакімнің інісі Әділбек деген қайның, — дей түсіп еді Рақымғали ақырын ғана, ал қазан жақта қолын білегіне дейін үлкен құмыраға көміп жіберіп май бұлғап жатқан Зейнеп оған:
— Бүтін ауылды басыңа көтеріп неге айқайладың соншама? Туған-туысқандарыңа айтарың ішіңе сыймай әуліктің бе әлде? — деді көзінің аласын көрсетіп.
Әйел өз жұмысымен бола берді.
— Жеңгей, сәламатсың ба? — деген Әділбекке де ол толық жауап қатпады, буалдыр жүзбен: «Шүкір!» деп ернін ғана жыбыр еткізді.
Төрге қарай өтіп, жалаң киіз үстіне малдасын құрған Әділбек сыпайыгершілік әдетті сақтап:
— Қоныс жайлы болсын! — деді.
Әйелінің жауап қайыра қоймайтынын күні бұрын білген қожайын, қоянға жүгірген әккі тазыша, көлденеңдей түсті.
— Айтсын, қарағым, — деді ақырындап, — отыр, жайласып отыр. Жеңгең шай қояды... Қолы босамай жатыр. Ал, көлігіңді мен өзім жайғастырармын.
Сөйтті де Рақымғали жас балаша еңбектеп жүріп, киіз үстінен бір-екі шөп қиқымын, төсектен ұшқан құстың жүнін алды да, уысына қысқан күйі түрегеліп есікке қарай жылжыды.
— Отыр, отыр қарағым, — деді ол тағы да артына жалт қарап, «соңымнан ілесе шыға ма» деп күдіктенген адамша.
Әділбек оның жүзінде шынында да бір «күдік» тәрізді мүләйім шырай барын байқап қалды.
Сәл отырғаннан кейін Әділбек май бұлғаған әйелге:
— Жеңгей, сіз мені танымай қалған шығарсыз, ауыл арасы шалғай болғаннан кейін, бұрын бірер рет қана көрген болуыңыз керек. Қалай, елді сағынған жоқсыз ба? Ата-ене, қайнаға, қайын інілеріңіз қатынасып тұратын болар. Біздің ел қалаға жиі қатынасады, жолдан амандық біліп кетуге ыңғайлы-ақ, — деп еді, бұған да әйел:
— Менің әке-шешем осында, — деп күрт жауап қатты.
«Мынау үйіне көлденең көк аттыны түсіріп көрмеген көргенсіз де, болмаса ерімен ренжісіп отырған әйел ғой» деп түйді Әділбек ішінен. Сонсоң ол қазан жаңқа ұстаған кішкене шиге, төрдегі қос жүк ағаштың үстіне жинаған киіз, кілем, көрпе, жастыққа, үйдің бау-шуына қарап «орташа ғана отау екен» деп топшылады. Түрулі іргеден бас жібімен матаулы екі өгізді құдықтан шелекпен суарып жатқан Рақымғалиді көрді. Өзіне сыры мәлім сары аланың бой бермей үш рет тартқан қауғаны бас алмастан бір өзі тауысып, енді ғана кері шегінгенін көріп оз сусыны қанғандай риза болды. Төңіректе құдық басындағы қыбырдан басқа не мал, не жан жоқ. Қос қараша үй мен екі отау, бір үлкен үй бірінен-бірі үркіп бесеуі бес жерде түр. Бір-бірімен ұрысып теріс қарап томсырайысып қалған сияқты. «Малыңа, атағыңа сөзім жоқ, бірақ ауылың ант берген адамның өңіндей ажарсыз екен, төңірегіне ит байласа тұрғысыз. Бәйбішесі бажылдай қарсы алып еді, мына — жеңгесымағымыз тортиып, адамға жылы лебіз білдірер сиқы жоқ. Рақаң мыналардың арасында неғылып дәті шыдап тұрады екен?.. Әлде күшік күйеу деген сөзді менің аузыма құдай түсіргендей «күшік күйеу» болып күн көріп жүр ме екен? Қалай болғанда да келісіп тұрған ештеме көрінбейді. Мына үйге отырып дұрыстап шай ішудің өзі қиынға соғар. Сол шайының өзі де әлі нышан көрсетер емес...»
Әділбек сыртқа шықты да, «шайға қарасам ба екен, әлде жүріп-ақ кетсем бе екен» деп екі ойлы болып құдық басына қарай жүрді.
— Уа, Әділбекжан, сен қайда барасың? Өгіздерің әбден қанды, қандыра суардым. Сен отыра берсең етті, неге шықтың үйден? — деп Рақымғали қайтадан ағытыла бастады. — Ту, өздері де бір сабанды бір өзі сүйрегендей шаңырақ мүйіз қалбауыр екен. Ана жылғы безінші казак-орыстардан алған өгіздер емес пе? Дегенмен, бала, өгіз арба жегіп жүруің аз-мұз келіспейді. Әлібек екеуің жорға мен жүйріктен түспейтін кездерің, оған сендердің қай жағынан алсаң да прабаларың бар екеуің де оқыған жігітсіңдер, екеуің де әдемі балаларсыңдар. Әулеттерің де құдайға шүкір. Оның үстіне Хакім болса анау — бүтін бір уездің аузымен құсын тістеген құдіретті әкімі. Хакімдер келе жатыр дегенде қазір Қожакелді мен Бұланың, Тоқсаба мен Олжа орысың, Датың, Ақберлің, Құлың, Бұғанай мен Жауқаштыны қоспағанда, Қынығың, Жаңа байбақтың — не керек әммәсі аяғынан тік тұратын болды. Сен қарағым, білмейсің, мен көріп жүрмін. Тап осы мына менің мыңғырған бай атам мен белгілі би қайнағам Бисенғалидың өзі Хакімнің тізгінін ұстауға дайын. Қайтесің, ішің білсін, бір сенің емес, бәріміздің ішіміз білсін.
Рақымғалидің бұл ұзақ сүресіне аса риза болмай үйден жабың қабақпен шыққан Әділбек қолына қауға шелекті алып, орталап су тартты да, шелегін шайқап тастады, екінші рет тартқан судан еңкейді де, аузымен мейір қандыра жұтып-жұтып жіберіп:
— Уһ — деді.
— Ойбай, қарағым, мұның не? Қазір шай ішесің ғой.
— Жоқ, Рақа, мен жүремін.
— Неге? Қой, қарағым, шай-су ішіп кетесің.
— Әуре болмаңыз.
— Түк әурелігі жоқ. Шай ішеміз, әңгімелесеміз. Және сені... құдашаңмен таныстырамын. Менің балдызым бар ғой, білесің бе? Зейнеп жеңгеңнің туған сіңлісі. Кемпір мен шалдың бал-кенжесі, жалғызы, қазір тек соның аузына ғана қарап отырған шаңырақ иесі...
Әділбек Рақымғалидың жүзіне тура қарап, оның ешбір қалтқысыз, шын ниетімен айтып тұрғанын сезді де, «Зейнептің сіңлісі болса, қырын жонбаған келсаптай дүңк ете қалатын бір томар шығар» деген сөзді айтып сала жаздап тіл үшін тістеп қалды.
— Жоқ, Рақа, мен жүремін... Сіз бір сөзіңізде: өгіз арба жегіп жүргенің ұят дедіңіз. Мен өгіз арба жегіп даладан машина ала бара жатырмын. Косилканы арқалап, фургонды өзім сүйреп қайтпаймын ғой. Өгіз жекті деген кісі маған қызын бермей-ақ қойсын, — деді ол кекесін үнмен.
— Ә, машина ала бара жатырсың ба? Онда өгіз жеккенің жөн. Әй, бәсе солай болар, қажекеңнің кенжесі тегін келе жатпаған шығар деп өзім де ойлап едім. Жарайды, Әділбекжан... жарайсың. Шаруаны дөңгелете бастаған екенсің, каселкі мен пургон алып қайтпақшы болсаң... Бірақ сен өгіз жекті деп қызын бермей қалмайды ешкім. Бергенде, ақ отауды ақбас атандарға артып, үйірлі жылқысымен қоса берер, — деп Рақымғали жымың ете қалды. — Біздің қайын атайдың қанша ақбас атаны барын білесің бе?
— Білгенде оны қайтпекшімін?
— Онда мән көп қой, қарағым-ау! Жылына екі жүз інген боталайды. Ақбас атанның саны ғана қазір мың жарым болды.
Әділбек Рақымғалидың бетіне таңдана қарап тұрды да:
— Жұрт қой мен жылқы жинайтын еді, бұл кісі атан жинайды екен. Соншама атанды қайда сыйғызады? Оған қыс қора мен шөп шақ келе ме?
— Бала екенсің ғой, қарағым, түйені қыс Үйшікке, Маңғыстауға айдаймыз, қысы жоқ құмды, сортаңды жылы бетте түйе күтім тілемейді. Жылқыны да Тайпақтан әрі аяққа қыстатамыз. Бейнеті көп қой мен сиырдың керегі не? Бала екенсің ғой өзің.
— Мың жарым атан! Көп екен!.. Жылқы да сондай ма? Рақымғали бас бармағын қысып қалып, оң қолының қалған төрт саусағын едірейте қойды.
— Төрт мың?
Рақымғали басын изеді.
Әділбек ойланып қалды. Бірақ оның тап сол минутте қиял аспанының аласа-биігін шамалау оңай да емес еді, өйткені жүзінде сыр шашар белгісі жоқ, өзінің қара-сұр өңі томсарған қалпында қалған. Бай атасының талай жанды тамсандырған жылқысының саны «Жүністің қарғадай баласына да әсер етпей ме?» деген жанша, Рақымғали байлықтың басқа жақтарын да қопсыта түсті.
— Бұған мыңға жуың қойды қосса бір-біреуі жүз қаралық қос күрең мен бурыл атты, жазғы, қысқы жайды, өлі жиһазды қосса, ауыз толтырып айтарлық дөңгелек дәулеттің қарасыны көз алдыңа келмей ме, Әділбекжан, ә? Бурыл атқа қыдыра жалды, қыл құйрық үзенгілесіп көрген жоқ, жүз қаралық емес-ау, екі жүз қаралық десең де өтірікші болмассың. Ал, қос күрең ше? Сен көрген жоқсың ғой оны, Әділбекжан! Сурет! Тура сурет! Сол қос күреңнің кішісі біздің балдызға арналған ат. Ұзатқанда қысырақтың үйірімен қоса береді. Алпыс атанға артқан ақ отаулы көшінің басы күзен күрең...
— Ал, Рақа, мен жүремін, — деді Әділбек өгіздерін арбаға қарай жетектеп.
— Ойбай, қарағым-ау, мұның қалай? Бұл болмады ғой... Менің ойым бүгін сені қондыру еді.
— Жоқ, жоқ, шаруа жайы қона-түстене жүруді көтермейді. Бүгін қалаға жетіп қонып, ертең базар аралап, арғы күні кері қайтамын ауылға.
— Ойбай, бұл болмады. Тоқта, тоқта, онда сен кайтарда соң. Соқпа, қонып кет. Қалайда қонып кет. Мен сені... — деп Рақымғали біреу естіп қалатындай-ақ Әділбектің құлағына сыбырлай бастады. — Балдызымды көрсетемін, бір жігітке жар боларлық... өзім келістіремін...
— Уақыт болса көрерміз, Рақа, сау болыңыз, — деді Әділбек өгізінің басын жолға қарай бұрып.
— Қалайда кел. Қонаға кел! — деді Рақымғали естілер-естілмес үнмен.
2
Біріне-бірі қайшы екі түрлі сезім Әділбектің ойын көпке шейін бір салаға түсірмей қойды. «Осындай да сараң жан болады екен, бір шай беруге де жарамады. Байдың қызы, байдың күйеуі дейді! Түу пәлекет! Қатынына дегенін істете алмаған еркекті де еркек дей ме екен?! Сөйлегенде судай ағады, десте берместен лекітеді бос сөзді және сөзінің тең жартысы мақтаныш! Бәрекелдіі Бос сөзді болсаң, Рақаңдай бол! Енді қайтып. бұл ауылдың маңайынан да жүрмеспін» деп кіжінді ол сары ала өгізді шыбыртқымен осып-осып жіберіп.
Арбасының салдырымен төңіректі тегіс дүрілдетіп біреу соңынан қуып келе жатқандай, өгіздерін кезек шыбыртқылап, манағы мал сорабымен ойысып келіп.. ол үлкен қара жолға түсті.
«Мұның бәрі де сараң келеді ғой өзі, қарап тұрсаң. Жомарт байды көргенім де. жоқ, естігенім де жоқ өмірде», — деді Әділбек ішінен, көпті көрген көне адамдарша аса бір маңғаз пішінмен. Оның кішкене күнінен үлкен кісілерше тамсанып қойып қабағын кере сөйлейтін әдеті бар еді. Қазірде сол әдетінше бүтін арбаның үстінде бір өзі әрең сыйып отырғандай екі қолын қомдаңқырай түсті. Сары ала «тағы да шыбыртқы көтере ме» деген қауіппен көзін жалт еткізіп қомдана қалған қожайынға бір тастап алып, емпеңдей қалды да, ізінше қайтадан ілкі сабырлы сары жүрісіне басты.
«...Қос күреңнің кішісі біздің балдыздың тақымына басқан тайы! Ұзатқанда қысырақтың үйірімен қоса береді! Алпыс атанға артқан аң отаулы көшінің басы күзен күрең» дейді әлгі суайт. Рас болса, рас та шығар. Мың жарым ақ бас атаны бар, төрт мың жылқысы, мың қойы бар бай жалғыз қызына қысырақтың үйірін айдатуы адам нанбас нәрсе де емес. Алпыс атанға артқан ақ отау,..» деп Әділбек басын шайқады. Неге екені белгісіз, оның ойына кішкене күніндегі Бекейдің айтқан бір ғажап әңгімесі келе қалды.
«Мына Қос обаның астында қазына бар екен. Алты құмыра алтын, жеті сандық күміс, қоржын-қоржын асыл мүлік не заман жер астында жатыпты ғой... Байлық бақытты жанға ғана кездеспей ме, Есенгелді батыр түн жорытып шаршап келе жатып, таң біліне атын қаңтара салып, шылбырын білегіне орап жантая түскен екен, сол замат ұйықтап кетіпті. Аз ұйықтады ма, көп ұйықтады ма кім білген. Бір кезде жер тарпып тұрған атының аяқ дүрсілінен оянып кетеді. Тұяғы тас жеміретін тұлпар қарап тұра алмай, жерді ошақ орнындай ойып тастаған екен, көзін уқалап, уқалап жіберіп, жан-жағына қараса ұшқан құс, жүгірген аң жоқ баяғы мидай дала, күн сәскелікке көтеріліп қалған. Атына қайтадан мінуге ыңғайланып, шылбырын жинай берсе, көзі от орнындай ойылып қалған жердегі қазыққа түседі. Кәдімгі қазық... Темір қазық. Қазықты суырып көрсе шұбатылған шынжыр ілеседі. Шығыршықтарын тат басса да шынжыр әрі ұзын, әрі берік, бірден қолға келе қоймайды. Есенгелді бір замат шынжырды тарта-тарта жер астынан суырып алса, әлгінің ұшында күміс үзеңгі. Үзеңгі тереңнен шығады. Не керек қазық, шынжыр, үзеңгінің тегін емес екенін біліп, қолына құрал-сайман алып қайта оралған Есенгелді сол жерді тегіс қопарып қазынаға қолы ілігеді... Мына Қос оба соның топырағынан пайда болған болар, Есенгелдінің байығаны сол қазынадан...»
Мұны Әділбек кішкене күнінен бастап осы кезге дейін Бекейдің аузынан әлденеше рет естіген-ді. Тіпті бұл әңгімені мектепте оқып жүрген кезінде өзі де талай балаларға айтып берген болатын. «Оба біткеннің асты қазынадан құр емес» дегенді ол кез келген жаннан ести беретін де және «мен де қазына табамын» деген ниетпен талай төмпешікті қара терге түсіп кетпенмен қопарып та көрген. Бұған көп уақыт өтті.
Бұл сағым сияқты алдамшы, тек қиял жемісі ғана боп балалық шақта көп заман көзге ілігіп қолға түспеген баю үміті, қазір неге көлбеңдей қалды? Әлде мына мыңғырған бай қызының отауы, үйірлі жылқысы желіктірді ме? Не екені белгісіз, сонау өріс беттегі қыбырлаған жалғыз ноқатқа қарап келе жатып Әділбек өзіне-өзі: «Алпыс атанға артқан ақ отау, алпыс атанға артқан ақ отау» дей берді. Бұл сөздер оның ойын бір кез аздап жұмсарта түскендей болды. Сараң жеңге мен бос сөзді ағайынның шай бере алмаған бишаралығын ол ұмытып та кетті. Соншама малға қызы мен күйеуі не болмаса, шал-кемпірдің оны бақылауға да шамасы келмейді ғой. «Рақаң жігіт — бас пайдасын біледі» деп қойды ол тағы да алыстағы жалғыз ноқатқа қарап.
Жалғыз ноқат бірте-бірте жақындай берді де, бір-екі шақырым жер жүргеннен кейін үлкен қара жолға қарай қырдан ойысып келе жатқан жаяу болып шықты. Жаяу өте қатты жүріп келеді. Тіпті ол «ә» дегенше-ақ жолаушыны сарғайтарлық сабырлы аяңмен келе жатқан өгіз арбалыны алқымдап қалды. Енді бір сәтте ол жаяудың құстай ұшып келе жатқан бала екенін де білді. «Бұл не қылған бала екен? Маңдай алды мұның да қалаға қарай тура тартылған? Менің арбама мінейін деп асығып келеді-ау шамасы!» деп ойлады да, баланы сынау үшін енді оған мойын бұрып қарамай, қалғып келе жатқан адам болып басын шұлғи қалды.
Көп ұзамай-ақ ол жаяудың арба соңынан жеткенін де сезді, «қалғып келе жатқан адамды» оятайын деген ниетпен баланың әлденеше рет тамағын кенегенін есітті, бірақ «қалғыған» күйінде шұлғуын бұрынғыдан да жиілете түсті. Аяқ суытуға асыға ұмтылған бала ақырындап арбаның артқы қалқанынан қос қолдап ұстап, он шақты саржан жер асылып көрді де, бұл күй онша жайлы болмағаннан кейін «не болса да көрермін» деген адамша мініп алып, жайласып отыра бастады. «Менен жасы үлкен болса да бойы шағын, өзі де әлі бала жігіт, ұрыса қоймас» деп ойлады жаяу жүріл, шаршап келе жатқан бала жолаушы. Оның шөп кіріп, шөңге қадалған табаны ет қызуымен білінбей келе жатыр еді, арбаға мініп, дене сәл суи бастаған кезде аяғының сыздағаны бірден-бірге біліне бастады.
— Тәйт! — деді Әділбек кенет артына жалт бұрылып. Бірақ оның шошытқанына жаяу жолаушы елең ете қалмады, қашаннан таныс адамдай бетіне қарап күлімсірей түсті.
— Нағашыңды жаңа көрдің бе, неге ыржиясың соншама? — деді Әділбек балаға сәл қатаң үнмен.
Бала оған да ығысқан жоқ. Шолақтау мұрнының екі етегі едірейіңкіреп, жүзіндегі күлкі шырайы молая берді.
— Көптен көрмеген нағашыңды көргендей неге ыржиясың деймін, мен саған, ұқтың ба?
— Неге ұқпайын... Өзім де сол нағашымды тезірек көруге асығып келемін. Аяғымды шөңге тіліп жүргізбеген соң арбаңа асылғаным...
— Ім, бәлкім, сол сағынған нағашы мен шығармын, әбден қарап алшы, ана өзінен-өзі ыржиып тұрған екі езуің құлағыңның сыртына дейін созылмас па екен.
— Ағатай, — деді бала ілкі күлімсіреген қалпымен, — мені түріме қарап қорашсынғанмен нағашымның кім екенін жақсы танимын. Неге ыржиясың деп бір емес екі айттың, өне бойы қабағым қатып жүруді құдай менің еншіме беріп қойып па? Қаладағы нағашыма барамын, нағашымнан да үлкен, әкім ағам бар, соның үйіне барамын... Солар көз алдыма елестеп қуанышым қойныма сыймай келеді. Ойлап қалма «қойшыдан ештеме шықпайды» деп, жас кезінде Сырым батыр да қой баққан...
— Уaha! — деді Әділбек баланың бетіне қадала қарап. — Сөзің де, өзің де тастай ғой, салған жерден қармаққа шапқан алабұғадай киіп бара жатырсың. Сырым батырдың қой баққанын қайдан білесің?
— Оны білмейтін адам бар ма?
Әділбек сәл ойланып қалды да, бұрын естімеген ел аңызының өзіне күмәндау жерін тез бүркеу үшін Сырымға енді қайтып соқпай, әңгімені баланың кім екенін білуге бұрды.
— Нағашыңның аты кім? Ағаң кім қаладағы?
— Нағашым аты Жолмұқан, әкім ағам — Хакім.
— Не дейсің, не дейсің? Қайта айтшы.
— Нағашымның аты Жолмұқан, әкім ағамның аты — Хакім Жүнісов. Менің нағашымды естімесең де, Хакім ағамды естіген шығарсың, оны бүтін уез біледі.
Әділбек күліп жіберді.
— Шын қойшы екенсің, бала. Нағыз қойшы осы мына сен сияқты өтірікші келеді. Және өтірік айтқанда көзін жұмып айтады, дөңгеленген таба нандай қызара пісіп тұрған беті бір бүлк етпей сөйлейді. Бірақ сен Сырым батырдай бола алмайсың. Өйткені, ол өмірінде өтірік айтып көрмеген кісі және өтірікшілерді мешітке кіріп кеткен иттей етіп қуалаған кісі.
— Менің өтірікші екенімді қайдан білдің?
— Оны білу онша қиын нәрсе емес. — Хакімнің өмірінде сендей інісі болып көрген жоқ, бүтін тұқымында сендей бала болып көрген жоқ.
— Ақа, сен де түк білмейсің. Хакім Жүніс қажының баласы, мен оның жақын ағайыны Бақы деген кісінің баласымын.
Шөп үстінде қисайып жатып сөйлескен Әділбек орнынан ұшып тұра келді.
— Бақының баласы? Атың кім сенің?
— Атым — Құрман.
— Қой әрі. Иә...
Пала оран жаңағы өзінің өгіз суарған Дабыл байдың аулынан қалай кеткенін баян етті.
Құрманның кеше кеште көрген қорлығы мен таңсәріде шеккен ызасы естен қалмас оқиға екен...
Өткен түнгі айқай...
Мал қотанға иіріліп, кешкі абыр-жұбыр сап бола бастаған шақ еді. Бисенғали күндегі әдетінше өз үйіне соқпай, төңірек бір жайлы болды-ау деген кезде үлкен үйге қарай аяңдады.
— Күннің қапалығы сонша — тілің таңдайыңа жабысып бара жатқан сияқты, — деді ол үйге кіріп, кебісін шешіп жатып.
Төрге таяу қалың ақ жүн бөстектің үстінде отырған үй иесі оған жауап қатқан жоқ, тек қана қоңыр ала шытпен тыстаған жастықты өзіне қарай икемдей түсіп, бір шынтақтай берді.
— Шайдың бітіп қалғанына бір жұмадай болды, базарға кісі жіберсең нетті, — деп күбірледі қазан жақта, қара көлеңкеде ербеңдеп әлденені қозғаған кемпір үні. — Жер майы да бітті.
Кемпірдің бұл күбірінен «қалайда шай алдыр!» деген бұйрық үн естілмеді, малдан келген інісіне де жауап қатпаған қожайын қисаюға икемдеген жастығын тағы бір қопсытып қойды. Қыбырсыз, үнсіз жым-жырт үйдің ішіндегі бұл кешкі әңгіме сан рет айтылып келе жатқан, өзгеріссіз үн, өзгеріссіз жай болатын. Күннің қапалығын «мәлімдеп» қою қызыл күрең шай дәметкен Бисенғалидың әлсіз үміті «шай бітті» деген кемпір бөгетіне кездескеніне бірнеше жұма өтіп те кеткен. Сонда да ол шағымын қойған жоқ-ты. Бүгін де сол үміт дүниесі үйреншікті тілекті құлақ қағыс етті.
— Молдажан, қымыз берейін бе, әлде айран ішесің бе? Қымыз да аса жағымды емес, саумалдау, — деді кемпір сол естілер-естілместей күбірмен. — Айран ашып тұр, қымыздан артық...
— Жүрегім қыжылдап жүр... сірә, ащы айран жақпады білем. Жатарда қымыздың өзі де жарықтың, майсыз арбадай дүрілдетеді, бүкіл асқазанның сорын қайнатып.
— Ағаңа әлдеқашан айттым: үн бітті деп.
Бір тілім болса да шайнамасы еріп жүретін шай болмағаннан кейін нан мен майдың бұл үйде қымызбен қосақтаса бермейтінін Бисенғали бастан-ақ білетін. Сондықтан Бисенғали тағдырдың бұйрығындай кемпірдің дегеніне мойын ұсынып, енді шаруа жайына көшті.
— Саяқтарды жылқыдан бөлдіріп, Шідерті бойына салдырдым. Жасаң екен, аз күнде белін көтеріп қалатын, — деп ол қымыз құйып жатқан кемпірге көз жіберді.
— Ім, — деді Дабыл тағы да жастығын қозғап қойып.
— Ана қосшысының шабынына... ау, ақырын, төктің, ақырын... — деп жалма-жан Бисенғали қара көлеңкеде қымыз ұсынған кемпірге қарай ұмтыла түсіп,. оның қолындағы тостағанды ұстай алды. — Шабынына түсуін түседі. Оны да көріп алармыз. Бүтін малдың аяғына тұсау сал дей алмас.
— Жә. — Өзі өте аз сөйлейтін, ал басқаның сөзін кебіне бір буынды ғана дыбыстармен мылқау жанша бас изеп мақұлдайтын ағасының бұл ежелден келе жатқан әдеті еді. Оның «ім» дегені «жарайды» деген қостау мағынасында болатын, ал екіншісін істеген ісіне сүйсінгенде інісіне ғана айтатын. «Жәсін» мұның Бисенғали «жақсы» деген мағынада ұғатын.
«Май мен наны мол қызыл шайдай болмағанымен, шіркін қымыз да тегін тамақ емес-ау езі! Тек жатарда аздап ішіңді қорқыратады» деді ішінен Бисенғали, бір тостаған қымызды дем алмай сіміріп жіберіп, сөйтті де:
— Жақсы екен. Саумал емес, нағыз ішетін қымыз. Қанбай қалдым, кәне, — деді ол аяғын қайта ұсынып.
— Жоқ, молда жігіт, саумал, шикі саумал болмаса мен айтамын ба, ащы болса ащы деймін ғой, — деп күбірледі кемпір бөгеліңкіреп. Бірақ ол «саумал» деген сөзді алға ұстап қайнысының «кәне тағы да құй!» деген талабына қарсы тұра алмады. Тостағанды қымызға қайта толтырды, — ашымай қалып жүрмегей...
— Ашиды, — деді Бисенғали батыл үнмен. Сөйтті де тостағанды алып жатып ағасына: «Қой десеңші мынаған» деген қоңыр қабақ тастап, — бос сөздің не керегі бар, қор сарықпайтыныңды менен басқа жұрт та жақсы біледі. Күнде-күнде осы үйдің қымызын жабылып ішіп жатқандай, — деп өкпе артты.
— Ім, — деді Дабыл, інісіне сенікі де жөн деген адамша, мақұлдаған жұмсақ үнмен.
Қара бәйбіше өзінің қоңыр даусымен сырттан сөйлей кіріп:
— Осы ауылды билеп-төстеуші сен емес, ана суайт күйеу шығар, сірә. Жітіге саяқ деп бұл суайтқа әлгі жарапазаншы Қалекеш келіп қосылған. Сен әлі күнге үлкен үйде отырсың ба? — деді.
Бисенғали қымызды көтере салды да, орнынан тұра бастады. Әйелінің тегін келмейтінін және өзін алдына салып кететінін жақсы білетін бұл әккі адам оған қарсы келмей болашақ пәленің басы болған Қалекешке азуын батыра сөйледі.
— Ол қу жақты тағы кім шақырып келді бұл жаққа? Баяғы «Қырық батырын» қақсап жатыр ма? Мен қазір тарқатайын, ерте тұратын жұртты түнімен ұйқы бермей мазалап, жұмысынан қалдырар әлі, — деп есікке қарай беттеді.
— «Қырық батыр?» Тапқан екенсің сен «Қырық батырды». Оны айтса сен оған жібек шапан жабарсың. Қу жақ сүйегі қурап қалған қу жақты қайта тірілтіп жатыр. Әй дейтін әже жоқ жерде — келін қожа, қой дейтін қожа жоқ жерде — күйеу қожа. «Хангерейді» қақсаттырып жатыр.
— «Хангерейді?» — деді Бисенғали төбесінен суық оу құйып жібергендей шошып. — Не дейді?!
— Тыңда, әне. Соның басына өлеңнен құран шығартып жатыр.
— Неге айдап шықпадың үйден... — деді де, әйелінен ұрсып тастай ма деп сескеніп, — жоқ, жоқ. Мен өзім берейін оның сыйын. Мен оның аяғын қайтып бұл баспайтын етейін! Мен ауылнайға Маймокиннің өзіне акт жасатайын, бандитті мақтап үгіт таратып жүргені үшін, — деп кіжінді Бисенғали үйден шығып бара жатып.
— Сенікі құр сөз. Аузың айтады, қолың істемейді. Әлдеқашан соны істейтін кісісің, — деп қыжыртты әйелі.
Бұл тындыра алмайды дегендей, ерінің артынан; әйел де домбыра тартып, өлең айтып жатқан Рақымғалидың отауына қарай жөнеді.
Отауда жыр қызығы жаңа қызып еді... Кене заманның әрідегі салт-санасын жырлап берген жыршыны, оның қоңыр үнді қос ішекті домбырасының тербенді сазын жұрт таң рауандағанша тыңдауға да бар. Әсіресе, сол тайпа елді оқтын-оқтын сүзіп өтетін Қалекеш жырауды ел-елдер ай қарағандай күтіп алатын. Жыраудың «Қырық батыры» қалың тыңдаушыға әлденеше кешке жететін азық-ты. Ал, сол кеш Дабылбайдың ауылына соққан бұл жез таңдай жанды басқа елдегідей қаумалай қалатын халың шамалы болды да, ол Рақымғалидың отауында отырып сөзуар үй иесімен, оның самарқау әйеліне шақтап «Хангерейдің халқымен қоштасқанын» айтып жатыр еді.
Үлкен үй әріректе болатын. Одан бері тігілген Бисенғалидің үйінен де Рақымғалидың отауы едәуір жерде еді. Өлең-жырмен жұмысы жоқ Дабылдың, оның кемпірі мен Бисенғалидың алыстығын пайдаланып өлең тыңдауға ең алдымен қойшылар келген-ді. Әсіресе, Қалекеш баулығандай домбыра үйреніп, өлең мен жырға үйір ете бастаған Құрман, қойшы Қалиды сүйрелей, апасы Қалиманы ертіп келген. Үй иесі Рақымғали бұларға бір жағынан аға сияқты іштей жақын болғандықтан, бұл үшеуі емін-еркін отырып, Құрман тіпті төрдегі Қалекештің оң жаң тізесіне таяу жерден орын алған еді. Бұлардан өзге де отауда екі-үш сауыншы әйелдер мен бір-екі малшы келіп, атақты ақынның өлер алдындағы жыры дейтін жырды егіле тыңдап қалған. Нағыз қызық жеріне келгенде, әдейі жұрт қолқасы сұғына түссін дегендей жыршы жырын үзіп тастап, домбырасымен болып кетті. Оның бар пернесін төрт саусақпен тез-тез сыпырып шығып, бас бармағын саға перненің алқымына қадап домбыра үніне құлағын тосты. Жұрт қыбыр етпестен бұл дүмбір үнді қосыла тыңдағандай тына қалды. Бірақ қаумалай түскен тыңдаушының жан құмары оның үніне емес, арнасына құйылған сөздің екпіні мен түйінінде шырмалып қалған сияқты, енді қалай толқыр екен дәл жырдың ауытқыр жағын аңдып, міз бақпай Қалекеш көзін төңкеріп тастап:
— ...Көл жағасындағы жалғыз қыстауда, қол-аяғы кісенді сабаздың терезеден қарап айтқаны:
Уа-а-а-а-а!
Қара атым түсіп қолыма
Бұрынғыдай желер ме?
Тағдырдың түні жеткенде
Болмай тұр қазір күлерге!
Жазған бір басым білмедім
Тап боларымды нелерге:
Бұрынғыдай алшаңдап
Енді болмас жүрерге,
Аға мен іні, құрбыны
Енді болмас көрерге
Тар лахатым қазулы
Жақындадым кемерге.
Арманым көп ішімде,
Келе алмадым кемелге.
Уа-а-а-а!
Нарқамыс неге шулайсың,
Қоштасар шағым жетті ме?
Думанды көлдің жағасы —
Жас дәуренім өтті ме?
Алқалаған әлеумет
Қасымнан ыдырап кетті ме?
Торға түскен ақынның
Басына дұшпан тепті ме?
Сырттан баққан жауыздар
Тас түбіме жетті ме?
Айға шапқан арыстан ем,
Қамалап мерт етті ме?
Жыршы тағы да көзін төңкере бір қарап алып: — ...Екі атты казак үйден атуға сыртқа алып шыққанда былай депті:
Айды бұлт құрсады,
Жерге нұрын шаша алмас!
Көлде құлар шулады —
Көгілдірі қаша алмас!
Екі қолым құрсаулы —
Қос пернені баса алмас.
Енді қайтып Хангерей
Шалқып судай таса алмас.
Енді қайтып Хангерей —
Халқының көңілін аша алмас.
Енді қайтып Хангерей —
Жардың мауқын баса алмас.
Енді қайтып сорлы ақын
Кемерінен аса алмас,
Енді қайтып жұртына
Жырдан меруерт шаша алмас.
Уа-а-а!
Шаша алмас енді Шаша алмас...
Уа, Қуанышкерей, қайдасың,
Еліме менің сәлем де —
Ата мен һәм анаға,
Аға,ініге сәлем де,
Сүйген жар һәм балаға.
Қара жерді құшақтап
Бауырың тұр жатқалы,
Екі жендет жетектеп
Алып келді атқалы,
Айтылды, міне соңғы сөз...
— Тарқат жынның ойнағын! — деген өктем айғай Бисенғали есіктен кірмей жатып үйді селк еткізгендей болды.
Уа-а-аІ
Қуанышкерей, қайдасың?
Еліме арнай сә.. де! —
деп үзіліп кетті жыршының толғауы. Не бары онға жетпейтін тыңдаушы үркердей шүлдіреп есікке қарай, сүзеген бұқадай басын тұқырта кіріп келе жатқан пәрменшінің өзіне қарсы лап берді. Онсыз да бет-бетімен бытырай жөнелген қойшылар мен сауыншыларды құдіретті қайнағасына жарамсақтана қалған Рақымғали қоса үркітті.
— Бар, барыңдар. Кім шақырды осы сендерді. Біреудің төбесі көрінсе болды, жемге жүгірген шабақтай, самсап толып кетесіңдер, түгі. Бағана айттым ғой мен сендерге, жыр да жоқ, қисса да жоқ деп. Қалекештің айтып отырғаны жыр емес, — дей беріп еді, оған Бисенғали жекіріп тастады.
— Жыр емес, жоқтау! Бұзықтың шығарған жоқтауы. Бір бұзықтың бір бұзыққа айтқанын, естімейсің. бе: Қуанышке-ре-й қайдасың» деп өңешін созып жатқанын! Бар пәле сенен! Сен осылардың басын қосып, төбеге шығарып жіберген!
— Жоқ, а, Бисе-ақа, жоқ. Мен емес. Мен қайтейін бұларды жинап. Менің өзім де үйге кіргенім осы. Шырмауықша оралып қайдан жинала қалғанын білмейсің — деп Рақымғали үйдегілерді енді қуалай бастады.
— Көсегең көгермегір нағыз аянышты жеріне келгенде үзіп жібергенін, — деп күңкілдеді бір әйел үйден шыға беріп.
Әйелдерге ере Қалима да, қойшы Қали да жөніне кетіп, бұл әңгімелердің бәрі басқаларға айтылғандай, жыршының қасына тізерлей отырған Құрман орнынан қозғалмады. Оның ойы: өзінің жыл құсындай күткен жыршысы Қалекеш бұрынғы әдетінше өлең-жырын бітірген соң бірге қайтып, түні бойы ертегі айтады ғой деп шамалап еді. Бірақ Бисенғалидың қаһары басқалардан гөрі оған ала бөле ауды.
— Әкеңе ас беріп жатқандай, төрдің төбесіне мініп сен де шалжия қалдың ба? Жөнел көзіме көрінбей! — доп төнді Құрманға бай ауылдың басты қожасы. — Қойшы-қолаңына дейін аузын ашып қалғанын қара бұлардың. Әлде ана Рақымғали ағам деп арқа таңып отырсың ба жұрттан бөлек?
— Әй, сен қайдан төрге шығып кеттің, а? — деп тіксіне түсті Рақымғали балаға, оның төрде отырғанын жаңа ғана көріп қалған адамша, — бар, бар, ұйықта.
Құрман Бисенғалидың жекіргеніне селт ете түскенімен, қапелімде орнынан тұра қашпады. Ол жырдың ең бір жақсы жеріне келгенде бұзған бұл қатын-балаға ғана қодыраңдап, қойшы мен жалшыға ғана жекіргіш, ал өз әйеліне бір ауыз тіл қата алмайтын Бисенғалиды жағадан ала түсуге де дүз жанбайтын халде еді. Бала төбетке айбат шеккен күшіктей орнынан едірейе тұра келді де, көзінің астымен Бисенғалиға сүзе қарап жыршының қолынан ұстай алды.
— Аға, жүріңіз. Кеттік, — деді ол булығып, — қатынның дегенімен жүретін адамнан не үміт, не қайыр.
Қалекеш үн қатпастан домбырасын таяна орнынан тұра келді де соқыр жанша, баланың жетектегеніне еріп жүре берді.
— Көрмейін мен енді қайтып мұндай жынның ойнағын! — деп салмақтады сөзін Бисенғали.
— Иә, Бисе-ақа, жемге жүгірген шабақтай самсап, өріп кеткенін, түге. Мен де байқамай қалғаным, — деген Рақымғалидың жылмағай сөзі оны демдей түскендей болды. Бірақ Бисенғали ыңғайға жығылғыш күйеуді онан әрі сөзбен құлақтап жатпады, тамағын қатты-қатты кенеп алып үйіне қарай аяңдады.
Азғантай ауылды басына көтерген бұл жекіріс пен жөтелге бергісіз тамақ кернеу Құрманның құлағынан түні бойы кетпеді.
— Аға, Бисенғали неге өшігеді, сізге жыр айтқызбай, — деп сұрады Құрман Қалекештен қараңғы үйде жататын жерін қолымен сипалай түсіп.
Жыршы оған ілесе жауап қайтармады. Сырттан кірген бойы кепке дейін оның қараңғыға көзі үйренбей жан-жағына қарманумен болды да, аздан кейін барып домбырасын керегеге сүйеді, қолтықтап кірген ерді төр жаққа көлденең салды. Тақымдығын қажай-қажай таралғы жырған жонаны астына төседі, сонсоң түйе жүн шекпенін шешіп қасына қойды да, қалтадан бармақтай насыбай шөлмегін алып, оның тығынын суырды. Үйреншікті қимылмен ақырын ғана, қараңғыда алақанына аздап насыбай түсірді. Оны ептеп шымшып қос бармағының ұшымен танауына кезек-кезек жеткізіп құшырлана иіскей бастады. Сәл уақыт шамырқанып, бой сергіткеннен соң, ол бір шынтақтап ерге қисайып жатып, ой тоқыраған соң ғана жауапқа әзірленді.
Құрман бұл кезде өзінің үйреншікті алашасының үстіне алдақашан етпетінен түсіп, қос қолдап иегін таянып асықпай жайланысқан жыршының лебізін бағып, аузынан шығар сөзді күтіп те жатыр еді. Үй іші шамсыз болса да, оның үйренген көзі Қалекештің жүзін анық көріп, тіпті оның сөйлер алдында аздап қабағын шыта түскенін де байқап қалды.
— Бисенғали сізге неге өшігеді дейсің бе, Құрмаш? Бисенғали маған өшікпейді. Жалғыз атты ел қыдырған жырауды қайтсын. Оның өшігетіні жыр. — Ол сәл бөгеле қалды. Сөйтті де тамағын жұмсақ кенеп алып, сөзін қайтадан бастады. — Ол жырдың да бәріне бірдей кәрін төкпейді, оның құлағына жақпайтын жаңағы «Хангерейдің өлімі», «Қарасай-Қазиді» мен өткен жылы кеп айттым. Оны осы Бисенғали да тыңдады бір жолы. Оған үндеген жоқ, қайта қостап көтермелеген жерлері де болды. Ал мына «Хангерейді» ол сонда да тыңдамай үйден шығып кеткен.
— Өзін мақтамаған соң жаратпайды, — деді Құрман етпеттей жылжып, жыршыға жақындай түсіп.
— ...Жоқ. Олай да емес, Құраш. Оның себебі тереңірек. — Тағы да аздап насыбай иіскелеп алды жыршы. Сонсоң қараңғыда балаға қарап, оның жүзінде не сыр барын болжамақ болып еді, бірақ ымырт шақтағы көгілдір көлеңке оған көзін жеткізбеді. — «Жігітке қиын сауда халыққа жақпақ, көңілін бай, жарлының бірдей таппақ» деген ежелден келе жатқан ескі жай бар, Құрмаш, — деп сыбырлап сөзін жалғастырды жыршы. — «Қақ жарған қара қылды болсаң-дағы, кетеді біреу мақтап, біреу боқтап» дейді оның аяғы. Сол сияқты Хангерейдей сөз жүйрігін Бисенғали сияқты ірі адамдар көре алмай жүрді. Себеп: Хангерей кеңес өкіметін жақтап көп өлең, жыр шығарды. Кешегі қойшы мен жалшыны мырзалармен тең көрді. Көбіне-көп оның өлең-жырлары жебір билер мен кеудесін керген байларға бөгелектей тиді. Өзі коммунист болған кедейшіл жыршыны көре алмаған дұшпандары«әй, сені ме!» деумен келді. Кешегі бір қысылшаң аштық, жалаңаштық жағадан алған күндерде банды деген пәле көп шықты. Жұт жеті ағайынды дегендей, сол бандының әлегі бәрінен де жаман тиді елге. Бұрынғы Жайық бойын тұтас билеген атты қазақтар бас көтеріп, өзі аш-жалаңаш елге шабуыл жасап әлектеді. Сондай бір топ қарулы казактар Ілбішіннен шығып Жымпиты қаласын шауып алуға аттанған. Мына Қамысты көл басына бір түнде бес жүзден астам казактар келіп жеткен. Бұлар таң ата Жымпиты қаласына бас салуға даярланған. Теңдік алған кедей жағы бұл жауды көріп бұға түсті де, ал кеңес өкіметінің тақымы тиген бай, мырзалар ауыл Советке, оның мүшелеріне тісін қайрай бастады. Осы жолда құрбан болғандардың бірі Хангерей ақын, Құрмаш. Хангерейді дұшпандардың көзеуімен қазақ жүздігі ұстап алып, соңынан үйін тінтсе, үйінен әскерше тіккен сұр бешпет-шалбары, қалтасында партиялық билеті табылыпты.
Түнде көл жағасындағы жалғыз үйге қамап, қасына қарауыл қойып, таң алдында қалаға аттанарда «бірінші құрбандық» деп казактар атып кеткен Хангерейді. Сол түні шығарған өлеңі деп Қуанышкерей ақынның айтқаны ғой әлгі. Осыны Хангерейге өшігіп Бисенғали айтқызбайды. Бұл Хангерейдің шығарғаны емес, Хангерей казактарға өзі барып кірді, сен соны ақтайсың, деп жала жабады Бисенғалилар. Міне, жырға өшігудің себебі осы, Құрмашжан.
Жырды да, әңгімені де ұйып тыңдаған бала, ұзақ уақыт ұйықтай алмай, ішінен бұзық Бисенғалиға тістеніп жатып, бір кез тыныштала қалды. Оны әлдилеп ұйықтатқандай бас жағында үңіліп отырған Қалекені жыршы да ерге басын сүйеді. Аздан кейін жұмсақ қорыл екеуін қымтап, бүркеп, күндізгі салыққан денені құндақтап жатқандай болды.
Таң сәрідегі айқай...
Бала ұйықтап жатты, ертеңгі әрі тәтті, әрі бейғам ұйқыда жатты.
Дала да жиегіне көз жетпейтін дария сияқты емес пе! Сол жалпақ сахараның мөлдір төсінде қалқып тұрған киіз үйлер де теңіз төріндегі желкендер тәрізді. Әсіресе, жаздың таңға жуық шақтарында көзге ертегі әлемі елестейді.
Ал, қара көк аспанның шығыс жаң жиегі құлан иектеніп, бозғыл тартқан сайын, ұйықтап жатқан бала да шамырқана түседі. Кемеліне келіп тынысы тояттаған дене салқын лепке жиырыла түсумен ғана жауап қатқандай. Салқын самал да үйге іркілместен құйылып жатыр: оны тоқтатар бүл үйде айнала ұстаған шиі де, ауыр киіз есік те жоқ.
Төр де жүксіз, жер де текеметсіз. Көне-тоз алашаның үстінде қой жүні шекпеннен өзге көзге ілігер нәрсе де жоқ. Бірақ басы бүктеулі шекпеннен темен сыр ып жастықсыз құр жерде қалған бала шайы көрпе, мамық төсекті жаннан бір де кем тыныстап жатқан жоқ. Қоңыр сазды бір рақат қорылдың құшағында жатыр.
Сыртта ақ бозғыл, үйде қара қоңыр тартқан таң сәрісі баладан өзге жыршының бейнесін де көзге іліктіріп келеді. Ол жоғары — нақ төрде: шапанын да, кебіс-мәсісін де шешпестен, ерге басын сүйей шынтақтап жатып ұйықтап қалған ба, қалай? Байқап қараған адамға оның иегіндегі шоқшалау біткен жирен сақалы демін қатты-қатты алған кезде селтең-селтең етіп кетеді. Жанында әр жерін қамырланған ала шұбар домбыра да шынтақтап тыныс алып жатқан сияқты: құлағы сағанаққа ілініп қалған күйі көлбей түскен, сірә оны түнде керегеге дұрыс сүйемей, сырылып барып қисайып қалғанға ұқсайды.
Жыршы да, домбыра да тыныстап жатыр. Даланың бұл егіз шежіресі сөзімен, үнімен қырды әлдилеу үшін туған ғой. Өткеннің ойлы сырын тербетіп қам көңілді жандардың қабағын жазғаннан артық не бар! Сол жыршыны күнімен, түнімен тыңдаса да қызық хикаяға осы бала бір қанған емес. Ертең тағы да бірі айтып, бірі тыңдауға бойға қуат жинап жатқандай еді...
Жыршы оянып кетті. Көзін ашпай тұрып ол әлденеге құлағын тосты. Үйге кіріп келе жатқан адамның табалдырықтан аттаған адымымен бірге оның жастықтан басы да көтерілді. Алакөлеңкеде үйге кірген Бисенғалидың сопақтау бейнесін ол бірден айырды.
«Байғұс бала, түнімен әңгіме тыңдап, таң алдына ғана көзі ілігіп еді, оята келді-ау», деп аяп, Қалекеш шырт ұйқыда жатқан Құрманға көз тастады.
— Тұр! — деген тікендей дауыспен бірге Бисенғалидың аяғы алашадан сырылып төмен түсіп кеткен баланың жердегі басына жетіп те қалды. Оң аяқтың ұшымен ысырып жіберген бас жыршыға келіп соғылды, бірақ қатты ұйқыда жатқан бала оянбастан аунап түскен жанша ыңырсыған бір дыбыспен ғана тынды.
— ...Сөзді сөйлеуді білесің, ерте оянуды білмейсің! — деп кіжінді оған Бисенғали, — тұр, атқа бар!
Екінші рет оқталған аяқ балаға жетпей, жыршының шынтағына тірелді. Қалекеш араға түсе қалды:
— Бисеке, мен айдап әкелейін аттарды, Құрмашқа тимеңіз, ұйықтай тұрсын...
— Сен қу жақ, жұртты жырыңмен ағуалауды азсынып, енді біреудің малшы-жалшысына да ара түспек болдың ба?
— Бала ғой, ұйықтай тұрсын дегенім. Әйтпесе ара түсіп қайтейін, Бисеке.
— Мен сені ауылнайға акты жасатып мелицияның қолына беремін.
Қалекеш үндемеді. Бисенғали жалма-жан баланың. сирағына жармасып, есікке сүйреді.
Ұйқылы көзбен бала не болғанын анық айыра алмай, Бисенғали ұстаған аяғын қатты-қатты серпіп жіберіп, қолымен жер тірей, басын көтеріп алды. Бірақ ол Бисенғалиды айқын көре алмай тұрған адамдай екі көзін білегімен ұқалап-ұқалап жіберіп қарады.
— Жыр тыңдауды білесің, ерте тұруды білмейсің, ә?! Даусын да, өзін де жаңа ғана танып, бала шошына жиырылып, кері жыршыға қарай шегінді. Бисенғали кимелей түсті.
— Сен кеше не дедің? Сенің тілің шыға бастаған екен. Қайта айтшы, кеше сен маған не дедің?
Тағы да көзін ұқалап-ұқалап жіберіп бала «осы не дейді?» деген сұраумен оған түйіле қарады.
— Мен саған айтып тұрмын, кеше сен не дедің? Қайта айтшы, не дедің?!
— Қашан? — деді бала кейін шегіне түсіп.
Ол қолымен сипалағандай, кейінгі жағында тұрған жыршыны іздеді де, екі көзін Бисенғалидан алмай, оның қолына барып қолы ілікті.
— Кеше, мына қу жақ жырауды қуған кезде, ана Рақымғалидің үйінде.
— Бізді таратқанда ма? — деп бала анықтай түсті..
— Иә, сендерді қуалағанда...
— Кешегі, кешегі сөзімді ме? — деді тағы да бала.
— Қазір айт сол кешегі сөзіңді. Не дедің маған? Сол айтқаныңды қазір айт.
— Қатынның дегенінен шыға алмаған адамнан не үміт, не қайыр дегенімді сұрайсың ба?
— Ә?
— Сол. Есіттің ғой, сол. Тағы да айтам жыр тыңдатпасаң, — деп бала екілене түсті. •
Бисенғалидың сілтеген жұдырығы баладан ауып, Қалекешке тиді, Құрман жалт беріп жыршының артына қарай тығылды.
— Бисеке, қойыңыз. Бала ғой. Баламен бала болу ұят емес пе, — деді жыршы жұдырық тиген қарын сипалай түсіп.
— Мен саған көрсетейін көрімді. Қара мұның тілінің удайын.
— Қалампырдан қорқатының өтірік пе, айтшы, — деді бала өжектеп, — Қалампыр қара қатын емес, қатын сөзімен жүретін сен қара қатын. Хангерейдің жырын айттырмайсың, өйткені ол сені:
Майлы борсық,
Келеді жортып,
Қатынынан қорқып,
Бисенғали қортық, —
деген. Сол үшін қастықпен тыңдатпайсың жырды.
Екінші рет Бисенғали балаға ұмтылғанда, ол айқай салып далаға шыға қашты.
Дабылдың ауылындағы сол күнгі таң сәрідегі айқай Құрманның қалаға қашуына себеп болып еді...
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Хакімнің үйінде сол күні бәрінің басы тегіс қосылды,.. «Сағат алтыдан қалмай кел... кешігіп қалма, қалайда кел!» деген Меңдіқыздың сөзін Гүлжиһан «..сол!» деп жорыды. Ол әйелдің «қалайда кел!» деп жазған өктем бұйрығын да өзінше жақсылыққа бейімдеді. «Ішке тартып жақыным деп есептегені, әйтпесе бұлай жазбас еді. Онда бұл қалай? Балалық шақ өткені ме? Бұл... бұл белгісіз арманның алды ма?» деп жыбырлады қыздың ерні.
Қыз жалма-жан жуынды да, айна алдына барып тарана бастады. Бірақ оның бірден-бірге молая түскен жүрек лүпілі бой бермей ойын да әлдеқайда сүйреді. Істеген ісін де тиянақтатпады, ол қолына қайта алып, сөз арасында жасырып қалған әлде бір сыр бардай-ақ записканы аударыстыра берді. «Сол! Сол Әлібек келеді... Қарсы алу керек... Сол үшін ғой Меңдіқыздың «қалайда кел» дегені. Бұрын көрмеген... тек сыртынан ғана білетін жанмен қалай көрісем. Қалай амандасам...»
Ақшыл жүзіне қоп-қою қызыл шырай жүгіргенін айнадан көре салды да, қыз теріс айналып кетті.
Бұл қыз Жүніс қажының тірі күнінде «сүйек жаңғыртып», Әлібекке атастырып қойған Ақметшенің Гүлжиһаны еді.
Білімді, әрі дәулетті әкесі Гүлжиһанды орысша, қазақша бірдей оқытып және оның үстіне жұмысына екі рет музыка сабағын беріп тұратын учитель жалдап қойған-ды. Өзі көрікті, өзі өнерлі және атақты адамның тәрбиелі қызын кішкене қаланың халқы тегіс танитын еді де, жастар жағы: «Гүлжиһан емес, Жиһанның гүлі, Иран бақ құсы» деп таңдай қағатын.
«Неге толғанам соншама, ол да осындағы көп оқушының бірі сияқты шығар!» — деп өзіне-өзі дем бергендей ширатыла түсті де қыз есікке қарай жүрді. — «Иә, иә, ол да осындағы оқушылардай шығар. Кім біледі... Жоқ алыстағы үлкен қалада оқып жүрген білімді және жұрт аузына ілінген Әлібек «жолында басым құрбан... сенсіз маған өмір жоқ...» деп хат жазып біздің қаланың күйіп-пісіп жүрген жастары сияқты болмас...»
Хакімнің үйіне қарай келе жатып Гүлжиһан бір кез Әлібектің пішінін оймен көз алдына келтіруге тырысты. Бірақ сонау бала кездегі керген бұлдыр бейне көз алдында көлденең тартыла бермеді, тіпті оның бойын да, өңін де, бет елібінің қандай екенін де анықтай алмады. Сонда да екі-үш кеше бойы оның ойына Әлібектен өзге еш нәрсе оралмай қойды.
— Қалқам-ау, елге қайтуға неге асықтың соншама? — деді Меңдіқыз оған есіктен кіре бергенде. Сөйтті де әйел қызды құшақтай төрге қарай жетектеді. — Сені кетейін деп жатыр дегенсін, ең болмаса біздікіне бір қонсын, қасымда болсын деп шақырдым. Үйде, өзің білесің, Хакім де жоқ. Алыстан күткен жолаушымыз да келген жоқ. Хакім сол інісін күтіп айналған шығар Текеде.
Қатты-қатты тулаған қыз жүрегі аздап орнына түсе бастағандай болды. Оған Хакімнің де, Әлібектің де келмегені үлкен тыныс сияқтанды. Сырласпаса да көріп жүрген Меңдіқызбен әңгімелесу оған енді аса қиын көрінбеді.
— Папам тез қайтсын деп ат-арба жіберіпті. «Қала шаң әрі ыстық, онда жүдеп қаласың. Ауыл қырға жаңа ғана шықты, дала жақсы демалуға» деп хат жазыпты. Қаршыға тіпті бүгін жүріп кетеміз деп асықтырып еді, мен болмай тоқтаттым. Жақын-жуық жандармен амандасып кетемін деп. Ертең ертемен жүреміз, — деді қыз. Сөйтті де ол еркелеген пішінмен Меңдіқыздың мойнына асыла түсті.
— Қаршыға ма ат-арба әкелген? Ол біздікіне неге келмеді? — деді Меңдіқыз қабағын шытып. — ...Қалаға сан келіп жүргенде есігімізден бір қараған жан емес. Әмәнде сырттап жүреді. Кімге тартқан өзі, жақынды жақын деп санамайтын?!
Меңдіқыз сөзі аса зәрлі болмаса да, қызға ілік сияқты көрінді.
— Қаршыға да, мен де жөн-жосықты шала білетін баламыз ғой, Меңдіқыз апа. Кіріп сәлем беріп шығу оның да ойына келмепті, менің де бұл жөнінде оған айтар ақылым әзір болмаған. Кешіріңіз, — деді қыз мүләйім пішінмен.
Мендіқыз оған қадала қарады, бірақ бұл қадала қарас кешірім беру емес, қыздың да, ұлдың да кінәсы жоқ, тек жақындық ниетті аша түсу үшін айтқан сөзді көңіліне алып қалды ма деп сынау еді. Қыз шынында да шыдамады:
— Шынымен ренжисіз бе? — деді Гүлжиһан да көзін алмай.
— Жоқ! Менің көзіме бүгін бұрынғыдан да өзгеше көрініп тұрсың... Бұрынғыдан да жақын көрініп тұрсың... Соның үшін қарадым, сұлуым, сұлуым! Ақ сүйрік! Бала қайың! Кішкене Жиһан.
Келіншек сүйсіне кеп қызды балаша құшақтап, маңдайынан өпті.
Жұқа ерінді ақшыл жүзіне қызыл шабдар шырай лып ете қалды да, қыз өңі бейне бір үлбіреген қырдың қызғалдағына ұсап кетті. Дене рас сүйрік — шайы көйлек оны онан да сүйріктендіргендей белін қынай түскен, ал құшақтай алған әйелдің қолы қыз мойнына орала қалғанда, оның ұзын қос бұрымының сол жақ өрмесі Меңдіқыздың кеудесіне құлады да төмен сырғып кетті.
— Сен, апа, мені кішкене Жиһан дейсің, кәне қай- сымыз үзын екенбіз? — деп ол ңатарласа ңалып еді, Меңдіңыздан ңыз көп сұңғаң көрінді.
— Бала емессің, бала емессің. Бой жеттің. Пістің. Алмасың, жемей жұтып қана қоятын алмасың, — деп әйел шайы көйлектің жоғарғы бүрмесіне көз тігіп еді, оның «бала емессің» деген сөзін дәлелдегендей өр кеудедегі үркіп тұрған қос алмаға көзі түсті. — Алмасың піскен алмасың, — деп жымиды әйел қызға шатты пішінмен.
Қыз бетіне қызыл шабдар шырай тағы да лып ете қалды. Әйел сөзіне іштей риза болса да, «бой жеттің» деген соз орынсыз көрінді.
— Иә, — деді әйел сөзді басқа жаққа бұрып, — ертең ертемен ауылға жүріп кетемін дейсің бе?
— Папамның бұйрығы солай.
— Сенің өз билігің өзіңде емес пе, мына сияқты бой жеткен, оқыған қызға папаң осы күнге дейін бұйыра ма?
— Папам мені бой жетті деп өмірде ойлаған емес.
— Дүниеде не болып жатқанын үйде отырып білетін папаң қызының өзіндей болып қалғанын байқамайтыны қызық екен.
Гүлжиһан сәл ойланып қалды.
— Мына сөзіңе түсінбей қалдым. Меңдіқыз апа, менің папам сондай адам ба?..
— Папаңның ақылды, білімді, парасатты, өмірде не бар, не жоғын өзгеден бұрын біліп отыратын адам екенін байқамай өсіп пе едің?
— Жоқ, сіздің сөзіңізде басқаша бір мағына бар сияқтанды, соған қарай сұрадым. Әйтпесе папамның надан кісі емес екенін білемін ғой. Бірақ сол надан болмағанын көп жұрт күндеп жүрмесе деймін.
— Жұрттың не дерін болжап қайтесің, қарағым.
— Өзің жаңа ғана айттың ғой, апа, «бәрін білетін папаң, қызының өзіндей болып қалғанын байқамағаны қызық», — деп. Соған қарап мен де әр нәрсені байқауым керек шығар деп ойлаймын.
Меңдіқыз күліп жіберді.
— Байқағаның жақсы және өзің әр нәрсені байқауға шамаң келіп қалғаны да жақсы көрініп тұр. Сонда да баланың әке-шешесін ойлауы сирек, әке мен ана көбірек ойлауға тиіс баласын. Өйткені тәрбиелеу, оқыту, өскен соң аяқтандыру солардың қамы ғой. Ал сен болсаң, Гүлжиһан, қазір нағыз сол әке-шешенің ең соңғы қамдайтын жасында трсың.
— Менің ойлағаным ол емес еді, апа. Сен сөзді басқа жаққа бұрдың. Жұрт менің папамды ауызға көбірек алады. Соған қарап, сіз де сондай пікірде емес пе деп күдіктенгенім.
— Жақын адам жақынын жақсы жағынан ғана ауызға алады, папаң да, сен де бізге алыс емессің...
Меңдіқыз Гүлжиһанның жүзінен сыр тартқандай өзгеріс іздеп, қыздың мөлдіреген қара көздерінде мүләйім қарасы барын байқап қалды. Бірақ бұл «мүләйім қарас» оған өзгеше өң, өзгеше бір сүйкімді, өзді алмай қарарлық тартымды шырай беріп тұрғандай болды.
— Бүгін көңілімнің қошы жоқ, апа, — дей салды қыз әйелдің сыр тарту үшін айтқан сөзін де, көзқарасын да түсіне қойып. — Жүрегім ұйтқи береді, әлде бір жамандық барын сезгендей.
— Қойшы, қарағым, қайдағы жоқты шығармай. Құдайға шүкір, төрт құбылаң бірдей Меке, көркің де, дәулетің де, білімің де біріне-бірі сай және оның үстіне мына менің қайным...
Қыз әйелдің аузын баса қойды, сөзін аяқтатпады.
— Дәулет... Сол дәулет қазір папама жамандықтың басы болғалы тұр.
— Неге?
— Солай, апа. Менің әр нәрсені аңғаратыным өзіме зиян болып жүр. Жүрегім сондықтан ұйтқиды.
— Қой, қарағым, бұл екеуіміздің ойлайтын нәрсеміз емес, — деп Меңдіқыз Гүлжиһанды терезенің алдына қарай жетектеді.
Бұл кезде Хакімнің үйіне қарай, көпірден тура тартқан шаңырақ мүйіз пар өгіз жеккен ағаш арбалы қақпаға төніп қалып еді. Меңдіқыз жалма-жан терезені ашып жіберді де:
— Кенже бала келіп қалды. Біздің кенже бала, Гүлжиһан, — деп айқайлап Әділбекті көрсетті. — Сен көрген жоқсың кенже баланы. Атамның сүт кенжесі.
— Мен кенже бала түгіл, Әлібектің де қандай екенін көз алдыма келтіре алмаймын.
Қыздың бұл сөзі аузынан еріксіз шығып кетті де, ол тары да қызара түсті.
— Әлібекті де, Әділбекті де енді өз көзімен көріп, өз аузыңмен тілдесетін боласың, амандық болса. Саған еремін деп қайнілерімнің аттарын атап қойдым, Гүлжиһан. Кенже бала атын атағанын естісе шатақ шығарады. Оның мінезі екі ағасының екеуінен де өзгеше, қазір көресің.
2
Өгізін туарып, лапас астына байлап, үйге үстін қарып-сілкіп, жайымен кірген Әділбек Гүлжиһанға көзін салмады. Меңдіқызбен ғана болып, оған елдің амандығын, үй ішінің сәлем айтқанын қысқаша баяндай салды да:
— Мынау жалпақ баланың кім екенін танисың ба, жеңеше? — деді де, сонсоң Меңдіқыздың жауабын күтпей жәй-мәністі өзі жеткізе бастады. — Біздің жақын ағайын Бақы деген кісінің баласы. Бұл да қайның. Оқуға кіремін деп Дабыл байдың қойын қорасымен аш бөріге тапсырып, осындағы нағашысы Жолмұқанды іздеп келе жатыр.
— Қойшы, кенже бала, рас айтасың ба? Аман ба, қарағым, — деп әйел баламен амандасып, — шынымен қойды қасқырға қудырдың ба? — деді таңданып.
— Жоқ. Әй, жеңеше-ай, бала екенсің ғой. «Қора толған қойымды аш бөріге тапсырдым» деп Қобыланды айтпай ма? Бұл да сондай батыр. Батыр болғанда «Сырым да қойшы екен, мен де қой бақтым. Енді Сырымдай боламын!» дейді. Мықты емес пе, қайның, ә?
Мендіқыз езу тартты да жалма-жан:
— Кенже бала, мына... — деп Гүлжиһанды көрсетіп, — баланы, қызды танисың ба? Танымайсың. Кім деп ойлайсың? Кімге ұқсайды? — деп сұрады күліп.
Әділбек Гүлжиһанға тесіле қарап алып:
— Қалада бой жеткен аз ба? Танымаймын. Бүгін мені жолда Дабыл байдың күйеуі, кәдімгі біздің Рақымғали: «Менің балдызым бар. Байдың сүт кенжесі, бой жетіп отыр» деп жымың-жымың етті. Сол, Рақаң айтқандай, біреудің бал кенжесі шығар бұл бой жеткен де, — деп тағы да Гүлжкһанға көзін тікті.
— Ой, кенже бала, кенже бала. Сөздің кесірін қара, «сүт кенже, бал кенже» дейді... Жарайды, өзім таныстырайын: көріс, Гүлжиһан... өзіміздің кәдімгі... жиен, — деді.
— Солай ма? Өзімнің кәдімгі сүт кенже жеңешем екен ғой, — деп Әділбек барып Гүлжиһанның қолын алды. — Аман-есен жүрсің бе? Ақаң дені сау ма?
Гүлжиһан бұрынғыдан әрі қызара түсті. Ол Әділбекке ақырын ғана:
— Сәләматсыз ба? — дей салды.
Меңдіқыз да қызарып кетті, бірақ ол сөзге ұста, мінезге тік қайнысының көрген жерден Гүлжиһанды ұялтып тастағанын жуып-шаймақшы болды.
— Гүлжиһан, сен көңіліңе алма, кенже баланың мінезі ашық ол көп нәрсені тұра бетке айтады. Жаңа айтып едім ғой, кенже баланың мінезі екі ағасының екеуінен де басқаша деп. Бірақ болғанынша ақкөңіл. Сөйлесе келе білесің. Ең алдымен сөзге ұста. Кенже баланы сөзден жеңе алмайсың. Оның айтқанын тек құптай бермесең, ол бой бермейді, — деді күліп.
— Меңдіқыз жеңеше, сөзіңе мен түсінбедім. Көңілге алғандай мен не айттым?
— Мені жеңеше десең ол құдай жазғандай. Ал, әлі өзіңдей жас Гүлжиһанды «жеңеше» деп ұялтуың аса тапқырлық емес.
— Менімше бұл әбден орынды. Жас, жас дейсің, жаңа айттым ғой, Рақымғали «балдызым бар» деп жымың қаққанын. Ол маған мұны құр «жымың» қағу үшін ғана айтқан жоқ. Саған айттырып беремін деп сыбырлады. Мен мұны орынды-ақ сөз деп білдім. Әлібектің де, менің де қатын алатыным өте даусыз нәрсе. Ал Гүлжиһанның менің жеңешем екені мұнан он екі жыл бұрын (Әділбек бетін сипады) «алла әкбармен» тамам болған. Құдекеңнің өзі мөрін басып, қолын қойған зат. Және сүт кенже жеңешем, өйткені мұнан кіші менде жеңге болмайды.
Меңдіқыз күліп жіберді. Ол шай әзірлеп жүріп те, оны құйып отырып та Әділбектің аузынан шыққан сөзге езу тартпай қалмады.
— Ой, кенже бала, кенже бала! — деумен болды.
«Көруге сүйкімді ғана қара торы. Бойлы болмаса да құйған қорғасындай шымыр жігіт екен. Әттең мінезі орға жығар шәлкес, оның үстіне жақсы сөзінен жаман сөзі көп және оны бетке айтатын бір ұялмас безбүйрек» деп сынады Гүлжиһан Әділбекті, оған жиі-жиі көз астымен қарап қойып. Бір кез оның ойына Әлібек те келіп өр мінезді інісімен қатарласа қалды. «Жоқ, оның мінезі мынаның мінезінен өзгеше шығар. Бойы да бойшаң, Меңдіқыздың сырттан сипаттауына қарағанда өңі де аққұба, көзі де үлкен және астананың ең жоғары саналатын мектебінде оқып жүрген студент. Оның ойы да, білімі де жұрттан жоғары» деп санады қыз алыстағы іштей күткен сақтаулысына шаң тигізбей. Аздан кейін Гүлжиһанға Әділбектің ел жайын шаруа жайын сөйлеген ожарлау әңгімелері өте көңілсіз тиді. Қыз Меңдіқызға:
— Мен қайтайын. Үйде Қаршыға күтіп отыр. Және абыстай да мені жоқтап үйге бір кіріп, бір шығумен болады, — деп рұқсат сұрады.
— Айнам-ау, енді шыныңмен елге жүріп кетесің бе? — деді Меңдіқыз оған ренжіген пішінмен қабағын шытып. — Ең болмаса бір күн кідірсең етті, Хакімдер де келіп қалар еді...
— Жоқ, жеңеше, — деп Гүлжиһан да балаша қабақ шытып, әйелдің мойнына асыла түсті.
Бірақ қыз әйелдің күні жетіп қалған ішін жаңа ғана көргендей мойнына салған қолын шапшаңдай кері тартып алды да, бетіне күле қарап:
— Сізге көп жүруге болмайды. Күні бойы тыным тапқан жоқсыз. Енді жатыңыз, — деді.
Сөйтті де ол тағы да бір жарамсыз сөз айтып салар дегендей Әділбекпен асыға қоштасып, есікке қарай жүрді. Ере шыққан Меңдіқызды баспалдақтан төмен түсірмей қыз бетінен сүйіп алды да:
— Шықпаңыз, шықпаңыз, — деп аптыға өзі балаша жүгіріп төмен түсті де, қолын бұлғап қақпадан шығып кетті.
Гүлжиһан қақпадан шығып үлгермей, оған қарсы Шолпан кіріп келе жатты. Гүлжиһанды ол бұрыннан танитын және оның Жүнісовтерге жиеншар екенін де жақсы білетін. Бірақ жүгіре шыққан қызды ол тоқтатып амандаспады, танымаған адам сияқтанды.
— Меңдіқыз, сен қайдағы әдемі қыздарды тауып аласың. Көрдің бе, тағы бір қыз шықты үйіңнен, — деді ол әзілдеген болып.
Бірақ оның бұл әзілінен Меңдіқыздың құлағына бір кекесін үн келгендей болды.
— Бізге жиен, Гүлжиһан ғой. Білмеген кісіше сұрайсың-ау, әдейі, — деді Меңдіқыз оны үйге қарай жетектеп. — Ауылдан кіші қайным Әділбек келді.
— Қойшы әрі? Әділбек, кішкене Әділбек пе? Қандай болыпты, үлкен жігіт болған шығар, — деді Шолпан жүре сөйлеп. — Мәссаған... Әділбек, аман ба айналайын. Ту, қара, бойы менімен бірдей. Су жағасынан шықпайтын кішкене Әділбек... Баяғыда Шұғылдың қара бурасын да алдаған Әділбек. Құдай-ау біз үлкеймей қайтейік. Қара.
Әділбек қол беріп еді, Шолпан оның қолын алмастан құшақтап тұрып бетінен қайта-қайта сүйді.
— Түу, қара! Құдай-ау, нағыз балуан болып өскен, екі иығына екі кісі мінгендей. Менің Әділбекті көрмегеніме қанша уақыт болғанын білесің бе, Меңдіқыз? Алты жыл. Тура алты жыл. Ойпырмай, қызық екен-ау өзі, кейінгі балалар өзіңмен бірдей болып қалған.
Үндемей күлімсіреп тұрған Әділбек, Шолпанның құшағынан босаған соң:
— Енді менің кезегім, Шолпеке, — деді.
— Иә — деп аңтарылып қалды. Шолпан, Әділбектің үлкен кісілерше жуан дауыспен сөйлегеніне қайран қалып.
— Шолпекең десем ренжімейсің ғой? Ренжімессің. Біздің ауылда Қалима дейтін кемпір күйеуін Мәмбет деп өз атымен атайды, ал Мәмбет Қалима шешейді Қалеке дейді...
— Иә, білемін... Оның бұл жерде не керегі болып қалды, Әділбек?
— Керегі сол, сен Шолпан дегеннен гөрі Шолпеке деуге лайықсың. Нағыз оқыған үлкен әкім әйел болыпсың. Сірә сіздің үйдегі отағасы өзіңді Шолпеке дейтін шығар да, ал ол кісіні сен,., аты қалай еді?
— Айтан.
— ...Сен Айтеке дейтін шығарсың.
Шолпан мен Меңдіқыз шегі қата күлді.
— Неге, неге олай дейсің, Әділбек?
— Сенің қасыңда ол отағасы Мәмбет сияқты шығар, шынашақтай болып: «Шолпеке, Шолпеке» деп жампаңдай қалатын болар, сірә. Ерінен әйелі мықты болса солай болады. Бұл көрініп тұр.
— Ой, Әділбек, Әділбек. Сені бұл сияқты ірі жігіт болады деп кім ойлаған, ірі сөз сөйлейді деп кім болжаған. Бірақ, Әділбекжан, сен шатастың. Менің отағасым менен де ірі... Лауазымы ғана ірі емес, бойы да, өзі де ірі адам. Мәмбет атай сияқты шынашақтай кісі емес. Көрерсің өзің де ол кісіні. Ал мен ол кісіні Айтан демеймін, Айтеке де демеймін, отағасы деймін. Есіттің бе?
— Ымм, мұның да жаны бар. Өзі мықты әйелдер ғана айта алады «отағасы» деп. «Отағасы» деген еркекке еркектің айтатын сөзі ғой. Айттым ғой бәсе! Айтаны не, отағасысы не — оның бәрібір. Әйтеуір сен онан ірі болып шықтың.
— қой, мынау сөзге десте берер бала емес. Ал, солай-ақ болсын, Әділбек. Кәне өзің келіншек алған жоқсың ба? Келіншегің қандай болар екен сенің? — деп күлді Шолпан, Әділбекке риза болған пішінмен.
Әділбек жауап іздеп жатпады.
— Біздің жақта ағасы қатын ала алмай соза берсе, келіншекті інісі бұрын алатын әдет те бар. Есіңде ме, Байназардың Атапкелі екі інісі үйленгеннен кейін әрең қатын алғаны.
Шолпанның үлкен кезі онан да бетер адырая қалды.
— Сен, Әділбек, ағаңды күтіп ұялғаннан үйленбей жүр екенсің ғой? Білдім, білдім, — деп күлді әйел. — Сенің жолыңды бөгеп жүрген Әлібек екен ғой. Келген соң айтайың, сен Әділбектің жолын бөгеме деп.
Әділбек әйелдің бетіне қарап отырды да:
— Шолпеке, сен бұрынғыдан да әдемі болып кетіпсің. Бұл менің нағыз шыным. Мен өтірік айту дегенді, көзге күлімдеу дегенді, біреуге жарамсақтану дегенді білмеймін. Бұл мінезімді мына Меңдіқыз жеңешем де айтар...
— Рас, рас, кенже бала өтірік айтуды білмейді, — деп. қостап қойды Меңдіқыз.
— ...Әдемі болып кетіпсің. Тіпті асқан сұлу деуге де болады. Ал, жаңа ғана осы үйден біздің Әлібектің қалыңдығы шығып кетті. Байқауым: өте сұлу, өте ақылды қыз. Бірақ өзіңдей емес, басқарақ. Өзіңдей емес дегенге бұрыс түсінбе: шаруаның шой табаны болатын кісі емес дегенім. Тек қалалы жерде жұмыс істетпей, күнге тигізбей қоятын кісі. Әлібекке құдай қосқандай. Ол да мен сияқты отын мен суға бірдей емес, шылтиған бірдеме. Әуелден сондай еді. Жаңағы өзің айтқан Шұғылдың бурасы қуғанда есі шығып кетіп, үш күн тілсіз қалған. Есіңде шығар... Бірақ жаңағы қыз піскен қыз. Енді Әлібек тағы бір-екі жыл елге келмей бұйданы соза берсе, бұл қыз да жөнін табады. Қартайған кемпірді мен де келінсіз отырғыза алмаймын. Байназардың Атапкелінің кебі Әлібектің басына келеді.
Екі әйел тағы да қосыла күлді. Бірақ сәлден кейін Шолпан күлкіні қойып, өзінің сазарған ойлы пішініне көшті. «Әлгі қыз сенен де сұлу дегені ме Әділбектің...» деп ойлады Шолпан. Қалада көп жұрттың аузына ілігіп жүрген Шолпанның бұл сөзді іші жаратпай қалды. «Көзі бақырайған. Баяғы Зағипа сияқты талдырмаш, қатпа қыз» деп қойды ішінен Гүлжиһанды сынап.
Бірақ Әділбектің ашық, тік айтатын өткір мінезі, ауыл жігіттерінің әзілқой сөзуарлығы елден аулақ кетпеген Шолпанға қатты ұнады. Ол ауылдың кемпірі мен шалына дейін, өзі барда туған жас балаларға дейін сұрады. Әділбектің шешесінің қартайғанын әңгіме етті.
— Шешем мені ұмытқан жоқ шығар, Әділбек, ә? Әлде үлкейген соң есінде қалмадық па екен. Қала қаншама қызықты болса да, ауылды сағындым. Аңқатыға жағалық ойнап, ерте де, кеш те суға түсетін кездер есімнен шықпайды, — деді әйел мұңайғандай пішінмен.
— Сарыны сағынған жоқсың ба? — деді Әділбек Шолпанға көзін тігіп... — Сарымен екеуміз құрдаспыз ғой: ол да мендей, менен ірірек қазір.
Шолпан қып-қызыл болып кетті. Жастай атастырған кішкене қайнысын баласынып тастап кеткені баста орынды көрінсе де, бері келе аяныш сияқты бір сезім оның жүрегін ұйтқытып, оқтын-оқтын «еһ!» дегізетін. Әсіресе, бұл «еһ деп қалатын байқаусыз өкініші анасындай болып қалған Күміс кемпір ойға түскенде қаттырақ шығатын еді. Ал Әділбектің мына сөзі бір жағынан әйелге: «Біз де өстік, біз де бір әйелге ие боларлық халге жеттік, ал сенің Сарыны баласынғанда тапқаның қандай?!» деген найзадай тиетін орынды ілік боп көрінсе, екінші жағынан Шолпанның елді сағынатынын, оның ішінде өзінің тастап кеткен бақытсыз үй-ішін ұмытпайтынын біліп айтқандай ауыр тиді. Меңдіқыз Шолпанның қысылып қалғанын көре сала қайнысына қабағын түйіп:
— Кенже бала, сен әзіл мен әзіл еместің айырмасын байқамай көңілге ауыр тиетін нәрсені айтып қалатын әдетті қашан тастар екенсің, — деді.
Сәл уақыт үшеуі де үндемей қалды да, екі құлағы далада тұрған Меңдіқыз:
— Хакімдер келді, кенже бала, қақпаға келіп тірелді, есіттің бе арбаның дыбысын, — деп есікке қарай ұмтылды.
Меңдіқыз әңгіме бөлініп кеткеніне қатты қуанды. Ал, жауап таба алмай қалған Шолпан:
— Ай, Әділбек-ай... Мен сені мұндай деп ойлаған жоқ едім, — деп басын шайқай берді.
3
Шолпанның жүрегі, бейнебір кенеттен кесек толқытқан су беті сияқты, сол күн, сол сағат, сол минуттен бастап ұйтқи түсті. Бұған Әділбектің сөзінен басқа, тағы бір көлденеңнен киліккен құйын сезім себеп болды.
Хакім мен Сүлейменге бас изеп қана амандасып, Меңдіқыз бен Шолпан алыстан келген Әлібекті құшақтауға ұмтылды...
Қуанышты жаспен қарсы алатын да бір шақ бар. Ол күйініштен ытқып шыққан ыстық жасы емес. Көзден еріксіз домалап кететін, зәмзәм суындай бір ақық моншақтар.
Көп жыл көрмеген Әлібекті балаша құшақтап сүйген көңілі бос, пейлі кіршіксіз Меңдіқыздың ұдайы жұмсақ нұр шашып тұратын көздерінен де сол ақық моншақтар тіпті мол домалап кетті. Ол Әлібекпен әбден мауқын басып көрісіп болғаннан кейін де күліп жүріп жылаумен болды. Үй ішіндегі басқа жандардың қалай көріскенімен оның шаруасы болған жоқ. Ол тек қайта-қайта Әлібекке қарап алып, теріс айналып күле берді, күліп жүріп көзін сүрткіштей берді. Ал жеңгесін әзілдей аймалап:
— Қаратаудың басынан көштер келді... көштер келді... Қара кезден мөлтілдеп жастар келді, — деп оны иықтан қаққан Әлібекті:
— Ал, енді менімен керіспейсің бе... — деп құшақтай алған Шолпаннан шошып кеткендей жас жігіт кілт тұрып қалды.
Әйел оның бетін қос алақанымен ұстай алып, сүю ниетімен ерніне тақай түсіп еді, көздері мен көздері ұшыраса қалды да, қолын жалма-жан қоя берді. Әлібек таң қалғандай, оның сұп-сұлу мұрнын, бүрілген еріндерін, өзгеше көрініп кеткен тамағын, онан да төмен, қалаша киінген жағасы ашық көйлектен сыртқа теуіп тұрған көкірегін көзбен қыдырыстап кетті. Сонсоң неге екені белгісіз көзін қайтадан жоғары көтеріп барып, бірақ Шолпанның отты жанарынан көріне көздерін аулақ алып қашты. Ол әйелдің шашына бақты. Баяғы елде жүргендегі жыланша оралған ұзын шашы әлдене бір сиқырлы шүйкедей, төбеге барып түйіліп қалыпты. Шаштың ығысып барып жоғары қонған мойнын да, бойын да көре көзге сұңғақ етіп жіберген және бұрынғы дөңгелек көрінетін бет сәл сопая түскен сияқты. Оның үстіне бұрынғы қара қоңыр жүзі қазір бидай өңге айналған. Бәрінен бұрын Әлібекке аса эсер еткені: ұзын көйлекті, ұзын шашты, өткір жүзді бұрынғы шаруа Шолпан емес, оның көз алдында өзгеше сымбатты, ойлы жүзді, тек қарай беру үшін ғана қарсы алдынан шыға келген, қаса сұлу әйел, қаланың томаға көзді қызметкері Шолпаны тұр... Әлібек тағзым еткендей, бұл өзгеріп кеткен жанға дыбыссыз түрде бас иіп қана амандасты да жалма-жан інісіне бұрылып кетті. Ол Әділбекті иығынан ұстай алып, бұрынғы бала кездегі шайқап-шайқап қоятын әдетімен құшақтап жатып, Шолпанның ақырын ғана күрсінгенін құлағы шалып қалды. Бірақ ол екінші қайтып әйелге бұрыла алмады. Оған ашық тіл қатып еш нәрсе айта алмады. Бұл қас пен көздің арасында тап болған түсініксіз көз алып қашу Шолпан кеткенше созылды. Ол жүзін, көзім түсіп кетсе сыр беріп алармын деген адамша алып қашты әйелден.
Ал Шолпанның жүзін кенет бір мұңды пішін жапты. Оның ойынан Әділбектің жоқ жерден көз алдына алып келген Сарысы кетпеді, Күміс кемпір елестеді. Мұнан он жыл бұрынғы ыстық құмарлықпен Хакімнің сыртынан құшақ жайғаны көрген түстей қайта оралып бәрі араласып, ойын онға бөлді де кетті. Ол өте-мөте ұялшақ жүзді Әлібектің мұның бетіне тура қарай алмай, іштей әлде не ойдың құшағында отырғанын да сезді. Бірақ көп жыл бойы көрмеген Әлібекті бірден әзіл әңгімеге араластыруға да, алыс жердің мән-жайын сұрап білуге де жөн көрмеді.
— Меңдіқыз, жолаушыларың аман келді, қуанышың молайды. Көптен көрмеген Әлібек пен Әділбекті көріп менің де төбем көкке жетті. Отағасым іздеп жатқан шығар, мен енді кетейін, — деді.
Сөйтіп, жүрегі әлденеге алас ұрған Шолпан үйден тез шығып кетті. Жүнісовтер кешті өздері ғана болып оңаша өткізді.
4
— Ах, ең болмаса бір күн кідірсемші, — деді қыз ішінен.
Бірақ Гүлжиһанның бұл ішінен өзіне ғана айтқан сөзі еріксіз қатты шығып кетті — қатарында отырған ағасының құлағына шалынып қалды. Алайда ағасы оны елең қылған жоқ, өйткені ол жұрттың ой-пікірін қадағалайтын жан емес-ті, өз бетімен жүретін, еш адаммен шешіле сөйлеспейтін, сұрамаса жауап та қатпайтын тұйық жігіт болатын. Қазір де қарындасының: «Ах, тағы да бір күн кідірсемші!» деген өкінішіне түсінбей қалған адамша жүзіне аңтарыла бір қарап қойып, керіп ұстап келе жатқан делбесін бұрынғыдан да кере түсті.
«...Көрген түстей өтті де кетті аз уақыт! Аз уақыт! Неге адам жасқаншақ болады екен? Неге ұялшақ болады екен? Бір күн кідіріп, көрісіп, ең болмаса бір ауыз тәтті лебіз тата алмадым-ау Әлібектің аузынан. Көре алмай кеттім. Көргенім тек қана ана шақпақ қара Әділбек. Қандай жан ойындағысын бетке айтатын! Сол үйдің ішіндегі батыры да, батылы да сол. Қалай-қалай сөйлейді, дүниеде бір жүз жыл жасаған қариядай... Ах, тағы бір күн кідірсемші. Әлібек қашан келер? Меңдіқыз уәдесінен шықса кешікпес, жіберер. Бірақ кім біледі, дүниеде не көп, себеп көп, сөз көп... деп күбірледі қыз, ағасының сөзге аса мән бермейтінін біле тұрса да ақырын сөйлеп.
Гүлжиһан кері бұрылып пәуескенің артқы кішкене терезесінен кейін қалып бара жатқан қалаға көз жіберді. Жүрдек ат, жайлы пәуеске ұзын жолды жеміріп жеп ұшына шығуға жанталасқандай ұшып келеді екен. Қала көрер кезге алыстап бара жатыр. Қыз көзімен ат тағасындай болып ашаланған қаланы бір сүзіп еткенше пәуеске Күзенбел қырқаның арғы бауырына түсіп кетті де, кеп үйлер тоғытқан қойдай бел астына топырлап түсіп бара жатты. Аздан кейін ақ шіркеудің күмбезінен жоғары сары ала буындары күн кезіне шағылысып, ноғай мешітінің көкке қадалған істік мұнарасы ғана көз тоқыратты.
Мешіт... Мешіт түбіндегі абыстайдың кірсіз, шаңсыз аппақ үйі, қоңыр салқын бөлмелері, кешкі ымырт кезіндегі күмбірлей құйылған қоңыр үн Гүлжиһанның құлағына анық естіліп тұрғандай болды.
«Неге тулайсың, тынымсыз жүрек? Не іздейсің, жүйрік көңіл? Неге қарайлатады артқа ұшқыр қиял! Нең қалды анау шаң басқан кішкене қалада?,. Кім қалды кейінде? Кейінде: көптен бергі көз алдынан кетпеген жұмбақ жас! Ақ құба, сұлу жас! Алыстағы астанада оқып жүрген өзгеден озық сүйікті жан! Арман еткен... жар!» Қыз селк ете түсті. «...Жар!» деген сөз оны қалың бір тұманнан суырып алғандай болды. Ол айналаға қадала қарады. Жарқыраған ертеңгі шақ! Дала нұрға бөленіп тұрғандай. Аспан да өзгеше ашық! Тұп-тұнық, теп-терең! Зеңгір көк аспан! Жол иреңдеп, түйіні жазылған жіптей ағылып жатыр. Ал жол жанындағы шөкелер секіріп ырғып, балқурайлар кейінге қарай би билеп кетіп бара жатқан сияқты. Алысырақтағы теңселген бидайық ығысып, төңкеріліп, кілемін бір бүктеп, бір жайғандай құбыла түскен. Өңі далап, өзгеше далап! Қыз көңіліне арман құйған ұзын жол. Алысқа сүйреген күймелі арба! Тынымсыз сырғыған дөңгелек!
«Ех, бір күн кідірсемші!..»
Доктордың кеңесімен Меңдіқыз күнде ертемен су жағасына қыдырып қайтатын. Бүгін де ертеңгі таза ауаны мейлінше жұтып, кері оралғанда жүріп бара жатқан Гүлжиһанды көріп, атүсті қоштасып қана қалды. Бір күнге қыз да қала алмады. Қалуға оның қасындағы Қаршыға да көнбеді... Көндіре алмай көпірден өткізіп қана шығарып салған Меңдіқыз да: «Қап, қалайша тоқтата алмадым бір күнге Гүлжиһанды?! Неге босаң сөйлестім; «жібермеймін, тағы да бірер күн боласың» деп неге айтпадым?! Әлібек пен екеуің біріңді-бірің көріп сөйлесіңдер; армансыз сөйлесіңдер; болашақтарыңды, бақытты болашақтарыңды осы бастан ашып алыңдар, қосылатын шақтарыңды белгілеңдер, деп неге ашық айтпадым. Мені де бір ұялшақтық қысып кететіні бар, осындай керек жерде ақыл айтып, баулу орнына», деп өкінді әйел үйіне келе жатып.
Бірақ Меңдіқыз: «Шырақты қалайда жіберермін.
Барар, өз қызығын өзі қолына алар. Бала емес қой аузына сөз тауып салатын», деп жұбатты сәлден кейін өзін.
Жолдан келген ері мен қайнылары алаңсыз ұйықтасын деп Меңдіқыз терезе біткенді қараңғылап, есікті жауып қойды да, өзі тыста шай жабдығына кірісті. Нан илеп, бауырсақ пісірді; үлкен самауырға шай қайнатты; тәтті тағамдарын мол етіп алдыңғы үйге үстел даярлады.
Әңгімеқұмар Сүлеймен Құрмашты қасына алып жатып түні бойы жетім баланың хал-жайын сұрап әбден қанды да, ертемен оны нағашысы Жолмұқан поштабайдың үйіне алып кетті. Ол кетіп бара жатып Меңдіқызға:
— Мен шайды Құрмаштың балуан нағашысының үйінен ішермін. Мені күтпе, — деді.
Сөйтіп коп заманнан бері әр жақта жүрген ағайынды Жүнісовтер үй іші болып түгел бас қосып, ертеңгі шайды тату-тәтті жайда ішпек еді. Бірақ Гүлжиһан жөнінде әзілмен басталған әңгіме Хакімге ұнамай қалды...
Кешкілікте Меңдіқызға: «Мынау саған әкелген базарлығым» деп Әлібек жібек орамал мен иіссуды чемодан түбіндегі кестелі малақайдың ішінен алып ұсына берген-ді. Қайнысының шет елдей көрінетін алыстағы астанадан алып келген сыйлығына әйел мықтап қуанды да, аздан кейін үлкендер киетін әдемі кестелі малақайды:
— Мынау қайнағаға әкелген базарлығың шығар. Өте әдемі екен, — деген еді.
— Жоқ, қайнағаңа базарлық әкелуге оқушының қалтасында ақшасы бола қоя ма, бұл ма, бұл бір адамның аманаты... Мына хатты да «өз қолына тапсыр, өз аузыңмен сәлемімді жеткіз» дегесін, өзім табыс етермін деп ойлап тұрмын, — дей салған Әлібек ұялып қалып.
Әйел бұл аманаттың Ақметшеге екенін білгеннен кейін жымиып күліп қана сұқ қолын шошайтып: «Білдім, сырыңды» деп ишара берген болатын.
Ал қазір шай үстінде:
— Шырақ, аманатыңды жиенге қашан жеткізесің? Гүлжиһан артына қарай-қарай кетті, ағасы тоқтамады. Бірақ сыр бермейтін бала ғой, ашылып еш нәрсе
Мешіт... Мешіт түбіндегі абыстайдың кірсіз, шаңсыз аппақ үйі, қоңыр салқын бөлмелері, кешкі ымырт кезіндегі күмбірлей құйылған қоңыр үн Гүлжиһанның құлағына анық естіліп тұрғандай болды.
«Неге тулайсың, тынымсыз жүрек? Не іздейсің, жүйрік көңіл? Неге қарайлатады артқа ұшқыр қиял! Нең қалды анау шаң басқан кішкене қалада?.. Кім қалды кейінде? Кейінде: көптен бергі көз алдынан кетпеген жұмбақ жас! Ақ құба, сұлу жас! Алыстағы астанада оқып жүрген өзгеден озық сүйікті жан! Арман еткен... жар!» Қыз селк ете түсті. «...Жар!» деген сөз оны қалың бір тұманнан суырып алғандай болды. Ол айналаға қадала қарады. Жарқыраған ертеңгі шақ! Дала нұрға бөленіп тұрғандай. Аспан да өзгеше ашық! Тұп-тұнық, теп-терең! Зеңгір көк аспан! Жол иреңдеп, түйіні жазылған жіптей ағылып жатыр. Ал жол жанындағы шөкелер секіріп ырғып, балқурайлар кейінге қарай би билеп кетіп бара жатқан сияқты. Алысырақтағы теңселген бидайық ығысып, төңкеріліп, кілемін бір бүктеп, бір жайғандай құбыла түскен. Өңі далап, өзгеше далап! Қыз көңіліне арман құйған ұзын жол. Алысқа сүйреген күймелі арба! Тынымсыз сырғыған дөңгелек!
«Ех, бір күн кідірсемші!..»
Доктордың кеңесімен Меңдіқыз күнде ертемен су жағасына қыдырып қайтатын. Бүгін де ертеңгі таза ауаны мейлінше жұтып, кері оралғанда жүріп бара жатқан Гүлжиһанды көріп, атүсті қоштасып қана қалды. Бір күнге қыз да қала алмады. Қалуға оның қасындағы Қаршыға да көнбеді... Көндіре алмай көпірден өткізіп қана шығарып салған Меңдіқыз да: «Қап, қалайша тоқтата алмадым бір күнге Гүлжиһанды?! Неге босаң сөйлестім; «жібермеймін, тағы да бірер күн боласың» деп неге айтпадым?! Әлібек пен екеуің біріңді-бірің көріп сөйлесіңдер; армансыз сөйлесіңдер; болашақтарыңды, бақытты болашақтарыңды осы бастан ашып алыңдар, қосылатын шақтарыңды белгілеңдер, деп неге ашық айтпадым. Мені де бір ұялшақтық қысып кететіні бар, осындай керек жерде ақыл айтып, баулу орнына», деп екінді әйел үйіне келе жатып.
Бірақ Меңдіқыз: «Шырақты қалайда жіберермін.
Барар, өз қызығын өзі қолына алар. Бала емес қой аузына сөз тауып салатын», деп жұбатты сәлден кейін өзін.
Жолдан келген ері мен қайнылары алаңсыз ұйықтасын деп Меңдіқыз терезе біткенді қараңғылап, есікті жауып қойды да, өзі тыста шай жабдығына кірісті. Нан илеп, бауырсақ пісірді; үлкен самауырға шай қайнатты; тәтті тағамдарын мол етіп алдыңғы үйге үстел даярлады.
Әңгімеқұмар Сүлеймен Құрмашты қасына алып жатып түні бойы жетім баланың хал-жайын сұрап әбден қанды да, ертемен оны нағашысы Жолмұқан поштабайдың үйіне алып кетті. Ол кетіп бара жатып Меңдіқызға:
— Мен шайды Құрмаштың балуан нағашысының үйінен ішермін. Мені күтпе, — деді.
Сөйтіп көп заманнан бері әр жақта жүрген ағайынды Жүнісовтер үй іші болып түгел бас қосып, ертеңгі шайды тату-тәтті жайда ішпек еді. Бірақ Гүлжиһан жөнінде әзілмен басталған әңгіме Хакімге ұнамай қалды...
Кешкілікте Меңдікызға: «Мынау саған әкелген базарлығым» деп Әлібек жібек орамал мен иіссуды чемодан түбіндегі кестелі малақайдың ішінен алып ұсына берген-ді. Қайнысының шет елдей көрінетін алыстағы астанадан алып келген сыйлығына әйел мықтап қуанды да, аздан кейін үлкендер киетін әдемі кестелі малақайды:
— Мынау қайнағаға әкелген базарлығың шығар. Өте әдемі екен, — деген еді.
— Жоқ, қайнағаңа базарлық әкелуге оқушының қалтасында ақшасы бола қоя ма, бұл ма, бұл бір адамның аманаты... Мына хатты да «өз қолына тапсыр, өз аузыңмен сәлемімді жеткіз» дегесін, өзім табыс етермін деп ойлап тұрмын, — дей салған Әлібек ұялып қалып.
Әйел бұл аманаттың Ақметшеге екенін білгеннен кейін жымиып күліп қана сұқ қолын шошайтып: «Білдім, сырыңды» деп ишара берген болатын.
Ал қазір шай үстінде:
— Шырақ, аманатыңды жиенге қашан жеткізесің? Гүлжиһан артына қарай-қарай кетті, ағасы тоқтамады. Бірақ сыр бермейтін бала ғой, ашылып еш нәрсе айтқан жоқ. Аманатыңды да алып бар, өзің де Гүлжиһанды көр. Кешікпеуің керек, — деді Меңдіқыз подносты Әлібектің алдына ұсынып.
Әлібек қызарып кетті де, ал Хакім әйелінің бұл жұмбақ сөзіне елеңдей қалды.
— Ол не қылған аманат? — деді әйеліне, ыстық шайды баппен ұрттап қойып.
— Әшейін... Шырақтың бір құпиясын көріп қалғанмын.
Құпия дегенге Хакім бұрынғыдан да құлағын тіге түсті.
— Иә, ол қандай құпия, Әділбек екеуімізге есіттіруге болмай ма?
— Қайтесің сондай ұсақ нәрсеге араласып.
Хакім аз ойланды да, үндеместен шайын қайта ұрттай бастады. Оның орнына әңгімеге Әділбек кірісті.
— Малақай дейсің бе, жеңгей? Көрсетші, Әлібек, Ташкенттен келген базарлық шығар, жұрттың аузынан тастамайтын Ташкент малақайы қандай болады екен. Онда малақайды қыздар да киеді дейді ғой. Мүмкін, Гүлжиһанға да әкелген шығарсың. Сүт кенже жеңешем жаман емес көрінеді, — деп қойды ол.
— Әуелі малақайды кім киетінін, тақияны кім киетінін айырып алсаң етті, Әділбек. Сонан кейін қалжыңдасаң жөн болар, — деді Әлібек қызарып. Інісінің: «Гүлжиһанға да малақай әкелген шығарсың» деген сөзіне ызаланып.
— Әй, сен туысқан, қалжыңды көтере алмайсың ба, әлде Гүлжиһан сенің қалыңдығың екенін мойныңа алмайсың ба? Атаңа малақай әкелгеннен кейін, қызына онан гөрі келістірегін сыйлауың керек. Жеңеше, солай емес пе? — деді Әділбек Меңдіқызға қарап қойып. Сөйтті де сөз ұпайын жіберіп көрмеген бұл жас жігіт Әлібектің солқылдақ жерін бір майыстырып өтіп, оған енді бас сала сөйледі. — Малақайды кім киетінін, тақияны кім киетінін білсейші дейсің бе? Көп оқыған сен білетін шығарсың. Бұл да бір оқу-тоқумен білетін нәрсе ғой. Менің көргенім: үлкен де, кіші де, әйел де, қыз да малақайды аяғына кимейді, басына киеді.
— Надандық. Малақай үлкен кісілердің бөрік ішінен киетін жеңіл бас киімі, ал тақияны қазақта тек қыздар ғана киеді, басыбайлы сәнділікке киетін жазғы киімі. Екеуінің заты да, үлгісі де, пішуі де, тігуі де екі басқа...
— Рақмет. Көп біліп, көп үйреніп қалдым. Әйтпегенде сенің Гүлжиһанға әкелген тақияңды малақай орнына біреуіміз киіп алсақ масқара болар едік.
Меңдіқыз мырс ете қалды.
— Жетті, жетті, кенже бала. Сенің осы түбін түсіре сөйлейтін мінезің-ай, — деді ол кіші қайнысына.
— Менің надан екенім рас, — деді Әділбек ежелене түсіп. — Жұрттың бәрі оқымысты болса шаруаны кім шаруалайды.
— Надансың дегенім жоқ, білу керек дедім. Ал білімнің қайдан, қалай табылатынын сезесің, — деді Әлібек. Әділбек бұл сөзге де бір жауап қатты.
— Қой, қарағым, — деді ол өзінің баяғы үлкен кісіше Әлібекке еркін сөйлейтін әдетімен, — бәріміз бірдей тойшы бола алмаспыз, біреуімізге қойшы болуға тура келер. Ел билеу, басқару мына Сары ағамның еншісіне тиді, сен де міне бірдеме болғалы оқып жүрсің. Жұрттың бәрі түбін тесіп оқып, әкім болуға ұмтылса, сонда егінді кім салмақшы? Малды кім өсірмекші? Әлде шаруашылықты жауып қоямыз ба? Ол болмас! Ата-бабаның істеп келе жатқан адал кәсібін мен тастай алмаспын. Шаруашылықты тастасаң елді де тастайсың, бұл екеуі — егіз зат. Сондықтан да мен елді-жұртты тастап кететін ниеттен аулақпын. Маған ел мен шаруашылықтың қызығы жетеді. Тек болғаны құрал-сайман керек. Бір-екі көк арба, шөп машина мен сепаратор алып берсеңдер болды. Маған басқасының керегі шамалы. Бұл машинаның ақшасын да өзім төлеймін. Жақында Бекең қызыл құнажын мен он шақты жандығын қаржылап алды, ептеп басқа да тиын-тебеніміз бар. Ал, егер де менің оқи-жаза білуім керек болса — жеті жылдық қара шаруа мектебін бітіріп алдым. Арғы жағын тағы көрермін, — деді ол, көйлегінің омырауын желпи түсіп.
— Ой, көкесінің баласының сөз саптауын қара, — деді Хакім күліп. — Көкемше көйлекті ақырындап желпіп те қояды.
— Надандық қой оқымаймын деуі. «Жетіжылдық қара шаруа мектебін бітірдім, осы жетеді» деп ауылдың шолақ білгіштері ғана кеудесін көтереді. Со да сөз бе екен, — деп Әлібек наразылық көрсетіп еді, Әділбек оны тойтарып тастады.
— Шаруашылыққа керек білімді мен осы жердегі ауыл шаруашылығы техникумынан да аламын, соған барып бір қыс оқысам, жаман-жәутік агрономдарыңның төрт-бес жыл оқығанын төрт-бес айда қаусырып аламын. Сен сияқты жетіжылдық бітіремін, онан кейін техникум, онан кейін институт, онан кейін тағы бірдемесін бітіремін деп жүрер деймісің. Оқимын деп айттырып қойған қалыңдығыңнан да қашып жүрсің.
Әлібек ашуланып қалды.
— Маған әйелді сен әкеліп бермессің. Бұл жөнінде мен сенен көмек те сұрамаспын, шырағым. Байқап сөйле, «Әділбек көкесіне тартқан» деген сөзге дәлірме. Тартудың да тартуы бар, — деп салды қабағын түйіп.
Хакім сөзге араласпай: «Бұл Әлібектің ойы не? Осы Ақметшенің қызын шынымен қалыңдығым деп есептей ме? Жоғары дәрежелі мектепте оқып жүрген саналы жастар — баяғы ескі салт пен ғұрыптың қайда жетектейтінін айыра алмағаны ма?» деген ойға тіреліп отыр еді. Ол шыдамады, сөзге араласып кетті.
— Балалар, сендердің әңгімелерің бір жағынан қызық, білім жөнінде шаруашылық жөнінде әр нәрсенің басын көрсетіп, айтысып қалғандарың жақсы-ақ. Бірақ менің шамалауымша екеуің де бір нәрсені әбден жетіп түсіне алмағансыңдар. Ол мынау: білім, әкімшілік, шаруашылық деген ұғымдар біріне-бірі қарсы нәрсе емес. Білімді болса — шаруаға да жетік болады адам. Ал, әкімшілік іске айналысқан адам шаруашылықты білмейді, ғылымға құштар болмайды деп те ұғудың керегі жоқ. Мысалы, мен заң қызметін қоя салып ғалым болуға ұмтылсам, — болар едім. Өйткені, ғалым болу да тынбай еңбек етумен, ізденумен, ұзақ жылдар білім құдығын қазумен, көзін табуға жеткенше ұмтылумен байланысты ғой, солай емес пе?
— Әрине.
— Сонсоң... әлгі... иә, Әділбектің сөзінде өрлік бар, «жаман-жәутік агрономның білімін елде жүріп те аламын» дейді. Мен Әділбектің қайратына да, табандылығына да, ақылына да сенемін. Ол дегеніне жетеді. Бірақ «жаман-жәутік» демеу керек. Жақсы агроном болуға тырысу қажет. Дұрыстап оқысаң нағыз маман бола аласың. Оған дау жоқ! Сонсоң, Әлібек, сен «надандық» деген сөзді ініңе көп айта берме. Надандықты қазір ауылда — мына уезде отырып та жоюға мүмкіндік мол. Өйткені мұнда да мектеп бар. «Тек алыста жүріп оқыған адамдар білімді болады» деген теория жоқ.
— Ал, ұзақ әңгімеге көшті, прокурор жолдас. Енді айыптау, талдау, қорытындылау басталады, — деді Меңдіқыз Хакімге тұсау сала, қайныларын жақтай түсіп. — Екеуінің де айтқандары теріс сөздер емес. Маған өте ұнады. Әсіресе, кенже баланың сөзі, тура өзінің мінезі, алары да жоқ, қосары да жоқ, турасын айтады да қояды. Шырақ оны жақсы түсінеді. Қатар өскен балалар емес пе, тайдай тебісіп.
— Саған бәрі солай. Бірақ балалардың ойланбай айтып қалғандары бар...
— Ол не нәрсе тағы да? — деді Меңдіқыз жаратпай.
— Бұл сенің де әнтек басқан аяғыңның ізін көрсетіп жатыр. «Қалыңдық», «ата», «базарлың», «малақай», «тақия» деген не сөздер өзі? Маған осының бәрі де аса ақылға қона бермейтін, тіпті әңгімелеуді де көтермейтін жәйттер.
— Айттым ғой, айыптау, талдау, қорытындылау басталды деп.
— Меңдіқыз, сен теріс ыңғайға бұрасың.
— Қой, ондай үлкен қорытындыға тірейтін ештеме жоқ.
— Әңгіменің ең ұсағы да үлкен мағынаның бір бөлшегі.
— Айттым ғой, талдау деп.
Хакім үндемей қалды. Ол әйеліне тіктеп қарап, басын шайқап қойды.
— Мен түсіндірейін, Сары аға: қалыңдық деген езіңізге мәлім Ақметшенің Гүлжиһаны. Мына ініңіз оқимын деп сол бойжеткен келіншегін сүр етіп сақтап жүр. Мен болсам әлдеқашан некесін Қуанай хазіреттің өзіне қидырар ем. Соны айтасың деп қой маған жаңа ашуланып қалғаны, — деді Әділбек.
— Теріс әңгіме, — деді Хакім түсін суытыңқырап.
— Оның несі теріс, Сары аға?
— Қалыңдық дегенді қоя тұр. Кейінге қалдырғаны жақсы, Әділбек. Әлібектің орнында болсаң сен де солай етер едің. Ескі салт-санадан арыла алмай жүрген жастарды жоғары дәрежелі мектептерде жақсылап тәрбиелеп шығаруға тиіс қазір. Әлібек сол жақсы тәрбиедегі оңушы.
Меңдіқыз Хакімге қарады да, Әділбек Меңдіқыздың бетіне қарады. Екеуінің жүзінде де таңырқау белгісі әліптей тартылады. Сәлден кейін:
— Қалыңдығынан безін демейтін шығар мектепте, — деп еді Меңдіқыз, Әділбек жарыса:
— Қатын алмасын демес-ақ. Әлде қатын алма, үйленбе деп те үйрететін білім бар ма екен? Бәсе, Әлібектің қызара беруінде бір мән бар, оқимын-оқимын деп жүріп қатынсыз қалып жүрмесін, — деп кекетті.
Хакім інісін қоя салып, әйеліне ілік тақты.
— Басқа кісі болса бір жөн, Меңдіқыз, сенің бектер мен билерді айырмауың қызық. Жарайды, бұл жөнінде осы да жетер әзірге. Мен кеңсеге ертерек баруым керек... Біз байқамай жүргенде би-бектердің найзасы жан-жақтан шошая бастады. Соның бірі ана «жиенім» деп жақын тұтқан адамның қол-қанаты Құныс... Құныс бейберекет жортып-ақ жүр екен жол үстінде... — Хакім сөзін тауыспай орнынан тұрып кетті.
Меңдіқыз бен Әділбектің таңырқауы енді басталды. «Құныс жол үстінде жортып жүр дейді! О, тоба, бұ қалай болғаны?! Ақметшенің қолқанаты, бұл не сөз?» — деп таңырқады әйел нанар-нанбасын білмей.
— Хакім, не дедің? Құдай бар-ды түсінгенім жоқ... Сенің сөзіңнің біреуіне де түсінгенім жоқ, — деді ол.
— Түсінбесең кейін түсінерсің, — деп Хакім үйден шығып кетті.
«Бай-бекзат дейді! Дабылдың қызына да үйленуге болмай ма екен? Қой, шырағым, ол оқыған жігіттерге айтылған сөз шығар. Біз сияқты елдегі шаруаға шаруаның қызы, мал көрген адам керек. Оқыған жігіттер өз жөнімен. Бекеңе отаулы келін алып берсем басы артық болмас!» деп түйді Әділбек. Бірақ ол да би-бекзат деген сөзге ойланыңқырап қалды.
Аздан кейін Әлібек орнынан түрегеліп терезенің алдына келді. Ағасының сөзі оған әсер етті ме, етпеді ме кім білсін. Ал Құныс жөнінде ол өз ойын дәлелдеуге әзір еді. Терезеден жолға қарап тұрып, ол бейне қызыл нарлы адамды керіп тұрғандай, Меңдіқызға айта бастады.
— Жолда бізге қызыл нар жеккен бір ірі, қара қазақ кездесті. Сары ағам соны Құныс деп күдіктенеді. Мен де баста әлде не ойларға кетіп едім, бірақ сол ма деп қалдым...
— Қой, байғұс! — деді Меңдіқыз, қолына ыстық су құйып алғандай кері шегініп қалып.
Әйелдің өңі кенет қуарып кетті. Оның ойынша бұл адамның қолына түскен қызметкер тегіндікпен аман құтылуға тиіс емес-ті. Әсіресе, сот-тергеу орындарының адамына ол өзгеше жау, бұларды тірі жібермейді деп түсінетін. Жеңгесінің қорқып кеткенін көріп Әлібек оны сөзбен уатуға кірісті.
— Меңдіқыз, сен баламысың, сонша қорқып. Жұрт сырттан құбыжық қылып көрсетеді екен Құнысты. Егер де біздің көрген кісіміз шын Құныс болса менің ойымша оның адамшылдығы, ерлігі, сөзге ұсталығы ешкімнен де кем түспейді. Атың кім деп сұрағанда: атым Акбар — деп қайдағы бір қуақы әңгімені айтып ішек-сілемізді қатырды. Сөйлессең сөйлесе алатын, достассаң достаса алатын жан. Өзің соқтықпасаң, қарап жүрген адамға ұрынатын кісі емес. Кәдімгі таныс адамдай бірге отырып шай іштік, әңгімелестік. Ал сөзі сұмдық — менің аузымды жидырған жоқ, — деп ол өткел басындағы көргенін түгел баян етті.
— Мен білдім, сендердің ісімді айтып отырғандарыңды. Ой, шіркіндер-ай, тапқан екенсіңдер Құныстың кездесетін жерін! — деп Әділбек арадан килікті. — Аты кім дедің? Әлібек, Акбар дедің бе?
— Иә, атым Акбар, езім Кетемін, Қаратөбеден әрі елі.міз, — деді...
— ...Иә, Акбар осыдан үш күн бұрын келіп кетті біздікіне. Сенің алдыңнан шығуға Текеге бара жатқан.
Әлібек інісінің сөзіне түсінбей қалды да, Меңдіқыз:
— О л кім еді шырақтың алдынан шығатын? — деді таңданған пішінмен.
— Ол Ақметше жиеннің ағайыны. Сол кісі Әлікбектің жаз дем алуға келетінін естіп, «бізге келсін, елде дем алсын. Қыс қалада оқуда бозарып қалған адамға Шеген құдықтың ауасы шипа» деп алдынан жіберген. Әлібек қашақтағанмен жиен атасы жөн-жосықты жақсы біледі ғой, — деді Әділбек.
— Жетті ғой енді келеке етуің, бала. Шақырса барармыз. Шақырмаса да әзімнің барып тапсыратын аманатым бар, — деді Әлібек інісіне енді ашуланбай сөйлеп. — Ал сенің айтып отырғаның басқа, жиендердің туғаны болуы мүмкін. Бірақ біздің көргеніміз басқа, Сары ағам біледі ғой. Ол шын Құныс болуы керек.
— Аспаннан Акбар жаумаған шығар, бәрі бір кісі — сол жиен атаңның жіберген адамы. Біздікіне қонып кетті. Жеккен қызыл нар, жетегінде бос аты бар. Өзі сол тап сен айтқандай ұзын қара кісі. Қазақ сөзге жарлы келмейді, бұл кісі де өте салуалы сөйлейтін адам. Ақаңның шаруасын шаруалап базарға бармақ едім, арғы бетте атпен баратын жерім де бар, — деді.
— Түсініксіз, — деді Әлібек жай ғана. — Мүмкін бәрі бір адам болуы да.
— Әйтеуір, әлгі атышулы құдайдан безген болмаса жарар. Құныспен кездестік дегенге жүрегім тас төбеме шыққаны, — деп Меңдіқыз енді ғана жайланыса түсті.
Сөйтіп, шай үстінде басталған үй ішінің өзара әңгімесі әр салаға бой ұрып, сол кездегі үлкен оқиғаларға ұласып кетіп еді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Сол бір шақ:
Далада жел орнына оң ысқырған соғыстың сұрапыл үскірігі де әрілеп қалған.
Қара быламыққа «нан!» деп әлсіз қолын созған аш баланың ыңырсыған үні де әлдеқашан ұмытылған шақ-ты.
Қырдың қара құйынындай жүйткіген алды апат, арты өрт басқыншы бандылықтың да жойқын ізі жоғалып біткен кез еді. Ал ауыр дерттен көтерілген жандай, қуқыл өңі қызыл күрең тарта бастаған сахараның өрісі малды, қыры дәнді, дарқан далаға айнала бастаған.
Сарыарқаның о шеті мен бұ шетіне ебелектей ығысқан еріксіз елдің теңдік тізгінін қолына ұстап, жаңа өмірге көш түзеген беті сол кезден басталған болатын.
Бірақ...
Балгер орнына дәрігер толып, ұл мен қыз мектеп төріне шықса да, ғасырлар бойы еңсені басқан қараңғылық ескі ауыл үстінен ертеңгі тұмандай серпілсе де, жоқтықтың жолы бөгелмеген, жалпақ даланың ойлы-қырлы ала-шұбар бетіндей, бірде бар да, бірде жоқ дәулет аздың уысынан көптің қолына көшпеген; ырыс қазығы еңбек иесінің өзіне орала алмай тұрған шақ-ты.
Үлкен дала үлкен өзгерістің күрт басталуын аңсап тұрған шақ-ты.
Кішкене қаланың бар жаңалығы көз алдында өтіп жататыны мәлім. Ал ауыздан түспейтін әңгімесі — оның келген-кеткен адамы ғой.
Жаңадан келген уездік партия комитетінің хатшысы мен уатком председателін кәрі мен жас қосылып жабыла сөз етті. Олардың түрі мен түсін айырып қана қойған жоқ, білімін, жасын, мінезін, қайдан келгенін, қандай қызметте болғанын аз күнде-ақ сап етті. Біреулер тіпті екеуін қатар қойып пішіндеді. Басқа: уком хатшысы орта бойлы, ал уатком ағасы ұзын; уком хатшысы — ақ сары, анау — аң құба; уком хатшысы мұртсыз да, уатком ағасы кеп-кең танауының кіре берісінде, үркіп шыққан Сарқопаның шоқ қамысындай, айналасын қырқып, жымпаздаған күйкентай мұрты бар екен.
Бұл екі үлкен қызметкердің мінездері жөнінде де алып-қашты әңгімелер бірін-бірі қаузап жатты. Соның ішінде ең жандысы Тәжімұраттікі болуы ықтимал еді. Өйткені оның адам мінезін бір көргенде айыра қоюы былай тұрсын, тіпті кейбір жанның оғаш құлқын Тәжімұрат аудармастан сала қоятын. Бұл халық тергеушісінің хатшысы болып істейтін әрі сұм, әрі епті жігіт өзінің уаткомдағы жолдасына:
— Бастығың тамаша кербез адам. Кербез кісінің бой түзеумен ғана болып, анау-мынау ұсақ-түйекке көңіл бөлмейтінін білесің ғой. Сондықтан уатком председателі сен екеуміздің іздегенде сұрағанымыз, тек ішің майлы болсын, — деген-ді.
Ал жолдасының:
— Уком хатшысы ше? — деген сұрағына.
— Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деп, әбден көзім жетпей еш нәрсе деу қиын. Шыны, мен өзім ондай кісіден сескенем, — деп түйген еді.
Хакім Жүнісов Оралдан келген күннің ертеңінде-ақ тап сол уком хатшысына көп мәселені ақылдасып алуға келді.
Сырт көзге тұйық көрінетін, бұл жасы отызға жетіп-жетпеген, орта бойлы, әдемі аң сары кісінің, Тәжімұрат айтқандай төмен қарап жүретіні де рас-ты.
Және тағы бір ақиқат: ол тіпті қасындағы әңгімелесіп отырған адамның бетіне де кезінің астымен ғана қарап қойып, жай қалып, жұмсақ созбен сөзін соза беретін. Кімге болса да көп көз тікпейтіні оның ежелгі әдеті болса керек-ті. Ал тұйық көрінетіні: басы артық сөздің бұйдасын тежеп ұстайтын сабырлы мінезі шығар-ақ.
Жымпиты уезінің партия комитетіне хатшы болып келген Ғабдол Дәулетовты Хакім көптен білетін. Осыдан көп жыл бұрын сонау Әбдірахман Әйтиевтің отрядында жүрген тар жолды тай-талас кезеңдерден бастап Хакім Ғабдол жөнінде сан қилы әңгімеге сырттан қанық-ты. Ол кезде бұл екеуі Жайықтың екі бетінде: бірі сонау Сейтқали Меңдешов бастаған большевиктер тобында жаңа Орданы қорғаса, екіншісі Бұхар беттегі хан мен атаман қамалын қаусатып, түн қатып, түсі қашқан үлкен жорықтарда жүрген.
«Бөкейліктер шетінен алғыр, шетінен білімді. Астрахань мен Саратовы иек астында — оқуға да қолдары бізден бұрын жеткен. Ресейден келген большевиктермен де қол ұстаса кеткен бөкей жігіттері. Сондықтан Совет өкіметін Ордада бәрімізден бұрын орнатты. Ең абыройлысы: он жетінші жылдан бастап сол жаңа өкіметін атты казактардың қолына түсірген жоқ. Аралда қалған жалғыз үйлі балықшыдай, соғыс өртіне мұрты да шарпылмай аман-есен шықты. Қазақтың ең бірінші атты әскер полкын құрған да осылар. Қазақ республикасының бірінші басшылары да бөкейліктерден. Жігіт, бөкейліктер нағыз жігіт! Соның ішінде Дәулеттің сары Ғабдолын айтсайшы! Жұрт Мәскеуді көре алмай жүргенде, бұл тіпті Лениннің өзін төрт рет көріп, көсем алдында Орда Советінің жайын баян еткен. Және он сегіз, он тоғыз жасында! Біз ол күнде... қыз-келіншек аңдып, қотан күзетіп жүрміз. Тіфу! Осы Шолпаны құрғырдың су әкеле жатқан жолын тосып...» деп ойлады Хакім хатшыға келе жатып, бір жағы Дәулетовты күндегендей, бір жағы өзіне-өзі риза болмай өкінген адамша.
Қол алысып амандасқаннан кейін Ғабдол Дәулетов Хакімге:
— Отырыңыз, — деп өзіне жаңын тұрған үлкен столдың жанындағы орындықты көрсетті. — Текеде қанша күн болдыңыз?
— Үш қондым, — деп Хакім, жайласыңқырап отыра бастады. Жаңа ғана «қотан күзетіп жүрдік» деген ерсі сөзіне ол өзінен-өзі езу тартты. Сөйтті де мұнысын хатшы байқап қалды ма деп қысылып, жалма-жан күлкілі әңгімеге бұрып кетті: — Үш қондым, бірақ сол үш күн ішінде үш сағат тұтасынан көз ілмеген шығармын. Күндіз мәжіліс соңынан мәжіліс болып қисаюға қол тимеді де, ал түнге қарай қандала басты жастыққа тигізбеді. Бұрыннан таныс ескі пәтерім оңаша болмаған соң бір үйге тап-таза көрінгеннен кейін түсе қойып едім, мұндай қандаласы көп пәтерді өмірі көрген емен. Және қандаланың жоғарыдан қалай құлайтынын осы жолы білдім: төбеде жорғалап келе жатады да, қақ тұсына келіп «маңдайың осы-ay» деп тырс етіп құлайды. Ғажабы: көздеген жерінен қыл елі аумай түседі, — деп күлді.
— Текенің қандаласы циркте ойын көрсетуге де жарайды десеңізші, — деп Дәулетов те ақырындап дыбыссыз күліп алды.
— Ойынның көкесін көрсетуге де шеберлігі жетер деймін. — Хакім ақырындап тамағын кенеп алды. Ол жұмыс бабына көшті.
Хакім губерниялық қалада заң қызметкерлерінің мәслихаты өткізілгенін, онда сот пен прокуратураның алдында тұрған тап осы кездегі міндет жайлы әңгіме қозғалғанын айтты,
Дәулетов прокурор Жүнісовтің сөзін әдетінше төмен қарап отырып, тек анда-санда сұқ қолымен ақырын ғана столды тыңылдатып отырып тыңдады, Хакім сезін аяқтағанша ол ешбір қарсы сауал да қойған жоқ. Керекті жерінде мақұлдап басын да изеген жоқ. Өз құлқымен өзі шұғылданған жас балаша, етті келген сұқ саусағымен столды ақырын ғана түртіп қалып жоғары көтеріп, аздан кейін тағы да соны істеп, үзбей тықылдатумен болды. Оның бұл кезде жинақтың келген еріндері де жыбырлап, Хакімге бір «уф, уф» деген тәрізді болмапты дыбыс естілген сияқтанды.
Бір сәт екеуі де үнсіз қалды. Аздан кейін ғана хатшы басын көтеріп:
— Қазіргі кездегі саясатта не зат басты мәселе болып саналады? Мәжілістеріңізде осындай сауал болған жоқ па? — деді.
Хакім уақыт ұтуға тырысты, Ол тура жауап қайырудың орнына ойға өріс беру үшін әңгіме арасына көлденең сөз қыстырды.
— Ғабеке, мен бөкейлік туысқандардың «не зат?» деп сұрайтынын бірінші рет естігенде бұл сөзді оғаш санап жүрдім. Ал құлақ үйрене келе мұның екінші бір қызық жағын аңғардым. Ол бір рулы елде әр жерде, әр түрлі сөйлейді екен, соны байқадым. Мысалы, Бөкей Ордасындағы Ысық пен Беріштер «не зат?» деп сұраса, Жайықтың бергі жағындағы Беріштер «не нәрсе?» дейді. Бұл өзі қызық пікірге әкеліп тірейді. Асылында, тілге жер мен судың әсері тиетін болуы керек, яки географиялық алшақтық тілге, әдет пен ғұрыпқа өзгешелік енгізетін шығар деймін.
Ғабдол ойланып отырып тағы да столды біраз уақыт саусағымен білдірмей тықылдатып алды. Сөйтті де:
— Солай шығар, — деп, ол Хакімнің сөзін қолдады, — өйткені өткен жылы Қызылордаға барғанда Алматы жігіттерімен бірге болдым. Ол жақта көйлекті — жейде, шалбарды — сым дейді екен. Өзіңіз айтқандай ол жақта да тамалар бар көрінеді. Ал біздің тамалар көйлекті жейде десең шошып кетеді, сым дегенді арбаның қалқанын бұрайтын таспа темір деп ұғады.
— Қызың нәрсе. Сіздіңше қызық зат, — деп күлді Хакім. — Қалай болғанда да бұрын бір тұтас ел болып, қазақ халқы үш жүзінің басын берік қосарлық мемлекет бола алмағанына тілі де айғақ бола ма деп қалдым.
— Мүмкін, — деп Ғабдол Дәулетов басын изеді.
Хакім ойланыңқырап алып, бастапқы сауалға енді ғана толығырақ жауап тапқандай болды.
— Ал, Ғабеке, сіздің жаңағы сұрағыңызға жауап: қазіргі ең басты саяси жұмыс — ауылды ойдағыдай советтендіру дестік. Заң тілімен айтсақ: жалшы-батрақтың еңбек аңысын шала төлеп, тіпті кей жерде оны арзан бағалап құр алақан қалдырып келген бай мен биге, молда мен қожаға қарсы әділ заң — еңбекшіні жақтайтын заң барын жұрттың көзіне көрсету. Бұл жөнінде бұрын істелген ең басты шара жердің шұрайлысын еңбек ететін адамдарға бердік қой. Сонымен бірге қосшы ұйымына кірген кедейлердің еңсесі көтеріліп, теңдікке ие болып келеді. Бірақ әлділердің сағы өлі сынып жеткен жоқ. Тіпті кей жерде бұрынғы правительдер әлі баяғы құдіретті күйінде: ауылдық Совет түгіл, болыстық Советтерге де шүйдесін шығаратын Омардың Салығы сияқты шонжарлар мен Ахметтің Қуанайы тәрізді имамдардың дәулетті де, бұрынғы беделі де міз бақпас қалпында. Бұлардың айналасындағы коп кедейлер сауын сиыр үшін маңдай терін сыпырумен келеді. Міне, осыны өзгертуге бастама ретінде он бір, он екі байдың үстінен аңылы іс көтердім — айлап-жылдап жұмыс істеп келген жалшыларына еңбек ақы бермекпін, — - деді.
— Бұл дұрыс іс, үлкен жұмыстың басы. Мұны тез қолға алу керек, — деп хатшы үнсіз қалпынан бір сәт серпілгендей қолдап кетті. — Ал сонымен бірге бүл бастаманы онан да әрі тереңдету қажет. Әлеумет ісіне бөгет болып отырған, еңбексіз байып үйренген шонжарларды енді қайтып ықпалын жүргізе алмастай етіп бұқарадан аулақ ұстау шарт.
— Әңгіменің басым жағы осы жөнінде болды, өйткені Совет өкіметінің түп мақсаты еңбекті қанаудан азат ету ғой.
— Әлбетте. Жұмыстың бәрі қазір жүргізілгелі тұрған үлкен өзгеріске бейімделуі қажет. Ауыл шаруашылығын жаңа түрге айналдырар алдында ауылдың өзін дайындауды осы бастан қолға алмаса болмайды. Партия ұйымын, қосшы кедейді, жастарды жаппай қатыстырмаса істің ойдағыдай істелмеуі мәлім зат қой.
Хакім хатшының шаруаны коллективтендіру жөніндегі ойларын тыңдап болғаннан кейін мәні зор деп жүрген бір мәселе туралы ақылдасты.
— Сіз білесіз бе, білмейсіз бе, осында бір ірі маман бар. Маман болғанда бар білімін өзінің жеке шаруашылығын өркендетуге ғана жұмсап отырған маман. Ірі маман қызметкердің, болмаса ғалым адамның бағасы қоғамға көрсеткен пайдалы ісімен өлшенеді ғой. Ал бұл адамның бар білімі, бар табысы жеке байлықтың қамына ғана жұмсалып келеді. Қазір асыл нәсілге айналған жылқы мен түйенің ете көрнекті қорын жасады. Бұл бір жыл ішінде емес, бірнеше жыл бойы жасалған тәжірибенің жемісі. Міне, осы жеке меншікте тұрған асыл тұқымды малды бүтін Қазақстанға болмаса да, губерния қол астына жаю үшін мемлекеттік племрассадник етсе қайтер еді? Өйткені Совет өкіметінің жаңағы өзіңіз айтқан шаруашылықты жаңа түрге айналдыру саясаты қоғам меншігін күшейту саясаты ғой. Оның үстіне бұл кісі Хан өкіметіне де қатысқан кісі.
— Аты кім? — деп сұрады Дәулетов.
— Аты Ақметше. Фамилиясы Мұқаметшин.
— Жылқының қандай тұқымы оның асылдандырғаны?
— Сіздің Бөкейде Махамбет Бөкейханов дейтін белгілі адам бар. Сол Бөкейханов жылқысының тұқымын түрікпен айғырына шатыстырған. Екінші сөзбен айтсақ, Бөкейхановтың асыл тұқымды көк ала биесі мен түрікпен айғырынан туған құлын. Бұл аса құнды жылқы: көруге сұлу, сауса сүтті, шапса жүйрік — мінсе мініс беретін арғымақтың бір түрі.
Ғабдол Дәулетов Хакімге қарай қалды.
— Бөкейхановтың өзін де, жылқысын да мен жақсы білемін. Өзі Жәңгір ханның шөберелерінен. Ал оның жылқысы ертеден келе жатқан өзгеше тұқым. Бұрын хан жәрмеңкесіне келген дон жылқысынан тараған — дончак. Ім, Ақметше хан өкіметіне қызмет еткен адам дейсіз бе?
— Мен сізге жаңа он бір, он екі адамның үстінен аңылы істер көтердім дедім ғой. Сол он екі адамның бірі — бұрын кәп заман правитель болған және Хан өкіметінің ақсақалы атанған Салық Омаров; екіншісі — сол өкіметтің имамы Қуанай ишан; үшіншісі — Ақметше — атаман Мартыновтың Жаншаға берген қару-жарағын жеткізіп беруші подрядчигі. Бұлардың ауылдағы ықпалын әбден жойып алмай, үлкен саяси істер жүргізу қиын, — деді Хакім.
Ғабдол Дәулетов басын изеп отырды да:
— Жаңа түсіндім, — деді. — Кеше әлгі атышулы Құныскерейді қолға түсірді ғой ГПУ-дың адамдары. Ақметше дейтін адамның аулынан ұстаған көрінеді. Бұл сол Ақметше болды ғой.
Хакім Дәулетовтың бетіне жалт қарады. «Шын айтып отыр ма? Әлде жаңсақ хабар ма?» — деген күдікке жауап іздегендей ол хатшының дөңгелек келген ақ сары жүзіне тесіле қалды. Бірақ Ғабдол Дәулетовтың сабырлы пішіні байсалды түрде және сұқ саусағы баяғы сол стол үстінде бұрынғы тықылдатып отырған қалпында екен.
— Құныскерейді қолға түсірді дейсіз бе? — деді Хакім. Сөйтті де ол Дәулетов жауап бергенше: — Қате шығар, — деп басын шайқады.
— Сіз де сенбейсіз бе бұған? — деп күлді Дәулетов кенеттен.
— Иә, сенбеймін. Сенбеген емес, жаңсаң хабар... Жоқ, жаңсақ хабар да емес, жаңсақ іс болуы керек. Өйткені мен ол баскесерді кеше түсте өз көзіммен көрдім.
— Қойшы! — деп таңданды Дәулетов. — Онда Щитовтың болжалы дұрысқа айналды.
— Щитов не деп еді?
— Щитов «бұл нағыз Құныс болмауы да мүмкін. Бірақ онда нағыз Құнысты осы арқылы қолға түсіреміз. Өзі болмаса да бұл соның егізінің сыңары», дейді.
— Егізінің сыңары?» Бүл бір қызық сөз екен, — деді Хакім. Ол тағы да басын шайқап аз ойлана түсті де, Дәулетовқа бұрылып үзілген ілкі әңгімеге кірісті. — Сол Ақметше. Құныстың Ақметше аулына келуі заңды. Сол жерден қолға түсуі де ғажап емес, бірақ бұл алдағы уақытта ғана болатын іс, өйткені ол қараңғы әлі бостандықта. Сонымен, осы сияқты шормандарды қалың шаруадан бөлу мақұл дейсіз ғой?
— Әлбетте. Бұлардың ықпалын жоймай тұрып, қазақ еңбекшілерін артельге ұйымдастыру қиынға түседі. Жымпиты бұрынғы хан өкіметі орнаған жер екенін естен шығармау қажет. Хан өкіметіне іштен жақтағандар түгіл, ашық қолдаған адамдар да орын-орнында қалды. Бұрынғы патшашыл, байшыл өкіметтің чиновниктері Совет мекемесінде қаптап отыр. Бұлардың басты-бастысын орнынан жылжытпай болмайды және батыл түрде қолға алу керек бүл істі. Ертең пленумда бұл мәселені кадр дайындау жұмысымен байланыстырып әңгіме етеміз, — деді хатшы.
Уком хатшысынан шыға беріп Хакім уездік ГПУ начальнигі Щитовқа жолықпақшы болды да, бұл ниетін тез өзгертті: ол ертеңгі жиналысқа керек материалдарды іріктеу үшін өз кеңсесіне қайтып кетті.
«Нанайын ба, нанбайын ба?» деді ішінен Хакім жүріп келе жатып. — Қалай болғанда да бұл түптейтін іс. Иә, түптейтін іс. Мүмкін Щитов шатасқан шығар! Шортан деп ұстағаны — шорағай болмаған. Шорағай емес, тіпті қоғаның түбінде қалғып-мүлгіп тұратын момақан қойбалық болып жүрмесін! Өзі Құныс бола тұрып, жоқ жерден бұзау сияқты қолға іліге кеткен бе?! Қайрат көрсетіп, қару жұмсамай, арбаспай, алыспай, қан төкпей реті келсе өлімге де қолын жұмсамай, бұғалыққа мойнын соза қойғаны ма? Жоқ, олай болмас. Кешегі ғой Құныс! Не деді әлі... — Намыс егеске ұрындырса, егес иін тіресерлік тентектік жолға сілтесе — бәрібір емес пе, мың жасаған Сүлеймен де көрде... — деді. Қалай сөйлейді ант ұрған! Қой, түрі де, түсі де, сөзі де, анау аты да, суыт жүрісі де, көз қарасы мен қимылы да,бәрі де соның ісі. Бұған шәк келтірмеу керек. Мынау басқа адам... Солай, басқа адам...»
Хакімнің бұл топшылауы кейінірек дұрыс топшылау болып шықты...
2
Тартыстың алды жиналыстан басталды...
Бір жағы қалжың, бір жағы шын, Әлен Әлеуовты жолдастары: «Әй, өзің де әдемісің-ау! Айыбы Сасықкөлде туды демесең, ешкімнен кем түсер жерің жоқ» деп мадақтайтын.
Расында Әлеуов сымбатты, бойлы адам. Оның үстіне бойын күтетін, жақсы киінетін жанды. Бұл қасиетін өлкеден төменге жібергенде да тастаған жоқ. Қайта алыстағы мәдениеттен мүгедек жатқан түкпірде үлгі көрсетейін деген жанша, Әлеуов киімнің қырын сындырмай, сақал-мұртын өсірмей, қылшық жұқпас қалпында жүрді. Ал бүгін ескі әдетінше, өзгеше баптанды: уезде бірінші рет сөйлер алдында мінсіз көрінуге тырысты; сұрғылт бастон бешпет-шалбары ішінен қисық жаға аң жібек көйлек киді; аяққа жылтыр қара ботинка, басына үлкен сары кепкасын қондырды. Тап-таза қырынып, сәл көгіс тартқан сақал орнына пудра жақты да, сұлулап қана қойған ағылшын мұртты, келісті қасты, оң жағына жыққан қоңыр шашты иісті сумен сылап өтті...
Бойшаң және түзең денелі, ақ құба, сәл ғана шықшыттылау бетті уатком ағасы, үлкен татар үйінің шар айнасына жақындағанда, жолдастарының сөзі еріксіз аузына түсіп:
— Әй, өзім де әдемімін-ау! — деді.
Бірақ біреу-міреу естіп қалды ма деп, ол арт жағына жалт қарап қойды. Үйде ешкім жоғына көзі жеткен Әлен Әлеуов өзіне-өзі насаттану қызығып онан әрі соза түсті. Айнаға қырын қарағанда оның келбеті көлденеңнен келістірек — жағы анағұрлым сопақ және қабағы қарсы қарағандағыдан әлдеқайда айбаттылау көрінді. Қырын тұрып, ол қабағын сәл ғана шытып қойып еді, бұл оған сұсты пішін берді. «Қатындарша қабақты керіп тұрғаннан мынау дұрыс» деді ол ішінен. Мұнан кейін ол ұртым солып бара ма қалай, деп аузын томпайтып көріп еді, бұл өте ажарсыз, тіпті келіспейді екен. Өзі шықшытты бет торсық теңдеген түйенің бүйіріндей болып кетті. «Бетті семіртпеу керек, үзбей массаж жасатқан жөн» деп түйді Әлеуов.
— Бала, сен үйдемісің? — деді ол екінші бөлмеге қарай мойнын бұрып.
— Ләпбай! — Тәжімұрат сып ете қалды. — Мені шақырдыңыз ба, Әлен аға?
— Мына бешпеттің етегінен, арт жаң етегінен ұстап төмен қарай тартшы. Байқа, қолыңның табы түсіп жымырылып қалмасын ұстаған жерің. Әлгі кемпір нашар өтектеген бе қалай, жағасының желке тұсы көтеріліп тұр.
Бөлмеден шыққаннан да тез, Тәжімұрат уатком ағасының етегіне жабыса қалды да, епті қолымен костюм етегін төмен баса созғылап, желкеге жиырылған қыртысты өтектегендей жазып жіберді.
— Әй, молодец! Бәсе, солай, етегі нашар. Енді дұрыс болды ғой, ә?
— Қатып кетті, Әлен аға! Чичериннің костюмы да мұндай қатып тұрмаған шығар. Сіз Чичеринді көрген шығарсыз?
Әлеуов қабағын шытты. Ойланыңқырап барып:
— Жоқ, көргенім жоқ, — деді баяулау үнмен. Сонсоң ол айнаға тағы бір көлденеңдей түсіп: — Сен пленумға барасың ба? Жауапты қызметтегі коммунистер тегіс қатынасады. Мәселе ірі: үшінші пленум қорытындылары. Білесің ғой онда не қаралғанын? — деді ол Тәжімұратқа. Тәжімұрат мұңайған пішін көрсетті.
— А, сен партияда жоқпын деген екенсің ғой, Бала, сен неге кірмей жүрсің партияға? Өздеріңдей қазақтың әжептәуір оқыған жас жігіттері партиядан тыс жүрулерің қалай? Әлде әкең бай ма?
Көзге жас көрінгенмен Тәжімұрат уатком ағасының өкшесін басып жүрген адам-ды. Бірақ өзінен кішінің бәрін бала деп үйренген Әлеуов, оны өзгеден бөлек үлкендік қасиетіне бөлей қоймаған. Тәжімұрат оның бұл сұрағына да мұңайған пішін көрсетумен ғана тынды.
— Осы күні кепілдік табу қиын, әсіресе, орта шаруаның балаларына партияға кіру тірі ақырет.
— Бір адамың болса, маған екінші болып кепілдік беруге болады.
— Рақмет, Әлен аға. Кепілдік беруші табылғанымен бөгет жасайтындар көп. Біздің отағасы да әлденеше рет оқталып еді партияға кіруге, бірақ «бұрын оқыған», «волостнойда писарь болған», пәлен-пәштуан дегеннен кейін қойды. Мен де одан бері талаптана қойғаным жоқ, өйткені менде де сол кісі сияқты жайлар мол...
— Қате, — деді Әлеуов әлдекімге наразылық білдіргендей, тағы да қабағын шыта түсіп. — Қате, үлкен қате. Бұрын оқыған адамды партияға алма деген устав жоқ. Ал бұрынғы оқыған адамның аз да болса қызмет істемегені бар ма?!
— Ол солай. Дұп-дұрыс айтасыз, Әлен аға. Бұрын оқыған және өзі әйдік қажының баласы Жүнісов жиырмасыншы жылдан бері партия қатарында. Ал оның көзінше сен партияға кіремін деп көр! Лениннің өзінен мандат алып келген кісіше сөйлейді. «Жарлы, батрак жағынан көбірек алу шарт. Бұрынғы оқығандарды, орташа балаларын сынақтап барып, ой-пікірлерінің дұрыстығын анықтап алып, іскерлігіне қарай, берілгендігіне қарай, бес кепілдікпен ғана өткіземіз, — деп сөйлепті жақындағы бір уком мәжілісінде. Сондай қатал адамдар бюрода отырғанда қиын, Әлен аға, Өте қиын», — деді Тәжімұрат бұрынғыдан да гөрі мұнайыңқыраған пішінмен.
— Ым, м, — деді Әлеуов созып сөйлеп, — солай де. Жүнісов қажының баласы де, ымм, бұл бір есте болатын жағдай екен. Ал ана бөкейлік секретарь қандай?
— Дәулетов лесной объезчиктің баласы, ол да төңкеріске дейін орта дәрежелі бастауыш мектепте оқыған. Дегенмен, тегі қара шаруадан шыққан. Алайда, оның қаттылығы Жүнісовтің ар жағында. Алдына баруға сескенеді жұрттың көбі. Тура қарап жауап бермейді. Қағазына үңіліп отырып жә «бар», жә «жоқ» деп бір-ақ айтатын сияқты. Бөкейліктердің бір қасиеті: Астрахань мен Саратовқа жақын, орыс революционерлерімен бізден бұрын табысқан. Сондықтан он жетінші жылдан бастап-ақ қолына мылтық ұстап, советшіл болғандар. Олардың айтуға правосы мол, Әлен аға. Бірақ өте тұйық адам. Сырын білмес аттың сыртынан жүрме деп, шынында қорқамын Дәулетовтен. Оның үстіне Лениннің қабылдауында болған, о бастан үлкен адамдармен табақтас кісі.
— Оны мен де есіттім, Лениннің приемында болыпты деп... Ал, жарайды, бала, мен пленумға кеттім. Коп хабар жеткіздің, әсіресе, Жүнісов жөнінде. Сірә... сен бала... сыр шашпайтын, білімі бар, ақылды азаматсың ғой, онша жая бермессің кейбір сөздерді. Жүнісовті бұл жұмыста ұстау лайықсыз... Жақсы, мен кеттім.
— Жолыңыз болсын, Әлен аға. Мерейіңіз үстем болуына тілектес ініңіз... — деп қалды ол есіктен шығып бара жатқан Әлеуовқа.
Әлеуовтың соңғы сөзін ол ішіне тұмардай түйді. Хакімнің ісі де, мінезі де оның көптен көңілін көншітпейтін. Көншіту қайда — оның алдында көбі аяқты білдірмей басуды, байқап басуды шығарды. Тәжімұраттың өз сөзімен айтқанда: түлкіден де қызыл болуға, түгі жетіспей тұрып түлеуге ұшыратты ғой. Бірақ Тәжімұрат Әлеуовтың сөзіне аса қол артқысы келмеді, «екі қошқар сүзіссе — ол да қызық. Бірақ онан қойшыға келер пайда не?» деп қорытты ол ішінен.
3
Алдыңғы қатарына ғана жеке орындықтар қойып, онан кейінгі жақты тұтас қарағай скамейкалармен сығыстырып қойған ұзын клубтың іші Әлеуов кіргенде адамға толы екен. Ол кейбіреулері басын изеп қалып, біреулері жапырыла түсіп жол берген коммунистердің арасын жарып, аласа сахнаның алдына қарай сызды. Оның сырт пішіні, мына қоңырқай түрде киінген, жел мен күнге тотығып көбінің жүзі қара қайыстанған жандардың арасында, кәдімгі мыжырайған көп мүриттерінің ортасындағы Хамидолла хазіреттің аң сәлделі, аң жібек шапанды, күн шалмаған ақсұр бетті, бойлауың мүсініне ұқсап кетті. Оның үстіне бас изегендерге еңкеймей, қол созып қалғандарды елемей өткені «көзіне жан ілінбейтін мынауың бір масқара ғой өзі» деген сырттан сынағыш халықтың аузына жағымсыз сыбыс салып кетті.
Әлеуов сахнаның оң жағында әңгімелесіп тұрған мейлінше жүдеу Козеев пен хатшы Дәулетовқа да болар-болмас бас иіп, тілдеспестен президиум столына өрлей берді. Жұрт көзіне жаңа уаткомның бұл өрлігі де ілінбей қалған жоқ. Арт жақтан біреудің:
— Президиумнан басқа жерге отырып көрмеген көсем ғой! — деген ащы мысқылы және оған жауап ретінде екінші бір адамның:
— Е, солай болмағанда. Үсті-басың шаң-шаң боп ауылдан келген сен қара сирақтың қасында отыра ма! — деген күңгірт кекесін де естіліп қалды.
Уездік партия комитетінің хатшысы әлде естімеді ме, әлде басшы қызметкер жөніндегі көлденең сөзге құлақ тігуді орынсыз деп тапты ма ол, әйтеуір, қасындағы болатком ағасымен болып, Әлеуовтың өзіне де, ол жөніндегі айтылған сөздерге де назар салмады.
— Қаулы алынғаннан кейін іске кіріспеуіңіз жарамайды, — деп хатшы қасындағыға қадаңқырап ескертті.
— Сіз солай дейсіз ғой, бұл орынды ескерту. Сонда да, еһ-еһ-еһ... — деп көмейімен күліп қойды Қарабай Көзеев, хатшының сөзін қостаған-қостамағанын ашпай.
— «Сонда да» дегенді қойыңыз. Осы пленумнан кейін іске кірісіңіз, — деп тұжырды уком хатшысы сөзін.
Бірақ оған Көзеев:
— Байқадыңыз ба... Ақ теректің жанындағы қатқан қара ағаштай болып отыр дейсіз бе? Еһ-еһ-еһ, — деп Әлеуовты иегімен көрсетті.
Дәулетов жаңа ғана сахнадағы столға жетіп, оған отырып та үлгерген уаткомға жалт қарады да, оның жұрттан бұрын бір өзі барып отырғанына мырс етіп күліп жіберді. Ол сонсоң басын шайқап, дыбыссыз көмейден күлген Көзеевтің ақ тастан қалап қойғандай ақсия тізілген тістеріне бірінші рет көзі түсті. Бұрын мұны ол байқаған жоқ еді. «Тісі қандай әдемі, бет әлібі де келісті. Әттең тек жүдеу адам» деп ойлады Ғабдол Дәулетов оны аяғандай.
— Рас айтасыз. Уатком председателі біздің арамызда ақ терек сияқты. Бірақ қара ағаштың да орны бар. Көруге қораш нәрсенің дәнді, нәрлі болатыны да көп қой, — деді ол Көзеевке «аурулығың мінің емес» деген сенім беріп.
Көзеев пен Әлеуовтың сырт айырмасы өзгеше, көрінім жердей көзге түсетін айырма еді.
Өмір бойы жалшылықта келген Қарабай Көзеевтің түрінде аса ауыр тұрмыстың ащы жылдары басқан таңбасы «мен мұндалап-ақ» тұр. Жасы қырықтан аз ғана асса да оның өңі алпысты қусырған адамның өңіндей: қара қайыс маңдайда әжім жырасы айқыш-ұйқыш; етсіз шықшыттың терісі керіп қойғандай — оңыс қозғалса сүйегі тесіп шығарлық ал екі ұрты омсырайып әрі құлап кетіпті де, бет сүйек бері қалыпты; бірақ әріден қараған көз түбінде өзгеше бір құр жатыр. Ол нұрдың әлсін-әлсін ұшқын атып, жүздескен жанды бірде суың, бірде жылы шырайға бөлеуі оның ойлы қайраткер екеніне айғақ қасиет сияқты.
Әлеуов сияқты оның екі иығы да тең емес, бірі жоғары, бірі төмен және сұр гимнастерканың ішінде бос жатыр.
Қарабай Козеев соңғы екі жылдың ішінде ғана қосшы ұйымынан көтеріліп, әуелі ауылсоветке, сонан кейін болыстың атқару комитетіне тораға болып сайланған шала сауатты, бірақ есті, өте-мөте алғыр және сөзге ұста қызметкер еді. Өткен жұманың ішінде уездік атқару комитетінің төрағасына орынбасар етіп белгіленген болатын. Бірақ жаңадан келген уатком председателінің бір көргеннен-ақ мінезін ұнатпай, Қарабай себептен себеп іздеп жұмысына кіріспей, волисполкомнан босанбаған күйі осы пленумға келген. Уком хатшысына: «Ақ терек жанындағы қатқан қара ағаштай болып отыр дейсіз бе?» — дегені де оның сол уаткомға келуін ауырлағандық еді... Мұны қазір Дәулетов Козеевтің «Әлеуовпен істесе алмаймын ғой, босқа қыстап қайтесіз» дегені ме деп ойланып қалды. Хатшы ішінен: сырт пішіні де, мінезі де әдейі бір-біріне қарсы жаратылған жандар сияқты. «Білімсіз батрак пен оқыған және оның үстіне кербез Әлеуов бір мекемеге сыйыса да алмас. Қарабайдың іші мұны сезіп те жүрген шығар» деп түйді ойын. Мұнан кейін хатшы өзінің басын тұқырта жүретін әдетімен, еденнен әлденені іздегендей, төмен қарап аңырын жүріп барды да, аласа сахна үстіндегі столдың жанына келіп жиналысты ашуға кірісті:
— Уездік партия комитетінің бақылау комиссия мүшелерімен бас қосқан пленумы ашың деп жариялаймын. Бұл пленумға басшылық ету үшін бюро мүшелері мына стол жанынан орын алуын өтінемін, — деп Дәулетов отырғандарға мұны қалай дейсіңдер деген үнсіз сұраумен көз тікті.
Жұрт шабандау басталған қол соғуды бірте-бірте үдете келіп, бір кез бүтін клуб дүрліккен біртүтас шуылға айналды. Өзі де президиум столының орта шенінде отырған Әлеуов, «председательдік міндетті сіз атқарасыз ғой» деп айтып үлгіргенше Дәулетовтың қолынан қағазды алып, күн тәртібін жариялауға кірісіп кетті:
— Екі мәселе қаралмақшы, бас қосқан пленумда, — деді Әлеуов қағазға қарап тұрып. Сонсоң ол басын көтеріп алып жамырай көз тіккен ала шұбар киімді, қара қоңыр жүзді, үркек отырысты ауыл коммунистерінен жоғары, сонау алдыңғы жапсарға қадалып бірер минут тұрып қалды. Ол бір терең ойын жиып ала алмай, сөзді қалай саптарын ойлап қалған адам сияқтанды. Клубтың орта шенінде отырған бірнеше кісі «не болып қалды» дегендей тораға көз тіккен жаққа мойындарын жапырла бұрып, бұлар да жапсарға қарай қалысты.
— Ың-ық, — деп тамағын кенеп қойды, дәті шыдамаған біреу, тап президиумның қарсы алдынан.
Біреулер қиюы қашқан қарағай скамейкаларды сықырлата түсті де, бір-екі адам «таңқ, «таңқ» сіңбіріп те жіберді. Дегенмен, жұрт өздері бұрын көріп білмеген төрағаның бұл оғаштау қылығын сөзбен сынап-мінеп, сыбыр-күбірге түсе қоймады, тек қыбыр-қимылымен ғана елегізе түсті.
— ...Бұл екі мәселенің бірі, — деді Әлеуов, енді есік жақты көзбен сүзіп, — «крайкомның үшінші пленумы қаулысын іске асыру нәтижесінде ауыл коммунистерінің сана-сезімі мықтап өскені» жайлы; ал, екіншісі болыстық қосшы ұйымы кедей батырақтың белсенділігін қалай көтеріп жатқаны жөнінде. Бірінші баяндама уезд партия комитетінің хатшысы Ғабдол Дәулетов жолдастікі, екінші баяндаманы... — Ол Қарабай Козеевке көзін тігіп: — Сіздің фамилияңыз қалай еді? — деп сұрады.
— Козеев Қарабай жолдас, — деп түзеді Дәулетов.
— ...Қарабаев Козей жолдас жасайды!
— Қарабаев емес, Көзеев Қарабай! — деп айқай салды кейінгі жақтан көзі шатынаған бір жігіт.
— ...Иә, Қарабай Көзеев... — деп Әлеуов тағы да есікке қарады. — Есік жабық па? Есік алдында неге адам тұрмаған? Клубтың қызметкерлерінен кім бар? Тәртіпті білмейсіңдер ме? — деп, әлдекімдерге сұрақ жаудырта бастады.
— Ұрлық жасап жатқанымыз жоқ қой, соншама! — деді әлгі кезі шатынаған жігіт дауыстап.
Оның сөзіне жауап берместен Әлеуов:
— Күн тәртібіне қарсылық жоқ, — деп қорытты да, Дәулетовқа сөз берді. — Тынышталыңыз, жолдас Дәулетов баяндамасына кіріседі.
Өлкелік партия комитеті үшінші пленумының ауыл коммунистерін өсіру жөнінде, шын мағынасындағы советшіл, партия жолын тура алып баратын коммунистер тәрбиелеу ісінде маңызы өте зор болғанын, рушыл, жікшіл, байшыл кадрлардың орнына жаңа кадрлар тұрғанын айта келіп, Дәулетов екі-үш көзге көрінерлік мысал тартты.
— ...Соңғы екі жыл ішіндегі жұмысымыздың нәтижелі екенін мына бір жай жақсы дәлелдейді, — деді ол, үлкен қол орамалымен сары айдын сияқты кеп кең маңдайын солдан оңға қарай сыпыра сүртіп. — Уезд көлемінде барлық жауапты жұмыстың тең жарымын кедей табынан шыққан, партияға шын берілген коммунистер атқарып отыр. Уездік қосшы бөлімінің бастығы бұрынғы қырық жыл управитель болған Омаровтың есігінде күні еткен жалшының баласы.
Залдағылар президиум столының жанында отырған қосшы бастығына қарай қолдарын соқты.
— Ал, уездегі ең жауапты, ең қадірлі орын атқару комитет болса, оның председателіне орынбасар етіп мына алдарыңызда отырған Қарабай Козеевті ұсындық. Қарабай он жасынан байдың есігінде жүрген, қырық бес жасының отыз бес жылын арқасы арша, борбайы борша, еңбегі еш, тұзы сор болып өткізген жалшы. Егер Совет өкіметі орнамаса, Коммунист партиясының әділ саясаты болмаса, партияға тірек қосшы ұйымы құрылмаса Қарабай Козеевтер кім болып өтер еді? Олар өмір бойы тұрмысқа лағнет айтып, мәңгі-бақи теңсіздік, табан астында өтер еді.
Жұрт бұрынғыдан да күштірек қол соқты.
...Міне, біздің көзге көрініп тұрған табысымыз... Алда үлкен кезең тұр. Сынды кезең тұр. Ауылды түбімен өзгертіп, жаңа өмірге көшіру міндеті тұр. Бұл міндетті көңілдегідей орындап шығу үшін барлық жұмыста біз саналы кедейге сүйенуіміз керек. Байлардың ықпалын мүлдем жоюға кірісуіміз керек. Бұған таяуда кірісеміз. Сондықтан әлі де әлдінің сөзін сөйлеп, астыртын амалын асырып отырған ескі оқығандарды — бұрынғы мировой судья, губерниялық уездік тілмаш болғандарды, ақ казактар кезінде халыққа зиян келтірген, бірақ қазір жасырынып арамызда қулығын асырып жүргендерді, хан шашпауын
Көтергендерді жауапты қызметтен, керек болса тіпті совет орындарынан босатуымыз керек. Олардың орнын білімі аз болса да, ниеті таза, өз өкіметін өзі таныған, танып қана қоймай, іске жетіліп бара жатқан өрі ақылды, әрі алғыр, мына отырған өткір Қарабайлармен толтыруымыз керек. Ал ауылдағы шаруашылық түрді артельдік, кооперативтік-бірлестік формаға көшіруге жол ашу үшін, қосшы ұйымдарының мәжілістеріне, жалпы еңбекшілер жиналысына салып, ең зиянды, ең дәулетті қанаушыларды еңбекші бұқарадан іргелерін аулақтата бастауымыз керек...
Баяндама тыңдаушыларына тегіс ұнаған сияқты болды. Бірақ, уком хатшысы сыртқы көрінісі ғана ала-құла емес, білімі де ала шұбар, кешегі ауылдан шыққан шала сауатты волком мүшелеріне түсінікті сөйлеу үшін қазақ тілінің халықтың жағын көбірек іздеп қара терге түсті, ол «көп терминдердің ұғымды түрін тауып айтамын деп коп кідіріп, сылбыр сөйлеп алдым ба?» деп қауіптенді. Бірақ көбірек пікірлесетін Жүнісов әрегірек отырды да, баяндаманың қалай шыққанын сұрай алмады. Өзінен соң сөйлеген Қарабай Козеев жалпаң тілмен баяндап, ойын өте айқын мүлтіксіз түсіндірді. Дәулетовқа Қарабайдың тілі де жұрттың күнде айтып жүрген, әзілдесіп сөйлесетін тіліндей әрі жатық, әрі көңілді күлкісі аралас қызық көрінді. Баяндамасы жөніндегі хатшының күдікті ойын жарыс сөзге шыққандар сейілдіре бастады. Олардың біреуі: «Уком хатшысының тасқа таңба басқандай айқын пікірі, дәлелді сөзі бізге сабақ» деп өте жоғары баға да беріп кетті. Ал уездік оқу бөлімінің бастығы: «Уком хатшысының терең мағыналы, көкейге қонымды сөздеріне қосуға болады? Алар, қосарымыз жоқ», — деп бастады. Алайда жұрт Әлеуов сөйлегенде елегізе қарап, оның сөзіне құлақтарын ала-бөле тіге қалысты. Өйткені:
— Енді менің өзіме бірер ауыз соз айтуға рұқсат етіңіз, бірақ менің сөзім, осындағы кейбір жолдастардың жібектен жұмсақ, үкіден жеңіл, майда, мөлдір, сылдыр сөздерінен айырмасы молырақ, — деп бастап, ол тағы да баяғы клубтың алдыңғы жапсарына қарап тұрып алды.
— Қап, мынаның... — деп қалды бағанағы көзі шатынаған жігіт.
— Мынауың хатшыңнан да асырып түсірер... Көкжиекке көзін тағы қадады ма?..
Бірақ бұл сөздерге елең етпеген шешен, керекті кідірісін жасап алып баппен тыныстап, айтарын шегелей сөйлеп, бастаған ойын соза жөнелді.
— ...Айырмасы молырақ болатын себебі: мен баяндаманың мүкі жағын ұластырыңқырап және сылаңқырап жібермекпін. Сылағанда оны майлап-сылап олқы жерін бүркей салу емес. Кейбір түсініктерді ашыңқырап, кейбір кетіктерді толықтырыңқырап, кейбір көрініп тұрған міндерін түзеңкіреп жібермекпін. Жолдас Дәулетов мәселенің партиялық жағын ұштаңқырап айтты; пленум қаулысын толық қамтып, ауыл жөніндегі саясатқа, кеңес орындарын ұлт кадрларымен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқтады. Алайда, осы міндеттерді алға қойғанда біз анықтай кететін бір үлкен жағдай бар. Ол жағдай ұлт республикасының ұлттық жағдайы, ұлттың айырмашылығын естен шығармау мәселесі. Өздеріңізге белгілі, Оралдың губисполкомының председателі Әзекең бір сөзінде: «Біздің қазақ аулы орыс деревнясынан басқа. Ауылмен деревняның айырмасы зор. Бұл айырма алдымен шаруашылық экономикалық факторлардың басқашалығынан, мәдениет сатысының бірі ілгері, бірі төмен жатқандығымен байланысты», — деді. Ал, осы жайды айта келіп ол: «Қазақ байы мен орыс кулагын бір өлшеуішпен өлшеуге болмайды», — деді. Осы бір данышпандық сөздің біз үшін бүгін ең бір қасиетті жағы бар. Ол ұлт қадірін өсіргенде оны тыңнан туғызамын демей, бұрынғы барға сүйене отыру. Дәулетовтың баяндамасында бұрынғы оқығандарды кеңес мекемелерінен босату дегенге айрықша мәнді қойылды. Бұл тап бүгін бас салып қолға алатын міндет болып табылмайды. Өйткені ескі үзікті сыпырып тастап, жалаңаш үйде отырып жаңа үзік тігемін деу шебер шешейлердің әдеті емес. Кеңес мекемелерін, әсіресе жер-су бөлімін, қаражат-ақша бөлімін, тіпті сот-тергеу орындарын білімді қазақ жігіттерін халас етіп, даңғыраған бос мекемеде отырып қалсақ, бұл тап күні бұрын көне үзікті сыпырып тастағанмен бірдей болар еді. Сонсоң... — деп уатком ағасы клубтың есігіне тағы да түйіле қарап: — Есік жабың па? Есік алдында кім бар? — деп кідіре қалды,
— Есік берік, сайтан кірмесе, адам кірмес, — деді сол баяғы көзі шатынаған жігіт.
— ...Сонсоң, жолдас Дәулетовтың соңғы сөздерінің ішінде ауыл шаруашылығы артельдік-кооперативтік жаңа форматқа көшу үшін жол ашуымыз керек деді. Бұл сөзді анықтаңқырап кетпей болмайды. Жол ашу, жол беру деген жақсы нәрсе. Жаңа нәрсеге ескі нәрсе жол беруі қажет. Бұл диалектика заңы. Ескі тозып, оның орнына жаңа келеді. Ал сол жаңаны келтіру ісі коп шеберлікті, үлкен сақтықты керексітеді. Жолдас Дәулетов ең зиянды қанаушыларды бұқарадан аулақтату шарт деген сөзбен түйді ойын. Қанаушыны жоғалту әдісі қалай болды? Міне, осыны ойласуда біздің көреген азаматтарымыз өте саң болуды ескертеді. Бай — қанаушы. Бұған сөз жоқ. Ал сонымен бірге бай — тәжірибелі шаруа. Екі шаруаның бірі, тіпті торт шаруаның бірі бай бола алмайды. Қаншама ол бай боламын деп ұмтылса да, қолынан келмейді. Бұған тәжірибе керек, шаруашылықтың тілін білу шарт. Малды қайткенде екі етуді, егінді қайткенде бітік шығаруды білген адам дәулетін молайта алады...
— Сонда шаруашылықты жаңа формаға түсіру үшін бізге үлгі көрсетіп «тәжірибелі» байлар арамызда ақылшы болып отыруы керек пе? — деп қалды Жүнісов, оның сөзін бөліп.
— ...Бұл аса ақылды сұрау болып табылмайды, жолдас... Әңгіме тәжірибе жөнінде; әңгіме мал бағу, тары егу сияқты атам заманнан келе жатқан кәсіпті жаңа түрге айналдырған кезде ескі деп қолда бардың бәрін түбінен қопара салмауда. Ақырындап, ақылмен іс істеуде. Ұлттың ерекшелік барын, яки қазақ даласының тіршілік сипаты басқадан бөлек екенін ұмытпауда. Міне, өмірдің осы сияқты жақтарын біз іске кірісерде көз алдымыздан таса етпеу борыш. Ал, кәне, тағы кім сөйлейді? Қарабаев жолдас, немене, түсінбей қалдың ба? Түсінбегеніңді сұрап ал, түсіндіруге біз міндеттіміз.
— Мен түсінбегенімді сұрау үшін қол көтергенім жоқ, түсінгенімді айту үшін сөз сұраймын, — деп Козеев тамағынан күлгендей бір күңгірт дыбыс беріп, сайдың тасындай тістерін ақсита қалды.
— Болады, болады. Әрине, түсінгенін ортаға салу үшін, басқаға түсіндіру үшін жиналыстар жасалады. Кәне, айта ғой, — деді Әлеуов Козеевке иегін қағып.
— Мен уком хатшысының баяндамасын бар зерімді салып тыңдадым, бар зейінімді қойып ұғуға тырыстым. Түсінбеген сезім де болған жоқ, ұғынуға түрпі мінін де тапқаным жоқ. Жалғыз Дәулетовтың сөзі ғана емес, менің бар ынтам мен құлақ тіккен нәрсем жолдас Әлеуовтың да сөзі болды. Өте шебер сөйлейтін кісі екен, Әлеуов жолдас өте-мөте әдемі келтіреді екен сөз кестесін. Біздің елде ет асатқыш Майжан деген кісі болып еді, оны жұрт май асатқыш Майжан деп кеткен. Майжанның асатқан еті көмейіңнен әрі қарай өзі құлап кететін еді, өйткені оның бармақтары сондай епті еді, буыны жоқ еді. Майысып жататын еді, етті көмейіңнің тап аузына апарып қоя қояды, тіпті оның асатқанының ішінде не барын да аңғармай қаласың. Құйрық пен бауыр ғана ма, әлде солардың арасына қыстырып жіберген желке де кетіп қала ма?! Әлеуовтың шебер сөзін тыңдап отырып, менің көз алдыма тап сол Майжанның ет асатқаны келе қалғаны, е-е-е, — деп Қарабай көмейін қолпылдата қалды да, оның сол сәтте ақсия ңалатын тістері Әлен Әлеуовқа әдейі істегендей, аузы келеке үшін ыржиғандай көрінді...
— Козей жолдас, айтатын пікіріңізге қарай иіліңіз, нақты сөзге көшіңіз, — деді Әлеуов оған, бірінші рет сыпайы «сіз», «бізге» көшіп.
— ...Мен шалқақ адам емеспін, өмір бойы иілумен, еңкеюмен келем. Бұл жолы да солай, Әлеуов жолдас, — деп тамағын кенеп қалды Қарабай...
— О, байғұсың, қадаңқыра! Түйреңкіре! — деді бағанағы көзі шатынай қалған жігіт Көзеевке риза болып. •
— ...Осында отырған адамның жүзден сексені кедейдің арасынан шыққан, кедейдің жоғын жоқтайтын, кедейдің көзін ашып келе жатқан коммунистер. Дәулетовтың айтқаны, міне осы. Бұл менің бірінші түсінігім. Сіз, Әлеуов жолдас, менен: «Түсінбей қалдың ба, Қарабаев!» — деп сұрадыңыз. Мен Қарабаев емеспін, Козеевпін, мұны сіз байқамай қалған шығарсыз, жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ. Ал мен сізге түсінгенімді айту үшін сөз сұраймын дедім. Менің баяндамадан екінші түсінгенім: «Қырық жыл правитель болған адамдарды, және солардың сөзін сөйлеушілерді, жоғын жоқтаушыларды, кедей өкіметінің басына бұдан былай қоя алмаймыз», — деді Дәулетов. Осы күнге дейін бір әлдінің төңірегінде он бес — Жиырма сорлы қоңсы қонып жүр. Олардың біреуі шөбін шапса, екіншісі әлдінің қора-қопсысын жөндеседі. Үшіншісі құдығын қазысса, төртіншісі етігін жамап береді, бесіншісі қойын қырықса, алтыншысы пішенін үйіседі. Жетіншісі егінін орысса, сегізіншісі қысқы үйін майлап жатады, тоғызыншысы малын суарса, оныншысы тағы сондай жұмыстарын істеседі. Ал бұлардың әйелдері байекеңнің отынымен кіріп, күлімен шығатынын бұған қосса не болады? Сіздің тәжірибелі байыңыз міне, осылай мал жинап отыр... Осыларды ендігі жерде байекеңнен бөліп, жәрдемдесейік, өз еңбегінің жемісін өздеріне жегізейік, деді хатшы, — бұл менің үшінші түсінгенім. Ал төртінші түсінгенім... баяғы Майжанның ет асатқанындай, сіздің шебер сөзіңіздің ішінде кедейге ас болмайтын желке де бар ма деп қалдым...
— Тәртіпке. Тәртіппен... — деп қызарып кетті Әлеуов. — Дәлелмен сөйлеу керек, жолдас Козеев.
— Бесінші түсінгенім: тағы да сол Майжаннан шығады. Майжанның асатуына біз көзімізді сатып, ай қарағандай қарап, оның көзі қашан түсер екен деп бақтық, өйткені одан басқа асатушы жоқ, оның бергені желке түгіл сүйек болса да қылқ ете түсіретін күйде едік. Ал, қазір сүйек асату түгіл, қара кесекке де көнбейтін, бауырды да талғап қалатын күйге жеттік. «Бай қанаушы болғанмен тәжірибесі бар шаруа» деген сөзге мен өзім түйіліп қалып тұрмын. Е-е-е, бұл бесінші, жоқ, алтыншы түсінігім.
Козеев сахнадан түсе бергенде жұрт ду ете қалды. Абыр-жұбыр әңгімеге мақұлдаған бас изесулер қосылып, мәжіліс басқарушыға көпке дейін ырың бермеді. Ол кезектегі сөйлеуші Жүнісовке сөз бергенде де көзі шатынаған жігіт:
— О, байғұсың жарайсың. Солай болмағанда ше! — деп жатты.
— Совет заңының ең асыл қасиеті — еңбекті қорғау, еңбек несі еңбекшілердің мүддесін қорғау, оның түп қазығы пролетариат үстемдігін орнатуда, қанауды жоғалтуда, — деп бастап, прокурор Жүнісов ауылды советтендірудегі прокуратураның ісін айта келді де, баяндамашыны қолдады. — Партияның ауылдағы қазіргі басты жұмысы — тап күресін басқару. Қанаушы таптың амал-айласын қырқып, кедей шаруаның мерейін үстем ету. Осы ең басты және ең ірі міндетті ауылда қалай жүргізуді Дәулетов жолдас аса мазмұнды түрде жобалап берді. Біздің бұған қосарымыз жоқ. Сонымен бірге Әлеуов жолдастың сөзіндегі құлаққа басқаша ызың құятын бір өзекті әңгіменің ұшын елемей кетуге болмайды. Мен Әлеуов жолдасқа сөз үстінде сауал қойдым. Бірақ ол сауалыма «бұл ақылсыздық» деген жауап алдым. Неге ақылсыздық, қалайша ақылсыздың, бұған шешен түсінік беруді орынды көрмеді білем, үндемеді. Ал Көзеев жолдас бұл жайды образды түрде «мен түйіліп қалдым» деп сынап өтті. Бұл шын мәнінде бәрімізді түйілдіретін жай. Әлеуов жолдастың сөзін бастан-аяқ тыңдаған кісіге: «Абай болыңдар, байқаңдар. Ескіні жығып салып, жаңаны орната алмай шерменде қалмаңдар. Қазақ аулы орыс деревнясынан басқа. Қазақ байы орыс кулагынан момынырақ. Ал, бай дегеніміз бір жағынан тәжірибелі шаруа» деген ызыңды құлаққа құйды. Бұл көптен естіп жүрген ызыңымыз. Бірақ мұны Әлеуов жолдас өте шебер тілмен бал қаймақтай етіп берді. Қарабайдың образды сөзімен айтсақ, «құйрыққа қосып желкесін де, шеміршегін де, тіпті сүйегін де асатып жіберді». Бірақ бұл түйіліп қана қалатын нәрсе емес, өлтіретін, өте қауіпті зат. Ойлап қараңызшы, «бай дегеніміз тәжірибелі шаруа» деген сөз; «ауыл шаруашылығын өркендетем десең, байға тиме, байды қозғама, байдың мазасын кетірме» деген соз ғой. Бұл баймен тату өмір сүріп кетсең қанау да болмайды, жеке меншік дегеніміз зиянды нәрсе емес, пайдалы деген қисын. Мен мұны әрілетпей-ақ қояйын; жалғыз-ақ айтатыным бұл — байшыл оқығандардың көптен айтып жүрген, көптен зарлап келген сарыны. Мұны біздің өлкелік комитет әлдеқашан әшкерелеген, біз бүл пікірден аулаң болуымыз керек. Партия қолдаған, еңбекшілер қостаған жолдан байды да, байшылды да шеткері шығару шарт. Қанаушы мен қаналушыны қол ұстастырып, қой үстіне боз торғай жұмыртқалатам деу — сол қанаушыны жақтаудың нағыз ұят түрі. Бұл төңкеріс жолынан ауа жайылу.
Көп адам сөз сөйлеп, көп пікірге жол ашқан пленум, кештетіп аяқталды. Қатты сындар қаулыда жазылмағанымен, жаңадан келген уатком басшысына ауыр тиді. Ол неге екені белгісіз, «алыста жатқан уезде саясат жөніндегі терең мәселелер түсініксіз қалады, оны көпке жеткізетін адам аз және көптің құлағына үлкен проблемалар сіңбейді» деп ойлайтын. Бүгін ол аяғын аңдаусыз басып, теп-тегіс деген жерден де сүрініп кеткен адам сияқтанды. Төменгі қызметкерлердің кейбір жерде ісі ақ қанжардың қынындай болса, сөзі оның жүзіндей келетінін Әлеуов бүгін ғана сезді. Ол өте тұнжыр қайтты. Ішінен «ақымақсың, байқамайсың!» деп өзін де жерледі, «жер астынан жік, екі құлағы тік шыққан мыналарды көрдің бе!» деп уездің қызметкерлеріне де тісін қайрай түсті.
4
Әлеуов үйге кірісімен Тәжімұрат есіктен сып ете қалды.
— Әлеке, сізге жолықсам дейді бір азамат. Мен оған: «Кеңсеге неге бармадыңыз, үйде сөйлесу лайықсыз болар» — деп ем: «Жай ғана мәселе, кеңсеге баратын официальный жұмыс емес. Жөне оның үстіне Әлеуов жолдас мені біледі, қарағым, сен рұқсат сұрап шыға ғой!» — деді. Қалай дейсіз, Әлен аға?
— Кім ол? Оқыған адам ба?
— Ақметше Мұқаметшин дейтін кісі.
— Білемін. Ол кісі жөнінде телеграмма бар крайдан.
— Сол кісі, білсеңіз...
Әлеуов аз ойланып тұрды да:
— Білгенде мен атын ғана есіттім, дұрысы телеграмманың айтуымен таныспын. Қандай адам дейсің? — деп қайталап сұрады Тәжімұраттан, көңілсіздеу пішінмен.
— Сіз шаршағансыз ғой...
— Иә, қатты шаршадым. Дегенмен, қалай дедің фамилиясын?
— Мұқаметшин.
— ...Дегенмен, қандай адам екенін көрсем бе деп те ойлап тұрмын. Телеграмма тіліне қарағанда мән-мағына берерлік маман ба, қалай, а?
— Ақметше Мұқаметшин дейтін кісі. Өзі елде, шаруашылық жұмысындағы адам. Шаруашылық болғанда; мал өсіру, мал тұқымын асылдандыру жөнінде ғылыми тәжірибе жүргізіп отырған ғажап жаңашыл жан. Көрсеңіз сөйлессеңіз, қандай кісі екенін бірден түсінесіз. Кірсін бе? — деп таңдайы тақ ете қалды Тәжімұраттың.
— Қайда отыр, сыртта ма?
— Жоқ, үйде... менің бөлмемде.
— Шақыр.
— Жақсы, Әлен аға.
Тәжімұрат шығысымен Әлеуов шашын тарап, мұртын сипап өтті де, «ғалым біреу ғой шамасы. Мал тұқымын асылдандыру жөнінде тәжірибе жүргізіп жүрген жан» дейді. «Бұл қазақ даласында не жоқ дейсің?» деп ойлады ол, айнадан есікке қарай бұрылып.
— Ақа, әңгіме ашық арнасында көрінеді. «Білемін, крайдан телеграмма бар ол кісі жөнінде» деді. «Қандай адам екенін көрсем бе деп те тұрмын» деді. Мен: «мал тұқымын асылдандыру жөнінде ғылыми тәжірибе жүргізіп отырған адам деп сырттан таныстырып та қалдым, — деп Тәжімұрат Ақметшеге жалаң қағып, сыбыр ете түсіп еді, бірақ Мұқаметшин оны тойтарып тастады.
— Мен өзім де сөйлесе білемін ғой. Кім екенімді шолақ атқамінерлерше сырттан айтудың қажеті қанша. Әр нәрсеге әр қашан да парасатпен ақыл мұнарасынан көз тігу керек. Балаша елбең қағатын осы мінездерің қашан қалар екен?! — деді ол жат сабағынан жаңылған шәкіртін құлақтаған молдадай сөзбен шабақтап.
Тәжімұрат жым болды. Ақметше аяғын ақырын басып, Әлеуовтың үлкен, кең бөлмесінің есігін қақты да, «рұқсат» деген сөзді естіп ішке енді.
— Жоғары шығыңыз! — деді Әлеуов Ақметшеден көзін алмай. — Мына орындыққа...
Әлеуов келбетті, қара сақалды Ақметшені «орыстың ескі ғалымдары сияқты» деп қалды да, киіміне қарап, «Еділ бойының ұзын бешпетті көпестерге де ұқсайды екен» деп ойлады. Ақметше оған бір көргеннен-ақ қатты әсер етті. Ұзын бойлы, қара торы, көз айналасы күлкі шырайын көбірек беретін жұмсақ сызықтармен безелген, еріндері жұқа. Ал шоқшалау келген шымқай қара сақал сопаң жақты, шықшытсыз бетін одан әрі ұзартып тұрған сияқты. Жүрісі, аяғын жеңіл басқанмен аса салмақты көрінді де, тік тұрып, жұмсақ лебізбен асықпай сөз бастауы үй иесіне «аса көргенді адам екен» дегізді.
— Мекеніңіз жайлы болсын, — деді Ақметше, сол қолымен аңырын ғана сақалын сипап,
— Әлей болсың,
— Айыпқа бұйырмаңыз... — деп, үй ішіне көз тастап өтті де, Ақметше ешбір көлденең сөз қыстырмастан әңгімесіне тура жол тартты. — Биыл, міне, бес жыл болды, өлкелік жер-су бөлімі қызметке шақырғалы. Бірақ өлке көлемінде басқару ісіне тәжірибе аз болғандықтан ондағы азаматтардың жылқы өсіру бөліміне кел дегенін қабыл алмай қойып едім. Биыл сол шақыру қайтадан қозғалды. Оған себеп: менің аз-мұз істеген ауылдағы тәжірибемді жер-су бөлімінде ғалым-зоотехник міндетін атқаратын орыс жігіті көріп кетті де, соның қолқа салуынан болды. Ол азаматқа иә барамын, иә бармаймын деген үзілді-кесілді жауап менің тарапымнан болған жоқ. Сонда да ғалым-зоотехник қолқа салуын қоймай, телеграмма үстіне телеграмма соғып жатыр. Осы жөнінде сізбен тілдесейін деп келіп едім. Ертеңге дейін күтуге үй ішінің бір ауыр жағдайы мүмкіндік бермей, сізбен кеш те болса, пәтеріңізге келу лайықсыз да болса, жүзбе-жүз сөйлесуге мәжбүр болдым.
«Жер-су комиссариаты бес жылдан бері қызметке шақырумен келген бұл белгілі адам болды ғой. Үлкен маман-ау шамасы», — деп ойлады ішінен Әлеуов. Оның мына әрі көрікті, әрі ескінің көзіндей өзгеше қазаққа көңілі кете бастады.
— Кешіріңіз, білмеу айып емес, білуге тырыспау айып дейді ғой қазақ. Сіз қай жағынан... қай саладан маман едіңіз? — деп сұрады Әлеуов.
— Бұл сауал маған қиын сауал болды, — деп езу тартты Ақметше. — Менің жоғары дәрежелі білімім ғана бар. Ғылыми түрде тәжірибе арқылы үлкен мамандыққа ие болған адам емеспін.
— Сонда да, бітірген мектебіңізді, әлгі айтқан ауылдағы тәжірибеңізді толығырақ сұрап білуге болар ма екен? Сұлу сақалын сол қолымен ақырын ғана сипап өтіп, Ақметше күткені осы сұраудай-ақ ілесе жауап қатты.
— «Санкт-Петербургская высшая сельскохозяйственная школа» деп аталады менің бітірген мектебім. Оған көп заман өтті, биыл он сегіз жыл. «Мемлекеттің, ұлттың тірегі белді шаруашылықта, үлгілі хозяиндерде; америкаша ғылым мен техника жемісін пайдалана білуде», — деп еді профессор Милюков. Тап сондай болмағанмен қазақ даласына лайқатты шаруашылық түрін енгізіп, өнімді шаруашылықтың асқар пайдасын көзге көрсету еді түпкі мақсат. Алайда, көпке үлгі етерлік ірі жұмыс жүргізе алмай, шағын ғана іспен айналысып, соның төңірегінде болып келдім. Өзіңізге белгілі, төңкерістен бұрын да, төңкеріс болғаннан кейін де Ресейде Европа үлгісімен қойылған ірі жеке шаруашылық та, мемлекеттік тәжірибелі шаруашылық та өріс алып кете алмады. Бұған түрліше әлеуметтік себептер кездесті. Ал бізде өнегелі жер жырту кәсібі де, асыл нәсілді мал өсіру тәжірибесі басталмай келеді. Осыған сай «тамшыдан тама берсе болар дария, істетпей ме ақырында бір молайып» деген аңын айтқан ақиқатқа сүйеніп, өз мекенім, өз жайымда тәжірибе ретінде бір кішкене шаруашылықтың табанын тарттым. — Ақметше сәл кідіріп, тамағын кенеп қойды. — Әрине жаңалық деген, әсіресе, шаруашылықтағы прогресс деген бірден егілмейтін зат. Бүл бірте-бірте енетін, халықтың білімінің молаюымен, отырықшылық мәдениетінің орын тебуімен байланысты нәрсе. Бірте-бірте ену табиғи заң. Европа елдерінің осу жолына көз жіберсеңіз, шаруашылықтағы өнімді түр бірден туа қалмаған. Жүнді көп беретін ланкашпр қойлары сан жылдардың жемісі, ағылшынның кәсіп өндірісінің тез өсуімен тізе қосып ілгерілеп келе жатқан жаңару. Жалғыз ағылшын емес, американдықтардың жаңаруы да солай. Бірақ тарихи, табиғи жайлармен байланысты американ елі тез жаңарған, тез ілгерілеп кеткен ел ғой. Онда шаруашылың мәдениеті біздің елмен салыстырғанда өте-мөте озық. Бұл, әрине кәсіпорындарының, өндіріс өнімдерінің озат өрістеуінен... Ал бізде барлың жағынан мешеу қалғандық бойды жаздырмай келеді. Лениннің Ресейді электрлендіру саясаты тез арада қолға алынса, бұл ауыл шаруашылығын да жетектеп кетеді. Осының бәрін есептегенде бізге көп еңбек, талап керек. Инемен құдық қазғандай мехнатты ұзақ жол өтуге тура келеді. Алайда, қарға адымымен аттасаң да ілгері ұмтылу — тарихтың қалауы...
Ақметше жанынан қол орамалын алып мұрнын сіңбіріп жатып, қандай әсер алды екен деп сынаған адамша Әлеуовтың жүзіне көз астымен қарап қойды. Ақметшенің аяқ алысына ден қоя бастаған Әлеуов басын шайқап:
— Солай деңіз... Ал сонда сіздің жасап жатқан тәжірибенің түрі қандай? — деп сұрады.
— Айыпқа бұйырмаңыз... — деп, үй ішіне көз тастап өтті де, Ақметше ешбір көлденең сөз қыстырмастан әңгімесіне тура жол тартты. — Биыл, міне, бес жыл болды, өлкелік жер-су бөлімі қызметке шақырғалы. Бірақ өлке көлемінде басқару ісіне тәжірибе аз болғандықтан ондағы азаматтардың жылқы өсіру бөліміне кел дегенін қабыл алмай қойып едім. Биыл сол шақыру қайтадан қозғалды. Оған себеп: менің аз-мұз істеген ауылдағы тәжірибемді жер-су бөлімінде ғалым-зоотехник міндетін атқаратын орыс жігіті көріп кетті де, соның қолқа салуынан болды. Ол азаматқа иә барамын, иә бармаймын деген үзілді-кесілді жауап менің тарапымнан болған жоқ. Сонда да ғалым-зоотехник қолқа салуын қоймай, телеграмма үстіне телеграмма соғып жатыр. Осы жөнінде сізбен тілдесейін деп келіп едім. Ертеңге дейін күтуге үй ішінің бір ауыр жағдайы мүмкіндік бермей, сізбен кеш те болса, пәтеріңізге келу лайықсыз да болса, жүзбе-жүз сөйлесуге мәжбүр болдым.
«Жер-су комиссариаты бес жылдан бері қызметке шақырумен келген бұл белгілі адам болды ғой. Үлкен маман-ау шамасы», — деп ойлады ішінен Әлеуов. Оның мына әрі көрікті, әрі ескінің көзіндей өзгеше қазаққа көңілі кете бастады.
— Менің тәжірибем өте шағын. Түйе тұқымын асылдандыру, яғни біздің елдің жағдайына қарай оның берер өнімін аз-мұз ғана арттыру дәрежесі сыннан өтіп келеді. Түйе құнды жануар. Алдымен ол төзімді көлік; сонсоң жүні қымбат, шудасы құнды, еті мол, сүті қуатты. Шөлге ең тезімді үй жануары — түйе. Бүл қасиеті оны шаруашылың жағынан қазақтың кең даласында тасымал тасуға келгенде теңдесі жоқ транспорт есебінде танытады. Мұнан өзге қасиеттері де келешекте ашыла түседі деп білеміз. Бұған әлі зерттеу жүргізіліп болған жоқ. Мысалы, шұбаттың емдік қасиеті мол, бірақ соны әлі біліп жеткеніміз жоқ. Менің адай інгені мен желмая үлегінен туған түйемнің қазақтың ез түйесінен қаншама артықшылығы барын әлі күнге есептеп шығаруға мүмкіндік болмай келеді. Өйткені бұған керекті жағдай жасауға қаражат кем. Тек қана бұл тұқымы өзгертілген түйенің күші, төзімділігі, жүрісі өзгеше екенін білемін. Көруге сұлу екені де даусыз. Басқасын көзге айқын елестететін әзірге дәлелдерім аз. Ал бұл түйенің күтімі: шөбі, жемі, қорасы, бағу тәртібі бұрынғыдан әлдеқайда артық. Бағасы күтімімен өлшенеді. Алатын өнім — шығарған шығымымен безбенделеді.
— Жемісті іс, үлгілі іс, — деп салды Әлеуов. — Мұны енді қалай, қай түрде ілгері дамыта беру керек?
— Міне, осы мәселе қол бөгейді. Жергілікті өкімет орны қолдаса ғана, басшы азаматтар тиісті бағасын бергенде ғана нәтиже шығатыны мәлім. Ал бізде ескі ұғым күшті, ғылым мен білімге сүйенген нәрсенің бәрін бірдей қолдай бермейтіндік бар. Жасыратыны жоқ, мені ескішіл дейтін ірі қызметкерлер көп. Мен ескішілмін, жасырмаймын. Бірақ қай түрде мен ескішілмін, қандай істе мен жаңашылмын, осыны айыра білу керек қой. Ескішіл халың ілгері жүре алмайды деген теорияны ағылшын тәжірибесі жоққа шығарды. Қарақыз, ағылшындарда ескіден келе жатқан заңдар мен тәртіптер, әдеттер мен ғұрыптар көп. Алдымен ағылшындардың корольдық (патшалық) жүйесі ескі, демократия көзімен қарағанда ескіні ескі қалпында сақтау үшін дүниеге келген консерваторлар партиясының өзі ескі; король сарайының бақташы полкына шейін атам заманғы формасын тастамауы, тағы осы сияқты толып жатқан ескішілдігі бар. Ал осыған қарай Англияны артта қалған мешеу, надан ел деп көріңіз! Мен сақал қойсам, киімді ескіше кисем бұл менің өз ісім. Мұнан халыққа келер зиян жоқ. Ал менің кішкене шаруашылығымның үлгісі елге өнеге бола алмай ма? Менің тәжірибеммен шаруашылығын жаңа жолға салып, тым болмаса бір ауылнай ел өзгерте бастаса, мақсаттың орындалғаны емес пе? Сіз естіген шығарсыз, естімесеңіз атын естисіз, бәлкім, өзін де керерсіз. Мына Шідерті ауылсоветінде Дабыл дейтін әлді шаруа бар. Анық санын білмеймін. Жұрттың айтуы: сол кісінің мың жарым түйесі бар көрінеді. Тіпті мың жарым болмай-ақ қойсын, бес жүз түйесі болсын. Сол бес жүз түйенің бергенін, менің тәжірибе жасаған бірінші буданның да жүзі өндіре алады. Қазақ қас айырдан нар туады дейді, бұл не деген сөз? Бұл үлек пен таза айырдан туған нар. Ал осы нардың өзі тәуір үш атанның жүгін тартады. Дабылдың мақарларының бесеуіне тұрады. Міне, нәсілдің араласуы мен асылдануы.
Ақметше тағы да қол орамалымен мұрнын сүртіп өтті. Ол Әлеуовтың жүзінен қатты назары ауған ықыласты, тыңдаушының елжірей бастаған бір нышанын да байқап қалды.
— ...Сіз, — деп қайта бастады Ақметше. — «Мұны енді қай түрде ілгері дамыта беру керек?» — деп сұрадыңыз. Мен осы сауалды сіздің өзіңізге қайтарып қойсам: «игілі іс — мұндай істі қолдаймыз, тәжірибеңізді соза түсіңіз. Бұл іс өкіметтің қолға алып отырған, алмаса да, енді-енді алайын деп отырған жұмысы; өйткені қазақ халқының халықтың атаққа ие болғаны малшы деген сөзбен жымдасып жатыр; оның төрт түлігі тарихи сүтін ақтап келеді, ал келешекте онан да әрі ақтауы шарт; етті, жүнді қой мен сүтті сиыр, жүрдек ат пен әлді түйе әлі де сан ғасырларға серік» дер едіңіз. Солай емес пе?
— Әлбетте. Мұны әрбір оқыған адам қолдауға тиіс, шаруашылығын өркендетуге білім жолымен кіріскен азамат құптайтын іс, — деді Әлеуов езу тартып. Оның шықшытты беті сәл ендей түсті.
— Өз болжалым да осылай. Өйткені, қазіргі қазаң оқығандары біздің тілегімізден көп әрілеген. Барлық жағынан да бізден көп ілгері басқан оқығандар. Жаңбыр тілеген сахарадай білімге ынтызар қазақ жастары бұрынғысына көп білім қосты, жаңадан оқи бастағандары білім нәрін жұтып үлгіре алмай жатыр. Олар ғылым жолын бізден де гөрі көбірек құрметтеуге тиіс, тек қана әр нәрсенің жұқалап бетін қалқып өтіп, жеңілге әуестенуші кейбір ұшқалақтары бүлдірмесе. Мен сіз мақұлдасаңыз мал тұқымын асылдандыру тәжірибесін қолымнан келгенше жүргізе бергім келеді. Сіз көріңіз, өз көзіңізбен бәрін өлшеп баға беріңіз.
— Сөзсіз қолдаймын, ақсақал, сіздің мына жұмысыңызды. Шет-жағасын Тәжімұрат айтып еді, бірақ өз аузыңыздан есіту маған өзгеше мағына берді, бұл үлкен істің толық картинасын көз алдыма тартты.
— Рақмет. Көп рақмет, — деп Ақметше уатком председателіне болар-болмас қана басын еңкейтті.
— Ал крайға не жауап бересіз? Олар бүкіл өлке бойына шақталған болашаққа жоспар есебінде мәселе қозғауы мүмкін.
— Мен шағыннан бастап, кеңірек қанат жаю тәжірибесін асықпай істеуді қолдаймын. Сондықтан өз тәжірибемді түптеуім керек.
— Онда қозғалмай жұмыс істеуді мақұлдайсыз ғой. Біз крайға жай-мәністі түсіндіруге әзірміз.
Ақметше бүгінгі бірінші беттесу нәтижесі көңілдегідей шықты деп есептеді. Ол бұдан әрі Әлеуовті жетектемей, орнынан тұра келіп:
— Сіз ғапу етерсіз, мезгілсіз шақта мазалап, демалар уақытыңызға қиянат жасадым. Сау болыңыз. Сізді «Шеген құдыққа» жол-жөнекей болса да соғып өтер деген үміттемін, — деді.
— Жақсы. Соғамын. Сау болыңыз, — деді Әлеуов те орнынан тұрып.
Ол Ақметшені есіктен шығарып салды.
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Ессіз құмарлық жас Әлібекті әлдеқайда сүйреді... Үлкен жиналыстан кейін Шолпан әлде не ойларға кетті.
Оған өзінің отағасысы себеп болды.
Уездік әйелдер бөлімінде нұсқаушы болып істейтін Шолпанның бір қарауға төрт құбыласы тең сияқты еді. Оның қызмет істейтін орны да аса құрметті мекеме. Ал жұмыста ең абыройлы адамдардың бірі Шолпан болатын. Өзінің үздік зейіні мен алғырлығы арқасында соңғы кезде ол әйелдер арасында бірден көзге түскен-ді.
Қалада сауат ашқыш мектептерді басқару, ойын-сауық үйірмелерін құру, үй шаруасындағы әйелдерді біріндеп әлеумет жұмысына баулу, қыздар коммунасына жетек-шілік жасау — бәрі ІІІолпанның жұмысы болып кеткен. Ол өзі бас болып ойнап, «Қатесіз қарғыс» пьесасын бірінші рет уездік сахнада көрсетіп, жұрттан үлкен алғыс алды. Кеше ғана оны баяндамасында уездік партия комитетінің хатшысы Дәулетовтың өзі мақтап кетті. Ол: «Шолпан ауылдан шыққан әйелдердің ішіндегі өсіп келе жатқан қызметкердің бірі», — деді.
Мұның үстіне Шолпанның жеке өмірі де өз қатарынан кем емес тәрізді. Ері оқыған адам және оның үстіне атағы бар — уездік халық тергеушісі. Бірақ бүгін Шолпан өте жабыңқы, ұзақ кеш терезе алдында, ой теңізіне шомуда. Бұған себеп отағасының жалғыз-ақ ауыз сөзі.
— Әйелің көпшіл болса, түн жарымына дейін күтуге де үйрен. Ағаңмен бірге қайтқан шығарсың, ә?.. — деді, Айтан пленумнан үйге кеш келген Шолпанға. «Ағаң» дегені Хакім болатын. Шолпан ерінің үнінде өрі кекесін, әрі күншілдік барын ұқты да жауап қатпады. Шешініп, шай қойып, кешкі тамағын әзірлеуге кірісті. «Менің адал екенімді біле тұра қызғанады, баяғыдан солай. Әсіресе, Хакім уездік прокурор болып тағайындалғаннан кейін іштей қатты өшігіп кетті. Жазықсыз, себепсіз өшігу. Бұл қызғану ғана емес, күндеу...» — деп ойлады әйел шай құйып беріп отырып. Екінші қайырып тіл қатпаған ері бір шыны аяқ шай ішті де жатып қалды. Жатып қалды да, өзінің карта ойнап, арақ ішіп келген күнгі әдетіне басып, жатысымен-ақ үлкен қорылына көшті. Мұндай қоңыр қабақтың соңғы кезде бұл екі ерлі-зайыпты адамның басында бірнеше рет болып еді. Бірақ көбіне сөзге келмей әйел өз жөнімен қоңырқай пішінде жүре берді.
Бүгін де тап осындай болды. Айтан үндеместен елге шығып кетті. Шолпан терезе алдында қалды.
Неге екені белгісіз, кішкене Әділбектің ауыл туралы, бұрынғы үйі жөнінде оғаш көрінсе де әділ айтқан сөздерінен кейін Шолпан Аңқатыны, Бәшекең көлінің жағасындағы үйін, бұрынғы бақытсыз енесі Күмісті, әсіресе, сәби күнінде айдар таққан Сарыны еріксіз ойлайтын болды. Жерді сағынып, ана жандарды аяп ойлайтын болды. Айтанмен отасқалы алты жылдан астам уақыт өтіп кетсе де, бұрын бұл жай болып керген жоқ еді.Бүгін де Шолпан сол бұрынғы ащы өмірінің тұщы жақтарын көз алдынан өткізді. Оның ойына тек терезе алдынан қара көлеңке шақта елең ете қалған әлдекімнің көлеңкесі бұзып кетті.
Бірінші көргеннен-ақ Шолпаннан Әлібек көзін алмай, әлдебір құмарлық оты лып етіп жанып, қайта сөніп, қайта жанғандай мазасыз қалыпқа түсе бастап еді. Бүгін неге екені белгісіз Шолпанның үйіне кіріп келді де, бетіне дұрыстап қарап амандасып үлгермеген әйелді қолынан ұстай алды.
Шолпан көзін алмай біраз уақыт Әлібекке қарап тұрды да:
— Жоғары шық, Әлібек, жоғары шық! — деді.
Бірақ әйелдің іші әлденені айтпай сезгендей, қолын мықтап қысқан Әлібекті жетектеп терезе алдына алып келді де жас балаша иығынан төмен басып, орындыққа отырғызып қойды. Сөйтті де өзі жас жігіт келіссіз бір соз айтып қоя ма деген адамша «үндеме» деп Әлібекке ым қатты, екінші бөлмеге кетті.
Жұрт жатар шақ болса да ұясына асықпай енген күн шам жарығын керексітпейтін кез-ді. Ал кешкі ай жарығына ұласқан мезетте үй іші тап күндізгідей дерлік уақыт.
— Самауыр қоюға да, шай ішуге де кеш болып қалды, ертең қызмет бар. Мені жалғыз ғой, қорқар деп келген шығарсың, Әлібек, — деп күлді Шолпан. — Жездең... жоқ екенін көріп тұрсың.
Әлібек үндемеді.
— Ана жаққа төсек салдым. Кір де шешін. Ұялма. Әлібек бұл сөзге де жауап қайырмады. Ол тек Шолпанның меңзеген бөлмесіне кірді де, үлкен болыски кроватқа отыра кетті. Кешікпей ол әйел бөлмесінің есігіне таман аяғын мысықша басып, ұрлық қылған адамдай жетіп-ақ келді.
— Шолпан, менің бір сөзім бар...
— Сөзің болса қасыма кел... Қасымда отырып айт. Мен тыңдаймын. — Әлібек кровать жанына қалай келгенін білмей қалды, Шолпанды құшақтай түсті.
Шолпан тән тілегі еріксіз жетектейтін шақтан өткен әйел-ді; ессіз құмарлық алды-артын байқатпай тереңге сүйрейтін кез де артта қалған-ды; бірақ жасынан қас сұлу болмаса да — көрікті, озат шыққан дана болмаса да — ақылды, ел аузына алғыр қыз атанған Шолпан: бұл дүниеде менің үлесім өзіме ғана тиісті, оған ешкімнің дауы жоқ! — деп өр өскен албырт жан еді. Бір кезде өзі айтқан: «Мейрімсіз тағдыр таптап, жаншып» кемеліне келмей сола бастаған қызғалдақ болатын. Қырдың тоқ дәнді, қызыл өңді, албыраған алмасы болғанымен жерігін таппаған жан еді. Сондықтан жастай жар құшағына зар болып, қанатын серпе алмай қатарынан кем, көп күнін, көп ойын, көп жылын зарығу мен тарығуда өткізген, жастықтың ең асыл шағын көңілі жүдеу, ойы мүләйім, арманы аш қалыпта бастан кешірген ару еді. Жылдар бойы ғашық Хакімін емін-еркін өз құшағына ала алмай, көбіне сырттан көргеніне мәз, арыстанын алыстан демеу еткен, құныққан мауқын бір басуға жетпей, қолын ғана созып келген арман иесі еді.
Жасы көрер көзге балғын болса да, Хакімнің ертеректегі көлеңкесіндей көз алдына жоқ жерден тұра қалған мына сымбатты жасты Шолпан бір кез «көктен түсті ме?» деп қалды. Бірақ әйел арғы жағын аз ойланды. Ақылға жел көңіл десте бермеді. Дәні толып, пісіп жеткен жар құмар жастың олқы жерін бір толтырып қаларлықтай қомданды. Көп арманның бір ұшы енді оң қолында тұрған сияқтанды. Тояттауға сараң көз бен көңіл қосарлана ұмтылып, татпай шамырқандырмайтын ашқылтым алмаға еріксіз қол создырды; көп жыл көксеген алдамшы үміт қолға оралып, құшаққа енгендей көрінді...
Шолпан Әлібекті айқара құшақтап, қатты-қатты қысып, құмары қанғанша сүйді... Бетінен, көзінен, тамағынан сүйді. Ессіз, есепсіз сүйді. Қайта-қайта қысып, талықсығанша сүйді. Құшағын жазбастан, сүмбідей жігітті ырқына жіберместен сүйді...
Ал, Әлібек әйел құшағы бір көз еркіне жіберген кезде үлбіреген бұғақты жеп қоятындай-ақ аймалады. Оның басы асау, еркі еш нәрсені сезіп, таңдап жатуға, талдап жатуға келтірмеді; ол еш нәрсені салмақтап пішіп те үлгірмеді, тек көзсіз құмарлықтың буына балқып, ләззат құшағына шарықтап еніп кетті...
Уақыт жылжып өтіп жатты. Бірақ мұны екеуі де сезбеді. Тәжірибелі әйел де, от құшақтап, жалын сүюді тілеген жас жігіт те тән мен жанның балға бөленгендік тіледі. Әйелдің әрі ыстық, әрі тығыз, қуатты жұмыр денесі құба талдай жас жігітті мейлінше бұрап, демімен шарпып еліктіре берді...
Таң аппақ атқанда Әлібек:
— Шолпан, а, Шолпан, — деп сыбырлады елтіп қалған жанша керіліп жатқан Шолпанның талмаусыраған жүзіне үңіліп, — Шолпан, мен кетейін...
— Ым... — деп сәл ғана аунай түсті де, әйел «ым- нан» басқа үн қатпады.
— Шолпан, мен кетейін...
— Кетпейсің! — деді әйел кенет оны тас құшақтай алып. — Кетпейсің. Осында боласың, кешке дейін, ертеңге дейін, арғы күнге дейін. Осында, менің қасымда боласың. Сасып қалған Әлібек сөз таба алмай:
— Солай ма? — деді.
Сонсоң ол, үйде Хакім барын, Меңдіқыз барын ойлады: «Олар мені қайда кетті деп отыр екен. Білсе не деймін? Осылай жатқанда «отағасы» келіп қалса ше? Қой, мен кетейін...»
Әлібек құшағын босата берген кезде, Шолпан «енді менің кезегім» дегендей сүйді. Ол ессіз құштарлықпен қайта-қайта сүйді; әлдекімнен қызғанғандай қысып, құшақтап сүйе берді.
— Мен кетпеймін, келемін. Кешке де келемін, ертең де келемін, арғы күні де келемін, келе беремін, — деді ол елтіп қалған әйелдің қасынан тұрып жатып.
2
Қаладан қыл елі шығуға зауқы жоқ Әлібекті бір күні оның оқыс басқан адымы кенеттен елге кетуге итермеледі. Ол былай болды:
Шығасыға әмәнда иесі басшы. Тап сол кезде тергеуші ауылға шығып қайтуды жиілетіп жіберді де, ал Шолпанға ессіз құмартқан Әлібек оның үйінен басқа жерді үй деп есептемей қойды. Ол ерте де, кеште де сонда, Шолпан қызметтен қайтты болды — Әлібек онымен қақпаға ілесе кіреді; кейде бұл бұрыннан көрікті, ал қазір мейлінше өзгерген сұлу Шолпанды ертеңгі сағат тоғызда да кеңсесіне ұзататын болды. Бір абырой: көптің көзіне түскіш алыстан келген атақты студентті, оның әдептілігі мен сақтығы қызғыштай қорып, көлденең көзге түсірмей, жақындарының іліп-шалуынан да аман сақтап жүрді. Бірақ көз қорқақ, қол батыр, бірте-бірте бой үйреткен жас, аяқ астынан кездескен сүйіспеншіліктің қызығына белшесінен батты да, жүре бара тіл мен көзден сақтануды ұмытып кетті. Сөйтіп, жасық ұстарадай мұқала бастаған сақтық сезім «ештеме де болмас» деген нар тәуекелге жол ашты.
Қоңыр қаз ілген жас қаршығадай саяттап, Әлібек бір кеште Шолпанның жанынан шыға алмай отырды да, сол күні түні бойы әйелдің қойнында қалып қойды. Ол құду белді тас құшақтап, әлсін-әлсін аймалап, тар төсекте қомағай мейірін қандыра алмай жатты. Шолпанның да оралып қалған құштар білегі құмарлана түссін дегендей, албырт жастың сүйкімді басын бал тамағының астынан шығармады; көп жылдар бойы еріксіз іркілген махаббат тасқыны, жаңа ғана жол тапқандай, бөгеусіз ақтарылды; бар қазынасын игі іске төккен жомарт жандай, өр жастықтың көзсіз күшіне әйел де мастана шамырқанды...
Дүниеде бәрі өлшеулі, шаттықтың күйініші кезек күтіп тұрса, ессіздіктің өкінішті ұяты әзір.
— Қақпа қағып тұр... Әлібек, тез... киін, — деді Шолпан ақырын ғана сөзін бөліп-бөліп, — біздің отағасының қағуы...
Есі шығып кеткен Әлібек кровать жанындағы киімдерін қойған орындықты қағып кетті де, оның салдырынан бұрынғысынан екі есе састы. Ол қай киімінің қалай тұрған ретінен жаңылып, енді не істерін білмей әлек болды. Ештеме көрмеген, сезбеген адамның қалпын ұстап, Шолпан есікке бармас бұрын шам жағып, киім жамылып, сыртқа қарай жүрген кісі болып дыбыс берді де, тез жүгіріп келіп, білдірмей терезе ашты.
— Терезеден шығып кет, — деді ол ақырын ғана.
Сөйтті де, Әлібекті бетінен бір сүйіп, өзі жалма-жан есік аша бастады. Аяқ киімі мен шалбарын ғана киіп үлгерген Әлібек, сырт көйлегі мен бешпетін қолтығына қыса, әйел есіктен шыққан кезде, терезеден сыртқа дік етті...
— А, сен бе, шырақ! Сен!.. Сен!.. — деген сөздер жүгіре жөнелген Әлібектің соңынан атқан кесектей құлағына рақымсыз соғылып жатты. Бүтін көшені басына көтерген тергеушінің жуан даусы оған бейне бір суға кетіп бара жатқан адамның жан даусындай болып естілді. Оның жүрегі де, құлағы да жарылып бара жатқан тәрізденіп кетті.
«...Ұят болды, ұят емес, өлім болды. Өлімнен де жаман. Не деп қалды ана адам?! Не деуші еді, бәрін де білді. Қалайша білмес, үйінен жеті түнде жас жігіт шыға келсе!.. Жалғыздан-жалғыз жатқан әйелдің, сұлу әйелдің жанынан жас жігіт шыға келсе! Тіфу! Өлім, өлімнен де жаман, — деп кескіледі Әлібек өзін-өзі. — Мұнан кейін менің не болғаным?! Құрбы емес, құрдас емес, өзімнен екі мүшел жас үлкен адамның халал төсегіне аунағаным айуандық емес пе? Бос әйел табылмағаны ма бұдан өзге? Тіфу! Жұрттың бетін қалай көремін, ана кісінің жүзін енді қайтіп, не деп көремін? Оқыған адам! Бір уездің бетке ұстар белгілі адамы! Басты адамы! Хакіммен салмақтас адам! Ертең кіріп келіп: «Сенің інің халал төсегімді арам етті; ақ некемді аяққа басты; аяулы өмірімді жер етті; тұрмысымды қорлады; жұрт алдында көрге кіргізді, — десе не деймін? Аға мен жеңге алдында не деймін?!.»
Шым-шытырық, бірінен-бірі ауыр, қара жер қайысарлық қас жамандықтың зілі басып-жаншып, Әлібек өз есігінің алдындағы күнде кешке шығып отыратын кішкене сәкіге отыра кетті. Ол маңдайын қос қолдап тіреп, ұзақ отырып қалды. Бір кез оның Шолпанның не күйде, нендей ауыр халде қалғаны түсіп кетті.
...Әйелге еркектен де жаман! Ана кісі неден бастады екен? Не деді екен? Жер-жебіріне жеткен шығар. О,сорлы Шолпан, ләззәт үшін жаралған Шолпан. Сенің не жазығың бар еді. Толықсыған жас шағың, отты лебің, ыстық лебің шарпып тұрған шағың. Анау жұп-жұмыр құду дене. Анау бала білек, анау бал тамақ құшақтауға, құшақтауға, құштарлануға, аймалауға жаралған жоқ па?! Анау шошақ мұрын, құмар көз қарауға ғана, құмартуға ғана тұрған жоқ па?!.
Мас адамша теңселіп тұрып қақпаны ептеп ысырып аулаға енді де, қақ есік алдына келіп ұрлық қылған адамша ішкі жаққа құлағын тосты. Ешбір дыбыс білінбегеннен кейін ақырындап қана Әлібек шаппа пышақтың ұшымен өзіне белгілі есіктің шәкешін көтеріп ашты да мысықша басып өз бөлмесіне кірді.
Таң аппақ атып қалған еді. Ол төңбекшіген күйі күн шыққанша көзін іле алмады. Қайта-қайта «тіфу- тіфу» дей берді. Оны ардың ұяты рақымсыз кемірді. Бірақ бұл опықты ісінің ең болмаса туған жеңгесі алдында болса да ақталатын жолы бар ма — оны Әлібек таба алмады.
Ауру адамдай өңі қашқан күйі ол «басым аурып отыр» деп ертеңгі шайдан бір ғана шыны аяқ ішті де, бөлмесіне қайта кетті.
Хакім жұмысқа кеткеннен кейін шыдай алмай, хал-жайды анықтап білуге кірген Меңдіқызға Әлібек:
— Мен ауылға жүремін. Қазір жүріп кетемін, — деді төмен қарап сол қолымен маңдайын тіреп отырып.
— Елге шықсаң алдымен Гүлжиһанға бар, жиенге сәлем бер... Сонсоң, сол жерден өзіміздің ауылға жүріп кетерсің, — деді жеңгесі бүл әңгімеге көлденең сөз қыстырмай.
Әлібек аз отырды да, басын көтеріп алып:
— Меңдіқыз, білесің бе менің не істегенімді? — деді.
— Білмеймін, бірақ сеземін, шырақ... Ол бар болғыр...
— Шолпанды айыптама, Меңдіқыз! Айыпты... жоқ. Оның жазығы жоқ. Ол бақытсыз әйел! Ол сұлу әйел. Сұлу кісі бақытсыз...
— Шолпаннан да сұлу бар шығар, шырақ...
— Жоқ. Шолпаннан сұлу жан жоқ. Оның жаны сұлу. Ол теңдесі жоқ жаны сұлу адам. Оны айыптама, бетіне баспа...
Меңдіқыз Әлібектің бетіне тіктеп қарады да, өңінің бұрынғыдан да жаман қуарып кеткенін көріп:
— Шырақ, саған не болған? Өңің бұзылып кетіпті. Соншама не болды, кісі өлтірген адамша? Жоққа бола адам өзін-өзі қажытпас болар, — деді.
— Кісі өлтіргеннен де жаман, — деді Әлібек қабағын қарс жауып. — Өлімнен ұят әлдеқайда күшті екен. Мен түнде жер тесік болса кіріп кететін едім, бірақ оның тығылатын жарығын таба алмадым...
Меңдіқыз не болғанын енді ғана сезгендей болды, аңтарылып қайнысының бетіне қадала қалды.
— Тергеуші... келіп қалды ма?
— Иә...
— Көзге түспей кетуге амал болмай қалды ма? Әлде ұйықтап қалдыңдар ма?
— ...Келгенін де, қақпадан кіргенін де жақсы білдім. Бірақ менің қарсы алдымнан шығатынын білмей қалдым.
— Есігі біреу ол үйдің...
— Есік емес, терезені ашып, секіріп түссем — күреске шыққан балуандарша талтайып қарсы алдымда тұр. Өзім шошып кеттім. Көзіме қос көрінді ме — бұл қалай деп?! Тергеушіңнің өзі. Өзі болғанда қандай: жап-жалпақ, беті де жап-жалпақ. Мұрты да молайып кеткен... Өлім, тірі өлім. «Сен, шыраң, осындай иесі жоқ үйді тонауға келіп пе едің? Есіктен кіріп, терезеден шығуға маманданып шығып па едің?! Неге үндемейсің?» — деп әлдеқайдағы адамның өңменінен өткендей сөздерді қардай боратып артымнан ере түсті. Мұнан артық өлім бар ма? Мен не демекшімін? Артыма қарамастан жүре бердім. «...Мен сотқа беремін. Мен сендей бұзықты әлемге әшкере етемін...» деген не сұмдық, құлақ шошырлық масқара сөздері миымды жарып кеткендей болды. Әлі естіліп тұрған сияқты. Жоқ, мен кетемін, қазір жүріп кетемін, Меңдіқыз... Сары ағамның өзіне айтқанмын, атыңды елге мініп барамын деп.
Әлібек жалма-жан киініп, сыртқа шықты да, Хакімнің қара атына ер салды. Ол үйге қайта кірместен, Меңдіқызбен асыға қоштасып, атқа мініп те алды.
— Алдымен жиендердікіне... Шырақ, қалайда жиендердікіне. Сені күтіп отыр олар. Гүлжиһан күтіп отыр. Ол анау күні де артына қарай-қарай амалсыз жүріп кеткен. Елге содан кейін де үлгерерсің. Сәлем айт, көп-көп сәлем Гүлжиһанға, жиенге, бәріне... — деді әйел қақпадан шығып бара жатқан Әлібекке.
Әлібек үн қатпастан көпірге қарай тартты.
3
Көпірге барғанша Әлібек тез елге жетіп, қалайда елге жетіп, құрбы-құрдас арасында болуға асықты. Үлкен қаланы да, кішкене қаланы да уақытша ұмыту ниетінде болды. Бірақ көпірден өтіп, жол айрығына келгенде ол ойланбастан сонау Тайпақтың түкпіріндегі «Шеген құдыққа» асатын жолға түсіп кетті. «Сәлем беріп, мойнындағы парызын түсіріп, Ақметшенің аманатын табыс етейін де, ертең Қашарсойған арқылы Шалқарға асайын. Елге барған соң шыға алмай қалармын. Ойын-сауық, той-думаннан бас босамас. Босаса балықтың қызығына түсермін. Шіркін, қазір сазан ойнаққа шығар кез» деп ойлады. Ол кенет жас кезінде жаз балықтың соңында жүрген қызық шақтарын, қыс қақпан құрып, аң аулап өткізген қайта оралмас күндерді көз алдына келтіріп, түнгі оқиғаны, ертеңгі өкініш жайды есінен шығара бастады. Сұлу қара аттың лекіте аяңдағаны, бетке соққан даланың жұп-жұмсақ жылы желі, бірінен соң бірі кезектескен жылан қырқа, ойпаң көлшімектер, қырдың иісті қара жусаны мен селеулі бозы көз тартып, көңілді сергіте бастады.
Әлібек Ақметшенің жазғы жайлауы «Шеген құдықтың» тап қай тұста екенін дәл білмесе де шамамен болжалдап, алдағы ауылдан оң қолға бұрылу керек шығар деп ойлады. Алысырақтан үлкен ауыл сияқтанған бұл шоғыр қарасынның маңына жақындаған сайын қос қыстау екені анықталды да, олардың терістік бетінде ғана төрт-бес киіз үй бары көрінді. «Жайлауға көше алмай қыстау маңында қалған мүгедек кедейлер шығар. Сусын ішіп жол сұрайын» деп ол шеттегі қоңырша үйдің сыртына келіп:
— Әй, кім бар? — деп дауыстады.
Әлібектің хабарласуына үйден ешкім тіл қатпады. Тіл қатудың орнына үйдегілердің өз даң-дұңы басқа дыбысты құлаққа іліктірер де емес. Оның екінші рет айғайы да үй ішіндегі шуылға араласып судай сіңіп кетті. Не қыларын білмей, басқа үйге бұрылсам ба деп екі оқты боп тұрғанда, әрегіректегі үйден бір қолымен шалбарының бауын ұстай шыққан бір қаршадай кісі, мұны көре сала бос қолымен күннен көзін көлеңкелей шүйіле қалды. Әлібек аттың басын соған бұрды. Жақсы атты, орысша киінген адам өзіне қарай бет алғаннан кейін кішкене кісі шалбар бауын тез беркіте салып, түк көрмеген адам бола қалды.
— Ассалаумағалайкүм, — деді Әлібек оған жақындап келіп.
— Уағалайкүмассалам, жол болсын, шырақ.
Шаруа қайда көрдім деген адамша қара атқа да, оның иесіне де кезек көз тастап, әлденеге жымия түсті.
— Бұл кімнің ауылы, ақсақал? — деп сұрады Әлібек балаша тызылдаған кішкене сақалды, кішкене кісіден.
— Қарекеңнің... жоқ, ауыл емес, Қарекеңнің кеңсесі.
— Қарекең деген кім?
— Қарекеңді білмейсіз бе? Атком Қарекең кәдімгі, — деді шаруа таңданған пішінмен. — Шеттен келген бала емессің бе, қалай? Қарекеңді білмеуіңе қарағанда басқа жақтікісің-ау байқауым. Ал атыңа қарағанда...
— Қарекең деген көп шығар. Бірақ мұның қай Қарекең екенін қайдан білейін, фамилиясын атамасаңыз.
— Қарабай Көзеев.
— А, — деді Әлібек енді түсініп. Қарабай Көзеев деген адамды ол сыртынан білетін. Хакімнің оны әлденеше рет әңгіме еткенін есіткен-ді. — Иә, волисполком өзі осында ма?
— Анау, жаңағы ат басын тіреген үйде мәслихат құрып жатыр пырзайдам.
Әлібек оның «пырзайдамының» президиум мәжілісі екенін аңғарды.
— Жақсы, ақсақал, мен бір сусын ішсем бе деп бұрылып едім. Және «ІІІеген құдыққа» шығатын жолды сұрау үшін.
Шаруаның құлағы елең ете түсті.
— Әлде сен, шырағым, Хакімнің інісі боламысың? Күні бойы қараймын: ат Хакімнің қара аты. Ал өзің де... ұқсайсың. Және «Шеген құдықты» сұрауыңа қарағанда Хакімнің інісі Әлібек сен бе деп жорып тұрмын.
— Болсақ болармыз, — деді Әлібек ағасының аты елге тегіс таныс екеніне іштей риза болып. — Ал өзіңіз қай жердікісіз?
— Мен сол өзіңнің сұрап тұрған «Шеген құдықтікімін». Кәне, түс. Мына үйге аялдай тұр. Бұл жастар комитетінің кеңсесі. Мен қазір сусынды да, бәрін де реттеймін, — деп, шаруа Әлібектің тізгініне жармасты.
Үйге ертіп кірді де, шаруа жүгіре басып қайта шығып кетті. «Өте пысық адам екен» деп ойлады Әлібек оны. — Дәуде болса ауылдық белсендінің бірі ғой. Әлде ауылнай ма екен?..»
Кешікпей шаруа үлкен бір зерең аяқпен ернектете толтырып қымыз әкеліп Әлібекке ұсынды. Жиырма бес-отыз шақырым жер жортып, таңдайы құрғақсыған Әлібек, шаруаның ұсынған қымызының бетіндегі қара қиқымға да қарамастан, оның қымызға бойлата малып келген шүбәлі бармағының түрінен де жиренбестен, бетін үрлей түсті де, сіміріп-сіміріп жіберді.
— Жақсы қымыз екен, — деп ол аяқтағы қымызды орталай жерге қойды. — Өте жақсы екен. Көптен ішкен жоқ едім.
— Несін айтасың бұл жарықтықтың, — деп қостады шаруа оның сөзін. — Қаладан келген адамға және оның үстіне жол жүріп шөліркеген адамға мұнан артық сусын бар ма?! Бұл тап сол бара жатқан «Шеген құдықтікі». Бүгін қосшы бастығына бір торсығын ала келіп едім. Осында бәрі талап ішті. Торсық түбінде қалғаны, жолаушы, мына өзіңе бұйырған екен. Ертең бұйырса бұл қымызды сабаның өзінен ішесің, қарағым.
Аяқ түбіндегі қымыздың қалғанын қайтадан сімірген Әлібекке ол рақаттана қарап, тамсанып та қойды. Мұнан кейін шаруа сөзді неден бастарын білмей, сақалының ұшын шиыршықтай түсті де:
— А, Хакең қалада ма? Үй іші аман ғой? — деп сұрады Әлібектен.
— Қалада. Мұздай қара-көк аман.
— О кісі келсе майталман, осы жердегі кедейлер бір жасап қаламыз. Сондай әділ кісі ғой, жарлы-жақыбайларға көріне болысады, — деп, шаруа Хакімді сырттан мақтай бастады.
Әлібек ойланып қалды. «Мына кісі езі ертіп барар аулына. «Шеген құдықтікі» болса сөз жоқ Ақметшенің бір жақыны ғой. Ана болыстық атқару комитетінің көзіне түсіп қайтем. Жүре берейін. Оларға жолықсам қайда бара жатқанымды, не үшін бара жатқанымды сұрап мазалайды ғой. Қазақ қазбалап біліп алмай тынбайды. Танымайтын адамдарға жөн сұрасып, жөн айтып жатқаннан қиыны жоқ...»
— Сіз маған жол көрсетіп жібересіз бе, әлде өзіңіз ертіп барасыз ба ауылыңызға, — деп сұрап еді шаруадан, шаруа:
— Мәжіліс қазір бітеді. Мен бастап барсам да, басқа барса да Қарекең айтар. Әдейі бұрылып келген соң ол кісімен сәлемдеспесеңіз ренжиді. Және сіздің ағаңыздың жақсы көретін адамы Қарекең. Күтіңіз, қазір шығады, — деді.
Қайырып жауап қатқанша үйдегілердің бірқатары сыртқа шығып та қалды.
— Қарекеңді білмейсіз бе? Атком Қарекең кәдімгі, — деді шаруа таңданған пішінмен. — Шеттен келген бала емессің бе, қалай? Қарекеңді білмеуіңе қарағанда басқа жақтікісің-ау байқауым. Ал атыңа қарағанда...
— Қарекең деген көп шығар. Бірақ мұның қай Қарекең екенін қайдан білейін, фамилиясын атамасаңыз.
— Қарабай Көзеев.
— А, — деді Әлібек енді түсініп.Қарабай Көзеев деген адамды ол сыртынан білетін. Хакімнің оны әлденеше рет әңгіме еткенін есіткен-ді. — Иә, волисполком өзі осында ма?
— Анау, жаңағы ат басын тіреген үйде мәслихат құрып жатыр пырзайдам.
Әлібек оның «пырзайдамының» президиум мәжілісі екенін аңғарды.
— Жақсы, ақсақал, мен бір сусын ішсем бе деп бұрылып едім. Және «Шеген құдыққа» шығатын жолды сұрау үшін.
Шаруаның құлағы елең ете түсті.
— Әлде сен, шырағым, Хакімнің інісі боламысың? Күні бойы қараймын: ат Хакімнің қара аты. Ал өзің де... құсайсың. Және «Шеген құдықты» сұрауыңа қарағанда Хакімнің інісі Әлібек сен бе деп жорып тұрмын.
— Болсақ болармыз, — деді Әлібек ағасының аты елге тегіс таныс екеніне іштей риза болып. — Ал езіңіз қай жердікісіз?
— Мен сол өзіңнің сұрап тұрған «Шеген құдықтыкімін». Кәне, түс. Мына үйге аялдай тұр. Бұл жастар комитетінің кеңсесі. Мен қазір сусынды да, бәрін де реттеймін, — деп, шаруа Әлібектің тізгініне жармасты.
Үйге ертіп кірді де, шаруа жүгіре басып қайта шығып кетті. «Өте пысың адам екен» деп ойлады Әлібек оны. — Дәуде болса ауылдың белсендінің бірі ғой. Әлде ауылнай ма екен?..»
Кешікпей шаруа үлкен бір зерең аяқпен ернектете толтырып қымыз әкеліп Әлібекке ұсынды. Жиырма бес-отыз шақырым жер жортып, таңдайы құрғақсыған Әлібек, шаруаның ұсынған қымызының бетіндегі қара қиқымға да қарамастан, оның қымызға бойлата малып келген шүбәлі бармағының түрінен де жиренбестен, бетін үрлей түсті де, сіміріп-сіміріп жіберді.
— Жақсы қымыз екен, — деп ол аяқтағы қымызды орталай жерге қойды. — Өте жақсы екен. Көптен ішкен жоқ едім.
— Несін айтасың бұл жарықтықтың, — деп қостады шаруа оның сөзін. — Қаладан келген адамға және оның үстіне жол жүріп шөліркеген адамға мұнан артық сусын бар ма?! Бұл тап сол бара жатқан «Шеген құдықтікі». Бүгін қосшы бастығына бір торсығын ала келіп едім. Осында бәрі талап ішті. Торсың түбінде қалғаны, жолаушы, мына өзіңе бұйырған екен. Ертең бұйырса бұл қымызды сабаның өзінен ішесің, қарағым.
Аяқ түбіндегі қымыздың қалғанын қайтадан сімірген Әлібекке ол рақаттана қарап, тамсанып та қойды. Мұнан кейін шаруа сөзді неден бастарын білмей, сақалының ұшын шиыршықтай түсті де:
— А, Хакең қалада ма? Үй іші аман ғой? — деп сұрады Әлібектен.
— Қалада. Мұздай қара-көк аман.
— О кісі келсе майталман, осы жердегі кедейлер бір жасап қаламыз. Сондай әділ кісі ғой, жарлы-жақыбайларға көріне болысады, — деп, шаруа Хакімді сырттан мақтай бастады.
Әлібек ойланып қалды. «Мына кісі өзі ертіп барар аулына. «Шеген құдықтікі» болса сөз жоқ Ақметшенің бір жақыны ғой. Ана болыстық атқару комитетінің көзіне түсіп қайтем. Жүре берейін. Оларға жолықсам қайда бара жатқанымды, не үшін бара жатқанымды сұрап мазалайды ғой. Қазақ қазбалап біліп алмай тынбайды. Танымайтын адамдарға жөн сұрасып, жөн айтып жатқаннан қиыны жоқ...»
— Сіз маған жол көрсетіп жібересіз бе, әлде өзіңіз ертіп барасыз ба ауылыңызға, — деп сұрап еді шаруадан, шаруа:
— Мәжіліс қазір бітеді. Мен бастап барсам да, басқа барса да Қарекең айтар. Әдейі бұрылып келген соң ол кісімен сәлемдеспесеңіз ренжиді. Және сіздің ағаңыздың жақсы көретін адамы Қарекең. Күтіңіз, қазір шығады, — деді.
Қайырып жауап қатқанша үйдегілердің бірқатары сыртқа шығып та қалды.
— Айттым ғой, мәжіліс бітті әне, — деді шаруа. — Әне Қарекеңнің өзі де шықты.
Үй аралары жақын еді.
— Мынау Хакімнің қара аты ғой. Келген кім? — деген дауыс естілді.
Шаруа жалма-жан үйден шықты да, Әлібек жалғыз қалуды келіссіз көріп, оған ере бұл да орнынан түрегелді.
Болыс басшылары байлаулы тұрған үй сыртындағы қара аттың төңірегін қоршап та алған екен, үйден шыққан ат иесін кере сала, қатқан арық қара кісі:
— Ал, бала, аман ба? — деді Әлібек сәлем беріп үлгіргенше. — Жол болсын. Атты да, өзіңді де танып тұрмын, сен Хакімнің інісісің ғой? Е-е-е, кескінің айтпай-ақ Жүнісовпін деп тұр.
Берер сәлемін жұтып қалған Әлібек ернін ғана жыбырлатты. Бұл үнсіз сәлемі сірә оған жетпеді білем, арық қара кісі, оны міней бастады.
— Бала, сен өзің тұйықтау көрінесің. Хакімге тартпағансың. Әлде бізді менсінбейсің бе, қалай өзі? Е-е-е, — деп көмейінен күліп Әлібекке жақындай түсті.
Бірінші көрген адамға қалай жауап берерін білмей, Әлібек кідірістеп қалды. Оның «бізді менсінбейсің бе?» дегені шыны ма, әлде қалжыңы ма. Оны тағы анықтап айыра алмай састы.
Бізге, облыстық жастар комитетіне жәрдемге келдің бе? Алыстан келген білімді комсомолдар қазір керек-ақ, — деп ол көптен таныс адамындай Әлібектің иығынан қағып қойды.
«Мынау тірі бәле болды. Қайдан бұрылып едім...» — деген өкініш келді Әлібектің ойына.
— Жоқ, ағай, жәрдемге келгенім жоқ, мен демалысқа келіп, тек ауылды көре кетейін деп, үлкендерге, туған-туысқандарға сәлем беру үшін бұрылдым, — деді студент сасыңқырап.
Арық кісінің қасындағы семіздеу келген қызыл шырайлы жас адам кекете кірісті.
— Қареке, бұл жігіттің жәрдемге келмегені көрініп-ақ тұрған жоқ па? Жақсы ат мініп, әдемі киінген сұлу жігіт жалаң аяқ комсомолдардың арасында не бітіреді?. Біреуіне атын суартып, біреуіне ерін ерттете ме? Әлде аристократтық салт-санаға үйрете ме? — деді де кәріне жаратпаған пішінмен теріс айналды.
Әлібек қызара түсті. Ол не деуге білмей, тығылып қалды. Шынында да мына қараша үйлер мен оның ішіндегі болыстың қызметкерлер өзгеше киінген қаланың шылтнған студентінің қасында өте жұпыны көрінді. Әлібек ішінен: «Менің мына түрім бұларға ақ сүйектің баласынан бір де кем көрінбейді екен. Болыстық басшыларының сөзі мынадай, ал қосшы кедейлер мен сорлының балалары көрсе: «Бай баласы, бізден аулақ кет» деуден дүз жанбас. Бекер бұрылдым, бекер бұрылдым...» деп бұрынғыдан жаман опынды.
Әлібектің бағына қарай, бұл ауыр сөз бен ауыр ойдан болыстың жастар комитетінің хатшысы арашалағандай болды. Ол қатардағы үйден жүгіре шығып:
— Уа, Әлібек! Ойбай-ау, сен бе едің Хакеңнің қара атына мініп келген. Түу! Иә, жол болсын! — деп қос қолдап көрісе бастады. — Түу, қандай болғансың! Неше жыл болды-ай көрмегенімізге? Биыл төртінші жыл ғой, ә? Уа, өзгеріпсің, қатты өзгеріпсің.
Әлібек қуанып кетті. Ол Шынғалиевті құшақтай алды.
— Қауғабай, сен осында ма едің? Ойпырым-ай, мына ағайлар... бұрын көрмеген кісілер. Түу, сенің мұнда болғаның қандай жақсы болды.
— Иә, ал қай жаққа қарай?.. Қай жаққа қарай деппін-ау, бізге келдің ғой. Бүгін ауылға шығып қонамыз. Ертең бір жиналысымыз бар. Жақсы болды, бірге боласың.
Әлібек күмілжи түсті. Оған Қауғабайдың тап бола кеткені, мына болатком ағасы арық кісі мен оның қасындағы семізше адамның жайсыз әңгімесінен арашаласа да, бұл жігіттің де қырын қарар жағы мол еді. Оның ойына қырың мысалдағы қасқырдың ауылға қашып келіп, пана таба алмай сасқаны түсе қалды. Бұл мысал, әрине, Әлібектің «қасқырлық» зұлымдығын сипаттар мысал емес те ғой. Дегенмен... бұрын Жымпитыдағы жетіжылдық мектепте бірге оқыған мына Қауғабай мен мұның дос құшағы қабыса қаларлық жағы да аз-ды. Интернатта жатып тәрбиеленген Қауғабайлар сырттан оқып жүретін қызметкерлердің інілері мен әлді шаруаның балаларын «буржуй» деп санайтын. Шлем-тымақты, қоңыр мауыт шолақ пальтолы, бір ұядан шыққан балапандай, қоп-қоңыр интернаттықтар түлкі құлақшын, қайырма қара бөрік киіп шылтиған пальтолы мырзасымақтардан көріне бөлек жайылып, бөлек топтала қалатын. Оның үстіне осы Қауғабайды балалық жігітшіліктің есерлігі соңғы класқа көшкен жылы табыспас жау етіп кеткен еді. Бұл оқиғалар, әрине, естен шығып та үлгерген. О бір ақыл тоқтатпаған жылдардың, жас қораздың қоқаңы тәрізді, шалалық көріністері ғой. Бірақ иті қыңыр жүгіріп, тергеушінің үйінен, судан шыққан тышқандай, түңіле қашқан Әлібектің алдынан қосшы-кедейшіл батырақ басшылар мен бастан өші бар Қауғабайдың шыға келгенін қарасайшы.
— Қауғабай, мен асығыс едім. Сондықтан жиналысқа шақырғаныңа рақмет айтуға тура келеді, — деді Әлібек, көріспей жатып көнекті сырттан сұрай сөйлеп.
— Қой әрі. Жаз демалыста жүрген студенттің қауырт жұмысы: күндіз қымыз ішіп, түн сауықтап көңіл аулап, сиыр түске шейін ұйықтаумен жазды өткізу ғой. Біз сияқты, шала сауатты жастарды күнде жинап, оңды-солын айыртып, қалғыған халден жұлқылап оятып жатқан жан емессің. Ал асыға ғой, уақытың жетпесін; сонда ат маңдайын туралап барар жерің қай Балқан? — деді болжаском.
Әлібек тағы да күмілжіді.
— Онша алыс жер емес... Сондай бір тығыз... бір жағы амалсызда шығып қалдым осы жаққа...
— Үйлене, то-есть қайын жұртыңа шыққан жоқ па едің?! Жақсы ат мініп және жақсы киініп деген сияқты! — деп кекете қалды Қауғабай. — Дегенмен, біздің болыста бір күн болса да аялдайсың ғой, ә?
— Болыста, әрине, сіздің болыста, тек бір-ақ күн боламын.
— Әлгі Қарекең айтқандай: біздің болысқа келген кісі Ақметшеге бір соқпай кетпейді деп. Сен әлде, Әлібек, бай жиендеріңе сәлем бере келе жатқан шығарсың? — деп Қауғабай, не дер екен деген кісіше Әлібектің аузын бақты.
Ақметшенің Жүнісовтерге жиен екенін бұл Қауғабай әуелден білетін. Өйткені өзі осы жердікі және оз елінде қызмет істеп келе жатқан жігіт. Жас болса да ауызға ілінген жанның түбір-тамырымен жіктеп отыратын жас-ты. «Бәрібір ертең-ақ есітеді ғой менің Ақметшенің үйінде болғанымды. Сондықтан Қауғабайдан несін жасырамын? Және бұл ұрлық іс емес қой жаңын адамға сәлем беру» деп ойлады да, Әлібек бұрынғы мектептес жолдасқа жөнін айтты.
— Жиеннің байын, кедейін таңдап жатқан мен жоқ, Қауғабай. Ежелден біздің қарттың жақын көретін адамы болған соң, «кейінгі жастар жақынды сыйламайды» деп айтпасын, сәлем бере кетейінші деген оймен осылай бұрылғаным. Өзім елге — Шалқарға бара жатырмын, — деді ол аузын баққан Қауғабайдың солбырлау келген тарғақ өңді бетінен қостау іздестіріп. Бірақ алыстан қараған адамға Хакім сияқты көрінетін бұл шашты, бойлы, келбетті жас жігіт ішкі сырын көлеңкелей алмай, студентті қолдау тұрмақ, сықақ етуге дайын тұрған-ды. Болкомның осы ірмек пішінін көре салып Әлібек оған:
— Қауғабай, сен менімен бірге «Шеген құдыққа» жүрсең қандай жақсы болар еді. Әңгімеге әбден қандырар едің, — деп қарсы тілек қойған болды.
Қауғабай басын шайқады.
— Бірге оқыдық, бірге өсіп келеміз. Алайда, замандастық көңілің ауыр көрсе де айтайын: табы жат, тілегі жат еңбекшіні езіп келген Ақметшелерге ел жастары қан сорғыш қанаушы деп қарайды. Өзі тап орыстың ескі князьдары сияқты, имениесі бар, жерлі, мүлікті, малды, қазақ ақсүйегінің, бұрынғы қара таяқ, қара қалпақты зиялы адамның төрінде қонақ болып отырсам, мені жаңа заманды жаңа-жаңа таныл келе жатқан жастарым кім деп ойлар еді?.. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын... Жиен сенікі. Жолың болсын! Бастап барар адам керек болса, ана бір Таңқыбай деген қосшы сол ауылдікі, соған айтайын, ертіп апарсын, — деді.
Болжаском үнінен қанжардың жүзінен де суық бір ызғар есіп кетті. Әлібек түсі бұзылса да, сөз өңін қуартпауға тырысты.
— Солай ғой. Ел ішінде жаңа леп, жаңа ұғым туғанын жақсы түсінеміз. Өзің айтқан «жиен сенікі» деген сөздің күшімен жолшыбай төбе көрсете кету ғана. Әйтпесе... жақын тұтып мадақтау пікірден аулақпыз... Ол шаруамен сөйлестім. Аты кім дейсің?..
— Аты Таңқыбай.
— ...Жарайды, — деді Қауғабай, оған қабағын түйе қарап. Сөйтті де: — Ай, Таңеке, мына кісіні ауылыңызға ертіп барыңыз. Білесіз ғой кім екенін. Алыстан келген студент. Ана атақты жиеніне сәлем бергелі бара жатыр, — деп дауыстады Таңқыбайға.
Әлібек үндемеді. Бірақ оның түсі бұрынғыдан да қуара түсті.
— Жақын жер ғой. Жол да біреу. Жолды көрсетейін. Ал өзім бір шаруам болып тұр... Бірге ертіп бара алмаймын, — деді жаңа ғана Әлібекпен шүйіркелесе қалған шаруа көре көзге еріп жүруден қашып.
Әлібек атына мінді.
— Мына жол тура апарады. «Шеген құдықтың» үстінен түсіреді, — деп шаруа оған ере түсіп, қолын шошайтып еді, бірақ оның сөзін де естігісі келмеген Әлібек мойын бұрмастан атын тебініп қалды. — Жолдың оң бетіндегі он шақты үй... Ең үлкен ақ үй... — деген сөз келді оның құлағына.
— Қоңыр үйлерге өзі де жуымас, Таңеке, саспаңыз. Он екі қанат ақ үйдің төріне лайық қажының баласы. Қара құрым жамылған қара қасқа кедейдің қосына кіріп кетер деп қорқасың ба?! — деген Қауғабайдың жіңішке даусы оның құлағына түрпідей тиді.
4
Бұрыннан да көп нәрсені ішіне түйіп жүрген Таңқыбай Әлібектің түр сипатын ғана емес, оның өте мүшкіл халде кеткенін, болыстық басшылардың, әсіресе, жастар комитеті хатшысының оған жаудай түксиіп, сөзін тікенше қадағанын жадына мықтап жымқырды. Оның, әрине, «жұмысы бар» дегені шығарып салу ғана болды. Кеңсе басы әкімдерден арылған сағатта-ақ, ол да жалма-жан «Шеген құдыққа» тартты. Және Әлібек кеткен жолдан төтерек — Жалған сайдың ішімен шоқытты...
Таңқыбай көруге де өзгеше жан: бойы бейне он бес — он алты жасар бала жігіттің бойындай-ақ, денесі де тап сондай талдырмаш, толысып жетпеген бозбаланың денесі. Сыртынан қарағанда, оны тек үстіндегі түйе жүн шекпеніне бағып үлкен кісі дерлік; ал алдынан көз тіккен кісіге бір шөкім ғана сақал мен сеп-селдір мұрт көмкерген кішкене аузы, шүңкиген беті, жұрыны бір елі, сары нәнкемен тыстаған төбесі шошақ бөркі оны түлкі еліптес етіп тұр. Тесе қарайтын кішкене көздері де бұл елібін баса ұқсатқан.
Ол және өте пысық жан. Жаратылысында кешеуілдеп жұрт соңында қалып көрмеген Таңқыбай қосшы ұйымы шығады деген дақбыртты да бірінші боп естіген-ді. Ол ұйымға бірінші болып та «Шеген құдықтан» сол жазылды. Ал қосшы ұйымына мүше болғаннан кейін ол болыс кеңсесінің төңірегінен шықпай қойды. Бұрыннан да жұмсай қоюға «атқа жеңіл құбаша» Таңқыбай болыстық қосшыкомның тура оң қолы сияқтанып кетті: қосшы мүшелерін жинау оның басыбайлы сыбағасы, ал керек жерінде уезге шаптырып алуға бүтін болып қол астынан Таңқыбайдан қолайлы жанды іздесе де таппас еді. Таңқыбайдың үйінде болуы көп пе, кеңсе басында жүруі басым ба? — деп сұрар жан болса: үйіне қонып шығуға да қолы тимейді, — деген жауап алар еді.
Таңқыбай сөзге де ұста. Болыс кеңсесінде, қала берді уезде не болып жатқанын ауыл адамдары Таңқыбайдың ертектей сайлы етіп айтатын әңгімесінен қанады. Бірақ жұрттың көбі мал басында, егін үстінде, шөп төңірегінде болады да, көбіне-көп оның әңгімесін тыңдайтын бірен-саран шалдар мен Ақметше. Неге екені белгісіз, Ақметше одан әдейі арнап әңгіме сұрамайды, ол өзі айтады. Ұсынған бір тостаған қымызды ол басқа жұртша көтере салып жұтынып отырмайды, оны шайқап-шайқап алып дәмін татады да жерге қоя сала әңгімеге кіріседі. Және бір ғажабы: Ақметше оның өмірде сөзін бөлген емес. Әлденені ойлап отырған, ойы аса алыста жатқан адамша жүзі далада, тек құлағы ғана Таңқыбайда. «Неге бұлай?» деп монжайын анықтаған да емес, айтқанының бәрін тыңдайды да отырады.
...Біздің қосшыкомның мәжілісі сондай қызу өтті — қызыл шеке керіс болды. Байларға бір түйір, жалғыз түйір де жер бермейміз деп шештік, — деп бастайды ол әңгімесін. Болмаса:
— Уездік қосшыкомның ағасы болып баяғы қу сирақ кедей пұшық Әбілдің баласы Құспан сайланды дегенде, бір ду қол шапалақтадық. Біздің сорлы кедейлерге де теңдік тиді деп есептедік, — дейді ол Ақметшеге қарап қойып.
Ақметше бірақ Таңқыбайдың неге қуанатынын сұрамайды. «Бір түйір жер» бермеуіне де көңіл аудармайды. «Бәрі де дұрыс шығар, Ақаңдар біледі ғой» деп ойлайды Таңқыбай.
Таңқыбай Ақметшеге ағайын. Ақметше бұл ауыл түгіл, осы елге тегіс ағайын, білімді ағайын. Баяғыдан бері жұрт оған «Ақаң білсіннен» өзге лебіз айтып көрген жоқ...
Сол Таңқыбай күндегі әдетінше, атын келген бойы үйінің арғы жағына — қазан жақ белдеуіне байлай салды да, Ақметшенікіне қарай аяңдады.
Ақметше үй көлеңкесіне текемет жайдырып, оның үстіне кілем төсетіп, оқудан қайтқан қызына домбыра тарттырып отырған.
Соңғы үш қыс Гүлжиһан Жымпиты қаласында оқумен бірге музыка сабағын да алып келген-ді. Оқытушысы жер ауып келген бір үлкен адам рояльді меңгертіп тастап еді. Қазір қырда, киіз үйде қызының роялі жоқ, оны қаладан әкелу де оңай емес және әкесі: «қыс қайта оқиды, сол жерде тұрғаны да жөн», — деп алдырмаған. Оның үстіне соңғы жылдарда көбіне-көп сөйлеуден бас тартып, ойға молырақ батыңқырай бастаған Ақметше ұдайы жазумен болушы еді де, кей кез кештің бір қоңыр күй тілейтін тыныш шағында домбыра тыңдауды әдеттеніп еді. Бұрыннан әнді жақсы салып, домбыраны әжептәуір шерте білетін Гүлжиһан өзі келгеннен бері орта жастан ауған тұйық әкенің тұнжыр көңілін он екі перне, екі шекпен әлдилейтін. Бүгін де көлеңкеде отырып, Ақметше өзінің көңілі көбірек қолқалайтын «Көбік шашқан» күйін шерттірді. Оның қара сұр жүзі сұрлана түсті — құлағы домбыра үнінде, көңілі алыста... Қиял теңізіне шомды.
...Бурыл шашты қарт теңіздің кәрі жыны ұстап, көк зеңгіл беті қара қошқылдана қалғандай. Домбыраның буынған сағағынан құдіретті үн мейманасы асқан өр көкірек судың бұлтпен кеуде соғыстырғанын дүңкілдеткенге ұқсайды; иықтап-иықтап, арпалыса қалған дүлей күш жығылып тұрып, қайта алысқан сияқты күмбірлейді; бір кез дүрілдеген зелзала бой бермей шапшиды — ойдан өрге, теңізден төрге ғарық апаты алып кеткен тәрізденеді; әлді де, әлсіз де «япырым» құшағында: сеңдей соғылысқан адам мен мал, жанды мен жансыз жапырыла жығылып ағын мен айдау жолында кете барады. Түйсінген табиғат астан-кестен дүниені шайқалтып-шайқалтып жібергендей ышқынған үнінен бой түршігіп кетеді...
«Данышпан шал. Табиғат апатын көз алдына алып келеді. Мұндай топандар жаратылыс әлемінде ғана емес, адам қоғамының төрінде де кездесіп келеді: ағылшын революциясы, ұлы француз төңкерісі. Орыс перевороты...» — деді Ақметше ішінен төмен қарап отырып.
Ол Таңқыбайдың әңгімесіне құлағын да салмаған сияқты. Жалғыз-ақ Гүлжиһанның таңданғандай оған қарап қалғанына бағып:
— Қонақ келсе үй бар ғой, Гүлжан, — деді.
Әкесінің «Әлібек келе жатыр», — деген хабарға, «болыс кеңсесі басында Шынғалиев оған найза салғандай сөз айтты» деген сескенерлік жайға да құлақ ілмегені қызына да тосырқау салды. «Үй барын білемін ғой», — деген жауап берді әкесіне қыздың төңкерген көзі. Бірақ қызының ойын көзі түгіл қабағының қаққанынан да ұғатын Ақметше:
«Алыста жүрген жақынды алып келу оңай, ал жақында жүріп жат болған көңілді жуықтау екіталай іс», — деген сөзді әзірге тауы шағылмаған қызына қатты тиер деп паш етпеді. Ол тіпті аузына келіп қалған: «Жау қамалына барлауға келе жатқан жан болса не еттің? Бірақ қазір жауды жауша қарсылар да шаң емес, қызым», — деген ащы ғақылдан да бас тартты. Ол тек мұның бәрі басты жұмыс емес қой — мұнан әлдеқайда тереңірек жатқан сырлар бар, соны байқау керегірек шығар деген адамша, жауап тілеген Гүлжиһанның мөлдір көзінен жүзін аударып:
— Мына қағазды Тәжімұратқа бер, — деді төс қалтасынан төртке бүктеген қағаз суырып, оны Таңқыбайға ұсынып.
Таңқыбай қағазды ішкі қалталарының біріне сүңгітіп жіберді де, тостағандағы қымызды тауыса сімірді. Сіміріп болып бет сипады да, ол келгендегідей жинақы әрі пысық адыммен үйіне қарай жөнеді. Қағазды қашан апару керек, жауап әкелу қажет пе, мұны ол анықтап жатпады, оған бәрі белгілі, бәрі орынды іс сияқты: кеңседен келген бойы үйіне де бас сұқпастан тура келіп, бір тостаған қымыз үстінде Әлібектің келе жатқанын сипаттап еді, ал енді тапсырар қағазды ала салып барар жағына асықты.
Кетіп бара жатқан Таңқыбайды көзімен ұзатып, әлде не бір ойға бөгелгендей болды да, Гүлжиһан тағатсыздана бастады. Қабағын шытып, жалма-жан домбырасын үйге алып кетті де, кешікпей қайта шығып, үйіне жетіп қалған Таңқыбайға тағы да бір көз тастап алып:
— Ертіп келуге бата алмағаны ғой, — деді, қыз қаңбақтай дөңгеленіп бара жатқан бұл тынымсыз адамға ілік қойғандай зілді үнімен.
Бұл, әрине, қыздың іштей тағатсыз күткен Әлібегіне сый-сыяпат көрсетіп, қарсы алу керек дегені еді.
Шаруаның ертіп келмегенін Ақметше «ақылдылық» деп есептеп еді. Қосшы комитетінің мүшесі Ақметшенің қонағын қошеметтеп жүруі, оның кеңсе басындағы жолдастарына байшылдық, ескі би-шоралардың алдында құрдай жорғалағандық болып көрінер еді. Осыны ойлап және қызының көп затты болжай алмайтынына қарай Ақметше ауыр да болса терең ой салды. Ол осы күні ауылда болып жатқан істердің топан келбетті екенін суреттей келіп:
— Ақылды бала әкеге еліктейді. Әкенің не ойлайтыны байқағыш баланың шамалауынан аулақ жатпайды, — деді ол қызына қарамай жердегі әлде не бір қарайған қоңыз сияқты жәндікке көзін тігіп. — Мұны мен саған да, Қаршығаға да ескертем. Сен жаңа ертеңгі. әлемде сұлу, құлаққа жұмсақ, ойға толы «Бал қаймақ» жырын шығарған күйші шалдың нөсер «Көбік шашқанын» тарттың. Бұл зелзала қаптаған дүниенің сұрапыл сүдінін көзге алып келеді. Мен сонымен көбірек ойлансын, үн ойранына құлағын тосыңқырасын деген пиғылмен тартқыздым. Әдейі жұмсақ, шаттың күйден өзге, ашық аспаннан басқа, ауыр күй де барын, тұнжыр, бұлты қалың көк те барын сезсін дегенім...
Әкенің қар ұшқындатқан үскірік лебізі қыз арқасын шымырлатып жіберді. Ол ауылдың өмірінде не өзгеріс болып жатқанын бұлдыр ғана топшылайтын, әсіресе, соңғы кездегі әлді мен әлсіз боп екіге жарылған елдің бітімге келмес тартыс майданында тұрғанын жас қыз Гүлжиһан тұрмақ, күнбе-күнгі саяси жұмыстың бір құлағын ұстап отырған Хакімдердің «көзі ашық» әйелдері де мықтап сезе қоймайтын. Ауылға шығарда да, онан бұрын да Меңдіқыздың бар ойы Гүлжиһанды өзіне тартпақ еді. Екі сөзінің бірі Әлібекке Гүлжиһан, Гүлжиһанға Әлібек қана тең екенін құлаққа сіңіре бергенін қыз жақсы аңғарған. Ал сол ынтық шақты жақындатуға шыққан Әлібекті неге «адасып келе жатпағай, — дейді? Әкесі әлді болғанда, оқыған ғалым жан болғанда қыз тағдырына не бөгет? Келе жатқан жастың алдына қара түнек орнату неге керек? Оны шаттық көңілімен қарсы алу емес пе еді қыз арманы...»
Өмірде әкесінің сөзін бөлмейтін Гүлжиһан десбісінен жаңылғандай:
— Папа, қойшы, қойыңызшы. Ашық күнді бұлтқа айналдырмаңызшы. Менің ойым да, айтқан сөзім де бұл айтқаныңыздан аулақ жатқан ой мен лебіз, — деп салды.
Ақметше тұрып қалды. Ол басын жоғары көтерді де, бірақ жүзін қызынан басқа жаққа бұрып кетті.
— Жақсы олай болса, Гүлжан, — деді Ақметше аз кідіргеннен кейін. — Қонақты қалай қарсылауды өздерің де білетін шақтарың жетті. Қаршыға мен екеуің ол... жас нағашыларыңды отауға түсіріңдер, шайды да сонда беріңдер, асты да... асты осында жегізерсіңдер... Сен менің бастапқы сөзімді бөліп жібердің. Бұлтты мен емеспін, қарағым, қалыңдасын деген. Бұл жөнінде әңгіме басқа. Сен ана Таңқыбайды «қонақты ертіп келмеді» деп кінәлағандайсың, Таңқыбай дұрыс істеген. Ол заман сазын, заман үнін жақсы айырып келе жатқан адам. Ол өмірде не болып жатқанын әбден ұғына бастаған жан. Мұны сен байқауға тиіссің. Осы атыраптың қожасы түбі Таңқыбай болады. Сондықтан оның ақылы мен ісіне баға бермей болмайды.
Асыққан Гүлжиһан:
— Жақсы, папа, — дей салды.
Ол Таңқыбай қандай адам екенін ойлағысы да келмеді. Алыстағы шаруа жаққа қолын бір-ақ сілтеп, өз ісімен шұғылдана бастады.
Үйге кірген әкесінің ізінше қыз көлеңкеге төселген сырттағы киіз,кілемдерді қызметкер әйелге жинаттырып, өзі отау жаққа кетті.
5
Семізше адам мен Қауғабайдың сөзі Әлібекке найзадай тиді. Ол кеңсе басынан әрілеп кеткенше де, бұл өңменінен өтерлік сөздер құлағына ап айқын келіп тұрған сияқты.
«Қазақтың ақсүйегіне қонаққа бара жатыр... Князь жиеніне сәлем береді...» — дейді.
«Бұл қандай өшігу? Бұл қандай жек көру? Жақсы, бай-бекзатты жек көрсін. Қанаушылығын бетіне бассын. Ал сонда оны жердің бетінен құртып жібере ме? Үйіне бармай ма? Сәлемдеспей ме? Асын да жемей ме? Қарсы келсе бұрылып кете ме? Қызын алмай ма? Оған қызын бермей ме?..»
Әлібектің есіне мектептен «бай баласы» деп шығарған Ғали Ақметов түсті. «Солай екен!, — деді ол өзінен-өзі. — Мен өсер екенмін. Тегі жат деп бар жерден аулақтатып жатқанда, мен сол нағыз бай-бекзаттардың тап жауы — қосшы кедейлердің алдында Ақметшеге сәлем бере бара жатырмын деп ағымнан жарылдым. Шынында менің кім болғаным?.. Өзі оқыған зиялы, өзі дәулетті адам жиенім еді деп үйіне сәлем бере келе жатқаным не? Бұл есерлік, нағыз есерлік. Мені мектептен бай баласы деп шығармаса да, байдың тілегін тілеуші, денсаулығын сұраушы деп кінәлауға мүмкін. Мүмкін емес — міндетті, бұлай айтуға ақысы бар. «Сен жә бұлай, жә бұлай шық» десе жолдастар — мұнысы әділдік... Түу, енді не істедім?»
Әлібек ұзақ уақыт тізгінін бос қоя беріп ойланып келе жатты да: «Бәрібір, не болса да болды. Мен қазір бұрыла сала ауылға қарай жөнеп бергенмен, Қауғабай мені Ақметшенікінде болған жоқ демейді. Әуелден жек көретін адам, ол мені ақтай қоймас. Мейлі не болса да көріп алдым. Бүгін «Шеген құдыққа» қонайын да, ертең ертемен ауылға асайын», — деп шешті.
Бірақ Әлібекті «Шеген құдық та» құшақ жайып қарсы алмады.
Он екі үй жамағайыннан оқшау отырған Ақметшенің отаулы үйін Әлібек ешкім қол шошайтып көрсетпесе де танырлық екен.
Үлкен үй мен отаудың сырт көруге басқа жұрттың отаулы үйінен айырмасы үлкендігінде де емес, ақтығында да емес, айналасындағы қора-құрасында болып шықты.
Бір бүйірден келіп шыққан Әлібек отаулы үйден шеткерірек тұрған қора сияқты жабындыны көпке дейін айыра алмай, жақындаған соң барып оның шатыр екеніне көзі жетті. Араларының алшақтығы бірдей қатарынан орнатқан он шақты діңгектің төбесіне брезенттен шатыр керген. Әр шатырдың түбінде бір-бірден жем астау. Жем астауға біріне-бірін қарсы байлаған құлынды бие. Күн еңкеуден төмендеп кетсе де күндізгі ыстық әлі серпілмеген. Бірақ үлкендігі кіші-гірім кебендей-кебендей шатырдың астында тұрған биелер шыбындап құйрығын да сирек серпетін сияқты. Және бұл жылқылардың түрі де жуан құйрықтарымен бүйірін сабалап жер тепкілеп тұратын қазақтың қара байыр биелеріндей емес, шекесінен қараған кербез жандар сияқты тік сирақ, қаз мойын бірдемелер.
Одан әрі сайдың алқабында ағаш, ағаш түбінде биіктігі кеудеден келетін құдықтың шегені көрінді. Оның бәрінен де көзге оттай ұшыраған, тап әнеукүнгі жолда кездесетін ұзын қараның жегіп жүргеніндей, қамшыдай қатқан қос қызыл нар болды. «Мынау кәдімгі Ақметшенің нарлары, — деді Әлібек ішінен. — Жылқының түрін қара, ол жылқының күтімінің түрін қара! Мына шатыр астында тұрған құлынды биелер қымыз үшін ұстап тұрған жылқылар ғой шамасы. Жем беріп, шөп жегізеді екен жаз күнінде, — деп басын шайқады ол ат үстінен, көзін байлауда тұрған жылқылардан алмай. — Мынаны князь демегенде не десін...
Үй төңірегінде қыбырлаған мал да, жан да көрінбейді. Жылқы шатырлары мен құдық бір көрінім жерде тұр. Тәртіп пен тазалық орнаған жер екен. Үй іші қандай? Гүлжиһан... қандай екен?» деген ой жалғасып оның дүбірлей бастаған жүрегінің мазасыз соғысын одан әрі дүрсілдетіп жіберді.
Үлкен үй мен отаудың ат басын қайсысына тіреуге білмей ол алысырақ тоқтап, екі жаққа да тең шамада тұрып қалды. «Дыбыс беру керек пе? Әлде аттан түсіп жаяулау жөн бе? Қазақтың ең ескі әдетіне жүгінсе: нағашының жолы үлкен, нағашыға аттан түсу шарт емес, тіпті тақап келіп үлкен үйдің өз сыртына тоқтауға да болады. Бірақ... жас адамға... оның үстіне...» Әлібек ойын жұтып қалды.
Ол аттан түсе қоймады. Алайда, бұл көзге түсерлік-ақ жақсы атты, салтанатты жігітті көре қойған да ешкім болмады. Аздан кейін әдептілік көз шығармас деген оймен студент аттан түсіп, тізгінін қаңтарып, шылбыр ұшын қолға алды да, жүріп келген атқа еркіндік беріп, өзі жел жағына шықты.
Тағы да біраз уақыт етті. Бір кезде отау жақтан дыбыс шыққандай болды да, үлкен үйден бір әйел шығып, далада тұрған қонаққа көз салмастан отауға беттеді.
Көз қиығын екі үйге кезек тастап тұрған жігіттің назары әйелге ауды. Бірақ әйел далада адам тұр деген ойдан аулақ, өз бетімен жүріп бара жатқан сияқты. Көлбеңдей түскен Әлібекке көз салу ниеті жоқ. Әлібек тамағын кенеп қойды, әйел онда да мойнын бұрмады.
Бұл қалай? Көрмей ме, көрсе де мойнын бұрғысы келмей ме? Осындайда бастап әкелетін бағанағы кішкене шаруаның да жұмыс басты бола қалғанын-ай. Бұл жерде мен егін басына қойған қарауыл құсап, қашанға дейін шошайып тұрмақпын?» деп қысылды, Таңқыбайдың әлдеқашан келгенінен де, Ақметшемен қызының өзі жөнінде тілдескенінен де бихабар Әлібек.
Әйел отауға жетер-жетпесте аяғын өте-мөте шапшаңдай басып қыз шыға келді де, Әлібекке қарай жүрді. Оның соңынан ілесе, қуа шыққан адамдай ұзын бойлы жас жігіт аршындады. Екеуі де үнсіз, егесе аяңдағандай қатарласа түсті де, бірнеше қадам жер жүргеннен кейін қыз кідірістеп кейін қалды да жігіт тез жақындай берді. Үй сыртынан Әлібектің тоқтаған жері ең кемі жүз қадамдай еді; бұл жерді ұзын бойлы жігіт бес-алты-ақ аттап жеткендей болды. Ол анадайдан Әлібекке:
— Шідер сал атыңа! — деп бұйырды.
Әлібек оған не дерін білмеді, тек оның жүзіне қадала бақты: ұзын бойлы, сіңірлі қара жігіт, екі кезі бүркіттің көзіндей, мұрны да... бүркіттің тұмсығындай, ауған жоқ! Жолдағы көпір! Ол мұны бір дегенде соның өзі ме деп ойлады да, бірақ бойы одан анағүрлым аласа және денесі толыспаған талдырмаш болғаннан кейін ойы бөлінді.
«Ол емес, бірақ содан аумаған. Сөзі де дөкір, әрі өктем. Бұл кім? Әлде үй Ақметшенікі емес пе?» Екі ойлы Әлібек қысыла түсіп:
— Бір-бірімізді бұрын көргеніміз жоқ. Атымызды сырттан ғана білеміз. Сен Қаршыға шығарсың? — деп сұрады, оның өңі қызара түсті де, жүзінде күлкі де емес, елес те емес бір белгісіз шырай пайда болды.
— Қаршығамын. Кім болғанда да бәрі бір емес пе саған. Шідер сал атыңа.
Әлібек таңданған күйі ердің қанжығасынан қолын соза түсті де, бірақ алдымен көрісуді жөн көріп, шідерге созған қолын жалма-жан Қаршығаға ұсынды.
— Мен Әлібекпін. Кәне, көрісейік, жиен.
— Біз ондай қол қысысып, орысша амандасуды білмейтін қыр қазағымыз. «Аманбысың», «аманмын» дейміз. Болмаса «саламағалайкум» — «уағалайкүмссалам», сонымен бітті, — деп Әлібектің ұсынған қолын алмай, орнында тұрып қалды.
Мінезін білмейтін бұл ожар жастың мына сөзі Әлібекті бұрынғыдан да әрі тұйыққа тіреді. Ол тіпті бір сәт не істерін білмей састы: не мынаның бұйырғанын орындап атқа шідер салып, ауыл баласы сияқты томпаңдап алдына түсе беру керек те, не жақынды жақын деп сыйласа білмейтін дөрекі жиенге жанына тигізе, адыр сөзіне бұдыр жауап қату қажет. Осы бөгелісті көріп, келіссіз жайды сезіп қалған Гүлжиһан жақындап келіп:
— Қаршыға, неге нағашыңның атын ұстамайсың? Күнде келіп жүрген ауыл баласы деп тұрсың ба? Ұят емес пе?.. — деді.
Әлібек Гүлжиһанға жалт қарап, аузына келіп қалған: «Нағыз сал сойыл ғой мынау, сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деп, мұндайын білсем сәлемдеспеймін ғой» деген Қаршығаға арнаған сөзін жұтып қалды. Ол:
— Сәлеметсіз бе, Гүлжиһан, — деп шылбырының ұшын жерге тастай беріп, көрісуге ыңғайланған қыздың қолына жармасты.
— Аман-сау жүрсіз бе, нағашы. Хош келдіңіз, — деді қыз сыпайы түрмен. Бірақ оның Қаршығаға ренжіп шытынаған қабағы жазылмай қалды.
«Нағашы дейді... Атымды атаса болмады ма? — деп ойлады Әлібек. — Менің Әлібек екенімді қайдан біледі? Әлде шамамен елібіме қарап таныды ма?
— Үйге жүріңіз, — деп қыз Қаршығаға қайырып жауап бермесін деген адамша, Әлібекті отауға қарай жетектеді. — Сіздің келе жатқаныңызды естігенбіз. Жаңа осында бір ағайын адам келіп айтып кетті. Меңдіқыздың, Хакім нағашымның дендері сау ма?
— Сау, аман-есен, өзің көргендегідей.
— Өзім көре алмай кеттім Хакім нағашымды. Ол кісіні де, сізді де күтуге мына Қаршыға қаратпады.
— Біз келген күні кеткеніңді есіттім, Меңдіқыз айтты. Қаршыға ешкімді алды-артына қаратпас, — деп күлді Әлібек басын шайқап.
— Құдай берген мінезді өзгерту қиын... Оны байқап қалған шығарсыз.
Ұр да жық мінезді Қаршығаның, құрметпен тізгінін ұстаудың орнына түйеден түскендей сөйлеп, дөрекі түрде қасқырша қарсылағаннан кейін, ашық Гүлжиһанның әдепті лебізі Әлібекке самал желдей әсер етті. Тіпті отауға кіріп жайласып үлгірмей, көптен таныс, күнде сөйлесіп жүрген адамша екеуінің әңгімелері де жараса қалды. Біріне-бірі сырттан қанық болса да қысқа сұрақ, келте жауаппен аз уақытта көп жайды анықтап та тастады.
— Демалыс күзге дейін бе? — деп сұрады қыз.
— Бір-ақ ай.
— Неге аз?
— Институт Алматыға көшеді.
— Алматы Қызылордадан қанша жер?
— Темір жолмен Пішпекке дейін екі тәулік, арғы жағы ат-арбамен төрт-бес күндік жер деседі.
— Ой-ой! Алыс екен ғой Алматы. Қызылордадан Текеге дейін неше күн жүрдіңіз?
— Үш күннен артығырақ.
— Сонда біздің Жымпитыдан Алматы он күндік жер болғаны ма, нағашы?
«Тағы да нағашы дейді...», — деп ойлады Әлібек.
— Солай болғаны ғой, Гүлжиһан жиен, — деді ол езу тартып.
Қыз оған жалт қарады да, бірақ Әлібектің сөзін елемеген болды.
— Алматыдан басқа жерде институт болмағаны ма, соншама елден жырақ кеткеніңіз?
— Институт көп шығар. Бірақ қазақтың бірінші жоғары дәрежелі мектебі Алматыда ашылғалы жатыр. Бұл қазақтың мемлекеттік университеті . Біздің «Халық ағарту институтымыз» сол жаңа ашылатын университетке қосылып кетті. Ол университеттің онда ашылуы — қазақ республикасының астанасы сол Алматыға көшпекші. Алматы болашақ астанамыз. Сол алыс қалаға ертерек жетіп, ертерек орналасу керек. Сондықтан елде бір айдай ғана болмақшымын, — деді Әлібек, отауға еніп келе жатып.
Ол жалма-жан үстіндегі плащын шешіп, орындықтың басына іле салды да, сол үй ортасындағы столдың жанындағы орындыққа өзі де отырды. — Қоныс жайлы болсын, — дейді ғой үлкендер, солай ма, жиен Гүлжиһан?
— Айтсын. Қазақ әдетін ұмытып қалмағандығыңызға да көп рақмет.
— Отырыңыз, жиен Гүлжиһан.
— Нағашымды кім күтеді, мен отырсам, Әлібек нағашы?
Әлібек езу тартқан күйі айналасына көз жүгіртіп өтті.
— Сізді үйді сұрамай-ақ танырлық екен.
— Жұрттың бәрі де солай дейді, нағашы.
— Мен әзіл ретінде емес, шынын айтамын. Ана жылқы, түйе... басқа жерде ондай өзгеше малдар кездесе қоймас. Тек сіздікінде ғана. Сонсоң... — Әлібек отаудың ішін көзімен бір шолып өтіп: — қырда сіздікінде ғана бар шығар мына европалық салт...
— Бұл жаңа ғана жасалған жай емес қой, нағашы. Папамның Петербургтан оқу бітіріп қайтқан кезінен бері бар дүние. Бірақ, осыны біздің қазақ басқаша түсініп жүр...
Қыздың көмейіндегі айтылмай қалған сөздің арғы жағын Әлібек түсінді де:
— Иә, естіп келемін: қалада да, далада да... естіп келемін, — дей салды.
Осы кез үйге Қаршыға кіріп келіп, әңгіме үзіліп кетті де, аздан кейін қайта басталды. Бұл жолы сөзді Әлібек бастады.
— Нағашысынан жиені мықты болуы да ғажап емес: жиеннің жиендік назы да заңды. Алайда, Қаршығаның танымасын сыйламас етіп, қырғи қабақ көрсетуі түсініксіз болды. Әрине, мұның бәрі біздің жиі қатынасып жүргенімізден шығар, — деді ол, Қаршығаға арнаған сөзін Гүлжиһанға қарап айтып.
— Біреудің мінезі олай, біреудікі бұлай. Ал қабақтың қырғилығы адамына қарай. Қасқа — қасша, досқа — досша, — деді Қаршыға сол сырттағы түксиген пішінімен.
— Менің бірақ та қастың қатарына қосыла қалған жерім жоқ еді...
— Байдың үйіне коммунистің інісі достық ниетпен келеді дегенге де нану қиын. Сондықтан қабақтың қырғиы емес, онан да әрі болуы жөн, — деді ол даусын бұрынғыдан анағұрлым қаталдатып.
Гүлжиһан қып-қызыл болып кетті де, Әлібек не дерін білмей қалды. Бұл ыңғайсыз жағдай, жөні болып тез өзгеріп кетті.
— Қаршыға, сені папаң шақырып жатыр, — деді орта жасты әйел есіктен кіріп келіп.
— Қазір, — деді де «тоқтай тұр, сенімен әлі сөйлесермін» деген адамша Әлібекке қабағынан қар жаудырып бір қарап алып, Қаршыға үйден шығып кетті.
Әлібек ол кеткен соң да көпке дейін соққы тиіп есеңгіреп қалған адамдай, сөзге келе алмады. Ол үйге кірген әйелге де тек басын иіп амандасты. Ал Гүлжиһан шығып кеткен ағасының ізіне қарап, ұзақ уақыт басын шайқаумен ғана болды.
— Шайды әзірлейін бе? — деп сұрады әйел қыздан.
Қыз:
— Иә, — дей салды.
«Бұл қандай жан, қасқырдың баласы сияқты жағадан ала түсуге дайын. Түрі қандай?! Мынау Ақметшенің баласы болмас. Бұл сол Құныстың қасқыр нәсілінен болмағай! Апыр-ай, қосшы комитеті мен жастар комитеті тіксіне қарап пәле қылып еді, енді мынаның да мені жатсынып тұрғаны. Әлде Ақметшенің өзі осындай пікірде ме? Айтқандай маған Ақметшеге барып сәлем беру керек шығар», — деп ойлады да, Әлібек Гүлжиһанға:
— Гүлжиһан мен үлкен кісіге сәлем беріп шығайын және мына бір аманатты берейін, — деді, Ақметшені жиен деудің орнына аузына «үлкен кісі» деген сөз түсіп.
— Әлібек нағашы, — деді Гүлжиһан даусы дірілдеңкіреп, — біздің Қаршыға осындай... Оның өте келіссіз қарсы алғанын басқаша түсінбеңіз. Бұл бір өзгеше жаралған адам. Әзірге айтарым осы. Осы мінезі үшін оны папам шақырып алды, қазір ұрсып та жатқан шығар. Ал папама сәлем беруге кейінірек кіресіз. Шешініп, жуынып, жайланысып дем алыңыз. Қымыздан гөрі шай дұрысырақ болар деп, соны жабдықтап жатыр жеңгей.
Сонсоң қыз «жеңгей» деген әйелге жез шылапшын мен мойны ұзын бұқар құман алдырып, Әлібектің қолына су құйдыртты да, өзі стол жабдықтауға кірісті.
Әлібек жуынып жатып, кешеден бергі кездескен келіссіз оқиғалардың үстіне мына Қаршығаның қылығы қосылғанын бақытсыздықтың басы деп ойлады. «Меңдіқыздың айтқаны аумай келді. Гүлжиһанның сұлулығы ауызбен айтып жеткізерлік емес екен де, ал ақылдылығы мен тәрбиелілігі теңдессіз болып шықты. Бірақ... бақытсыздықтың басы мына Қаршығадан шықпағай! «Байдың үйіне коммунистің інісі достық ниетпен келеді дегенге кім нанар?» дейді. Қауғабайдан мынау ауыр тиді. Қауғабай басында, мектепте оқып жүргенде бізді «оқымыстылардың балалары, орташалардың балалары» деп бөлетін. Оның «Князь сияқты, қара таяқ зиялы адамның үйіне барасың ба? — деп кекетуі орынды да. Ал мына сол «князьдің» баласының маған жауша қарағаны жақсылық емес. Бұл... жамандықтың басы», — деп ойлады.
Ол сүртініп жатып Гүлжиһанның бойына, әсіресе, салған суреттей мүсініне ұрлап көз тастап, күрсінгендей болды. Сөйтті де жалма-жан тамағын кенеп, бұл байқаусыз шығып кеткен ішкі жан сырын жасырып қалды. Шашын тарап та, стол жанына келіп отырып жатып та ол Гүлжиһанның қимылы мен қабағын бақты. Өте нәзік үнді лебізінің салған әндей толқып, аузынан еркелеп шығатынын, сөзінің әрі жан сүйсінерлік мағыналы, әрі өз орнында тізген моншақтай төгілетінін ешбір жанға бітпеген тәңірі берген сый деп түйді. Ол Гүлжиһан сөйлегенде «сөйлей берсе екен» дегендей, әлденеше рет аузына қарап, өзіне кезек келгенін байқамай да қалды.
— Қалай, нағашы, қыр ұнай ма? — деді Гүлжиһан шай үстінде Әлібектен.
Басында Әлібек ешбір тоқтаусыз жауап қатып, өзі де көп әңгімелерді Гүлжиһанмен қысылмай сөйлесіп еді. Ал қазір шай үстінде екеуден екеу қалғаны оған теріс әсер етті білем, ол аздап қысылғандай болды. Бақылаған адам оның жүзінен қызғылт шырай жүгіре қалғанын байқар еді.
— Қыр да ұнайды, қырдың жандары да... — деп мүдіріп қалды ол. Аздан кейін даусының дірілін басып, — «Шеген құдыққа» жеткенше ұшуға қанат болмады, — деп салды.
— Папамның аманатын тапсыру шығар асықтырған, — деп күлді қыз.
— Онан да үлкен асықтырғыш бар ғой, Гүлжиһан.
Қырдың ыстың желі өссе алдыңнан... жүрек алып ұшады ғой, — деді Әлібек, жұмбақ сөзін аса келістіре алмай. Оның көңілі тағы да орныға бастады.
— Ыстың жел мазасыз болмай ма? — деп іліп еді қыз, Әлібек тез жауап тапты.
— Гүлжиһан, біз біле тұра жұмбақ сөзге көшпейік. Ыстық жел деп мен екеуміздің арамыздағы о бастағы ескен жүрек желін айтамын. Аманат тапсыру, үлкенге сәлем беру — ең жақсы борыш. Алайда, осының бәріне көпір болып жатқан сені мен менің табысуымыз шығар. Сондықтан мен ең алдымен «нағашы» деген өте құрметті, өте үлкен сөзді тастап, «Әлібек» деуіңді өтінемін. Мен «жиен» деп айта қойғаным жоқ, мұнан былай да тура жолмен кетермін, — деді ол қызға қарап.
Гүлжиһан төмен қарап отырып тыңдады да, басын жоғары көтерместен ойлана түсті. Бірнеше минут өтті. Содан кейін қыз Әлібектің төңкерген шыны аяғын қайта жазып, шай құйды да:
— Мына шыны аяқ менің арнап құйған шайым болсын, Әлібек нағашым... Әзірге екі сөзді қоса айта тұрайын. Уақыты жетсе «нағашы» деген сөздің өзі де қосарланбас. Жарай ма? Міне, алыңыз, — деп шыны аяқты қолына берді.
Әлібек оң қолымен алған шыны аяқты жерге қойды да, сол қолымен ұстаған Гүлжиһанның білегін жібермей, қол алысқандай:
— Жарайды, Гүлжиһан, бұл сөздің де орны бар сияқты, — деді.
6
Неге екені белгісіз, Әлібекті үлкен ас алдында ғана шақырды. Атағы зор және жасы елуге төнген Ақметшенің алды ете қатты, өзі де сұсты адам шығар деп ойлап еді Әлібек. Бірақ сәлем беріп кіріп келген жас жігіттің қолын қарсылап келіп алған қара сақалды адам оған жылы шырайлы, жұмсақ лебізді көрінді.
— Жоғары шық, нағашы. «Алты жастағы бала алыстан келсе, алпыс жастағы кәрі барып сәлем берер, — дейді біздің қазақ. Жасым үлкен болса да жолы биік саған мен өзім қол созуым керек еді, бірақ соза алмадым. Тәкаппарлық емес жол бермеген, манның рәсімі қалаға барғанда қат-қабат бөгеттерге соқтырды. Сондықтан сәлемдесе алмай кеттім, — деді Ақметше жас қонаққа төр көрсетіп.
— Жоқ... жоқ, — деп қана жауап қатты Әлібек қылғынған адамша, қысылғаннан сөзін жұтып.
Ақметше үндемеді. Ол өз қызметі тірелген адам болмаса, ешкіммен де сөзбен шүйіркелесе қалуға құмар еместі. Оның үстіне қарым-қатынасын мүлде тыйған, тіпті суық лебін естіре бастаған Хакімнің інісімен сырласар да, одан жақындық үміт күтер де нышан іздемеп еді. Бұрынғы әкесі барда бата еткен сүйек жаңғыртуды ол: «Құдай мақұл көрмеген іс, жеке байлық пен жеке меншік иесіне, бүкіл ескі би-қазы біткенге қарсы тізгін тежемей келе жатқан қайсар қажының коммунист баласы жаңа ғұрыптан ауытқыр жан емес. Жақын болу түгіл бұл алдымен менің басымды тұзаққа ілуге тырысар. Ал ағасынан бөлініп, жаңа бағытта оқып, тәрбиеленіп келе жатқан мына студент жекжат бола алар ма? Болса да мұнан не мархабат күтпекпін?!» деген пікірге келген. Сондықтан да Ақметше ауа жайылып келген Әлібекпен әңгімесін келтелеп қана тұжыруға тырысты.
— Қай мектепте оқып жүрсің, Әлібек шырағым? — деді ол ас үстінде.
— Халық ағарту институтында оқушы едім. Қазір бұл мектебіміз жабылып, жаңа ашылған университетке қосылмақшы. Осы күзден бастап мен сонда оқимын, — деген жауап алды ол Әлібектен.
Біраз уақыт өткен соң, бас ұстаудан бас тартқан Әлібекке жүзін бұрмастан, етті өте талғап, шымшып қана жеп отырған Ақметше тағы да бір сұрақ қойды.
— Университеттің ашылғаны аса игілікті іс. Бұл қазақ халқының осы ғасырдың бас кезінен бері күткен арманы. Балаға жоғары білім беру қол сирек жетіп келген нәрсе. Профессорларды қайдан алдырмақ?
Әлібек бұл сұраққа бөгеліп қалды да, бірақ жөні болып, оның ойына Молдекеңнің айтқан бір сөзі түсе кетті.
— Тіл ғылымынан, математикадан және психологиядан қазақ профессорлары болмақшы, — деді ол.
Ақметше оған құлағын тіге қалды.
— Олардың фамилияларын білмейсің бе?
Акметшенің бұл хабарға назарын қатты аударғанын Әлібек те сезе қойды. Ол болашақ қазақ университетінің бірінші профессорлары болып тағайындалған адамдардың аттарын атап өтіп:
— Бәрі де бұрынғы кезде оқыған ескі ғалым — интеллигенттер көрінеді, — деді жауабын ширата түсіп.
Ақметше бұған риза болған пішінмен ақырындап қана сақалын сипап өтті.
Өмірінде бірінші рет көрген үлкен адаммен мұнан кейін Әлібек те шешіле сөйлесудің жолын таппады. Нағашылық еркіндігі де сырын білмейтін кісінің алдында бой жаза алған жоқ, өйткені ой түкпірінде жатқан «ата» деген сөз оның алдын орап, әдеп сақтауға бой ұрғыза берді. Ал Ақметше мен қызы да ас үстінде: «нағашы, ал», «етті аз жедің ғой. Тағы да бірер рет ал» деген сыпайы өтініштен әрі әңгіме өріне аяқ салмай қойды. Сірә, бұрынғы жақындық пен болашақ араласудың екі арасында үлкен өткел тұрғанын әкесі де, қызы да әлдеқашан көріп, біліп қойған сияқты. Күн көзіне жібіген қар бетіндей лебіз майдалығы ғана нағашы мен жиен деген сөздің сыртын жұмсартып-ақ тұр. Бұл келу үлкен сынды қадам екенін, бұл керісу аса алыс сапардың не жолын ашу, не жолын кесу болып қалатынын Әлібек те жақсы түсінді: Ол қалайда қызға бар сырды ақтарудың қапысын таппақ болды.
Астан кейін, жатар алдында — отауға келген Гүлжиһанға:
— Атақты «Шеген құдықты» көрейін, Гүлжиһан, бес-он минут сейілдеп қайтайық, — деді.
Бірақ, бейғам көлдің басын дүрліктірген беймаза құстай, басталар әңгіменің шырын Қаршыға бұзып кетті. Ол құдық басына бет алған қыз бен жігіттің соңынан шырмауықша ілесті.
Жылы шырай мен жұмсақ лебізден бұрыннан да жұрдай Қаршығаның Әлібекке өте-мөте өшігіп, бастан ақырая келгенін біле тұрса да Гүлжиһан оны әңгімеге шақырды.
— Қаршыға, нағашы бір ғана менікі емес, екеумізге тең ортақ. Бері келсейші бөлектенбей. Алыстағы астананың, Сыр елінің жайын сұрайың. Ол жақтың жастарының ойыны мен сауығы қандай болады екен, бармасақ та естіп білейік, — деді қыз.
— Өзің сұра. Мен сенен естірмін соңынан.
Қаршығаның жауабы морт болғанымен Гүлжиһанға да, Әлібекке де бағанағы қатал үн азырақ ұяң тартқан тәрізденді. Сонда да Әлібек шүйіркелесе қалудан бас тартты. Ол айнала алқапқа көз тікті.
«Шеген құдық» кішкене жылғаның құбыла беттегі алақанында екен. Ақметшенің отаулы үйі құдыққа жақын қонғанымен «Ақметше аулы» атанатын көп үйлер едәуір жерде көрінді; малдың дені де сол бір шақырымдай жердегі ауылдың төңірегінде сияқты. Күндізгі көрген арғымақ жылқылар мен түйелер әлдеқайда аулақта жатыр да, мына қос үй төңірегінде бірер аттан өзге қыбырлаған қара жоқ.
Осы өлкеге аты белгілі бұл құдықтың қарағай шегені біп-биік, басындағы айналмалы зырылдауық қауға жабдықтары алыстан көзге шалынарлық лақабы да сол биік шегені мен қыруар малға сыр бермейтін мол суынан тараса керек. Жылғаның терістік беті күндіз дөңес көрінген еді. Ал қазір ақшам байыған кезде бейнебір бүктесінін жазып жіберген кілем сияқтанып, Әлібектің көзіне қырқа-қыртысы жоқ жап-жазық өріс ашылды. Бұл бидайық шыққан көлтабан тегістіктің батыс жақ шет-шегіне көз жетпейтін. Батқан күннің бірте-бірте солғын тартып бара жатқан көктегі шарбы бұлтқа түскен әлсіз шапағы жазықты онан да әрі ысырып бара жатқандай.
— Ертеңгіліктен гөрі кеш шапағын көбірек сүйем. Гүлжиһан, қарашы, қандай әдемі! Аспандағы қызыл шапаққа малынған, бейне қалам сияқты ана ұп-ұшты бұлттар ери келе жіңішкеріп, мүжіліп, жоғалып барады. Ал, әлгі әзірдегі бүтін батысты тұтас буына ұстаған алтын сәуле барған сайын солғын тартып, ажарлы өңінен біржола айрылуға таяу, — деді Әлібек батысқа көзін қадап тұрып. Гүлжиһан оның сөзінде әлдеқандай астар бар деп ойлап:
— Ертеңгіліктен кештің артықшылығы неде болғаны, нағашы, дүниенің бәрі мүжіліп, таусылып, өңі қашып бара жатқандығы ма? — деді езу тартып.
— Жоқ, Гүлжиһан, бұл кештің адамды күндізгі үмітіне жуықтата түскені, — деді Әлібек, жадыраған бір елікпелі пішінмен.
Қыз үндемеді.
— Неге үндемейсің, — деп кірісе кетті Қаршыға кекесін үнмен. — Қараңғыны не бір ниеті қара ұры жандар жақсы көреді. Немесе бұзық іске бой ұрған тұрлаусыз жандар кешті күтеді. Түсінбейсің бе, нағашыңның өз ниетінен өзі хабар беріп тұрғанын.
Әлібек қызара түсті, қарсы жауап қайыра алмай көре көзге бөгеліп қалды. Тағы да Гүлжиһан ағасының ащы сөзін тұшытуға кірісті.
— Әлібек нағашы, сіз суреткер екенсіз, аспанды қандай әдемі суреттеп жібердіңіз. Меңдіқыз жеңешем «Шырақ ақын» деп еді, рас айтқан екен. Мен, әрине, сауалды сынау үшін бергенім жоқ, ой түйінін шеше кетсін деп едім. «Кеш таңдағы үмітті жақындата береді», — деп өте мағыналы сөз тастадыңыз. Ал, Қаршыға сіздің Әділбек сияқты өр мінез, қатты сөздерге үйір, кейде оған сырын білмеген адам өкпе артып қалуы да мүмкін, — деді. Сонсоң Әлібектің басын изегенін көріп, көңілі көншігендей болды. — Мына жаң біздің, бос су жоқ, қолдағы малды мына құдықтан суарады. Папам су тартатын машина аламын деп жүр. Және тағы да бір үлкен құдық қаздырмақшы...
— Есеп беріп болсаң үйге қайт. Папам кешке қарай ұзақ жүргенді жек көреді. Айттым ғой, — кеш — қыздың уағы емес деп.
«Жүр» деп ешкім шақырмай-ақ ерген Қаршығаны Әлібек бірден жаратпап еді. «Мына бұзық әңгімені бұзу үшін әдейі шыққан екен, түсіндім. Мақсат Гүлжиһан екеуіміздің әңгімемізге көлденең түсу болды. Бастан-ақ сыры мәлім болған. Солай болып шықты», — деп ойлады Әлібек Қаршығаның қарындасына үйге қайт деген орынсыз бұйрығынан кейін. Ал Гүлжиһан оның содыр мінезінен тайсалып, Әлібекке мұнан да ауыр сөз айтып тастар деп қысылды. Сондықтан ол ағасының ырқына еріксіз көнді.
— Жақсы, Қаршыға, қайтайық. Нағашым төңіректі көрсін, аздап бой жазсын деп ойлап едім. Ұзақ күн ат үстінде болып шаршаған да шығар, нағашы, солай ғой, жатып дем алғаныңыз жөн болар, қайтайық, — деді қыз.
Үйге жеткенше үшеуі де үн қатпады. Айтар сөз, ашар сыр мол болса да Әлібек мына көзімен де, тілімен де найзасын қадап тұрған Қаршығаның көзінше аузын аша алмады. Ол үйге келген соң да әлденеше рет Гүлжиһанмен тілдесуге оңаша минут іздеп еді, бірақ қонақтың атын отқа жіберуге де қол ұшын бермеген Қаршыға қарақшыдай қақшиып, екі арада тұрып алды. Сірә, қыз да Әлібектің халінде қалған болуы керек, өйткені отауға төсек әзірлегеннен кейін:
— Нағашы, жақсы жатып, жай тұрыңыз. Ертең көріскенше саушылықта болыңыз, — деп Әлібекке қайта-қайта қарап, шығып кетті.
Әлібек ұзақ уақыт кірпік қақпай жатты. Ол күндізгі оқиғаны бастан-аяқ тағы да бір рет көз алдынан өткізді. Гүлжиһаннан өзгенің бәрі қас сияқты. Әсіресе, Қауғабай мен Қаршығаның бірі «тегі жат» деп айыптауға, бірі жау деп бас салуға дайын жандар екенін ашық сезді. Бүл екеуінің өңменінен өтерлік ауыр сөздері мен өздерінің түтеген жүздері кез жұмып жатқан Әлібектің ойынан шықпай, қарсы алдында тұрғандай болды. «Бұл қалай? Себебі не? Не үшін қас?» Мұны ол талдап шеше алмады. Жалғыз-ақ бұл жердей тез кету оған бірінші шарт сияқтанды. Гүлжиһан ше? Көз ишарасынан өзге оған не айтты? Не сездірді? Ертең бе? Жалынды сөздер қашан ағытылмақ? Жүрек тілі қашан сайрамақ? Әлде кейінге ысырылмақ па? Көз ілінгенше мұның анық жауабы ауызға оралмады...
...Ертеңіне:
— Мен жүремін, — деген Әлібектің салқын хабарына қыз таңданған жоқ. Ол мұны күні бұрын біліп қойған адамша төмен қарап тұрып:
— Алты күн етіп, жетінші күні қалада боламын. Музыка мұғалімінен жазға алатын тапсырма — сабақтарым бар. Менен бұрын көрсеңіз Меңдіқыз жеңешеме сәлем деңіз. Жолыңыз болсын, нағашы, — деді.
Әлібек бұл сөзді: «Қалаға кел. Уәде сол» дегені деп жорыды да:
— Меңдіқызды бір уақытта көрерміз. Сау болуды тілеймін, — деп Гүлжиһанның қолын алды.
Қызды сүюге ол Қаршығадан сескенді; қоштасарда басқа ыстық сөз айтудың да ретін таппады. Ол жалын мен мұздың арасында қалған адамдай, аяғын енді қай жаққа басарын білмей аттанды. Ал туған ағасы Хакімнің бұл әнтек басқан адымын аяусыз айыптайтынын Әлібек сезген де жоқ еді,
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Ертемен почта конторының үлкен ауласына Құрманды қолынан жетектеп кіргізіп, ат жегіп жатқан поштабай Жолмұқанға:
— Жолеке, а, Жолеке! Құрмашты алып келдім. Іні менікі, жиен сенікі, қалайда оқуға кіргіз. Өзі белкүллі сенен ауған жоқ — батыр десең батыр, ақылды десең ақылды. Кеше біздің Әділбектің арбасына мініп келіпті. Нағашысына тартқан дегдардың тұқымы емес пе, бүкіл Дабыл байдың аулын бөрліктіріп қашып кетіпті. Қашпай қайтеді, сенің көзің тірі тұрғанда біздің бала қорлыққа көне ме? Ай, Бисенғалиды да қатырып кеткен көрінеді, айтып отырса. Тіпті қызық, өзі айтып береді, — деп Сүлеймен бар жайды бір-ақ ақтарды.
Қаратөбе мен Жымпиты қаласының екі арасындағы әрі шалғай, әрі елсіз құмды жолда ат арбамен почта айдайтын Жолмұқан кезекті сапарына шыққалы жатыр еді. Ол көптен бері көрмеген кішкене жиенін бетінен сүйіп, Сүлейменмен амандасты.
— Алда разы болсын, Сүлеке, баланы алып келгеніңе. Айтқан тілегіңнің орындалуына шәгің болмасын. Мына сапардан қайтып келген соң оқу бөліміне алып барам. Қалайда оңуға кіргізем. Ал қазір кемпірге тапсырып кетем, ашығып қалмасын деп. Ал өзіңнің шаруаң күйлі ғой? — деді Жолмұқан.
— Аман-ақпыз. Текеден келдім. Хакімді алып келдім. Түнде келдік. Жол жақсы екен, белкүллі бір жақсы сапар болды. Бүгін базар аралап, ертең кеңседегі қызметімді бітіріп, арғы күні елге қайтам, — деп сайрай жөнелген Сүлейменнің ұзақ сонар әңгімесін күтпестен Жолмұқан баланы ауланың түкпіріндегі үйіне алып кетті.
Ол кешікпей қайта шығып:
— Ал, Сүлеке, қош тұр. Мен кеттім, — деп арбасына қарғып мінді де аттарының делбесін қақты.
— Жолың болсын, жолың болсын! Өздері де бір мұңым тоқпақтай жылқылар екен. Қаратөбеге дәуде болса мыналар бесінде жеткізеді, бесінде жеткізбесе де екіндіден қалдырмайды, — деді Сүлеймен қоңырауын күмбірлете жөнелген почтаның қоңды аттарына сүйсіне қарап.
Сөйтті де ол, үйден елегізіп, сыртқа шыға келген Құманға ақыл бере бастады.
— Міне, мынау почтаның үйі, осында боласың. Ал сонау көрініп тұрған үлкен көк үй Хакім ағаңның кеңсесі, көрдің бе? Оның бергі жағындағы кішірек ақ үй соның пәтері ғой. Көзіңді жұмып табасың. Біз кеткенше кел. Және ана жанындағы жазып берген арызды Хакімнің өз қолына бер; үйіне апарып беруші болма, кеңсесіне апарып бер. Түсіндің ғой, Оқу жөнінде мен өзім де тапсырып кетермін Хакімге. Жолмұқан да күш салады ғой. Бір баланы оқуға кіргізбейді деген не тәңірі сірә, болмаса өзім кірісермін, — деп қойды ол өзінің де осал қазаң емес екенін байқатып.
Бала басын изеді.
— Мен енді өз жұмысыма кеттім. Арызды ұмытпа. Үлкен көк үйге — кеңсесіне апарып бер, — деп нықтады Сүлеймен кетіп бара жатып.
Үйінің тұрған жерін мықтап белгілеп алып, кешікпей Құрман да базар жаққа жылжыды.
«Ой-ой-ой! Қандай көп еді! Тарсылдаған т-т-т ғой!» деп баяғы Мүкәрама айтқандай, қаланың тұрған жері сол аяғы қатаң дыбысты: Аңқаты, Шідерті, Бұлдырты, Қақпақты, Қалдығайты дейтін сулардың дәл ортасындағы Өлеңті өзенінің иіні болатын. Ал қаланың сырт пішіні сол өзеннің иініне ашасын тіреген, үлкен бір доға сияқты да, доғаның нақ қойыны кең алаң-ды. Сол алаң бүгін мал мен жанға, арба мен көлікке лық толы еді. Қалаға жақын жердегі Жымпиты, Бұлдырты, Қаратөбе, Тайпақ, Ащысай болыстарынан ғана емес, сонау алыстағы Қаракөл, Қарабау, Қызылқоға, Ойыл болыстарынан да келген базаршылардан аяң алып жүргісіз. Шаруаның малын сатып, шай мен шекер, ұн мен матаға арбасын толтырып қайтатын орталық базары осы. Ел-елден келген адамды іздегеніңді осыдан кездестіресің. Бұрын мұндай үлкен базар көрмесе де Құрман көпшіліктен үріккен жоқ. Ол тіпті көрмеген нәрсесін көріп қызыққа белшесінен батып жүр. Мал базарының бір жерінде ол Рақымғалиды көзі шалып қалып, жалма-жан бұрыла салып, базардың екінші шетіне қарай, адам-адамның арасымен зыта жөнелді. Бірақ Рақымғали оны байқамай қалды, көп арасында ол әлдекіммен сұқ қолын шошайта сөйлесіп, өзімен-өзі болып жатыр еді. Сонда да Құрман қолға түсіп қалатындай артына қарап қойып жүгіре берді Оны тек екі адамның алақан соғып, жеме-жемге кел¬ген ат саудасы тоқтатты.
— 80 сом, — деді жалпақ қызыл кісі.
— 70. Шекесінен шыққан бағасы? — деп кішкене сары адам жұп-жұмыр торы биенің дөңгеленген сауырын бір сипап, басқа жаққа қарады.
— 80. Айтқаным-айтқан.
— 70-тен 70 тиын артпаймын, — деп кішкене сары қатардағы жылқы ұстап тұрған адамға қарай жүрді.
— Тоқта. Бір сом қалсын.
Елде әр нәрсені жете бақылап өскен Құрманның байқағыш көзі саудагерлердің қасында тұрған бір татар баласының киіміне қызығып, соның көпке дейін қасынан шықпады. Әдемі киінген: қоңыр шалбар, аң көйлек киіп, беліне қара белбеу буынған. Басындағы биік қара фуражка қандай әсем. «Мен де осындай киінсем» деп ойлады Құрман. Ол аяғын шапшаңдай басып ілгері жүрді де, кешікпей ұсақ-түйек сататын саудагерлердің тырна қатар тізілген дүкеншелеріне жетті. Бұлардың ұсақ дүниесі баланың көз құртын қытықтағандай болып кетті. «Ана айнаны алып қалтаға салып, ертеңді-кеш қарап қойсам... ана бір а0ша салатын шиланды-ай. Карта. Кәдімгі Рақымғалилардың ойнайтын ала картасы. Шіркін, ойнар ма еді! Ол есі кетіп ұсақ-түйек заттарға қадала қарап тұрды да, әлгі татар баласының басындағы фуражкадай бір фуражкаға көзі түсіп кетті. Ол не қыларын білмей дүкен иесіне бір, фуражкаға бір жалтаң-жалтаң қарады. Қала көрмеген ауыл баласының таң қалып дүниеге есі кетіп тұрғанын байқай қойған саудагер:
— Кім баласысың? — деп сұрады.
Құрман бір сәт тосырқап қалды да, ақырындап қана:
— Бақының, — деді.
— Бақың кім? Қайсы ауылдан?
— Шідертіден.
— Мұнда кімге келдің?
— Нағашыма...
— Нағашың кім?
— Жолмұқан.
— А, — деді саудагер. — Поштабай Жолмұқан ба?
— Иә.
— Танимын Жолмұқанды. Жақсы кісі.
Бала саудагердің жіби сөйлескенін көріп, бұрынғыдан гөрі батылдана бастады. Ол: «Ана бір бөрікті көрсетші», — дейін деп оқталды да, саудагердің сынай қарап тұрғанын байқап бөгеліп қалды.
— Сен Жолмұқанның жақын інісі болсаң, сені неге орысша киіндірмейді? — деді саудагер, баланың айтқанына нанбаған пішінмен.
Құрман еркіндей түсті.
— Оқуға кіргізеді, сонсоң орысша оқимын, орысша киінемін.
— Ымм, оқуға түспей де орысша киінуге болады, егер де ақшаң болса.
— Бөрік қымбат па? — деп сұрады Құрман фуражканы көрсетіп.
— Бұл бөрік емес, фуражка. Нағыз учениктер киетін фуражка. Елу бес тиын тұрады бағасы.
Құрман ойланбастан жыртық нанке шалбарының қалтасынан қағазға орап, сыртынан жіппен байлаған ақшасын суыра бастады. Саудагердің екі көзі баланың қағазында болды. Ол жібін тісімен шешіп, қағазды жаза бастаған баланың саусақтарын бір үлкен байлықтың басын ала келген игі саусақтай көріп кетті. Ал қағаздан босаған бес сомдық көк ала құйрықты ақшаны көргенде:
— Aha! — деді. — Сен, бала, мына ақшаға ең жақсы киімді алып киінесің. Мен қазір саған керегіңнің бәрін келтірейін алдыңа.
Бес теңгені саудагер басқа адамның қолына түсіп кете ме деген адамша, жалма-жан оған фуражканы да, бірнеше көйлекті де, қара былғары белбеуді де, трико шалбарды да жая салды.
— Мына фуражка елу бес тиын. Көйлектің көгі қырық жеті тиын, ағы алпыс тиын. Саған енді көгі келіседі. Сонда — бұл екеуі бір сом екі тиын. Ал шалбар тіпті арзан — бір сом он бес тиыннан. Қалағаныңды ал, бала. Қоңыры жақсы болар, ана ақшылы кіршең. Сен көшеде көп жүретін баласың... Сонда небары екі сом он жеті тиын болады. А, көйлек сыртынан учениктерге мына қара былғары белбеу керек; бүл тоқсан тиын. Сенің бұл ақшаңа тағы бір жақсы зат беремін. Не қалайсың? — деді саудагер.
Құрманның есі шығып кетті. Ол бұл бес сомдық қағазға бар керегін аламын деп өмірінде ойлаған жоқ.
Мұның бірінші арман еткені ана қара фуражка болды да, содан кейін белбеу еді. Не дерін білмей абдырап қалған баланы саудагер жалма-жан өзі киіндіре бастады. Ол шалбарды Құрманның бойына бір мөлшерлеп алды да:
— Ал, ки. Ана ескі шалбарыңды өзім қағазға орап беремін, оны қолтығыңа қысасың, — деп жетектеп дүкеншенің ішіне кіргізді де он минут өтпей ол балаға шалбар кигізіп, көк көйлектің етегін оның сыртына жіберіп, беліне қара былғары белбеу буындырды да, басына фуражка кигізді. Қуанышы қойнына сыймай, екі езуі екі құлағына жеткенше ыржиған Құрманды тегін киіндірген адамша, саудагер қолынан ұстап тұрып: — енді аяғыңа әдемі аяқ киім керек. Бірақ қалған ақшаң етікке жетпейді, сондықтан мен саған мына ботинканы беремін, — деп, бұрыштан көне-тоз ботинканы шығарып берді.
Құрман мұның бәрін тегіннен-тегін табылған киімдей көріп:
— Алдыраз болсын, ағай, — дәл дүкеннен шыға жөнелді. Ол бір қойдың құны тұрарлық киім киді ме, кимеді ме — оны ойлап жатпады. Ботинканың бағасын да сұрамады. Тек аяғын асыға басып, Хакімдікіне қарай жөнелді.
Неге екені белгісіз, ол әлсін-әлсін жүріп келе жатып, басын ұстайды да фуражкасын қоқырайта түседі. Кей кез оған жұрттың бәрі айнала қарап тұрған сияқтанады. Және «мына баланың белбеуі мен фуражкасы қандай келісті! Көйлегі мен шалбары да қатып тұр екен! Қайдан келген бала өзі?!» дегендей болады...
2
Прокурор кеңсесінің алдына келіп «бастық қайда?» деп сұраған Құрманға аппақ қудай шоқша сақалды әдемі шал сұқ қолымен есікті көрсетті. Үлкен қызыл есіктің жез тұтқасын бала қызыға ұстап ақырындап қана тартып қарап еді — есік тас бекітулі көрінді. Мұнысы қалай деп күдіктенген пішінмен ол есікті нұсқаған шалға көз тікті, ал шал оған жұдырығын меңзеп «тарсылдат!» деген белгі берді. Бір жағынан әкім алдына баруға жүрексініп, екіншіден мына өте-мөте үлкен есік пен өмірінде көрмеген жалтыраған жез тұтқа таңдандырып өзінен-өзі жасыңқырай бастаған бала кенет селк ете түсті:
— Кеңсе жабың! Ешкім де жоқ! — деп аңырды оған ішкі жақтан қаһарлы бір қарлыққан дауыс.
Құрман не қыларын білмей, көмек сұраған адамша, шалға қарап екі көзі жаутаңдай қалды. Шал бұл кезде сапты сыпырғышпен ауланы тараштап жатқан-ды. Ол жұмысын қоя салып балаға тағы да ым қақты — бұл жолы бұрынғыдай жай ғана нұсқаған жоқ. Ернін жымқырып, жұдырығын түйіп: «Ұр! Мықтап ұр! Соқ! Қаттырақ соқ!» — деген жігерлі белгі берді.
Бала пыси түсті. Шалдың «ымы» оған арқа сүйеу ғана болған жоқ, тіпті «сендей бала қайтпауы керек, тайсалмай қимылдауы керек; сенің қорқатын ретің жоқ деп тұрғандай болды.
— Аш! Маған бастық керек! — деді бала жіңішке ащы дауыспен үлкен есікті кішкене жұдырығымен тарс-тарс соғып.
Жексенбі күні есікті ілмегін ішінен салып қойып, бүтін прокурор кеңсесінің төрінен есігіне шейін жуан делоларды жайып салатын Басекенің бірге жасасып келе жатқан ескі әдеті еді. Оның ең жек көретін нәрсесі: тәртіпсіз текшеленген папкалар мен іркіс-тіркіс тігілген делолар. Бұларды кітапша түптеп, жік-жігімен шкафқа сандықша текшелемей оның өмірі көңілі көншіген емес. Ал жаңа ғана сотпен біткен алты делоны тасқа таңба басқандай етіп тігіп болып, номерлеп, сыртына басталған, аяқталған жыл, айларын жазып бітіргенде тағы да біреу есік қаққаны. Бұл да сол іздегені соз, ертеден қара кешке дейін сөйлесе де мылжыңдауға қанбайтын Кәмали шығар!
«Осындай бездельник шалдарды қайдан тауып алатынын білмейсің! — Ескі таныс, адал адам. Баяғыда Әбдірахман Әйтиевті казак-орыстардан жасырып үйіне паналатқан шал, — деп дәріптейді. Хакімнің де әйтеуір білмейтіні жоқ, мақтамайтыны да жоқ, жақтамайтыны да жоқ. Тіфу! Бұл мылжыңға: «Кеңсеге ешкімді жіберме! — деп құлағына құйып тұрсаң да түсінбейді. Бөтен адам болмаса — өзі кіріп шығады. Сондағысы қайдағы-жайдағы әңгімені бастап: «шолай болды, шолай болды!» — деп отырмақшы», — деп кіжінді Басеке Кәмали қартқа. Басеке Кәмалиді «мылжың» деп жек көрсе, қағазды алтыннан артың көретін, төңірегіне жан жуытпайтын хатшыны Кәмали де жүрек елжіретер дос санамайтын. Қалайша дос болмақ, ең қызық базар күні де ол осы хатшының кесірінен кеңсе бағып қалды. Ол ол ма, ұзақ күнді қысқартып әңгімелесуге кірген шалды: «Реттеп қойған қағаздарды орнынан қозғап аласың, сенің пайдаңнан зияның көп, әңгімең де өзіңе, өзің де өзіңе» деп қуып шықты іштен. Бірақ Кәмали де оның іштей сазасын берді: «Сенің бу шақша көбік сопайған нашар басың осы қағаз арасында қалар әлі; иншалла қалар. Базар күні де делолардың ішінде ат басындай алтын ұмыт қалғандай қобыратасың. Настоящий чиновник! Настоящий бюрократ!» деп жерлеген-ді. Сондықтан ол Құрманға: «Қатты соқ есікті, тарсылдат!» деп ымдап еді. Онысы: өзімен сөйлеспеген хатшының тым болмаса мына бала мазасын алсын, дегендік еді.
— Ешкім жоқ дедім мен саған. Қазақшаға түсінбейсің бе өзің? Әлде айтқанды естімейтін мылқау ма едің? — деп ақырды ол іштен.
— Ешкім жоқ болса, сен кімсің? Сен әлде адам емеспісің? Аш, тығыз жұмысым бар прокурорда.
— А? Не дейсің? Қайта айтшы! — деп, тарс ашылған есіктен қырма сақал, ашаң кісі шыға келді.
Құрман қорқып кетті. Ол жалма-жан кері шегініп, «мынау не қылады?» деген кісіше кейінгі жақтағы сыпырғыш ұстаған шалға қарай жылжыды. Бірақ шал өз ісімен болып, ашулы хатшыға да, әлде не жұмыспен жүрген бейтаныс балаға да қарамады — бұрынғыдай күйбеңдеп аула тараштаған күйі қыбырлай берді.
Құрман оны қазір шын мылқау екен деп ойлады. Ал кеңседен жекіре шыққан арық адамның түтеген беті оған өте ызғарлы көрінді. Тіпті ол соғып жіберуге де дүз жанбайтын сияқтанды.
Ол бір сәт қаша жөнелуге де дайындала түсті. Бірақ бұрын кездеспеген қыр баласының жасыған түрін көріп хатшы оған енді қайтып жекірмей, «бар бәле сенен» деген оймен Кәмали қартқа киліге кетті.
— Менің жұмыс істеп жатқанымды білесің. Кеңсенің бүгін жабың екенін білесің. Прокурордың болмайтынын білесің. Соның бәрін біле тұра қайдағы бір елден келген танымайтын балаға есікті тарсылдаттырып, өзің түк білмеген адамша, түк көрмеген адамша, түк сезбеген жанша күйбеңдей қаласың! Сен қартты мұнан кейін не десем? Өзің айтшы?! Кәне, айтшы! Не десем?
Кәмали сыпырғышын жарға сүйей салды да:
— Басеке, бұл малайды сіздің танысыңыз деп ойлап ем. Өйткені, бұл малай Хакім үйінің қонағы көрінеді, елден келген. Әллә тумасы болуы да ғажап емес. Мені не десеңіз де өзіңіз білесіз. Бірақ мен сізді, бәлкім бүл малай шақыра келген болар деп те ойладым, — деді.
Өзі сөзуар, әзір жауап шалдың бүл орынды әрі дәлелді сөзіне жауап бере алмай, зығыры қайнай түсті де:
— Жақыны болса Хакімнің үйі әне тұр, соның үйіне алып бар. Бар, бар, бірге бар, — деп есікті тарс еткізіп, өзі кері сүңгіп кетті.
— Аға, мен Хакім ағама келдім. Айтатын сөзім бар. Ол үйде жоқ, осында кеткен, — дей беріп еді Құрман, бірақ оның сөзін ашулы хатшы құлағына да ілмеді.
— Ех, малай! — деді қарт, Құрманға таңдайын қағып. — Қабахат ашулы кісі. Бұл кісі қағаз жазып жатқанда маңына жолама. Жоласаң бәле; ал делоларды қотарыстырып жатқанда тоже солай, еще хуже. Бүгін, міне, сағат тоғыздан бастап келді де, мені де, өзін де әуре етіп дело тігіп жатыр. Есіктен төрге хатлі дело, бүтін еден толы дело. Сол делолардың ішінде ат басындай алтын ұмыт қалғандай қопарады. ұның башы сол дела ішінде қалады. Хакім де қызық кісі, но ақылды кісі. Бу крысаны тауып та алған. Бұл болмаса делолары алға бармас еді. Ну енді тапқан хатшыны!..
Құрман қарттың сөзінің көбін жете ұқпаса да, оның сөйлегеніне қуанып кетті; тіпті бұл иман жүзді шалдың үні оған есіркегендей, аяғандай болып естілді. Сонымен бірге ашушаң арық қара кісіні бұл шалдың іші жаратпайтынын да аңғарып қалды.
— Саған Хакім керек пе еді? Хакімді үйден күт. Бұл кісіге жолама! Қабахат ашулы кісі.
— Неге ашуланады? Сізге де, маған да ашуланып, жекіре сөйлейді. Жұрттың бәріне де осылай айқайлай ма?
— Айқайлайды, еще как айқайлайды. Буржуй деп айқайлайды, бездельник деп айқайлайды. Буржуй деп соғыс уақытында айтатын еді. Бұл кісі қазір де соны қалдырмаған. Қабахат ашулы. Сен малай, өзің пысық малай екенсің. Фамилияң кім?
Құрман түсінбей шалдың бетіне қарады.
— Не дедіңіз?
— Фамилияң нешік деймін? Но әкең аты кім?
— Әкем аты Бақы. Хакім туысқан ағамыз, осында келдім... Оқуға.
— Жақсы. Біліп тұрмын, пысық малайсың. Оқысаң әне Хакімдей боласың. Қазақта, ноғайда қазір оқығандар көбейді. Оқымасаң қой бағасың.
— Қой бақтым. Сол қой баққан ақымды ала алмай... және, — деп бала бөгеліп қалды.
— Сен қой бақсаң, мен яш күнімде байға, әлгі Акчуриндерге малай бол дым. Акчуриндер өте дәулетті болды. Олардың барлық саудасы солардың қолында болды. Міне, енді олар да бітті. Сенің ақы төлемеген байларың да бітәр, малай, қапаланба. Хакімге арыз етсең — ол моментально бұйрық береді де, милиция жіберіп айдаттырып алады...
— Дабыл байды да айдаттырып алар ма екен? Менің онда ақым кетті. Және менің апам...
— Дабыл түгіл... Анық әкесі кім Дабылдың?
— Әкесі Махмет.
— Дабыл түгіл, Дабылдың әкесі Махметті де айдатып алдырады да, моментально сотқа береді. Сотқа берген соң оның арғы жағы белгілі енді. Повестка, испольнительный лист и готово.
Құрман шалдың сөзінің ұзын ұрғасына түсінсе де, оның «повестка», «исполнительный лист», «готов» деген сөздерін ұққан жоқ. Бірақ «бұл ноғайдың тілі ғой. Байлардан ақы төлетеді деген сөз шығар» деп топшылады.
— Ата, сіз мұнда қандай қызмет атқарасыз? — деп сұрады Құрман шалдан, оның қолындағы үлкен сыпырғышын көргенмен, бұл кісі де аздап кеңсе жұмысына араласып тұратын болар деп ойлап.
— Мен малай, сторож должносын атқарамын, — деді қарт тағы да Құрман түсінбей қалған бұл сөздерге үлкен мән беріп мұқамдап сөйлеп. — Қаршық идән жуады, от жағады, кеңсені порядокта ұстайды. Ал қызым вечерний курста оқиды. Мұның бәрі Хакімнің арқасында. Алла ғұмырын ұзақ етсін, Хакім ноғайға да, қазаққа да бірдей қарайтын әділ адам. Шал-кемпір, жалшы-малшы, жетім-жесірдің бәрі Хакімге жүгіреді, бәрі Хакімге мұң шағады. Солардың бәріне де Хакім жәрдем көрсетеді. Сен де арызыңды Хакімге көрсет, малай. Хакімнің әйелі де бик мусылман адам. Меңдіқыз деген кісі. Екеуі де біріне-бірі лайық келген кісілер. Міне, алтмыш жасқа келдім, мұндай жақсы адамдарды көргенім юқ. Мына секретарь нашар кісі, бюрократ. Қабахат ашулы кісі. Сен ғаризаңды Хакімнің өзіне бер. Үйі мынау, — деді қарт баланы қақпадан шығарып салып.
— Білемін, ата, Хакім біздің ағай. Жеңгейді де білемін. Бірақ мен арызымды кеңседе өз қолына беремін.
— Ей, малай, сенің онда жолың болған малай! — деді қарт баланың «Хакім біздің ағай» деген сөзіне тағы да қатты қуанып.
3
Прокурорды анадайдан көре сала Таңқыбай бұқпалап есіктің қайырылысында тұра қалды.
Таңқыбайдың бұқпалаған жері уездік тергеушінің үлкен кеңсесінің алды — биіктігі кісі бойы қол ұсыным, ақ сырлы, қалың, қапсырмалы есіктің тасасы еді. Бұл жерде қоянның көжегіндей әуселесіз, қаршадай Таңқыбай түгіл, атандай жігіттер де жасырынарлық бұрынғы бай ноғайлардан қалған зор қақпалы ірі үйдің өзіне лайық қондырылған сыртқы жалпақ есіктерінің бірі болатын. Бірақ бейсеуіт қимылды алыстан шалып қалатын Хакімнің көреген көзі түйе шекпеннің жалп етіп жоқ болған етегін анық-ақ байқап қалды және оның әрі қарай ішке енбегенін де білді. Ол: «Бұл не қылған адам, жасырынбақ ойнаған балаша, неге тасаланады?» деп ойлап, екі көзін есіктен алмады; аралары бірнеше саржан жер болса да жасырынған адамды көруге, оның кім екенін білуге ынтықты. Ал есік артына бұққан шаруа неге қысылғанын, неліктен тасалана қалғанын өзі де анық білмеді. Ол тек әлде не бір кенеттен пайда бола қалған үрейдің құшағына еріксіз еніп кетті; прокурор кездессе оны ұстап алатындай-ақ көрінді. Ол Хакімді, Хакім де оны жақсы танитын, бірін-бірі сан рет көрген. Әсіресе, соңғы кезде Хакім оның болыс кеңсесінің жанындағы «Қосшы» ұйымынан шықпайтынын, соның бір белсендісі екенін байқап қалғанды. Тіпті оны елге барғанда бір рет «қосшы би» деп әзілдеп те қойған. Ал қазір Хакімге бұл адам жұмбақ сияқты көрінді — тегіннен-тегін есі бар адам есік сыртына тығыла ма?..
Дабыл байдың толып жатқан малшылары мен жалшыларының еңбек ақы талап еткен арыздары тез тергеле қоймағанына ренжіп, Хакім бүгін бүл істерді бітпесе де өз қолына алмақшы болған еді. Ол үшін прокуратураның хатшысы Басекені ертемен халық тергеушісінің кеңсесіне жіберген болатын. Сағат тоғыз бен онның арасында екі рет барып тергеушінің хатшысын таба алмай күйгелек Басеке прокурорға келіп:
— Мына бездельникті немістің овчаркасымен іздесең де таба алмассың. Сағат он бірге кетті, бұл идиот жауапкершілікті мүлдем ұмытқан. Кеңсесінде де жоқ, үйінде де жоқ. Бұл хатшының өзін жауапқа тарту керек, — деді түтігіп.
Қатыңқы қабағы тас жиырылып, оның өте-мөте етсіз, қу жақты бетінің шеке тамырлары білеудей болып кетіпті. Қолына түссе тергеушінің хатшысын бұл жай уақытта күйіп-пісіп жүретін адам жұрт алдында балағаттап салудан да дүз жанарлық емес-ті. Ол оны сырттан сыбап та салған, бірақ прокурордың алдында ол сөздерді жұтып қалып, тек қана өзінің байырғы «бездельнигі» мен «идиотын» ғана қосарландырды.
Хакім оған ақырын ғана:
— Жақсы, Бәке, мен өзім тауып алармын оны. Сіз өз жұмысыңызды істей беріңіз. Қаладан шығып қайда кетті дейсің, өзі де келіп қалмас па екен, — деп басу айтты.
Басеке бұл сөзге де басыла қоймайды.
— Абажадай кеңсесінде ана бір қағаз тіркеуші жарты жаннан басқа тірі қарға жоқ. Сонысына айтып кеттім «тез жетсін!» деп. Осындайларға кеңсе басқартып қояды... Мұндай аяғы жерге тимейтін қу сирақтарды кеңсенің төңірегінен көш жер аулаң ұстар едім, — деп тістенді ол өз бөлмесіне кіріп бара жатып.
Жарты сағат күтіп Хакім тергеуші хатшысы келмеген соң, оған енді қайтып терісіне сыймай ызаланған Басекені жұмсамастан өзі келіп еді... Есікке жақындап келіп Хакім тоқтай қалды да, артында тұрған адамның кебіс-мәсісін көріп мырс ете түсті. Сөйтті де, әдейі:
— Ай, бала, бері шың, кімнен жасырынып тұрсың? — деп еді, оған тығылып тұрған Таңқыбай жауап қатпады. Ол шынында да: «Мені байқамаған екен. Іштегі балаға айтып тұр» деп ойлады.
Есіктің тұтқасынан тартып жауып жібергенде ғана ол Хакімге танымаған адамша қадала қалды, бірақ оның екі көзі жыпылықтап кетті.
— Е, бәрекелді! — деді Хакім оған күліп. — Иә, қосшы би, сен бұл жерде не бітіріп тұрсың? Әлде мені қорқытқалы тұрсың ба?
Таңқыбай қатты сасып қалса да, сөз тауып кетті.
— Жай... ойбай, сізді қорқытып мен бала дейсіз бе?! Мына бір, — деп күйбеңдеп қалды да: — іш киімімнің бауы қашып кетіп... соны тасада әреңдеп өткізгенім. Бұл сөз тапқыш қу адамның жалтарған жауабын «нағыз шыны осы шығар» деп ойлады ма, әлде оның ыңғайына көшіп сөйлесті ме, әйтеуір Хакім оған:
— Е, онда еш нәрсе емес, ондай-ондай ханның қызында да болады, — деп күлді екі ұшты әзілмен. — Жүр, бермен жүр, ішке кірелік.
Таңқыбай Хакімнің соңына ере берді. Ол «амалды асырдым» десе де әлденеге күдіктене бастады. Өйткені, Хакім оны алдыңғы бөлмеге тоқтамастан уездік халың тергеушісінің өзі отыратын түпкі бөлмеге алып кірді: және «қолға түстің бе?» деген адамша есікті қапсырып, Таңқыбайға «отыр!» деп терезе алдындағы орындықты көрсетті.
Таңқыбай басындағы бөркін алып, қамшысымен бірге стол үстіне қойды да өзі ақырындап, бір нәрсені төгіп алмайыншы деген адамша, аяғын ұшынан басып, орындыққа жақындай түсті, бірақ отыра қоймады.
— Отыр, отыр. Сол жұмсақ орындыққа отыр, — деді Хакім тағы да көптен көрмеген жақын адамынша, өзгеше ықылас көрсетіп. Сөйтті де, Таңқыбай отырып болған соң сәлден кейін: — елден келесің бе? — деп сұрады жұмсақ үнмен.
Иә, елден. Жай бір шаруамен қалаға келіп едім. Сонсоң мына балаға жолыға кетейін деп осында бұрылғаным, — деді Таңқыбай иегімен алдыңғы бөлмені меңзеп.
Шаруаның бойы үйрене түсті. Хакім де асықпады, жанынан трубкасын алып, асықпай оған темекі толтырды, сонсоң сұқ қолымен оны жаныштап-жаныштап қойып аузына тістеді, аңырында шырпысын шағып тұтатты да, тез-тез сорып жіберді. Содан кейін ғана ол шамырқанғандай шалқая түсіп.
— Мына балаң қай бала? — деп сұрады шаруадан, бұл да алдыңғы бөлмені иегімен меңзеп.
— Мына хатшы бала... Тәжімұрат. Кеңсесінде жоқ па, қалай?
— Ымм, бұл сіздің ауылға...
— Күйеу бала болады, — деді Таңқыбай оның сөзін аяқтатпай. Сөйтті де ол атақты прокурормен жүзбе-жүз сөйлескеніне мадақтанып, сұйықтау шоқша сақалын салалап-салалап қойды.
— Иә, өзім де солай деп шамалайтын едім. Бірақ кімге күйеу екенін білмейтін едім.
— Біздің Сәрсеннің.
— Сәрсеннің бе? — деп Хакім таңырқағандай қабағын кере түсті де, тағы да трубкасын тез-тез сорып алды.
«Майталман жігіт-ау өзі, ұлықтың мінезі жоқ. Біздің болысқа барғанда да әңгімелесетіні өңкей қосшы кедейлер. Менің бір тең құрбымдай сөйлеседі басын изеп қойып», — деп риза болды Таңқыбай ішінен.
— Сәрсенді сіз білесіз ғой. Ол да болыстық қосшыком мүшесі. Сіз көрдіңіз әлгі жер бөліскенде.
— Е, неге білмейін. Анау шипаң торы атпен ойқастайтын Сәрсен ғой. Өзі бір пысық адам.
— Тап өзі. Апырым-ай, қалай ұмытпайсыз бір көрген адамыңызды. Біз екеуіміз немере боламыз. Сәрсен екеуіміз дегенім ғой. Сәрсенді ұмытпағаныңыз, тіпті оның торы атына дейін есіңізде ұстағаныңыз. Апырым-ай, а?! — деп таңданды шаруа. Ол осындай ретіне келгенде Хакімге мақтау айтып қалуды да бір бүйіріне түйе қойды. — Апырым-ай, Хаке, сіздің ініңіз де тап өзіңізден аумаған екен. Ол да сіздей бір көргенін өмірде ұмытпайды екен. Ғажап...
Хакім «бұл не айтайын деп тұр? Менің інімді қайдан біледі?» деп шектене қалды да, бірақ сөз соңын күтіп үндемеді; ол тек Таңқыбайдың сөзін түгел тыңдауға құлағын тіге түсті..
— ...Иә, кеше кеңсе басында кездестірдім ініңізді... Әлібекті. Мен оны бірден таныдым, сізден ауған жоқ мінезі де тап сіздей сабырлы, сөз саптасы да дәл өзіңізше сөйлейді. Ал көргенін жадына сақтауға келгенде өзіңізден де асып түсерлік. «Шеген құдыққа» дейді, мұнан он жыл бұрын келген едім дейді. Болыс кеңсесінен әрі кішкене жылғаны да білді, онан әрі селеу шыққан дөң, дөңнен ассаң Қашарсойғын, малдың өрісі дейді. Ал «Шеген құдыққа» Қашарсойғаннан екіндіде шығып, жұрт орынға отырып жетесің дейді. Апыр-ай, бәрін ұмытпапты. Мұнан он жыл бұрын көргенін бұлжытпай айтып отыр. Ол кезде өзі сегіз-тоғыздан бері болмас, а? Мен Әлібекті ауылға ертіп бардым.
— Ымм, — деді Хакім ойланып.
Біреулер уақытты ұту үшін ойын түйерде жә тамағын кенеп, жә «иәлеп», жә «значит» деп жатады. Ал Хакім мұндайда «ымм» деп қана біраз кідіріп қалатын-ды. Шала танитын бұл шаруаның алдында інісінің қайда жүргенін білмеу оған ретсіз көрінді де, Ақметшенің аулына оның айтпай кеткенін қатты ұнатпаса да ол үндемей, тек «ымм» деп қана кідірістеді. Сөйтті де, әңгіменің өрісін кеңейту ниетімен:
— Ақаңның үй іші аман ба? — деп сұрады, өмірі Ақметшені «Ақаң» деп атап, оның хал-жайын сұрап білуді дағды етпесе де. Белгілі, атақты туысқанын «Ақаң» деп ұлықтап, жақын тұтып амандық сұрағанына Таңқыбай қуанып кетті. «Інісін жібергені жақындық желісін қайта тартқаны деп шамалап ем өзім де, мұным тура шықты. Ақаңмен ілітей жақын екен ғой, бәсе, солай болуы керек» деп ойлап, Таңқыбай сиректеу сақалын тағы да бір рет салалап өтті.
— Судай аман, Хаке. Жиеніңіздің үй іші бұрынғы күйінде. Жақында оңудан Гүлжиһан келіп, қарттың қуанышы қойнына сыймай жатыр. Оның үстіне Әлібек те сәлем беруге өте бір лайықты дер кезінде келді, — деді ол, соңғы сөзіне зор мағына беруге тырысып, аузын толтырыңқырап сөйлеп.
Хакім басқа жаққа бұрды.
— Жақсы, — деді ол шапшаңдап бұл сөзді әрілетпей. — Өзің түйедей құдасың. Қалаға келгенде біздікіне неге соқпайсың. Құдағи келініңнің шай-суы әзір. Төрдің төбесі өзіңдікі.
— Хаке, мен өзім қалаға өте сирек келетін адаммын. Елде анау-мынау жұмыстан мұрса жоқ. Бүгін тек атүсті соға кететін болмашы шаруамен бұрылғаным. Сіздікіне неге бармаймын. Сәлем беріп шығуға міндеттіміз. Қалаға келсем, сөз жоқ кіріп шығамын.
— Бұл кеңсеге жай келдің бе? Тәжімұратқа әлде Ақаңның аманаты бар ма еді айтатын? — деп қалды Хакім, терезеге қарап отырып жайбарақат пішінмен.
— ; Иә, — деп Таңқыбай Хакімнің бетіне қадала қалды. Бірақ прокурор сыр бермеді, терезеге қараған күйі алысқа көзін тіккен болып, «қосшы бидің» сөз ізін бақты.
«Әттегене-ай, бекер айтып қалдым «иә» деп. Аузымнан байқамай шығып кетті, — деп тілін тістеді «қосшы би» өкініп. Бірақ сол сәт ол: «Өз адамы ғой Ақаң, туған жиені. Қастық ойламас, және қастық ойлайтын іс емес қой бұл» деп жұбатты өзін.
Ол бұл пікірге тұрақтағанша дес бермей Хакім:
— Жай жұмыс па еді, Ақаңның тапсырғаны? Тәжімұрат маған да керек. Ол қазір келеді, — деп сұрағымен қоса оны алдарқатып та қойды.
«Бұл қалай болды өзі? Әлібек маған айтпай Ақметшенікіне кеткен. Ал мынау Ақметшенің тапсырмасымен тергеушінің хатшысына жолығуға келген. Меңдіқыз да біле тұра қайнысының қай жаққа жүретінін менен жасырды. Бұл не? Мұның бәрінің жібі бір қазыққа оралып жатқан жоқ па? Әлде бұл қу ана қолға түскен жөнінде бір нәрсе біле келді ме екен?» — деп ойлады. Бірақ әлі сол терезеге қарап алысқа көз тіккен қалпында қалды.
— Қандай жұмыс екенін оқыған адамдар бізге түсіндіріп жата ма, Хаке. Тәжімұратқа бір хат-қағаз бере қайт деген еді.
— Ана, әлгі... аты кім еді? Тергеуге алынған адам, — деп прокурор аузына сөз салуды күтіп мүдіре қалды.
— Акбар... Ол жөнінде өзі қызың, Хаке. Әлгі Шит баласы түлкі тұйыққа салып, алыстан орап әлденені сұрады ғой елден. Акбарды біреумен шатастырып жүр ме деп қалдық.
— Құныспен бе?
— Апыр-ау, ол жойқынның мұнымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адам ғой. Атын атауға да адамның аузы барар емес.
— Қағазы кәне? — деді Хакім тез мойнын бұрып алып... — Басқа оқыған адамдар саған түсіндірмесе, мына мен түсіндіріп берейін.
— Әрине, біз бар десе барамыз, барма десе бармаймыз. Түсіндір деп те сұрамаймыз... Ол қағазды Тәжімұраттың өз қолына ұстат деп жиеніңіз мұқият тапсырып еді.
Танқыбайдың жүзі жылайтын баланың жүзіндей жұмсарып жүре берді.
— Өзің қосшы ұйымының мүшесісің. Болыстың жерде көзі ашың кедей, саналы кедей деп санайды үкімет сені. Біздің ауылдағы тірейміз деп сенеді сендерге. Ал, сен өзіңнің болкомыңнан, өзіңнің прокурорыңнан бұқпалайсың. Біресе есік артына тығыласың балаша, біресе келген жұмысыңды айтпай жасырасың. Сені мұнан кейін қалай деп, кім деп түсіну керек?
Таңқыбай қорқып кетті. Хакімнің ісіне де, кішіпейілділігіне де қатты риза болғанымен оның прокурорлығынан ол қатты сескенетін: «Дүниеде ең мықты әкім прокурор» деп түсінетін.
— Жоқ, жасырмаймын, Хаке. Сіз қате түсінген шығарсыз. Мен сізден жасырсам басында айтпас едім. Мына бір қағаз еді «өз қолына тапсыр, ешкімге көрсетпе» деп бергені. Ол кісі сізге алыс адам емес қой, оқыңыз, — деп ол шекпенінің ішкі жасырын қалтасынан кірлеу к,ол орамалға мұқияттап ораған төрт бүктеулі қағазды шығарып Хакімге ұсына берді.
Хакім қағазды қолына алып, бірақ оның бүктеуін жазбастан сөзін соза түсті. Ол енді кінә тағуды доғара салып, үгіттей сөйлеп бұл адасқан шаруаны жолға салуға тырысты. Сөз арасында оған тіпті коммунист бол деген сөзді де құлағына құя бастады.
— Біз мына сендерді бұрынғы билеп-төстеп қалған Салың сияқты правительдердің, Дабыл сияқты теңдік бермейтін байлардың өздеріне қожа еткіміз келеді. Олардың сендерді жылатып, еңіретіп келгені жетті, енді елді сендер билеуің керек. Өйткені, өкімет сендердікі, сендердің сөзіңді сөйлейді, сендерді жақтайды, ала алмай жүрген аңыларыңды алып береді. Жердің шұрайлысын өздерің шауып, өздерің жыртатын болдыңдар. Енді өз еңбектеріңе өздерің қожасыңдар. Жиырма жыл ұдайымен байға жалшы болып келген анау Қарабай Козеев өздерің сияқты еңбекші, өз араларыңнан шыққан адам. Соның сөзін тыңдап, дегенін орындау сендердің міндеттерің. Сен өзің партияға неге кірмейсің! Ақты-қараны танып қалан адамсың. Кіретін болсаң өзім кепілдік беремін, — деді.
— Ойбай, Хаке, біз партия жолын алып бара аламыз ба? Наданбыз ғой. Қара танымаймыз.
— Үйренесің. Қиын емес. Адам іштен білімді болып тумайды. Егер де сен ана Ақметшемен қатар оқысаң, онан сенің білімің бір де кем болмас еді. Бірақ сен кедей болдың — оқи алмадың, ал Ақметше оқыды да білімді болды. Қазір саған қара тану түгіл білімді болып алу да оңай. Мысалы: ынта салып үш ай оқысаң хат танып, жазып-оқуды біліп аласың. Ал содан кейін қаладағы ауыл Совет қызметкерлерін дайындайтын алты айлық курсқа кірсең — ауыл Советке председатель боласың. Көрдің бе, бір жыл оқысаң Қарабайдай болмағанмен жергілікті Советті басқару ісіне жарап қаласың.
Таңқыбай Хакімнің сөзін ұйып тыңдады. Оның ешбір қалтқысыз дос көңілмен айтқан ақылын ата сөзіндей көріп қалды. «Осы мықтыға сүйенсем, мені бұл далаға тастамас. Ай, өзі де аса ақылды жігіт-ау, шіркін. Білімі жұрттың бәрінен асқан оқымысты. Бірақ... Ақаңның айтқанын далаға тастауға бола ма. Ол да дана жан ғой. Жұрт тек оны бай деп, би деп шеттетеді. Мына уездің басына Ақаңды қойса, ай, ол да уысынан ешкімді шығармас еді», — деп ойлады шаруа, өзі білген бұл екі адамның өмір тартысында біріне-бірі өте алшақ жатқанын байқамай.
Хакім төртке бүктелген қағазды ашып жіберіп, онда жазылған бір-ақ ауыз: «Үкімет ақылды ғой, бұл істі талдар. Сонда да сен Акбарды білші» деген сөзді көзімсн тез сүзіп өтіп:
— Ақметше жалшы орнына өзінің туысқандарын жұмсап шөбін шаптырып, малын бақтырады, дейді. Ал егін жұмысына да ат-көлік, құрал-сайманын пайдаланып, қызметін істегендерге айрықша ақы төлемейтін көрінеді. Мұны қосшы орны болып бақылауға алдыңдар ма, әлде жауырды жаба тоқып, ағайыншылықпен сауынға сиыр, мінуге ат алғандарыңа мәз болып жүрсіңдер ме? — деді.
— Мұны мен, Хаке, өзіңізден естіп отырмын. Ақы алмадым деп шағынып келген адам жоқ. Ал, әрине, ағайын болған соң ат мініп, сауын сауып жалғасып жататын қазақ емес пе? Ондай бар ғой, — деп міңгірледі Таңқыбай төмен қарап.
— Қосшы ұйымына шағынбаса, мына маған шағынушылар бар. Мына сенің өзің де көптен бері ақың кетіп жүрген кедейсің. Арыз жазып беруге болады, — деп прокурор шаруаға әлгі қағазды қайырып берді. — Қағазға қол қоймапты, кімге екенін де айтпапты. Мұны жазған Ақаңның өзі ғой, ә?
— Иә, өзі, өзінің қолы. Тәжімұратқа табыс етерсің деді. Ал ақы жөнінде... қалай болады, мен, Ақа, пәлен берерсің деп оған өмірі айтқан емен. Ал Ақаң пәлендей нәрсе, болмаса мал аларсың деп атаған емес. Азын-аулақ ,қолғабыс тигізгеніміз үшін жаз сауын сауып, қыс көлігін жегетініміз рас. Мұны мен жақын адам болған соң... ақым кетті деп сұрауым қалай болар, заңды болмайды ғой.
Хакім күліп жіберді.
— Сен енді пыси түс, отағасы. Заңды-заңсызын мына біз айырамыз. Үйіңе бар да неше жыл қызмет істегеніңді, қанша ақың кеткенін есепте де арызыңды алып кел. Арғы жағын мен шеншмін, ана халық соты айырады. Туысқаным деп сен Ақметшені аяйтын ретің жоқ. Ақыңды бермей еңбегіңді жегені қалай, ол сені аяғаны ма? Байып кетеді, малын баға алмайды, бейнет көреді деп мүсіркегені ме? Қалай деп ойлайсың?
Таңқыбай күліп жіберді.
— Сіздің сөзіңіз әділ сөз. Әділ айтасыз. Ақыңды жеп кететін озбырлар көп. Бірақ біздің Ақаң зұлым адам емес қой. Оны өзіңіз де білесіз.
— Анау Ақметшелерден мына сен сияқты түсінбей жүрген шаруаларды қорғау — міне, бас әділдік осында.
Таңқыбай тағы да күлді. Ол ішінен: «Әй, шеберсің- ау, аяқты қалай салады? » деп ойлады да:
— Хаке, мен оны енді... қалай дейін... Мен Ақаңа өмірі жалданып көргенім жоқ. Сондықтан ақы сұрау ұят болар. Біз ағайынбыз. Басқалар сұраса, оған қарсы емеспіз. Сонсоң әлі... — Ол аздап бөгеліп қалды, — Иә, сіздің ініңіз Ақаңдікінде жатыр. Жақын-жуық болған соң қонақ болуы, үлкен кісіге сәлем беруі жол нәрсе, — деді, өзің де Ақметшені жақын тұтасың ғой деген астарлы үнмен.
— Ол қазақшылық жолмен барып қалған. Және менің інім бала, балалықпен істеп жүр... Мына біз оған қарамауымыз керек, — деді Хакім кесіп.
Ол аздап қабағын түйе түсті.
— Хаке, мен адасып айтқан шығармын. Ғапу етіңіз. Сізге де, маған да жақын адам болған соң солай деп ойлап едім, — деді ол міңгірлеп.
Тәжімұрат кіріп келді де, прокурор мен Таңқыбай шаруаның сөзі үзіліп кетті.
— Хакім аға, мені сұрадыңыз ба? Мен бір уатком предсетелінің тапсырмасымен сонда айналып қалдым, — деді ашаң денелі және өте-мөте бала пішінді, беті бір уыс Тәжімұрат. Оның жүзі де балаша жайнай түсті, Хакім не бұйрық берсе де табанда орындауға даяр, не мәселеге де әзір адамша, ыңғайлана қалды. Жасы Хакімнен әлдеқайда жас, бірақ бұрын гимназияның төрт класын бітіріп үлгірген бұл жас жігіт әр нәрсеге тез көз тіккіш, адамның ішкі сырын шапшаң болжағыш еді. Ол дөңгелек көзінің бір қиығымен-ақ Таңқыбайдың терлеп-тепшіп жауап бергендей қысылып қалғанын шалып қалды. Көптен көрмесе де оған бұрылып сәлем бермеді, тіпті оны байқамаған адамша, құлағын Хакімге тоса тұрып, стол үстіндегі сия сауытты жөндей салып, ашылып жатқан ақылы істер заңының жинағын жауып қойды.
Хакім оған сынағандай:
— Мына кісі сені екі-үш сағат күткен көрінеді. Кетіп қалсам ба деп оқталып еді, мен тоқтаттым. Сенде қауырт жұмысы бар ма, қалай, — деді.
— А, бұл кісі... асығыс емес шығар. Қалаға келген адам бір шай ішпей кетпейді ғой. Үй ішіңіз аман ба, Тәке? — деп сұрады Таңқыбайдан, тез оған мойнын бұрып, бірақ оның жүзі ілкі жайнаған қалпында қалды.
— Маған әнеукүнгі... — деп Хакім бөгеліп қалды да: — ымм, әлгі Дабылдың... ана істі берші, — деді.
Ол шаруаның көзінше істің атын атамады, бірақ оны Тәжімұрат түсініп қалды.
— Әлі біткен жоқ ол іс, Хаке. Айтекеңнің өзі қорытынды жазбақшы ма қалай... Әйтеуір, оны қоя тұр деп кетті, — деді ол халық тергеушісінің үлкен столына қарап:
— Тергеуші қашан қайтады?
— Бүгін кеш оралар.
— Онда кешке келісімен сол істі бітсе де, бітпесе де менің қолыма жеткізіп бер. Бітпесе де, — деді прокурор сөзін қайталап.
— Жақсы, Хаке. Келісімен Айтекеңе жеткізейін сіздің бұйрығыңызды, үйіңізге апарып берейін. Қазір беруге мына өз столында, Айтекең кілтін өзі алып кетті.
— Шамалап тұрмын, осы столда екенін. Келісімен кешіктірме...
— Жақсы, жақсы! — деді тағы да Тәжімұрат,
«Айттым ғой, пыркаролдан мықты әкім жоқ деп. Халық тергеушісіне де бұйырады, сотқа да бұйырады... Бәріне бұйырады. Және оның алдында бәрі де құрдай жорғалайды. Шіркін, мына Жүністің баласы, мықты! Өте мықты! — деді ішінен Таңқыбай, кеңседен шығып бара жатқан Хакімнің сұлу денесіне қарап. — Бойы да өзіне лайық біткен. Сырықтай. Маңдай ше? Нағыз марқасқа!»
— Жай ма? Қашан келдің? — деді Тәжімұрат Хакім шығысымен Таңқыбайға түйіліп.
— Түнде келіп ем, сені үйден де, кеңседен де таба алмай... Ақаң мына бір қағазды табыс ет деп жіберді.
Ол орамалына қайтадан орап салған қағазды ешкімнің көзіне түспеген қағаздай-ақ баптап шығара бастады. Таңқыбай қолын созғанша болмай қағып әкеткен қағазға Тәжімұрат тез көз қиығын бір тастап жіберді де:
— Ешкімге көрсеткен жоқсың ба мұны? — деп сұрады, өзі жалма-жан ойланып, сұқ қолының тырнағын тістелей түсіп.
— Айта көрме. Кімге көрсетуші ем! Ақаңның қағазын біреуге көрсетіп — мені жын ұрып па соншама! Кеше Ақаң берісімен қалтаға салдым да, түнде бері шығып кеттім. Түні бойы шоқытып отырып, таң саз бергенде қалаға кірдім. Ешкім.ашып оқымақ түгіл, менің өзімді де жанның көзі шалған жоқ.
— Прокурор саған қайдан кездесті? Осы жерге келген соң көрді ме? Әлде...
— Осы жерде. Осында мен сені келді ме екен деп кіріп, қайтадан шыға бергенімде, қай жақтан келгенін білмеймін, әйтеуір сырықтай болып есікке ене берді.
— Жоқтан өзгенің басын шатып былықтырған жоқсың ба? Байқа, отағасы! Ақаң сені тиянақты деп тапсырады жұмысын. Кеңсе жұмысы көп даңғыраны көтермейді.
— Жоқ-а. Мені «қосшы би» деп қалжыңдайды. Біздің қосшы ұйымына келгенде пыркарол таныс болып қалған бізбен. «Қосшының жұмысы қалай, қосшы би?» деп ананы-мынаны әңгіме етеді. Өзі кішіпейіл адам ғой, шіркін. Мен де оған «Хаке, Хаке!» деп күліп, айтқанын қостай бердім.
— Бар. Мені үйден күт! — деді Тәжімұрат қағазды қалтасына салып.
4
Ертеңіне Хакім уездік халың тергеушісі Айтан Ақбасовты кеңсесіне шақырып алды да,, бірнеше аңылы істерді тез арада бітіріп беруді тапсырды.
Прокурор кабинетіне кіруді бұрын да аса жақтырмайтын, әсіресе, соңғы кездегі кіші Жүнісовтің қылығынан кейін Хакіммен жүзбе-жүз кездесуден аулақтай бастаған тергеуші ішкі сезімін амалсыздан тұншықтырды. Ол байсалды түрде тіл қатып, тіпті аз-мұз әзілге де сөз арасынан ығыстырып орын беруге тырысты.
— Сіз мені тезірек көруге асыққан екенсіз, бірақ мен үйге таң ата келдім де, ат соғып шаршап келген бойы ұйықтап қалыппын. Қарындасыңыз... — деп мүдіріп қалды да тергеуші болмашы ғана езу тартып: — қарындасыңыз ұйқымды қимаса керек, оятпапты, — деді.
Хакім үндемеді. Хакімнің жақыны болмаса да Шолпанды Айтан онымен бір елдікі деп кейде «қарындасыңыз» дейтін. Бірақ оның бұл сөзді айтқанда бет әлібінде бір тамыры еріксіз тартып қалғандай жыбыр еткен мүкі шырай пайда болатын. Қазір тіпті ол сүрініп кеткендей, «қарындасыңыз» деген сөзді бөліп, мүдіріп қалды. Мұны Хакім айқын сезді. «Шолпанның кесір келіншек болып көп уақыт ерсіз жүргені, қатар өсіп келе жатқаны, әзіл-қалжыңға шеберлігі отағасының бір бүйірінде түйткіл ой қалдырумен келеді. «Өзі бір қызық адам». «Отағасы» деп Шолпаны құрғыр дұрыс ат қойған», — . деп ойлады Хакім. Аздан кейін ол толық денелі тергеушінің жалпақ бетіне тура қарап, болар-болмас көз құйрығын жұмсарта түсті.
— Қазір сары қымыздың шыққан кезі. Жайлау үсті де шаңсыз. Қырға шығып желпініп қайту қандай жақсы, — деп еді Хакім, тергеуші оның алдын орай кетті,
— Жұмыспен шыққан адам қымыз ішіп қарқ қылмайды екен, ыссыда терлеп-тепшіп күні бойы жауап алумен отырасың да, одан босасаң шайға қанбайсың. Шайдан өзге сусын жүрмейді, — деді ол қырдан да, қымыздан да ат-тонын ала қашып.
Хакім тергеушінің бұл пікірін жә қостап, жә шетке ысырып уақыт оздырып жатпады, өзінің не үшін шақырғанын айтты.
— Төтенше тергейтін және тезірек қолға алып, ізін суытпай бітіретін бір іс бар, — деді де портфелінен Құрманның арызын суырды. — Міне мына бір арыз. Мұны аға милиционерге жүктеуді мақұл көрмедім, тек өзіңізге ғана тапсырмақшы болып отырмын. Дабыл байдың көп жалшыларының заңды талабымен қатар әлеуметтік мәні зор мәселе.
— Елге шығатын жұмыс па?
— Әрине. Қалада отырып бітіретін іс болса сізді шақырмай-ақ істеуге болады ғой.
— Ойбай-ау, менің елден келіп жеткенім осы түн емес пе! Түн емес, таңға жуық. Тіпті таң аппақ атқан соң келдім десе де боларлық. Ұйқым да шала, бойым да құрыстап тұр, әлі жазылған жоқ... бірер күннен кейін ойланбасам.
— Айтеке, қазір уақыт бой жазып, ұйқы қандырып, шамырқанып тал түсте тұрып керілуді көтермейді.
— Мен керілейін деп тұрғаным жоқ қой, Хаке... Қайнаға, сіз менің сөзіме басқа мағына бермеңіз.
— ...Ең жауапты кезең жаңа туды. Істің ең ауыры да, абыройлысы да ауылда. Ауылға шықпай болмайды. Мен өзім де, судья да елге шыққалы отырмыз, — деді Хакім оған жылы шырай бермей.
— Апырым-ай, — деп қинала бастады тергеуші. — Апырым-ай қиын болды, қайнаға. Қиын болғанда жұмысты айтпаймын, аттан түспей селкілдеу қиын болды. — Тергеуші жіпси түскен етті маңдайын орамалмен сипап өтіп сәл ойлана қалды да, кенеттен бір ақыл тапты: — Маған онда, Хаке, арбаңызды бермесеңіз болмас.
— Арба өзіме керек. Елге шыққалы жатырмын.
— Жасыратын сыр жоқ, ұят болса да айтайын: осы бір кешеден бері әдейі іздеп тапқандай, тап отыратын жерімде шиқан пайда болғаны. Ерге бір жанбастап отырып, қалаға әрең жеттім. Менің бүгін үйге түнделетіп келу себебім де сол қырсықтың кесірі. Әйтпесе, мына тұрған Қоспадан екіндіде шығып, ілбумен отырып таң атқанша жүрермін бе. Арба болса, әйтеуір, қисайып жатасың, көлбейсің дегендей, құйрығыңнан шаншылып отырмайсың ғой.
Сырқатын дәлелдейін деген адамша тік отырған тергеуші отырғыш үстінде ақырындап бір жанбастай бастады. Хакім күліп жібере жаздады да, бірақ өзін-өзі ұстап қалды.
— Мына сияқты алып денеге сыздауық буйым ба екен? Таңертең көрінсе, кешке жоғалып кететін бөрткен емес пе, Айтеке, а? — Ол семіздігін өлшейтіндей, бұл сары кідір адамның сандалдай шүйдесінен бастап, біртүтас томар тәрізді тегістеліп кеткен жауырыны мен белдемшесін көзімен сүзіп өтті. Сонсоң басын шайқап қойды да: — Айтқандай, арба шын қажет болса ноғайлардың бірінен алыңыз. Олармен сіз тәуірсіз ғой, — деді.
Айтанның түсі өзгеріле қалды. Оның қызыл бояуы мол жүзі «ноғайлармен тәуірсіз ғой» деген сөзге бұрынғыдан да гөрі далаптана түсті. Бұл сөзді әдейі шаншып байқау үшін жанды жеріне тигізе айтса да, Хакім Айтанның құбылғанын байқамаған болып терезеге қарады.
— Тануын мені татарлардың бәрі де таниды, — деді ол сәл міңгірлей түсіп. — Дегенмен сіздің арбаңызды оз арбам сияқты қолға жуық тұрғасын сұрап едім.
«Құдай мені Жүнісовтің тұқымынан қашан құтқарар екен. Бетінде қаны аз бұл сұр прокурордың бәрі қолында: басқан ізің жіпке тізулі. Тілін кермейсің бе шөгірдей қадалған! Мені саудагер ноғайлармен «тәуір» деп кекетеді...»
Оның ойын түптетпей Хакім:
— Ал, келесі сәрсенбіге мына арыздың мән-жайын ашып түптерсіз, — деді оған мойнын бұрып.
Сөйтті де ол «әңгіме бітті» дегендей, алдында жатқан бір үлкен делоны ақтара бастады.
— Жарайды, — деп тергеуші ауыр денесін жеп-жеңіл дөңгелентіп, есікке қарай беттеді.
Айтан Хакімді жек көріп шықты. «Осыдан құдай қашан құтқарады?» деген тілек-сұрақ оны кес-кестеп алдын орай берді.
Ол кеңсесіне бұрылмай, үйіне тура келіп еді, бүгін қызметтен ерте шығып кеткен Шолпан да үйде екен; есіктен кіре бере ол ішінен бірнеше күннен бері не істерін білмей түтеп, тісін басып жүрген әйеліне:
— Сенің әлгі кімің еді?.. Кім деуші ең, аға деуші ме ең? Әлде... — деп әдейі Хакімнің атын аузына түсірмей, ыңырана бастады. — Иә, әлгі прокурор ағаң тағы да қырға шығаратын болды. Саған да жақсы болды, үйде оңаша қаласың... Қорықсаң қасына шақыратын... інің бе? Нең еді, әлгі, ұрыдай терезе, есікті қирата кіріп, бұзып-жарып қашатын...
Үйге есікті салдырлата ашып кіргеннен-ақ «Отағасының» терісіне сыймай келгенін Шолпан сезе қойып еді. Ал мына Жүнісовтердің атын атауға да аузы бармай қалғанынан әйел «бір пәлені шығарар-ақ» деп күтті. Өзі тіл қатпай, әңгімеге мағына бермеген адамша пісіріп жатқан тамағымен айналыса берді.
— Неге үндемейсің? Ағаң мен ініңнің атын атағанға да риза болмай қалдың ба?
— Менің ағам да емес, інім де емес. Нағыз шынына келсек, оны, отағасы, өзіңіз де жақсы білесіз, — деді Шолпан күліп. — Мұны қырға шығарумен араластырып қайтесіз.
— Жоқ, әлгі ұры сияқты інің мен кеткен соң жылт етер...
— Өзіңізге жақсы болса, соны қайта-қайта бетіме салық қып, алдыма тарта беріңіз.
— Көзіңмен көрмегеннің бәрін теріс дейсің ғой, ә? Алайда, ұрлық жасаған адамның ұрлығын көзімен көріп тұрмай-ақ дәлелдеуге болады.
— Күнәлы болып қайтесіз, — дей салды Шолпан.
Шолпан терезеден қашып шығып кеткен Әлібекті:
«Інімдей көз алдымда өскен бала. Кешке келіп әңгімелесіп отырды да мен қорқамын деген соң біздің үйде қонып қалып еді. Ал өзің түнде келіп қалған кезде ол; «Біреудің үйінде қонып жатуды өліммен тең көрем. Құдай сақтасын, мен кетіп қаламын. Терезеден шықсам да кетемін, — деп ұялғаннан қашып кетті. Қыздан жаман ұялшақ бала. Жасынан ұялшақ еді» деп қойған. Бұл сөздің шикі екенін ақты-қараны айырғыш тергеуші бастан-аяқ түсініп еді. Бірақ әйелі бұдан басқа дәлел іздеп асып-саспағаннан кейін ол жолы теріс қарап жатып қалумен ғана тоқтаған болатын. Ал қазір сол бір ойдан кетпей жүрген өліммен тең таңба: өктем үнді, у тілді прокурордың әрі мезгілсіз жұмсап, әрі арбасын бермей және оның үстіне «ноғайларың бар ғой» деген кекесінінен кейін тағы да ырыққа көнбей, ар-намыс бетіне білеудей боп қайта шыға келді.
— Күнәлы болып қайтесің дейсің бе? Иә, солай шығар? — деді ол кекетіп. — Мұхамбет пайғамбар да солай санаған...
— Бұл тағы қандай жұмбақ?! — деп Шолпан илеп жатқан нанын қоя салып ерінің бетіне қарады.
— ...Иә, солай санаған. Өзі сұлу, өзі жас әйелі бір ағаштың түбінде жас сахабамен тас құшақтасып ұйықтап жатқан жерінде үстінен шыққан Ғалиге: «Күнәлі болма. Ол сахабамен тән ләззаты үшін емес, жан ләззаты үшін о дүниенің ғажайып сұлу сипатына ғашық болғандықтан ең таза пәк сезіміне бөленіп, діни қарындастың мағшұқтығымен бағырына қысуы ғажап емес — лұғатты. Көз көрмеген нәрсеге көңілің қара қашпасын, балам», — деген екен. Сен пайғамбардың әйелі, ана, әлгі інің — сахаба, мен Мұхамбеттің өзі емеспін ғой діни мағшұқтықты насихаттайтын.
Айтанның жүзінен кекесін күлкінің шырайы көрініп, айналасы шағындала қалған көздің құйрықтары қысыла түсті. Ал Шолпан күліп жіберді.
— Мен бұрын естіген жоқ едім... Шын болса өте ақылды айтылған сөз екен. Ол жерде Ғалимен қосыла қаһарын тігіп, әйелін жұрт алдында айыптап жатса, оны халық ақылсыз дер еді, пайғамбар демес еді. Әшейін бір қызғаншақ, қатын жанды, картаң тартқан, көрінгенге «шүбәланатын», терісі тар, ақылы тапшы, көз алдынан әрі тұрғанды көрмейтін еркектің де ішіндегі бір сүлдесізі дер еді. Ал анадай әділ қазы болу, кең пейілді билік айту данышпан адамдардың ғана басына лайық нәрсе. Әйел сөзі дөп тиді.
— Асың болды ма? Мен жүремін, — деді Айтан Шолпанның сөзіне жауап таба алмай бөгеліп.
Бір кідіріп қалса көпке дейін ерінің сөз желісін қайта тарта алмайтынын жақсы білетін Шолпан оған түсіне қойды. Ол бұл жайсыз әңгімеге соқтырмау үшін ерін енді басқа жаққа бұрды.
— Мен де ауылға шығар едім, бірақ әйелдер бөлімі қоғам айыптаушысы етіп белгілеп қойды. Ана әлгі өңшең жуан желкелердің сотына қатынаспақшымын. Ұзақ уақытқа кететін болсаң іш киім дайындайын, — деді. Сөйтті де тездетіп астың нанын салып, бір жағынан жолаушының қамын да қамдай бастады.
Қабаң бұлты бірден-екі жадырай бастаған тергеуші, ас үстінде жіби түсті.
— Мына еттің жетекшісі болса қандай келісер еді, — деп күбірледі ол Шолпанға естілер-естілмес өте жуас үнмен.
Әдейілеп сұрасын деген кісіше Шолпан оның ас алдында ішетін арағын қойған жоқ еді.
Ол ерінің мына тілегін де естімей қалды білем:
— Маған қарамай жей беріңіз. Мен қоржынды қағып, ішіне салатын сабын, орамалды, портфель, қағаздарыңызды реттейін, — деді.
— Қоржын... осы қоржын бөктеруден құдай құтқармай-ақ қойды, — деді Айтан налып. — Жүрісі иттің жүрісінен де жаман. Әбден құртты мына ала ат. Аяңдасаң түйеше теңселеді, бүлкілдесең иман-зікіріңді аузыңнан шығара зіркілдетеді, бұл қара талақ тигір әбден құртты. Сен, Шолпан, мен де ауылға шығар едім дедің бе?
— Иә.
— Кімнің арбасын жекпекші ең?
Шолпан «мұны қайтеді?» деп ойлады да:
— Арба іздегенім жоқ. Қырға шықпайтын болғаннан кейін ат-көлік жөнінде күні бұрын ойлап қайтемін, — дей салды.
Бірақ Айтан өз ойыныңқұшағында еді.
— Шолпан, сен маған Сағитовтың арбасын сұрап алып берсең қайтеді. Көрші ғой және ол саған сөз айтпайды, береді, — деді.
— Қай Сағитов? Почта айдайтын Сағитов па?
— Жоқ. Пошташының арбасы босаушы ма еді. Мына дүкенші Сағитовтың.
Шолпан Айтанның бетіне танымаған адамша қадалды.
— Отағасы, өз саусағын өзі құрулы қақпанға сұғамын деген адам айтады мұндай сөзді, — деп әйел оны бірден тойтарды. — Налогін қалай азайтамын деп аткомнан шығып ақша бөліміне, ақша бөлімінен шығып прокурорға жүгіріп жүрген саудагерлерден ине сабақтарлық жіп сұрап көр, ертеңіне сенен келіп жүз сомдық справка талап етсін! Сағитовтан арба сұрағанша мен иә жаяу, иә салт атпен кетер едім. Қай болысқа шығушы едіңіз?
— Алысын алыс емес, мына Шідерті аулы.
— Он бес шақырым жерге арба сұратып, қызықсыз өзіңіз, отағасым.
Шолпан Айтанды қосылған күннен бастап «Отағасы» деп атап кеткен-ді. Өзі ақылды, өзі сөзге жүйрік, оның үстіне тапқыр Шолпан өзінен мүшел жас үлкен, қырықтың үстіне иек артып кеткен, ірі денелі сақа адамды «Отағасы» дегені ірімшікке май қондырғандай келісті шығып еді. Басында құлаққа оғаштау көрінгенмен әлеумет ісіне араласып кеткен ашық әйелдің еркектерше «Отағасы» дегені келе-келе Айтанға құрметті, іззет белгісіндей байсалды, тіпті ләззәтті «Тұлымдым» деген сияқты шап-шағын ат болып қалған. Ал қазір ақылды әйелінің күні бұрын болашақ пәледен сақтандыра, абыройын арашалағаны оған қатты ұнап кетті. Және оның үстіне абжыландай ойқастаған қылықты Шолпанның... «қызықсыз өзіңіз, отағасым» деген сиқыр үнді сөзі оның жуан денесін қытықтап өткендей болды. Ауытқыған жағын басып кететін мығым салмағы сияқты, оның мінезі де қолп етпе, бір кетсе морт кететін аумалы қалпында лықсыды.
— Отағасыңның қамын алыстан жегенмен, кейде жұрт көрер жағын ұмытып кетесің-ау, Шолпан, — деді ол наздық мұқаммен. — Әңгіменің төтесі барар жердің алыс-жақынына бөгеліп тұрған жоқ. Мән басқа жақта. Сен коп нәрсені байқамайсың. Көлденең сөз жаман, улы тіл жаман. Осындағы бір мысқылшыл адамдар сыртымнан келеке ететін көрінеді. Ол келекесінің бәрі менің атым мен денем төңірегінде. «Александр III келе жатыр, қара! Әне, әне!» — дейтін көрінеді сыртымнан. Онысы Петербургтың вокзал алаңында Александр патшаның ат үстінде тұрған дығал ескерткіші бар. Оны басында орнатқан адамдардың ойынша: Ресей патшалығының құдіретті пішінін көзге елестетерлік ірі тұлға етіп көрсету ме, қалай. Әйтеуір, өте оғаш ескерткіш. Өзі атынан ірі, аты өзінен де мығым томардай неме. Көрген адамның құты қашарлық. Ала атқа мініп келе жатқан мені де соған теңейтін көрінеді. Мұны шығарып жүрген мына менің қу секретарым — Тәжімұрат. Міне, діңдей халың тергеушісін сырттан ажуалау. Шынында да алпамсадай болып, үлкен ала аттың үстінде жалп-жалп етіп текіректеп келе жатқаным аса көрнекті емес-ақ. Прокурор фаэтонға пар ат жегіп шығады, судья да тарантасты, ал тергеуші... ай, өлмесем бір ат-арба сатып алармын-ау.
Айтанның соңғы сөзі Шолпанға шағым еткендей өте сынық пішінмен жүдеу шықты.
— Дұрыс емес, отағасым, дұрыс емес, — деді әйел басын шайқап. — Халық тергеушісі халың адамы. Салтанат құратын қара таяң оқымысты емес. Керек жерде ат түгіл, жаяу жүруі де ұят емес...
— Е-е-е, — деді Айтан дыбыссыз күліп. — Уком қызметкері екеніңді бір көрсетіп қал. Тоқым төсеп, ер жастанып жатсақ та болады де. Е-е-е!
— - Судья мен тергеушіні халық жұмсақ пәуескесі мен төгілген жорғасына қарай сыйламас...
— Үгіт-насихат жұмысы басталды, е-е-е.
Кетерде Айтан Шолпанның бетіне ұзақ қарап тұрды да, атына мінді. Оның ойына терезеден қашқан жылмаң студент тағы да жылт етіп орала кетіп еді. Ол үлкен ала аттың бүйірін солқ еткізіп тебініп қалды.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
1
Жібек мінезді, өмірі ренжіп сөйлемейтін, туған-туысқанның көңілін табумен күні өткен, үй ішінде ақ жарқын, бөтен жерде ақылды, әзілге ұста, көруге ажарлы сүйікті жарының Хакім бүгін бірінші рет ақ көңіліне дақ салды. Әңгіме Әлібектің әнтек сапарынан басталды.
— Тамақты неге аз жедің, басың ауырып отырған жоқ па? — деді Меңдіқыз қызметтен жабыңқы келген Хакімнен.
Хакім еттен ауыз тиейін деген кісіше қолының ұшымен ғана бір-екі рет алып, сорпа ішесің бе деген әйеліне жауап берудің орнына:
— Әлібектің Ақметшенікіне кеткенін менен неге жасырдың? — деді.
Оның үні бұрынғы өзінің қоңыр даусы болғанымен, Меңдіқызға зілді кінә таққандай естілді. Бірақ жұмсақ шырайдан арылмайтын үлкен көзін Меңдіқыз онан әрі үлкейте түсті. Мені шынымен айыптайсың ба дегендей езу тартып, азды-көпті кінәсын қарсы тіл қатпай жуайын деген оймен, әйел назды қараспен ғана тынды.
Сорпаны да тауыспай Хакім кері қайырып, жауап орнына кешірім сұрағандай жаутаң қаққан Меңдіқызға сазара қарап отырды да:
— Саналы әйел дейді сендерді, — деп зілдей сөзбен ар-намысты бір шаншып өтті.
Оның көп жыл бойы заң жұмысында болып, қарсы тарапты ашумен алмай, сабырлы түрде, дөп тиетін ұшты сөзбен жанышатын әдеті байқаусызда әйеліне де қатты тиіп кетті. Түсін бір өзгертпей бірнеше минут тура қарап отырып алып, тағы да:
— Оқыған, көзі ашық, ерлерінің ұстаған туын көкке көтерісетін саналы әйел дейді сендерді, — деп созды.
Әрі ауыр, әрі жанға тиерлік сазарыңқы пішін және дастарқан үстінде, мына ошақ басында, соққыдан қатты меңдететін сұп-сұр қарас ұзақ уақыт өзгерілмей қалды.
Әйел шыдамады. Оның қолындағы ожауы түсіп кетіп, алдындағы табаққа шалп ете қалды да, стол үстіне майлы қою сорпа жылжыды.
— О, жасаған, жазығым жоқ еді ғой соншама ауыр сөз естігендей... — Жалма-жан жерге еңкейіп сорғалаған сорпаны орамалмен сорғызып, стол әбігеріне араласқан Меңдіқыздың құлағына бұрынғы айтылған сөздерден әлдеқайда басым, әлдеқайда қорғасыны мол суық лебіздер түйдек-түйдек соғылып жатты.
— ...Достың, жақындық алдымен ақылдың жетегіне бағынышты. Ой-пікірі алшаң, мақсаты алшақ адамдар дос та бола алмайды, жақын да бола алмайды. Сол сияқты қоғамның билік тізгінін қолына ұстап келген бұрынғы бай-бектер мен жалшы-батырақ қалай қол ұстаса алады? Он сегізінші жылы Жанша, Салың, Қуанай, Ақметшелердің хандығын құлатқанда он жыл өткен соң солармен құда түсіп, кит киіп, төрге төсек жайып отыру үшін жан берістік пе?! Ойлау керек емес пе?! Ақметшелермен «жақын», «тума» деген сөзді кейде сырттан кекетіп, кейде көзге айтатынды шығарды жұрт. Совет өкіметіне аңдысын аңдып, тісін басып қана отырған адамдардың заң бақылаушымен қол ұстасқанын халық не деп бағалар? Менің жақтаушым, менің қорғаушым дер ме, әлде басқаша атар ма?..
Сорпа төгілген еденді еңбектеп жүріп сүрткіштеп, орнынан тұруға ұмтылған аяғы ауыр Меңдіқыз белі кілт ете қалғандай болды да, шоңқайып отырып қалды. Ол ыңқылдай түсіп, жанындағы отырғышты медеу етті, бірақ қатты қобалжып, буын-буынына оқыс жүгірген дәрменсіздік жылжуға да, еңсесін көтеруге де ырық бермеді, қол-аяғы тегіс дірілдеп:
— Жазықты мен, Шырақта жазық жоқ. Қалай айтсаң да маған айт, не айтсаң да өзіме айт. Шырақ ести көрмесін. Қыз да... ол да, — деп ыңқылдады Меңдіқыз сөзін аяқтай алмай.
Хакім орнынан ұшып түрегеліп әйелінің қолынан ұстай алды, қолтығынан демеп тұрғызды да, сүйемелдеп әкеліп диванға отырғызды.
— Байқау керек қой, — деді ол ақырын ғана.
Оның үні өзгеріліп кетті, бірақ қайырып тіл қатпады. «Байқау керек қой» дегені аяныш сезіммен айтылса да, арғы жағын созып елжірей түсуді мақұл көрмеді. Тек қана: «Байғұс, күні жетіп отырғанда әлденеге ұшырап қалып жүрмегей» деген үрейлі ойды ішінен қайталай берді.
Диванға отырып, аз саябыр тапқан әйел, лезде буынын жинай бастады да, ширай түскен дене дәрменсіздігі енді жан жүйесінің босап жүре беруіне кезек берді. Ыстық жасты өр кірпіктер сығып шығарып бетке сорғалата түсуі мұң екен, бір мезет мырсылдай түсті де, аздан кейін әйел солқылдай жөнелді.
...Бетіне бұрын қатты сөз айтып көрмеген сүйікті ері соншалық сана намысын қозғауы не қорлық?! Меңдіқыз түсінбей ме? Достықтың, жақындықтың ақылға бағынышты екенін айыра алмайтын ба еді?! Саналы әйел екенін білмейтін, бұл сөздің бағасын түсінбейтін ол кім болғаны?! Еркіндік, теңдік туын жұртпен бірге бұл көтеріспеді ме? Оқыған қазақ қыздарымен бірге жаңа өмірге араласа түспеді ме? Хат танымайтын әйелдердің қолына қалам ұстатқанның бірі Меңдіқыз емес пе? Сауың үйірмесін құрып, талапты әйел қыздарды сахнаға жетектеген жоқ па? Әнші Тәмтимен бірге егіз қозыдай жастарды жаңа өнерге баулыған кім еді?.. Қазақ қызын сүйгеніне, бақытына, арманына іркілмей аяқ аттауға шақырған... шақырғандардың.:. бірі Меңдіқыз емес пе?..
Меңдіқыздың ыза кернеген жүрегі біраз саябырлап, көз жасы толастаған бір шақта, терезе алдында ойланып тұрған Хакім қасына таман жақындады. Маңдайын қос алақанымен басып, жағын таяна төмен қарап отырған әйел ерінің адымын санағандай болды. «Қасыма отырып басымды ұстар... қол орамалмен көзімді сүртер, жұбатар... сүйер» деп күтті.
— Өзіңді-өзің аяуың керек қой, аяғың ауыр. Соншама солқылдап... сен бала емессің ғой, — деді құшағын күткен ері салқын лебізбен.
Меңдіқыз оның бетіне жалт қарады да:
— О, жасаған, неге қатты жараттың соншама?! — деп қайтадан өкси жөнелді.
Оның ойына екіқабаттығы жаңа ғана түсті. Бірінші рет көтерген баланың дүниеге келу қияметі көз алдына елестеді. Қорқынышты, үрейлі бүл тағдыр ісі әлдеқандай қасірет сыйламақ?! Әлде балдан тәтті, бұрын көрмеген, сезбеген өмір уызына қандырмақшы ма?!
Тұла бойын еріксіз билеп кеткен ащы өксік сабалап өткен нөсердей біраз солқылдатқаннан кейін тағы да толастай қалды. Енді ол ерінің алдында қандай жазығы барын, нендей күнә жасағанын талдай бастады. Ойына алдымен «әкесі бекзат болса, қызында не жазық бар?» деген кешірімді дәлел оралды. Бұл оралып та қоймады, қайта-қайта жолын бөгей берді: «Тегі жаттың махаббатқа кесе-көлденең тұра ала ма? Егер де бай қызы жалшыға ғашық болса қайтер еді?..»
Меңдіқыз бейне бір тереңде жүзіп қары талып келіп, жағаның жөкедей берік айыл қоғасына қолы жаңа іліккендей болды. Оның бұдан арғы ойлары қызылды-жасылды жібек жіппен ақ орамалға төккен кестедей жатық көрінді. Бұл кестесі жымдасқан ойдың ешкім мінін таба алмайтын сияқтанды. Шынында: «бай қызы есігіндегі жалшысына ғашық болса, бұған құдіретті әке ғана қарсы, өйткені ол жалшыны қызына тең көрмейді. Ғашық қызының кіршіксіз махаббатын аяқ асты етіп, сүймеген мырзаға матап, ішінен шыққан перзентін мәңгі-бақи қасірет уына бөлейді. Мұны тағы заманның қатал заңы дейміз. Ал бекзат текті адам қызын оқыған жасқа берсе, мұны қыздың өзі қаласа, өзі сүйсе, өзі ғашық боп ұмтылса қалай? Бұған кедергі жасаған жанды кім дейміз? Тегі жат деп жаны сүйген екі жасты қоспау қандай заң?..»
— Сен қатал жансың, Хакім, — деді Меңдіқыз. Сөйтті де, ол өз сөзінен өзі шошып кетті. Сүйген жарына, ешбір жанға тең көрмейтін, дүниедегі ер атаулының біріне теңеуге де аузы бармайтын, тәтті лебіз, жібек шыраймен ғана тіл қататын; тәңірісіндей еріне «қатал» деген атақ тағу оған күпірлік сияқты көрінді. Ол жалма-жан бұл сөзді жеңілдету үшін: — мына қарашы... жүрегімнің аттай тулап тұрғанын!.. Қорқып кеттім. Қуқыл тартқан түсіңнен қорқып кеттім, өте суық көрініп кетті маған. Сонсоң жыладым.
Кешір, өтінемін... және «қатал» деген сөзімді кешір, аузымнан байқамай шығып кетіпті, — деді мұңайып.
Хакім оның жүзіне аз уақыт аяныш көзбен қарап тұрды да:
— Сен де кешір, Меңдіқыз, менде де қатты айтылған сөз болды. Бірақ оның себебі де бар. Дегенмен, сен кешір, Меңдіқыз. Мына күйіңде сені ренжіту маған ауыр және келіссіз. Бірақ өз басым үшін емес, оны да ойла, — деді.
Екеуі аз уақыт үндемей қалды. Іштей кінәласқанын, кешіріскенін үнсіз көз ыстығымен ғана үғынысты.
— Мен бір сауал берсем ренжисің бе, Хакім?
— Бер. Қандай сауал?
— Бірақ ренжіме. Мүмкін, бұл менің түсінбейтін нәрсем шығар...
— Иә, айтып көр.
Төмен қарап, сөз тізбегін дайындағандай аз ойланып отырды да, Меңдіқыз жұмсақ үнімен әсемдеп сөйлеп кетті. Ол сөйлеп отырып, соз арасында қабағын кере қалатын. Хакім оның сол қабағын кере қалатын жерін аңдыды, өйткені бұл қабақ керу сөзінің ең дәлелді жерін бөліп ерекшелейтін әдеті еді.
— «Әйел мен еркектің правосы бірдей ме?» деп сұрақ қойсам, оған кім болса да қазір «бірдей» деген жауап береді. Өйткені, әйел мемлекет ісіне араласа алады, мектепте сабақ бере алады, фабриканы басқар десең, оны да басқара алады. Ал махаббат, сүю деген ежелгі ер мен әйелдің арасындағы табиғи тілекті қазақ қызы жігітпен тең түрде көкке көтере алмайды. Бұл қалай?
— Түсініксіз.
— Түсініксіз болса түсіндірейін. Мысалы таныс: Ақметше. Ақметшенің қызы. Мен жақсы білемін — Гүлжиһан менің қайнымды сүйеді. Ал қызды, сөз жоқ, менің қайным да сүюге тиіс. Бірақ оны бай қызын сүйесің деп жабыла айыптауға дайын. Егер де қыз «мен қалайда Әлібекке қосыламын» деп шықса, жұрт үндемес еді. Амал не, қыз бұлай етіп әшекерелеп қосыла алмайды. Сондықтан мен қорқамын, екі жастың асыл махаббаты «бай» деген пәленің кесірімен құралайдың тас бұршағы соққан қызғалдақтай кемеліне келмей солып, семіп қалмағай.
Хакім басын шайқады.
— Басыңды неге шайқайсың, бұл ақиқат қой!..
— Мен сені, Меңдіқыз, тағы да ренжітейін: сенің қайның табы жат, Совет өкіметімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, іштей жау адамның, жау болғанда анау-мынау емес, өте қауіпті, ақылды жаудың қолында. Мен мұны бүгін уездік комсомол комитетінің хатшысына айтып, ана комсомолдарыңды тәртіпке шақырыңыз, жаңа заманның қайраткер маманы болып шыққалы тұрған совет мектебінің студенті атын былғатпаңыз деп тапсырдым.
— Бұл қалай болғаны, Хакім? Бұл Шырақты мектептен де, комсомолдан да шығарады деген үкім емес пе?
Меңдіқыздың жүзінде жылауға таяу қалған адамның үрейлі пішіні лыпылдай қалды да, үлкен көздері шарасынан шығып кетерліктей үлкейе берді.
— Әлбетте, сол комсомолдық пернесі сыннан өтеді, иә шертуге келмей үзіліп кетеді, иә болмаса ысылып, кедір-бұдыры жоғалып ширап шығады.
— Бүл сұмдық, Хакім...
— Бұл адалдық. Бұл қылапсыз әділдік. Іші кедір-бұдыр, сырты жып-жылмағай адам жаңа өмірдің күрескері бола алмайды. Ауызбен алдап, көз тасада жеке басының, қара басының құлы болып, қоғамнан бөлек жайылу жігіттік емес. Қазақ: «Жігіт болсаң бір сырлы бол», дейді. Бұл алдаушы болма деген сөз. Сен неге жыламсырайсың? Революция кезінде қасың қанын пида қылған адамдар кейін сол революцияға опасыздық жасау үшін жандасқан жоқ қой. Қазір тап сол революцияның ең сынды кезеңі: қанаушы жеке байлық иелерінің тобына қосыласың ба, әлде еңбегінің жемісін адамша пайдалануға ұмтылған халықтың қатарында тұрып жұртыңа абыройлы іс көрсетесің бе — міне, осы тарихи тарауда тұрмыз. Мен інім екен деп, ана арқасы арша, борбайы борша болып жүрген сансыз еңбекші жастардан Әлібектің қылығын жасырам ба? Бұлай ету, Меңдіқыз, адамшылық ұжданыңа қол сұғу болады.
— Ойпырым-ай, Хакім, аяусыз іс...
— Аяусыз деп, мен Әлібекті жаудың қолына беріп отырғаным жоқ. Өзінің лениншіл жастарының одағына айттым. Одағының алдында: «Жау қызын сүйемін, бірақ халқыма опасыздық жасамаймын.
Қызды өзімдей жаңа өмірдің құрушысы етуге уәдемді беремін» деп айтсын. Жолдастарының алдында, одағының алдында уәдесін берсін. Олар қалай деп табады — үкім шығаратын солар. Әлібек білімді жас. Оны Әділбекпен қатар қоюға болмайды. Ал сенің кішкене қайның да «байлық» деген сөзді ұйып тыңдайды. «Дабылдың қызын әперемін. Малымен, отауымен әперемін» деп еліріпті әлгі Рақымғали суайт. Мұны да ойлау керек. Оныкі мына сен айтқан махаббат емес, малдың, байлықтың махаббаты, яғни «бай болсам» деген қара шаруаның есебі. Ол жас, оған түсіндіріп, тәрбие беру сенің міндетің. Дабылдың қызынан басқа қыз құрып қалып па үйленетін болса. Онан ақылды да, көрікті де қыздар бар шығар. Меңдіқыз, ойлан. Сана майданы, салт майданы — оң түтеген соғыс майданынан әлдеқайда қиын, әлдеқайда нәзік. Көзге көрінбейтін жерден бұл нәзік нәрсе жә былай, жә былай ауытқуы, тіпті үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан мақсат айқын тұрғанда, жаңа дүние жасаймыз деп бел байлағанда — біздің жаңа салтымыз қылапсыз болуға тиіс, мінезіміз бен құлқымыз соған бағынуға тиіс. Жастар серікті өзіне ақылы сай, дүниеге өзімен көзқарасы бірдей, бірге еңбек етуге дайын жандардан іздеу керек. Дүниеқор, өзімшіл, үлпілдек жылтималардың керегі жоқ, — деді Хакім.
Ол темекісін тұтатып, ащы түтінді ауыз толтыра сора бастады. Меңдіқыз оның бетіне ұзақ қарап отырды да, үн-түн қатпастан орнынан тұрып кетті. Ол екінші бөлмеге кіріп, стол жанына келді. Қолына қағаз бен қарындаш алып, Әлібекке хат жазуға кірісті.
2
Хакіммен сөйлескеннен кейін Таңқыбай қосшы кеңсесіне келіп ақы сұрап, арыз беріп кеткен еді. Ал оның ізін ала Ақметшенің тағы да бірнеше ауылдасы арыз түсірді.
— Ақылы істерге арналған сот мәжілісіне прокурордың қатынасуы шарт емес. Алайда, мына екі шорманның жұмысын өзің қолдағаның мақұл ғой деп отырмын, — деді Халит судья Хакімді шақырып алып.
— Қай екеуі?- — деп сұрады Хакім, өйткені ақы сұраған жалшының арызы екеу ғана емес, осы жұманың ішінде өз қолымен тапсырғаны әлденеше іс болатын.
— Тай-тулағыңды өзім. де үйретемін, маған, шырағым, ана жүген-құрық тимеген бесті асаудың белін бір басып берші, дейтін біздің қарт құрылысшы інісіне. Сол айтқандай, бесті асаудың кім екенін өзің де шамалаған шығарсың. Екіншісі Ақметше.
— Біріншісі Салың қой шамасы. Қарттың құрықшы інісі мен болдым ба сонда? Қалай қайырсаң солай жүйткитін сорлының бес ешкісіндей шүлдіреген Түкіш-ай, Қазы немересінің пысы басып қолпаңдап отыр екенсің ғой. Бәсе, салқын жерде отырып-ақ терлей бастапсың, — деп қалжыңдады Хакім оны, соттайтын шонжарынан судьяның ата-тегі әлдеқайда атақсыз екенін іліп.
Судья Хакіммен әрі замандас, әрі бір кезде іске араласқан және көптен бір уезде қаз-қатар келе жатқан белгілі қызметкер еді. Ол ата-бабасының атақты емес екенін кек тұтқан жоқ. Бірақ еруліге қарулы, Хакімді де ата жағынан бір шаужайлап өтті.
— Рас. Қазының немересі былай шыға беріп: «Әлгі судья дегенің жаңағы ма? Бұл қай Мұхамбеттің баласы? Мұхамбет деген правительді де, атақты биді де, тіпті ондай әжіні де естіген емен» деуі мүмкін, — деп күлді Халит.
Хакім қызарып кетті. Бірақ, өз әзілінен горі судьяның әзілі нысанаға дәлірек тигенін ол шешендік сөзбен қымтады.
— Осы Салықтың әкесі Омар управитель, белгілі Сақау Мәмбетін ертіп масқар деген елге келіпті. Тізесі батқан Омарға масқарлар тісін қайрап отыр екен. Бірақ олар бас салып сабауға, болмаса басқа түрде жәбірлеуге соңынан пәлесі тиер деп. айла жасапты. Бір ауылдың қатын-қалашын қайрап-қайрап, қасында Сақау Мәмбеттен басқа қол қатар серігі жоқ Омарды. әдейі еркексіз, өңкей әйелдері ғана қалған ауылға түсіреді. Елде жоқ еркектері — елде жоқ, елде бары — күні бұрын жасырынып қалады. Омар бір дәулетті үйге түсіп, жайланысып, бәйбішенің әзірлеген әдемі шайына бас қойған кезде, бір көк айыл қатын айқайды салып, бүтін ауылды басына көтеріп, Омардың ата-бабасын, өзін, үрім-бұтағын қалдырмай бас терісін басына кигізіп сыбап, балағаттап, шай ішкелі жатқан Омарға көсеу ала ұмтылады. Екінші әйел — иін ағаш сілтеп, үшіншісі ожаумен, төртіншісі қазанның қара тұтқышымен — не керек, әйелдер әйелше атақты управительді қолына түскен нәрсемен соғып, үйден айдап шығады. Сыртқа шыққан биге сырттағы қатындар бірі басына су шашып, бірі мәйекпен сыбап ірә сілейтеді. Мұның бәрінен де жаманы — әйелдер былапыт сөзбен қуыс-тесігін қалдырмастан сыбайды. Жандәрмен күн ат-арбасына қарай ұмтылып, зорға деп әйелдер мен бала-шағалардың қоршауынан жырылып шыққан Омар анадай жерде:
— Омар-ау, Омар, атаңның аузын... Омар-ау, Омар, өз аузыңды... Омар-ау, Омар, үрім-бұтағыңды... Омар-ау, Омар, ауыл-аймағыңды!.. — деп айқайлап боқтап тұрған Сақау Мәмбетті көреді. Бірақ істер амал жоқ, қолдан келер қайрат кем. Масқардың қатыны мен баласы кегін алсын. А, сен опасыздың мынауың не? Тоқта, бәлем, соңынан тарттырармын сазайыңды, — деп тістеніп, ат-арбасына мініп алып жөней беріпті. Масқарлардан жаман тілін тигізген Мәмбеті бір кез артына қараса, арқан бойы жерде соңынан еріп келе жатыр екен. Аттың делбесін тежеп: «Ай, опасыз, бері кел!» — деп айқайлайды Омар терісіне сыймай. Әбден ыза кернеген Омардың қасына жетіп келіп, ойында ештеме жоқ адамша: «Омеке, бір нәрсе айтпақшы болдыңыз ба, әлде менің құлағым таса есітті ме? — деп көлгірси қалады. «Жау жағадан алғанда, ит болып етектен қаптың ба? Кәне, кеще не дедің?» — деп Омар Мәмбетке қарап түтігіп кетсе керек. Сонда Мәмбет: «Омеке-ау, мен сені балағаттадым. Балағаттамай қайтейін, масқардың қатындары масқаралап, қуыс-тесігіңді қалдырмай былғап жатқанда, есіл Омарымды бұларға қор қылғанша, өзім де бір сыбап қалайын деп едім» депті. «Қызыл тілің қырқылсын, құдай сенің осы тіліңді аз да болса қысқартайын деп сақау етті ғой сені» деп Омар жүре берген екен. Сол сияқты сені қауым:« Судья бола алса, осы Мұхамбеттің баласы судья бола алады» деп босқа сайламаған. Бұдан былай байқап сөйлейтін болдың, — деді Хакім езу тартып.
— Судьялардан Сақау Мәмбет шықпайтын шығар-ақ. Ал, жақсы, Хаке, істің мазмұны мәлім ғой, енді сол тағайындалған мәселелерді шешіп жіберейік, — деді де Халит сот хатшысын шақырып алып, талапкерлерді дайындауға жарлың берді.
— Судьялардан Сақау Мәмбет шықпаса оның оқасы жоқ, ал Сақау Мәмбеттерден судьялар шыға беруге тиіс; өйткені біздің қазақтың жігіттері шетінен Сақау Мәмбет, шетінен тілге ұста. Мұны дәлелдеудің керегі жоқтығына жаңағы сөзің айғақ қой, — деді прокурор.
— Жақсы енді, Хаке, солай-ақ болсын. Мәжіліс бөлмесіне шығайық, — деп Халит орнынан тұрды.
3
Ақметше сот мәжілісін билеп кетті, ол өзін-өзі айыптап, талапкерлердің тілегін онан әрі тереңдете түсті.
Судья сот тәртібі бойынша жауапкердің аты-жөнін, кәсібін, тұрақты мекенін тағы басқа тиісті ақпар алу жағын сұрақтап болғаннан кейін, талапкерлердің аттарын атап, олардың «еңбек аңы өндіріп беріңіз» деген тілектерін жариялады. Сонсоң:
— Жауапкер Ақметше Мұқаметшеұлы, сіз бұл заңды тілектерді мойындайсыз ба? — деп сұрады.
Орнынан екінші рет түрегелген Ақметше:
— Маған түсініктірек етіп, яғни .талапкерлердің талабын дәлелдеңкіреп сөз сөйлеуге бола ма? — деп ол судьяға қарсы сұрақ қойды.
— Мен сізге мына жарияланған арыздар бойынша талапкерлер тілегін мойындайсыз ба? — деп сұрақ қойдым.
— Мен сізден сол тілектерді толың мойындайтынымды дәлелдеңкіреп айтуға рұқсат сұрадым, — деді Ақметше езу тартып.
Халит аз мүдіріп қалды да, оң жағында отырған халың заседателі Шолпанға және сол жақтағы қосшы биге мойнын кезек бұрып сыбыр ете түсті де, аздан кейін жауапкерге:
— Сөйлеңіз, — деді.
— ...Біздің, қазақ халқының шаруашылықты ғылыми жолмен өркендету жөнінде де, мәдениет ошағы — мектеп санын молайтып, халықты білімге жаппай жетелеу жөнінде де кешеуілдеп к,алғанымыз мәлім. Сол сияқты мына жаңа заманды түсіну жөнінде де орыс халқынан бір саты төмен тұрмыз. Ал әлеуметтік, азаматтық борышты өтеу, яғни саналылық сатыға өрмелеу өте-мөте төмен. Саналылықты алдымен оқыған азаматтарымыздан күтеміз. Ал сол оқыған адамның бірі мен едім. Мына отырған (ол сол қолындағы Таңқыбай тобына иек көтерді) момын, жалпақ бөрік, кең шекпенді қазақ, шаруасы бізге көзін тігеді. Әділдікті, теңдікті, туысқандықтың ең абзал түрін бізден күтеді, бұрын да бізден күтіп келді. Бірақ соған біз өз өтенімізден қол ұшын беріп, қолтығынан көтеріп, білмегенін үйретіп, білгенін пайдаға асыртып келдік пе? Жоқ. Солардың жоғын жоқтап, көзіне көрсетіп игі іс істедік пе? Жоқ. Мысалға көзі ашың деген мені алыңыз. Менің мамандығым, білімім арқасында ғылыми жолға түсіріп келе жатқан дөңгелек шаруам бар. Әрине, бұл шаруаны өркендетуге мен қол күшін жұмсағаным жоқ, ми күшін ғана жұмсадым. Ал қол күшін жұмсаған мына отырған азаматтарға — ауылдастарға істеген еңбегі үшін тиісті ақысын Европа үлгісімен төлеп келгенім жоқ, яғни бұлардың қазақтың ғадет-ғұрпын, нанғыштық-сенгіштік сезімін өзіме бейімдеп, тиісті ақысын бермей, оны аттың майы, сиырдың сүті, көліктің күшімен төлеп келдім. Егер де сіздер осы мәжіліске шақырмасаңыз, заң бойынша талап етпесеңіз, бұл қалып созыла берер еді. Мінекей, біздің санамыздың өте шабан, өте қазақы қалыпта қалғаны. Аттың майы, сиырдың сүті, көліктің күші мына отырған Таңқыбайлардың маңдай терін ақтай алмайды. Бұларға мен толық ақы, яғни адал еңбегін айтқызбай, сотқа шақыртпай төлеуім керек емес пе еді. Ғапу етіңіз, құрметті судья, сіздер де ғапу етіңіз, халық билеpi, міне біздің азаматтың борышты аяқ асты еткеніміз, міне біздің сана сатысына өрмелей алмағанымыз. Сондықтан үлкен кешірім сұрай отырып, мен мына арыз берген ауылдастарыма: әрқайсысына екі түйе, екі биеден ақы беруге міндеттімін, міндетті емес, борыштымын. Жалғыз бұлар емес, елде қалған ауылдастарыма, яғни мына Таңқыбай сияқты көптен бері менімен бірге шаруамды шаруаласып келген азаматтарға — небәрі он бес үйге отыз түйе, отыз бие беруге мәжбүрмін.Мұны мен есептеп шығардым. Бұл менің еңбекшілерге бермей келген борышым...
Ақметше «осы сөзім қалай?» — деген адамша аздап қана ұзынша қара сақалының ұшын сол қолымен жанап өтіп, Хакімге көз құйрығымен күле көз бастады. Оның жүз құбылысын, сөйлегендегі баяғы жұмсақ үнін, ой кестесін, келісті қимылын, іркілмей бір қалыпта, бір сазда сөйлейтін шеберлігін Хакім ішінен сұқтана тыңдап еді, бірақ сыр бермеуге тырысып, сазарыңқы қалып сақтаған болды. Көзін Ақметшенің көзіне кездестірмей әрегіректе отырған Таңқыбайға қарады. Сәл аузын ашып, арбалған торғайдай мойнын созып қалған Таңқыбай, Хакімнің көзіне көзі ұшыраса қалып, үсті-үстіне жыпылықтай жөнелді. Хакім басын шайқады. «Әлі баяғы Ақметше. Жоқ, баяғы емес, баяғыдан әлдеқайда ілгері кеткен... Баяғыдан әлдеқайда жүйрік... Не деп еді сонда? Сол Текедегі естен қалмайтын қатерлі кеште!? Мені Абылаев танып қалып, бірақ сыр бермеген болып, түнгі қару тиеген керуенмен бірге кеткен түні... «Менің ауыр күнәм, құдайға күнәлы жерім, адамның ішіндегісін біліп қою деп пе еді?..»
Ол тағы да басын шайқап, Ақметшеге мойнын бұрды. Ақметшенің көзі аңдыған қалпын өзгерте . қалды: «Білемін не ойлап тұрғаныңды» деді оның бұл қарасы. Хакім судьяға:
— Маған жауапкерге сұрақ қоюға рұқсат етіңіз! — деп өтініш жасады.
— Уездік прокурор Жүнісов жолдас, жауапкер Ақметше Мұқаметшеұлына сұрақ қою үшін сізге сөз берілді.
— Сіздің барлық түйеңіз қанша? — деп сұрады прокурор көзін төмен түсіріп.
— Алпыс екі.
— Бәрі де нар ма?
— Иә, бәрі де нар.
— Асыл тұқымды түйелер?
— Адай інгені мен желмаяның үшінші генерациясы.
— Бұл асылдандырудың мақсаты жөнінде не айтар едіңіз?
Ақметше аңырын ғана күліп қойды.
— Қазақтың он сиырынан симентальдың біреуі артық. Сол сияқты түйенің нәсілі асылданса шаруашылық құны артады ғой.
— Жақсы. Сіз бір сөзіңізде әлеуметтік борышты айтып кеттіңіз. Мал тұқымын асылдандыру әлеуметтік борышпен қалай қабысар?
— Бұл керек сұрақ, прокурор мырза, — деді іркілместен Ақметше. Оның көзінің құйрығы енді жылы күлкі сызығын жазып жіберді.
— Жауапкер Ақметше Мұқаметшеұлы, прокурор мырза емес, азамат прокурор... деңіз, — деп судья оның сөзін жөндеді.
— ...Ғапу етіңіз, бұл өте орынды сұрақ, азамат прокурор. Менің шамалауымша: сіздің мал басын асылдандырғаныңыздан халыққа келер пайда бар ма, дегіңіз келеді ғой? Жауап: жақсы сөз — жарты ырыс; сол сияқты үлгілі іс халыққа пайда. Бөкей губерниясында Махамбет Бөкейхановтың жылқы тұқымын асылдандыру тәжірибесі бар. Жымпитыда, менің осы кішкене талабым бар, анау Гурьев уезінде еділбай қойын сұрыптау басталды. Міне, аз, некен-саяқ болса да бұл бастама әлеуметтік борыштың басым жағы. Кім біледі, он жыл, он бес жыл өтер, қазақ даласында сүтті сиыр, жүнді қой, жүрдек жылқы, бағалы түйе өсіру ісі тегіс өріс алар...
Судья да, қосшы-билер де Ақметшенің мына сөздеріне таңданған пішінде қалды. Бірақ Хакім сұрақты жаңғыртып, жұртқа еткен сөз әсерін қайтадан тарқатты.
— Сонда қалай? Алпыс екі түйенің тең жарымын ағайын-туғандарыңызға бөліп бергіңіз келгені ме? Жылқының да біразын жақын ағайындарыңызға таратпақсыз. Бұл мына адамдардың қосқан еңбегінен артың па, кем бе? — деді Хакім.
Ақметше сәл қабағын шытты.
— Прокурор азамат, сіз заңға жетіксіз, бұл табиғи нәрсе. Менің жасым үлкен, сондықтан сөз ұғымын дәлелдеу жағынан тәжірибесі бар адаммын. Кешіріңіз, бұл ағайын-туғандарға бөліп бергенім емес, оларға борыштармын, соны төлегенім, яғни еңбек ақысын халайық алдында қолына ұстатқаным. Мұны бұрын істемегеніме өкініштімін. Бірақ ештен кеш жақсы деген халың нақылы бар.
Аз отырды да Хакім судьяға:
— Менің басқа сұрағым жоқ, — деді.
Судья оң жағындағы қосшы би Шолпанға мойын бұрып:
— Жауапкерге беретін сұрағыңыз жоқ па? — деп сұрап еді, Шолпан:
— Біреу емес, бұл кісіге қоятын бірнеше сұрағым бар, — деп жауап қатты.
Сөйтті де ол желкеге түйген тоқпақтай қолаң шашын бір түзеп қойып, айыпкер Ақметшеге қабағын түйе қалды.
— Сіз төңкерістен бұрын өкімет сайлауына қатынастыңыз ба? — деді Шолпан.
Ақметше күлімсіреп сақалын сипай түсті де түрегеліп:
— Жауап беруге рұқсат етіңіз, судья азамат, — де¬ген оның тілегіне ілесе Халиттің бас изеген рұқсаты да жалғаса берді.
— Сіз, әрине, төңкерістен бұрынғы сайлаудың бұқарашылдық жағын айтатын шығарсыз, — деді Ақметше жұмсақ үнмен. — Ол кезде жассыз, сондықтан бұрынғы сайлауды көрген жоқсыз. Төңкерістен бұрынғы сайлау азаматтарды тегіс қатыстыратын, жасы жеткен азамат тегіс дауыс беретін, ала-құла болған жоқ. Ал мен кәмелет жасқа толғаннан кейін өткен сайлаудың бәріне де қатынастым...
— Сіз тура жауап беріңіз, — деп бөлді Шолпан оны. — Мен патша өкіметінің тұсында сайлау бұқарашыл ма еді, бұқарашыл емес пе еді? деп сұрағаным жоқ. Сіз өзіңіз бұрын сайлау жолымен қандай қызмет атқардыңыз, соны сұраймын.
— А, лауазым жөнінде деңіз.
— Иә, лауазымыңыз қандай болды деп сұрадым.
— Бұл сұрақтың жөні басқа, — деп күлімсіреді Ақметше. — Бір сайлауда волостной управитель болдым. Қазақша болыс дейді оны жұрт.
Шолпан кимелеп кетті.
— Сіз жаңа «бұрынғы сайлау бұқарашыл еді» дедіңіз. Кәне айтып көріңіз, немен бұқарашыл еді: кедейден болыс қоюшы ма еді? Әйелдерден старшина сайлаушы ма еді? Қай жағы бұқарашыл еді? Әлде әйелді мал орнына сатуға болатыны бұқарашылдық па?
— Сіз тым кимелеп кеттіңіз, судья. Бұл айтып тұрғаныңыз өте әділ нәрселер. Бірақ мұның бәріне бірдей жауап беру оңай да емес. Өте топтап жібердіңіз сұрақтарыңызды. Сонымен қатар бұл мәселелер аңылы іске коп жанаса да бермес. Алайда, сұрақ қойылғаннан кейін мен өз тәжірибемді, өз көргенімді түсіндіре кетпей болмайды. Рас айтасыз: бұрынғы сайлау осы күнгі совет көзімен қарағанда өте-мөте әділсіз сайлау еді. Алдымен малды, оқыған азаматтар ауызға ілінетін. Ал әйел деген халың, әсіресе, қазақ әйелдері ілуде біреу болмаса сайлауға қатынасты деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Мен «бұқарашыл» дей қойғаным жоқ. «Бұқарашылдық жағын айтасыз ба» дедім. Ондағы айтпағым: кәрі-жасы аралас, бай-кедей демей, бәрі де қол көтерді демек ем...
— Жақсы, — деді Шолпан. — Рас, бұл ақылы істерге жанаса да бермес. Бірақ совет соты: жауап беріп тұрған кім — осыны дәл көрсетуге міндетті. Сіз бұрын болыс болдыңыз, оқымысты адамсыз. Бір сөзіңізде ауылдастарымның ақысын жеп келдім дедіңіз, оған өкінемін дедіңіз. Егер де Совет өкіметі болмаса сіз ол туысқандарыңыздың еңбегін жеп келгеніңізді халыққа айтар ма едіңіз? Қалай ойлайсыз?
Ақметше күлімсіреп, басын шайқады.
— ...Ал бұл бір мәселе. Екінші сұрақ сіздің жасыңыз қырық бесте... Мына отырған азаматтардың ана бір екеуі сіз шамалас. Сіз болыс болғаннан бері дәулетті болсаңыз да, бұл кісілер сізге сол кезден бері қызмет істегенде де бұған он сегіз, жиырма жыл өткен-ақ шығар. Сол жиырма жылғы еңбек екі жылқы, екі түйе болғаны ма? Сіздің бір басыңыздың жинағаны да жиырма жыл ішінде, өлген-жіткенін қоспағанда, жүздеген жылқы, жүздеген түйе болып қосылып келген жоқ па? Жиырма жылды айға, күнге айналдырып, үш-төрт қараның құнын соған бөлсе қанша болар? Күніне тиын да шықпай қалып жүрмесе не қылсын, — деді Шолпан.
Хакім жалма-жан қағазға тез-тез бір цифрларды жазғыштады да Аметше жауап бергенше:
— Егер де бұл кісінің асыл жылқысының бағасы жүз сом тұрған күнде, жаңағы айтқан өзінің билігі бойынша қызметшілеріне күніне ширек тиыннан төлеген болып шығады, — деді ол Халитке қарап.
— Мен мұндай қиындатқан сұрақтарға жауап бере алмаспын. Қалай болғанда да біздің қазақ елінің еңбекті бағалау жөнінде мешеу қалғаны айқын ғой, жолдас судья. Сондықтан мен өз борышымды өтеу жолында пікір айттым. Ал енді, билік айту сіздердің судьялық борыштарыңыз, — деп Ақметше орнына отыруға ыңғайланды.
Судья қасындағылармен ауызша кеңесіп талапкерлерге сөз берді.
Аңы сұрап арыз берген шаруалар бірінен соң бірі орнынан тұрып, жат сабақтай бір-ақ ауыз сөзді кезегімен айта бастады.
— Ақаңнан пайдадан өзге зиян көргеніміз жоқ.
— Мархабатты адам ғой, еңбек аңымызды төлеймін дегені де ізгілік.
— Ақаңнан пайдадан басқа зиян көрген ағайын жоқ.
— Мархабатты кісі. Еңбек аңымызды төлегеніне мың рақмет.
— Ақаңнан пайда...
— Жақсы, жақсы, — деп судья тіпті біреуінің сөзін бөліп жіберді. — Қай жылдан бері көрші-қолаң болып келдіңіз?
Шаруа оның сөзіне түсінбей қалды білем.
— Ләббай? — деп құлағын тікті.
— Қай жылдан бастап Ақметше Мұқаметшеұлының шаруасын шаруалап келесіз?
— А... Көрші-қолаң ба едіңіз дейсіз бе? Жоқ, көрші-қолаң емеспіз, ағайынбыз ғой. Ағайын болғаннан кейін қай жылдан бастап шаруасын шаруалаушы ек, еншалла, туғаннан бері ища дескеніміз жоқ, — деді шаруа.
Судья оған:
— Сонда, сіз бұл кісіге, шамамен айтқанда, ең кемі жиырма бес жыл қолғабысыңызды тигізген боларсыз? Солай ма? — деп еді, шаруа:
— Еншалла, еншалла, — деп басын изеді.
— Жақсы. Ал, сіз ше? — деп судья Таңқыбайға қарады.
— Менің ақым көп бұл кісіден алатын. Мен қосшы кедейлер ұйымына мүшемін. Мені Қарабай Көзеевтің өзі біледі, мына пыркарол Хакең де жақсы біледі. Жақында, жақында емес-ау, күні кеше менің есіме салған осы кісі. Елге барғасын күнімен, түнімен ойланып, басқаларға да ойымды ортаға сап кеңесіп, аңы сұрауды ұйғардық. Маған бұл кісі ақымды толық етіп беруі керек. Хүкімет қосшы мүшесіне жақ. Бұл кісі оны біліп қоюы керек, — деп Таңқыбай күш көрсетіп те қойды.
Хакім бұл пысық шаруаның: «Өз сөзі емес, әлде Ақметше аузына салып берген нәрсені айтты ма? «Күні-түні ойланып, ақы сұрауды ұйғардық» дейді.
Анау күнгі әңгімеден кейін жабыла арыз бергендері ойландыратын жайт. Күдікті іс...» — деді ішінен Таңқыбайға көзін тіге қарап.
Сот үкімін шығару үшін басқа бөлмеге кетті.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1
Дабыл ауылынан кішкене Құрманның ұшты-күйді жоқ болғаны, сол маңдағы жұрттың назарын қос жетім баланың қараша үйіне аударды. Бұл бір аяқ астынан кездескен үлкен оқиғадай көрінді. Бисенғалидың баланы жазықсыздан жазықсыз ұрып жібергенін, оған Қалекеш жыршының ара түскенін, бұл екеуін де таң сәріден оның үйден қуып шыққанын ауыл тегіс білген жоқты. Ал білгенінің бай інісін сөгуге аузы бармады. Тек болғаны баланы ғана әңгімелеумен болды. Біреулері:
— Әлі келген жоқ па? Үш күннен бері қайда жүргені?
— Қасқыр жеп кетуден аман ба өзін?! — деп күдіктенсе, Құрманның пысықтығын жақсы білетіндері:
— «Қасқыр жеп кетуден аман ба өзі?» дейді. Ондай бала қасқырды өзі жеп қоймаса, қасқырға ауыз салдырмас. Ол қалаға қашып кетті, сонда нағашысы бар, — десті. Бірақ оған:
— Рақымғали қаладан таба алмай қайтты ғой, — деген қарсы жауап та табылып жатты.
Көбі баланы аяп жоқтады. Қаршадай баланың елден кеткенде қайда барып, қалай күн көретінін ойлады.
Жоқтаушының ішінде Бисенғали мен Қалампыр да болды, бірақ бұлар: — Келін мен қойшының қашқаны... құдай тек жамандыққа жазбасын. Ал, бұл жақсы ырым емес: бұл бір сұмдықтың алды, — деп үрейленді.
Сөйтті де екеуі қосарлана бар бәлені баяғы «жаман күйеуге» жапты.
— Сен соны төрге шығарып жаман үйреткен. Жалғыз оны ғана емес, қайдағы бір қу жақ жырауды да сен осы ауылға үйір қылған! — деп Қалампырдың алдын орай тиіскен Бисенғалиды қаһарлы бәйбіше тоқтатып қойып, өзі кірісті.
— Сен соны не мақсатпен шақырып келдің, соны айтшы, — деп қысты бәйбіше.
— Ойбай-ау, би жеңеше-ау, мен емес оны алып келген. Бұралқы өгіздей сүйкеніп, үйді-үйді санап, босағасын босатпай жүрген белгілі жарапазаншы емес пе! Мен оны шақырып әкеліп, соншама ошағыма тас қыламын ба? Жеңеше-ау, өзіңіз ойлаңызшы, әлмисақтан бері қарай ел-елді қыдырып жүрген Қалекеш қой. Мен тумастан бұрын да, ол ел кезген кезбе емес пе? Бәлкім, о л сіздерден де бұрын дүниеге келген шығар. Былтыр да келді, биыл да келді осы ауылға: аяғын тұсап қоймасаң, бұл ендігі жылы да келеді, онан арғы жылы да келер, — деп тізбектеді, сөзі кемерінен асып төгіліп тұрған Рақымғали.
— Ал, солай болсын. Ол ендігі жылы да келсін. Ана баланы қайдан табасың, енді соны айтып көрші.
— Оны енді ақылдасып, көп болып ойласайың, жеңеше. Мен іздеуін іздермін. Бірақ қайткенде тез табу керек, соны ақылдасайық. Әкесі де бір қашаған еді... — деп жөней беріп еді Рақымғали, әйел:
— Тоқта! — деді. — Мен әкесінің қандай екенін сұрап тұрғаным жоқ. Қалай да тап. Қалада болса — қаладан қайтар, далада болса — даладан қайтар. Еліне қашса елінен ізде. Үш күн ішінде ол қойшы осы жерде болсын, — деп бұйырды.
— Иә, сөйт, — деп Бисенғали да өзінше әйелінің өкімін нықтай түсті.
— Ай, сол кешегі... анау күнгі өгіз арбалы қара домалақ туысқанымен кетпеді ме? Сол азғырмады ма екен оны? Тілмарсыған бір ол да сен сияқты сөзден түйін түйген неме көрініп еді, — деді әйел тағы да Рақымғалиға тигізе.
— Айта көрмеңіз, жеңеше, — деп Рақымғали Әділбектің маңына жуытпады. — Айта көрмеңіз. Ол деген ондай ұсақ нәрсеге өмірі жуымайды. Жуу қайда, ондай қойшы азғыру деген оның ата-бабасының, тіпті үрім-бұтағының басында болып кермеген іс. Бұған күнәлы болмаңыз, жеңеше. Өмірде ешкімге қиянат жасап көрмеген бала. Және ол баланы мен общем, осы ауылға соғатын еттім ғой, жеңеше. Оның шет жағасын өзіңіз де түсінесіз. Үлкен бақыттың тұлымынан ұстаттым — ол бала енді онан айрылмайды. Құдай біледі, деп айтайын, айрылмайды. Айрылу қайда, біреу қайда, ертең ол баланың өзі-ақ жетіп келеді осында. Қойшыңыз түгіл мысығыңызға да қолын тигізбес, қайта менен де мұқият қорғар, — деп жымиды күйеу. Әділбекті «балдызымды көрсетем, кел» деп шақырғанын алыстан меңзеп бәйбішенің алдына тартып.
Қалампыр бұл өте қолайлы және тиімді құдалықты о бастан-ақ жек көрмеген болуы керек. Сонда да ол:
— Ай, оны қоя тұр. Ол алдағы іс. Онан бұрын мына қу қойшыны тап, — деп өз бұйрығына оралды.
Бисенғали да:
— Иә, сөйт, — деді.
Сөйтпеске амал қанша — ұзақ күнгі бос сөзден салған бөгеті бәйбіше әміріне кесе-көлденең тұра алмай, Рақымғали енді Құрманды іздеуге екінші рет шықпақшы болды.
Зым-қайым жоқ болған інісін қыз екінші күні мықтап жоқтады. Екіндіден бастап мал сауу, сүт пісіру, шай қайнату, су әкелу қамымен шаршап жығылған Халима Құрманның үйге қайтпағанын бірінші түні аса жоқтаған жоқ еді. Ол: «Ашуланып бір жерде отырған шығар. Жазғытұрым да ол қыстау жаққа барып айналып екінші күні қайтқан. Түнде келмесе, ертең ертемен келіп жетер» деп ойлап, ұйықтап қалған болатын. Бірақ, ертемен қайтар деген інісі түсте де, кеште де үйге оралмаған соң қыздың жүрегі қобалжи бастады. Ымыртта ол қойшы Қалиға келіп, қотан шетінде біраз отырды.
— Қали, сен ештеме де білмейсің бе? Құрмаш саған өрісте не айтып еді? — деп сұрады, қойшы әлденені жасырып жүр ме деп ойлап.
Бірақ оған Қали өзінің кімге болса да талғамай айтатын:
— Жоқ-а, — деген жауабын қатты да, жантайған күйі жата берді.
— Сен, Қали, ұмытқан шығарсың, ойлашы, Құрмаш бірдеме айтқан шығар, — деді қыз тағы да Қалидың бірден сөйлесе қалмайтынын ескеріп.
Қойшы екінші рет, сол жатқан күйі:
— Жоқ-а! — деді.
— Дегенмен, кеше өрісте ол саған ақылдасқан шығар.
Құрмаш әңгімешіл ғой.
— Кеше өріске ол келген жоқ, — деді Қали біраз бөгелгеннен кейін.
— Сенен келіп шалап та ішпеді ме?
— Жоқ-а!..
Бір ауыз сөзден әрі әңгімеге аяқ баспайтын, «жоқ-а» дегеннен өзге жауапқа да шорқақ қойшыны қыз онан әрі қинамады, үйіне қайтып келіп төсегіне қисая кетті. Бірақ ол таң атқанша көзін ілмеді — түні бойы жылаумен шықты. «О, жасаған, не жазығым бар еді?» — деп жыбырлады жас қыздың ерні, қараңғы, өзінен өзге қыбырлаған жаны жоқ, иесіз үйде. — Әкемнің қандай екенін білмеймін де... Сорлы шешем көз жұмғаннан кейін арқа сүйеген кішкене бауырым — Құрмашым... сенсіз мен қайтып күн көрермін. Мына иесіз үйде қалай жатып, қалай тұрамын?.. Жасаған маған енді сені де көпсінді ме?! Не жазығым бар еді»...
Кейде жылап жатып көзін ашып қалған Халимаға қараңғы үйдің ішінде әлдекім жүргендей болады: ол аңырын жылжып босағаға қарай ығысады; сыртқа, үй ішіне құлақ тосып, қарай-қарай қараңғының боз қылауланған сәулесінде бұрыш-бұрышты тінткілейді. Жым-жырт. Қыбырсыз жатқан түнгі әлем. Оның елегізген құлағына күйіс тартып, ауыр күрсінген малдың дыбысы ғана келеді: оқтын-оқтын шыбын-шіркейден тынысын тазартып пысқырып қалған қойдың ышқынғаны көңілін бөліп кетеді. Біраз уақыт қыз босағада отырып ойға шомады... «Кеше бірге де жатпадым құшақтасып. Жыршы атай оңаша болсын деп бауырыммен бірге қонбадым» деген өкініш тынысын буады. Тынысын буады да өксиді. Түн ұзақ, қайғы мол, сүйеніш жоқ...
Келесі күндері Халима ботаны ермек ете бастады...
Енесіне еруге әлі буыны бекіп жетпеген бота маймақ тірсектері жерге тиердей қайысып, ілкі кез ши қоршауда тұрды да, екі-үш күннен кейін әудем жерге өзі жүріп барып, кері оралатын болды. Біраздан соң ол тарпаң тапыраққа үйрене бастады. Бірақ оны аяқтанған соң да енесіне ертеңді-кеш желкесінен ұстап апарып жағызып, Халима жас балаша бағып тұрып емізетін. Кей кез ембей селтеңдей бастаса, қыз оны желкесінен нұқып қойып, аңдып тұратын еді. Сөйтіп, ауық-ауық қоректендіріп, қоршауда ұстап, көлеңкеге баққан төл қызға біржола үйреніп кеткен. Ол тіпті сүтке тойып алғаннан кейін енесінің қасында қалмай қыз соңынан еріп жүретінді шығарды. Ал, інген өріске кеткен шақта бота Халиманы іздеп жүріп тауып алады, онымен кейде үйге ілесіп кіріп те кетеді...
Сол жас бота мұңды Халиманың жан серігіне айналды. Сиыр сауысып, малды өріске шығарысып, бұзау ағытқаннан кейін жалғыз қалған Халиманың бар ермегі бота. Бота үндемей қалған қыздың, «неге мұңаясың» деген адамша, қолтығына басын тығып, иықтап ойынға шақырады. Қыз оның басын, көзін сипап еркелетсе, бота тізерлей бастайды да, қыз орнынан түрегелсе ол қаша жөнеледі, «мені қу!» дегендей болады. Қуа түссе — ол әрілей береді, ал, қайтып орнына келіп, босағаға отыра кетсе — бота да жетіп келеді, тағы да тізесін бүгіп, қыз қолтығына басын тығады. Бір күні Халиманың көзі ботаның буалдырланған үлкен көзіне түсіп кетті де, ол көз ұшындағы қыбырлаған суреттей боп жүзіп жүрген өзінің титтей бейнесін көрді. Өзінің кәдімгі жалаң бас, шашын бір бұрған, бүрме көйлекті суреті. Бірақ ұсақтала-ұсақтала көзге әрең ілінерліктей боп қалған ойыншық сияқты, — жүз әлпеті анық емес, ал тұрпаты, киімі бәрі езі. Бота көзін жұмып қалса жоғалып кетеді де, ашса буалдырланып қайтадан шыға келеді. Қызық сурет. Кейде өз бейнесі емес, жыбырлаған көп сурет, үй төңірегінде жүрген адамдар мен малдың кішкене суреттері де қыбырлап өтеді.
Өрістен інген қайтар шаң. Күн екіндіге төніп қалған. Жас бота енесін жоқтағандай далаға қарап тұрып боздай бастады. Нәп-нәзік мүләйім даусынан жас баланың мұңайып жылап қоя бергені сияқты бір жан тебірентерлік аяныш үні құлаққа келді. Үй ішінде әлденеге айналақтаған қыз кенет жүгіріп есік алдына шығып еді, бота оған мойнын аңырын ғана бұрды да орнында тұрып қалды. Оның көре сала жүгірмегеніне таң қалып, қыз да бөгелді — екеуі бірін-бірі сынағандай қарасты. Бірақ бота бұрылып, далаға қарап тағы да боздап еді, оның үнінен бұл жолы әлденеге жалбарынған әлсіз зардың үзілмелі, дәрменсіз дыбысы тұла бойды шымырлатып Жүре берді. Қыз шыдамады — екі қолын жайып, оны жұбатқандай, аяғын асыға басып келіп мойнынан құшақтай алды. Бота қызға сүйене түсті де, «сағындым ғой» деген мүләйім пішінмен көзін жаудырата түсті. «Мен де сағындым, ботақаным, жыламашы. Мен де, міне, жыламай тұрмын ғой. Жылағаннан пайда жоқ көрінеді, боташым, ботақаным» — деп қыз күрсініп қойды. Екеуі ақырындап, есіктің босағасына жылжып келіп құшақтасып, бірінің көзінен бірі жалғыздық қасіретін қосыла іздегендей. «Сен неге жылайсың, ботақаным? Сенің мамаң бар. Сен жылама, мамаң жоқ болса — мына мен бармын, боташым. Сүйенері жоқ мені айтсайшы. Міне, жалғыз Құрмашымнан айрылғаныма...» деп қыз жылап жіберді. Құлағын салып, тыңдап тұрған адамша бота басын қисайтқан күйі аз тоқтап, көзін сәл жұма түсіп, тұмсығын қыздың қолтығына тықты: қыз оның жағын, қабағының үстін сипалап, мүсіркеді де, сәл еркелеп жұмыла түскен көзін ашып өз суретін іздей бастады: жасаураған үлкен көздің ішінде айна көлдің төсінде жағалық ойнаған баладай титтей суреті бүл жолы қалқып жүр: бір мезет оның өз көзі де жасаурап кетті де, жүзіп жүрген кішкене бейнесінің қай жерге тоқтарын күтті...
— Жаңа көрдің бе ботаны, үйге кір! — деді тәңірідей таныс, өктем үн.
Қыз селк етті, үй тасасынан шыға келген Қалампырды көріп, ботаның мойнынан қолын тез тартып алды.
Әмірі күшті бәйбішенің соңына еріп, үйге кіріп үлгіргенше болмай, кейінгі жақтан оның құлағына:
— Енем байғұс айтушы еді... — деген көптен бері белгілі, безер үн де шалынды.
Қыз үйге кірген бойы, қазан жақта керегеге сүйеніп тұрып қалды. Күнде ертемен күл басында қылғына қарлығып, қарғадай қақсаған бұл жұғымсыз көмей онан әрі қылқылдады.
— ...Осы Халима бақытты болады деуші еді, жұрт аузына ілінеді деуші еді жарықтың, тең құрбысынан артық болады деуші еді, күні-түні Халиманы аузынан тастамаушы еді, иманды болғыр. Бұрынғының адамының бәрі әулие ғой, олардың сөзінде жалған бар ма?..
Қыз үн-түнсіз қаққан қазықша шаншылып, үйге кіріп келе жатқан кемпір сөзінің батаға айналар соңын күтті.
— - ...Иллаһи солай болғай! Әулие адамның айтқаны келгей! Биби Фатима қош дегей! қазірет Ғайша қолдағай! Мариям ана дұға қылғай! Ізгілер медет бергей! Хұзыр-Ілияс қолын созғай! Бай болып барша мұратына жеткей!
— Аумин! — деп Қалампыр бір тізерлеп отыра қалып, кемпірдің батасын демдеп, қолын қосыла жайысты.
Бұл Бұрыш кемпір еді. Бұрыш мұнан бұрын Халиманың үйіне үш рет келіп, келер-кетерін қоса есептегенде, алты рет бата беріп, алты рет жүзін сипаған болатын. Ол баталардың ұзын ырғағы: бұл қыздың бақытты болуын, ол бақыттың бәрі осы үйдің нақ оң жағында екенін, оған тәңірінің үйіп-төгіп барлық байлық пен барлың салтанатты бере салғалы тұрғанын түсіндіру еді. Басында ұйып тыңдап, келесі жолы үрке қарап, ал үшінші келгенде үрейлене бастаған жас қыздың отты жүрегіне бұл баталар: «Басқа аң орамал салып, ата-бабаның жолымен босаға аттайсың» деген мұз басып өтіп еді. Қазір соның ең суың желі қызғалдақтай желбіреген балғын дене, нәзік ойды тұтасымен дірілдетіп, мұздатып, бірте-бірте үсітіп бара жатқандай тиді.
Қыздың жүзі қуарып кетті. Жаңа ғана жалғыз бауыры Құрманды жоқтап, енесінің келер жағына көз тіккен ботамен қосыла елжіреген уыз жүрегі енді мұздап бара жатқандай болды. Мұздамасқа бола ма — қабағын қарс жапқан, ұзын жақты, орақ мұрынды, ер денелі, қаршығаша шүйіле қарайтын үлкен қара кемпір қарсы алдында отыр...
Қара кемпірге тура қарауға адам сескенерлік, оның жүзі суың, ал оның «дуашы» деген аты жүзінен де суық. Сол тайпа елге мәлім. Жұрт: «Бал ашса, аң сайтаны бар, айтқаны келеді» деседі. Ал, басы ауырып, балтыры сыздағанды «бір үшкіргеннен қалдырмайды» деп ден қояды.
Бәрінен де «құдіреттісі» — «төсегі суысқан ерлі-зайыптыны бір көргеннен тұз-еңбегін жарастырады» деп жағасын ұстайды.
Бірінші көргенде Халиманы ол:
— Аруақты енем байғұс сынап еді, сені бақытты болады деп еді, — дей келіп, тамырын ұстап болжаған.
Оның енесінің кім екенін Халима білген жоқ-ты. Ал, бұл білмейтін адамның қай уақытта сынағаны мүлде есінде жоқ. «Бірақ жас кезімде көрген ғой» де¬ген бір сенім ғана қыздың көңіліне орнай бастаған болатын.
Енді міне...
— Ғайып иран, қырық шілтен қолдаған, әулие енем аян берді; тұр, Бұрыш! Бар Халимаға. Айт, сүйікті қызыма батамды бердім. Бақытын аштым. Ұстат қолын тәңірі қалаған бақ-дәулет иесі ізгі жанға деді. Қызым, әкел қолыңды, бастым тамырыңды, тулаттым жүрегіңді, — деп қара кемпір Халимаға қолын созды.
— Атта бермен, ұсын қолыңды аруақты анаға, — деп бұйырды Қалампыр қалшиып тұрған қызға.
Екі көзі шарасынан безіп кетуге дайын қалған балғын қыз бала білегін шыт көйлегінің жеңінен шығара созып, кемпірдің тарамыс қолына ұп-ұсақ саусақтарын ұстата берді.
— Сүф! — деп үшкіріп қалды Бұрыш оның мөлдір жүзіне.
2
Атқа отырысы қоқырайған сөлекеттеу пішінді аттылыны алыстан-ақ көріп, бірақ кім екенін айыра алмай тұрған Бисенғали қасындағы Маймокин ауылнайдың бесенеден белгілі сары атын танып, қобалжи бастады.
— Бұл дәуде болса бір ұлық шығар, кескіні келіспеген ана Маймокин жетектеген тазыша етегі жалп-жалп етіп соңына еріп келеді. Қатын, төрге кілем жай, көрпе сал, жастық таста, — деді Бисенғали есіктен үңіліп үйдегі әйеліне.
— Бұл тағы қай бәле? — деді де, Қалампыр үй-ішін жинастыра бастады.
Ерінің дегеніне тіріде көнбейтін бұл бәйбіше, ұлық деген сөзге жездей майысып жүре берді: малға көз, елге бас болғанымен тат басқан тебендей, сыртқа әмірі жүруден қалып бара жатқан Бисенғалидың ұлық алдына өтімді емес екенін, өзі араласпай іс бітпейтінін әйел күні бұрын сезді білем.
Үйді де жинармын, ұлық болса үйдегі әңгімені де өзім демдермін, сен тек тік тұрып қызмет ете бер. Ел жайына сөз ауса тіліңді тісте де, бар лебізіңді шаруаға бұрып, мал арық, жыл қуаң, күн көріс еңбекте деп күйбеңдей бер, — деп бұйырды әйел бір кіріп, бір шығып елбеңдей бастаған еріне.
Кешікпей атынан секіріп түсіп, тергеушінің шылбырына орала қалған Маймокин қоқырайған қонақты қолынан жетектегендей, үйге де ендіріп жіберді.
— Қош келдіңіз, төр төбесіне, — деп қалды Бисенғали мүләйімсіп жайлап қана.
Жинақы, таза үй ішінің түрін көзбен бір шолып өтіп, Айтан отыра бастады: ол плашын шешіп қасына қойды да, оның үстіне бас киімін орналастырды: малдас құруға ырың бермейтін қарынды ауыр денесін өз еркіне жіберіп, оң аяғын көсіліп, сол аяғын ғана жиырып астына басты: жаға-түймесін ағытып, еркін демге жол ашты. Содан кейін, бәйбіше осы шығар деген оймен, сәл ғана иба қылғандай басын қисайта, төмен қарап тұрған Қалампырға:
— Қоныс жайлы болсын! — деді.
— Әлай болсын. Қош келдіңіз. Барымыз бен әзірміз сіздікі, — деді әйел өте әдепті, бапты пішінмен.
«Қандай көргенді жан. Сөзі де жатық. Қазақ әйелдерінің ішінде талай-талай ақылды жандар оқымай, Іске араласпай қалып қойған ау. Мына кісі Шолпандардың, дәрежесінде болса?» деп ойлады Айтан Қалампырдың келісті пішініне қарап отырып, риза болып.
— Кімнің үйі деп едің? Мен сенің сөзіңді шала естіп қалдым-ау деймін, ауылнай. Ақсақалдың аты? — деп ол Бисенғалиға жүзін бұрды.
Бисенғали деген кісі. Жеңгейдің аты Қалампыр. Екеуі де құдай деген жандар. Болғанынша шаруа адамдар. Сізді әдейі үйі таза, пейілі кең, жол жүріп, шаршап келген әкім азаматтарымыздың бабын табатын аға-жеңгенің үйіне түсірдім, Айта-ақа. Бұл үйде тынығасыз, дем аласыз. Келген шаруаңызды рақаттанып отырып бітіресіз. Ай, күн де ыстық-ау! — деп түйді Маймокин сөз соңын, қою күрең шайдың керегі осындайда-ау дегендей бәйбішеге жымия қарап.
— Ыстық. Ғажап ыстық болып тұр. Малға да, жанға да ауыр, — деді Бисенғали басын тұқыртып.
— Ауылнай қайным, қымыз берсем, шай ішкізбес деп ойлаймын, — деді Қалампыр ауылнайдан ақыл сұрағандай, жұмсақ лебізбен.
— Сіздің шайыңыз да дастарқанға қымыздан тез келуші, еді ғой, — деп жымиды ауылнай, бәйбішенің сөзін мұқаммен қостап.
— Оны енді көреміз, — деп бәйбіше еріне ым қаққандай болды.
— Көмірден күшті отын бар, — деді Бисенғали сыртқа қарай ыңғайланып. Әйел самаурын шығарды да, ері су құйып, оны ағашпен тұтатып жіберді. Бірнеше минут ішінде-ақ самаурынның оттығынан құрғақ қарағайдың қызыл жалыны қарыс-сүйем көтеріліп шырақтай шошайды. — Күйеуді малға шаптыр, тез. Ол бар болғырың не қып отыр үйінде. Іннен басын шығаруға қорыққан сарышұнақтай бұғып? — деп еріне бұйрық етті де, әйел үйге кірді. Ол енді қайтып тысқа шықпады, — шай жабдығын әзірлеп қазан жақта әрекет жасады, екі құлағын қонақ пен ауылнайдың әңгімесіне тосты.
— Ана үлкен үй сол байдың үйі ме? — деп сұрады тергеуші ауылнайдан түрулі іргеден оң қолдағы киіз үйді меңзеп.
— Иә, сол кісінің үйі. Ана арғы жағындағы үлкен қызының отауы, яки қолындағы күйеуінікі.
— Е, онда ер баласы жоқ болғаны ма? Оң қызының қонғаны?
— Ер баласы жоқ. Екі қызы бар. Бірі сол отаудың иесі, бала-шағалы болып қалған адам. Ал, екінші қызы қолында — ол да бой жетіп қалған бала. Әзір үйінде...
— Жас қызды тоқалдыққа аламын дегенінде мән бар екен ғой! Е, ер баласы жоқ де!
Тергеуші портфельден алып, Хакімнің тапсырған ісі жөнінде, қағаздарын ақтара бастады.
Ауылнай сәл ойланып қалды да, әлде не ойына түсе қалған адамша, ол да киіз қабына жармасты.
Әлгіде ауылнай тергеушінің бүл жаққа не жұмыспен келе жатқанын ашу үшін:
«Жолыңыз болсын! Ат маңдайы қай жақ, Айтақа? Біздің үйге соғып демаламыз десеңіз, келініңіздің төбесі көкке жеткендей қуанады. Оңға бастайын ба, солға бастайын ба?» деп Шідертідегі кеңседен шыға беріп сөз тосқауылын қойғанда, оған: ««Дабыл байдың ауылына алып жүр» деген-ді. Арғы жағын сұрауға бара алмай: «Онда оңға — мына жолға түсіңіз!» деп ол соңына еріп жүре берген еді. Енді байдың үйін сұрап, сөз арасында: «Жас қызды тоқалдыққа аламын дегенінде мән бар екен ғой!» деп қорытқаны аңдып отырған ауылнайға неге келгенін сұқ қолмен нұқып көрсеткендей болды. Маймокин ішінен: «Құдай ұрды, біреу жасы жетпеген қызды тоқалдыққа алғалы жатыр деп ғарза еткен ғой. Бұл кім екен жаным-ау?! Жоқ, бұған не де болса алдын ала бөгет соғып көрейін» деген ой оған киіз қабына қол создырып еді. Ол айланы тез тапты. Әңгімені дәлелмен бастауға тырысып:
— Айта-ақа, мен сіздің: «Жас қызды тоқалдыққа алам дегенінде мән бар екен» деп түюіңізге түсіне алмай қалдым. Егер қате бассам айып етпеңіз: сіз мына Дабыл байдың қартайғанда жас иіс иіскеймін деп желігіп жүргенін жобалап отырған жоқсыз ба? Бұл жөнінде өзіміз де басында: «Бұл кәрі немеге бір нәрсе көрінер, жап-жас қызға үйленем дегені шірік байлықтың желігі, бұған тыйым салу керек шығар», — деп түйсініп едік. Бірақ, анықтай келе, екі жақтың толық ризашылығы болғаннан кейін көтере алмадық, — деді.
Тергеуші оның сөзін тыңдай отырып, қыздың інісінің жазған арызын ішінен оңып шықты. Сонсоң басын жоғары көтеріп ауылнайға қарап отырды да:
— Иә, солай де! (Ол қазан жақта шыны аяқ жасап, шай жабдығын қолға алған әйелге көзінің астымен қарап алды.) — Мына кісі... жарайды, бұл жасырын әңгіме емес... Иә, жас қызды тоқалдыққа ризашылығымен алатын болды ма? — деді кекесінді үнмен.
— Мен сөзді қағазға сүйене айтайын, Айта-ақа. Мынау ауылдың посемейный списогі. Міне, мынау қатар саны 75-інші оқып көріңізші! — деп, ауылнай тергеушінің кекесінін мүлде байқамай отырған адамша тізім ұсынды.
Тергеуші үлкен папкенің бірінші бетіндегі тізімнің қашан басталып, қашан аяқталғанын бір қарап өтіп, ақтың беттегі ауылдың кеңестің төрағасы мен хатшысының қол қойып, мөрін басқан және болыстың атқару комитетінің куәландырғанын көрді де «заңды, дұрыс! — деп түйді. Сонан кейін ауылнайдың нұсқаған қатар саны 75-інші адамның аты-жөнін оқи бастады, — Бақы қызы Халима... ымм... жынысы... Бір мың тоғыз жүз сегізінші жылы туған. Хат таниды. Ымм», — деп күбірледі.
Оның ең соңғы графаға дейін қарап шыққанын шегірлеу келген ажарсыз көзімен тесіле қуып отырған ауылнай, енді дәлелді ойын аяқтауға беттеді.
— Сол кәрі адамның үйленемін деп отырғаны осы бала. Жасы биыл сол тізімде көрсетілгендегідей дәл жиырмада. Бұл құрғырдың енді, ойлап тұрсаң кәрі адамға шығамын дегені ерсі-ақ. Бірақ бір жағынан қарағанда байлығына қызықты-ау деп топшылайсың. Сіздің де айтып отырғаныңыз осы ерсі жайт жөнінде емес пе, Айта-ақа!?
Тергеуші ауылнайдың бетіне тағы да сынай қарады. Бірақ үндемеді. Оның үндемегенін Маймокин «бөгет салынды» деп қорытты. Бұл екі ортада дастарқан жая бастаған Қалампыр бетін тіле таңдана қалды.
— Би қайным-ау, менің құлағым таса есітті ме деп, күні бойы аң-таң боп қалып едім. Өзіңнің соңғы сөзіңді естіп мен де бір жайды ұққандай болдым. Мына байекеңнің әйел аламын дегені әңгіме болып жатыр ма? Шырағым-ау, осы күні әңгіме деген ойламаған жерден де шыға келеді екен, — деп ернін сылп еткізді.
— Осы бай пәленің әңгімесі қолды босатпайтын болды. Бір әйелдің мекері қырық есекке жүк болды деп біздің Хамидолла ақсақал айтушы еді. Тап сол болды да қойды. Бірақ өзіміздің ұжданымыз таза — байлар түбірімен өртеніп кетсе де қарсылық жоқ. Со¬лай, жеңгесі!? — деп қойды ауылнай бәйбішенің қостауын күтіп.
— Өздерің білмесеңіз мен қайдан білейін, би қайным, Біз бір мал баққан шаруа. Қыс — бес-он қараның шөбін күйіттеп, жаз жайылымын сағалаймыз. Онан басқа не білейік. Сонда да әңгімеден әңгіме туады-ау, осы кәрі кемпірін үлкен қызының қолына біржола көшіріп қағаздап, қаттап, бөлініп алғаннан кейін де үйленуге рұқсат етпей ме? Мен байекеңді айтып отырмын...
— Оны мына Айта-ақаң білмесе, мен өзім пәлен деп сізге түсіндіре алмаймын. Біз тек заң бұзылды ма — бұзылса сот тергейді, кеңестің әділ соты тергейді. Сол сотқа жүгіндіреміз, құй бай болсын, құй кедей болсын. Сот алдында жауапты.
— Дегенмен деймін-ау. Ойда бір бұқа өкірсе, қырда қырық өгіздің мүйізі сырқырайды деп, әркім өз басын ойлайды. Осы күні жасыратыны жоқ, мына біздің үйдегі ағаңыз да төсек жаңғыртамын дегенді айтып жүр. Ойласам оның сөзінің де жаны бар. Дүниеде не қымбат, бала қымбат, бала сүйем дегенге мен өз басым қарсы амал, амал емес-ау, оның сөзін аяқ асты етуге дәлелім болмай жүр. Тіпті менен рұқсат, шырағым, жиырма жыл отастық, ища дескеніміз жоқ, енді қартайғанда ища десер шамам жоқ дедім...
Айтан күліп жіберді.
— Уа, жеңгей, сонда сіз қалай, бөлініп айрылып кетпексіз бе, әлде өз рұқсатыңызбен еріңізді үйлендіріп, бірге бір үйдің іші болып тұрмақсыз ба? Қызық мәселе, — деп кеңкілдеді.
Әйел әңгіменің басқа бұрылғанын демдей түсті. Бұл әңгіменің қарпуы жеткізе түсейін деген адамша ол сөзбен иықтай жөнелді.
— Қайным-ау, нағыз шынын айтсақ, екі қатын алғанды жек көретін еркек бар дейсіз бе?! Тек бұл көбінің қолынан келмейді. Біреуінің бәйбішесі шатақ салады, біреуінің баласы ара түседі шешесін қорғап, ал енді бір жүнбастар әрі де жоқ, бері де жоқ, екі қатын алмай да қоймайды, алып та оңдырмайды. Құр атақ екі қатыны бар деген — не күйіндіре білмейді, не сүйіндіре білмейді. Әуре-сарсаң бірдеңе болып шығады, — деп аздап қабағын кере қалды қонаққа қарап.
— Ха-ха-ха! — деп қарқылдады Айтан. — Міне, міне, шындық. Таза шындық. Жеңгей, қалай ол: не күйіндіре алмайды, не сүйіндіре алмайды дедің. Сүйіндіре алмағаны қалай, ол, а?
Әйел жымия түсті.
— Әйелдер қалай ойлайды дейсіз сіздіңше? Екі енені тел соруды тол ғана жақсы көреді дейсіз бе?
— Е-е! Дұрыс! Екі енені төл де жақсы көреді...
— Адам онан да бетер... Тісі шыққан қайнымсыз ғой, арғы жағын өзіңіз шамалап отырсыз.
— Дегенмен, қалай жеңгей? Мысалы, ақсақалдар асқа ие, атаққа мәз боп жүргенде, жас жұбайы далаға көбірек қарамай ма?
— Қарағым, қартайып қалдың, жасырақ болсаң...
Ашық-ашық айтып та салар едік, далаға қарайтын жас жұбай ғана емес, сары тіс жұбай да еркегін жылқы күзетуге жіберуді жек көрген емес. Соған көре екі жаққа бірдей бұл әңгіме.
— Жоқ, сіз әлі қартайдым деуге қақыңыз жоқ.
— Сол қақы бар болғырды қолдағымыз келеді-ақ, бірақ тұрмыс шіркін көңілге қарамайды ғой, — деп күрсініп қойды.
— Жоқ-жоқ-жоқ, — деп кеуделеді тергеуші, әйелдің монтанси қалғанын байқамай. — Сіз ең әрі болғанда, қырықтың өзінде-ақ шығарсыз. Осы бастан тізгінді басқаға ұстатам деуіңіз келіссіз. Аса келіссіз. Мұны енді бір он бес жылдан кейін айтсаңыз жөн болар.
— Оның бір үлкен себебі бар, қайным. Бірақ кей жағдайда әңгіменің кейінге қалдыратын жағы да болады, — деді әйел екі-ұшты етіп.
— Оныңыз рас! — деді Айтан созып.
— Ол солай, қайным. Кәне, шай әзір. Қол, жусаңыз. Қонақ қол жууға тұрып, ер мен әйел жайлы басталған қоңыр қалжың үзіліп қалды.
«Қыздың жасы жеткен болып шықты. Арыздағы «балиғы болмаған баланы тоқалдыққа алмақшы дегені» бос сөз болды ғой. Бұл қазақ асырып айтпаса іші ауырады, жамандық жағына бұра жөнелуді өнер қылып алған. Ауылнай да ұсақ-түйек заңсыздыққа жол беретін азамат көрінбейді сірә. Ысылып қалған қызметкер болуы керек сөз ләміне қарағанда. Жеңгей қызың... өте ашық адам екен. Және мән-жайды дұрыс аңғаратын әйел. Оқымаса да әр нәрсенің жөнін біліп-ақ тұр» — деп ойлады Айтан қол жуып, дастарқан басына отырып жатып.
Ілкі шыны аяқ ішіліп, екіншісін орталағанша әйел әдейі қызыл күрең шайдың бабын бұзбайын деп қысыр лебізден бас тартты. Ол қайта-қайта тас құманның астындағы шоғын аударыстырып қойып, шайдың өңін құбылтпай баптай отырып, қонағын іштей сынады. «Бір көруге ебедейсіз, тіпті сөлекет адам сияқты болғанымен, ыңғайына қарай бұрасаң иілуге келетін «жуан екен» деп топшылады. Сөйтіп, аз отырып, көп сынауға кіріскен әйел тергеушінің басты жұмысын байқап, оның қалай қарай бой ұратынын ашуға тырысты.
— Қайным, осы тергеу-тергеу дейсіңдер, соншама көп тергегенде нені тергей бересіңдер? Әлде сол тергейтіндерің ұшы-қиыры жоқ бір таусылмайтын, балапандап жататын заттар ма? — деді әйел, ұяң үнді қоңыр дауыспен, ақырындап қана.
Бұл Қалампыр дейтін орта жасты, бойын күтіп сыланып жүрген кісі болмаса да, қыр әйелдерінің ажарлысы және сөзге ұтымды, әрі орнымен тауып айтатын, қалжыңға шебер жанды. Оның тегінде аң сары, бірақ жел мен күнге тотығып, қара күреңденген дөңгелек жүзі ерекше тартымды; қолаң қасы мен қолаң кірпіктері қоршаған үлкен қой көздері күле қарағанда ыстың леп естіріп, жазың қабақты түйе қалғанда сұсты ызғар төгіп жіберетін. Қазір ол тергеушіге әрі мейірімді, әрі үміт артқандай, аса жылы шырай тастады.
Жинақты ауыздың епті еріндері жымқырыла түсті, қыртыссыз қабақта еркелегендей шыта қалған нәзік сызық көрінді. Шайға балқи бастаған Айтанның семіз беті. әйел көзіне төтеп бере алмағандай елжіреңкіреген бір жұмсақ нышанға оранды. Ол: «Қандай сұлу, қандай нұрлы жүзді жан» деп еріп кетті.
— Жұмыс көп қой, жеңгей... жеңгей демейінші, замандас. Менен үлкен емессіз және қожайын да емпеңдеп қалған шал емес. Жеңгей деуім келіспес, — деп кідірістеді. — Тергеу жұмысы расында да өзіңіз айтқан ұшы-қиыры жоқ іс. Біреу еңбек аңы даулайды, біреу мал ұрлаттым деп келеді. Енді біреулер елдегі толып жатқан заңсыздыққа шағынады. Жетім-жесір мәселесі тағы бар. Ал, соңғы кезде қыздардың теңдік правосына қол сұғушылар да кездесіп қалып жүр...
Бәйбіше басын шайқап, жаңадан құйылған шыны аяқты созылып қонақтың алдына қойды да, шай үстеді. Тас құманды шоққа басыңқырап қойды.
— Солай шығар, — деді ол, тергеушіні аяғандай басын тағы да шайқап қойып. — Сіз әлгінде бір сөздің ұшын көрсеткендей болдыңыз. Соған біздің жақта да заң бұзушылар болғаны ма деп жүрегім лүп ете қалғаны.
— Ымм, жоқ, тап ондай шектен шығып кеткен әңгіме көрінбейді, — деп салды Айтан терін сүртіп жатып. — Жоқ, заң бұзушылық... Мешкей деген жақсы атаң емес дегендей, заң бұзу жақсы емес.
Райлы бәйбішенің көңілді мәжілісі үстінде ұзақ ішілген шайдан кейін тергеуші ауылнайдан керекті мағлұматтарды жинап алды: арыз бойынша тексерілген қыздың жасы толық кәмелеті жиырмада болып шықты, байдың кәрі әйелі бөлініп шыққалы іргені аулақтатып, өз алдына қонғаны ыспатталды. Бұл жөнінде көлденең шаруа Бисенғали мен оның әйелі Қалампырдың адал куәлігі хатқа түсірілді. Ауылдың Советтің: «Азамат Дабыл Мақметовтың екінші рет үйленуі жөніндегі әрекеті заңға қайшылық туғызбайды» деген анықтамасы да іске тігілді. Сөйтіп істің беті тез ашылып, жұмысы аяқталғаннан кейін жақсы піскен қозының еті келді де, ас алдында бәйбіше қонағына шарап ұсынды. Бірақ тергеуші қолқа салса да, әйел аузына алып көрмеген «ащыны» еріне беріп құтылды.
Ет орталанып, шарап орта-орта құйылған стакан екі айналғаннан кейін үйге талдырмаш жас қыз кіріп келді де:
— Ұлық аға, менің сізге айтатын арызым бар, — деді.
Қыз босағадан бері асып, бірақ дастарқан үстіне дөңгелене қалған төрт адамнан қашығырақ тұрып қалды.
Үй иесі мен әйел де, терге таяу отырған ауылнай да шошып кетті — үшеуі де Халиманың бетіне қадала қарасты.
Тергеуші Айтан бұл ас үстінде кіріп келіп шұғыл арыз айтпақшы болған өткір қыздың кім екенін білген жоқ — әдейі арнап кеп тексермек ісінің бас талапкері тап осы алдында тұрған көкшіл көз, талдырмаш бала екені ойға да келмеген еді.
— Не арыз ол, шырағым? — деп сұрады тергеуші қызға бұлдырлау көз тастап.
— Кеңес үкіметі жетімді қорғайды дейді, — қорғаңыз мені...
— Кім жәбірледі сені, шырағым?
Бисенғали әйеліне шағынғандай мұңая қарады да, ауылнай бейне бір тамағына балықтың қылқаны тұрып қалған адамша түйіле жөткірді. Бұл екеуінің де, қонақтың да бар тауқыметін бір өзі ғана көтеретін ақылгөй пішінмен бәйбіше қызға:
— Шырағым, бұл жер арыз айтатын жер емес. Құрметті миманды тік тұрып сыйлап, тағам тартып отырған ақ пейілді ас, дастарқан үсті. Үлкенді үлкенше, кішіні кішіше дәріптеу атаның дәстүрі. Әдепсіз болма, айтар арызыңды ертең айтарсың, бара тұр, — деді тура қарап. Оның сұсты көзі ұшқын шашып жіберді.
Қыз жасымады.
— Мен сізге емес, ұлық ағайға өтініш жасап тұрмын.
— Айттым ғой, әр нәрсенің өз орны бар — өтінішіңді ертең айтасың. Бұл кеңсе емес, мына шешеңдей менің, әкеңдей Бисенғалидың шаңырағы — соның қонақ асы, соның миман дос мәжілісі.
— Солай, шырағым, солай, шырағым, — деп иіліп кетті Маймокин, сөз бабы жақа келгендей. — Ертең ертемен келе ғой. Мен өзім түсіндірейін, ертең, ертең. Ертеңгі шайдың алдынан келсең де, соңынан келсең де болады. Бар, қарағым, солай ет, шырағым, бар, шырағым. Көрдің бе, ұлық ағаңның жолдан шаршап келіп, шөлін жаңа ғана басып, енді мына тәтті тағамды аузына алып отырғанын. Сөйте ғой, қарағым, бара ғой...
Бисенғали да кілт әдіс тапты: ол жалма-жан босаған стаканға арақты толтыра салып:
— Ал, кәне, Айтеке, мынаны алып жіберіңіз, ас суымай тұрып, алып жіберіңіз. Ат соғып шаршап келген кісіге едәуір әл-қуат беретін көрінеді өзі... Алыңыз, алыңыз! — деп қонақтың қолына зорлап ұстатқандай, стаканды созыла ұсынып, дігірлей қалды.
— Жақсы, болса болсын, — самарқаулау пішінмен араққа бір қарап алып, есік жақта тұрған қызға: — солай болсын, шыраң, ертең келе ғой, — деді тергеуші жан-жақтан айтылған «ертең кел» деген ұйғарысты бұл да қостап.
Ол, алдына таман еңкейіп келіп стаканын тақаған ауылнаймен қағыстырып қалды да, ащылығынан көрі қыжылы көмейді қыздырыңқырай бастаған өжет суды зорлағандай жұтып, жалма-жан оның ізін жұмсақ піскен қозының майлы етімен сылады. Бір жағынан бәйбішенің ызғарлы сөзі зығырын қайнатып, енді не дерін білмей тұрған қызға қызыл жүзді жалпақ ұлықтың самарқау пішінмен жауапты ертеңге ысыра салғаны мейрімсіздіктің ең қатал түрі боп көрінді.'
— Сендерден қорғаныш тілеген менде де ес жоқ екен! — деді ол жыламсырап.
Сөйтті де ,тап сол сәтте өз ісімен шұғылданып жатқан мырғам жандар бас көтеріп, тіл қатқанша болмай, қыз есіктен шыға жөнелді.
Жапа шеккен жас қыздың ашынған сөзін түсінбей қалып : «Бұл не өкпе?» деген кісіше аңтарыла қараған тергеушіге, сөзге ұтқыр, әзір жауап бәйбіше:
— Бұл бір кіресілі-шығасылы сөйлейтін бала, — дей салды. Сонсоң ол қонағының алдына ыссы тұздықты еселей түсіп, барлық назарды етке аударды.
3
Қалампыр ертеңіне Халиманы тергеушінің маңына да жуытпады. Оны таңсәріден сылтау тауып, қырдағы пішеншілерге тамақ жеткізуге аттандырды.
Ертеңгі шай аяқтала бергенде тергеуші:
— Түндегі арыз айта келген бала осы ауылдың баласы ма? «Жетімді қорға» дегендей бір соз айтып қалды, — ол не сөз? Үйі жақын болса шақыртшы! — деп еді Маймокинге.
Ауылнай мен Қалампыр қосарлана жауап берді:
— Қайным, ол бір кіресілі-шығасылы сөйлейтін бала, әке-шешесі жоқ, туысқандарының қолында тұрады. Жасынан бір тіні кем болып өскен жетім, көрінген адамға айтатыны сол: «Мен жетім, мені қорға» дейді. Бейшараның мақалы бұл...
— Ауылы бірталай жер, Тайлақтың бойында. Маған да талай айтқан «ауылнай, мен жетім, мені қорға» деп. Ол бейшараны сырын білмеген адам «зәбір көріп жүрген бала ма?» деп те ойлап қалады. Дүниеде жарымжан адам коп қой, біреудің есі кем, біреудің көзі жоқ деген сияқты...
Айтан бұл жауаптан кейін қыз туралы сөйлемеді — ол бұл ибалы бәйбіше мен инабатты ауылнайдың айтқанына шәк келтірген жоқ.
— Мен шынында да жәбір-жапа көріп келген бір жетім қыз ғой деп ойлап ем, — деді үй иесінен кешірім сұрағандай. Сонсоң ол кешегі ала атпен жиырма бес шақырым жер жүріп, салығып, ауылнайдың кеңсесіне әрең жеткені ойына түсіп, бүгін тағы да салт шоқаңдаймын-ау, деп уайымдады. Аз отырғаннан кейін сыбырлаңқырап: — Ауылнай, сен бір арба тауып бере алмайсың ба маған? Салт жүріп кеше мықтап шаршап қалыппын. Ыссыда салт атпен жүру қандай қиын, оның үстіне мына біздің ала мәстектің жүрісі иттің жүрісінен де қатты, қандай атқа мықты адамды да бір мінгеннен кейін беттетпейді, соғып тастайды, — деді.
Уездің үлкен ұлықтарының бірі, бұрыннан атағы зор Айтан Ақбасовқа қалай жуыссам, қалай ебін тауып жақындассам, қалай жақсылық етіп көңілін тапсам деп жүрген бұл ауылнайға тергеушінің мына сөзі тілегенде сұраған болды да қойды.
— Айта-ақа, менің арбамды жегіңіз. Бәрі бір мен арба жегіп жүретін кісі емеспін. Күн демей түн демей, жауын демей, шашын демей астыма не түссе, соны мініп жүре беретін адаммын. Арбам босқа тұр. Мен қазір оны осы жерге алдырып берейін және қыс түскенше жексеңіз де бос. Тіпті бар ғой, өз арбаңыздай көріңіз, — деп Маймокин есіле қалды.
Ол дастарқанын жинап алып, өз жұмысымен болып жатқан қазан жақтағы бәйбішеге:
— Қалампыр-еке, сіз қонақтың қасында бола тұрыңыз. Мен қазір бір жұмыспен сырт жаққа шығып келемін. Қымызыңызды сапыра беріңіз, қазір келемін, — деп, тергеушінің мақұл көретінін-көрмейтінін де күтпей, оның жауабына да қарамастан, үйден шыға жөнелді. — Биекеңнің трантасына байдың ана қос жиренінің бірін жектірт те, бір сағаттан қалдырмай осы жерге жеткіз. Ал, ат кімдікі деп сұрай қалса, тергеушіге: «менің атым» де, «пожалста сіз қанша уақыт жексеңіз де еркіңізде» де. «Бай болмасақ та меймандос ағайыншылық ниетіміз мол!» де. Сен өзің не айтатыныңды білетін жігітсің ғой. Одним словом осыны сары ірімшікке сары майды қондыра салғандай орында. Білесің ғой, әңгіменің неге тіреліп тұрғанын. Бас кетер жерге ат кететін болсын. Бірақ жымын білгізбе, жігін көрсетпе, қиынын таптырма, Хамидолла қазіреттің құтпасындай сүмірейт. Бар, тез, тұрма! Бір сағаттан қалдырма. Үй сыртына алып кел, — деп тапсырды ауылнай Рақымғалиға.
Мұны естіп тұрған Бисенғалиға ауылнай:
— Шал мыңқылдап жүрмесін... Қыз жөнінде істің қалай біткенін көрдіңдер ғой. Мәгарки, мал аяп сөз шығарып бағатын біреу болса оған өзің жауаптысың, осыны ұмытпа. Реті келсе ...шай-сулық бірдеңені де есіңнен шығарма. Бар, Дәкеңмен сөйлес, — деп өзі үйге кіріп кетті.
Сол күні түс ауа уездік тергеуші әдемі трантасқа жақсы ат жегіп, екінші ауылға тартты.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1
Құрманның ойынан ауыл тез шығып кетті.
Бірінші күні ол базар аралап, дүкендердің қызығымен болса, екінші күні де оған көретін нәрсе жеткілікті болды.
Өндіріс орындары жоқ болса да, бұл уезд орталығының екі мектебі, ауруханасы, үлкен клубы, екі асханасы, қалалық моншасы, демалыс күндері сайрандайтын бағы, мешіті, шіркеуі, кешке қарай жорға жарыстыратын үлкен көшесі, толып жатқан мекемелері, казармасы, почта сарайы бар екен. Құрман соның бәрін көрді, оған мұның бірінен-бірі тамаша, ғажайып нәрселер сияқтанды.
Бұрын көп естіп, бірер рет ішіне де кіріп көргенмен қыр мешіті қаланікіне мүлде ұқсамайды екен. Қарағай мұнарасы көкке тірелген үлкен көк мешіттің іші өзгеше әдемі: төбесі сырлы, терезелері әшекейлі, еденіне жағалай, тесік жер қалдырмай кілем төсеп тастапты да, оның үстінде көлге қонған шағаладай жыбырлап отырған сәлделі шалдар, қазағынан ноғайы көп, мінбеде ұзын аса таяққа сүйенген ат жақты үлкен қара кісі де ноғай сияқты, даусы бүтін үйді күңгірлетіп уағыз айтып жатыр екен. Ақырындап арт жақтан келіп бұқпалаған Құрманды көріп, бір қабағы қату арық шал:
— Сит, мүндар, фуражкеңмен қайда барасың! — деп зекіп қалды да, атып жіберерліктей от шашқан көзімен есікті көзеді.
Өзі де мықтап қымсынып, жан-жағына үрке көз тастап ептеп жылжыған Құрман арық шалдың зекуінен шошып кетті. Енді жөнелмесе ұстап алатындай-ақ, ол жалт беріп, кейінгі қатардағылар мойындарын бұрып үлгергенше кірген есігінен шығып та кетті. Артына қарамастан ол жүгіре басып, қаланың шетіне қарай беттеді. Алдыңғы жақтағы үлкен қызыл тас мектептен тап сол кез интернат балалары өріп келе жатыр еді. «Бұл қандай біркелкі, бір ұядан өрген балапандай, шұбырған балалар?» деп таңырқап қарап тұрды да, бірақ жақындауға сескеніп, почтаға қарай бұрылды. Ол сол күні кешке дейін біреу мен біреудің жұмысы жоқ, жұп-жұбымен қыдырған қыз бен жігіттерді, кемпір-шалдар да аралас ағаш-ағаштың түбінде саялап отырған жұртты тамашалаумен болды, бірақ ешкімге жуымай, ешкіммен тіл де қағыспай өз бетімен жүріп, кештете келіп Жолмұқан нағашысының кездестіріп кеткен үйіне келді, кемпірдің қолынан тамақ ішіп, оның салып берген төсегіне жатып ұйықтап қалды...
Хакім қағаз тасушы етіп қойғаннан бері ол қаланың қай жерінде қандай мекеме барын біле бастады. Елде Қалекештен оқып хат танып алғаны оған үлкен пайда келтірді. Бір естігенін жаттап ала беретін зирек бала жеңіл-желпі кітапты ежіктеп оқи бастаған-ды. Ал, мына қаладағы мекемелердің маңдайшасына ірі әріптермен әшекейлеп жазылған жазуларды ол тез-ақ оқып кетті. «Жымпиты уездік ақша бөлімі», «Жымпиты уездік қаріп-қасерлер махкамасы», «Жымпиты уездік қосшы-кедейлер қоғамы» дегендерді ол көш жерден-ақ оқып танитын болды. Және оларды бір-біріне шатастырмай арналған қағаздарды қолма-қол тапсыруға жаттығып қалды. Бірақ Құрманды қинаған нәрселер де аз болған жоқ. Сырт көрінісін жақсы айырып, жазуын бұлжытпай дұрыс оқыса да, көп мекемелердің істейтін істерін ұға алмай-ақ қойды.
«Ақша бөлімі дейді. Сонда осында аңша жасап шығара ма екен? Онда ақша санап жатқан адамдар неге жоқ? Әлде ақшаны жасырып санап, текшелей ме екен?» деп ойлады ол бір күні ақша бөліміне жолдаған ашулы Басекенің конвертін тапсырып шығып. Оның бұл ойын әдейі шатастырайын дегендей, тап сол ақша бөлімінің жанындағы «Уездік қаріп-қасерлер махкамасы» деген бұрын бір керген жазу көзіне көлденеңдей қалды.
«Мүсәпірлер жинала ма екен бұл үйде? Олар не бітірмекші мұнда жиналып? Әлде мүсәпірлерге киім-тамақ бере ме екен? Солай шығар. Сорлыларды қорғайды ғой Хакім-ақамдар. Қазына оларға жәрдем беретін болар. Мен де барсам қайтер еді?.. Хакім-ақамнан сұрасам нетті?! Жоқ, мен мүсәпір емеспін, денім сау, көзім бар, қолды-аяқты неге жұмсаса да бара алатын адаммын ғой, Хакім-ақамнан сұрауым да ұят болар, үлкен кісі. Сонсоң мені ол оқуға кіргіземін деді ғой. Оңысам мен де қызметкер болар ем, нашандік болсам Әжіғали сияқты мылтық асынған... болсам, нетті! Қойшыдан шыққан ғой батыр да, би де Сырым сияқты, жұрт не дер еді мені көрсе сонда?!»
Бір кезде ол балалық қиялға шомып кетті, кенеттен оның ойына Халима түсе қалды. Бұл бірінші рет ойлауы еді оның үйін, апасын...
«...Жылап жүр ғой мені ойлап, жалғыз қалған сорлы қыз» деді ол даусын шығарып. Сөйтті де, біреу бұл сөзімді естіп қалды ма деп айналасына жалт-жұлт қарай қалды. Бірақ оның бұл ойын да, сөзін де бүйірінен сарт ете қалған тас кесек бөліп жіберді. Ол ыршып түсті де, бүйірін басып отыра кетті. Кесек домалап бара жатыр. Кәдімгі ат тұяғына шеңгелдеп қатқан темірдей тас балшық, көгілдірленіп шыңылтыр тартқан нағыз тастан да қатты кесек. Сол қолымен тастың қан-қақсатып кеткен жерін басып отырып, ол оң қолымен кесекке жармасты. Неге екені белгісіз, бұл «өзінен-өзі» адасып келіп оқша қадалған кесекті жұдырығына мықтап қысып, орнынан тұрды, ал сол қолын енді ұйып ауыра бастаған бүйірінен алмай, жан-жағына көз жіберді. Арт жағында қаңқайып тұрған дәу клуб, онан әрі Жаншаның қоспақ дүкені, қатарласқан лапкелер. Клуб пен қоспақ дүкеннің жарлары қорасан шыққан адамның бетіндей қожыр-қожыр, итарқалап жапқан төбесінен төмен сорғалаған жырашықтар тәрізді, осылып жатыр. Құрманның көзі әлденеден күдіктенгеннен дүкеннің сырт жағындағы тәртіпсіз шөмелеленген жәшіктерге түсті. Белдік қайыс темірлері оңды-солды қайрылып қалған жәшіктердің кейбіреулері әдейі біреу сүйреп апарғандай шашылып алыста жатыр, енді біреулері алқа-қотан дөңгеленіп, бірінің үстіне бірі текшеленіп қалыпты — ішіне адам паналайтын кіші-гірім қос тәрізді. Жәшіктердің төңірегінде де, дүкеннің арт жағында да жан жоқ — айнала жым-жырт, қыбырсыз, иесіз алаң...
Айнала қарап, сәл кідіргеннен кейін Құрман бүйірін қолымен басқан күйі ілгері жылжи түсті. Екі-үш адым аттап үлгерместен оның құлағын ащы ысқырық жарып жібергендей болды да:
— Тоқта! — деген баланың жекірісі қосыла шықты.
Ол шошып кеткендей кілт тұра қалды. Күтпеген жерден шыққан мұндай кенет бұйрық пен бұрын естіп көрмеген жексұрын ысқырық оған өзгеше әсер етті: қолы-басы дірілдеп, арқасы шымырлап жүре берді. «Жын ба? Адам ба?» деген ой жалт етті. Ысқырық шыққан жәшіктер жаңқа ол қалай бұрылғанын да білмей қалды. Алқа-қотан иірілген жәшіктердің арасынан өзі шамалас, ербиген үрпек бас бала шыға келді. Шыға келген жоқ, ол жалма-жан мұның алдын орай, келемеш еткен адамша, ернін шығарып ербең-ербең етті. Дір ете қалған жүрегі аз-мұз орнына түскендей ышқына бір рет қатты дем алып, Құрман аруақ тәрізді бет-аузы кір-кір, үсті алба-жұлба баланы көріп:
— А, сен бе едің, тас кесекті бүйірден қадаған! — деп қарсы адымдай түсті.
Оның қатты тістенгеннен жағы қарысып қалған сияқтанды, ол алдындағы үрпек бас баланы алып ұрып, жермен-жексен етпекші боп ұмтылды. Оның бүйірінің ауырғаны да жоғалып кетті, ол қолына қысқан көк шыңылтыр кесектің қалай оқталып, қолынан қалай шығып кеткенін де байқамай қалды.
Үрпек бас бала майырылып кеткендей бүктетіле қалды, пәрменмен ытқыған кесек онан желі тартым жер әрі зулап, әлдеқайда барып түсті. Құрман кесектен басын бұрып қалып, өзіне тигіздірмегенін бойын жазғанда ғана сезді.
— Жүр, әйда? — деді бала оған жәшіктерге қарай иек көтеріп.
Құрман мырс ете қалды. Оған мына түрсіз жүдеу баланың бұйрығы қолынан келмейтін іске ұмтылған арсыздықтың бір әлсіз түрі сияқтанып кетті.
— Мұның үмітінің зорын қара, — деді ол басын шайқап. — Кесек жіберген сен бе, сүдінсіз сұмырай?
Құрман басынан төмен қарай баланың түрі мен түсін көзімен түгел жіліктеп шықты: шаштары селтиіп, басы суың торғайдың төбе шашындай үрпиіп кеткен, беті айғыз-айғыз, өңінің қандай екенін айырып болар емес, мойын жүні жұлынған үйректің мойнындай қылқиып қалған; үстіндегі шалбары мен көйлегінің кірі бес батпан және балағы, жеңі өрім-өрім...
— Маған әлі бұйырып қояды мына түрімен, үріп қалса құлап кетейін деп тұрып. — Ойына кесектің ащы бүйірден соққаны түсе қалып, — сен бе деп сұрап тұрмын кесектеген?
Ол балаға жұдырығын түйіп ұмтыла түсті. Арың бала ықпады: бұл жұдырығын түйсе, ол ернін жымқырып Құрманның көзіне қадала қалды: «Кім бұрын тайынар екен?» дегендей айбат шегіп, ит көрген мысықша күдірейе берді.
— Неге кесектейсің өтіп бара жатқан кісіні? Шекеңді шеруаттандырып жіберейін бе осы тұрған жеріңде?
Арық бала түсінбей қалды.
— Не дейсің? Қалай дедің?
— Шекеңді тоқпақтай қылып ісіріп жіберейін бе деймін.
— А, солай де!
— Солай!
— Сен ауылдан келген баласың ғой?
— Онда сенің қандай шаруаң бар?
— Сен бізге жүр, шаруаны сонсоң айтам.
— Уаһы, нашандік! Қайда жүр дейсің?
Құрманның кекесінін түсінбей қалды ма, әлде өз ниетін тез ұқтырғысы келді ме — әйтеуір оны әлде бір жаққа шақыра түсті.
— Жүр, көрсетейін қайда баратыныңды, алыс жер емес...
Құрман кек алу ниетін қоя салып, оның не ойы барын анықтай түскісі келді.
— Кімсің өзің? Қайда жүр дейсің? Үйің қайда?
— Үйдің не керегі бар саған? Жүр деймін, ілгері,. көресің, барған соң көресің.
— Қайда барған соң?
— Ана жерге, — деп ол тағы да жәшіктерге қарай иегін қақты.
— Жоқ, мен үйге бара жатырмын. Сен ана жәшіктердің ішіне түнеп шыққан боларсың, түріңнен көрініп тұр...
— Сенің түріңнің оңып тұрғаны да шамалы. Ана басыңдағы фуражкені әуелі дұрыстап кие білсең етті, қырдың қотыр табан май мұрын қойшысы. Көйлегінің сыртынан белбеу буынған болыпты, қалаша киіну сенің неңді алған?! Әлде сен де оқуға кіргің келе ме?
Құрман «осы сұмырай бірдемені байқап тұр ма?» деп белбеуін дұрыстап жіберіп, фуражкесін қайта киді.
— Жыртық тесікке күледі дейді. «Қотыр табан қойшы» деп кемітеді, сенің өзіңнің түрің, қойшыдан артық деп тұрсың ба? Оқуға кіргенде қайтесің — кіремін.
— Адаспа, қотыр қойшы. Қойшы екеніңді мен бірден білдім. Бетің жап-жалпақ, қарның шәрмиіп, танауың желдеп тұр, жүр бізге.
— Ай, сен таяқ жемес бұрын тарт жөніңе. Айттым ғой: шекеңді шеруаттандырып жіберемін деп...
Бала ысқырып қалды да, құлағын жарып кете жаздаған ысқырықтан селт еткен Құрманды құлақ шекеден салып жіберді. Шекеден аңсызда сарт ете қалған тастай жұдырық көк кесектен де қатты тиді. Құрманның көзінен от жарқ ете түсіп, басы айналып кетті. Оның жұдырық тиген жағы жып-жылы бола қалды да, сол жаң бетіне су сорғалағандай сезді. Оң қолымен бетін ұстай алып, ол шекеден жосып кеткен қызыл қанды көрді. Қаннан шошып не қыларын білмей, өзінен-өзі кері шегіне түсті. Бұл кезде алқа-қотан үйілген жәшіктерден екінші бала шыға келді. Мұның қолында кеспелтек қара таяқ көрінді. Шекеден соққан бірінші бала оң қолын артына ұстап шегінген Құрманға тағы да жақындады. Оның қолында жә темір, жә тас барын жаңа ғана түсінді. Жұдырықпен соққанға шекенің қанамай, ісіп қана шыға келетінін ол жақсы білетін. Бірінің таяғы, бірінің темірі бар бұл рақымсыз екі балаға қару жасап қайрат көрсете алмайтынын сезіп шегіне-шегіне дүкеннің халық бар жағына қарай өтуге тырысты. Бірақ ол көзін арық бала мен таяқ ұстаған екінші тоқ бетті баладан алмады — аңдысып шегінді: егер ұмтыла қалса, қапысын тауып, арықты жанды жерінен түйіп жіберуге жұдырығын жаны кеткенше жымқырды. «Әттең қолында қаруы бар, әйтпесе мына ербиген періні бір соққанда ұшырып жіберер едім» деп кіжінді Құрман. Бірақ оның мына екі жауы қапы қаларлық емес — оны қансыратып ұрып жығып, әбден бетін қайырып, илеп алайық деген адамша көздерінен рақымсыз ұшқын атып, иттей талауға әзір еді.
— Жақындама, жақындасаң мойныңды үзіп жіберемін! — деді Құрман тістеніп, алда келе жатқан арық балаға.
Оның неге өшіккенін, не үшін жазықсыздан жазықсыз кесек лақтырып, таспен соғып шекесін қанатқанын Құрман түсінген жоқ тіпті ол бұл қорғансыз балалардың неліктен жәшік арасына жасырынатынын, неге өз бетімен жүріп, қолынан не келсе соны істейтінін де, өзін қай жаққа жетелейтінін де ұқпады, ұғуға уақыты да болмады. Ол тек жан дәрмен күн «тағы бір жеріме зақым келтірер» деп шегіншектей берді. Оның бақытына қарай жұрттың көп жүрмейтін бұл оңаша бұрышына бір әйел шыға келді де, екі бала түк көрмеген адамша жалт бұрылып, өз жөніне кете барды.
— Шырағым-ау, басыңды кім жарып кетті? — деді әйел шошынып.
Құрман үндемеді. Әйел Құрманды елден келген бала деп ойлады ма, әлде әке-шешесі жоқ бала деді ме — бетіне сәл көз тоқтатып тұрды да аянышты үнмен:
— Міскін. Бет-аузыңды даладай еткен. Ана бір сұмырайлар ғой шамасы, мына оңаша жерде екеулеп ұрған. Құдайдан безген бұл жалаң аяқтарды дегдомға апарып қамайтын да кісі жоқ. Үйің қайда, кімнің баласысың? Бар, бетіңді жу. Міскін, өлтіріп қоя жаздаған ғой өзіңді, — деді.
Әйелге жауап беріп жатуға мына түрімен арланып және шынашарына ілмейтін арық баладан зәбір көргеніне зығыры қайнап, Құрман тура көпірге қарай тартты. Тағы да әлгілер соңыма түсер деген оймен ол артына қарап қойып, жүгіре түсті.
Құрман тереңдігі тізеден зорға асатын, көпірдің оң жағындары, өзеннің айдынсымақ жалпақ жеріне келді де, жалма-жан балағын түрініп жіберіп, суды кешіп барып тұнықтау жерден бетін жуды. Қан мен терге боялып түтіккен беті әрі тазарып, әрі салқындай түсті, астының батпағы көтеріліп лайланған жерден аттаңқырап ілгері барды да ол еңкейіп тұрып қос қолдап бірнеше рет аузын толтыра суды жұтып, жұтып жіберіп кері шықты. Бүгінгі ауыр күннің зілі бойынан жаңа ғана түскендей, ол су жағасының салқын лебіне бетін төсеп, көк шөптің үстіне отыра кетті.
«Қап! Қапыда соғып кеткенін. Әйтпесе, мен оның желкесін үзетін едім», деп опынды ол жоқ жерден көрген зәбірі есінен кетпей. Бірақ оның бұл опынышты ойын бөлген жабулы атын жетектеп келіп су жағасына тоқтаған жалпақ қызыл кісі болды. Аттың жабуын сыпырып тастап бұл адам жамылып келген шекпенін, аяғындағы жеңіл шабатасын жерге тастай салып, сүмбідей жирен атты жетектеп өзеннің ішіне еніп жөнелді. Құрман орнынан ұшып түрегелді, бұл да аттың соңынан еріп, судың нақ жағасына келіп:
— Ағай! — деп қалды.
Бұл сөз оның аузынан еріксіз шықты. Ол екі көзін ат пен адамға кезек қадады. Ат Дабылдың қос жирен атының кішісі, бірақ жетектеп келген адам бұрын көрмеген, елде жоқ, бүтін Бұланда жоқ кісі. «Бұл қалай? Әлде Дабыл бай атын сатып жіберді ме екен? Қалай сатады? Екі аттың бұл кішісін Нахияға арнаған, жалғыз қызының, кіші қызының төл аты! Әлде мына кісі ұрлап әкелді ме? Үстіне жапқан жабуымен, шылбырымен әкеткені ме?.. Жоқ, оқыған адам... Сақалын қырған келісті кісі. Өзі қандай семіз кісі! Үлкен нашандік пе әлде. Сұрап алды ма байдан...»
Толып жатқан түсініксіз шым-шытырық сұрақтар Құрманның ойын әр саққа тартып кетті. Ол екі көзін аттан айырмай, судың ортасына таман атты бауырлатып апарып жуа бастаған қызыл кісінің қимылына қарады. Шідертінің суына атты мініп барып Құрман да, Рақымғали да жүздіріп жалдап алатын. Ал мына ісісі шүберекті суға малып алып аттың сауырын, белін, қабырғасын сипап жуады. «Олай етпесе мына су тайыз — ат жүзбейді. Қызыл кісі біледі. Көпті көрген адам шығар. Шүберекпен ысып-ысып жуғанда оның тері де, жабысқан шаң-топырақ та қалмайтын шығар».
Ат шынында да бірнеше минуттен кейін жылмиып шыға келді. Қызыл кісі оны шетке алып шығып, шүберегімен көк саз жұққан тұсарлығын, шашасын тазартты да, жабуын қайтадан жапты. Тамашалап қарап тұрған балаға ол назарын да аударған жоқ. Шекпенін бос жамылып, шабатасын аяғына іле-сала келген ізімен қайта кетті.
Аң-таң болған Құрман неге екені белгісіз жиренді жетектеген зор денелі, семіз, мұртты қызыл кісінің соңынан кете барды.
2
Жирен атты жетектеген қызыл шырайлы толық кісі үлкен қарағай үйге келіп, оның біп-биік бітеу қақпасын ашпай, бір бүйіріндегі жанама есіктен аулаға кіріп кетті. Есі-дерті өзінің тел тайындай болып қалған жұмыр жиренде болып, Құрман да ізінше кішкене есіктің алдына келіп тоқтады. «Неге келді? Жирен атта оның қандай жұмысы бар? Байдың аты кімнің қолында кетсе, оның қолында кетсін. Құрманға мұнан келер-кетер не бар?» Мұны ойлаған бала жоқ. Тек ол бұрыннан осы жиренге бір мінуге, жұрт көзінде көлбектетіп аяңдатуға, судан қайтқанда иесінің көзін ала беріп, тасалау жерде құйындатып шауып алуға құмар еді. Оның балалық қиялы «менің атым болса жалын тарап, құйрығын күлтелеп, күндіз көлеңкеде, түнде ауыл сыртында оттатып шекесінен қаратар едім. Бәйгеде алдына қара салмай келтіріп, пәленшенің Құйын жирені дегізер едім. Өзімнен басқа жанды жуытпас едім, шашасына шаң тигізбей бағар едім. Сүт беріп, сұлы жегізер едім» дегізген құм жирен ғой.
Ол елде жүргендегі әлдене бір бұлдыр үміт жетектеп, ұлпа қарды әшекейлеп, көрмеген қызыл түлкінің сиқырлы ізіне ере беретін әдеті билеп, ат соңынан ере түсіп еді.
Қызыл шырайлы, қара мұртты, толық денелі кісі Айтан еді. Бірақ Құрман оның Айтан екенін, Айтанның уездік тергеуші екенін, мына үлкен қарағай үйде тұратынын, оның қаладағы уатком, уком, упрокурор, усоттан кейінгі ұлық екенін, тіпті ел аузында осының бәрінен де бұл қызыл кісінің құдіреті күшті екенін білген жоқ-ты. Бірақ сол сағатта-ақ ол бұл үй таныс адамның үйі екенін аңғара бастады.
— Мен бүгін кешірек қайтармын, отағасы, — деді есіктің арғы жағынан Құрманның құлағына өте-мөте таныс әйел даусы.
«Бұл кім еді?» деп ойлап тапқанша болмай, кішкене есіктен Шолпан шыға келді. Құрман сасып қалып кері шегінді.
— Құрманғали! — деген әйелдің таңданған даусы екінші көшеге естілерлік қатты шығып кетті. — Құрманғали! Сен қайдан білдің біздің бұл үйде тұратынымызды. Қонақ бола келдің бе? Жүр, жүр. Үйге жүр.
Әлденеден қымсынып қызара түскен Құрман, қапелімде жауап таба алмай, кері шегіне берді.
— Құрманғали!.. Сен кімнен ұялып тұрсың? Жүр.
— Апа, мен әлдеқалай келіп қалдым.
— Жоқ, жоқ, үйге жүр.
— Апа, мен қағаз апарып әлгі, — кеңсенің аты оның аузына түсе қоймады, — келе жатып, сіздікіне әлдеқалай келіп ңалдым.
— Бұл жолы әлдеқалай келсең — екіншіде арнап кел. Қалайда кел, қонақ бол. Мен Шолпан апаң ғой...
Шолпан баланың өткен жолы ұялып қалғанын есіне түсіріп, күліп жіберді. Құрман онан әрі қызара түсті.
— Жарайды, жарайды! Жас күнімізде бәріміз де ұялшақ болғанбыз, үлкейген соң оны ұмытып та кеттік. Сен де ұмытасың, кешікпей, Құрманғали.
Құрман үн қатпады.
Қалай қарай жүресің, Құрманғали? Мен кеңсеге барамын, ана Совет көшесіне. Хакім ағам кеңсесіне...
Онда жүр. Біраз жер бірге жүреді екенбіз. Ал, мына біздің үйдің қай жерде екенін жақсылап біліп ал келесің ғой? Қашан келесің. Кеңседен шыққан соң мен үйде боламын. Қай кезде келсең де, мені үйден табасың...
Құрман үндеместен басын изеп қойды. Аз уақыт жүргеннен кейін шолпан баланы сөйлетіп, бой үйрету үшін әңгімеге жетектей берді.
Бүгін қайда болдың, Құрманғали?
Үйде... кеңседе болдым.
Қай кеңсеге қағаз апардың, бүгін?
Қосшыға, ақша бөліміне.
Қазір қай жақтан келе жатырсың?
Өзен жағасына барып... — Құрман мүдіріп қалды да бірақ шынын айтты, — бетімді жудым, — деді.
А су басына барып жуынып салқындаған екенсің ғой. Суға жүзе білетін бе едің?
Білемін Шідерті бойындамыз ғой. Тайлақтың сағасында.
Шідерті тайыз су ғой. Жазды күні үзіліп-үзіліп кей жері кеуіп қалады. Онда жүзетін жер де аз шығар. Біздің Аңқатыны айтсайшы, айдынына құлаш ұрып жағасына жағалық ойнайтын...
IIІолпан еріксіз күрсініп қалды. Ол Аңқаты жағасында өскен жас шағын, қасіреті мол болса да, қызықты балалық кезін бір сәт көз алдынан тізбектеп өткізді. Бірнеше минут үнсіз жүріп, әлде не нәрсе ойына сап ете түскендей, Құрманның бетіне жалт қарады да:
— Сен сол Дабыл байдың қой-қозысын бақтым десейші. Солай, қарағым, жетімдік қиын нәрсе. Әке, шеше... — Әйел тағы да күрсініп қалды да, балаға сыр бермейін деп ойлап, — сен бақыттысың, Құрманғали. Сені оқуға кіргізетін кісі бар. Сен адам болып кетесің. Сені адам етіп шығарады, сен бәрін де ұмытасың, — деді ол балаға.
Бала да күрсіне түсті.
— Менің апам да оқыса, — деді ол ақырын ғана.
Шолпан жалт қарады.
— Апам оқыса? Апаң қазір қайда? Кімнің қолында? Не істейді? — деді әйел сұрақ үстіне сұрақ жаудырып.
Құрман бейне бір оның апасын жұрттың бәрі білетіндей қайран қалып:
— Сіз естіген жоқ па едіңіз, Халиманың қай жерде тұратынын? — деп Шолпанның әдемі қара торы жүзіне қарай қалды да, көзін жалма-жан бұрып әкетті. Ол төмен қарап, естілер-естілмес үнмен қызара түсіп, — сол байдың сиырын сауады, мен қойын баққан байдың. Ана сіздің аулаға жирен аты келген Дабылдың, — деді сөзінің соңын сыбырлап қана, аузынан зорға шығарып.
Тап сол сәт оны бірінші көргендегідей әлдеқайдан пайда болған ұялшақтық буды, оның үстіне апасының аянышты күйде қалғанына өзегі өртеніп кеткендей қайғырып, кенет көңілі бұзылып жүре берді. Бірақ Шолпан Құрманның бұл босауын басқаша түсінді. Оның құлағына: «Сіздің аулаға жирен аты келген Дабылдың... қорлығы» деген үн келді. Ол Құрманға кілт бұрылып:
— Тоқта. Қалай дедің? Жирен ат?.. Жирен атты сен қайдан көрдің? — деп қолынан ұстап тұра қалды.
Бала басын көтерместен, даусы дірілдеген күйі:
— Құйын жирен... Дабылдың екі жиренінің бірі... Қызының аты. Үлкені өзінің аты. Жаңа әлгі жуан қызыл кісі өзенге жуып әкелген ат. Жабуы да сол өзінікі. Ақ кенептен тіккен, шетін кестелеп, — деді.
— Жақсы! — деді Шолпан.
Оның арғы жағында айтылмай қалған сөзді Құрман аңғарған жоқ. Әйелдің не оймен үйіне қарай бұрылғанын да білген жоқ, тек қана тез жөнелген әйелге бұрылып бір қарап алды да, бала прокурор кеңсесіне қарай жүре берді.
3
...Шым-шытырық көп оқиға бірімен-бірі мидай араласып, олардың тінін тауып, шырмауын жазып алу үлкен күшке түскендей болып кетті...
«Жол үстіндегі қызыл нарлы кім болды? Ол Құныс болса, ал, мына Щитов баласының қолға түсіргені кім? Ол мүмкін басқа адам шығар? Онда мұны Құныспен неге шатастырады?
Кешегі «Ақметшеге ақым кеткен, анда-санда тигізген ағайындық қолғабысымыз үшін ат мініп, сауын сауып, керегінде құрал-сайман да алып отырамыз» — деп безектеген Таңқыбай қосшы, үйіне бара сала өзгере қалғаны үлкен ойға түсіретін жайт. Оның бір күнде сана-сезіміне күрт өзгеріс кіріп, өмір бойы ища десуге дәрмені келмеген Ақметшеден бірден бірнеше жыл ала алмай жүрген ақысын сұрағаны ғажап батырлық, адам нанбайтын батылдық. Әлде менің сөзім көкейіне қонып кетті ме? Ай, олай болмас-ақ! Және жалғыз Таңқыбай емес, Сәрсенғали мен Серікқали қосарлана арыз әкелді. Ал, бұл астарлы нәрсе болса Ақметшенің көздегені малының санын азайту ма? Соншама жомарттық жолға түскені ме? Мына батырақ-жалшыларға болсын дегені ме? Жоқ, олай болмас-ақ! Болмас-ақ!
Мына менің інілерімнің қылығын жұрт қалай бағалар? Бірі байдың қызына үйленіп отаулы, малды, жиһазды келіншек алу ниетінде. Ал, екіншісі... жоқ, мына сияқты сынды кезеңде аяғын шалыс басқан жастарға ақыл бермеу, дұрыс жол сілтемеу, қолдамау, демемеу не болып шығады?! Бұл ақыл беру ме, әлде сүйген адамына қоспау әрекеті ме?! Онда бұл адамшылық бола ма? Адамшылық... Адамшылық шын сүюмен байланысты емес пе, шын сүйгенін, ғашығын алуға бөгет жасау, әрине, адамшылыққа қарсы. Ал, мал үшін, бақ үшін үйлену — сүйгендік пе екен? Әділбек Дабылдың қызын көрген де жоқ, көріп сөйлескен де жоқ... Сыртынан біреудің айтуымен үйлену — мал үшін емей не?.. Ол ақылды бала, бір бет, ер мінез болғанымен түсінетін тентек. Оны тоқтатуға болады. Сүлекең оны тоқтатуға тиіс. Ал, Әлібек ше? Қайда баратынын айтпай, ақылдаспай өз бетімен кеткен... жеңгесінің қостауымен кеткен. Меңдіқыз, сен байқамайсың, ақкөңілдік сенің түбіңе жетеді. Туысқандық сезім — кіршіксіз сезім. Бірақ ақылға салу керек емес пе еді. Әдемілік, сүйіспеншілік ақылмен өлшеніп, адамшылықпен салмақтанбас болар ма...».
Хакім бұрылып далаға, сонау алысқа, көз жетпейтін ұшан теңіз жалпақ қырдың көк жиекпен ұштасып кеткен көгілдір мұнарына көз қадады. Терезенің көзінен де кең даласы емін-еркін ендеп жатыр: айнала теп-тегіс көз сүрінерлік тауы сирек, адыры да аз, шалқыған суға да қат құла тұз. Жайықтың жасаң алқабына жеткенше, қашып шыққан меңдей, некен-саяқ кездесетін ат басын тірер ағашынан өзге орманнан жұда сары жазық. Сонда да оның төбе-төмпешігіне дейін, жыра-жықпыл, сай-саласына дейін көлшімек көгерісі мен жылап аққан жылғасына дейін, Қызыл Құмақты дөңіне дейін, кемпір шашты селеу жапқан бедеу беліне дейін алақаныңда тұрғандай. Бәрінен өз аты бар, бәрінің өз бейнесі өзінде, бәрі таныс, бәрі басқан жер, бәрі жылы, бәрі ойда... бәрі көкке бөленіп, жауқазыны жалбырап тұрған сияқты: киік оты — кілем, бозы — төсек, жанбастап жатып жан саябырлатарлық.
Хакімнің мұрнына ащы боз жусан иісі келгендей болды. Ол орнынан тұрып кетті де, әлденені ұмытып қалған адамша төмен қарап ойланып қалды.
...Иә, анау Шежін жақ бетегелі, жылқының жері. Арғымаққа шатыс алалы жылқы өссе... асыл тұқымды жылқы. Түйе ше?»
— Бездельник! Қаңғыбас! Тәртіпсіз ескен... Қайда жүрдің күні бойы? — деп сөгісі мен сұрағы аралас Басекенің күйіп-піскен даусы оның ойын үзіп жіберді.
Алдыңғы бөлменің есігін ашып қалып ол терлеп-тепшіп, ентігіп кіріп келген Құрманды көріп, күліп жіберді . Жаңа фуражкені едірейте киіп, күннің ыстығына қарамастан бала белін тас қылып қайыс белбеумен буынып алған: кек көйлектің тік жағасы иегін тіреп тұр — жел қарысар дегендей бар түймесін тегіс салыпты. Хакімді кере сала, хатшыға жауап қатпастан ол аяғын ілгері аттай түсті.
— Ақырын. Асықпа, — деді Хакім Құрманның ентіккен жүрегі орнына түссін деп, — отыр, деміңді ал. — Сөйтті де оның әр нәрсені байқағыш кезі Құрманның шекесіндегі таңбаны байқап қалып: — Шекеңе не болған? Әлде балалармен төбелестің бе? — деді.
Асығып келіп айтары іркіліп қалған бала бірден жауап таба алмады. Өйткені, арың баланың шекесін жарғаны оның есінен шығып та үлгерген-ді. Және бала оны Хакімнен жасыру ниетінде еді:
— Әлгі... осында бір сүмірейген бұзық бала таспен соғып, — деп мүдірді Құрман.
Мұндай оқиғаларға аса толқи қоймайтын прокурор баланы жұбата сөйледі:
— Аса қауіпті жара емес. Алайда саң жүру керек, Құрман. Төбелесуге жарамайды. Көзіңе жә басқа жеріңе зақым келтіруі мүмкін. Таспен соқты дейсің бе? Қандай бала? Кім баласы ол?
— Көшеде қаңғып жүретін бұзық балалар. Дүкен артында. Өтіп бара жатыр едім, бүйірден тас кесекпен қойып қалды бұғып жатып. Тас атқан сен бе деп едім, шекеме аңсызда темірмен соқты... Енді біреуі таяқ алып ұмтылды бұзықтар. Түрі адам қорқарлық албастылардың.
— Ымм... — деп созып тұрды да, Хакім оның ілкі ойын ашқысы келген адамша: — осыны айтайын деп шығып па едің, Құрман? — деді.
— Жоқ, Хакім аға. Мен Дабылдың жирен атын көрдім...
Құрман оған көргенін бастан-аяқ айтып берді.
Түсі өзгеріп кеткен Айтан Ақбасовқа Хакім орындық көрсетіп:
— Айтеке, отырыңыз, отырыңыз, қалай, аман-есен барып қайттыңыз ба? Арба бермеді деп маған ғой әнеугүні өкпелеп кеттіңіз, ә? Шыны: өзім Бұлдыртыға барып қайтармын деп ойлап едім, бірақ осындағы жұмыспен айналысып шыға алмай қалдым. Бұлдыртыға келесі жұмада шықпақшы болып отырмын. Бос тұрса арба аямаймын ғой, — деді күліп.
Шолпанның жан жағадан жармасып: «Жирен атты қайдан алдың?» деп қысқанына түтігіп шыққан тергеуші, прокурор шақырып жатыр дегенде: «Ол да осыны сұрай ма?!» деп сасып кіріп еді. Қазір жайбарақат түрде сөз бастап, өте жылы лебіз көрсеткен Хакімге қатты риза болып кетті.
— Жоқ, Хаке, мен сізге өкпелеп қайтейін. Жоңқа қабақ тыржитатын бала емеспіз ғой. Алыс жер емес, Шідертіге салт барып қайтудың өзі рақат. Салт ат адамның көңілін ашады. Шаңға бөленіп арбамен жүру шынын айтсам тұншықтырып бітеді. Әсіресе, тымырсық күні арба ауыр. Мен амалсыздан сұрадым ғой, бар болғыр, жоқ жерден бір сыздауық пайда болып, — деп күлді Айтан да, көңілді прокурордың ыңғайына көшіп. Сөйтті де, ол өзінің ежелден алдын орай сөйлеп, күдік келтіретін жерді білдірмей сипап өтетін әдетінше «ат-арбалы» болғанын құлаққа салды. — Тәңір жарылқағыр ауылсовет арбасын беріп, арғы Ащысайға трантаспен барып қайттым. Жол шаңды болса да, ерден арба жанбасқа тыныш болды.
— Ауылсовет дегендер арбаға үйір емес, олар салт жүргенді артың көреді...
— Иә, олардың жұмысы да сондай тез жүруді, жолсызбен де, күн демей, түн демей жүре беруді керек етеді ғой.
— Арбасын атымен берді ме? — деп сұрады Хакім, тергеушіден жүзін бұрып терезеге қарап.
Айтан оған тіксіне қарай қалды. Бірақ Хакім мойнын бұрмады, тергеушінің жүзіндегі құбылысты әлде ол байқағысы келмей ме, әйтеуір далаға қараған қалпында қалды.
— Иә, атымен... — деп Айтан оның жүзін бақты.
— Фамилиясы кім екен ол ауылсоветтің?
— Маймокин.
— Маймокин. Қызық фамилия екен. Кім, Булан ба?
— Кім біледі соның руының кім екенін. Таныс кісі еді былтырдан бері. Шідертіде әлденеше рет болғанмын бұдан бұрын да. Оны неге сұрадыңыз, Хаке?
Хакім оның бетіне енді тура қарады.
— Жирен ат шығар?
Айтанның өңі бұзыла бастады, бірақ ол даусын өзгертпеді.
— Жирен, жирен ат.
— Жирен ат Маймокиндікі емес — Дабыл байдікі.
— Бұл сөзді мен жаңа Шолпаннан да естідім. Мұны қалай түсінуге болады, Хаке?
— Шолпаннан естіген, естімегеніңіз маған онша қажетті жай емес. Ал, маған аттың байдікі болғаны аса ұнамды көрінбей тұр.
Айтан дауыс көтерді.
— Менің ізіме түсу бола ма мұның аты? Мен әуелден де Шолпанмен... сезетінмін... Менің ұжданыма шаң тигізуге кірістіңіз бе?! Болмас. Ол тереңге кетер.
Байқаңыз, ондай право ешкімге берілген жоқ, — деді ол орнынан ұшып түрегеліп.
Айтанның қолы дірілдеп кетті, өңі қуқылдана бастады, тершіген маңдайын алақанының сыртымен сыпырып тастап, жағасының түймесіне жармасты. Бірақ дірілдеген қолы оны бірден ағыта алмай әуреленді.
— Сіз сабырмен сөйлеңіз, қызбаңыз. Сонсоң бір нәрсе мен екінші нәрсені қойыртпақтамаңыз. Шолпанмен... деп ақырын жұтқан сөздің бұл жерде орны жоқ. Ал, ұждан мәселесіне көшуге ерте, бекер аптығасыз. Право жөнінде де артық сөзді қыстыра салудың мағынасы аз, — деді Хакім тағы да терезеге қарап.
— Мен байдан ат алып, арба жеккенім жоқ, прокурор жолдас. Маймокиннің ат-арбасымен келгенім рас, оны жалғыз сіз емес, жұрттың бәрі біледі, құйрығыма шиқан шығып, ерге отыра алмаған соң сұрап алдым, оның ат-арбасын.
— Жақсы, жақсы. Ат-арбаны Маймокин берсін, сіз оны Маймокиндікі деп санауыңыз да мүмкін. Алайда ат байдікі, сол өзіңіз жауап алуға барған Дабыл байдың қос жиренінің бірі. — Хакім есікті ашып, — Құрман, бері кел, — деді алдыңғы бөлмедегі балаға.
Есіктен кіре берген балаға тесіле қарап, Айтан «қайда көрген бала?» деп қабағын түйе түсті.
— Құрман, жирен ат кімдікі, мына ағаңа айтшы, — деді Хакім балаға.
Құрман жат сабақ оқыған балаша әлгіде Хакімге айтқан әңгімесін мүдірместен бір-ақ сыпыртты: ол аттың түр-түсін, артқы шашасының ағын, кекілінің өрілгенін, жабуының кестелі жиегін, маңдайының жұлдызы оймақтай ғана екенін, үлкен жиреннен анағұрлым аласа және жіңішке екенін, Дабыл байдың бұл кіші қызы Нахияның төл тайы екенін, бірін қалдырмай мөлдірете соқты. Соңында: «Құйын жиренді ағай жаңа көпір жанына жетектеп апарып жабуын сыпырып жуып, тазартып, қайтадан жабулап, қарағай үйдің үлкен қақпасын ашпай, жанындағы кішкене есіктен кіргізіп, түкпірдегі қораға байлады. Мен қолымда өскен жирен тайды қимай соңынан еріп жүре беріппін... Қақпа алдында Шолпан апай кездесіп, мені осы жерге дейін ертіп келді. Мен жирен аттың Дабыл байдікі екенін Шолпан апайға да айттым. Шолпан апай кеңсесіне бармай, орта жолдан кейін қайтып кетті», — деді бала Хакімнен көзін алмастан, анау күнгі рапорт берген милиция начальнигі Әжіғали сияқты қозғалмай тік тұрып.
Әлгіде бозғыл тартқан Айтан бір мезет қып-қызыл болып кетті.
— Мені Мамокиннің алдағаны ма?! Байдың аты болса мен оның маңына да жоламаймын ғой, — деп тері молайған етті маңдайын енді орамалмен сүрткіштеп даусын көтере сөйлеген тергеуші бірден жұмсарып жүре берді. — Бірақ бұл қателікті екінші әрі жібермен. Бұл маған үлкен сабаң болды. Маймокинді жалған сөйлейді деп ойлаған жоқ едім. Менің кісіге сенгіштігім өзіме зиян болды. Ол суайттың атын да, арбасын да беріп жіберейін, — деп күңкілдеді ол есікке қарай бұрылып.
— Қыз жөніндегі арыз қайда? — деді Хакім есіктен шығып бара жатқан Айтанға.
— Арызды тергеп-тексердім... Тәжімұраттан беріп жіберейін материалды.
— Тез беріп жіберіңіз.
Бір сағаттан кейін Хакім уездік милицияның аға сақшысы Әжіғали Тәтеновты шақырып алып, Шідерті ауыл советінің председателі Маймокинді, сол ауылдың азаматы Дабыл Мақметовты және байдың есігінде жүрген жетім қыз Халиманы тығыз түрде уездік прокуратураға жеткіз деп бұйрық берді.
4
Жаз бойы тамшы санап тамып, қырдың құйқасы ақшаңдақ тартқан, тандырын әбден кептірейін дегендей-ақ, ақ түтек күн еңкеуден құлаған шақта да оны аямай қарып тұр. Даланың орын таппай жүйткіген қоламталы жетім желі бетті шарпып кетеді, ал қаланың шақырайған түксіз алаңында ол жел жалынымен сабалағандай: денеге көйлек ауыр, түкірік жерге жетпей жоғалатын тамыз. Терезеге оқтын-оқтын борап тұрып кенет айналаны бүркеп алған шаң тұманы демалуға жетпей тұрған ауаны ішіне тартып әкетсе, кей кез қайырлап қалған балықтай адам аузын ашып қаларлық. Әсіресе, жұқа жарлы ағаш үйлердің ішіндегі жұрттың аузы судан, қолы орамалдан ажыраспайды.
Хакім қисық жағалы ақ көйлегінің жағасын ашып тастап, шашақты жібек белбеуін орындыққа іліп қойып, көйлегінің етегін қос қолдап желпіп отыр еді. Сұр мауыты гимнастеркасының бар түймесін тас қылып салып, етік, шалбарлы, басында зілдей милиция фуражкесі бар әлекедей жаланған Әжіғали кіріп келді де, тік тұрып:
— Жолдас уездік прокурор, сіздің тығыз бұйрығыңыз бойынша Шідерті ауыл советінің ағасы Маймокин, сол ауылдың азаматы Дабыл Мақметов және азаматша Халима дейтін жетім қыз айтқан срокте хұзырыңызға жеткізілді, — деп мағлұмдады. Ол оң қолын жоғары көтеріп честь берген күйі тік тұрып, жарлық күтті.
— Жақсы, — деді Хакім етегін желпігенін қоя салып. Сөйтті де, «мына ыстықта соншама қымтанып, не жаны шыдайды екен? Форма кигеніне мәз қазақ-ай. Ең болмаса жоғарғы түймесін босатсайшы» деп аяп, — күн ыстың, кеңсе ішінде отырып судан қолымыз босамайды, формамен жүру өте қиын шығар, — деді.
— Үйреніп кеткен адамға еш нәрсе етпейді, жолдас прокурор. Менің формам ауыр көрінсе, Дабылдың формасын көріңіз: бешпет-шалбар, оның үстіне қызыл шапан киіп, белін буынып, сыртынан жадағай жамылып келді. Басында және бөрік, сыртынан салған далбайы бар. Көресіз бе, кірсін, — деді.
Оның күлмей, салмақты бола қалғанын көріп, Хакім езу тартты.
— Шілдеде күпі, тымаң киген қазекеңді көрмеді дейсің бе?! Оны қой, алдымен ауылдың Советтің председателі кірсін. Шақырып жібер.
Шағын денелі, шамбыл сары, көзі сәл шағырлау, сиректеу жирен мұртты, маңдайына әжім молырақ түскен орта жасты кісі, жол беріп есік ашқан Әжіғалидың тасасынан шыға алмай, күйбеңдей қалды. Бірақ столдың арғы жағында тор жақта қарсы отырған Хакім оны бірден шырамытты...
«Ат керек, қаражат керек деген бұйрықты түсінбейді. Хүкімет дегеннің не екенін білмейді. Бұларда қазақтарды тәртіпке үйреткенше көп заман өтер, — деп қамшы үйіретін Май-ма-қов... Қамшы үйіретін емес, Бәшекең колінің жағасында Сүлейменнің торы биесін тартып аламын деп сабаған Май-ма-қов, Нұрым жағасынан бір сілкіп, атынан аударып алған Май-ма-қов».
Хакімнің көз алдынан сонау он сегізінші жылғы ауыл үстінде ат ойнатып, елден жігіт, ат, аңша, ер-тоқым жинап ойран салған хан жігіттерінің бейбастақ қылықтары тізіле қалды.
— Сіз Шідерті ауылсоветінде қашаннан бері председатель болып істеп жүрсіз? — деп сұрады Хакім онан, сәл қабағын шытып. Оның еріксіз тістеніп қалғаны шамбыл сары мен Хакімнің арасында тұрған Әжіғалиға естілді. Сонда да іштей қаны қата бастағанын білдірмей прокурор даусын өзгертпеді: шытылған қабағын жазуға тырысты.
— Мен... мен... жолдас пыркарол Хаке, өткен жылдан бері істеймін, — деді ауылда жүргенде сөзге желдей есетін Маймокин дегбірінен жаңылып.
— Өткен жылы сайлау болған жоқ қой. Турасын неге айтпайсыз, — деді Хакім, жүзін жылытса да, үнін жұмсартпай.
— Мен, пыркарол Хаке, сайлауда сайланғаным жоқ... Бұрынғы, яки алдыңғы жылғы сайланған ауылнай орнынан түсіп қалған соң, мені волисполком тағайындаған. Сөйтіп, мен халайықтың қалауы бойынша, то есть, волисполком, волком, волқосшы, волженотдел, волком жастардың ұйғаруымен болдым... Болғаным жоқ, сол айтылмыш органдардың тапсыруымен әлеумет ісін қолымнан келгенше күн демей, түн демей атқарып келемін...
Ілкі сөзінен кейін бойы үйреніп пыси сөйлегені Әжіғалиға табиғи нәрсе сияқты көрінді. Өйткені, ол ауылға келгенде бұған да ап дегеннен тұтыға, шатала, сөзінің жарымын жұтып сасқалақтап жауап беріп еді де, аздан кейін жорғалата жөнелген-ді.
— Бұл өзі бәйгі көк сияқты кібіртіктеп бастап, бара-бара бауырын жазып жүре береді, прокурор жолдас. Өте пысық, іскер және сұмдықтан да құр алақан ауылнай көрінбейді, — деді аға милиционер.
Аз ойланып отырды да Хакім:
— Пысықтығы мен сұмдығы бұрыннан да мол азамат... — деп Маймокиннің бетіне қадала қарады.
Прокурордың арғы жағында мұздай леп жатқанын күні бұрын байқап, келмес бұрын күдіктенген ауылнай, оған тура қарай алмай, терезеге көз жіберген болды.
— Апыр-ай, күннің де шыжуын-ай, өртеп барады, — деді ол ауырлау дем алып. Бірақ «Пысықтығы мен сұмдығы бұрыннан мол» деген Хакім сезін естімей қалған адамша, оған қарсы жауап қайтармады.
— Ал, Маймақов... киіз қабыңды аш. Маған ауылдың тізімі керек, — деп Хакім қолын созды. Ол байқамай сыпайы түрден сізден «сенге» көшті. Маймокин селк ете түсті де шапшаңдап киіз қабын ашып, сырты жыртылып бұрыштары мүжілген тізім книгасын шығарды. Ол фамилиясын Хакімнің дұрыс атағанына таңданған жоқ, өйткені Әжіғалимен кездесіп, «уезге жүресің» дегеннен-ақ оның сол жақ бүйрегі солқ ете түсіп, қай мекемеге шақырылғанын да біліп алған еді. Прокурор шақыртқаннан кейін оның үстіне белгілі Хакім Жүнісов аға милиционердің өзін жібергені оған бәленің басы үй сыртынан емес, тура есіктің өзінен енгенмен бірдей болды. Қазір Маймокин книгасын прокурордың қолына ұстауға ыңғайланып жатып: «Книгадан неге бастайды?» деп ойлады. Бірақ әңгіме неден басталса да, оны енді бөгер жай болмай, ол тек:
— Міне, пыркарол Хаке, — деп сұраған книганы ұстата берді.
Алайда Хакім тізім-книганы стол үстіне қоя салып, тартпадан кеше ғана тергеушіге табыс еткен Маймокиннің өзіне таныс қызыл сызықты қағазға жазған жетім қыздың жасы жөніндегі анықтаманы алды. Ол бұл қағазды көзбен сүзбей-ақ аяғындағы ауыл совет председателінің қолына, мөріне бөгелді.
— Маймақов қалайша Маймакин болды? — Хакімнің енді ызғарлы пішіні лезде аяқ астынан көтерілген дауылдай, ауылнайдың бет-пердесін түріп, сыпырып тастайтын суық үскірікке айнала бастады. — Көпірлі Аңқаты болысына ат, жігіт, ақша, киім жинауға жіберілген ханский дружинник он жыл өткен соң Шідерті ауыл советіне председатель болып шыға келгеніндей, бұрынғы Маймақұлы, қазір Маймокин болды де. Аңқатының бойында адам қалдырмай сабап, жарлының жалғыз ұлын, жалғыз биесін, соңғы лағын айдап кеткен Маймақұлы бүгін халықтың, жетімнің қорғанышы болды де, — деп созды ол зілдей сөзін одан әрі салмақтап.
Сөйтті де, ол книганың анықтамада көрсетілген қатар тізімі жетпіс бесінші адамға тоқтады да, ол жердің бетін қайырып бүктеп, көзбен әрі асты, бірнеше бетті қуалап шығып тағы бөгелді...
— Он жыл ғажап өзгерістер туғызды, — деді Хакім аға милиционерге қарап. Екі иығы төмен кеткен кішкене Маймақовты ол енді елеп көзін де тоқтатпады. — Ғажап өзгерістер туғызды: содырды — молда, сотқарды — сопы етті, ал азуынан айрылған бөріні амалсыз қой қораның бұрышына паналауға бүгжеңдетті... Мына тізімнің қатар саны жетпіс бес. Халима сегізінші жылы туған қыз, ал жүз елу жетінші адам ол да қыз, ол да Халима, бірақ бұл соңғы Халима он бірінші жылы туған — ана сыртта тұрған, жаңағы өзің алып келген жетім қыз... Солай ма, ауылнай?
Ауылнай темен қараған күйі тұрып қалды. Хакім сөзін соза берді.
— ...Мына анықтамадағы Халима жиырма жаста... Бақы қызы. Ал, анықтамаға түспеген Халима Бақықызы он алтыдан он жетіге қараған, сыртта тұрған бала. Қалай істейді, нағыз қарташы. Нағыз Шыбли . Балта керек болса — балта шығарады, бірақ ол қарғанікі ме, табандікі ме, крестікі ме — белгісіз. Әйтеуір балта, тоғыздықтың үстіне ала бер. Нағыз кәнімгі карташылардың қалайтын, белгілі Шыблидың ақ балтасы.
Хакім арғы жағын айтпады. Оның шамалаған ойы: тергеушіні жә алдаған, жә оған пара беріп, «жасы жетпеген қызды жасы жеткен етіп ауылсовет документ берген» деген болжал еді. Бұл ете «шебер» істелген іс болып шықты. Маймақовтан сұрай қалса: екеуі де Халима және екеуі де Бақы қызы, мен байқамаппын» демекші ғой.
— Жирен атты неге менікі дейсің, Маймақов? Әлде Дабыл оны саған беріп пе еді? — деді прокурор.
— Хаке. Прокурор Хаке. Төрт аяғы бар ат та сүрінеді, менен білместік болды. Қателік болды... кәрі адам жылап-сықтап отырғаннан кейін, — деп міңгірледі ол.
— Ал, фамилияңды да байқамай, білместіктен, надандықтан өзгерттің бе?
— Өзгерткенім жоқ қой. Орысша жазғаннан кейін Маймакин болып жазылып еді тізімге. Оны бір жігіттер Маймокин болса құлаққа жатық болады деген соң қарпі өзгеріп кетті.
Түйілген күйі Хакім Маймақовқа:
— Мына бөлмеге кір де, он жетінші жылдан бері қарай істеген ісіңді көрсетіп арыз бер, — деп оң жақ қолдағы кішкене бөлмені көрсетті. Сонсоң қара терге түсіп, киіз қабын жинай алмай, қолы дірілдеген ауылнайдан көзін бұрып, сәл ойланғандай болды да, — кешірім сұрап, шын ниетіңмен өтірік қоспай жаз. Бұрынғы қару-жарағыңды көрсете кет, — деді.
— Хаке. Прокурор Хаке... Менде қару жоқ. Шыным, иманым. Хан жігіттері Ойылға көшкенде. Қызылдар келер алдында құртқанмын.
Бұрынғы ісінің бәрін өз көзімен көрген, өзі де жәбір жапа шеккен Хакімнің бұлтартпайтынын Маймақов жақсы түсінді. Сондықтан ол әңгіме жирен атпен бітпейтінін, мұнан он бір жыл бұрын істелген қылмыстардың қозғалатынын да әбден ұқты.
Бірақ бұл «кешірер» деген Маймақовтың сан рет аударыстырып, тексерістіріп, жылдар бойы түн етегіне түйіп сақтаған, жан дәрмен күнге арнаған үміті еді. Қазір оның сол үміт шырағы лып ете қалды. Ол Хакімнің «кешірім сұрап, шын ниетіңмен өтірік қоспай жаз» деген сөзіне жармаса кетті.
— Хаке, прокурор Хаке, сіздің атыңызға жазайын. Ұсынған мойынды қылыш кеспейді деген. Жаным, иманым, шыным, бәрін мүлт етпей жазып берейін. Қанымыз бір қазақ едік қой. Өлтірсеңіз өз қолыңыздан өлтіріңіз. Мен бір адасқан жетім лаң... Кешірім алуға заң бар ғой, ол оз қолыңызда ғой, — деп тізерлей қалды.
Әжіғали басын шайқады. Ол бағанадан бері бұл ауыр оқиғаның айғағы болып, бірақ не істеуге білмей тұрып қалып еді. Сөзге араласуға ол прокурордың көпке мәлім ауыр мінезінен сескенген-ді. Ал, қазір күтпеген жерден әшкереленген мына жасырын жаудың тергеу астына алынатынын ұға қалды. Ол араласудың жөнін енді тапты.
— Жолдас прокурор, бұрынғы Маймақов, қазіргі Маймокин атпен жүрген адамның бойында қаруы, болмаса басқа қауіпті құрал жоқ па екен — тәртіп бойынша қарауға рұқсат етсеңіз, — деп ол қайтадан тік тұра қалды.
— Осы бөлмеден басқа жаққа бармай мына Маймокин — Маймақовтың арызын толық жазып бітіруі, аға милиционер Әжіғали Тәтенов жолдас, сізге жүктеледі, жаңадан жарлық болғанша сіздің қарауыңызда, — деді Хакім оған тінтсең де, тінтпесең де бәрі сенің қолыңда деген адамша.
Сонсоң ол орнынан көтеріліп алдыңғы бөлмеге шықты да, зәресі ұшып орнынан түрегелген Дабыл байды иегімен меңзеп:
— Мына кісіден қолхат алыңыз, ертеңге дейін ешқайда алыстап кетпеске, — деп бұйрық етті хатшыға.
Есік алдындағы алақтап, неғыларын білмей елегізіп тұрған ақ жаулықты шынашақтай Халиманы көріп Хакім тұрып қалды. «Өзіміздің үйге алып кетсем бе екен» деген ой келді оған. Бірақ оның тергеушілік тәжірибесі қызды екі жақтан да аулақ оңаша ұстауды керексітті де, ол бұл ниеттен бас тартты.
— Мына баланы бөлек үйге қойыңдар, — деді ол Басекені шақырып алып... — Ешбір жанмен сөйлестірмеңіз... аналармен, — деп иек қақты, Дабылдар қалған бөлмені меңзеп.
Ертеңіне Хакім кеңсеге кетісімен аңдып тұрғандай-ақ, қақпадан бір ат-арбалы аулаға ене берді. Арбаның салдырына терезеден кез тіккен Меңдіқыз, атын ішке қарай кіргізіп, езі жалма-жан қақпаны қапсырып жатқан Рақымғалиды танып есікке қарай беттеді. «Қасындағы әйелі ғой шамасы, базарға келген шығар» деп ойлады да, «осы бар болғыр әнеугүнгі Кенже балаға балдызымды көрсетемін, алпыс атанға ақ отауын арттырып беремін деген сөзін түптеу үшін жүрмесін» деп көңіліне күдік ала бастады. Әйел есік алдындағы баспалдақтан түсіп үлгірмей, Рақымғали желдей есіп кетті.
— Меңдіқыз, аман ба, қарағым? Аман-есен тұрасыңдар ма? Сендер елге шыққанда ат басын тіремейсіңдер. Сондықтан туған-туысқанның хал-жайын білейін деп келгеніміз. Оқасы жоқ, ат басын тіремейсің деп әзілге айтамын. Қаладағы іс басындағы адамдардың туысқан іздеп елге шығуға уақыты жете ме. Мына біз сияқты шаруа болмаса — малды кіш-кіштеп өріске шығарып жіберіп қалаға соға кететін. Ал, Меңдіқыз сол Меңдіқыздың өн бойын көзбен жалт сүзіп өтіп), денің сау ғой әйтеуір. Естігенмін аяғы ауыр деп. Қалада қазір ыстық, шаңы да мол, ай, елге қымызға шықсаңыз қандай керім болар еді, денсаулықтарыңа таптырмайтын жер ғой мына Шідертінің бойы. Әсіресе, Атшоңқайдың саласы, шіркін, белуардан көк майса, ой, ертеңді-кеш жұпар иісі аңқып тұрады... (аулаға бір қарап қойып). Қайырлы болсын, үйлерің де жақсы екен. Мынадай ауласы бар қора аз ғой. Ат-арба қоятын лапасы да әзір. Хакімнің аты көрінбейді, бір жаққа шығып кетуден аман ба?..
Меңдіқыз оның қай сұрағына жауап беріп, қай сөзіне құлақ қоюға білмеді, бейнебір кенеттен борап кеткен қардың астында қалып қойып, көзін аша алмай қалған адамға ұсады. Жүгіріп келіп қолын алып тұрып, сөзден боран боратқан Рақымғалиға амандасқаннан кейін, арбадан түсіп жатқан бейтаныс әйелге Меңдіқыз:
— Сәлеметсіз бе, — деп қолын берді.
— Шүкір, — деді салмақпен Қалампыр, өте сыпайы пішінмен жағын сипап.
«Жасы менен үлкен болса да, иба етіп жатыр. Көргенді әйел екен» деп ойлады Меңдіқыз оның қара қошқыл ірі бетіне көз жіберіп. Мұның Қалампыр екенін және белгілі Дабыл байдың келіні екенін Меңдіқыз білген де жоқ, тіпті үйіне мұндай адам келеді деп ол ойлаған да жоқ-ты. Рақымғалимен базарға еріп келген ауылдың бір бәйбішесі шығар деп жобалап:
— Үйге кіріңіз, — деді Меңдіқыз аздан кейін.
— Кіре беріңіз, жеңеше, кіре беріңіз. Бүл кісі кәдімгі өзіміздің Хакімнің жолдасы Меңдіқыз болады. Талай сырттан айтып, сізге талай алыстан сипатын сипаттап жеткізе алмаған келініміз. Келін болғанда замандас келін, тіпті қазақшылап кетсең Хакіммен құрдас та болып шығамын. Біріміз жылдың басында, біріміз аяғында туғанмен жасқа бір іліккен көрінеміз. Алайда менің он бір айлық марқалығым болғаннан кейін елде мені Хакімнен үлкен деп санайды. Оның оқасы жоқ, — деп бір қойды Рақымғали. Сонсоң ол ат-арбасын ауланың түкпіріндегі жаққа қарай жетектеп : — Мен қазір кіремін, Меңдіқыз қарағым. Аттың басын жарға тіреп, белін босатайын, сонсоң кіремін. Сіздер маған қарамаңыз, кіре беріңіз.
Қонақ жатсынбайтын Меңдіқыз, өз елінің адамы тіпті жаңын ағайын есебінде келген Рақымғалиды құрметпен қарсы алды да, қасындағы әйелді үйге алып кірді. Бұл кезде Рақымғали атының басын лапастың тірегіне іле салып, жалма-жан арбадағы кішілеу сабаны қымызымен шәрмендеп көтеріп сенекке кіргізді. Сөйтті де енді ол трантастың алдыңғы козло отырғыштың қуысына үш аяғын буып салған қойды суырып алып, зорға дегенде жерге түсіріп, сүйрелеп жүріп лапас астына тықты.
5
Жанама ағайыны Рақымғалидың сөзшеңдігімен қатар епті екенін Хакім о бастан білетін. Бірақ оны қайын атасының ісін қуып тоқтысы мен саба қымызын арбасына арта салып, үйіне жетіп келеді деп ойлаған жоқ-ты. Прокурордың сол күндері бар ойы жалғыз-ақ нәрсенің төңірегінде болды, ол: он алты жасар қорғансыз қызды жасы алпыстан асқан адамның озбырлықпен жар еткен қылмысын жазалау еді. Бұл құр жаза ғана емес, ендігәрі мұндай зұлымдықтың қайталамауына бөгет жасау еді. Ол үшін ашың сот құрып, халың алдында ескіліктің төбесін біржола ою ниетінде еді. Хакім тіпті бұл болашақ сотта сөйлейтін сөзін де ойлай бастағанды. «Адамды адам қанап, туысқандық, достық, адамгершілік қасиеттерді мал құнымен бағалай бастаған замандардан бері қаншама асыл ана, асыл жар, асыл қарындас көз жасымен меңіреу даланы қол етпеді! Қаншама он саусағынан өнері төгілген апа-қарындастар күңдік құшағында қалмады! Қаншама әнші, күйші сұлу сезімді қара көздер, күл астында қалған моншақтай, бай босағасында жүзі солмады! Теңдіксіз, бақытсыз, асыл өмірін қорлықта өткізген қыздың зарлы үні күңіренген күй болып екі шекті домбырада ғана қалған жоқ па?! Оның асыл арманы ән мен жыр болып келіп талай күрсіндірген жоқ па? Міне, сол қасіретті қазақ қызының тағы бір балапаны аяң астынан торға түсіп, бостандық жемісіне жаутаңдай қарап тұрған жоқ па? Кеңес өкіметінің әділ заңына иек сүйей алмай әлі де қапы кетемін бе, деп күдікпен қол созып тұрған жоқ па? Жоқ, енді сен әділ соттың алдындасың! Теңдікке қолыңды жеткізетін әділ заңның қорғауындасың!..» — деп бастамақшы еді прокурор сөзін. Бірақ оның ойына жоқ жерден бір кедергі кептеле қалды. Ол: қыздың алдын ала берген жауабы. «Мені ешкім зорлаған жоқ, өз еркіммен шықтым...» деді қыз. Сот мәжілісінде халың алдында осы сөзінен танбай, «мені ешкім зорлаған жоқ, өз еркіммен шықтым» деп тұрса не демекпін? Мұның терістігін қалай дәлелдеу керек. Немен дәлелдеу керек? Қыздың азғыруға еріп кеткенін қандай нәрселер ыспаттай алады? Бұл бұрын-соңды сот-тергеу тәжірибесінде аз кездесетін жай. Өз басым бірінші рет көріп отырмын. Он алты жасар қыз әрі кәрі, әрі ажарсыз адамға «өз еркіммен шықтым» деп безеріп отырып алуы тегін емес, мұнда терең сыр болуға тиіс...» деген ойға кетті. Сонсоң ол қыздың інісі Құрманды шақыртты.
«Хакім шақырады» дегенге таңқылау келген танауы ендей түскен Құрмаш, есіктен асыға кірді де, тура прокурордың қарсы алдына келіп, столына қос қолдай сүйене қалды. Баланың өзімсініп еркін келгені Хакімге ұнап кетті.
— Көйлегіңнің түймесін үзіп алыпсың ғой, Құрмаш. Халимаға неге қадатып алмайсың, — деді ол бар жұмыс баланың осы ілгегіне тірелгендей кабағын шытып.
Құрмаш екі етегі екі жаққа кеткен жағасын қапсыра түсті.
— Түймесін жоғалтып алдым. Қайда қалғанын білмеймін, — деді ол қызарып.
— Жоғалтып алсаң біздікіне бар. Меңдіқыз жеңгең түйме тауып қадап берер. Сонсоң сен Меңдіқызға айтшы, шайын әзірлесін. Мен қазір барамын. Өзің де кетпе. Біріміз прокурор, біріміз «жәрдемшісі» болып қатар отырып шай ішейік бар, жарай ма? — деді күліп.
— Жарайды, — деді Құрмаш, Желдеген танауы бүл жолы әлдеқайда өрлей түсіп.
Бала есікке қарай жүре бергенде Хакім:
— Құрмаш, сен тоқташы, — деді.
Құрмаш тағы да сол прокурордың қарсы алдына келіп, столына сүйене қалды.
— Сен апаңның қалай алданғанын білесің бе? — деді Хакім, ыстықтан мұрнының шолақ ұшына дейін терлеп кеткен Құрмаштан.
— Білемін, — деді бала ойланбастан. — Мұның бәрін бастаған Бисенғалидың би қатыны — Қалампыр. Қалампыр өзі емес, Бұрыш дейтін дуашыға үшкірткен. Үшкірткенде бал ішкізіп, басын айналдырған. Бұрышты елдің бәрі біледі. Ол дуалайды. Оның дуалаған адамы бұзауша соңынан еріп жүреді, не айтса, соны істейді.
Қарсы жауап қатпай Хакім баланың ыңғайына көшті.
— Рас, ол кемпір үшкіріп емдейді. Әйелдер босанғанда да, сол кісінің қолының ептілігімен пайдаланатын көрінеді. Балды қалай ішкізеді екен? Құрмаш, сен көрген жоқсың ба елде жүргенде?
— Бұрыштың балын ішкен адам балқып кетеді дейді ғой, Сары аға, — деді бала оған жалт қарап. «Сары аға» деген атты ол прокурордың туған інілерінен естіп еді. «Қазір сол туған інілеріндей жақсы көретін ағасын ардақты атымен атағанына, оның өзі қысылып қалды. Бір үйде, бір ұяда туып өскен, басынан сипап, бетінен сүйіп еркелететін інілерінің бауыр басып қалған атын атау оған зорлық сияқты көрініп кетті. Бірақ Хакім мұны елемегеннен кейін баланың көңілі жайлана бастады. «Сары аға деуге болады екен. Мұнан былай мен де осылай атайын» деп Құрманның іші елжірей түсті. Ол апасы жөнінде прокурордың алыстан орап анықтау жүргізіп отырғанын сезген жоқ, тек Хакімнің өзімен сөйлескеніне оның төбесі көкке жеткендей болып кетті. Әсіресе, Хакім оған: «Құрмаш, сен Меңдіқызға айтшы, шайын әзірлесін. Мен қазір барамын, өзің де кетпе. Біріміз прокурор, біріміз жәрдемшісі болып, қатар отырып бір шай ішейікші» деді ғой. Мұнан артық қадірлеу бар ма? Бала жалма-жан:
— Сары аға, мен оқуға кіремін. Қалайда кіремін, — деді. Ең жақын ағасындай көріп өзіне арқа сүйеп баланың батыл сөйлегеніне Хакім риза болып кетті.
— Иә, оқу керек, Құрмаш. Қалайда оқуға кіру керек. Оқысаң ғана білімді жігіт боласың. Елде қызмет істеуге білімді жігіттер таптырмай отыр. Мына сен сияқты жас балалар оқып жетілген кезде ғана учительдер, дәрігерлер молаяды, — деп қолдады баланың талабын.
Құрмаштың арманы ұлғая түсті.
— Халиманы да оқуға кіргізсе... қыздар мектебіне. Анау күні мен қасынан өттім. Толған қыз мектептің ауласына сыймай тұр. Біздің Халимадай қыздар. Ішінде онан үлкендері де бар.
Хакім баланың бетіне қарай қалды да, көңілін жықпай:
— Оны да көрерміз. Алдымен... ісі бітсін, — деді. Сонсоң Хакім қалтасынан сағатын суырып, қақпағын ашып қарады да қайтадан жапты.
— Жүр. Біздің үйден шай ішеміз, — деп Құрмашты ертіп кеңседен шығып кетті.
— Сары аға, мынау Рақымғали ағайдың арбасы, ат та солардікі, — деді Құрмаш лапас астындағы ат-арбаны көріп.
Ат-арбаны Хакім де көріп еді. Бірақ оның Рақымғали келеді деген ойында жоқ-ты. «Бұл суайт неғылып жүр? Әлде қайын атасы жөнінде қолқа салмақ па?.. Көптен бері көрінбей жүрген бұл қу тегін келмеген шығар! Болмаса анау күнгі Әділге айтқан балдызына шынымен құда түсу ниетінде ме?»
Кенеттен жауып кеткен күдікті сұрақтарына жауап іздегендей, ол байлаулы тұрған атты айналып етіп қораның есігін ашты. Оның бүл есікті ашуына себебі де мол еді — көптен ат байланбаған әрі құрғақ, әрі іші тап-таза қораның есігі өмірі жабылмайтын. Бағана таңертең өзі үйден шығып бара жатқанда да ашық жатқан. Ал, қазір біреу оны мұқияттап жауып, сыртынан доғамен тіреп қойыпты. Енді бәрі түсінікті: Рақымғалидың тегін келмегенін дәлелдеп, жіптен бос сыңар аяғын құшырлана серпіп, қызыл ісек басымен жерді соғып-соғып қалды. Хакім есікті қайта жапты.
Үйде отырған Рақымғалиға иегін ғана көтеріп, оның қасындағы бейтаныс бәйбішеге амандаспастан Хакім төргі үйге өтіп кетті де, аздан кейін өзіне ілесе кірген Құрмашты шақырды.
— Ой, айналайын, Құрмашжан! Аман-есенсің бе, қарағым. Түу! Коп күн өтіп кетті ғой, сен кеткелі! Ой айналайын! Мен сені қанша іздедім! Бармаған жерім қалды ма?! — деп Рақымғали лекілдете бастап еді, Хакім оны бірден тойтарып тастады.
— Әй, Рақымғали, бауырың елжіреп бара жатса
Құрмаштың ақысын неге алып берме дің Дабылдан? Бос әңгімені қысқарт! Құрмаш, сен Әжіғалиді шақырып кел. Тез келсін, тығыз жұмыс бар, — деді прокурор.
— Сары аға, қазір! — деп Құрмаш үйден жүгіре жөнелді.
«Әжіғалиді шақырып кел» деген сөзге Рақымғалидың да, оның төр жағында отырған әйелдің де құлағы елең ете қалды.
— Би қайным... құда бала, сыртыңыздан атыңызға да, затыңызға да қанық болғанымен жүз көрісе алмай жатырмыз. Кінә сізден емес, бізден. Не үлкен, құда үлкен; ненің жолы үлкен, құданың жолы үлкен. Алайда осы үлкен жоралғыны.ата-бабаның салты бойынша жүргізе алмай келеміз. Бұған да кінәлы сіз емес, мына біз. Рақымғали бізге күйеу болса, сізге туысқан, бізге бала болса, сізге құлынтайдай тебісіп өскен замандас, бауыр. Бізге ағайынды екеуіңіздің де ала-құлалығыңыз жоқ.
— Ойбай, жеңеше-ау, не дегеніңіз! Хакім екеуіміз туысқандықтың үстіне бір жылы туған құрдаспыз ғой. Менің тек дүниеге бес-алты ай ғана бұрын келгендігім бар...
— Иә, білемін, күйеужан, құрдассыз. Осының бәрі бізге құданы сый-құрметке бөлеп отыруды жүктейді. Пайғамбарымыз айтқан ғой: «Біріңді-бірің бауыр көр, бауырыңды құрметтей біл» деп. Бірақ біз надандықтың аркасында осы қасиетті қасиеттей алмай келдік. «Ештен кеш жақсы» деген нақылға сүйеніп, енді ғана танысып отырмыз, — деп бәйбіше жорғалай жөнелді.
«Мынау бір сөзге ағып тұрған шешен әйел ғой. Қалай тастайды аяғын! Сөзшең деген Рақымғали шашпауын көтеруге шақ жарайтын. Сарыны сол баспалдақ жасау...» деген қорытындыға келді де, Хакім:
— Сөз ыңғайына қарағанда сіз мына Рақымғалидың қайын жұрты сияқтысыз. Қысқа айтқанда, мен сізді танығаным жоқ. Таныған күнде де жұрағаттың салтты тізіп жатуға шамам келмейді. Өйткені мен заң қызметкерімін. Біреуден көрген зәбір-жапаңыз болса соны айтыңыз. Өкіметтің заңын бұзған адам болса, мұны да жасырмаңыз. Тиісті жәрдем көрсетуге мен даярмын, бәйбіше, — деді Хакім, түрегеліп тұрған күйі, әйелдің жүзіне сынай қарап.
— Ой, Хакімжан, сен тіпті ашық кеттің ғой. Заң қызметкері екеніңді ел тегіс біледі. Білмегенде ше! Ағайындық, замандастық жөнімен танысуға алып келген мен едім, бұл жеңешемді, — дей беріп еді Рақымғали.
— Рақымғали, сен қой, — деді Хакім қабағын түйіп. — Білемін сырыңды. Қалаға шай-шекер ала келсең оны айт, болмаса мына кісіні ертіп Дабыл байдың ісін қуып жүрсең сөз басқа. Арбаңа саба қымыз салып, ісек тиеп жүруіңе қарағанда бір есебің бар-ақ шығар деп қалдым.
Хакімнің қабағы жабылып кіргенін көріп, Меңдіқыз сескеніп қалып еді, енді бұл күтпеген жерден келген қонақты өзі шақырып әкелгендей қысылды.
— Қызды зорлап күйеуге беріп, қойшының ақысын жеп, қуып жіберетін заман әлдеқашан өтіп кеткен жоқ па, құрдас. Арбаңда не барын білген жоқ едім, бұл қалай? Әлде «прокуpopдың үйіне саба қымыз бен қой келіп жатыр» деген өсекке іліктіргің келді ме? — деді Меңдіқыз ренжіген пішінмен.
Бәйбіше тағы да құрдай жорғалады.
— Қарағым, келін, бүл мына құрдасыңның «замандастық базыналықпен барғанда қолыма қарайды ғой» деп әкелген базарлығы ғой. Шаруада тоқты-торымнан басқа не болсын. Қолда барын салады біздің қазақ қоржынға. Ал, жұрт: «Дабыл бай, Дабыл бай» дейді. Жер-көкке сыйғызбай айғайлап бар пәлені сол байдың басына үйеді. «Зорлық-зомбылық жасайды» дейді. «Жарлыға теңдік бермейді» дейді. Шынына келсең сол Дабыл байың: «Иә, құдай» деп отырған бір жұдырықтай момын шал. Біреу оны зәбірлемесе, оның ешкімді зәбірлеуге шамасы келмейтін сорлы. Бес жандығы бар деп айыптамасаң өзін адам аярлық мүсәпір. Мүсәпір болатыны: құдай бір жұдырықтай перзент бермей қойды. Ал сол перзент жолындағы игі тілегін көре алмайтын дұшпандары теріске жориды. «Зорлап үйленді» деп бәле салады. Осы күні зорлық бар ма? Кімді кім зорлай алады, келін-ау. Өзің айтқан қызды зорлап күйеуге беретін заман әлдеқашан өткен. Нанбасаңыз өзіңіз сұраңызшы ана Халима дейтін баладан — кім зорлады екен? Баланың өзі...
Бұл әңгіменің арғы жағы ұзаққа созылар ма еді кім білсін, прокурордың шақыруымен мәлім болған Әжіғали үйге кіріп келді де Қалампыр бәйбішенің сөзі үзіліп кетті. Әйел орнынан ұшып түрегелді, Әжіғалидан көре көзге сескеніп қалды.
— Жолдас прокурор! Аға милиционер Әжіғали Тәтенов қарауыңызға келіп тұр. Не бұйырасыз! — деді Әжіғали тік тұрып.
Хакім ойланып тұр еді. Әжіғалидың келуі оның жарлығын тездетіп жіберді.
— Мына кісілерді танисыз ғой... — деді ол Әжіғалиға бөгеліңкіреп.
— Әлбетте. Шідерті ауыл Советінің азаматтары: Дабыл Мақметовтың келіні мен күйеуі. Екеуі де сөзге шебер адамдар. Айла-шарғыға да олақ көрінбейді, — деді аға милиционер. Ол бұрылып Қалампыр бәйбішеге сұстана қалды. — Мына бәйбіше анау күні жалғыз қайнағасын әңгімеден арашалау үшін жомарттығын да көрсетіп қалды.
— Иә, жомарт кісі көрінеді. Біздің қорада аяғы байлаулы қой жатыр. Есік алдында бір саба қымыз тұр. Соны Дабылдың сауыншысы мен қойшы баласына табыс етіңіз, солардың үйіне жеткізіп беріңіз. Сонсоң арыз айтып келушілерді кеңсеге жіберу керек. Пәтерге келу жарамайды, — деді Хакім.
— Жақсы, — деді Әжіғали арғы жағын сұрамастан. Сөйтті де ол Рақымғалиға иек қақты. — Жүріңіз.
Рақымғали қорқып кетті.
— Мен жай келіп едім, Хакімжан. Менің жөнім басқа.
Мына кісіні... — деп күбірледі ол күйбелектеп.
— Жүр, отағасы, тез атыңды жек! — деп бұйырды Әжіғали оған.
Сыртқа шыққан соң:
— Бұл үйге қарай менің рұқсатымсыз аяғыңды аттаушы болма. Прокурор сенің жекелеп сөйлесетін ауылнайың емес, — деді.
Рақымғали терлеп-тепшіп қызыл ісекті зорға көтеріп, арбасына қайтадан салды.
6
Тәжімұраттың өзі-өз болып, ес білгелі етегінен ұстап еріп келе жатқан бір қағидасы бар еді. Ол: «дұшпаныңа досыңша езу тарт та, қойныңдағы жарыңа да сырыңды ақтарма» деген қағида. Бұл оны өмірі жер соқтырып көрген жоқ. Төрт жыл бастауыш мектеп пен төрт жылдай гимназияда оқыған кезде де, осы бой" тұмардай сенімді қағида «көргенді оқушы» атандырды. Бұл оқушылық кезі ғой. Ал, қызметке араласқан шақта мұндай қасиет екінің бірінде бола бермейтін нәрсе емес пе? Солай! Тәжімұраттай кішіпейіл адам жоқ. Үлкенге де, кішіге де бала сияқты қызмет етеді. Өмірі қабағын шытқан емес, өтірік-өсекпен ісі жоқ жігіт» деген іздегенде табылмайтын, екінің бірі қолға түсіре бермейтін сымбатты мінездеме өзі істеген мекеме түгіл уезд орталығының көп кеңсесінде орын ала бастаған-ды.
Бір күні Тәжімұрат, түстен кейін бір «қасіреттен бір қасіретке ұшыраған», ұзақ жылдар бойы бірге қызмет істеген бастығының үйіне зып ете қалды. Оның қас қаққандай тез ойламаған жерден шыға келетін әдеті Айтанға бұрыннан белгілі еді. Әсіресе, қабағының үсті қатаң тартқан шақтарда бастығының алдында жібектей есіле қалатыны бар-ды. Командировкадан келген түні аш күзендей бүгілген жылмаң студенттің терезесінен шыққанын көріп тұрғандай-ақ ертеңіне Тәжімұрат оның қасы мен қабағына қарады да қалды.
— Айтеке, сіз демалыңыз. Кеңсе жұмысы ешқайда қашпас. Нервіңізді сақтаңыз. Қайтыңыз, қайтыңыз! — деп қоярда қоймай үйіне қайтарған еді.
Қызметтен босанған күні де ол соны істеген.
— Қызмет деген не, Айтеке. Ең бастысы — денсаулық. Қызмет табылады, денсаулық табылмайды. Тынығыңыз. Бәрі орнына қайтадан түседі, — деп дем берген-ді.
Ал бүгін Тәжімұрат көптен бері құрметтеп келген бастығын тағы да қолтықтай түсті.
— Айтеке, айыпқа бұйырмаңыз... ер басына күн туса етігімен су кешер, деп өмірде ащы да, тұщы да кездесер. Ащыға тыржиып, тұщыға ыржиюды өз басым жек көремін. Көп үлгі көрсеткен, ұзақ жылдар бойы ақыл айтып, тәлім-тәрбиеге бөлеген ағамыз мына сіз боласыз. Осындайда іш пыспасын деп мына шарапты... — деп, ол жалма-жан өзі жүгіріп жүріп, стол үстіне шыны аяң әкелді. Қазан жақтан нан мен пияз тауып, оны келтірді. Сөзге шорқақтау және қапелімде бет қайтарып тастай алмайтын Айтан ойланып үлгіргенше арақты шыны аяққа құйып жіберіп, қолына ұстатып та салды. Сөйтті де:
— Айтеке, кәне, өмір жібінің әлдеқалай түйіншектелген жері жазылып жібектей есіліп кетсінші! — деп шыны аяқты көтерісе берді.
— Жақсы лебізіңе алдыриза болсын, Тәжімұрат. Ал, мынаны мен ішпейтін едім, — деп Айтан құйылған араққа елжіреген бір қимастық жүзбен қарай қалды.
— Жоқ, Айтеке, ішіп жіберіңіз. Түк те етпейді, ішіп жіберіңіз. Мас болу емес, әшейін бір көңіл көтеру ниеті ғой. Әйтпесе, етек-жеңін түрініп кірісетін маскүнем жоқ.
— Бұл да рас сөз. Маскүнем қазақты әзір көргенім жоқ. Ал, жақсы, болсын...
Жатаған келген кең шыны аяқтың орта шенінен асырыңқырап құйған арақты Ақбасов саспай көтеріп, ақырындап жұтып бітірді де, көкжал пияздың бір қабатын сыдырып алып насыбай атқан адамша қос танауға кезек-кезек басты. Әлде пиязға, әлде араққа елтіп ол көз жұмған күйі сәл уақыт отырып қалды. Тәжімұрат азғана ерін тигізген өз шыны аяғын жерге қоя салып, бұрынғы бастығының босаған ыдысын мөлдір қалпына қайтадан келтірді. Мұны көз жұмып елтіп отырған тергеуші елең қылмастан отыра берді.
— Өмірдің өзі өрмек сияқты. Жоқ жерден жібі түйілгенін бастан-ақ сезіп едім, — деді Тәжімұрат айтарын алыстан меңзеп. Өзі ұялмаған адам, кісі бетін шиедей қылады деп, өз басы шырмалғаннан кейін өзгені де шырмаған.
Айтан көзін ашып жіберді. Бірақ Тәжімұрат оның елең еткенін байқамады ма, әлде елемеді ме, сөзін сол жұмбақ адамның маңында өріп, жүзін жоғары көтерместен сөйлей берді.
— ...Сондай адамдар болады. Өзгелер де өзіммен бірдей болсын дейді. Рас, мені кінәлайды екен — басқаны да солай етсін деген ой олардікі. Бірақ біз олай жібереміз бе оны. Біз де адамбыз ғой. Ақты-қараны айырады деп қойды ғой бізді іс басына...
— Тәжімұрат, сен не жөнінде?
— ...Адам бұзық болып тумайды. Өмірде бардан үлгі алады.,.
— Тәжімұрат, мен сөзіңе түсінбей отырмын.
— Жоқ-ау деймін, Айтеке, мынаны алып жіберейікші.
— Құрғырың мас қылар. Ішті ып-ыстық етіп жіберді.
— Түк те етпейді, Айтеке. Мас болу емес, әшейін бір көңіл көтеру ғой.
— Бұл да рас... Сен не жөнінде?
— Айтеке, алдымен алып жіберейік.
Бұл жолы да қолқалап ішкізді Тәжімұрат. Бірақ өзі ауыз тиюмен ғана тынды. қыза бастаған Айтан оның сөзін де қыза тыңдауға кірісті.
— Не жөнінде, айтсаңшы, бала, — деді ол Тәжімұратқа қабағын шытып.
— Әлгі Маймақов жөнінде. Тәңір алғыр әдейі шатастырған ғой, кетсем бірге ала кетейін деп. Бірақ біз де адамбыз ғой, ақты-қараны айырады деп қойды ғой бізді іс басына.
— Ол атаңа нәлет, қас қылды, қас қылып істеді...
— Әлбетте, қас қылмаса солай ете ме? Өз атым деп басқаның ат-арбасын жегіп жібере ме?!
— Көрсетермін мен оған көрімді.
— Мен көрсеттім, Айтеке, оған көрімді.
— Көрсетпегенде?
— «қас қылып істедім, тергеушіні қолыма түсіру үшін істедім: өз басымнан қорыққаннан тал қарма дым. қиын-қыстау кезең келгенде жәрдемші болсын, көмектессін деп тергеушіге әдейі қармақ салдым» деп жазғыздым тергеу актісіне.
— Е, сөйтпегенде. Менде тырнақтай жазық жоқ. Тек ана Жүністің баласының істеп отырғаны!..
Тәжімұрат мүләйімси қойды.
— Жазығым жоқ екенін біле тұра істеді Жүністің баласы... А, Тәжімұрат, саған тапсырды ма Маймақовтың ісін?
— Маған тапсырды, Айтеке. Сізге кір жұқтырмаймын қолдан келсе. Мен әділетке ғана жүгінетінімді сіз білесіз ғой.
— Е, сөйтпегенде. Менде тырнақтай жазың жоқ. Әлгі қатынның «қырағылық керек еді, пәлен-пақтуан еді» деуі әшейін қызыл сөз. Мен арыз жазамын. Губерниялық жерге, тіпті крайға жазайын деп отырмын. Жүнісовтің пәле жауып отырғанын айтам.
Тәжімұрат құлағын тіге қойды да, әлденені мақұлдағандай бас изеді.
— Сен арызға шебер едің, Тәжімұрат. Елдің арызын көп жазасың...
— Қайда жазуды сіз әлбетте менен гөрі жақсы білесіз. Ал, мен болсам арызды алдымен уатком председателі Әлен Әлеуовтың атына бағыштар едім, — деді Тәжімұрат аңырын ғана.
— Неге?
— Біріншіден, бұл кісі тез шешеді. Екіншіден, Жүнісовтің бүл ісіне риза болмауы керек. «Қажының баласы болған соң асыра сілтейді, жақсы атақ алуға ұмтылады» деп отырғанын есіттім. Үшіншіден, бұл кісі де Дәулетов сияқты крайком мүшесі, құдіреті күшті...
— Жаз, — деді Айтан, столды жұдырығымен дүрс еткізіп. — Жаз, мен айтайын.
Тәжімұрат жүгіріп жүріп екінші бөлмедегі столдан қағаз бен қалам-сауыт алып келіп, жалма-жан арыз жазуға кірісті.
— «Крайком мүшесі, уатком ағасы Әлен Әлеуов жолдасқа!» деп жаз! — деді Айтан.
— Жаздым: «Жымпиты уездік атқару комитетінің председателі Әлеуов жолдасқа...»
— Дұрыс. Енді... Ым... Кеңес өкіметі орнағаннан бері адал қызмет етіп келемін... Жаздың ба?
— Жазып жатырмын: «Бостандық көксеген қазақтың көзі ашық азаматтары жаңа өкімет орнаған күннің ертеңінде-ақ езілген елінің еңсесін көтеруге кірісті. Бірі — еңбекші бұқараның оқу-білім ісін қолға алса, екіншісі — мешеу елдің жер мен суын дұрыс пайдалануына күш салды. Үшіншісі — денсаулық сақтау саласында қайрат көрсетсе, төртіншісі — әкімшілік, сот құрылыс жүйесінде еңбек ете бастады. Міне, сол игілікті істердің бір үлкен тармағы болған сот-тергеу құрылысында қал-қадарымша қызмет істеп келгендердің бірі мен едім. Жеті-сегіз жыл үзбей тергеушілік міндетін атқардым. Жоғарғы басшы мекемелер тарапынан да, жергілікті орындардан да осы ұзақ уақыт істеген істеріме абыройлы баға алумен келдім.
Өткен айдың 16 жаңасында қызмет бабымен Шідерті ауыл Советінде болып, сырқаттығым себепті салт атпен жүре алмаған соң ауылнайдың ат-арбасын қалаға жегіп келіп едім. Міне, сол ат-арбаны «ауылнайдікі емес, байдікі екен, сұрап жекпепті, параға алыпты
әлдекімнің таратқан өсегі ерді. Арбаның байдікі, кедейдікі екенін, болмаса ауылнайдың өзінікі екенін осы күнге шейін айырғаным жоқ. Ауылнай әзірледі, мен міндім. Бар әңгіме осы ғана. Бірақ іс насырға шапты.
«Ой сені ме!» деп маған көзін алартып келген прокурор тарпа бас салды. Үстімнен губернияға мәлімдеме жазды, айыпсыз орнымнан алғызды. — Тергемей, тексермей Жүнісов прокурор неге бәле жабады? — деп сұрарсыз. Бұған бір-ақ жауап бар деп түсінемін, өйткені Жүнісов Кеңес өкіметі орнамастан бұрын оқыған қазақ азаматтарының бәрін зиялы, байшыл деп қарайды.
Жүнісовтің жапқан жаласынан адал қызметкеріңізді арашалап алады деп сенемін.
Уездік халық тергеушісі Айтан Ақбасов».
Тыңдап отырғанда семіз тергеушінің терши түскен семіз беті елжірей қалған еді. Ал, Тәжімұрат арызды оңып шыққаннан кейін ол сұстана түсті.
— Өз ойым да осы. Тап осылай етіп жазармын деп ойлап едім. Үстінен түстің. Ал, анау марқа мен саба қалай болар екен? Артық болмас па? Марқаны жеуін жейді ғой, қымызды да ішеді. Тек туысқаны әкелді деген жері артықтау ма қалай? — деді Айтан.
— Артың емес, Айтеке. Әкелгені рас. «Мен өз көзіммен көрдім» деп Әжіғали милиционер айтты. Дабылдың келіні көрінеді келген, Қалампыр деген.
— Білем, — деді Айтан, — ол ауызды бәйбіше. Ол әкеледі, жарайды олай болса.
Айтан арызды төрт бүктеп қалтасына салды да, енді Тәжімұратқа орта стакан арақты өзі құйып ұсынды.
— Айтеке, мені қойыңыз, өзіңіз ішіңіз. Сіз үйдесіз ғой. Мені қазір Жүнісов шақырып қалуы мүмкін. Ауыздан араң иісі шығып тұрса шатақ болады. Дабылдың ісін де, Маймақовтың ісін де маған тапсырғанын айттым ғой, — деді.
Айтан қыстамады.
— Саған тапсырса жақсы болған екен, өзім де осылай болады ғой деп шамалап едім, — деді ол.
«Мақтанғаныңа болайын. Александр патшаның ескерткішіндей қауқиған бишара... деді ішінен Тәжімұрат шығып бара жатып.
Сөйтіп, Хакімнің үстінен жазылған арыз да, Ақметшенің айтқан тілегіндей, бір арнаға құйылды. Әлен Әлеуовтың қолына тиді.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
1
Хакім Акбардың кім екенін де ашты. — Жолдас Щитов, мен саған бір сауал бергелі келдім, — деді Хакім күліп ГПУ начальнигіне. — Аса қиын емес, алайда ойландыратын сауал.
Ол Щитовпен көбіне-көп қазақша сөйлесетін, өйткені бұл қазақ ауылдарымен іргелес селениеде туып-өскен белгілі егінші шаруаның баласы орысша сөйлеген қазақты жаратпай қалатын еді де, қате сөйлеген жерін қазақшалап жөндеп отыратын, оның үстіне тіпті кейбір мақал-мәтелдерімен сөзін өрнектеп сөйлеуге құмар болатын.
— Айтып, көр, шама келсе жауап беріп бағайын. Бірақ сен, Хакім, чекист Әйтиевтің уағында да істеген жігітсің, оның үстіне прокурорсың, мені жаңылдырайын деп отырған жоқсың ба? — деп Николай Щитов қазақша сақалын сипап жымия түсті.
«Осы сайтан неге сақал қояды екен?» деп ойлады да Хакім, ол ойын түптемей, жалма-жан ілкі әңгімеге кешті.
Егерде менің орнымда сен болсаң, Николай, саған Құныскерей шыған кездессе, оны сен кәміл танысаң, сонда сен не істер едің? — деді Хакім.
— Хитрый сауал, — деді Щитов, бұл жолы «сұм» деген сөзді біле тұра қолданбай, қазақтардың хитрый дегенді көбірек айтатынына еліктеп. — Менің Құнысты ұстай алмағаныма жория оспақ ажуа жасайсың, а?
Щитовтың бұл сөзінен Хакім нағыз Құныстың қолға түспегенін анық білді...
— Жоқ, Николай, сені ажуалап мен соншама... — ол сөз жұбын дәл келтіре алмай бөгеле түсті де, қайтадан бастады, — жоқ, Николай, сені ажуалап қайтейін. Бұл мәселе әзіл-қалжыңды керексітпейтін нәрсе ғой. Менің сауалым шын сауал. Мен сенің сондай жағдайда не істейтініңді білгім келіп еді.
— Егерде Құнысты кездестірсең не істер едің дейсің бе?
— Иә.
— Бұл мәселе менің талай бас қатырған мәселем. Оның ең қысқа жолы — бұл діннен безген шығанды соттау керек.
Хакім Щитовтың сөзіне бірден түсінбей қалды да, бірақ жауап қайтаруға тез жармаспай, бүл сөздің мағынасын ойлаңқырап алу үшін темекі орауға кірісті. Ол темекісін орап болып, тұтатқанша Щитов тағы да:
— Оны не де болса соттау керек, — деді.
Хакім бұл көпті көрген чекистің ойын енді болжағандай болды.
— Сырттан соттауға материалы жеткілікті, екені рас, алайда қолға түсірген дұрысырақ болар еді.
— Ол тірілей қолға түспейді, — деді Щитов, арғы жағын ашпай.
«Мен кәміл танысам, кездескен жерде атып тастар едім» деген қорытындыны Хакім оған айтқызбады. Ол енді ана қолда отырған адамның кім екенін, оны Щитовтың неге ұстағанын анықтауға бет бұрды.
— Солай екен... — Хакім әдетінше терезеден алысқа көз жүгіртіп алу үшін мойнын бұрып еді, бірақ Щитовтың кабинеті алысқа көз түсірмейтін түкпірде екенін, жалғыз ғана терезесі аула жаңқа шыққанын байқап, уездік ГПУ начальнигіне жүзін қайта тікті де: — Әлгі қолға түсірген шаруа Ақметшенің кімі? — деді.
Щитовтың қара қошқыл тартқан беті бүл жолы томсара қалды. Ол енді қазақша сақал сипауын да қайталамады. Орнынан түрегеліп терезе алдына барды да, Хакімге тура қарамастан:
— Ақметше біздің бәрімізден де тіс қаққан, өте ойлы және ең қиын жері: ол алдағы ісін бірнеше жыл бұрын ойлап, пішіп, ұсақ-түйек нәрселерге дейін күдіксіз етіп жобалайтын кісі: Менің ойымша бұл шаруа Ақметшенің бізді алдауға қойған қарақшысы, кәдімгі егіннің басына құс үркіту үшін қоятын қарақшы сияқты, жалған Құнысы. Қарақшы жалғыз ғана құс үркіту үшін қойылмайды, ұрыға да қойылады. Ана Шалқар сагасында Орымбек қажы дейтін шал бар ғой, сол шал қарбыз, қауынын ұрыдан сақтау үшін қас қарайғанша қақырынып, түкірініп өзі бақшасының басында шошайып тұрып алады екен де, түнде қос таяқты жерге қадап, үстіне шекпенін жауып, басына жаман ескі бөркін кигізіп кетеді екен. Жұрт оның бұл қулығын түсінбей, түнде ұйықтап алып ер¬темен үйіне қайтқан шалды кергенде: «Орекең түні бойы көз ілмей бақшасын қарауылдап шығады» дейтін көрінеді. Мына Ақметше қу да соның сыңары ма деймін. «Акбарды ұстасын ұстағыштар. Мен Құныстан аулақпын, Құныста менің, менде Құныстың шаруасы жоқ деу үшін шығар», — деді ол Хакімге, аула ішінен әлденені бақылап тұрған адамша, терезеден кезін алмай.
Хакім басын шайқады. Ол Щитовтың ұстағаны басқа кісі екенін аңғаруы былай тұрсын, бүл ұсталған адамның аты да Акбар екенін білді.
— Нар жегіп, атын қабырғаға байлаған нағыз Акбар маған көпірлі Аңқатыда кездесті, — деп ол Щитовқа анау күнгі Құнысты көргенін айтып берді.
— Ал, мен саған нағыз Акбардың қандай екенін көрсетейін, — деп Щитов жалма-жан кабинеттің есігінен басын шығарды да, әлдекімге иек қаққандай болды. — Ана шығанның өзі қолға түссе оны бұл жерде ұстамаймын ғой, ал мынау құлпы жоқ бөлмеде отыр, — деп күлді ол прокурорға бұрылып.
Ұзын бойлы, сіңірлі, бет әлібі бір қарағанда Құнысқа мықтап ұқсайтын, бұл да түйе жүн шекпенді, кебіс-мәсілі, еңгезердей қара кісіні ертіп келген ГПУ қызметкері Хакімге честь беріп, қайтадан шығып кетті.
Щитовтың сөздеріне, Ақметшенің ісі мен өміріне ой жүгіртіп отырған прокурор Акбарға бірден көз тікпей бірер минут кідірді де, сонан кейін шаруаға қарап:
— Сіздің атыңыз кім еді осы? Аузыма түсіре алмай отырғаным. Көптен көрмеген соң адамның жадынан шығып кетеді екен, — деді.
Шаруа қысылып қалды. Мұндай үлкен адамдардың өзін неге жауаптайтынын, не үшін оңаша жатқызып, жұрт көзіне түсірмей оңаша ұстап отырғанына көзі жетпеген бұл адам мықтап қорқып қалған болуы керек. Ол сәл уақыт сөйлей алмай, тұла бойы дірілдеп кетті де, Хакімге жалынғандай жалтаң-жалтаң қарай берді.
«Нағыз егін басына құс үркіту үшін қоятын киіз қарақшы сияқты екен. Щитовтың сипаттамасы дәл. Егерде бүл нағыз Құныс болса — кезімен атыса қарап, сөзден ерім өре бастар еді» деп ойлады Хакім, Акбардың жауабын күтіп отырып.
— Сен мына кісіні танисың ғой. Бүл Хакім Жүнісов дейтін прокурор, сенімен сөйлесіп, керек сұрауларына жауап алып, өзіңді ауылға, бәйбішеңнің жанына қайтаруға келіпті, — деді Щитов шаруаға жүзін аса жұмсартпастан.
Шаруа басын шайқады.
— Танымайсың ба?
Шаруа басын изеді.
— Сен Ақметшенің жақын құдасысың ғой? Неге үндемейсің, қорықпа. Николай жазықсыз адамды босқа жазғырмайды, — деді Хакім шаруаға.
— Аса жақын құдасы емеспін, — деді шаруа әлі де даусы дірілдеп. — Біздің жақын ағайынның қызын алып отыр Сәрсен. Қарындасымыз.
— А-а, — деп созып қойды Хакім. — Сәрсен Ақметшеге жанама ағайын.
— Құда дейміз, Ақаңды.
— Иә. Құда.
— Сол Сәрсен жағынан.
— Дұрыс, дұрыс. Сіздер Есентемірмісіз?
— Жоқ. Біз Есентемір емеспіз, Кетеміз.
— Ымм, — деді Хакім Құныстың «Кетемін» дегенін есіне түсіріп. — «Шеген құдыққа» қай жылы келіп едіңіз?
Шаруа Хакімнің жылы жүзбен руын сұрағанға риза болып кетті.
— Біздің ел егін екпейді ғой. Тауың жылғы күйзелісте Ақаң құданы сағалап келіп қалдық та, бұл жақта күн көріс жақсы болған соң орналаса бастадық. Қыс малды төмен айдағанда ел табанында болып, мұнда жазға қарай қайтамыз, — деді ол енді бірден-екі шешіле сөйлеп.
Хакім оның бойы үйрене бастағанын байқап өзіне керек жай-жапсарды анықтай түсті.
— Төменге түйеден басқа жылқы да айдайсыздар ма?
— Жоқ, Жылқының көбі сол жақта. Қысы-жазы сонда болады. Бұл жақтан түйе барады. Ақаңның ол жақта да елу-алпыс нары бар, — деді шаруа.
— Онда жылқы көп болмас?
— Аса көп емес қой, екі айғыр үйір.
«Ол жақта екі айғыр үйір жылқысы, елу-алпыс түйесі болса, малының тең жарыға жақыны сонда болды ғой. Мүмкін басқа жақта да қызыл нарлар мен дончактар бар шығар» деп ойлады Хакім.
— Сізге Құныс қандай жақын? — деді Хакім мал жөніндегі әңгімені тұжыруға бет алып.
Шаруа үрейлене түсті, ол жауап орнына басын шайқады. Прокурор оның бұл өзгере қалғанын «қорықты ма» деп ойлап оған ақыл бере сөйлесті.
— Сіз оның мүмкін, бізден сескенгеннен атын да атағыңыз келмейтін шығар. Ол бір қылмысты адам. Онан жұрттың бәрі ат-тонын ала қашады. Бірақ сіз әңгімені бізден жасырмауыңыз керек және пәлесі тиеді деп шошымағаныңыз жон. Әркім оз басына ғана жауапты. Сіз Құныс үшін айып тартпайсыз, — деп темекісін тұтатты.
— Мен оның атын ғана білем. Өмірде көрген адамым емес. Біз Кете, ол Қызылқұрт болуы керек жұрттың айтуы. Еліміз де басқа, жеріміз де басқа, — деп шаруа жалынышты пішінмен Хакімге мұң шаққандай болды.
— Атыңызды айтпадыңыз ғой, — деді Хакім шаруаға, сөйтті де басқа сұрарым жоқ дегендей Щитовқа көз тоқтатты.
— Атым — Акбар. Біз алты ағайындымыз, мен ортаншысымын әкемнің. Менен үлкен Жаппар деген ағамыз қазір елде Ақаңның малына бас-көз болып тұрған.
Хакім Акбардың әңгімесінен: «Бұл шын Акбар жиырма бірінші аштық жылы Ақметшенің ауылына көшіп келген екен, мұның Құныспен ешбір араласы болмауы мүмкін, он сегізінші жылғы Жаншаның қаруын тасыған керуеннің басындағы ұзын қара сол шығанның өзі болуға тиіс; бұл шаруа да, оның ағасы да Ақметшенің шаруасын шаруалаумен жүрген адамдар болды», — деген қорытындыға келді.
— Мен де бұл Акбар Еламан ұлын адал шаруа деп санаймын. Бірнеше күн оңаша сөйлесіп, осындағы бір саудагер жөнінде күмәнды, күмәнды жайларды түсіністік. Енді еліне қайтаруға болады ғой, жолдас прокурор, — деді Щитов онан шын рұқсат сұраған пішінмен.
— Әлбетте, — деді Хакім басын изеп.
Щитов әлгіндегі Акбарды ертіп келген қызметкерін шақырып алды да:
— Еламановты ауылына жеткізіп салыңдар, — деп жарлық берді.
Қызметкер:
— Құп болады! — деп құлақ қақты да, Акбарға бұрылып, — жүріңіз, отағасы, — деді.
Хакім мен Щитовтың мұнан арғы әңгімесі Ақметшенің Құныспен қай түрде жолығып жүруі жайлы болды...
2
Талай бұзауын өлтіріп, талай қозысын арқалап кеткен табандағы ауылға тура соға алмай, қыр астынан сығалап, аулақта жортқан аш бөрідей бір күні боз атпен желге қарсы аяңдап Құныс келе жатты. Оның бас паналар құмы Қаратөбеден әрі жатса да, айында-аптасында төбе көрсетер жері әзір молды. Соның бірі ең кемі екі айда бір соғып өтетін «Шеген құдық». Бірақ оның келіп кеткенін бүл жерде көретін-білетін адамның өзі жоққа тән: тіпті оны көрген жан «көрдім» деп, білген адам «білдім» деп тіс жарған емес. Оның не үшін «Шеген құдыққа» соғатыны да бимағлұм сияқты. Сонда да оның өткен айдың аяқ кезінде үлкен қалаға жуың маңды да шарлап еткені анық. Ол уездік прокурор Хакім Жүнісовтің де жолын кескені белгілі еді. Ал, қазір мүмкін сол Жүнісовтің алдына жүгінгісі келді ме кім білсін, бет алды әйтеуір уезд орталығы.
Соңғы кезде өткен күндерін көбірек еске түсіріп, ол ат үстінде ойға кететін де жайы бардай, қалғыған адамша келе жатады. Анда-санда: «Солай, өкімет құрығы ұзын» дейді өзіне-өзі. Бұл Аңқаты басындағы айтқан Хакімнің сөзі еді. «Өкімет құрығы ұзын болса — неге салмайды оны мойынға? Торушы тосқауылдың ізін суытқалы екі жылдан асты. Не қырда, не ойда аңдушының сыбысы білінбейді» деді ол тағы да езіне. — «Әлде кешірмек пе?.. Жоқ! Жарасы жеңіл бас жару емес, қол сынып, көз шығу да емес. Коп адамның қазасы, коп жанның қаны төгілді егеспен. Алайда бұған күнәлы мен бе екем? Мен еруліге қарулы істі қолдадым...» — желге қарсы жүріп келе жатып ойлап еді ол мұны.
Оның бет алды Қаратөбеден Жымпитыға асатын қара жол, ол осы жолды қиялап келіп кесіп өтпекші болды. Өкше арты үлкен құм, жиырма-отыз шақырымсыз ел төбесі көрінбейтін құла дала. Боз ат аршындай аяңдап келеді, оқта-текте болмаса оны жортаққа көтермей иесі жайымен кештетіп, ел маңына ойыспақшы.
Күн еңкеуден әлдеқашан құлап кеткен, бірақ етек желпір жел тұрмай, тымырсық орап демді буып тұрғандай қапа. Жалғыз аттылы жол алабына қарай сүйір құйымшақтанып созылған құмайттан аса бергенде ғана еңқу астынан қағу желпіді. Қиялап келіп ол сол аяңмен жол тепсеңіне ілікті. Жолға түсіп жорту елсіз жерде қауіпті бола бермесе де, үйреншікті әдетімен ол үзеңгіге шірене көтеріліп тоқтап тұрып, оңды-солды көзбен шүйді. Алдында сонау Бұлдырты қырқасына шейін көз сүрінер бұдыр жоқ, ал, арт жақта жалғыз ноқат қарасын қыбырлайды.
«Саудагер ноғай, жә поштабай» деп түйді Құныс қарасынды. Аяңмен біраз жер жүріп келіп, аттылы тағы да артына қарады да: «Саудагер болса аңырын жүрер еді, мынау қарасын көзге ілініп қалды, тіпті пар жеккен арба. Поштабай болуы неғайбыл» деп ол жолдан жүз қадамдай шеткері шығып атынан түсті. Иесінің ниетін сезгендей ат түйеше шөгіп, қос тізерлей қалды. Құныс оның құлағының түбін бір қасып өтті, бүктеулі қамшымен ақырындап оны мойынға қағып қойды. Ат аунауға әзірленгендей аяқтарын керіп көлбей түсті. Мұнан кейін ат иесі жүресінен отыра қалып арбалыға көзін тікті. Арбалы әлі де әрегіректе екен, бірақ мұның поштабай екені анық-ақ сияқты, тіпті жүресінен отырған адамның құлағына алыстан талып жеткен қоңырау даусы сияқты нәзік дыбыс та шалынып қалды. Арбалы жақындай түсті. Бірден-екі ол жығылып жатқан атты, қасындағы жүрелеп отырған иесін анық көрді білем, екі көзін алмастан қарады. Арбалы нағыз деңіне келгенше Құныс басын жоғары көтерместен, бейне бір өліктің басына дұға етіп отырған адамша отырып қалды. Аң-таң бол¬тан арбалы жолаушы атының делбесін сәл тежей түсіп, деңінен өтіп барып кідіруге айналды. Қарасын көрсе тоқтай қалуға үйренген аттар да шоңқиып отырған адамды көріп ілби түсті. Жолдан екі жүз қадамдай жерде отырған кісі орнынан түрегеліп, аяғын шойнаңдай басып, қарсы жүргенде аттар біржола тоқтауға да бет алды. Қырдың бұл әккі болған жылқылары: «Ассалаумағалайкумнен бастап, қай жер, қай ру, қай жақтан келе жатқанын сұрасып үлгіргенше бір тыныстап алайық» деді білем, шойнаңдаған адам келіп жеткенше, тоқтап та үлгірді. Бірақ арбалы серейген кісінің түрінен сескенсе керек, ол бес — жиырма қадамдай жер қалғанда аттарды шыбыртқымен осып-осып жіберіп, cap желіспен бөгелмей аса берді. Арбалының жедел ниетіне басқа әдіс эсер етпес дегендей Құныс жыламсырағандай мүләйім дауыспен:
— Азамат, бір ауыз сөзге бақсаң, мүгедек жолаушымын, — деді.
— Немене? Қандай мүгедектік? — деп айқайлады арбалы қатал үнмен. Сөйтті де, ол жаяу жолаушыға құлағын қолымен қалқалай тосты.
— Азамат, мен бір кенеттен қазаға ұшырап қалған жолаушымын, — деді Құныс дірілдеген дауыспен, аты жатқан жаққа қарай қолын шошайтып. — Бүгін ертеден жаталақшып шығып еді, атым осы жерге жетті де жығылды. Әне жатыр!
Делбесін сәл тежей түскен поштабай:
— Оны не қыл дейсің? Өзің кімсің? — деп айқайлады.
Құныс оған шойнаңдаған күйі ере сөйлеп кетті.
— Қарабаудікімін. Ауылнаймын. Қалаға барамын: Азамат жігіт, ілестіре кетсең. Жаяу қалдым, — деп дауыстады.
Шын мүләйім адамның даусымен жыларман күйде шойнаңдай басып келе жатқан адамға оның жаны ашығандай болды. Бірақ жолда тоқтауға болмайтынын, әсіресе, мидай далада ешкімге жолығуға жарамайтынын ойлап ол ат делбесін қыта түсті.
— Азамат, мұсылмансың ғой. Мына күймен қалаға қалай жетемін. Ақысын төлейін. Арбаңа мінгізе кет.
Екі ойлы поштабай, «аңысын төлеймін» деген сөзге ерді ме, әлде шынымен аяды ма, әйтеуір, күліп:
— Қанша бересің? — деп айқайлады.
— Қанша алсаң да ал, азамат, — деген жауап жетті оның құлағына.
— Сонда да қанша?
— Өзің айт, азамат. Не айтсаң — сол болсын.
— Жиырма манет берсең мінгізейін.
— Ер-тоқымымды ал.
— Ай, ер-тоқымың да өзіңе, өзің де өзіңе. Еш нәрсенің де керегі жоқ маған. Мен пошта айдаушымын. Адам мінгізуге болмайды.
— Білемін болмайтынын. Қалаға жақындағанда түсіп қалайын. Азамат, қол ұшын бере кет. Мен де бір кәдеңе жарармын.
Поштабай аз ойланып, атының басын тежей түсті де:
— Жарайды, — деді.
— Рақмет, азамат. Мен ер-тоқымымды алып келейін.
Құныстың шойнақы мүлдем жазылып кеткендей болды. Ол ұзын-ұзын адымдап, аяғын тең баса ұмтылды.
— Тез, күтуге уақыт жоқ, — деп поштабай тақымын жазбақшы боп арбадан қарғып түсті. Ер-тоқымды ебедейсіздеу қолтықтап, шекпенінің етегін желге кере Құныс та жетті. Ол үнсіз-түнсіз жүгін арбаға ырғай ұрып өзі де мініп алды.
— Ай, отағасы, сен арбаға аяғың іліккеннен кейін, «мына ат-арба енді өзімдікі» деп ойлап қалғаннан саумысың. Көрмейсің бе, мынау менің орным ғой. Әрегірек, ана артқы қалқанға таяу отыр. Сонсоң, — деп поштабай оның астына басып алған винтовканы суырып алып, өзіне таман салмақшы болып еді, «аты өлген жолаушы» етегін басып қалып, орнынан тұра алмай қалған адамша өзінен-өзі күйбеңдей қалды.
— Сенің, азамат, сөзіңнің жаны да бар, — деді ол поштабайға бір нәрсе беруге ыңғайланғандай шекпенінің жеңін сыбаныңқырап. «Бұл орын маған жайлы екен», — деп күзенді інінен қуып шыққан кірпідей, — менің де бір жайсыз отырып қалатын әдетім бар. Сен өзің ол мылтықты қозғап әуре болма, өйткені маған да бір осындай қару керек болып қалды.
Делбесімен болып «ақсақ» жолаушыға жүзін бұрмай сөйлеген поштабай «шын айта ма мына малығұн» деп оған жалт қарап еді, өз көзіне өзі нанбастай жайды көзі көрді. Аты өлген «бишараның» қолындағы кішкене ақ наганның аузы тұп-тура оның кеудесіне қарап тұр. Поштабай наганнан бұрып көзін жоғары көтерді: өңі қара қошқыл тартқан қарақұс көзді Құныстың ірі денесі де тізерлей көтеріліп, жаңа ғана отыра берген мұның үстіне шөге кеткендей төніп қалған. Поштабай жасып, ығудың орнына басын шайқады.
— Мен Құныспын. Қимылдасаң өлесің! — деді атақты жол тосушы, арлан қасқырдың гүріліндей, жан түршігерлік әрі жуан, әрі қарлыққан тарғыл үнмен.
Поштабай тағы да басын шайқады.
— Құныс екендігіңе менің шәгім бар...
«Құныспын» деген сөзге ол селт ете түссе де сыр бермеді, үнін де өзгертпеуге тырысты.
— Шәгім бар, отағасы, үлкен шәгім бар, — деді поштабай қайта қайырып.
Жасы отыздан асқан, дембелше келген бұл қара кісінің жауырыны, белі біртүтас, сандал сияқты, жазық және жалпақ еді. Оның беті де денесіне үйлестіре жасағандай жап-жалпақ маңдайы тәйпек, көздері үлкен, құлақтары кішірек, бірақ сырғалығы қиықсыз ұзарып барып, шықшыт теріге ұласып кеткендіктен ірі көрінеді. Ал, өзі етті, ірі дөңгелек бетке орта қол мұрын аздың етіп тұрғандай: оның үстіне, қалың болмаса да қара мұрт жапқан көлемді ауыз, ол мұрынды анағүрлым кішірейтіп көрсетіп, тіпті пұшық па өзі деп қалғандай. «Осы кім еді?» деп ойлап қалды Құныс, оның ықпастан басын шайқап және «сенің Құныс екеніңе шәгім бар» деген сөзіне, бұрын көріп жүргендей таныс кеуделі түріне тура қарап тұрып:
— Шәгіңді соңынан жұртқа айтарсың. Ал қазір арбадан түс те, он қадам шетке шығып тұр.
— Айттым ғой шәгім бар деп...
— Сөзді қысқарт, қаның төгілмесін десең арбадан түс.
— Арбадан мен түсейін. Түспейді деп саспа. Өйткені сен Құныс емессің ғой, адаммен адамша сөйлесетін.
Құныс оның мына сөзіне намыстана бастады.
— Сен кімсің өзің, мұндай салмақты сөз айта білетін?
— Сен Құныс емессің. Ал, мен кәдімгі өзің естіген, жауырыным жерге тиіп көрмеген, бірақ Құнысты бір сілки алмай жүрген Жолмұқанмын. Не керек өзіңе? Ана ойыншығыңның аузын басқа жаққа бұр да, керегіңді айт. Мен берейін. Ат па саған керегі?
Құныс мүдіріп қалды. Жолмұқанның ер келбетіне ден қойғандай болды. Және оның палуан екені, атағы он екі болысқа тегіс тараған белгілі Жолмұқан екені оған бір сәт су сепкендей әсер етті. Жаудың мүдіргенін көріп Жолмұқан оны жерлей бастады.
— Бүркіт қартайса тышқаншыл деген. Сен Құныс болсаң бұл сияқты тышқаншылық халге келмейсің. Поштаның мәштегін алып, хат салған қапшығын жағу Құныстың атын былғағандық қой, отағасы. Оны өзің байқамай қалған шығарсың.
Жиырма жылдан астам, оның ішінде елден жырақ он жыл бойы сан рет қарулы да, қарусыз да жандармен шайқасқан бас кесер Құныс мына сияқты міз бақпай қарсы алған жалпақ денелі, ер келбетті, сөзге де, қимылға да батыл адамды бірінші рет кездестіріп еді. Бетпе-бет келгенде көбі оның сұсынан үркіп, көбі жұрт аузына жайылып кеткен мергендігінен тайсалып, көбі жан безер, қара жүрек, қан ішерлігінен қорқып, желден ыққан қаңбақтай дөңгеленетін. Ал, мынау өзінен де асып түсті. «Сол Жолмұқан ит болар, маңдайы аруақты екен, бір тайпа ел қонарлық Қараобаның жазығындай» деп ойлады Құныс.
— Азамат, сен не дедің? «Құнысты бір сілки алмай жүрген Жолмұқанмын» дедің бе? Сіліксең міне, қарсы алдыңда түр сол Құныс. Сені менің соңыма түсті дегенге мен сенген жоқ едім. Айтуыңа қарағанда бұл ақиқат болды ғой. Иә, ашыңқырап айт: мені сілкушінің бірі сен бе едің әлі?
— Сен шын Құныс болсаң көрсет Құныстығыңды, менің айтатын сөзім бар, — деді Жолмұқан арбадан түсіп.
— Қандай сөз?
— Әуелі Құныс екеніңді дәлелде.
Арба үстіндегі Құныс жылқы суарғандай «өлген ат жаққа қарап екі рет «ғыш-ғыш!» деп қалып еді, аунап тұрған аттай, үлкен аң боз алдыңғы екі аяғын қаз-қатар салып еңсесін көтеріп алды да, дік етіп орнынан ұшып тұра келді.
— Қара, ана атқа! — деді ол Жолмұқанға.
Жолмұқан «ғыш-ғыштағанда» ақ атқа көзін тіккен еді. Енді сілкініп-сілкініп жіберіп көлденеңдей қалған аттың ізін бақты. Екінші рет шыққан «ғыш-ғышқа» ат бұрылып иесіне бір қарап алып, қарсы жүрді де «қасыңдағың кім?» деп таңырқағандай, арба мен аттарға қарап құлағын қайшылай кілт тұра қалды.
— Жарайды. Aт Құныстың аты екен. Ал, енді сенің ана қолыңдағы наганның оғы жетпес, көрпе астындағы менің винтовкамды ал да, сонау төмпенің басында отырған құладынды атып түсір, сенің шын Құныс екеніңді мен сонда білейін. Әйтпесе, жол тосып жүрген, Құныстың атын жамылып жүрген қоянға шабатын қасқырлар көп, — деді Жолмұқан оған.
— Мені сен әжуа қылғалы тұрсың ба, әлде Құныстың белгілі боз атын көре тұра басқа біреу мініп жүр деп шын сенбейсің бе? Мен саған көрсетейін кіммен кездескеніңді, — деді Құныс арбадан секіріп түсіп.
— Ажуа емес. Бір Құнысты тергеушілер қолға түсіргелі көп күн өтті. Соған қарап мен сенің келбетің келгенмен, отағасы, өнеріңді көріп шын көзім жетпегеннен кейін айтып тұрмын. Ал, Құныс болсаң менің саған айтарым бар деп жаңа ғана еғлан еттім ғой. Шын Құнысты соңына түсіп іздегенім де рас. Бұл жөнінде сөз кейін.
Құнысты Құныс емес дегеніне шынымен-ақ намысына шоқ түскен ұзын қара жалма-жан арба үстіндегі өзінің жаңа ғана астына баса қалған мылтықты суырып та алды. Оның винтовканы ұршықша иіріп үйренген қолы шаппасының қайыра салған кілтін де орнына сарт еткізді. Қарауылдың түпкі жастығын да қыл елі жоғары ытқытып жіберді. Сөйтті де:
— Мынауың поштабайдың көсеуі болып жүрмесе, құладынның басын іздемейсің, — деп ол жарты шетен жердің бойындай алыста қаперсіз отырған тұсқа кезене берді, шаппа сырт етті де, ілесе мылтық даусы ыстыққа булығып, бейне бір сынып кеткен бақандай шарт үзілді. Жолмұқанның көзіне құс, тоңқалаң асып кеткендей, бірер дөңгеленіп төмпенің етегінде қарауытып қала берді.
— Отағасы, кел көріселік. Құныс та өзі, ат та өзі екен, — деді Жолмұқан қос қолын ұсынып.
Ұзын қара оның қолын алды да, бетін сипай салып:
— Бүркіттің тышқаншы болғанын мен де жаңа көрдім. Жүзіңді көрмесем де өнер-күшіңе қанық едім. Бірақ соншама атақ поштабай деген бір шөкім арбакештің бойына сия қалғаны тағдырдың ғана ісі шығар, — деді.
Құныстың жүзінде күлкіден гөрі кекесін көлеңкесі дерлік тыржың тартқан шырай көріне түсіп жоқ болды.
Жолмұқан да күлмеді, басын ғана шайқап қойды.
— Қайырып айтқан сөзге жауап сапталмайды. Сол үшін «тышқаншы» деген сөздің қаруы жоғалды. Мен, отағасы, жолда жүрген бейсеуіт жалғыз аттылыны көргенде-ақ, базаршы емесін байқап ем. Бірақ не үшін, не мақсатпен жүргеніне көзім жетпеді. Әлі де жетпей тұр, мені неге қарауылыңа алдың? — деп сұрады Жолмұқан.
— Айттым ғой, маған қару керек болды деп. Сол үшін тоқтаттым.
— Құныс қарусыз жүреді деп кім ойлар еді?
— Құныс қарулы, сонда да басы артық құрал көз шығармайтын уақыт.
— Менің қару берерімді қайдан білдің?
— Жолмұқан екеніңді білгенім жоқ. Жолмұқан аз ойланып тұрды да:
— Айтар сөзім бар дедім, мойныма борыш есебінде жүрген сөз еді. Тап келдің, тыңда. Бір кез үйірлеп жылқы айдап алдың — желге кетті. Басшымен ерегістің, көп жанның басын кестің — абырой-атақ әпермеді. Тек қана «бас кесер» деген ата-баба қолдамаған атқа ие болдың. Ал, қазір соңыңа түскен қуғыншы жоқ — өткенің кек шақырмайды. Бұлай жүріп не сән, не салтанат?! Байлыққа бастан ұмтылған жоқсың, өйткені оның құны саған түбі түскен шелекпен бірдей. Жарасымды бір кәсіпке оралар уағың жетпеді ме? Осыны өзіңе айтсам ба деп ем. Міне айттым, — деді.
— Осы ма айтарың? «Бейсеуіт аттылыны көргенде-ақ базаршы емесін байқап ем» дедің. Сонда осыны айту үшін жан берсем де айтып өтейін деп тоқтағаның ба? — деді Құныс қабағын қара құсша түйіп.
— Иә, бұл жолда санаусыз жан жүрмейтінін білем. Жол бойында ырғай басқаныңды да байқадым. Ат тізесін бүктіргеніңді де болжадым. Бірақ үстіңе келдім, кім екен, не дер екен дедім. Ол болса өзегіне сөз, назарына көз өтер ме екен білейін дедім. «Адасқанның арты жөн — қайтып үйірін тапқан соң» демек үшін бәрі. Енеден еркек туады, бірақ елі болса ғана ер. Ал ол табанда тұрғанда еркек ұлдың елден безуі есерлік.
Құныстың қара сүр беті қуқылданған тәрізді болды. Мына қарсы алдында тұрған бейне даланың өзі сияқты жалпақ жігіттің тайсалу орнына, тайсалдыратын сөз оғын сермегені күтпеген шайқасу болды білем, бөгеліп қалды. Мұнысын ой жинақтауға шақтап, қонышынан асықпай шақшасын суырды да, тырнақ толтырып поштабайдың күшіне сенгендей, шалқайған қайсар пішініне тесіле қарап тұрып, қос танауға кезек-кезек насыбай жанастырды... Сөйтті де:.
— Мә, иіске. Сенің шамырқанар шағың, палуан. Сөзге де палуан екенсің. Маңдайыңа қарап өзім де: мынау бос жатқан жазың болмас, түтіні тура шалқыр деп шамалап ем, — деп шақшасын Жолмұқанға тастай берді.
Жолмұқан қақпағы сүйек үлкен мүйіз шақшаны қағып алып, алақанына бір шымшым насыбай түсірді де өзіне кері ұсынды.
— Иә, палуан. Мен тап осындай сөзді пыркаролдың аузынан да естіп едім. Өзекті сөз. Бірақ ұсынған басты қылыш кеспес деген нақыл ескірді. Мылтығың жаңа екен, басқаның қолында болса сөз басқа еді. Жолмұқанға зорлық жасау, қолдан келсе де күпірлік болар. Қош! — деп мылтығын қолына ұстатты.
— Қате, Құныс. Сөзің жаңсақ, аяғыңды тағы да шалыс бастың. Мына менің де тентектігім құлақ кесуге татып еді. Сонда да сол айтқан пыркаролың өткенге салауат деп, әрідегіні қозғамай, берідегіні елемей азаматтық жолға жетеледі. Ұсынған басты қылыш кеспейді дегенге бұл ашық сипат емес пе! — деп Жолмұқан винтовкасын орнына қайта салды.
— Сенікі басқа безбен ғой, палуан.
— Безбеннің аты — безбен, отағасы.
— Мені алайда саған теңемес. Сен ел ішіндегі қыңыр жүрісті ғана жан деп естігенмін. Ал мен бол¬сам хүкімет адамдарына шүйде көрсетемін деп жаздым ғой...
— Күнәға — жаза. Онан бас тарту қай заманда жөн тапты?! Әділ қазыға жүгінбей кеткен жазықты жоқ. Ердің бір ісі — ел алдында тізе бүгу. Тізе бүккен ерін ғана маңдайынан сипайды ел. Ал, асауға бұғау тастау — абыроймен қолға тұрғызу емес. Жер таянған әкең бар, тайлақтай тарпаңдаған балаң бар. Бөрідей жортып жүріп олардың біріне иман салу, біріне ғибрат беру екіталай іс. Мен айтарымды айттым, отағасы. Қош бол, — деп Жолмұқан арбаға секіріп мінді де, атының делбесін қақты.
Ұрының аты өзіне лайық, арба жүрісімен-ақ басын жерге бір салып, бір көтеріп тұрған боз ат, иесіне жетіп келді. Құныс ер салды да, бірақ атына мінбей қара жолдың үстінде тұрып қалды.
Әрегірек ұзап шыққан поштабай қырқадан түсіп бара жатып, мойнын бұрып кейінгі жаққа қарап еді. Құныс әлі сол орнында тұр екен. «Ойланғанмен тәуекел ете алмай бөгелді» деп Жолмұқан басын шайқады.
3
— Бұл Әлібек неге кешікті? — деп сұрады Хакім әйелінен, інісінің хабар бермей қойғанына күдіктеніп.
Бірақ анау күнгі ренжіткендей, тағы да көңіліне келіп қала ма деп, Меңдіқыз жауап беріп үлгергенше болмай, ол әйелінің келіп сыртынан құшақтай алды: аяғы ауыр, қимылы тосаң келіншегі айналып бұрылғанша Хакім оның желкесінен өбіп, қарнынан сипап өтті. Әйел, әлде ерінің мейрімді мінезіне балқып кетті ме, әлде оның өткен ренішті жұмсарту ниетін қосыла құптады ма, әйтеуір оның құшағынан асықпай босанып, ақырындап бұрылып, әке қабағын аңдыған балаша көз құйрығы күлімдеп, бетіне еркелеп қарап тұрды да, кенет мойнына асыла кетті. Мұнан бұрын, тіпті алты, жеті ай бұрын да ол Хакімнің мойнына секіріп асылатын еді. Қазір күніне жақындап, толығайып кеткен іші мойынға асылуға жібермей ол тек бойы жетпей қарманған адамша қолын соза берді.
— Аласарып кеткенсің?! — деп күлген Хакімді ол иілген кезде ғана құшағына алды. Оның мойнынан, бетінен, көзінен қалдырмастан сүйіп, қолындағы папкесін стол үстіне қоюға да босатпай есік алдында тұрып алды.
— Болды ғой енді, — деді Хакім әйелі аймалап сүйіп, әбден құмарынан шыққан кезде. — Сағынып қалыпсың ғой...
Меңдіқыз сонда да босатпады. Ол әлсін-әлсін ерінің көзіне қарап алып, қайтадан аймалады...
— Біреу келе жатыр білем, Меңдіқыз, — деп Хакім есікке құлағын тосты.
— Сыртқы есіктің темірін салмап па едің?
— Қақпаның да, есіктің де сұқпасы салулы.
— Онда мысық шығар.
Бірақ сенекке нық басып кіріп, бері жақындаған аяқтың күрт басқан қатты дыбысы адам екенін және аяқ киімі етік екенін Хакімнің құлағы анық-ақ айырды.
— Қырдан келгендердің бірі болар, — деді ол әйелінің қолын мойнынан түсіріп.
Бұлар екі айрылып өз орындарына жеткенше есік те ашылып кетті — ар жағынан ұзын қара кісі көрінді.
Меңдіқыз ас үйге беттеген еді, бірақ ол есікке жетпей тұрып қалды. Оның екі көзі ұзын бойлы кісіден... кәдімгі әлденеше рет әңгіме еткен кісіден... Құныстан аумады. Көзі оған қараған сайын үлкейе берді, шарасынан шығып кете жаздады.
— Жоғары шығыңыз, — деді Хакім, үйге кіріп қалған бұл таныс адамға, басқа сөз оның аузына да түсе қоймады.
— Айып етпеңіз, Хакім мырза... Күтпеген де шығарсыз. Алайда сізбен тілдесуді мақұл таптым. — Ол
Меңдіқызға бұрылып: — Сіз шошынбаңыз, танымайтын және адам қорыққандай дәу қара кісі болғанға үркіп тұрсыз ба келін. Сізбен таныс болмағаныммен Хакім мырзамен жүз таныспын, анау күні жолда дәмдес болдың, — деді, ол стол жанындағы орындыққа жақындай түсіп, бірақ оған отыра қоймай.
Үрейі ұшып кеткен Меңдіқыздың құлағына бұл ұзын қара кісінің сөзі дүңк-дүңк еткен әлдеқайда алыстағы біреудің дабырындай болып келді. Ол оның не айтқанын ұқпай, «не қылайын?» деген адамша тек Хакімге бақты.
Хакім бүл кісінің Құныс екеніне енді шәк келтірген жоқ. Бірақ оның не пиғылы барын, неге келгенін шамалау оған бірден оп-оңай да іс көрінбеді. Әңгімені неден, қалай бастарын білмей, ол сәл дағдарып қалып:
Отырыңыз. Тілдесу жақсы ниет, — деп бір қойды. Сонсоң Меңдіқызға: — Сен жатсаң қайтеді, басың ауырып түр ғой, әлде ас үйге шығасың ба? — деген оның әйеліне айтқан жұбанышын бейтаныс қонақ өзінше жорыды білем.
— Келін шырағым, сен отыр. Ешқайда шықпай-ақ қой... Сенен жасыратын сөз емес, — деп бұйрық еткендей Меңдіқызға орын көрсетті.
Меңдіқыз жақын тұрған орындыққа отыра кетті. Қонақтың «ешқайда шықпай-ақ қой, келін» дегенін Хакім де өзінше ұқты.
— Сіз бүл үйден қауіптенбеңіз, — деп ол қонақтың жүзінен сыр берер нышан күтіп бөгеліп қалды да, жауап болмаған соң тағы да бұл сөзін сыналай түсті: — Бұл үйге тікелей жұмысы бар адамдар ғана келеді, мемлекет орындарының қызметкерлерін рұқсатсыз торымайды. Сондықтан қысылмай, күдіктенбей, жайласып отырып әңгімелесуіңізге әбден болады.
— Қауіптенсем, сескенсем, келмеймін ғой, пыркарол мырза.
«Үстінен түстім. Өз пиғылынан өзі хабар бере бастады. «Неден сескенем» деп ыршып түспеді» деп ойлады Хакім.
— «Келін, ешқайда шықпа, отыр» дегеніңізге қарап айтқаным. Әрине, қолға түсемін деп сескенсеңіз прокуратура мен ГПУ-дың маңына жуымайсыз ғой...
— Сөз бар ма!
— Мұнан былай сізді «Акбар» жә ұзын бойлы қара кісі демей-ақ Құныскерей деп сөйлесейін. Иә, бастаңыз, тыңдауға мен әзірмін.
Құныс ашық кетті.
— Сіздің мені танығаныңызды әнеугүні де білгенмін. Онда бірақ бет ашысып пікірлесуге бел байлаған жоқ едім...
Меңдіқыздың екі көзі Құныста ғана болды. Ол енді «Хакімге бет бұрсам мына жартыбас аңсызда жазым етіп кетер» деп бақты. Оның үрейі бұрынғыдан да бетер ұша бастады.
— Бірақ келетініңізді білдіргенсіз... Сонсоң маған Құнысты тану қиын емес қой. Білесіз бе, он сегізінші жылы июнь айының ішінде Текеден он бір арба қару-жарақ тиеп қайтқаныңызды!.. Ақметшенің қызыл нарларымен.
— Болар бала боғынан деп, сол күнде-ақ Абылайдан айланы асырып кеткеніңізді қайтып естен шығарарсыз.
Бұл кісінің анық Құныс екеніне, енді оның ашықтан-ашық паналау, кешірім сұрау ниетімен жағалап келгеніне көзі жеткен соң Хакім, алдымен өзіне тұман жағдайларды суыртпақтап тартуға бет қойды.
— Мұның бәрі оз алдына әңгіме... Ақметшенің жақыны болғанмен араша түсе алмайтынына көзіңіз жетпей, осы күнге дейін соның қорасын күзетіп келгеніңізге қайранмын. Қайратты ғана емес, ақылды да адамсыз. Соған таңмын, — деп ол басын шайқады.
— Менің күнәм Ақметшенің қорасын күзеткендік емес. Мұны, Хакім мырза, аңдап айтыңыз. Ешкімнің қорасын күзетіп көрген емен...
Құныстың шабына от түсіп кеткеніне Хакім ішінен: «Түрт, шайтан, солай ма екен! «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деп ыршып түскенің керек» — деді.
— Білем. Сіздің күнәңыз он тоғызыншы жылдан басталды. Ауылсовет болып жүріп өкіметтің екі жігітін атып тастаған күннен, онан бергі жердегі сан адамды жазықсыз өлтіргеніңізден басталды. Бұл ашық іс. Солай бола жүріп, түкке тұрмайтын нәрселер үшін Ақметшенің төңірегіне бұкпантайлағаныңызды қора күзетті демей не дейін. Соншама Ақметше бір өкіметке сөзі өтетін кісідей-ақ. Ғажап нәрсе, адам түсініп болмайтын іс, — деп Хакім тағы да басын шайқады.
Прокурордың жүзіне түйіле бір қарап алды да, Құныс еңсесін көтере түсті. Оның тап сол кездегі пішіні көлденеңнен қарап отырған Меңдіқызға қомданған қара құстың төбе басындағы түріндей боп елестеді. Ұзын қолдары бейне қарақұстың қос топшысындай шынтағынан иіліп, ораң тұмсықты, сопаң, қара қошқыл жүзінде шұңғыл көздің рақымсыз жанары жарқ еткендей болды.
— Адам тойған жерінде жүретін ит емес, ол ұясын күзеткен қарақұстай мекенін ториды. Менің мекенімнің бір қабырғасы Ақметшемен қабырғалас. Мына өзіңізге Ақметше туған жиен болса, маған одан да гөрі жаңын. Өйткені, менің тұңғышым оның туған жиені ғана емес, оны баулып ұшыруға тәрбиесін беріп отырған Ақметше екінші әкесіндей. Бірақ менің күнәм да басқа, ісім де басқа, жүрер жолым да басқа. Мені Ақметшеге, Ақметшені маған тіркеу жолсыз. Ал, Ақметшені төңіректеуімнің мәнісі де тұңғышым үшін...
Әлі де айқын емес жайдың ұшын ауызға салуға тырысып Хакім:
— Тұңғышыңызға дау айта ма. Күні жетсе бастан жақ та айрылады, оны бөлектеу оңай ғой, — деп Құныстың ойын әрілетуге жетектей түсті.
Аз ойланып отырды да, жұмсарған үнмен:
— Қаршығаны Ақметшеден алшақтату әзіңіз айтқан тап сол бастан жақты айырғанмен бірдей. Жалғыз қарындасы көз жұмып шаранада қалған нәрестені алдына алып келіп қана: «Мынау Қаршыға үшін кешір» деп бас идірткен адам. Сол нәресте үшін ол өлген қарындасының күнәсын да, оны рұқсатсыз ағасының алдынан өтпей, қозы арқалап қашқан бөрідей бір түнде алып кеткен менің қылығымды да кешіріп еді. Ал, Қаршыға оның жалғыз қызымен бір ананы, бір емшекті сорып өскен егіздің сыңарындай ұлы еді... Менің ұлым еді. Ақметшенің төңірегіне бұқпантайлап жүру емес, мұның себебі осы ғой. Мұны сізден өзге бөтен жанның құлағы шалмаған сыр, — деді Құныс.
Хакім басын шайқады. Бұл жолы мына уақиғаның терең сыры шайқатты оның басын. Ақметше мен Құныстьің байланысын өте бұлдыр түрде білетін еді ол. Оны күтпеген жерден мына албырт адамның ашып тастағаны басқа біреу айтса нанғысыз, тіпті ақылға сиярлық іс көрінбеді. «Бұл Ақметшенің жалғыз қарындасын алып қашып үйленген болып шықты. Ана жалғыз ұлы... осыныкі болды. Бәсе, осындай бір терең байланыстың болуы табиғи нәрсе еді. Ал, мына шын Құныстың орнына қолға түсіп жүрген жалған Құныс кім? Ол қайдан келген жан? Мұның әлде ол жә ағасы, жә інісі ме? »
Хакімнің ойын тұтқында отырған жаңылыс Құныс бөле беріп:
— Сізді қолға түсіремін деп, ана туысқаныңызды ұстағаны қызық екен жігіттердің? — дей беріп еді Хакім, Құныс оның сөзін бөліп кетті.
— Мен сізге берген уәде бойынша... жолдағы уәде бойынша келдім. Дқрысы: сіздің берген уәдеңіз бойынша сөйлесуге келдім. Ашып айтайын: жортып жүріп ғұмыр сүру салтанатты іс емес. «Совет үкіметінің құрығы ұзын. Онан құтылып кету қиын дедіңіз. Ал, сонымен бірге оның мархабаты да мол — кешіреді. Маған Құныс келсін дедіңіз. Міне келдім, не дейсіз? — деді ол Хакімге.
Хакім де, Құныс та аңдыса, қараса қалды. Бірақ Хакім енді арбасудың қажеті жоқ деп білді. Ол сенімді үнмен, салмақты пішінмен:
— Өкімет кешіреді... Кешірім сұрау жағына өзім көмектесем. Қылмысты жолдан безгеніңізді айтып арыз етесіз. Қару-жарағыңызды тастайсыз, қолға берілесіз, — деді.
— Сіздің ешкім тимесін деген жарлығыңыз болады ғой?
— Жарлық болмайды, — деді Хакім. — Неге десеңіз, мен өз бетіммен кешірім бере алмаймын, оған менің қақым жоқ. Кешірім беретін Қазақстанның Орталық Атқару комитеті — Қазақ үкіметі. Мен сол үкімет алдына өтінішіңізді жеткізуші боламын.
— Кешірім жасамаса қайтесіз?
— Кешірім жасамаса қылмысты ісіңізге тиісті жазаңызды тартасыз. — Сәл ойланды да Хакім, — кешірім жасайды. Оған сеніңіз, — деді.
құныс басын шайқады.
— Бүл алдап қолға түсіру ғой, — деді ол кенет түсін суытып.
— Бәрібір қолға түсесіз. Ал, мына өз еркіңізбен түсуіңіз — жарым күнә кешірілді деген сөз.
— Мең әлі қолға түскенім жоқ қой, пыркарол мырза.
Хакім күліп жіберді.
— Осы келгеніңіз — келген ғой, олай деп қайтесіз. Өкіметке қылмыс істеген адамды құрту мақсат емес, қылмысты жою мақсат. Мысалы, сізді атудан, асудан келер пайда аз ғой. Ал, сізді қылмыс жолынан шығарып алу, теріс пиғылдан бездіру, халыққа пайдалы іске қосу мақсат қой. Істеген істеріңіз белгілі, оны дәлелдеудің керегі жоқ. Ал, сіздің басыңыз керек болса бұл бір оқтың ісі ғой, — деп ол орнынан тұра келді.
Хакім шалбарының қалтасынан суырып алып, оң қолын жоғары көтере берді — оның браунингінің аузы Құнысқа қарай бірге көтерілді.
— Рас. Мен де Хакімді құртуға тырыссам әлдеқашан істерімді істеген болар едім, — деп Құныс та тұра келді.
Құныстың ұзын қолдары Хакімге жақындап қалған сияқтанды, ал ол қолдардың екеуінде де кезеген нагандардың үңірейген ауыздары бірі жоғары, бірі төмен. дөптеліп, қосарлана қалды.
— Аллай!.. — деді Меңдіқыз.
Хакім браунингін стол үстіне тастай беріп, әйелінің басын сүйеді.
— Қорықпа, келін... Мен жасырынып келіп адам өлтіретін бас кесер емеспін. Маған қол жұмсауға даланың өзі де жетеді, — деп Құныс есікке қарай беттеді.
— Тоқтаңыз, — деді Хакім Құнысқа мойнын бұрып. Өзі түсі көгеріп, көздері шатынап, үрейі ұшып кеткен Меңдіқызды қолтықтай көтеріп екінші бөлмеге әкетті.
Екінші бөлменің төріндегі кровать асханадан көрініп тұрса да, Хакім әдейі есікті ашып тастап, өзі тез кері шыты.
— Тоқтаңыз, — деді ол тағы да Құнысқа, отыр деп қолымен орындықты меңзеп. — Әңгімені аяқтау керек емес пе? От ала келген әйел емессіз ғой, шала-пұла ісін бітірер-бітірместен үйден шыға жөнелетін. Әйел адам және оның үстіне аяғы ауыр еді ана келініңіз, тағам әзірлеуге шамасы келмей қалды... мылтықтан шошып кетті. Мылтық емес, түріңізден зәресі кетті. Әйел түгіл үлкендер де сескенерлік!..
— Баланың ойыншығындай ана бір «таңқ етеріңізді» көрсеткеннен кейін, менде оның біреуі емес, екеуі бар еді дегенім ғой. Әйтпесе сізбен күш сынасуға келген мен жоқ. Әйел адамның дәті нәзік, шошынуы да мүмкін. Ал дәм-тағам татуға мұрса жоқ екенін өзіңіз де шамалап тұрсыз ғой, мен жүремін, — деді Құныс отырмай.
Бұл шығанның тапа-тал түсте қаланың қақ ортасындағы үйіне жетіп келгені және тайсалмай, сескенбей, басынған адамша кірпік қақпай сөйлесуі Хакімге көп нәрсені жоқтатты: «Телефон жоқ машина жоқ, ұдайы әзір тұратын қарулы сақшы жоқ!.. Губерниялық жердегідей мұның тез жолын бөгейтін милиция отряды, не әскер бөлімі жоқ! Осыны біліп келді ғой, бүл діннен безген. Николай Щитовтың бір уыс қызметкерлері құмға шашқан тарыдай бытырап, мынаның бүгін ізін жә Тайпақтан, жә Бұлдыртыдан кесіп жүр ғой» деп ойлады Хакім, басын шайқап.
— Аллай! Хакім, бермен келсейші!.. — деп ыңқылдады әйелі екінші бөлмеден төңбекшіп.
— Айтқаным айтқан. Әперемін дедім кешірімді, әперемін. Ал мына қағазды... — деп ол стол жанына отыра кетті де, портфелінен бланкалы қызыл сызықты қағаз суырып, оған сиямен қазақша, моншақтай тізіп, жазу жаза бастады. — Ешкім көз алартпайды. Менсіз ешкім тимейді. Ал, осы менің уәдем, — деді ол аздан кейін, шытырлаған әдемі қағазды Құнысқа ұсынып.
Қағазды алып, асықпай оны төртке бүктеп, түйе жүн шекпенінің ішкі жағындағы қалтасына салып жатып, екінші бөлмедегі Меңдіқызға иек көтерді.
— Ана, келінді байқаңыз. Осында кемпір бар. Көзі қарақты. Баяғыда менің балам Қаршығаның тірі қалуына сол себеп болды. Кәрі болса да сол... қолы да епті. Үшкірігі де шипа. Бұрыш кемпір. Бойни жақта тұрады. Елге шығып кетпесе осында болуы керек, — деді. Хакім әуелі оның не сөйлеп тұрғанына мағына бермей өз ойымен болып еді. «Үшкірігі шипа» деген сөзге құлағы елең ете қалды да, бақсы кемпірге жүкті әйелді көрсететінін, босанарда оның басы-қасында болатынын енді ғана ұқты. Ол жоқ жерден жаны аши қалған қан ішерге басын шайқады да, ыңқылы молайған әйелін жұбатудың қамына кірісті.
— Қош тұрыңыз, — деді Құныс есікке төніп.
— Ертеңнен қалмай келіңіз. Жұмыс біткен жоқ, — деді Хакім оған қайрылып.
— Көрерміз, — деп күтпеген жерден кіріп келген Құныс, биік есіктен еңкейіп шығып, жоқ болды.
4
Осы уезге аты мәлім бас кесердің бүл жүрісін Хакім «тәубеге келгендік» деп түсінді. Бірінші рет ол әлдеқалай кездесіп қалған тәрізді. Ал, мына келісі сез тарту емес, кешірім сұрау, кешірім алудың қамы деп қорытты прокурор. Бірақ ол қылмысы басынан асқан бұл сұрқияның тегіндікпен түрмеге енуіне сенбеді. Қорқытпай, үркітпей қаруын тастатудың амалын ойлады. Сөйтті де ол, әлі күнге жүрегінің тайдай тулағанын баса алмай, екі иінінен дем алып, бозарып жатқан әйеліне:
— Меңдіқыз, мен кеңсеге барып келейін. Докторға кісі жіберейін. Және әлгі... — Ол әйелінің зәресін ала бермейін деп Құныстың атын атауға жеңілдету сөз іздеді. — Әлгі діннен безген қай жаққа бет алды екен, соны білейін, — деді.
Әйел ері үйден кетіп бара жатқанын көріп, ыңқылын үдете түсті.
— Мені жалғыз қалдырма, Хакім. Менің халім нашар, — деді Меңдіқыз көзі ұясынан шығып кете жаздап.
Әйелінің үрейлене бастағанын көріп Хакім сәл кідірді де аса қорқудың жөні жоқ екенін айтты:
— Ештеме етпейді. Енді қайтып бұл үйге ол соқпайды. Сабыр ет, өзіңе, өзіңнің денсаулығыңа қара. Сен сабырлы едің ғой, — деп жұбатты әйелін.
«Баласына жазым болмаса игі еді» деп шүбәланып, ол басын ұстап әйелінің қасында аз уақыт отырды да, ыңқылы мен дем алысы сәл саябырлағаннан кейін сыртқа шығып кетті. Милиция начальнигі мен Щитовқа жай-мәністі айтып «бақылаңдар, үркітіп алмаңдар» деп тапсырды да, сонсоң Хакім үйіне доктор алып келді.
Ауруды көргеннен-ақ доктор:
— Больницаға алып кетемін, қан кетіп жатыр, — деді.
Күні жетпей жас нәрестесінен айрылу қаупі төніп, жүкті әйелін өте ауыр халде Хакім ауруханаға әкеліп салды.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
1
Аңқаты өзенінің арқа беті жарқабақ, оңтүстік жиегі түйе тайлы келеді. Ал, бұл жатаған жағалаудың кей тұстары бейне бір көп ұсталған көне тостағанның ернегіндей кетік-кетік. Жазға салым көк ала тасқын жоғарыдан темен, сонау бастан бері Шалқарға қарай жөңкілген кезде шеңберінен шығуға асыққан су кетік өрнектерден лықсып шығып, түбек-түбекті көл-көсір етеді. Сол жайылмалы жалпақ су өзек-ызаны тегіс толтырып, көлтабандарға біржола қоныстап қалады. Және жаңбырсыз жылдардың өзінде де жаз әбден марқайғанша бүйірі ортаймай, өзенмен ұштасып бірі арна, бірі кел болып, балық пен құстың ен жайлауы, кең өрісті дарқан даласы болады да жатады: қара жер қардан арылысымен-ақ шіл мен қызғыш сортаңды жағасына жұмыртқалап, шортан мен қара балық өлеңі көгіс тартпай жатып су астының шөке-шөлеңіне уылдырығын себеді. Осындай бір сулы қойнауды Аралтөбе дейтін.
Сортаңды ойпатпен көмкерілген Аралтөбенің жайылмалы жағасын қалың қара өлең жауып кеткен. Ал, онан әрі ортадағы үлкен айдынға дейін бойы белуардан келіп, басын жарған бидайдай толқынданып жатқан бала құрақ. Қалың қара өлең мен бұл балауса көк құрақтың астында ашадан су бар деп адам ойларлық емес. Айдынның қақ ортасындағы түндіктей аралды ну қамыс жауып кетіпті. Алыстан қарағанда арал төбесіне үкі таққан тақиядай болып көрінеді.
Екі күндей қырдағы, ойдағы үлкен аға, сыйлы жеңгеге сәлем беріп, елді аралап келген Әлібек, бүгін інісімен сол әдемі Аралтөбесінің жағасында түр. Жас кезінде бойлайтын жерін аяқпен кезіп, тереңін жүзіп өтіп, аралдан жұмыртқа теретін, бала құрақтан балық шанышатын, сан рет шарлап, ертеден кешке шейін сор сирақ боп жүгіретін жерлер. Қызғыштың қиғылық салып ойқастап ұшқанына, тауқұдіреттің бебеу қаққанына мәз болып жүгіретін жерлер. Ал, қазір бәрі өзгеріп кеткен сияқты. Алдымен Аралтөбенің жағасында ұшқан қызғышы, жүгірген шілі көзге ілінбейді. Таспиқ тартқан молдадай мүлгіп, әр жерде балық аңдып отыратын балықшы да жоқ. Шолп еткен балығы да байқалмайды. Әр жаққа кезін тігіп, алыстағы жағаны шолып, еш нәрсеге көзі сүрінбеген Әлібек:
— Көл неге жым-жырт. Бір құс жоқ?! — деп сұрады інісінен.
— Құс емей анау не? — деді Әділбек оған, айдынға таяу жердегі бір шоқ құраққа қолын шошайтып.
Әлібек көз тоқтатып үлгіргенше шоқ құрақтан шыға келген жетім қасқалдақ көріне түсті де жоқ болды. Көруге де аруақсыз, ұшуға да мардымсыз молтақ қанатымен су сабалап жөнелетін бұл қоңыр құсты Әлібек құс деп есептемейтін. Бірақ оның бүтін көлде бір өзі қалып, жеке тұрған анау шоқ құрақтан көріне беріп көзден ғайып болғаны Әлібектің ұйтқығыш көңіліне жоқ жерден Гүлжиһанды түсірді. «Суық жүзді әке мен қара құс кейіпті ағаның екі ортасында тас арасына шыққан сыңар гүлдей мөлдіреген сорлы. Ұшуы аз жансыз үйде ана қасқалдақ сияқты бір кіріп, бір шығып жүр ме екенсің!» деді ол ішінен. Сонсоң оның көз алдына анау күнгі шығарып салардағы төмен қарап мұңайып тұрған суреті келе қалды. «Неге темен қарай береді. Сөйлегенде де төмен қарап сөйлейді. Бірақ сол төмен қарай төңкерілген қара қоңыр көздерінен құмарлық шашылып жатқандай. Неге төмен қарап сөйлейтінін, неге тура көз тікпейтінін білем. Ажарлы, өлгенше ажарлы ақша жүзге қас пен қабаң қаншама қолмен қойғандай қиылып тұрса, баданадай екі көз де сұлу біткен. Әттең тек сол көз өзіңе қарағанда тура түспей, оң иығыңа қадалады. Бірақ онан келіп тұрған ештеме жоқ. Сұлу сымбат, ойлы пішін, салмақты лебіз — бөрі орнында. «Мен алты күн өтіп, жетінші күні қалада боламын» деп қоштасарда барлық үмітті жолығуға артқан Гүлжиһанды енді қашан көремін» деген мұңды сауал оралды оның тіліне.
— Көл неге жым-жырт дейсің бе, Әлібек? — деп інісі тағы да жауап жұптағандай соза сөйлеп баптана қалды.
— Иә, — дей салды, ойы бөлініп кеткеніне ренжіген Әлібек. Шоқ құрақтан көзін алмай, бір тамсанып алып, ағасына қиғаштай көз тастады да, інісі:
— Әлібек, сен көлдің де, жердің де мәнісін ұмыта бастағансың. Көлдің жазға салым басталатын думаны әлдеқашан өтіп кетті. Айдар таққан ала шапанды балапандарын ертіп әкетіп қызғыштың кеңілі жай тапқалы қашан! Қазір ол қиқуын ұмытып, ертелі-кеш бір-ақ рет айқайлап өтеді. Онда да самарқау үнмен, шаруасынан қолы тимейді қиқулауға. Ал ұя басқан үрпек бас үйрек қырдағы боз жусанның түбінде. Жалғыз бұлар емес, құс біткеннің бәрі жер жерінде, жекен суында жүр. Ендігі қызық ертең басталады. Ол — көлдің ішіндегі ойнақ... Анау, әлденеден үркіп асығып желдеген арам шағаланы көрдің бе? Әне өрге қарай, Тіксайға қарай асып барады. Ол: «үйір-үйір сары сазан мен шүпірлеген ақ табан шықты» деп бара жатыр. Қызық көргің келсе ертең таң сәріден маған ер. Мен сені сазанның күн қыза ойнайтын ордалы ойнағының үстінен түсірейін, — деді.
— Сазан әлі шыққан жоқ па еді? — деді Әлібек баяулау үнмен.
— Саратанның бас кезі ғой оның жайылымға шығып асыр салатын уағы. Бүгін сонау алқымнан Аралтөбеге өтіп жатыр. Шағала қателеспейді. Ертең көресің. Пайдасы жоқ құстың қиқуынан не табасың. Ана балықты айт шіркін, жесең тамақ, сатсаң ақша. Кәсіп қой тұрғанымен.
— Көрсе болар еді. Шанышқы бар шығар?
— Бір емес, екеуін тауып берейін, ұйықтап қалмасаң.
— Сен оятпайсың ба?
— Оятам ғой. Бірақ күн шыққанша шоқ қоғаны бетке ұстап, иек-иекке тимей қалшылдауға тура келер.
— Қалшылдасам да көруім керек. Мен өмірімде сазанның ойнағының үстінен шығып көрген емен, — деді Әлібек көңілі серги түсіп.
— Сен ойнағын көр, мен өзін шетінен шаншып, көзінен тізейін, — деді де Әділбек ағасына қарап басын шайқап қойды. — Сен баяғыдан солай, қызығына қарайсың. Құстың шулағаны да қызық саған. Балықтың ойнағы да, ана құрақтың суылдағаны да сенің құлағыңа қызық болып естілетін шығар деймін.
Әлібек үндемеді. Бірақ ол да басын шайқады. Ол «саған дүниенің бәрі тек пайдалы болса ғана жақсы» деп ойлады білем.
— Мамам шайын әзірлеген шығар, қайтайық, — деді Әділбек ағасына.
Үйге қарай бұрыла беріп Әлібек тағы да шоқ құраққа бір қарап еді, ұзақ күн бой тасадан бір шықпай қойған қасқалдақ шоқ құрағынан әрі ұзай жүзіп бара жатыр екен. «Әдемі құс емессің, — деді Әлібек ішінен. — Түрің де түр емес, қасқа маңдай. Ұшқаның да ұшқан емес. Молтақ қанат. Суды сабалап бітесің» деп жерледі ол көңілінің қошы жоқтығына айыпты сол қасқалдақтай.
Ағайынды екеуі Атбұлақтың бойындағы үйге қарай жүріп келе жатты.
— Есіңде ме, Әлібек, баяғы екеуімізді Шұғылдың қара бурасы қуатыны? Тап мына жер, — деп Әділбек бір кішкене жылғаның жиегінде айналасын шөп бүркеп, түбі тегістеле бастаған шұңқырды көрсетті. — Бұл сені ішіне сұлата салып, үстіңе қара қаңбақ тастай жөнелген жер ошақ, Сөйтіп аман қалдың-ау сонда өлімнен.
Әлібектің арқасы мұздап жүре берді. Оның қабағы да тырыса бастады, өңі де бозарып кетті.
— Немене, қорқып кеттің бе қара бураны айтқансын. Баяғыда сенің тілің байланып, үш күнге дейін дыбысың шықпай қалған, — деп күлді Әділбек оның бетіне қарап.
Әлібектің көре кезге денесі дірілдеп, сөзін дұрыс айта алмай қалды.
— Айтпашы... құ-құрсын, — деді ол тұтыға бастап.
Інісі екінші қайтып бураны әңгіме қылмады. Ол тек алысырақтағы аттылыны танымай көзін тігіп келе жатты да, аздан кейін ағасына:
— Құрдасың келе жатыр. Шолақ белсенді, ортақшыл құрдасың, — деді боратып келе жатқан аттылыны көрсетіп. — Өз аты болса қандай күйттер еді, Құрыштың жылқысын аясын ба, тепеуін қарашы ант ұрғанның, иесін аямаса да, малды аясайшы.
Әлібектің назары басқаға ауды да, кенет қабағы жадырап құрыспасы жазыла бастады.
— Ол кім? Ортақшыл құрдасың дейсің бе? — деп сұрады ол, тұтықпастан.
— Ұзақ. Кәдімгі Батырдың баласы. Қара танабай, — деді Әділбек нықтап сөйлеп. Оның өзгеріле қалған даусынан бұл жолы кекесіннен гөрі жек көру үні басымырақ естілді.
Суыт жүрісті салт аттылы тізгінін тежеп, көл жақтан келе жатқан екі жігітке көз тоқтатып қарап алды да, қуанып кеткен адамдай, ат басын бұрып алып, үй-үйдің сыртымен бұларға тура шапты.
— Жай ма екен. Соншама қатты келе жатқанына қарағанда өте қауырт ісі бар шығар? — деді Әлібек;
— Оның қауырт іссіз жүретін күні бар ма? Атын суаруға шықса да ол өзенге жеткенше шабады. Өкше арты болыс кеңсесі жаң — «мен әкіммін, болыстан келе жатырмын» деген шабысы ғой бүл, — деп қорытты Әділбек.
Інісінің бүл келе жатқан ағайынын неге жек көретінін Әлібек сұрап жатпады. Сұраған күнде де ол жауап алып үлгермес еді. Өйткені, Ұзақ шабысқа барабар текірекпен жетіп-ақ келді. Атынан секіріп түсіп, шылбырын жерге тастай сала, жүгіріп келіп Әлібектің қолына да жармасты.
— Ал, аман-сау жүрмісің? Аман қайттың ба? — деді ұзақ есе қуанған шыраймен, — Қызыл үйге келгеніңді Сүлекеңнен естіп едім. Барып амандасуға қол тимеді. Жұмыс көп. Ауылға езіңнің келгенің жақсы болды.
Көптен көрмеген құрдасын Әлібек те алыстан күліп, қуана құшақтады. Екеуі «қандай болғансың өзің» дегендей, бірінің-бірі жүз келбетін, бойын, киімдерін де аударыстыра, төңкерістіре қарады. Хакімге ұқсаған Әлібектің бойы Ұзақтан сәл сұңғақтау еді де, бірақ денесі анағүрлым жұқа, бет әлібі де сопақшалау және қызыл шырайлыдан гөрі ақ құба дерлік болатын. Ал, Ұзақ нағыз дөңгелек жүзді, қызыл күрең шырайлы, денесі өте тығыз, құйып қойғандай, әрі топшылы., қайратты жігіттің пішінін көз алдына келтіретін. Маңдайы жазық, мұрны сұлуша келген, қабақ үсті қалың емес, ұдайы жылы шырай беретін күлім көзділеу еді. Осы сияқты көрер көзге ашушаңдықтан аулақ, жұмсақ реңді жігіт іштей өте берік, қадалған жерінен қан алар, қайсар болатын.
— Ымм, жұмысы көп... дүниені бір өзі ұстап тұрғандай, — деп қалды Әділбек.
Әділбектің бұл сөзі құлағына анық тисе де, Ұзақ оған мойын да бұрмады. Онымен амандық та сұраспады. Тек Әлібекпен болып:
— Опырм-ай, солай де. Алыстағы оқудан келдім де. Елді көрмегеніңе тіпті көп жыл болды ғой, Әлібек, ә? Бірақ өзің баяғы боз Әлібек, өзгерген жоқсың, — деді.
— Өзің де маган бүрынгыдай көрінесің. Үй-ішің тегіс аман ғой?
— Аман-ақпыз. Ел де тегіс аман. Бірақ өзгеріс көп...
— Қай жақтан келесің? Тіпті суыт жүрген адамның түрі бар ғой, өзің де баржиып кетіпсің, атың да судан шыққандай.
— Болыстың жас ортақшылдар комитетінің мәжілісінен келемін. Кеңсе Ащысайда ғой. Сен жолда көрген шығарсың. Біздің жас ортақшылдар ячейкасы да сол жерде, Олжаорыс аулында. Кеше барып едім, мәжілісіміз бүгін болды да, сол бітісімен елге қарай шапқаным.
— Сонау Ащысайда? — деді Әлібек таңданып. — Бүгін сол жиналыстан шығып келіп те үлгергенің бе?
— Жиналыс бағана сәскеде басталды да, түсте бітті. Ауылға тез жетейін деп шыға салып жортып кеттім. Біраз жерді шоқырақтап жеңдім. Онсыз болмайды ғой.
— Жоқ, сен ұшып келген шығарсың, отыз шақырым жерден түсте шығып, атпен бесінде келе алмайды.
— Мен келдім ғой, міне, — деді Ұзақ отыз шақырым жерден бір сағат ішінде жетіп келуді аса бұйым көрмей. — Сен Әлібек, ортақшыл жастар қатарында бар шығарсың?
Әлібек таң қалған пішінмен: «Бұл жерде менің комсомол ұйымында бар-жоғым неге керек болып қалды?» деп ойлады.
— Иә, онда не айтпақшы едің, Ұзақ? — деді Әлібек аз мүдіріп қалып.
Ұзақ шеткерірек тұрған Әділбекке сенімсіз көзбен бір қарап алып, Әлібекке сыбырлай түсті.
— Байлардың жасырған малдарын, егістік желерін қаттауға шықтық. Кеңес үкіметіне қаны қас контрлар малдарын салық салады деп жасырса, acтық планын береді деп егісін көрсетпейді. Бұл атаңа нәлет бай-құлақтардан құтылмай тыныш табатын емеспіз. Біздің елде ортақшыл жастар ұйымына мүше Халық екеуіміз, сенімен үшеу болдық,- — деді Ұзақ сөз аяғын Әділбекке есіттіре сөйлеп,
— Сен осы сырттан көзейтін бұзықтығыңды қашан қоясың? — деді Әділбек Ұзаққа дауыстап.
Ұзақ оның бетіне жалт қарады да, тиіскісі келіп дауыс көтерген Әділбекке ақырындап қана:
— Бала, сен ондай тіл тигізе сөйлеуді таста. Сен баласың. Мен саған жасым үлкен бола тұрса да «әй, сен» деп әкіреңдеген жерім жоқ. Ұят болады, — деді.
— Ұятты сен өзің білмейсің, сондықтан маған оны үйретпе. Бұзық болмасаң біздің Бекейді төтенше салыққа іліктіру керек деп неге айтасың?
— Оны мен емес айтқан, ауылдың кеңестің мәжілісінде сөз болған. Сен өзің, шырағым, ұрынуға қара таба алмай тұрсың ғой шатынап.
Ұрынуға қара таба алмай жүрген мен емес, мына сенсің. Сенің сырттан сыбырлағаныңды басқа жұрт естімей ме? «Бекей малын жасырады» депсің. Қайда, қане көрсетші, қанша мал жасырыпты? Бекей кімнен бай, кәне, санашы, Бекейдің қатарындағыларды? — деп Әділбек өжектеп Ұзаққа жақындай түсті.
Жоқ, деді Ұзақ, тағы да Әділбекке сенімсіз көзбен қарап. — Менің жұмысым көп. Бір минут тоқтауға да уақытым жоқ. Сен елде боласың ғой, бірге жүрім, талай шай-су ішерміз. Қазір мен өзіміздің ауылға соғып, Халыққа ячейканың тапсырмасын беремін де, өзім әрі қарай таудағы ауылға асамын. ІІІұғылдың балаларының малын... иә және мына • атын өзіне қайырып беріп, Нұрыштың басқа атын мінбесем, мынасы болдырып. қалды.
Ағасының сөзінен кейін ойланыңқырап төмен қарап қалған Әділбек басын көтеріп алып, тағы да сөзге араласты,
— Ай, сен осы Нұрыштан басқа кісіден ат мініп көрдің бе? Жуас түйе жүндеуге жақсы деп Шұғылдың баласы сөз айтпағасын соны ғана білесің бе? Ана Орымбектен неге сұрамайсың атты?' — деді Ұзаққа.
— Нұрышты аяйсың ба? — деді Ұзақ күлімсіреп.
— Сен Орымбекті аяйсың ба? — деді оған Әділбек қадала қарап.
— Аямаймын. Байдың бірін де аямаймын.
— Онда неге ала жаздай Нұрыштың үстінен түспей қойдың?
— Оның атын басқалар мініп жүр.
— Орымбек саған да, басқаға да ат бермейді. Ат беру түгіл маңайынан да жүргізбейді. Сондықтан оған жолай алмайсыңдар. Ал, байлыққа қалғанда Орымбек Нұрышыңнан да, Нығыметіңнен де сорлы емес. Бірақ ол сенің жаңының, — деп Әділбек Ұзақтың қытығына тиді.
— Сен маған, Әділбек, шын тиіскің келіп тұр екен. Бірақ мұныңнан ештеме шықпайды. Сенің сырың маған белгілі.
— Қандай сырым белгілі?
— Барлық сырың.
— Айт, айт, жасырма!
— Менің аузымды қышытып қайтесің.
— Орымбекті жақтайсың, жақтамадым деуге дәлелің жоқ. Сенің ортақшылдығың сол ма? Мен ортақшыл жаспын, ортақшыл жастар қатарындамын дегенде тілің көмейіңді суырады. Менің аузымды сен де қышытпа...
Әлібек інісін итермелеп үйге қарай жөнелтуге тырысып еді, бірақ Әділбек қарысып орнынан жылжи қоймады. Ол сүзісуге үйір тайынша бұқадай желігіп, бір мойындап ағасының ырқына көнер болмады. Жоқ жерден байланыса қалған бұл екі жігіттің араларын қалайда жұмсартайын деген ниетпен, ол енді Ұзаққа бұрылып:
— Ұзақ, сенің жасың үлкен ғой, қайтесің, енді сен үндемеші. Ұят болды. Ал, өзің үйге жүр, тым болмаса қымыз ішіп кет. Сонша жер шапқылап таңдайың да құрғаған шығар, — деп жалынды.
— Рақмет, Әлібек. Жаңа Қадестікінен сусын жұттым. Мен жүремін, — деп Ұзақ атына бұрылды да бүйірін соғып тұрған биенің шылбырын жинап, ер қасына іле салып, өзі үстіне мініп те алды,
— Сол бұзықты үйге шақырып... қымыздың садағасы кетсін, — деді Әділбек.
Атына мінгенмен жүріп кете қою ниетінен аулаң екен. Ұзақ тізгінін қытыңқырап ұстап, ер үстіне жайланыса түсті де үзеңгіге шірене көтеріліп сөйледі.
— Әлібек, мына бақа қара бұзық жігіт. Іні сенікі, өйтпегенде мұны әлдеқашан қара тізімге іліктіретін едім. Хакімнің көңіліне қарап, соны сыйлап үндемейміз. Болмаса мұның істеп жүргені нағыз табы жат адамның, баюға ғана ұмтылған адамның ісі. Анау күні Дабыл байдың ауылына түсіп, соның қызын алып беремін деген Рақымғалиға кісі салыпты. Дабылдың алпыс атанға жүк артып, аң отаумен ұзататын қызына үйленбекші. Мұны мырза демей не дейсің? Баюға ұмтылған емей бүл не? Айтып тұрған сөзінің кесірі мынау. Ортақшыл жастар ұйымының өзіне де тіл тигізеді, оның мүшесі маған да тіл тигізеді. Бір емес, екі емес, осымен үшінші рет менімен байланысып сөзге келді. Көңіліңе келмесін, мен ұны ауыздықтаймын — ана бай қайын атасының көшіне мінгізіп жіберемін. Хакім коммунист, ол бәрімізге ортақ, әділ аға. Сен де ортақшыл жастар мүшесісің. Мына кішкене мырзаға ара түсе алмайсыңдар. Екеуің де ара түсе алмайсың. Мұны жақсылап ұғыну керек. Бекейдің малын жасырып жүрген де осы. Мен бұл бақа қараны... және кеше ғана Жымпитыдан екі көк арба, бір машинасы жетпейтіндей, тағы да бір шоп шабатын машина әкелді. Ойды-қырды маяға толтырып болды. Бұл құлақ емей не? Ана Нұрыштан да, Нығыметтен де осы зиянды, бұл жиырма сегізге де ілігеді, — деп Ұзақ атын тебініп қалды да жорта жөнелді.
— Білгеніңнен қалма, бұзық! Маңыма жуушы болма! Егерде енді қайтып көзіме түссең менен жақсылық көрме! — деп айқайлады Әділбек жұлқынып.
Ұзақ артына қарамастан cap желіп Аралтөбенің сыртына қарай аса берді. Ертеден бері көңілі әлденеге алас ұрып, бір мұңайып, бір томсарып үйге отыра алмай, көл жағасына шыққан Әлібекке Ұзақтың өзі де, сөзі де жер астынан шыққандай, тосын көрінді. Ол төмен қарап тұрды да, інісіне:
— Саған не болған, Әділжан. Менің байқауымша сен жолсыз ұрындың. Ол белсенді болса, ортақшыл болса, бұл оның өз жұмысы. Бұл үшін оған сенің ілік қоюға хақың жоқ. Және ол әлеумет ісін, үкімет ісін атқарып жүр ғой, — деп еді, Әділбек енді ағасының өзіне бас салды.
— Оны үкімет ісіне қосқан ешкім жоқ, өзінен-өзі атқа мініп шабуылдап жүр. Тырнадан әкім болса, басыңнан қиқу кетпейді деп, осыларды басқа секіртетін жаңағы сенің сөзің. Неге жайыңа жүр демейсің. Қорқасың ба? Кім ол соншама маған әкіреңдейтін?! Машина алсам мен өз ақшама алдым. Кісі жалдап байып отырғаным жоқ, өз еңбегім. Бекеңнің малы да ұрлап алған мал емес, өз тапқаны. Маған тиіп көрсін қолынан келсе. Менің кімнің қызын алатынымда оның шаруасы жоқ. Қап, өзін атынан аударып алып, біраз тізерлегенде болатын еді, — деді.
Әлібек үндемеді. Өмірі дегеніне көнбей келген інісіне ол ақыл айта алмады.
«...Қара бура шаптығып, құйрығымен сауырын сарт-сұрт сабалай түсті. Бір кез жүрелеп жата қалып төс табанымен екі-үш саржан жер жорғалады да, қайтадан ұшып түрегелді. Жер бауырлап жорғалаған жері қазып тастаған ордай болып қала берді. Әлібек анық таныды: Бекейдің түйе жүн тымағындай, алдыңғы өркеші мыжырая жапырылған, бүтін омырауы мен тізесін жалбыр қара шуда жапқан, кеудесі жуан, құйымшағы шөмейген кәдімгі Шұғылдың қара бурасы. Әділбекті көре салып жынданған бақсыдай, аузы-басы көпіріп, жеңдей қып-қызыл қолқасы қол бойы түсіп, адам алардай, айбатты айуан ұмтыла түсті. Қаша жөнелген Әділбекті қуып келеді. Жетеді-ау! Енді жетеді! Ойпырм-ай!
Ата қаздай ұзын мойнын алға қарай соза түсіп, еспе желіспен зулаған бура ауаны ысқырта жарып келеді. Бір көш жерді көзді ашып-жұмғанша болмай алып қоярлық. Әділбек пен екі арасы көре көзге қысқарып барады. Серіппедей жазылған ұзын сирақтар қара жерді жеміріп бара жатқандай зуылдайды. Бура жетіп қалды. Әділбектің адымы ашылмай, дымы құрып, буын-буыны дірілдеп кетті. Жақындаған бураның гүрілдеген даусы алыста тұрған Әлібекке де естілді. Бірақ Әлібек жүгірейін десе жүгіре алмайды. Қолындағы мылтығын кезенейін десе, екі қолы жоғары көтерілмейді. «Сен атшы, Ұзақ. Тез, мә? Ұста мылтықты. Өлтіреді, тапайды Әділжанды! Апырмай, жетті-ау» — деп қысылады Әлібек. Бірақ Ұзақ тыпыр етер емес. «Таптасын!» дейді. — Өзіне сол керек, бұл бақа қараның! Байимын деп Шұғылдың қара бурасын сатып алып неге керек еді! Мұны байлық өлтіреді! Мен бұл бақа қараны арашаламаймын. Сен де әуре болма, Әлібек. Мұндай мырза сымақты аямау керек. Мейлі тапай берсін!» дейді. Ойпырм-ай, саған не болған! Ойпырм-ай! Ойпырм-ай!..»
— Тұр, Әлібек, таң саз беріп келеді. Булығып жатырсың ғой өзің. Түр, балыққа барамыз, — деді Әділбек ағасын жұлқылай оятып.
— Немене?.. Немене?!. — деп Әлібек оятып тұрған інісіне жармаса кетті. Ол көпке дейін есеңгіреп қалған адамша теңселіп, қайда баратынын, не істейтінін түсінбей, тек қана інісінің сілтеуімен шала киініп, соңынан еріп жүре берді. Екеуі де үн қатпастан, құпия бір ұлы іске аттанғандай, үйден ұзақ шығып кеткенше аяқтарын ептеп басып, дыбысын білдірмеуге тырысып келе жатты. Шамамен қиялап келіп, Аралтөбенің өзен беттегі үлкен түбегіне апаратын жалғыз аяқ жолға түсті. Бұл жолдың қай жерден шығатынын, қай тұсқа апаратынын Әлібек ұмытып қалған-ды. Ол ұмытпаса да өз бетімен келіп жолды да, ол жолдың апаратын жерін де тауып алу әрекетінен алыс болатын. Оның ойы кешеден бері «бүл қалай?» деген сұрақпен алысуда еді. Жатар алдында ол күндізгі Ұзақ құрдасының Әділбекке: «Сені Хакім де, мына Әлібек те арашалап алып қалмайды. Бұлардың бірі коммунист, бірі ортақшыл» деген сөзімен болған. Сол сөзге жауап таба алмай, мұның мәнісін інісіне де ұқтыра алмай шаршаған. Әділбек не қылмыс жасады? Шаруасын ұлғайтса, тіпті байыса онан келер-кетер не бәле бар?» деп ойлаған еді ол бір кез. Бірақ бұл оңай жауаптың екінші бір жағы оны тағы да басқа жаққа жетектеп, тіпті алды-арты тұйық кептеліске алып келіп тіреген. «Хакім үлкен қызметкер. Беделі күшті, атағы зор, жұрт алдында құрметті адам. Коммунист. Көптен коммунист. Ол он сегізінші жылдан бастап жасырын жұмыстарға араласып, Кеңес үкіметін орнату жолына барын жұмсаған адам. Кедей шаруаға теңдік әперемін деп күні-түн жортқан жан. Қазірде сол көп шаруаның мақсатын көздеп әділ заңын соған жұмсап жатыр. Ол өмірі байдың сөзін сөйлемек емес. Ал «ортақшыл» мен ше? Мен де солай ғой... Онда Ұзақтың айтқаны дәл емес пе?
Сонда... сонда... маған анау Ақметшенің еліндегі волисполком, волком, волжаском басшыларының айтқаны ше?! Оның үстіне Хакімнің: «Балалар көп нәрсені әлі түсінбейді» дегені қайда? Міне, осы ғой түске де кіріп, қайдағы бір баяғы кішкене күнімдегі қара бураның қуғаны қайтадан еніп жанымды түршіктірген...
Ағайынды екеуі су жағасына келгеннен кейін де Әлібек шым-шытырық ойдың құшағынан шыға алмады.
— Екеуіміз бір жерде болсақ, бірімізге біріміз кесел жасаймыз... сазан сақ балық. Көрінім жердегі көлеңкені де көреді, көш жердегі дыбысты да сезеді. Сен осы жерде қал. Мен анау қойнауға кетемін. Ол жер бір үмітті жер. Қасыңа келгенін шаныш та, тізбегіңе тізе бер. Ал, тоңсаң жағаға шығып жылынып аласың ғой, — деген Әділбектің сөзін де аса зер салмай тыңдап:
— Жарайды, жүре бер, — деді.
Әділбек өз жөніне кетті. Етігін шешіп, балағын түрініп, Әлібек інісінің көрсеткен жерінен шанышқысын қолына ұстай келіп суға аяқ салды. Көптен сыз баспаған жұп-жұмсақ табанынан шөп жамылып жатқан жып-жылы су да мұздай тиіп, Әлібек, денесі түршігіп тұра қалды. Бірақ ә дегенше адым жер жүргеннен кейін су жылынып бара жатқан сияқты болды. Биіктігі тізеден асатын қалың қара өлеңді жағалап келіп, ол «осы бір ашықтан балық анық көрінер» деп шөбі әрі селдір, әрі аласа біткен жерде тұрып қалды. Ала-көлеңде су беті бейне бір қара айнаның жүзіндей жылтырап жатыр. Қыбыр еткен не жан иесі, шөп басын шайқаған не бір жел де жоқ. Бергі жағы өлеңді, арғы жағы бала құрақты мүлгіп жатқан жайылма. Алыстағы айдыннан ғана анда-санда әлде құстың, әлде үлкен балықтың салдыр ете қалған дыбысы шығады да, ілесе жоғалып кетеді. Кешікпей шығыс бет бозарып, батыс жақтың қара көлеңкесін әрегірек ысырып түсті. Қимылсыз ұзақ тұрған Әлібек жан-жағына кезек қарап айдынды да, аралды да, тіпті алыстағы қыстауларды да әлденеше рет кезбен аралап өтті. Айнала тым-тырыс. Тағы да әлгі алыстағы сыбдыр құлаққа шалынды. Болмашы дыбыс оған күндізгі шоқ құрақ жақтан келді. «Бағанағы қасқалдақ, — деді ол өзіне-өзі күбірлеп, жексұрын, көруге ажарсыз...»
Бір кезде селдір өлеңді судың беті қаймақши түсіп кей жері шымырлағандай болды да, кенет тына қалды. Суға түскен көлеңкені де, бейсеуіт қимылдаған қыбырды да алыстан сезіп судың дір еткенін аңдитын балық сақтығын Әлібек білмейтін. Ол түнімен қоғажай мен құрақтың, селдір өлең мен шөлең шөптің түбіне толып, қыр арқасы судан шыққанша тайызға өрмелейтін, тек қана күннің көзін күтіп тұрған айналасының бәрі сары сазан екенін де аңғарған жоқ-ты. Суға үңіле қарап Әлібек те тынды. «Мүмкін, балық шығар» деген оймен немкеттілеу етіп ол шанышқыны бөлек тұрған бір шоғыр өлеңнің түбіне пысып қалды. Шанышқы шөпке пырс етті де, айналаның бәрі қозғалып, бүтін өлеңді, өлеңсіз жер тұтасымен іркілдей жөнелді. Су асты шайқалып, қара өлең теп-тегіс тереңге қарай жапырылып кетіп, қайта тұрды...
Әрі-бері үнсіз тұрды да, Әлібек ақырындап жағаға шықты. Бұл кезде Әділбек су бетіне еңкейіп, қос қолдап қоға түбін тінтіп жатқан сияқтанды. Аз-мұз дірілдеген денесін жылыту үшін Әлібек аяңдай басып, құрлықпен жағалап Әділбектің тұсына келді. Таң аппақ атып кеткен. Қадалып қарап тұрған інісінің көз тіккен қоғажай өлеңге шетте тұрып Әлібек те қарады. Ұзақ қарады. Бір кез оған қоғажай шөп дір еткендей болды да, Әділбектің кезенген ұзын шанышқысы найзадай сарт ете қалды. Ол жалма-жан шанышқыны судың түбіне тіреп, өзі еңкейіп қос қолын қолтығына дейін суға тығып әлденені ұстап жатты. «Сазан» деді Ішінен Әлібек. Аздан кейін Әділбектің соңына еріп жүрген ұзын тізбегінің су астындағы ұшы ойқан-тойқан боп тулап, маңындағы шөп-шөлеңді тас-талқан қып жапыра бастады. Балықшы оған қарамастан үнсіз-қимылсыз шаншылып тұрып қалды. Ол екінші бір шоғырдың түбін аңдып, судың астындағы сары сазанның көзге ілігер-ілікпес қыбырын аңдыды.
«Ұзақ... қалайша тез өскен. Қандай берік. Бұл да волком Шынғалиев сияқты. Онан да өткір. Жасында да өте пысық еді. Елдегі тап күресі деген осы екен! Біз қоғам тану кітабынан білсек, бұлар қанаушы тапты өз қолымен тізімдеп, малын өз қолымен қаттап салық салып бір шыбықпен айдап жатыр. Ағайындық ұғым адамдық ұғымға жол берген... Гүлжиһан ше! Ол қандай күйде екен?! Мына қым-қиғаш тартыстың ішінен тез алып кетсе, алыстағы қалада, театрлы, кинолы қалада, жақсы киініп, жақсы тұратын қалада бірге жүрсе. Өзі ақылды, өзі білімді, өзі домбырашы, әнші және сұлу. Әттең тек... бір көзі қырын қарайды. Жұрт...»
Інісінің балық шанышқан қызығы да Әлібекке эсер етпеді. Ертеңгі тұнық ауа көрінісі сұлу көл басы, алыстан шыққан күн де оның көңілін көншітпеді. Өңі сұрғылт тартып, жолда бірер рет қана інісімен тіл қағысып, тізбекке тізген сары сазандарды қолдасып ол үйге қайтты.
3
— Жаңа Сүлеймен әкеліп тастады мына хатты, — деді Балым кемпір балықтан қайтқан екі баласына шайын әзірлеп жатып. Әлібек шешесінің қолынан хатты ала-сала конвертін ашып жіберді.
«Шырақ!
Сен ауылға жүріп кеткелі, міне, бүгін бір жұмаға жуың уақыт өтті: бір жұма ұзақ уақыт емес, алайда сенің қайда жүргеніңді анық білмей, тек қана болжалмен сырттан пішіп отырған маған өте ұзақ уақыт сияқты көрінеді. Оның үстіне осы бір жұманың ішінде өткен кейбір көз тоқтатар жаңалықтар мен болып жатқан уақиғаларға қарағанда бұл бір жұма бір айға, тіпті бір жылға да татырлық өзгеріс енгізді. Соған көре сенің қаладан кеткенің аса алыс қалған сияқтанады, кеп заман хабар-ошарсыз жүрген шеттегі кездеріңе ұстайды, сағындырады, тезірек оралуыңды керексітеді.
Ойлап қарашы: аз күнде көпті көріп, әлдеқандай әңгімелерге айғақ болғанымызға мына төмендегі жайлар куә емес пе?! Сен кеткен күннің ертеңіне-ақ кішкене қаламыздың бар ынта-назары Қазаннан келген татар артистері мен олардың ойынына ауды. Атақты артист Оралский мен Фатима ханымның есімдері қазір еңкейген шал мен еңбектеген баланың аузында десе боларлық. Өркені өскір татар халқының әні мен биі, әдебиеті мен мәдениеті біздің бесіктен бастап қаз-қаз тұрған сәбилік заманымыздан бері бойға сіңіп қалған жан азығымыз ғой. «Бибисара» мен «Ғалия Бану» әнін ұйып тыңдап, таңдайын қағып, тамсанып қошеметтемейтін қазақ кемде-кем шығар-ақ. Бұл біздің үн атасы Мұхиттың жан тулатар жарқын әндерімен барабар түседі, миллат байлығы емес пе?! Ой, несін сұрайсың, Фатима ханымның сахнада тұрған сұлу пішіні мен бұлбұл дауысы әлі құлағымда, әлі көз алдымда! Олар әлі кеткен жоқ, әлі де бір жұмадай болады деседі. Ал, келген күннің ертеңіне берген, берген емес-ау, ойнаған ойындары бейне бір ертегі сияқты. «Бақыт іздеушілер» дейтін татар жазушыларының шығарған бір пьесасы бар екен. Бұл пьесаның уақиғасын айтайын ба, мағынасын айтайын ба, әлде ойнап көрсеткен артистердің шеберлігін айтайын ба... Жоқ, мен мұны ауызбен айтып, жә хатпен жеткізуге шамам келмейді. Мұны сипаттау үшін Бейімбеттей жазғыш болу керек. Әжемнің ертегісімен ауызданып, ауылдық мектептің берген тақыл-тұқыл білімімен ғана өмірге көз ашқан біздің ады-бұдыр хат жазарлық өнеріміз мұны жеткізе сипаттай алмайды, сипаттар еді — оған шамасы келмейді. Мұны сондықтан тек әркім көзбен керіп, оз құлағымен тыңдауы керек.
Кел, Шырақ, тез кел!
Алда тағы да «Ғалия Бану», «Башмағым» пьесалары бар. Тезірек кел! Біз Шолпан екеуміз барып көрдік. Хакім бір күн барды да, тағы да тығыз қарайтын істері болып, кеш қолы босамады.
Шолпан демекші, сорлы Шолпанның басына бұлт төніп тұрады... Бишараның арғы өмірін сен жақсы білесің ғой, Шыраң. Оның жас кезінен бері тартқан хасіреті аздай-ақ, тағы бір ауыр уақиға кездесті оған. Ойламаған жерден кездесті. Жұрт алдында, халық алдында... өте ауыр уақиға. Мұндай нәрселерді хатта жазу да келіссіз. Бірақ, саған шет-пұшпағын білу артық емес... Айтан әңгімеге ілінді. Бұл әңгіме қазір тек Жымпиты қаласының ғана шеңберінде емес, одан тысқары жайыларлық әңгіме болып кетпесе не қылсын! Әңгіме былай: анау күнгі Кенжебаланың өгіз арбасына асылып келген кішкене Құрмаштың елде апасы бар екен. Ол биыл он алтыдан он жетіге қараған ғана бала көрінеді. Ал, осы баланы жасына жетпей, кәдімгі Дабыл бай... тоқалдыққа алып қойыпты. Сұмдық! Алпыстан асқан адам он алтыдағы қызды, есігінде жүрген панасыз қызды әйел еткен! Қай жолмен, қалай «тиген» десейші! Қызды алдау, арбау, қорқыту, басын айналдыру қазір өнерге айналып бара жатса керек. Жасынан жетім қалған сорлы қызды жалмауыз кемпір сияқты бір бақсы әйел үш күн, үш түн қараңғы үйде жападан-жалғыз ұстап: «Алланың әмірі, пайғамбардың сүндеті, аруақты атаның бұйрығы, ата-бабалардың тілегі деп есінен алжастырған. «Дабыл байдың әйелі болуды тағдыр да, лаухел-махфуз кәламда жазған» деп бірнеше күн сарнаған... Ақырында некесін қиып, жүйкедей баланың басына ақ жаулық тартқызып босаға аттатып, не керек Дабылға «халал жұпты» еткен.
Осы қыздың ісін зерттеп келуді Айтанға тапсырған екен Хакім, анау аңқиған байғұс бұзық ауылнайдың алдауымен «қыз өз еркімен тиіпті, жасы жиырмада екен, заңға хилап жері жоқ екен» деп қорытынды шығарған. Мұны біздің Хакім біліп қалыпты. Айтан Дабыл байдың жүйрік жирен атын жегіп қайтыпты... Ол бишара мұны параға алды ма, әлде оны алдап қолға түсірді ме, әйтеуір не керек, бұл іс укомның, уаткомның алдына қойылған. Губернияға Хакім телеграмм беріп, Айтанды орнынан босатуға санкция алған ба, қалай (мұны маған ашып айтпады), әйтеуір қазір Ақбасов тергеуші емес. Шолпан адам бетіне қарай алмайтын халде. Бұл сорлы әйелдің басына төнген қара бұлт емес пе?
Шырақ, хатым ұзарып барады. Қысқартайын, айтайын дегенім бір-ақ ауыз сөз еді және ол өзің мен Гүлжиһан жөнінде еді... Ал, мына толып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар әлденеше ауыз сөзге айналып, бір бет жазудың орнына екі-үш беттік әңгіме болып кетті.
Есіңде ме, «Ақметшенің аманаты» деген сөзге Хакімнің құлағын тіге қалғаны? Бұл сен келген күнгі шай үстіндегі әңгіме еді ғой. Міне, сол әңгімені ұнатпағанын Хакім маған сен кеткен күннің етеңінде-ақ сөз қылды. Ал, сенің «Ақметшенікіне кеткеніңді естіп, «осының бәрі сенің ісің» деп мені кінәлады. Бұл қолайсыз кінәның немен тынғанын мен айтпай-ақ қояйын, мұны кейін естірсің, өзің келген соң айтармын. Сондықтан тез кел. Тез келмесең болмайды. Бұл әңгіменің аяғы келіссіз жағдайға соқтырмаса деп қорқамын. Өйткені, Хакім... айтуға да аузым бармайды. Уездік жастар комитетіне айтып қойыпты, мен «мұның қаталдық» деп шыр ете қалып едім, «жоқ, бұл әділдік. Мен Әлібекті жаудың қолына бергенім жоқ, өзінің Коммунистік жастар одағына бердім. Солар шығарсын әділ билікті — тегі жат, ниеті жат адамның қызына үйленетін болса ашық айтсын — уездік комитет мақұл дер ме мұнысын, әлде теріс деп табар ма, көрсін» дейді. Бұған мен не айтам, Хакімнің қорытындысына қарсы мен қандай дәлел, қандай күш көрсете алармын! Сондықтан екеуіміз бұл әңгімені уездік жастар комитетіне бірігіп түсіндірейік. Укомолдың хатшысы Хакім Мусин ғой. Ол саналы азаматтарымыздың бірі. Түсінер, қолдар. Қызда, сенде не жазық бар сүйгеннен өзге... Әңгіме ашыққа кетті, тез жетпесең болмайды. Мен көп ойладым. Хакімнің бұлай етуі нағыз коммунистік қой деп ойлаймын. Қорқатын еш нәрсе жоқ, әңгімені ашық қоямыз. Шешеме көп-көп сәлем. Қайнаға мен жеңешеме, Кенжебалаға арнаулы сәлем.
Меңдіқыз.
17/VI. 28 жыл
Беті-қолын да жумастан, хатқа жармасқан күйі, Әлібек түрегеліп тұрып оқып еді, ең соңындағы «Меңдіқыз» деген сөзге тірелгенде оның хат ұстаған қолы төмен жылжыды да, көздері қарсы алдындағы шапшаңдап ішін жарып жатқан Әділбек қолындағы сары сазанға түсті. Бірақ ол інісінің не істеп жатқанына көз тікпеді білем, тұмсарған жүзі онан да әрі асып, ошақ жаққа бқрылды.
— Не жазыпты? — деді Әділбек, басын жоғары көтерместен өз ісімен болып.
— Амандық... Бәріңе сәлем айтыпты, — дей салды ағасы босаң үнмен.
Әділбек басын көтеріп ағасының қолындағы хатқа және оның өзгерген пішініне бір көз тастап алып, қайтадан балығына кірісті.
— Амандықтан өзге де бір мән-жай бар ғой шамасы, баяғы нанға өкпелеп томсарып қалатындай бозарып кетіпсің, — деді ағасын қырлап.
— Жұмысыңды істей берсейші...
— Дегенмен, Меңдіқыздың не жазғанын білу маған да теріс болмас еді, — деп бір қойды інісі, ішін жарып тазартқан сазанның енді пышақпен қабыршағын ашып жатып.
Әлібек үндемеді. Оның томсарған пішіні өзгеріп, енді қабағы шытыла бастады. Әлденені тез ойлап, енді бір түйінге тірелген адамша оның қыртыссыз жұқа маңдайы кештіғұрым шыбын-шіркей толқытқан тымық өзеннің бетіне ұсап кетті, қабақ үстіне майда толқын жиырылып, жіңішке қастар жұмарлана бастады.
«Орнынан түссе, тергеуші үйінде отыр екен ғой... — деген ой келді студентке алдымен. — Не мағына бар қалаға барып!»
— Иә, — деді тағы да інісі оның ойын бөліп: — Сәлем айтыпты дейсің бе Меңдіқыз? Әлик сәлем, сәлемет болсын. Басқа не жазады? Түнеу күні жазға салым маған да тап осындай, бірнеше бетке толтырып ұзыннан ұзыншуақ бір хат жазған. Жеңгеміздің тұла бойы толып жатқан ақыл: «Кенжебала, сен оқуын керек. Бұл оқу аз. Сен қатарлы жұрттың бәрі үлкен оқуға кіріп жатыр. Бұдан былай қарай үйлі-күйлі боласың да оқи алмай қаласың», деп не керек баяғы оңу жөніндегі ұзын сүре жазғанының бәрі. Мына хатында да саған ақыл айта ма, әлде Гүлжиһан жөнінде ме? Көп жазыпты ғой... ойға салды ғой өзіңді жеңгең.
«...Хакім жастар комитетіне айтқан! Тапқан екен ақыл беретін адамдарды! Жастар комитетіне айтса ана Шынғалиев оңдырар! Ақметшенің ауылына бара жатқанның өзін сөз қылды. Егерде Әлібек Ақметшенің қызына үйленеді деп есітсе Қауғабайлар жер-дүниені басына көтерер: «Долой комсомолдан! Долой мектептен! Тегі жат адамның қызын алған мырзаларға орын жоқ» — деп...
— Не дейсің, Әділ? — деді Әлібек інісіне.
— Не жазыпты жеңгең деймін.
— А, Меңдіқыз ба? Меңдіқыздың жазғандары көп. Оның бәрін айтып жеткізерлік емес. Сен мені неге бозарып қалдың дейсің бе, Әділ? Мен жүрмекші болып тұрмын. Соны ойланып қалдым.
— Иә, қалаға ма?
— Қалаға, Қызылордаға. Қызылордадан да әрі Алматыға.
Әділбек ағасының жүзіне қадала қалды.
— Ол жақтан хабар келіп пе, тез қайтсын деген?
— Жоқ. Хабар келмесе де жүріп кетуім керек. Бүгіннен бастап жол қамына кіріспесем болмайды. Билетке литерім бар...
Әділбек басын шайқады.
— Маған берші Меңдіқыздың хатын. Оқиын.
— Оқисың ғой соңынан. Қазір қайтесің. Ана балығыңды арши бер,
— Балық аршылар да, балың ауланар да. Мен сенің күрт өзгерген мінезіңе түсінбей тұрмын. Ал, Алматыға жүрдің. Гүлжиһанды қайтесің?
Әлібек сөзбен бұғалықтап бұлтартпайтын інісіне жауапты тез тапты:
— Оңып жүріп кісі үйленбес болар, — деді ол қарсы жауап қаттырмайтын ақылды ағалық үнмен.
Сан адам әйелімен келіп кинода оқып жүргенін, олардың келіншектері де бірі курста, бірі орта мектепте оқитынын, кейбіреуі тіпті жеңіл-желпі жұмыста жүргенін ол жақсы білсе де, Әділбекке оңуды үйлену жолындағы өткелсіз өзен етіп көрсетті.
Аз ойланып тұрды да Әділбек те бет бермеді.
— Гүлжиһан да оңуға түсуі керек. Тап сол сенің әлгі болашақ университетіңе түсуі керек, — деді ол шегелей сөйлеп.
Көптен бері ойлап жүрген ойының үстінен түссе де ағасы басын шайқады.
— Сен, Әділ, еш нәрсені білмейсің. Бәрі елдегідей, мына жайбарақат жатқан өмірдей деп ойлайсың. Онда — үлкен қалада, бірге тұруға үй керек, үй болса — оның керек-жарағы тағы керек. Оқып жүрген адамның стипендиясы тамаққа ғана жететінін сен көрген де жоқсың, — деп еді, Әділбек оған ең соңғы тіпті жалтартпайтын ақылын айтты.
— Сары ағам екі жыл Мәскеуге кеткенде Меңдіқыз мына үйдің екінші хозяйкесі болып отырған. Алып кел Гүлжиһанды, сен оқу бітіргенше өз қолымызда болады. Мамама қолқанат және серік болады. Құдайға шүкір жұрттан кем ұстамаспыз. Мен аман тұрғанда, мына қара-құра шаруашылың барда аш-жалаңаш қалады деп ойламай-ақ қой. Әкесі еншісін бермесе де Жүністің тұқымы жесірін баға білер. Сөз емес айтып тұрғаның, — деді басын көтеріп алып. Сөйтті де: — мама, мына балықты аршыдым, табаға салуыңа дайын, — деп шешесін шақырды.
Әлібек соз таба алмай қалды. Ағасын бұл жөнінде енді қайтып аузын аштырмайын деген адамша Әділбек:
— Мама, Меңдіқыз келінің сәлем айтыпты, аман-ақ көрінеді, бұл бір хабар. Екінші қуанатын нәрсең: мына балаң келіншегін алып келіп өз қолыңа беріп кетеді. Сары ағам Мәскеуде оқып жүргенде Меңдіқыз екі жыл үйде болып еді. Енді Гүлжиһан да сол сияқты. Әлібек оқудан қайтқанша өз қолыңда тұрады. Келінсіз болмайсың, мама. Бұған қарсы емессің ғой, а?! — деді ол құлағы тосаң тартқан үлкен кісіге даусын қаттырақ шығара сөйлеп.
— Айналайын, Меңдіқызым. Адам ғой ол келінім менің. Сәлем айтыпты дейсің бе? Өмір жасы ұзақ болсын. Екеуінің де өмірі ұзақ болсын. Сен аяғы ауыр деп едің анау күні, қалай, аман-есен бе екен әйтеуір, — деп кәрі ана босай бастады. Сонсоң өзіне-өзі күбірлеп, көзін аздап шылап алды да, кемпір: — Әкесіне тартса менің бұл келінім де құдайға шүкір жаман болмас. Алып келші өзін... Өзіміздің тұқым... Көкеңнің аң ниетпен баталасқан Ақметше жиеннің жалғыз қызы. Әлжан, бері келші.
Не қыларын білмей екі ойда қалған Әлібек, кәрі шешесіне амалсыздау түрде жақындай берді де, жақсы хабарға бал қаймақтай елжіреп кеткен кемпір оның бетінен сүйді.
— Айналайын, — деді үлкен ана емірене түсіп. — Құдай өмірлеріңді ұзақ етсін. Бірің анда, бірің мында, әйтеуір қайда жүрсеңдер де маңдайларыңнан жарылғасын. Қайтейін, бұрын мұндай алысқа кетіп оқығанды сирек естуші едік. Хакімжаным да Текеде оқып, қыс күні де, жаз күні де үйден қол үзген жоқ еді. Сен, Әлжан, жыл құсыңдай күттіріп сағындырып болдың әйтеуір. Шай ішіп, ұйықтап алшы, құлыным, бүгін таң сәріден кеттің балығы бар болғырға. Балық деген көздің құрты, адамды жүдетіп, аздырып жібереді. Оның үстіне сен Әділжандай көнбісті емессің, жұқасың. Өңің де құп-қу. Айналайын, құлыншағым.
— Бозарған боз Әлібегім де. Әділжан он сазан шанышқанда қаңғып жүрген жетім қара балықты тайдай тулатып әрең дегенде құлақтады де, — деп келемештеді Әділбек ағасын.
— Қойшы, Әділжан. Әлжан сендей көнбісті емес деп айтып тұрмын ғой. Ертеңгі мұздай суға белшесінен кіріп, ауырып қала көрмесін, құлыным Әділжан, сен ағаңды бекер ертесің балыққа, — деді кемпір Әлібекті өзгеше мүсіркеп.
— Рас, мама, мен жұқамын. Әділбектей емеспін, — деді Әлібек шешесінің әжім басқан етсіз қолын сипай түсіп. — Бірақ мен де ширап келемін...
Соңғы сөз Әлібектің аузынан күтпеген жерден шығып кетті. Бұл оның қазіргі жайын сипаттарлық сөз емес еді.
Мейрімді ананың елжіреген үні Әлібектің жұмсақ жүрегінен жайлы орын тауып жатты. Інісінің ащы-ащы кекесінді сөздері де оған қатты тиген жоқ. Бірақ, Гүлжиһан жөнінде не істеу керек? Бұл әлі оның ұшына шықпаған, бір шетіне ғана қолы тиген паромның ұзын арқанындай өмір көрмесі еді.
...Сонау алыстағы астанадан қиыр шеттегі уездік қалаға жеткенше асықтырған да сол Гүлжиһан. Қаладан ауылға сүйреген де сол. Ол көптен бергі көзге анық елестемейтін бұлдыр арманын тапты да, көрді де, сөйлесті де. Ынтық жүректің лүпілін де тыңдады. Көзден төгілген құмарлықты да құшақтағандай болды. Шаттық ләззәтына да бөленді.
Бірақ... осының бәрі өзекті өртерлік өкінішімен қабаттаса келді: үлкен ағаның наразылық ренішіне соқтырды. Ауыл жастарының басшысы Шынғалиевтің қатты сөзіне ұшыратты. Тіпті өзінің бірге өскен құрдасының ортақшылдық намысына да тигендей болды.
«Оңымнан туып келе жатқан жұлдызыма сендім. Көрермін әлі, алдымен астанаға жетіп алайын!» деп серт етті Әлібек өзіне.
Ол ертеңіне Қызылордаға, онан да алыс Алматыға жүріп кетті.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Шолпан да тарыға бастады.
Айтанның әңгімеге іліккені алдымен Шолпанның бетіне шырмау болды. Көре көзге айта қоймаса да, қызметкер арасында: «Әйелінен жасырып ері ондай істі істей ме? Айтанның пара алғаны алдымен Шолпанға мәлім ғой» деген күбір-күбір әңгіме шықты да, кешікпей бұл әңгіменің аяғы «Шолпанды партия жұмысында қалдырмайды екенге» соқты. Бұл шамамен болжап, сырттан пішудің шет пұшпағы Шолпанның өз құлағына да шалынып қалды. Бір күні жұмыстан шыққан соң, кешке қарай ол терезенің алдында отырып қалың ойға кетті. Өткен өмірінің бәрі көз алдына келді.
«Өткен өкініш, алдағы күн һаманда жұмбақ. Бір жоғары, бір төмен ырғайтын соқпақты жолдай, алдамыш өмір қырынан ойына құлдырата бере ме?! Бір күні шаттықпен шарықтасам, екі күн қамығудың құшағына душар боламын. Тарығудан тәңірім неге айырмайды? Неге мен жұрт сияқты төрт құбылам тең болып өтпеймін? Арманның бәрін тек қана менің басыма жазды ма?.. Меңдіқыздың не арманы бар екен?! Қыз кезінде де ол ауызға ілікті. Әрі оқыған, әрі сұлу, әрі ақылды атанды. Қатар құрбысы алдымен соған қол созды. Бірінші рет біздің ауылға құдаша болып, танысуға келгені әлі есімде. Жұрт сол күнде-ақ оны — айттырған жеріне бармай жүрген қыз. Жар оны таңдамайды, ол таңдайды жігітті, — десті. Ақыры таңдаған Хакіміне қолы жетті. Неге олай?..
...Ол бір тамаша жаз еді. Ел жайлауға Аброшниға жаңа ғана көшіп қонған. Қаз-қатар тізілген ауыл. Күндіз су басы дарқан. Кешке ауыл сырты ойын мен ән. Қызы гүлдей жайнаған, жігіті сақадай, сәндікпен бөркін шекесіне салған бір шақ еді-ау. Сол кезде де менің қабағымды қайғы торлап, жүзімді мұң бүркеген...
Хакімнің оңудан келген жылы. Сорлы Зағипа екеуіміз қайсымызға қарар екен деп көз астымен аңдысып жүрген шағымыз. Қазірде сұлу ғой, бірақ ол күнде Хакім көруге көз керек — адамның көріктісі еді. Үлкен ала көзі қарағанда шарасына сыйғызып алып кететіндей сүйрейтін. Шеке тамыры көгілдір тартқан арық Зағипаның Хакім қарағанда сұп-сұр беті нарттай жанатын. Ол түгіл менің бетімде де жалын жүгіріп, жүрегімде дауыл тұратын. Көп түндер кірпік ілдірмей өтті...
Қалаға оқуға кетіп қалуға да бас себеп сол жастық оты еді ғой. Туған ағадай көретін Орекең: «Шолпан, оңы, уезге жүр. Өзім жәрдем етемін» дегенде киіндім де жүре бердім. Сорлы Күміс шешем, көз жасын төксе де бөгелмедім. Бұл Ораз ағай мен Қапиза жеңгейдің Мерғали нағашысына сәлем беріп кетем деп келген жолы еді. Сауық-сайраннан қолы босамай өткен Сүлекең жиен інісі мен жиен қарындасына ойын жасап, түні бойы жиылып өлең айттың. Бұл ойын менің ойыныма айналып кетті. Маған жасаған кештей болды. Ертеңіне қадірлі аға, ардақты жеңгенің арбасына отырып тентек Шолпан кетті де барды. Үлкеннің ақылын алмай, кішінің дегеніне көнбей кеттім. Қалай оқимын, қайда оқимын деп те ойланғаным жоқ. Өйткені қалада сүйеніш Хакім бар, үміт бар. Алда қол жетпес биік өмір бар. Сол биікке өрмелеуге кеттім.
Хакім Меңдіқызын тапты. Мен... Отағасымды.
Бұл не? Күндегенім бе Меңдіқызды? Жоқ, әлде оның бақытын көре алмау ма? Әлде мен басыма әңгіме төнгенде жақынымды жат деп қарауға айналдым ба? Жоқ, олай емес. Күншілдік те емес, көре алмаушылық та емес, ыза болғандық. Тағдырдың маңдайға басқан таңбасына ыза болғандық. Хакім мені сүймейтін бе еді! Мен бір адамға, сүйген адамыма жар бола алмайтын ба едім! Талай ыстық сөз айтылмады ма? Талай рет ынтық жүрек дүрсілдемеді ме! Талай үмітті шақ көз алдына келмеді ме! Бірақ... таңба. Тағдырдың басқан таңбасы. Жесірлік таңбасы... Әйел деген таңба... араға түсті.
Өзімнен он жеті жас үлкен Отағасыма, кәдімгі осы Отағасыма қол ұстатқан да сол таңба...
Шолпанның көз алдында тарыққаннан тартылған өткен өмір суреттері кілт жоғалып кетті — ол селт етіп, қақпадан кірген адамға құлағын тосты.
Кірген адамның Отағасы екенін басқан аяғының дүңкілінен-ақ таныды. Оның жүрісін, қимылын, не ойлап келе жатқанын да әйел алыстан сезді. Қақпаны жаппастан ері әлденеге асыға басып, есік алдындағы басқышқа аяғы бір-ақ ілікті. «Сұлу әйел, жас әйел жалғыз отырмаған шығар!»
— Мықты келіншек, үйдемісің, әлде... неге үндемейсің. Мен келдім, міне келдім, — деді Айтан есікті ашып қалып.
Шолпан оның жай қалыптағы салмақты мінезінен шығып кеткенін екпінінен де, үнінен де жақсы түсінді.
— Жақсы еткенсіз келсеңіз. Өте жақсы еткенсіз, — деп қалды Шолпан; кекесін сөзге көшу бұл жерде келіссіз болса да, әйелдің аузынан еркісіз шығып кетті. Айтан осыны ғана күткендей:
— Келмеуімді тілеп отыр ма едің? — деп байланыса сұрақ қойды.
Бірақ Шолпан жауап қатпады. Терезе алдында отырған күйі, ымырт алдында қарауыта бастаған алыстағы бір қарасындарға, онан бергі батыс беттегі көкжиегінің қызыл шұғыласына орала бастаған сонау көпір аузындағы қызыл үйдің биік мұржасына көзін тікті. Бір сәт қызғылт-сарғыш бояуға малынған кешкі әлемнің көз тартарлық келбеті әйелді өзіне тартып кеткен сияқты болды. Ол ерінің сөзін елемеген пішінде қалды.
— Неге үндемейсің? Келмеуімді тілеп отыр ма едің? Айт, ашық айт!
Ұмытқан нәрсесі жаңа ғана ойына түсе қалғандай, Шолпан оған жалт қарады да, баржиған түрінен шошып кетті.
— Отағасы, жетпегені енді осы ғана еді, — деді әйел жирене қарап. — Мас болып, көзі-басы ісініп, көшеде құлап жату ғана қалды.
— Е, ақыл айтуға кірістің бе?
— Жасы келіп қалған адамға ақыл айту оңай жұмыс емес. Сонда да жөні келген соң үндемеуге болмайды. Ісі теріс, күнәлы адам ғана жездей майысып, осындай күйге ұшырайды.
— Ымм, сеніңше мен күнәлымын! Хакім ағаң да солай дейтін шығар! Екеуіңнің пікірің бір жерден шығады... Солай! Пікірлес адамдар...
— Мына мінезіңіз өзінен өзі-ақ сол пікірді дәлелдеп тұр ғой.
— Соттаңдар мені! Қаматыңдар! Сонсоң бәрі де бітеді. Тыныш боласыңдар.
— Отағасы, ақылға оралған жон. Сіз бала емессіз. Алдымен соны ойлау керек. Сізді соттаймын деген адам жоқ.
— Онда неге орнымнан алады? Ағаң неге тергеп, анығына жетпейді?
Шолпан орнынан түрегеліп еріне жақындай түсті.
— Шешініп, жуыныңыз.
— Сонан кейін?
— Сонан кейін... сөйлесеміз.
— Қазір-ақ айта беруге болады, айтатыныңды...
Шолпан шыдай алмады. Бірнеше күннен бергі іркіліп келген сөз өзінен-өзі ағытыла берді.
— Заң қызметкерінің үлгілі болуы керек екенін бұрын өзіңіз аузыңыздан тастамайтын едіңіз. Есіңізде ме: Тәжімұратты «елдің жуандарымен көп сөйлесесің» деп талай жазғырғаныңыз? Ал осы сақтық,.осы қырағылық кеше сізден неге қол үзіп кетті? Не нәрсенің күйігімен барып Дабылдың батпағына баттыңыз? Тап күресінде болаттай болуды комсомолдар да біледі. Уездің басты юрисі кез келгеннің жетегінде кеткенін қалай деп түсінуге болады? Қиянатқа, жамандыққа бармайтыныңызды мен білемін, мен сияқты жақын достарыңыз ғана біледі. Ал жалпы жұрт не деп ойлайды? Дабылдың жүйрік жирен аты мен жұмсақ арбасын мінуге, жегуге болар да еді, бірақ ісін қарай барған тергеушінің байдан ат сұрауы параның бір түрі болып табылмай ма? «Аңдамай, байқамай, алданып қалыпты» деп халық кешірер ме мұны?! Бұл жұмысты басқа адам, басқа тергеуші істеп келсе — өзіңіз қалай деп бағалар едіңіз? Отағасы, сіз бала емессіз, білімді адамсыз. Біздің көргеніміз сіздің білетініңіздің, көргеніңіздің жартысындай да жоқ. Осыны байқамайсыз, және әлдекімге өкпелейсіз, әлдекімді айыптайсыз. Өз кінәңызды өзіңіз білмейсіз. Кінә демекші, жұрт қазір алда-жалда сізді малға сатылды деп айыптаудан аулақ. Ат пен арбаның қалай келгенін, кім бергенін, бұзық Маймокиннің кім екенін басшы қызметкерлердің бәрі түсінді. Бірақ сізге кешірімсіз күнә: жат пікірлі, қара ниетті адамдарға қол жаулық болып кеткеніңіз. Мына сияқты ауылда тап күресі өрттей қаулап тұрғанда совет заңының айбынды абыройын түсіріп алғаныңыз. Алпыстағы шалға есігінде күң болып жүрген жетім қызды қол-аяғын байлап беруді кім кешірер?! Қалай кешірер?..
— Жетті! Жетті!.. Мен оны білмей қалдым, көңілшектікке салындым. Адамға нану мен сену жетті менің түбіме...
Айтанның даусы бұзылып кетті. Әйелінің сөзін ақырына дейін тыңдауға шамасы келмеді. Төргі бөлмеге еніп, әлде мырсыл, әлде гүрсіл тәрізденген бір дыбыс берді. Шолпан сөз кесегін текшелей берді. Оның үні де қоңыр қалпына жаңа ғана түскендей болды.
— Оны ешкім кешіре алмайды. Әкесі он сегізінші жылы Шұғыл байдың аты үшін хан жігіттерінің — тап сол Маймокикдердің қолынан қаза тапқан, қарғадай басынан жетімдіктің.ащы зарын тартқан, беті-қолы жарылып жебір байдың сиырын сауумен күні өткен панасыз, қорғансыз-жетім қызды айуанның қолына ұстап берген адамды қалайша жарлының жақтаушысы дер? Білмедім дейсіз, білмесеңіз неге мойындамайсыз қателескеніңізді?! «Хакім ағаң» деп кекетесіз. Хакімнің бұл жерде қандай жазығы бар?! «Сотқа беріңдер» дейсіз, сот алдында не айтар едіңіз?! «Мықты қатын» деп мені мүжисіз, менің мықты болғаным кімге зиян болды? Мықты емес, әлсіз, дәрменсіз, бойы өсіп, бұғанасы қатпаған ана қызды, он алты жасар қызды, торғай алған тұрымтайдай тырнағына бүріп жатыр. Мені де бүрмекші болған. Жетті дәрменсіз болу қазақ қызына. Өзінен қырық бес жас үлкен, құлағының жүні кере қарыс, көзінің алды іріңдеген, мұрнынан аққан суын тыя алмайтын мыжырайған Дабылдардың мыржық қолы сәби денені сипауы жетер. Мұнан былай оны болғызбаспыз, ешкім енді ондай теңсіздікті, ондай аяусыз айуаншылыққа жол бермес...
Отағасы төргі бөлмеден ешбір дыбыс бермегеннен кейін Шолпан терезе алдынан түрегеліп, столға барды да арыз жазуға кірісті.
Уездік партия комитетінің
хатшысы Дәулетов жолдасқа!
Болъшевиктердің Ресейлік
Коммунист партиясына! 1922 жылдан
мүше Шолпан Ақмембетовадан
ӨТІНІШ
Өтініш басында есіңізге салатыным: шаруаның қызымын. Ауылдың мектепте оқып хат таныдым. Ескі ғадет бойынша ес білмейтін кезде аталарымыз құда түсіп, жасым он алтыға жетер-жетпесте болашақ үйімнің босағасын аттадым. Бірақ бір жыл отасқаннан кейін жас қосағым дүние салды да, он жетіге келмей жесір атаққа ие болдым. Бұл аздай-ақ ел жиылып бас қосып жесірді елден жібермеу үшін он жасар қайныма қосақтады. Сөйтіп жас шағым торға түскен торғайдай бұйығып, уһлеумен өтті. Тек қана он сегізінші жылғы төңкеріс толқыны алдымен мені сүйреп жаңа жағаға алып шыққандай болды. Бір жылдай ауылдық Советтің қағазын хаттап хатшысы есебінде жұмыс істедім. Жиырмасыншы жылы уезд орталығында бір жылдық мұғалімдер курсында оқып шығып, екі жылға жуық қыздар интернатында тәрбиеші болдым. Жиырма екінші жылы Орал қаласындағы алты айлық әйелдер курсын бітіргеннен кейін қыздар интернатын басқарушы болып тағайындалдым. Аз-мұз істеген жұмысымның нәтижесінде жиырма бесінші жылы уездік партия комитеті нұсқаушы етіп алды. Сонан бері әйелдер арасындағы саяси тәрбие жұмысына жетекші болып келемін. Жүктелген жұмысты қолдан келгенше адал атқару жолындамын. Бірақ қазіргі күннің өзінде білім аздығы көрер көзге белгілі болып келеді. Ал алдағы уақытта орта білімсіз қандай қызмет болса да қиындық келетіні өзінен-өзі айқын. Сондықтан сізден өтінетінім: мені Қызылордаға, өлкелік әйелдер бөлімінің қарауына жіберіңіз. Өмір бойы арман етіп келе жатқаным: орта дәрежелі білім алу — мектеп бітіру. Жә техникум, жә рабфакқа түсуге жасым әлі өткен жоқ деп ойлаймын (туған жылым 1901 жыл). Қызметтен босануға, оқуға сұрануға тағы бір себеп: өзіңізге белгілі, үй ішімде болған кейбір қолайсыз жағдайлар. Осыны да еске аларсыз деп сенемін. Өйткені еріме де, өзіме де бұл жерде қызмет істеуге қиындық туды.
Өтініш иесі Ш. Ақмәмбетова. Осы жылдың 15 июлі».
2
Хакім уездік партия комитетінің хатшысы Дәулетовты білімділік жағынан да, іс тәжірибесі жөнінен де қатарынан озат шыққан адам деп бағалайтын. Оның он жеті жасынан бастап саяси қызметке араласып, болыстық, уездік, губерниялық партия ұйымдарында үздіксіз жауапты қызметте болғанын жақсы білетін. Соңғы жылдарда Дәулетов қазақ өкіметінің мүшесі болып сайланған. Бұл әлеуметтік сатыдағы жоғарғы дәрежесінен өзге, оның ірі маман болуға бет алғаны Хакімге жақында ғана аян болып еді. Бақса: Ғабдол Дәулетов Сарытау қаласындағы ауыл шаруашылық институтының ақтық курсын тыңдап шығып, ғылыми диплом қорғауға бір жыл мұрса алған екен. Оның әуелден ұнатқан мамандығы агрономия ғылымы да, ал зерттеп жүргені Қазақстанның батыс өлкесінде ауыл шаруашылығын өркендету жолдары болып шықты. Сөйтіп уездік партия комитетінің хатшысы болып келген бұл жас ғалымның алдында Маркс пен Энгельстің, Ленин мен Плехановтың кітаптарымен қатар, Тимирязевтің, Вавиловтың, Тулайковтың еңбектері беті жабылмай өне бойы ашулы жатады екен. Бір ғажабы: Дәулетов Лениннің еңбектерін тұтас оқығаны былай тұрсын, ол көсемнің қай жылы не жазғанын және қандай жағдайда жазғанын да бес саусағындай біледі. Мұны Хакім өз көзімен көріп, өз құлағымен естіп жүрді. Бір күні Дәулетов Хакіммен әңгімелесіп отырғанда Шолпан кіріп келіп:
— Ғабдол аға, мен кооператив жайында әйелдер жиналысында не айтамын, өзім ештеме білмеймін бұл жөнінде, — деп еді, Ғабдол онан:
— Сіз орысша білесіз бе? — деп сұрады.
— Түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын, — деді Шолпан.
— Түсінсеңіз көсемнің жер бөлімі қызметкерлерінің I съезінде сөйлеген сөзін оқыңыз. Бұл биылғы шыққан соңғы томында. Мен өз құлағыммен тыңдап едім бұл сөзін. Осыған қосымша сол томның 173 — 182 беттерін қараңызшы. Сонда сіз кооператив жайында толық мағлұмат аласыз, не істеу керек екенін көз алдыңызға алып келеді, — деген.
«Бәрін жатқа соғады, қалай ұмытпайды. Өзіміз күнделікті жұмыспен басымыз қатып жүргенде, оқыған кітабымыздың аты да жадымыздан шығып кетеді. Бұл кісі кітаптың бетіне дейін көрсетеді. Әлде Ленинді күнде оқи ма екен» деп таңданған ішінен. Шолпан кеткеннен кейін ол Дәулетовтан:
— Ғабеке, сіз Лениннің сөйлегенін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен тыңдадым дедіңіз. Қандай жағдайда сөйлегені, әрине, есіңізде қалған шығар, — деді, уком хатшысының мұны ұмытпағанына шәк келтірмесем де, сыпайы түрде сөзге жетектей сөйлеп.
— Сіз көсемді көрген жоқсыз ба? — деді Дәулетов таң қалғандай пішінмен.
— Жоқ. Мен оқуға барған жылы ол кісі қатты сырқат еді. Жиырма үшінші жылдың күзі еді ол.
— Солай ма еді. Мен сізді Мәскеуде жиырма екінші, жиырма үшінші жылдары оқыған екен деп едім.
Дәулетов сұқ саусағымен столды аздап тықылдата түсті. Оның ойланып қалғанын Хакім түсіне қойды да, қызық әңгімеге құлағын түре қалды. Тамаша кісі деп ойлады Хакім ішінен. Бағанадан бері Лениннің атын бір атаған жоқ. Екі-үш рет атауға тура келсе де «көсем» деумен болды. Бұл қалай екен? Аса ұлы адам болған соң атын атауды келіссіз деп ойлай ма екен?..
— Көсемнің қандай жағдайда сөйлегені, әрине, тыңдаушыға қызық зат қой. Бірақ ол кісінің қай жерде, қалай сөйлегенін сипаттап көз алдыңа келтіру үшін тілге де өте жүйрік болу керек. Әсіресе, әрбір сөзін өзі айтқандай етіп беру, қимылын, жүз құбылысын бұлжытпай салу біздің қолымыздан келмейді.
— Әрине, әрине. Тек жалпы мағынасын, ұзын ырғасын шамамен айтсаңыз болғаны.
— ...Жұрттың көсемді ішінен тынып күткені, ол сахнаға шыға келгенде бүтін залдың ду қол ұрғаны, көз құйрығы күлімсірей түсіп, «болды» дегендей сұқ қолын шошайта қалып төмен сілтеп, қобалжыған жұртты кілт тоқтата қойғаны ауызбен айтып жеткізерлік зат емес. Ал, ап дегенде сондайлық жатық бастап, бірден-екі үнін де, сөзін де өрлете бергенін, шегелеп тастағандай әрі дәлелді, әрі мағыналы сөз жүйесімен соншама жұртты селт еткізбей уысына сыйғызып алғанын сипаттап болмайды. Ең кемі екі сағат сөйлеген шығар. Бірақ сол екі сағат баяндаманы жұрт екі минутте бітіргендей сезді-ау деймін. Өйткені, «тағы да айта берсе екен» деген тілекте қалдық. Және оның ең ғажабы ол залда, кәдімгі Үлкен театрдың зәулім залында лық толып отырған жалғыз ғана коммунистер емес, сол кездегі барлық партияның бар уәкілдері отырды. Соның біреуі аузын ашып — не бір реплика, не бір наразылық пішін көрсеткені болған жоқ. Кәдімгі шыбын ұшпас шым-шым отырыс болды. Бірінші рет дүниеге келген, бірінші жұмыскер мемлекетінің бұл бірінші жұмыс есебі еді ғой. Оған наразы адам — қарсы адам жоқ болғандықтан емес. Көсемнің болат сөзінің болат дәлелі ғой тыпыр еткізбеген. Әйтпесе оның ішінде қарсы тараптың қарыспа адамдарынан өзге жай қалыпта тәртіпке көнбейтін тентек матростар мен сотқар солдаттар да аз болған жоқ. Тіпті жапсардан ысқыратын кәдімгі жүгенсіз студенттердің уәкілдері де толып отырды. Соның біреуі бір дыбыс шығара алған жоқ көсем сөйлеп тұрғанда. Осындай беделді, осындай алғыр, осындай білгір дана кісінің және бүтін мемлекеттің тағдырын өз қолына ұстап тұрған адамның таң қалдыратын бір қасиеті бар. Ол көсемнің: арқадан Юденич, оңтүстіктен Деникин, Сибирьден Колчак бас салып, аяғынан жаңа ғана қаз-қаз тұрған мемлекетті жоқ етуге оқ жаудырып жатқанда әскерлік тәртіпті қолданбай, бұқарашылдық дәстүрді бұзбауы...
Хакім қозғала түсті. «Төңкеріс заңының бір қылапсыз көрінісін баян етер» деген ой келді оған.
— ...Сол кезде біз Кеңес үкіметімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын партияларды бар деп ойлаған жоқ едік. Бақсақ, сол съезде меньшевиктердің, солшыл әсерлердің, Бунд партиясының, тағы да басқа бір-екі буржуазияшыл партиялардың уәкілдері отырыпты. Бұлар көсемнің баяндамасы бітісімен өздерінің наразы пікірлерін жайып салды. Әсіресе, Бундның уәкілі Фрумкина дейтін әйел көсемге тура бас салды. Өзі де бір көруге нағыз қара жыландай адам екен. Жасы отыздың о жақ, бұ жағында ғана болуы керек. Жас та, көркем де және сөзінен жалын шарпып тұрған бір бәле. Мұндай сөзден боран боратқыш адамды көрген емен...
— Иә, не айтты? Әсерлер о бастан шабуыл жасап келді ғой Ленинге.
— ...Совет үкіметі тек ЧК-ның күшімен тұр. Ленин сөз еркіндігі дегенді, тіл еркіндігі дегенді білмейді. Өзіне қарсы шыққан адамды аттырып, астырып жатыр... — деп соқты ол қара жыландай, қара сұр әйел. Көсем оған: «Тіл еркі жоқ дейсіз бе? Міне, сөйлеп тұрсыз ғой! Бұл өзіңізді-өзіңіз шапалақпен жаққа соғу емес пе? Осыған да мен кінәлымын ба?» — деп күледі.
— Қатырған екен, — деді Хакім.
— Сақалы беліне түскен және аппақ қудай, денесі шүңкиген меньшевик Мартов та соны айтты. Бірақ ол Фрумкина сияқты тура айтпай, алыстан орап, майдалап, сыпайыгершілік пен «көргенділікке» салына сөйледі. Осындай жағдайда бұқарашылдық дәстүрге шаң тигізбегені көсемнің ең басты данышпандығы ғой. Таспен ұрғанды аспен ұр дегендей, ашық жауларының өзін де шексіз әділдігімен жеңген кісі ғой. Үкімет күші сол әсерлер мен меньшевиктердің қолында болса, олар ең алдымен бұқарашылдық дәстүрді жоқ етер еді, — деп Ғабдол Дәулетов столды саусағымен тық-тық еткізе қалды.
— Рақмет, Ғабеке, Владимир Ильичтің сөзін әлденеше рет тыңдағаныңызды сыртыңыздан естіп едім, бірақ өз аузыңыздан есту басқаша ғой. Үлкен рақмет, — деді Хакім, қатты риза болған пішінмен.
Хакімге бұл әңгіме мықты әсер етті. Дәулетовтың ірі большевик екені оның көз алдына бұрынғыдан да айқын елестеді. «Біз үйренуіміз керек. Бар жағынан да қылапсыз болуды үйренуіміз керек. Ленинді көргендерді үлгі етуіміз керек» деп қорытты ішінен.
3
Бюро мәжілісінде атқару комитеттері мен партия комитеттерінің ауылды советтендіру жөніндегі жұмыстарын тыңдағаннан кейін, Дәулетов жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын жариялап өтті. Ол ұсыныстардың бірі қосшы ұйымына мүше кедейлердің: «Бірігіп артель. боламыз. Кооперативтен ауыл шаруашылығына керекті құрал сайман сұраймыз» деген тоқтам-тілегі екен.
Бұл жөнінде кімнің қандай пікірі бар, осыны ортаға салайық. Бұл сияқты мәні зор саяси мәселеге бюро мүшелері мен кандидаттары ерекше көңіл аударуын сұраймын, — деді Дәулетов.
Қарабай Көзеевтің сөзінен кейін, анау күнгі өзінің сөйлескен «ғалымына» Әлеуов шаң тигізбеуге тырысты.
— Ақметшені зияндылардың қатарына қосу қате, — деп бастады сөзін, — бұл асыра сілтеу болады, жолдастар. Еңбекшінің еңбегін қанап келген, тегін байып, малының басын өсіруге тырысқан, басқаға шабындық, егістік жердің шұрайлысын бермей келген бай мен бекті ауыздықтауға, керек жерінде оларды жер аударып жіберуге, мал-мүлкін ортаға салуға кім қарсы? Ешкім де қарсы емес. Ал мына сияқты әрі білімді, әрі сол білімінің жемісін жұртқа үлгі етіп отырған адамды, қазақтың қара байырғы малын асылдандырып, қол жетпес бағалы түрге айналдырып отырған Ілуде біреу Ақметшені де қолға алу ақылды іс емес. Бұл қолда бар бағалы мүлікті желге жіберу болады. Ойлаңызшы, мұның малын алып кедейлерге үлестіргенде мұнан кімге пайда? Жерден тауып алған малдай оны сайып, сатып алған кедейлер әп-сәтте ап-сап қылады. Бұл анау-мынау мал емес — асыл тұқымды малдар. Мұны иесінің қолынан, кәдімгі мәпелеп өсіріп отырған маманның қолынан кеткен соң бұл малдың тұқымы құриды, жоғалады. Сондықтан Ақметше Мұшаметшеұлын біз қайта қорғауымыз керек. Оның ісін алға бастыра беруге жәрдемдесуіміз керек, — деді Әлен Әлеуов. «Бұл әлеумет байлығы емес, жеке бастың байлығы ғой!» деген пікірге де Әлеуов жауап тапты.
— Жеке бастың байлығы деп біз шетінен құрта береміз бе? «Жекені құрт» деген жарлық та жоқ. Оны жоюдың қажеттігін дәлелдейтін теория да жоқ. Жеке меншік социализм кезінде де, онан арғы дәуірде де қалмайды. Оның тек түрі өзгереді, — деді ол. — Ал, орташаны байдан бөліп алу ең басты міндет. Қазақ шаруаларының дені орташа ауқатты меншік иесіне жатады.
Хакім Ақметшенің жеке басының ғана баюын көздеп, мал өсіру жөніндегі ғылымның табысын ол өз меншігі үшін пайдаланып отырғанын дәлелдеді.
— Егер де асыл тұқымды жылқысын: «Қазынаға сат. Біз мемлекет байлығын молайту үшін малдың мол өнім беретін нәсілін көбейтеміз» десе, Мұқаметшин: «Ала ғой, маған ғылыми даңқ та жеткілікті. Байлықтың керегі жоқ», — дер ме еді. Әлде әрбір айғырына жабайы жылқының онының құнын сұрар ма еді? Меніңше, ол соңғы қорытындыға бас ұрар еді. Ал айта кететін бір басты жағдай: Ақметше Мұқаметшеұлы ерекше көзқарастың адамы. Оның түпкі мақсаты жеке меншікті жою арқылы емес, шаруашылықты өркендету капиталистік жолмен ғана қол жететін нәрсе деп таниды. Мұны оның сот алдында берген жауабы жақсы дәлелдей алады. Ол: «Ауыл шаруашылығы ғылым мен техникаға сүйенген ірі малды фермалар мен егін егетін әлді шаруалар туғанда ғана көркейеді. Мына мен бастап отырған шаруашылық сияқты әрбір шаруа көрнекті түрге айналса республика байиды» дейді. Екінші сөзбен айтқанда ол жеке меншік арқылы ғана мемлекет байиды, жеке меншік жойылса бәрі жойылады демекші. Оның крайға бармай, жеке шаруашылығынан айрылмай отырған себебі де осы. Тұжырып айтқанда ол: қанау жеке меншіктің қырсығынан емес, надандықтың қырсығынан. Ғылым мен техникаға сүйенген мәдениетті елде бай, кедей деген ұғым болмайды, тегіс өрлеу басталады деген пікірді қолдайды. Осы пікіріне оның тәжірибесі де дәлел. Ал бұл зиянды, коллективтік түрге қарсы пікіріне оның қылмысын қоссақ, ең алдымен Мұқаметшеұлын еңбекшілер арасынан аулақтатуымыз керек. Он Дабылдан бір Мұқаметшин көп зиянды, көп кесірлі, — деді Хакім.
— Прокурор жолдас оның қандай қылмысы барын дәлелдеп бере алар ма екен? — деді Әлен Әлеуов кекесінді үнмен шалқая түсіп.
Бірінші қылмысы — ол Жаншаның үкіметіне қызмет етті; екінші қылмысы — ол жұртқа мәлім бас кесер, қылмысты Құныс шығанмен байланысты. Байланысты ғана емес, Құныс оның қолындағы жасырын қол шоқпары. Оны керек кезінде ол жергілікті үкімет орындарына қарсы қару жұмсатуы даусыз. Мұны Щитов жолдас та жақсы дәлелдей алады.
Сіздің бұл жөніндегі пікіріңіз ашық: зиянды тап уакілдерінің қатарына Ақметшені қоспау керек дейсіз ғой! — деп тұжырды оның сөзін Хакім де.
Әлеуов те пікірін айқындай түсті:
Жолдас Дәулетов, мен бұл маманды пайдалану керек деп білемін. Мұның асыл тұқымды малын жоғалтып алмау қажет деп ұғамын. Оның қоғамға пайдалы ісін, жасап отырған пайдалы тәжірибесін босқа тастамау көрегендік болады деп түсінемін, — деп тізбектеді ол сөзін.
— Жақсы, — деді Дәулетов орнынан түрегеліп. Сонсоң ол сәл кідіріп тамағын кенеп алды да, столға қарап тұрып, қорытынды пікір айтты. Даусы жай әңгіменің үнінен гөрі жоғарырақ, өзінің көмейден сөйлейтін қоңыр дүмбірлі күйінде шықты. — Бұл уезде орман жоқ, тіпті ағаш деген сирек кездеседі. Ал менің туып-өскен жерімде аз да болса орман кездеседі. Оның үстіне Ресейдің жерін көбірек көргенім бар. Орманды күтіп, өсіріп, жетілдіре беру үшін алдымен оның інін кесапат, шірік түбірлерден тазартады. Өйткені жаңа. екпені қаулатып өсіруге күннің көзі мен жердің ылғалы мол болуы керек. Ал ескі үлкен түбірлер күн көзін де бермейді, жайылып кеткен тамырларымен жер қыртысын да бір өзі иемденіп жатады. Міне, тап осы сияқты жаңа ауыл жасауға, жаңа тұрмыс жасауға, ескі ауылдың не заманнан бері діңкесін құртып келе жатқан зиянды түбірлерін түбімен қопарып тастау басты міндет. Екінші сөзбен айтқанда, заңсыз қалың еңбекші кедейлерді уысында ұстап келген шормандарды мұнан былай қарай мекен-жайынан да, еңбексіз тапқан байлығынан да қол үздіру шарт. Қазір партия ауыл мен деревняны мүлде жаңарту шарасын жоспарлап бітірді. Бұл шаралар көсемнің 1918 жылғы 11 декабрьде жер бөлімдері, жарлылар комитеттері және ауыл шаруашылық коммуналарының Бүкілроссиялық I съезінде сөйлеген сөзі мен 1919 жылғы 4 декабрьде ауыл шаруашылық артельдері съезінде айтқан сөзіне сәйкес жасалуда. Кесемнің бұл баяндамаларында: «Еңбекті ұйымдастырудың ең жоғарғы формасы — коммуна» деген пікір көктей етіп отырады. Сол коммуналық еңбекке құрылған шаруа ғана ғылым мен техника табысына сүйене алады. Демек, жиырма-отыз үй кедейлер біріккен күнде ғана көсемнің көксеген тракторын жегуге әлі келеді. Жақын арадағы партия, қосшы, комсомол ұйымдарының бар жұмысы осының төңірегінде ғана жүргізілуі керек. Сондықтан жергілікті ұйымдардың ұсынып отырған ұсыныстарын уездік партия комитетінің бюросы толығымен қолдап, іске асырып шығуды мақұлдайды. Мұқаметшин, Омаров, Дабыл Махметов, Қуанай Ахметовтар ескі қанаушы таптың ауылдағы зиянды уәкілдері деп танылуы тиіс. Кәне, басқа пікір бар ма тағы да?
— Бұл айтылған ірі бекзаттардың бұқарадан аулақтатылуына қарсы емес екендігімді әлгіде айттым. Менің жалғыз-ақ қосылмайтыным, Мұқаметшин жөніндегі ұсыныс. Мұқаметшин ірі маман, оның істеген ісі халың шаруашылығына аса пайдалы. Сондықтан бұл оқымысты, тәжірибелі, өте-мөте пайдалы мал маманын басқаларға қоспау жөн деп білемін. Мен осы пікірімде қаламын, — деді соңында Әлеуов.
— Жақсы. Сіздің пікіріңіз бөлек жазылады. Өлкелік партия комитетінің мүшесі болғандықтан мұны сол басшы орынның өзіне мәлім етеміз, — деді уком хатшысы. — Ал үкімет нұсқауы қалай, қай түрде іске асырылып жатқанын прокурор Жүнісов ерекше бақылайды.
Мәжілістен шығып бара жатып:
— Дәулетов осыны соншама неге құрметтейді? — деді Қарабай Козеев Хакімге, Әлеуовты иегімен меңзеп. — Барып тұрған байдың адвокаты ғой.
— Қареке, Дәулетов өте ақылды большевик. Оның бағыты дұрыс. Қателеспейтін адам болмайды. Бірақ сол қатесін өзі түсіне ме, әңгіменің ең қиын жері осында. Түсінсе ол түзейді, өмір оны түзетеді. Мына сіз бен біз түзетеміз. Өлкелік партия комитеті тәрбиелейді, оны да, бізді де, — деді Хакім.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Милиция шақырып кеткен Акбардың бірнеше күн уезд орталығында болып, көре көзге жүдеп, үрейленіп қайтқанын Ақметше елеген жоқ. Оның нақ пішен үстінде көп жұмысының қалып қойғанына да көңіл аудармады. Өз жұмысымен кеше кетіп, қаладан бүгін қайтып келгендей-ақ Ақметше оған:
— Енді қайтып қалаға бармайтын болсаң, шөп басына бар. Күн ашықта пішенді жинап үйіп алған жөн, — деді.
Ал өмірі Ақметше сияқты атақты адамның алдында аузын ашып көрмеген жалшы Акбар қалада не көріп, не қойғанын баяндай алмады. Ол тек жаутаң-жаутаң қарап:
— Жақсы, жақсы, — деген қылапсыз жауаппен, айыпты адамдай, атын жегіп, арбасына торсығын салып, қырға шығудың қамына кірісе берді.
Бір қымбат затын ұмытып кеткендей, қалтасына қолын салып, қайта суырып, әдетінше сақалын алыстан бір сипап өтті де, Ақметше арбаға мініп жатқан Акбардан:
— Осы сен Құныс деген қазақты бұрын-соңды көргенің бар ма? — деп сұрады.
Акбар шошып кеткен жанша, оның бетіне жалт қарады. «Не дер екен» деп күтіп тұрған Ақметше бұл момақан пішінді, аңғал денелі адамның қара қоңыр жүзінен, желді күнгі есіп өткен жүрдек қара бұлттай, жауып кеткен үрейлі қорқыныш пердесін көрді. Шаруаның тілі де сөзге орала алмай қалды білем, ол тек қорыққан балаша, арбаға арқасын тіреп басын шайқай берді. «Бұл кісі де маған сенбей ме? Андағы әкім де сол сұрқияны менің бір танысымдай-ақ қайта-қайта сұрағыштап еді» деп қысылды шаруа. Акбар алты аласы, бес бересі жоқ бұл шығанды неге сұрайтынын, өмірі жүзін көрмеген, атын да тек алыстан естіген ол бас кесердің неге керек болып қалғанын білген жоқ-ты. Нағыз шынын көз үрейімен ұқтырған Ақбардан Ақметше енді қайтып сөз тартпады.
— Иә, оны көрмегенің жақсы болған. Жүре бер, — деді.
Шаруаның қалаға барғаны Ақметшеге аса қажет еместігі де, оның Құныстан бихабарлығы да осындай бір-ақ ауыз сөзбен бітті.
Сол күнгі түн айдың өлі арасында кездесетін әрі жұп-жұмсақ, әрі шымқай қара, даланың қара мақпалдай түндерінің бірі еді. Ақметше үйден шыққан бойы шағын ауылдың күншығыс жақ шетіндегі әйелі де, өзі де пішен басына кеткен Акбардың бос үйіне қарай жүрді. Қолының оң саусағындай белгілі бұл бірі кіші, бірі кеуделірек, бірі бозғыл, бірі қоп-қоңыр, көгенге тізген қозыдай томпиып тұрған киіз үйлердің есігін Ақметше жеті түнде де жаңылмай ашатын. Дағдылы бағытпен бұл жолы да ол көздеген шеткі үйге, аяғына әлде не бір ойлар оратылып қалғандай, бас көтерместен төмен қарап жүріп келе жатты. Не көп, ой көп, не шексіз, ой шексіз ғой. Бірақ сол шексіз шұбатылған ойдың бір ұшы оны қазір жүргізбей алдын орап алған сияқты: Ол: «Акбарды шын алжасып шақырды ма, әлде тергеу орнының бұл айласы ма?!
Мұны кім ашады? Дағдылы күніне — мейрамға ңар- сы арлан бөрі соғар ма екен, әлде оның жолында да бөгет кездесті ме?» деген шырмауықтай оралған ой еді.
Есігін түсіріп, сықырлауығын жіппен іле салған үлкен Акбардың өзіне сай келмейтін жұдырықтай кішкене үйіне ол тура келіп жетті. Бейуақта жан жүрмейтінін біле тұрса да, ол үйге кірмес бұрын айналаға бір көз жіберіп алып, үйдің арт жағына мойнын созып еді, керегеге сүйенген сырықтай ұзын, өте жіңішке адам бейнесін көрді. Ол жалма-жан басын кері тартып алып аңдыған адамның дыбысын бақты. Жым-жырт тына қалған дүние. Көзге түртсе көрінбес қара түн. Шымқай қара көк аспан. Жамыраған үлкен жұлдыздар жерге қарай өріп, салбырай түскен. Не қимылдаған қыбыр жоқ, не шөп қозғар жел, құлақ ұстар дыбыс жоқ. Бәрі іштен тынып қалғандай болды. Ақметше де үнсіз қалды. Бір кез оның жоққа сенбейтін зәресі толқып кеткендей болды да, екі ұшты сенімсіз «әлде елес, әлде адам» деген күдікке тірелді: «Адам болса бұл кім? Не қылып тұр?». Көзіне сенбей, ол жұмып қалып қайта ашты да, мазасыз бір шыбын-шіркейді қағып жібергендей оң қолымен маңдайын сипап өтті. Екінші рет мойын созғанда үй артында тұрған адам оған өте ұзын, төбесі үзіктің етегінен әлдеқайда асып, өзі қаққан қазықтай, шаншылып қалған сияқтанды.
— Бұл кім? — деді Ақметше өзінің әдеттегі қоңыр үнін өзгертпеуге тырысып. Бірақ оның тұла бойы шымырлап кетті.
«Щитовтың жансызы ғой бұл» деген ой жалт етті оның басына. Үйге сүйеніп тұрған адам әдейі сынайын дегендей жауап қатпады да, орнынан сәл жылжып шетке қарай қозғалды. «Шынымен менің соңыма түскен екен... Акбарды жауапқа алуы тегін болмады. Әлде ол бір жаманшылыққа жол сілтеді ме?» — деген бұрынғыдан да күдікті ойлар келді. Не де болса тез шешу үшін бұл жұмбақты:
— Кімсің сен? Неғылып тұрсың бұл жерде. Шық былай! — деді ол өктем үнмен.
Аңдыған адам бір адым шетке қарай басып:
— Мен, — деді.
Ақметшенің тізесі еріксіз бүгіліп кеткендей болды да, отыра кетті. Үй жанында тұрған Қаршыға екен.
Ол буынының дірілін басып, сәл кідірді де, балаға да отыр деп қолымен ишарат етті. Бала жақындай түсті, бірақ отырмады, әкесінен әлдене бір бұйрық күткендей қарсы алдында тұрып қалды.
— Сен бұл үйдің артында кімді күзетіп тұрсың? — деді ол Қаршығаға ақырын ғана.
Қаршыға үндемеді. Оның жауап қатпағаны Ақметшені екінші жұмбаққа тіреді.
«Бұл жерде қандай жұмысы бар? Бұл да менің торыған адамымды сырттан бақылай ма?» деп ойлады да:
— Үйге қайт. Саған бұл жерде еш нәрсе жоқ. Есіттің бе? — деді ол Қаршығаға бұйрық үнмен.
— Ана ешкі тұяқ туысқаның жаулық жолға түсті, — деді Қаршыға тістеніп.
Отырған Ақметшеге оның тістенгені айқын естіліп қалды.
— Ол қандай жаулық?
— Үйінде комсомол бар. Қас қарайған соң келді екеуі...
Ақметше құлағын түре түсті. «Ешкі тұяқ туысқаның» дегені Таңқыбай екеніне күманданған жоқ, бірақ «комсомолдың» кім екенін ол анықтау үшін:
— Қайдағы комсомол? — деп сұрады.
— Болжаском.
Баласымен де, ағайындарымен де көп сөйлеспейтін Ақметше енді қайтып Қаршығадан еш нәрсе сұрамады. Ол аз ойланып алғаннан кейін:
— Бар, ұйықта. Жұрттың аяғын тыя алмассың, — деді.
Бала жігіт бұйрықты екі етпеді. Үнсіз-түнсіз бұрылды да, өз үйіне қарай жүре берді. Аздан кейін ол қараңғы түннің тас қойнына еніп жоғалып кетті де, Ақметше тұсаумен байлай салған сықырлауықты босатып, қос босағаның етек киізін шешіп төмен ысырып жіберді. Өзі үйге кірді. Көз бөгер жасау-жиһаз жоқ үйдің ішінде ол ұзақ отырып, сақар алдындағы тауық шақырғаннан кейін үйіне қайтты. Оның күткен Құнысы келмеді...
Түні бойы ұйықтамай таң саз бергенде ғана басын жастыққа қисайтқан Ақметше сиыр сәскеде тұрып, үлкен үйінде шай ішіп отырды. Түнде күткен адамының келмегені, «ешкі тұяқ туысқаның жаулық жолға түсті» деген Қаршығаның тістенген хабары және түн қатып жүрмейтін болыстық комсомолдар комитеті хатшысының суыт жүрісі, оның күдіктеніп жүрген көңіліне қорқынышты үрей енгізді. «Кенет өзгеріс болса Таңқыбай неге хабарламайды? Түнделетіп болжаском неге оның үйіне еріп келеді? Мұның бұл жүрісіне Қаршыға неліктен қастерін тікті? Оразаның ақырғы түні мен ғарапа кешінде жылма-жыл бес парызының біріндей, алжаспай төбе көрсететін Құныс қолды болды ма, әлде деспісінен жаңылды ма?»
Бұл суың сұрақтардың ол жамандық жағын топшылап көрді: «Қосшы ұйымы Ақметшені де ең зиянды тап жауларының бірі деп таныды... Таңқыбай сыр шашар деп болыстық басшылар оның қасына адамын қосып жіберді. Болжаскомның түнделетіп жүруі осымен байланысты.
Құныс қолды болды, жә болмаса ізіне тағы да отряд түсті... Қауіп пен үміттің жағаласып жүретіні мәлім, ол уатком председателінің: «Көпке үлгі боларлық мал тұқымын асылдандыру жөніндегі игі тәжірибеңізді қолдаймын» дегенін қалқан тұтты. Осы бір берік қалқанға соғылып жан-жақтан төнген жау найзасы майрыла бастағандай болды. Сонда да ол баласының түндегі Таңқыбай жөніндегі тістеніп айтқан сөзін түптеу үшін, шыны аяғын төңкеріп жатып:
— Оның сен қастығын қайдан білдің? — деп сұрады.
Қаршыға ойланбастан, жауабын күні бұрын саптап қойғандай:
— Қас адам ғана қас кісіні ертіп келеді, — деді. Сөйтті де: — Ишан келе жатыр, — деп мырс ете қалып, етегі түрулі тұрған үйдің оң жағына қарай иегін шошайтты. Өзі жалма-жан орнынан тұрып кетті.
Баласының иек қаққан жағына мойнын бұрды да, Ақметше ауылдың арғы жақ тұсынан боз атпен ілбіп аяңдай таң-тамаша қалғандай айналаға көз тастап келе жатқан ақ сәлделі адамды көрді. «Мынау Қуанай ишан ба? Бұл жарықтық қай жаққа барады», деді ол ішінен. Ол көзіне сенбегендей, қабағын түйіп қайта жазып, қадала қарады: аттылы белгілі Қуанай ишан сияқтанды; үстінде ақ мұнара шапан, басында сәлде. Үлкен аттың үстіндегі қомақты түрі де хазіреттің белгілі ірі денесі...
Аттылы адам Ақметшенің өз үйінен аулағырақ қонған бір шоғыр ауылдың алдыңғы жағына шықты да, шеткі үйдің жанында сәл кідірістеп қалды. Үйден шыққан екі-үш еркек оған иіліп-бүгіліп сәлем беріп, атақты дін иесіне тағзым ете бастады. Тұс-тұстан жүгірген балалардың саны да лезде молая түсті. Аттылы адам жөн сұрап жатпастан, біреулерге тек бас изегендей белгі беріп ілгері аса берді; елеурей қалған жандарға ол бет бұрмастан тура Ақметшенің үйіне беттеді. Бұл жерге ете сирек келетін, тіпті Ақметшені онша жарата бермейтін ишанның ойламаған жерден келіп қалғаны оған тағы да бір түсініксіз жұмбақтың түйіні тәрізденіп кетті. Не де болса бұл жайдың мәнін келе жатқан қонақтың өзінен білермін деген оймен:
— Қаршыға, ана хазіреттің алдынан шығып, тізгінін ұста, аттан түсіріп, үйге кіргіз, — деді де, Ақметше шай құралын жиып жатқан әйелге: — тез жина да отауға кет, — деді.
— Мен аттан түсірмесем де өзі бірдеме етер, — деп өмірі мұндай жайда езу тартпайтын Қаршыға күліп жіберді.
Балаға қабағын түйіп Ақметше:
— Бұл саған адырая қалатын әнеугүнгі Әлібек емес, көргенсіздік жасама, тез қарсылап ал қонақты, — деп зекіп тастады.
Бала амалсыз үйден шығып кетті. Бірақ Ақметше төр алдына түрегеліп өзі көрпе-жастық тастап, өзінің отыратын орнын да ыңғайлап үлгіргенше қонақ үйге кіріп те келді. Құрметті қонаққа көрісуге қолын соза қарсы ұмтылған үй иесі кенет тоқтай қалды... Оның ишан деп қарсылағаны Құныс болып шықты. Үйге еңкейіп енген «қонақ» та, оны түрегеліп құрметпен қарсы алмақшы болған үй иесі де аз уақыт үнсіз тұрып қалды.
— Бұл қай жүріс? — деді үй иесі, аттың жабуын жапқан түйедей серейіп, о жер, бұ жері шапаннан шығып тұрған, сәлдесі де күлкі үшін басқа орай салған сияқты ерсі көрінген Құныстан.
Ақметше бұл тосын келген шығанның мына жүрісін де, түрін де жаратпады. Ол шүйіркелесіп, амандасып жатудан бас тартып, іргесін бірден аулақ салатын жанша қатал үн қатты. О бастан-ақ жылы жүзді жақындық шырайға үйреніп көрмеген Құныс,
Ақметшенің ызғарлы түрін көріп, ұсына түскен қолын кері тартып алды.
— Менің қай жүрісім, қай ісім жымдасып жатушы еді. Көрінім жерден көзге түсетін қожаның ала қоржынындай теңселген, бұл да бір жүріс-тағы, отағасы, — деді ол, ебедейсіздеу түрде төрге таман жылжи түсіп, рұқсатсыз жә отыра кетудің, жә сазарып тұрып қалудың жөнін таппай. Ол есік жақтағы Қаршығаға мойнын бұрып: — Кел бері, бала, сен де үркіп тұрсың ба?! Кел, кел! — деді.
Жүзі жайнай түскен бұл қарақұстың балапанына ұқсас сида қара жігіт ілгері аттай түсті де, рұқсат күткендей Ақметшеге көз қиығын салып, кідіріп қалды.
— Бұл жүріс өзінен де, өзгеден де біржола безген жанның жүрісі. Сондықтан... — дей беріп еді Ақметше созып сөйлеп, Құныс оны бөліп кетті.
— Сондықтан ат ізін аулақ салсаң етті демексіз ғой?
— Сондықтан ұстара тимеген мұрт пен сақалға сәлденің керегі не? Түйе жүн шекпеннің үстінен тізеден келмейтін шапан жамылып, дуанаша селкілдегенше Жүністің баласының алдына тізе бүккенің артық еді. Ол, бәлкім...
Ақметше бұл жолы сөзін тауыспай, әдейі бөгелді. Құныс тағы да аузына келіп қалған өз болжалын айтып салды.
— Ол, бәлкім, кешірім әперер еді демексіз бе? — деді ол, бұл жолы болмашы езу тартып.
Бірақ Ақметше түсін де бұзбады, үнін де жұмсартпады.
— ...Ол, бәлкім, саған кешірім әперемін деп жібекпен бетіңді желпіп, «адасқанның айыбы жоқ» деп арқадан қағып отырып, он жыл бойы істеген ісіңді, көрген-білгеніңді, кіммен жолығып, кіммен қабаң қағысқаныңды жіпке тізіп, тілектес, сыбайлас біткеннің бәрін жиып алып, біреуін Румға, біреуін Қырымға, енді біреулерін о дүниенің төріне қолымен апарып отырғызып тыныш болар еді. Сонда әңгіме ұзаққа созылмай, тез бітер еді.
Құныс танымайтын адамындай, Ақметшенің бетіне томағасын сыпырып алған бүркітше шүйіле қалды. Оның жанарынан от ұшқындап, зәр шашылып жатқандай болды. Бірақ Ақметше жібудің орнына, енді түсіндің бе деген кісіше қабағын түйе түсіп:
— Отыр! — деп бұйрық етті.
Бет тамыры көре кезге жыбырлап кеткен Құныс, тіпті бірден-екі дірілі күшейе бастаған сіңірлі білегін түріне түсіп, қолын қанжардың қынабына апарып, қайтадан кері тартты: бар қаны ішке тартылып, бас салар жауы алдында тұрғандай ашу кернеп көгеріп жүре берді.
— Отыр! — деді Ақметше оған екінші рет. Сөйтті де түсі де, түрі де өзгеше бұл екі адамның сөзі мен қимылына бағып қалған Қаршығаға: — Қымыз қүй! — деп иек қақты.
Құныс бірден-бірге жығылып бара жатқан жанша, тізерлей бүгіліп, бір жанбастай келіп, төр алдындағы көрпеге түйеше шөкті. Ол ешкімге қарамады. Екі көзі тесіп жіберердей-ақ текеметтің әлдене бір қошқар мүйізді оймышына қадалып отырып қалды. Бір сәт үнсіз етті. Үйде тек сабадан құя бастаған қымыздың жұмсақ сырылы ғана ағаш табақтың түбін қылқылдатып жатты.
Баланың үлкен шұбар аяққа құйып қойған қымызын Құныс орталап сіміріп алды да, енді сенің жұмысың бітті ғой дегендей, басындағы орашолақтау ораған сәлдесін жіңішке жұрынды сұппа бөркінен тарқатып алып жерге қойды. Қоныштағы шақшасын суырып алып насыбай иіскеді. Жаңағы түтеп кеткен үлкен ашудың жүзін сусын мен насыбай біржола қайырып тастамасын деген оймен Ақметше тағы оның ары мен намысының уын шығара түсті.
— Сенің батылдығың, күшің, бір беткей қайсарлығың менде жоқ. Мергендігіңді сөз қылмағанда, тапқырлығың да теңдесін тапқан емес. Қысқасы сенің орныңда мен бола алмайтыным, менің орнымда сенің отыра алмайтының әуелден тағдырдың басқан таңбасы. Сенің әлің келмейтін адам анау уезде отырған Жүністің баласы. Оның қолында құралды күш, заң, бүтін үкімет бар. Оның үстіне ол жігіттің ең күшті жағы дініне берік. Дініне берік деген соз алдына қойған мақсатына көзі жеткен, онан таймайды деген сөз. Сенің қайда жүргеніңді, не істеп жүргеніңді ол сөз жоқ біліп отыр, білмесе білуге тырысып жатыр. Бірақ қолында деректі дәлелі болмағаннан кейін, оның әлдеқашан осылай қарай сілтеген найзасы дөп тимей келеді. Міне, осыны сезбеген кісі, осыны ойламаған кісі өз басынан біржола безген адам болып табылады. Менің «бұл жүрісің өз басыңнан біржола безген жанның жүрісі» деуімнің мәнісі осы, — деді Ақметше.
— Мұртыма сүмелек мұз қатып, қасқиған қаңтарда Тілеубердінің жылқысын қуып алғанда аяғыңды жазым бастың деп айтқан жоқ едіңіз.
— Сен өткенді қозғама. Ол кезде намыс пен абыройдың жетегімен жүргенсің.
— Әлі де сол.
— Онда бұлай етіп «кіш-кіш» деп бұзау қайырған жанша сиыр түсте ауылға келмейді.
— Қорықпаңыз, менің өлімім басқаның басына зіл түсірмейді. Қасқырдай күндіз жонда жортып, түн ел тору қажытты.
— Оны баста ойлау керек еді.
— Жақсы, — деді Құныс үнін жұмсартып, қойнынан бүктеулі қағаз суырып: — кешірім бермейтіні ақиқат болса, мына қағаз бос сөз болды ғой, — деп ол уысына қысып қағазды жұмарлай түсті.
Ақметше қағазға кезін тікті, бірақ оған қол созбады. Тек «шынымен алданғаны ма?» деген ой алдын орағыштай берді. Сонда да ол қағазды «бері әкел!» демей:
— Шынымен кешірім сұрадың ба? Біреуге жаздырып бердің бе, әлде жүзбе-жүз сөйлестің бе? — деді.
— Жүзбе-жүз.
Ақметшенің кабағы қатулана түсті.
— Иә, қай жерде?
— Кеше, үйінде. Жаңағы өз айтқан сөзіңіз... Екеуіңіз бір жерден шықтыңыз. Кешірім сұрап әперемін деді, Қаруыңды тапсыр деді. Қолыма мына қағазды ұстатты.
Құныстың ұсынған қағазын алып, бірақ оған көзін сала қоймай, Ақметше әңгіменің арғы жағын білуге асықты.
— Сонсоң кімге бардың? — деп сұрады ол Құныстан жүзін бұрмай.
— Келген ізіммен қаладан қайта шығып кеттім. Осында келуге асықтым.
— Е, солай етпегенде, жекжатты тегіс аралайын демесең!
— Кекетпеңіз, — деді Құныс сәл мұңая түсіп, — он жылдан астам уақыт ішіндегі ізгі жүзін көрмеген әулие Қуекеңе де бас иіп, жүз сипауға болмай ма! Батагөй ишанның алдына жүгініп аң ниетпен тәубеге келмегімді айттым...
— Жақсы ниет, маңдайыңнан жарылғасын демеген шығар-ақ! — деп қалды Ақметше тағы да ащы кекесіннің ұшын көрсетіп.
— Маңдайыңнан жарылғасын дегені емес пе! «Бір тәңірі өзі қазы, сол қазыға жүгін» деді. Және «басыңды сәждеге бұрсаң сәлдемді ора, иығыңа шапанымды жамыл» деп шығарып салды.
«Прокурор бұйрық етпей, Құнысқа әкімшілік жолмен қысымшылық көрсетуге ешкімнің правосы. жоқ, өйткені ол бұрынғы ауыр күнәсын жеңілдету ниетімен өз өтенінен тергеу орнына бас иді... Прокурор X. Жүнісов» деген қағаздағы екі-ақ ауыз сезді тез оңып шығып Ақметше:
— Солай жазуға тиіс. Шамам шама. Жүнісов бұйрық бермей, сені ешкім ұстай алмайды. Ал оның қай күні қандай бұйрық берерін өзінен басқа ешкім де білмейді. Болысқа соққан жоқсың ғой?
— Жоқ. Ишаннан шыққалы ат басын тірегенім осы жер.
— Тамақ әзірлет. Көрдің ғой, үйде «хазірет» отырғанын! Үйге ешкім кіруші болмасын. Бөтен адам келсе «ишан бар, үстіне түсуге рұқсат жоқ» де. Ауылдың бала-шағасын маңдатпа, — деді ол Қаршығаға.
Қаршыға үйден шығып кетті.
Көп күннен бері қатты толқып, жолдағы Хакімнің сөзі мен айдаладағы Жолмұқан палуанның сүйектен етер сөздерінен кейін «кессең басым мінекей» деуге таяу қалған Құныс енді ол ниетінен қайтуға бет бұрды. Қағазды көрмей тұрып, не істеп келгенін білмей тұрып, алда не боларын қолмен қойғандай болжаған Ақметшенің мойын бұрғызбайтын сөзі мен кекесінді тілі оның кекшіл кеудесін қайта ісіндіріп жіберді.
— Басын кесіп қанжығаға байлауым керек еді бұл тұзақ салушының. Бірақ сөзінде қылап, жүзінде бүкпе білінбеген соң, сөзге тұрысар қазақтың cap қасқа жігіті екен деп қалдым, — деді Құныс әлгідегі жұмсара түскен суың қабағы қайтадан қар бүркіп.
— Бас кесуді жөн деп түсінбе. Иін тіресер ерліктің күні өлі туған жоқ, — деді Ақметше әлденені меңзең. Бірақ түсі тағы да өзгере түскен Құныс бұл сөздің ішкі үніне құлақ тоспады. Ал Ақметше өз ойын тиянақтауға тырысты. — Үйінде кездессең сыр ашысуға да жетектеген шығар прокурор? — деді.
— Тағы не сыр ашпақ? Бар сыр қолында: менің Текеден қару тасуға барған сапарымды, Абылаевты жер соқтырып кеткенін бірінші жолыққанда-ақ алдыма жайған. «Ақметшенің қорасын күзетуден не таптың?» деген улы сөзді қыстырудан да тайынған жоқ.
— Бәрін бопсалап ашты де!
— Бопса емес, бәрін түгел алдыма жайды: менің жолым басқа. Ақметшенің жолы басқа. Баладан басқа біздің арамызда көпір жоқ. Ол көпірдің өзі де он жылдан бері ойдан шығып барады. Олар қазір бір жағада, мен екінші жағадамын, — дедім.
Ақметше үнсіз қалды. Құныс әлденеше рет оны сөзге шақырып керіп еді, бірақ тіл қатпауға ант берген адамша, ол түйсініп басын шайқаумен ғана жауап берді. Қонақтың атын суарып, шатыр астына байлап, алдына жем аралас көк шөп салып жайғастырған Қаршыға астың қамымен болып, отау жақта көбірек айналды. Ас ішер алдындағы екеуінің үзіп-үзіп айтқан әңгімелеріне ол қолға су құйып жүріп қана құлағын тосты.
— Бес-он күн аялдауыңа болар! Қыстау жаққа ешкім бара қоймас. Пішеншілер алыс, — деді Ақметше оған.
— Аңшылар ше?
— Олар алдымен осы жерді торыр. Ол жаққа да көз салуы мүмкін. Онда өз қамыңды өзің жасайсың...
Ас жеп болғаннан кейін аң мұнара шапан киген, аң шалмалы «ишанды» Қоспа мешітіне қарай шығарып салуға салт атпен Қаршыға бірге кетті.
Ақметше үй сыртына шығып, қонақты аттандырып жіберді.
2
Болыстың жастар комитетінің хатшысы Таңқыбайды «менің кедейім» дейтін. Бұлай деуіне себебі де молды. Пысық Таңқыбайды алдымен қосшы ұйымына бейімдеген сол Шынғалиев еді. Тек қана оны ұйымға кіргізіп қойған жоқ, сауатын ашуға да көп көмек етті. Оның үстіне Шынғалиев Таңқыбайды қасына көбірек ертетін. Әсіресе, демалыс күндері оны ертіп шығып келген құс атуға да құштарлығын асырып жүрген. Қай жерге ертіп барамын десең де, не жұмысқа жұмсасаң да, бұл елпілдеп тұрған шаруадан бір де қайт жоқ, ере береді, жүре береді. Тапсырған істі және орындамай тынбайды. Нағыз атқа жеңіл құбаша адамы Шынғалиев оның үйіне көбірек келіп, тіпті жиі-жиі қонып кетіп жүрді. Ақметшенің аң ордасы, кілемді үйі, кроваты, төсегі кедейшіл Шынғалиевке о бастан-ақ жат көрінген. Ол детдомда тәрбиеленіп жүрген кезде де бай мен биге өзгеше өштікпен есті. Сондықтан ол Ақметшеге әдейі көрсетіп, төріне төсеуге дұрыс киізі де жоқ Таңқыбайдың үйіне келіп қонып жүрді. Ертеңгілікте қызыл күрең шайға қанып, күн сәскеге келгенде сары қымызды сапырып ішудің орнына ол қосшы кедейдің үйінен сарысу тістеп, сұйық шай ішіп аттана беретін. Сол «менің кедейім» атанған Таңқыбайына Шынғалиев бүгін де:
— Тәке, сіздің ауылға барамын. Кетіп қалмаңыз, — деді.
Бұған қуанып кеткен Таңқыбай:
— Әрине, біздің үйге қонбай қайда қонайын деп едің, — деп мәз болып қалды.
Кешке дейін Таңқыбай жастар кеңсесіне бір емес, әлденеше рет келіп:
— Қауғабай, жүретін уақытта маған дауыста. Мен аттарды дайындайын, — деумен болды.
Бірақ Таңқыбай сан рет келсе де, Шынғалиевтің түстен кейін бастаған жиналысы күн ұясына кіргенше аяқталмай қойды. Шыдай алмаған Таңқыбай да қалбалақтап, үй төңірегінен шыға алмады. Ол үйге кіруге де бата алмады. Қаншама жақсы көрсе де Шынғалиевтің мінезі жаман, тілі де ащы. Өткен жолы әлдеқалай жастар мәжілісінің үстіне кіріп келгенде Шынғалиев оған: «Отағасы, бұл қосшының жиналысы емес, жастардың жиналысы. Тіміскіленіп көрінген жерге басыңды сұға берме», деп тастағанды. Содан бері ол аяғын байқап басып, күнәлы адамдай Шынғалиевқа жалтаң-жалтаң қарап қойып, оның қасы мен қабағын аңдитын еді. Ал бүгін «бірге қайтамыз, сіздің ауылға барамын» дегеннен кейін Таңқыбайдың тақаты қалмады. Қайта-қайта келе берді. Ең соңында, тұсаулы аттарды үйдің тап іргесіне жетектеп алып келіп «уақыт болды, шық» дегендей етті. Атты да, Таңқыбайды да көзі шалып қалғанмен, болыстық жастар комитеті шыға қоймады. Ол сөйлеп жатыр еді. Еріксіз құлақ түрген Таңқыбай үздік-үздік:
— ... Ақметше сияқты табы жат адамдарды айдап жіберген күні... Таңқыбай сияқты кедейлер... езілген, тұншыққан кедейлер... «уһ!» деп демін алады... Жерге, малға, еңбекке қожа... — деген сөздерді айқын есітті. Байлардан теңдік алу, ақысын алу дегенді ауызбен ғана емес, өз көзімен көрген Таңқыбай бұл сөздерге таңданған жоқ. Оны селт еттірген «Ақметше сияқты табы жат адамдарды айдап жіберген күні» деген сөздер болды. Ол құлағын түре түсті, тіпті үйге жақындай бастады. Бірақ қас қылғандай мәжіліс бітіп, үйдегілер дүр етіп орындарынан тұра бастады. Шулап, сөйлеп шыққан комсомолдардың ең соңынан Қауғабай Шынғалиев те шықты.
Таңқыбаймен екеуі «Шеген құдыққа» асты.
«...Ақметшені айдап жіберген күні Таңқыбай сияқты кедейлер уһ деп демін алады». Бұл сөздің мағынасын Таңқыбай жақсы түсінеді. Бірақ оның аса ұғына бермейтін бір жайы. «Ақметшені қайда айдайды? Барса келмеске ме?» Бұрын патша заманындағы «барса келмеске айдайды», «Сібір жібереді», «Тескен тау өтіп кетеді» дегендер Таңқыбайдың құлағына таныс сөздер. Ал «Ақметшені айдау...»
Таңқыбай басын шайқап келе жатты. Қауғабайдан сұрауға батылы бармады. «Барса келмес» қай жерде екен? — деп те ойлап, бірақ оның ел екенін, жер екенін айыра алмай кішкене адамның кішкене ойы ешбір қолға ұстар дәйек таппай келе жатты...
— Тәке, — деді Шынғалиев бір сәт аттың тізгінін қытыңқырап ұстап, өзі ер үстінде Таңқыбайға қарай бүтін денесімен бұрылып. — Көп жылдардан кейін осы жерде не болатынын білесің бе?
Ойы бөлініп кеткен Таңқыбай:
— Ләпбәй? — деді түсінбей қалып.
— Көп жылдардан кейін... айталық он-он бес жылдан кейін осы жерде не болатынын білесің бе?
— Қайдан білейін, қарағым. Көп жыл өткен соң не болатынын бір құдайдың өзі... — деп қалды да Таңқыбай «құдай» деген сөзді Шынғалневтің жаратпайтыны есіне түсіп кетіп, аяғын бұра салды. — Көп жыл өткен соң не болатынын біз қайдан білейік. Біз надан адамбыз. Өздеріңіз сияқты көп оқыған жігіттер болмаса.
— Дегенмен топшылап көріңізші: мәселен, екеуіміз осы жерде келе жаттық, сонда не мініп келе жатар едік? Жолда не көрер едік? Ойланыңызшы, Тәке.
Ойлауға онша алғыр, болжауға өте бай болмаса да, Таңқыбай кейде жауапты тез табатын да еді.
— Ақметшенің қаз мойын қара көктеріне мініп келе жатамыз да, басқа не мінейік, — деді ол жіп-жіңішке даусымен.
Сөйтті де, ол өз сөзінен өзі шошып кетті. Әлсіз даусы қасындағы Шынғалиевтен әрі асып жығылмаса да, мұны ол бүтін ел естіп қалғандай көрді.
— Жоқ, — деді Шынғалиев.
Таңқыбай оган жалт қарады.
— Мен қателестім білем, Қауғабай. Оқасы жоқ, қателессем қателесейін. Біз надан адамбыз.
Ол ішінен Шынғалиевтің «жоқ» деген жауабын жақсы көріп қалды. «Қаз мойын қара көктерді емес. Біреудің малы біреуге тимей-ақ қойсын... әркімдікі өзіне бұйырсын...»
— Қателестің, Тәке. Мықтап қателестің. Біз Ақметшенің қаз мойын қара көктеріне мініп келе жатпаймыз. Қаз мойынға міну он-он бес жылдан кейін түкке тұрмайтын болады. Атпен жүру — жаяу жүргенмен бірдей болады.
Таңқыбай енді таңырқай қарады. Шынғалиевті өте білгіш, өте сөйлегіш деп ішінен риза болатын, сонымен қатар онан сескенетін де еді. Бұл жолы оның сөзінен сескене бастады. «Тағы қандай бәле» деп сескенді ол.
— Біз он жылдан кейін атпен жүрмейміз. Ат қалады, өгіз ұмытылады. Жаяу жүру деген ертегі тәрізді тыңдауға жақсы, бірақ нанбайтын әңгімеге айналады. Неге дейсің ғой, Тәке? Тыңда: мына біздің дала, өзіміздің осы Тайпақтан бергі дала, анау Қашарсойғаннан арғы, Шалқарға шейін, бір жағы Сабындыкөлге шейін жайылып жатқан жалпақ дала машинаға лық толады, егін көлге біткен құрақтай осы алқапты тұтас алып жатады. Тас жолдар салынады. Тас жолдардың екі жағына мына телеграмм ағашындай тізілген бағандарда электр жанып, түнді күндізгідей етеді. Ал сіз бен біз фордзонға мініп ызғытып келе жатамыз. Кәдімгі ана жылғы Совнарком Сәкен мініп келетін фордпондай машинаға. Он шақырым жер он минуттік жол болады. Міне, қателескенің, Тәке. Солай болады, тап осы айтқанымдай болады. Ат деген не тәйірі. Өгізден ат жақсы, ал аттан машина жақсы екені әлдеқашаннан белгілі, Төке. Жүз аттың сүйрегенін бір машина көзіңді ашып-жұмғанша қалаған жеріңе жеткізіп береді. Міне, машина заманы осылай болады. Біз машинаға мінеміз, Тәке. Сөз жоқ оған.
— Шешем он сегізінші жылы сүзектен қайтыс болды. Ал әкейді... банды атып кетті. Кәдімгі атышулы қарақшы, — деп бөгеле түсті де, — Құныс қарақшы, — деді тістенгендей, даусы түйткілденіп.
— Апырым-ай, солай ма еді, — деп Таңқыбай селк ете түсті. — Мен көптен бері сұрайын деп, бірақ бата алмай жүр ем. Сол сұрқия жуырда осы маңға келіп кетіпті... Мен өзім көргенім жоқ, жұрт солай дейді. Рас па, өтірік пе білмеймін, әйтеуір осындай бір жаманат бар. Біздің Сәрсен біледі анығын.
— Не дейсің? Құныс?
— Сәрсен біледі анығын. Мен ауылда болғаным жоқ...
Шынғалиев қанша тырысса да, Таңқыбайдан ауыз тұшырлық әңгіме шықпады. Ол Сәрсенмен әңгімелесуге асықты.
Кеш келген қонаққа шайдан өзге не тамақ әзірлеуге білмей, еріне жалтаңдай қалған Қибатқа:
— Қайның келді, Қибат. Кебеже түбінде бірдемең болса қазанға сал. Алдымен шайыңды әкел, — деді Таңқыбай, қайның деген сөзді мұқамдап айтуға тырысып.
Кебеже түбінде сыңар омыртқа мен бір жілік барын үй иесі жақсы білетін. Бірақ оған салатын нанның жоғын ол аңғарған жоқ. Жалғыз-ақ қолындағы бары — санаулы қонақ асының молына қомданып, жоғына қысылатын әйел:
— Үйде ұн жоқ еді, би қайнағанікіне барып келе қойсаң, — деп күбір етті де, самаурын қоя бастады. Бірақ әйелінің бұл сөзін естімеді білем, қонақтың отыратын жеріне қолымен шаңын қағып жіберіп, көрпе салды да, Таңқыбай жаңағы Шынғалиевтің жолда айтқан әңгімесін айта бастаудың қамын көздеді. Ол бұл көп білетін қонағынан бүгін кеш түсінбейтін нәрселерін біріндеп сұрап, бір өзі оңаша отырып әңгімеге қаңбақша болды.
Аздан кейін Қибат кебежесін ашып, қазан көтеру жабдығына кірісті. Табаққа салған етті көтеріп әйел үйден шыға бергенде Қаршыға қарсы кездесе кетті. Күнде осы кезде Сәрсендікіне де, өзінің үйіне де бір соғып кететін бұл «ерке жігіттің» бейсеуіт жүрісіне Қибат көңіл аударған жоқ, оның үйдегілердің әңгімесіне құлақ тоса қалғанын да елеген жоқ. Тіпті елеген күнде де ерке өскен бір бетті сотқар мырзаны «неғылып тұрсың» деп мұқшау да қиын еді.
— Ерке жігіт, үйге кір. Қонақпен әңгімелес, жақсы келдің, — деді әйел өте-мөте сыпайы сөйлесуге тырысып.
— Тақа ағаны папам шақырады, — деді Қаршыға дүңк еткен тоқпақтай қатаң үнмен. Қай уақытта да жай сөйлесуді білмейтін қарақұс кейіпті, бөрі қарасты Қаршығаның үнінен бүл жолы ызғар есіп кеткен сияқтанды. Қибат сәл жол беріп шетірек шықты да, таңырңап тоқтай қалды.
— Танымай тұрсың ба? — деді Қаршыға кісі алатын бурадай төніп. — Әлде Тақа аға деген сөзге ақырдың ба? Тақа аға емес, ешкі тұяқ Таңқыбай керек. Папам шақырады...
Әйел қорқып кетті. Төніп келген Қаршығаның қара сүр беті түтеп кеткендей сезілді. Ал даусы бұрынғысынан да өктем шықты. Жалма-жан кері бұрылып, табағын көтерген күйі Қибат Шынғалиевпен әңгімеге кіріскен еріне:
— Би қайнаға шақырып жатыр дейді... Ерке жігіт келіп тұр, — деді даусы дірілдеп.
Таңқыбай орнынан қалай тұрғанын өзі де білмей қалды. Үйден жүгіре шыққан күйі Ақметшенікіне қарай үкідей ұшты. Бірден неге келмедің десе не дер? Кеңсе басында не жаңалық бар деп сұраса не айтпақ?.. Сонсоң мына... комсомол түнделетіп неге келді деп қалса...
Оның қалтаңдаған қарға адымын екі аттап-ақ өкшелеп келіп:
— Бері жүр! — деді Қаршыға, оң қолымен иығынан жүре тартып.
Таңқыбай екпінмен омақатып кете жаздады да, Қаршығаның бұрған жағына қарай қалтаңдады. Бұл өз үйінен, қатарындағы Сәрсеннің үйінен де оқшауырақ тұрған Акбардың кішкене қара лашығы жаң болды. Бұл екі ара елу-алпыс қадамнан артық болмаса да Таңқыбайға қиямет-қайымдай көрінді — ол үйде әзірейілдей түсі суық Ақметше отыр деп ойлады.
Кішкене денесіне лайық жүзі де бір уыс, сақалы да сол жүзіне сай бір шөкім Таңқыбайдың сол сағатта ой-өрісі де шап-шағын бір сұрақтың төңірегінен шықпады: «Бірден неге келмедің десе не айтамын?» болды. Ол сол сұраққа сүрініп келе жатқан адамша тоқтала берді.
— Бас аяғыңды! — деп зекіді Қаршыға біреуге әзірленгендей төне түсіп.
Акбардың үйін ол Ақметшенің ақ ордасы деді білем, ежелгі әдетінше кіріп келіп, төрге жетпестен жүрелеп отыра кетті. Сонсоң Ақметшенің төрге таяу отыратын орнына кезін қадады. Жеті түн болса да үй іші аса қараңғы емес еді, шамалаған орында Ақметше көзге шалынбағаннан кейін:
— Ақаң осында келе ме, Қаршығажан? — деді ол, үйге сәл кешеуілдеп кірген Қаршығадан.
Жауап орнына оның төбесіне зілдей қара тас түсіп кеткендей болды.
— Ақметше айдалсын деп сенен басқа тағы кім қол көтерді? — деді Қаршыға. Оның үні қара жердің астынан шыққандай дүңкілдеп кетті.
— Айналайын, Қаршығажан,- — деп отыра қалған Таңқыбайды ол жағасынан ұстап орнынан тұрғызды. — Айдалсын деген сөзді жаңа ғана... кешке таман есіттім...
— Ақметшені жер аударып үлгергенше, сол жермен бәріңді тегіс қоштастырармын. Алдымен мына сені.
— Айналайын Қар...
Таңқыбай «қырқ» етті. Оның желкесінен бүрген Қаршығаның салалы шеңгелі жыртқыш аңның улы тырнағындай қыр мойынды сығып бара жатты...
Асты құз, үсті мұз найза қияның шаншылар төбесінде тарғыл тас жастанып өскен балапан жыртқыш ұяда көргенін ұмытпайды. Ол құрулы торға, тордан кейін құсбегінің қолына түскеннен кейін ұзақ уақыт шеңгелдей ұстап, тұмсықтап жыртатын қанды жемін көксейді. Тұғырда отырған шағында көлденең қыбырдың бәрі оның шамын келтіреді: адамның аяқ басқаны, баланың жүгіргені, төлдің шапқылағаны арқасын шымырлатып, құлшынын шабақтайды. Ал әлдеқалай үй сыртында адам, абалаған төбеттің үргені, шапқан аттың дүрсілі құлаққа шалынса бейне топшысына қыл бұғау салып ғазаптап жатқандай өшігеді; дүбір иесін орып түсердей қомданып, шеңгелін көк сандалға қадайды; ол жемін астына басқандай тегеурінін батыра түседі. Мұндай көк иық алысқа алып шығып, томағасын сыпырып тастап жібергенде аңнан тайып түссе, ұзақ уақыт іркілген кегін иесінен алады — қандыкөз қаскүнем адамның өзіне бас салады...
Өзгеден бөлек өр төбеде есіп, бала шағынан жат баулынған жылы шырайдан жұда, суық жүз, ызғарлы лебізбен ауызданған Қаршығаның бар зәрі ішінде, бар сыры бүйрегінде келген еді. Құм мен құзда түнеп, елден аулақ сергелдең өмірдің бөрі жортуылына түскен шыған әкенің қылмысты қимылын ол жұмбағы мол ер жүректік деп санайтын; ал түсі сұр, іші суық Ақметшенің тас тәртібін дүниені бір уысына сыйғызатын күштей көретін. Ол Құнысша қимылдап, Ақметшеше уыстауды арман етіп келген...
Сол қара бауыр Қаршыға үлкен уысына олқы келген Таңқыбайдың қыр желкесін жаны бар жәндіктей де көрмеді. Өңешті қоса сыққан бес саусақтың темірдей ұштары ет пен теріге бырт-бырт кіріп, көжектей құрбандықтың «шиқ» ете қалғанын байқаған да жоқ. Ол қарысқан қолдарын сәл уақыт жаны кеткенше қыса түсті де, мезет жазып жіберді, уысындағы дір-дір қаққан шалажансар дене жерге сылқ етті.
Екі көзіне қан толған Қаршыға сылқ еткен денені жайына тастап кете бармады. Темір шеңгелмен бүрген құрбандығына енді болат тұмсықты бір көміп өтетін жыртқыш құстай, ол жерге еңкейе берді. Соқыр өшпенділіктің құмарын аяусыз қандыруға ерік алған қол буынып, есеңгіреп қалған Таңқыбайдың өкпе тұсына суық қанжарды сұғып жіберіп, кері тартып алды. «Ыңқ» еткендей бір дәрменсіз дыбыс берді де, шала өлі дене тыпырши қалды. Үстінен төніп тұрған Қаршыға қара жолданып жүгірген алаша үстіндегі қан жылғасын анық көрді; бұлақтың көзіндей ол қанның әлдеқайдан ытқып шыққан дыбысын да құлағы шалды. Қап-қара түннің ішінде көзден таса жерде бітірген бірінші ісіне шамырқанғандай, ол басын жоғары көтеріп, кідірместен сыртқа шығып бой жазды. Жан-жаққа көз тастады. Әлі сол оң қолындағы сабын саусақтары қарысқанша қысқан қанжарды аузына тақап, жүзін бір қырындатты да суық болаттың жалпақ жерін жалап алды. Жылымшы тартқан қанның кермек дәмі мен күлімсі иісін анық сезсе де, ол жиреніп шіміркенген жоқ.
Қазан асып жүрген Қибат екі көзін ерінің кеткен жағынан алмай қарап еді. Қаршығаның суыт жүрісінен, өңінен де, үнінен де әйелдің шошынған зәресі бір пәле боларын білгендей-ақ елегізген. Иесіз тұрған Акбардың лашығына екеуінің қабаттаса кіргенін, біраздан кейін ұзын Қаршығаның үйіне қарай жөнелгенін ошақ басында жүресінен отырып аңдыған әйел айқын көрді. Ол Қаршыға ұзап шығысымен-ақ жүгіріп келіп үй сыртынан құлағын тосты. «Егер де Ақметше болса сөйлесіп отырған шығар» деген ой келді. Бірақ демін ішінен алып, құлағын селт етпей тосса да, үйден жан иесінің не қыбырлаған, не сыбырлаған дыбысы шықпай қойды.
— Ау, біздің кісі, бармысың? Үйде қонақ жалғыз қалды. Сен неғылып отырсың?
Үн жоқ.
— Біздің кісі-ау, дыбыс берсейші!
Тым-тырыс дүние.
Кіріп келіп, алаша үстінде қарауытып жатқан адамға қолын соза берді... Жылы қанға бұланған мұздай денені ұстаған күйі көтере түсті де, жансыз, буынсыз өлі екенін көріп, есіктен шыға жөнелді. Жан ұшырған әйел Сәрсендікіне жете жығылып, естіген жанның сай-сүйегін сырқыратарлық ащы дауыс көтерді...
— Пышақтап кетті ме? — деді Сәрсен сыбырлап. Сөйтті де ол есіктің көзіне сұлап түскен Қибаттың басын көтеріп, қолтығынан демеп тұрғызуға әрекет жасап:
— Ақырын, ақырын. Сабыр ет, Қибат. Ол бәрімізді бауыздап кетеді. Қонағың қайда? Үйде ме? Ақырын, ақырын, сабыр ет! — дей берді.
Есі шығып кеткен әйел түнді басына көтеріп өксіді.
Жүгіріп келген Шынғалиевке Сәрсен:
— Бауыздап кетіпті... Таңқыбайды. Акбардікінде көрінеді, — деп қолынан жетектей жөнелді.
Сәрсен мен Шынғалиев алаша үстінде жатқан Таңқыбайдың қан соқта денесін шырпы шағып айналдыра қарады да, кері шықты.
— Мені де өлтіреді, — деді Сәрсен дірілдеп.
— Құныс па? — деп сұраған Шынғалиевке, Сәрсен:
— Оның баласы да жетер бізді қырып кетуге, — деді.
ІІІынғалиев тез атқа мінді де, болыс кеңсесіне соқпастан, Жымпитыға асатын жолмен шаба берді.
Жаздыгүні таң аппақ атып, күн ұясынан әлі шығып үлгермеген шақта көңілді әлдеқайда алып ұшатын, жән-тәніңді ғажайып бір шаттыққа шомдыратын, аяғыңды жеңіл бастырып, ауаны тоймай жұттыратын бір сиқырлы сағат болады. Ол кезде алыстағы заттардың бейнелері көзге өзгеше ертегі сияқты елестейді; көз ұшындағы ауыл мен селендер бері ығысып жақындай түседі; үй-жайлар баланың ойыншығындай дөңгеленіп ұсақтала қалады; өрістегі жылқылар қара шыбындай қыбырлап, көш жердегі қыраттар құлын жалдана береді, жер бетінің ойлы-қырлы қыртысы жазылып кеткендей бұдырсыз көрінеді де, көкжиегі жоғары қалып, бүтін көз ораған аймақтың қақ ортасы тостаған түбіндей шұқырайып жатады.
Тастаған дән қодыраңдап өсіп жататын құнарлы жері мол ен сахара ту күйінде жатыр. Мал бағып көшіп жүруден басқаны әдет қылмаған қазақ шаруасы егіншілік кәсібіне жұмылатын шағы жетті. Әр саланың. бойында тарыдай шаншылған сирек ауыл қашан қыстақ болып бас қосады? Ішкі Ресейде қолға алына бастаған совет шаруашылығы міне бізге де керек. Машинасы мол, өкімет қаражатына сүйенген сол ірі совхоздың бір-екеуі орнаса мына самарқау дала қандай жанданып жүре берер еді. Поселкелер молайса, жол салынса, сонсоң... сонсоң қырда, ауылда Ильич шамы жанса!..» — деп ойлап келе жатыр еді Дәулетов.
Күнде ертемен серуендеген сайын алдынан тосып тұратын хатшысының бұл арманға айналған ойын алыстан көрінген түйдек шаң мен шаң арасынан шыға келген құмырысқадай қарасын бөліп кетті. Бұл құмырсқа қарасынның салт аттылы адам екенін айырғаннан кейін Дәулетов басын шайқап: «Уаткомға ақпар алып келе жатқан шабарман шығар. Шабарман орнына телефон болса! Бұл халықтың ой-санасына қандай эсер етер еді! Темір жол көрмеген, қала өмірінен хабарсыз, аулақта жатқан ауылдарға осындай заттар керек-ақ...» деді.
Дәулетов бойня бетпен оралып үйіне жеткенде салт аттылы уком партияның өз кеңсесіне келіп тоқтады. Бұл «Шеген құдықтан» кеше ымыртта шығып, жаздың шолақ түнін ер үстінде өткізген болжаском Шынғалиев еді. Ол көрші қақпаға кіріп бара жатқан Дәулетовты көре сала ат тізгінін тастай беріп, жүгіре басып хатшының қасына жетіп келді.
— Дәулетов жолдас... мен сізге келдім. Өте тығыз жұмыспен келдім, — деді ол ентіге сөйлеп.
Түн жортып түсі қашып келген жас жігіттің бетіне бір қарап алды да хатшы:
— Кеңседе күте тұрыңыз, мен қазір келемін, — деп үйіне ене берді.
Кеңсенің ішін сыпырып, терезесін сүрткіштеп жатқан әйел оны аяған пішінмен:
— Тым ерте ғой, шырағым, сағат жеті ғана. Жуынып, шай ішіп кеңсе ашылуына қарай келсең етті, — деді.
Шынғалиев жауап бермеді. Аздан соң шыдай алмай қайтадан сыртқа шықты. Хатшыны ұзақ күтіп қалған сияқтанды. Ал, ізінше-ақ жетіп келген Дәулетовтың жүрісі де, сөз бастауы да оған өте-мөте жай көрініп кетті.
— Сонау Қоспа жолымен келген сіз ғой? — деді уком хатшысы, отыр дегендей орындың көрсетіп.
— Иә, Дәулетов жолдас. Түнімен жүріп келдім...
— Қатты келдіңіз... Сіз Көзеевпен бірге келген жігітсіз ғой анау күнгі?
— Иә, Дәулетов жолдас...
— Ертемен шапқылап келуіңізге қарағанда асығыс жұмыс бар ғой шамасы?
Шынғалиев шыдамады.
— Бай-құлақтар кедейді пышақтап өлтіріп жатқанда шапқыламай бола ма, Дәулетов жолдас...
Шынғалиев уком хатшысына кеше кеште болған оқиғаны да, «Шеген құдыққа» Құныс қарақшының жасырын келіп жүргенін де, шаруалардың үрейі кете бастағанын да бірақ ақтарды.
— Сіз қазір пәтеріңізге барып жуынып, тамақтанып, ұйықтап тынығып алыңыз. Қатты қобалжып және түнімен көз ілмей ат үстінде қалжырап қалыпсыз. Бәрі де реттеледі. Тиісті шара қолданылады. Комиссия шығады, — деді Дәулетов Шынғалиевтің қызарып кеткен көзіне қарап.
— Жоқ, Дәулетов жолдас, мен үйықтай алатын емеспін. Комиссия тез шықса, мен бірге кетейін. Жұртқа түсіндіру керек бұл жайды. Жастарға мықтап ұғындыру керек. Мұндай кезде ұйықтауға уақыт жоқ, — деді Шынғалиев аптығып.
Дәулетов басын шайқады.
Бір сағаттан кейін Дәулетов бюро мүшелерін жинап алып:
— Қазір ғана губернияда хабар алдым: ірі бай-бектердің мал-мүлкін конфискелеп, өздерін басқа губернияға жер аудару жөнінде үкіметтің қаулысы шықты, — деп жаңалық жайды мәлім етті.
Өзара пікір алысқаннан кейін уезд басшылары «Шеген құдыққа» шаруалардың жиналысын өткізуді, ол жиналыста болыстық қосшы ұйымының шығарған қаулыларын жариялап, іске асырылуын мақұл тапты.
— Губернияға, уезге бөлінетін әкімшілік тәртіп өзгеруімен байланысты және басқа қызметке ауысқандықтан Әлен Әлеуов Уаткомның председательдік қызметінен босатылып, губисполком қарамағына шақырылды. Уатком председателінің міндетін уақытша оның орынбасары Қарабай Козеев атқаратын болды, — деді Дәулетов онан кейін.
— Әлеуовтың кері шақырылатыны келген күннен бастап-ақ көрініп тұр еді, — деді Хакім.
Бұл жолы да алушыны аңдушы жеңді.
Болыстың атқару комитетінің ағасы Қарабай Козеев «Шеген құдықта» болған уақиғаны түнде есітті де, уезден адам келгенше Ақметшені кеңсесіне шақыртты. Бұлай еткені батырақ кедей Таңқыбайдың өліміне қалай түсінік берерін Ақметшенің өз аузынан есіту және тергеу комиссиясы істің бетін ашқанша өктемдігін жүргізіп келген бұл белгілі адам ауылдан аулақ болсын деген ниет еді.
Ақметше атком ағасына амандасқаннан кейін жай-мәністі сұратпай-ақ өзі бастап, өзі түсіндіруге кірісті.
— Өте өкінішті жағдай, өкінішінен де аянышы басым, — деді ол Қарабайға мұңайған пішінмен. — Өкініші: ата-бабаның дәстүрінде болмаған, көп заманнан бері көз көріп, құлақ естімеген, туысқан туысқанға қол жұмсап, жазықсыз қан төгу; ол қан менің ауылымда, менің баламның қолымен төгілді. Аянышы: өмірі адам бетін жыртпаған, өзгеге оймақтай зиян етпеген, өзіме болсын деп бұра тартуды білмеген, шақырғанға балаша тіл қатып, жұмсағанға балаша зыр жүгірген пенде еді. Пенделігінен бұрын өзімізге руластан да гөрі жақын аталас, қандас, қарындас еді. Оның үстіне жан баққан үйлі еді, жаңаға көз тіккен саналы азамат еді. Баласын жамандайтын ата жоқ, атадан алшаң кетпейтін бала жоқ. Мен пәлен деп баланы да ақтар пікірде емен, зұлым еді деп оны қарғар да шамам жоқ. Әділ билікке бас иемін, қылапсыз заңға бой ұсынамын. Қолмен істегенді иықпен көтеруге тура келеді. Не жаза берсеңіздер де балаға ара түсер жай аз қалып тұр. Бірақ есте тұтатын бір негіз бар. Ол адамның баршасына хас негіз. Жас бала еңбектеп барып қаз тұрып, балдыр-бұлдыр сөйлей бастағаннан-ақ үлкенге еліктейді. Бұл еліктеу ересек кезге дейін созылады. Үлкен болсам екен, ер жетсем екен деген тілек бүл. Ал ер жете бастаған кезде бұл үлкен болу тілегі дүние сүйгіш малжандылыққа айналып кетеді. Байысам екен, мен де үлкендердей үйге ие, малға қожа болсам деп ұмтылады. Бұл табиғи тілек...
— Мен сізден жастың қалай өсуін, оның қандай арманы болатынын сұрауға шақырғаным жоқ Ақметше жолдас. Сіздің балаңыз Таңқыбай Еламановты не үшін өлтірді? Соны білуге, соны өз аузыңыздан есіту үшін шақырдым, — деді Қарабай оның сөзін бөліп.
Әлбетте, міне осыны, баланың мұндай ауыр іске адам өліміне себепкер болғанын айтып отырмын. Малжандылық, малға қожа болу тілегі оны мұндай ауыр халге ұшыратқан.
Үйге Хакім, Щитов, Жолмұқан және Қарабайға бұрын соңды таныс емес бір жігіт кіре берді. Алыстан келгендер де, үйде отырған екеуі де бірін-бірі бұрын көрмеген-білмеген адамдардай, сәлемдеспестен, көріспестен тосырқап тұрып қалды. Аздан кейін ғана Қарабай орнынан тұра келіп:
Былай шығыңдар, — деді. Басқа сөз айтпады. Тек қана өзінің сөйлер алдындағы тамағын қайта-қайта кенеп, аздап жөтеліп алатын әдетін істеді.
Қарабайды еліктегендей ілесе Ақметше де орнынан тұрып, тамағын кенеді, бірақ ол уезден келген басшы әкімдерге ысырылып орын бере қоймады.
— Мына кісіні сіз алдырдыңыз ба, әлде өзі келіп мәлім етті ме? — деді Хакім аздан кейін.
— Болған уақиғаны өз аузынан естиін деп мен шақыртып алдым, — деді Қарабай тағы да тамағын кенеп қойып.
— Иә...
— Біраз әңгіме айтты. Алайда, бұл кісінің сөзіне мен аса түсіне алмадым.
— Не айтады, — деді Хакім Ақметшеге көлдеңнен көз тастап.
— Баласының кісі өлтіргенін жасырмайды. Бұл өкінішті уақиға дейді. Солай дей тұрып Еламановты өлтіру табиғи нәрсе дегендей пікір айтады.
Хакім де, Щитов та Қарабайдың сөзіне құлағын тіге қалды.
— Еңбектеп қаз-қаз тұрып, тілі шығып бойы өскенше, тіпті ақылы кіріп әбден есейгенше адам мал-жанды болады дейді бұл кісі, — деді Қарабай. — Мал-жанды кезінде адам адамның қадірін білмейді. Яғни адамжанды болмайды. Бұл жұрттың бәріне ортақ қасиет дейді. Және өлім деген нәрсеге магына бермейді, өйткені өлімнен өзі де қорықпайды, басқаны да алмайды. Міне, осыны ескерерсіз дегендей етеді.
Хакім ойланып қалды да, сәлден кейін қабағын түйді. Оның түсі де бозарып кетті.
— Бұл түсінікті философия, Қареке. Өте түсінікті, — деді ол соңғы сөзін нықтай түсіп. — Балам малжанды деуі шындық. Бұл адамды адам мал үшін, дүние үшін өлтіреді деген сөз. Мал бастан артық деген философия. Қазіргі күрес те осыны дәлелдейді.
— Балаңыз қайда? — деді Щитов Ақметшеге қазақшылап.
Ақметше Хакімге қарап сақалының ұшын сипап өтті де:
— Түннен бері қолыма түспей қойды. Қорыққаннан бір жерде жасырынып жатыр ма деймін. Бұл табиғи нәрсе қорқу деген, — дей беріп еді, Хакім оған:
— Онда бала жас кезінде қорықпайды деген сөз жалған болды ғой, — деді кекесінді үнмен.
— Балаңыз онда... өзінің туған әкесіне қосылған шығар, — деді Щитов Ақметшеге қадала қарап. Ақметше де онан көзін бұрмады.
— Туған әкесінің қайда екенін сіздер білмесеңіз, мен білмеймін. Мен оны тірі болса өте алыста жүрген шығар деп шамалаймын. Оған баланың кетуі екіталай.
— Оны соңынан сөйлесерміз, — деді Щитов.
Ақметше үндемеді. Әңгіме үзілуге айнала бастады.
— Сіздер осы жерде боласыздар ма? Мен «Шеген құдыққа» барып қайтқалы отыр едім, — деп Қарабай Хакім мен Щитовқа кезек қарады да, сен қайдан жүрсің дегендей Жолмұқанға көз тоқтатып: — Мына палуанды сіз ертіп жүрсіз бе, Хакім? — деп прокурорға мойнын бұрды.
— Иә, біз ертіп келдік. Құлынға құрық, асауға бұғалық сала білетін де кісі керек болады. Сізге көмектесер деп әкелдік, — деді Хакім.
Қарабай басын изеді. Ол оқымаған адамның зерегі болатын. «Ақметшенің асыл нәсілді жылқыларын бөрі-қарыдан сақтауға да осындай белді жігіт керек» деген ой келді оған.
Бұл кезде он шақырымдай жердегі «Шеген құдықта» тағы да бір ауыр уақиға болды.
Өткен түнгі адам жаны түршігерлік өлімді көзімен көрген Шынғалиев жазықсыз қан төккен кісі өлтірушіні қолға түсіру үшін қалаға да өзі хабар беріп, тергеу орнының адамын да өзі ертіп келіп еді. Тап осыны аңдып таң ата «Шеген құдыққа» Құныс қарақшы да келіп жетті. Ол баланы ұстауға прокурордың өзі келер деген оймен торыды. Жалғыз шөкенi бетке ұстап та бұғып үйренген Құнысқа ауыл жанындағы құдық, құдық тұрған сай және Ақметшенің құлынды биелерге жасатқан брезентті лапастары әдейі құрған қамалдай болды. Ол өз атын әдетінше сай ішіне бос жіберді де, Қаршығаға шабысы бар
белді аттардан екеуін дайындатып, сайдың арғы басын қарауылдатты.
Алушыны аңдушы алатыны мәлім, құдық басында бұққан белгілі жартыбасты ауылдың жандары да, алыстан келетін тергеуші де байқамады, байқау түгіл түнде келіп оны ауыл ториды деп ешбір жан ойлаған да жоқ. Ол ұзақ күтпеді. Болыс кеңсесі жақтан көрінген төрт аттылы желе бүлкілдеп келіп, шеткі Акбардың үйіне аттарын байлай салып, біреуі сыртта қалды да, үшеуі үйге кірді. Көп кешікпей екеуі Таңқыбайдың үйіне беттеді, қалған екеуі аттарына мініп тура Ақметшенікіне келді. Құныстың қызғылт тартқан көзі бір кез қанталап жүре берді. Оған аттан түскен екеудің бірі прокурор Хакім Жүнісов болып көрінді.
Құныс жата алмады. Орнынан түрегеліп аяғын адымдай басып ілгері жүрді.
— Пыркарол! — деді дауыстап ол. — Бері шық!
Дауысқа жалт қараған Шынғалиев құдық басынан берегірек шығып шақырып тұрған ұзын қара кісіге көзін тіге қалды. Оның ойына осы Ақметшенің белгілі жалшысы Акбар түсті. «Анау күнгі қалаға жауап беруге барған Акбар. Бұл не айтпақшы?..»
— Бері шық! — деді қара кісі тағы да.
Екі арада ең кемі екі жүз қадамдай жер болса да, оның даусы Шынғалиевтің құлағына тап қасында тұрғандай естілді. Танитын адамға беп-белгілі бұл өктем шыққан жуан дауыстың Құныстікі екенін аңғармай:
— Келіңіз, келіңіз, — деп Құныстың өзін шақырды. — Бері келіңіз, қорықпаңыз.
Шынғалиев «Акбарды» Әжіғалидан қорқып тұр деп ойлады. Ол тағы да қолын бұлғап ымдай түсті де, өзі екі-үш адым шеткерірек шығып тұрды.
Алыстан қарағанда сырт пішіні Хакім сияқты көрінгенмен, Шынғалиевтің жүзі оған ұқсамайтын. Сонда да оның бойлы келген келісті мүсіні, галифелі сұр гимнастеркасы, тіпті бұйраланған қомақты шашы «прокурордың өзі» дегізді. Құныс шолақ мылтығын көтеріп алды. Шынғалнев қарап үлгергенше құлағына тарс еткен дауыс қана естілді, өзі дәрменсіз түрде жерге отыра кетті. Бар сезгені: ішіне біреу шоқ тастап жібергендей күйіп жүре берді де, көзі қарауытып түпсіз бір тереңге құлап бара жатты. Қармануға дәрмен жоқ құлдырап бара жатты...
Бар ынтасы үй ішінде болып, далаға көз жібере қоймаған Әжіғали таңқ еткен мылтық даусына жалт қарап, айтулы Құнысты көрді. Оның қолындағы қаруын да жақсы айырды. Бірақ өзі қару жұмсауға үлгергенше белгілі қарақшының желді күнгі жөңкіген қара қаңбақтай, тез төңкеріліп, құдықтың арғы тасасына түсіп кеткенін ғана көзі шалып қалды. Ол енді жалма-жан жығылып қалған Шынғалиевтің басын сүйей берді. Бірақ сол сәт «тасадан атқан жартыбасқа бір оқ жұмсамай қаламын ба?» деген ой оны құдыққа қарай алып ұшты. Мылтығын кесе-көлденең ұстаған күйі құдыққа жеткенше, одан кейін адамды да, атты да толық көзден тас аларлық сайдың иініне барғанша Құныс боз атқа қонып, жөнеліп те кетіп еді. «Артымда қуғын бар ма екен?» деген жанша ол енді сай иінінен қылт ете қалып арт жағына көз тастады. Тарс та тарс қатарынан шыққан мылтық даусына ілесе зыңылдаған егіз оң оның басынан асып әлдеқайда жоғалып жатты. Бірақ ол асығыс атылған оқтар даритын шеңберден әзірге аулақтап кетіп еді.
— Тоқтай тұр! — деді Әжіғали кіжініп, не атына мініп оның соңына түсерін де, соңына түскенде бір өзінің не бітірерін де білмей.
— Тоқтай тұр. Алдыңдағы қос тосқауылдан аман кетсең сенің қара жұлдызыңның әзір сөнбегені, Щитовтың қамалынан өтіп, құмға иек сүйеуің екіталай болар...
Ол қайтадан келіп әлсіреп қалған Шынғалиевтің кезерген еріндеріне су тамызды.
— Әкеңнің қанын төккен де Құныс еді, сенің қаның да осы жауыңның қолынан шашылды. Өзіңнен басқа ешкімің жоқ... Ең болмаса артыңда тұяғың да қалған жоқ, жас қыршын... Дегеніңе жете алмай кеттің, асыл іні. Кеше ғана... жаңа ғана сайрап тұрған тіл күрмелді. Жайнаған көз жұмылды, бақыл бол, інім!..
Көзіне жас алып көрмеген Әжіғалидың ыстық бұршағы Шынғалиевтің жылап ағып, топыраққа сіңіп жатқан ақ шабдар қанына тамып кетті.
4
Ертеңіне «Шеген құдықта» үлкен жиналыс ашылды.
«Уезд басшылары келеді, халықтың мұң-мұқтажы жайында сөз сөйленеді. Ел тегіс жиналсын!» деген атком жарлығы кештен бастап ауыл-ауылға таралып кетіп еді.
Сабынкөлдің алыстағы түкпірлерінен жиналысқа жұрт түннен аттанды. Ауыл үсті абыр-жұбыр әңгімеге толып, жол үстін аттың дүбірі мен арбаның сықыры басты. Топ-тобымен үздік-үздік жылжыған жандар түні бойы жол үстінде болды. Түсетін жекжаты жоқ адамдар торсық толтырып айран-шалабын да арбаға сала кетті. Әйелдерге жылап ілескен жас бала бар көліктерге көрпе-жастық та салынды. Ермегі аз бозбала мінер жылқысын кештен үй жанында ұстап, таң біліне аттарына қонды да, ертеңгі даланы қым-қиғаш жарыс пен аударыспақ ойнаған асыр шабысқа айналдырды. Сөйтіп, ауыл-ауылдың тегіс бас қосқан жиналысына еркек-әйелі қалмай шұбырды. Күн көкжиектен арқан бойы көтерілмей-ақ аттылы, түйелі, жаяуы да аралас ағылған қалың адам «Шеген құдық» басына тұс-тұстан құйыла бастады.
Осы топтың арасында бірнеше арбаға тиелген комсомол мүшелері болыстың комитеттің туын көтеріп бөлек келе жатты. Олар «Шеген құдыққа» жақындаған соң арбаларынан түсіп, екі қатардан сапқа тұрды да: «Басыңдар, жолдастар, аяқты!» және «Жолдастар» жырын әндетіп тәртіппен жылжыды. Қалың жиынға жуықтаған сайын жыр үні мен аяқ дүбірі самарқау даланы тебіренте түскендей болды. Бұлардың ықшам киімі мен жігерлі қимылы сол күнгі теңіздей теңселген кең шекпен, қалың шапан киген тұмақты, бөрікті, жаулықты жандардың арасында көзге өрім талдай өзгеше көрінді.
Кешікпей өз мал-жанынан өзгеге аяқ асты болып көрмеген Ақметшенің жаз жайлауы аткөлікке толды да, құдық жанындағы тепсең үстін қара-құрым адам басты.
Үстін мінбе, қалқанын таяныш, жетегін баспалдақ етіп қойған ұзын көк арбаны халық қаумалай қоршады. Жадағай жамылған ақ бурыл шалдар мен шаңырақ жаулық кемпірлер мінбеге таяу жайланысты да, олардан әрі орта буын отырды. Арбаның төрт жағы да қабат-қабат отырған адамдар мен тұрған күйі алыстан мойын созған бозбалаға лық толды.
Не боларына көзі жетпей, соңғы кездегі оқиғаларды түрліше жорыған халың өзара күбір-күбір әңгімеге көшіп еді. Қайта-қайта тамсанып, сақалын сипап қойып Әжіғалиға көбірек көз тіккен бір шал:
— Әжіғали шырағым, сен өкімет басында жүрсің ғой, айтсайшы, осыншама жұртты неге жинап жатыр? — деп сұрады.
Әжіғалимен бірге мінбенің қасында тұрған сұр гимнастеркалы жігіт:
— Ақсақал, асықпаңыз, Қазір Қарекең айтады, — Деді.
Оған қосыла:
— Иә, ақсақал, жаңалық бар. Дәулетовтің өзі сөз сөйлейді, — деген Әжіғалидың сөзіне де шал місе тұта қоймады.
Ол қасында отырған екінші шалмен сөйлесіп кетті.
— «Шеген құдықтың» басына неге жинайды жұртты? Жаңалықты басқа жерде айтуға болмай ма? Әлде әлгі атышулыны ұстап әкеліп, соны көрсетпекші ме?
— Ақметшені нетпесе...
— Нетпесесі қалай?
— Әлгі деймін-ау...
— Дұрыстап айтсайшы, Жәке, «нетпесе», «әлгі деймін-ау» деген түйінді сөздеріңнің осындай жерде тінін жазып жібермейсің бе?
— Жәкең қайдан жазсын күрмеліп қалған сөзді. Уезден келген әкім айтпаса турасын. Жәкеңе қиын ғой, — деп қойды бір қара сақал.
Мінбе-арбаның екінші жағында отырған адамдар бұдан гөрі ашығырақ болжам айтып жатты.
— Таңқыбай мен әлгі Шынғали комсомолды жерлеуге байланысты ғой бұл жиын. Мұны жұртқа түсіндірмесе бола ма?
— Түсіндіретін не бар. Жау жаулығын етті — өлтірді.
— Сол жаудың кім екенін атын атап, түсін түстеу керек.
— Белгілі емес пе. Өлтірген Ақметшенің баласы...
— Құныс та Ақметшенің баласы ма?
— Әй, қойшы әрі, білмеген адамша сөйлейсің.
— Жоқ енді, білгенде... Ақметшенің баласы емес қой ол бас кесер.
— Бәріне Ақметше жауапты. Өкімет мұны білмей отыр дейсің бе?
— Онда Ақметшені ұстайтын шығар. Ол үшін жұртты жинап қайтеді?
— Ұстау аз. Халықтың алдында жауды әшкерелеу керек, — деді тәртіппен жұртты отырғызып жүрген сұр гимнастеркалы жігіт әңгімеге кірісіп.
— Імм... — десті отырғандар.
Ақметшенің отауы жағынан шыққан адамдар көк арбаға жақындай берді.
Сұр гимнастеркалы жігіт:
— Шуламаңдар! — деп зекіп қойды да, келе жатқан адамдарды қарсылап арбаның үстіне шығуға жәрдемдесті.
Бірінің соңынан, бірі арба үстіне: Дәулетов, Жүнісов, Көзеев, Едігенов шықты. Орысша киінген тағы да бір-екі адам. Аға милиционер Әжіғали және Жолмұқан палуан арбаның жанында тұрып қалды.
Аз кідіріп жұртты көзімен шолып алды да, Қарабай Көзеев:
— Алты ауыл Советтің азаматтары қатынасқан жалпы жиналысты ашылды деп жариялаймын. Ауыл шаруашылығын өркендету, кедей-жалшыларға көмек беріп, оларды жер жыртып, егін салуға жұмылдыру жайлы уездік партия комитетінің хатшысы Дәулетов жолдас сөз сөйлейді. Одан кейін болыстық қосшы ұйымының қаулысын жариялаймыз. Ал Дәулетов жолдастың баяндамасынан бұрын айтатын сөз: кеше осы «Шеген құдық» басында адамның тебе шашы тік тұрарлық айуандық жолмен қосшы мүшесі, белсенді шаруа Таңқыбай Еламанұлы жолдасты Ақметшенің баласы Қаршыға дейтін пышақ салып өлтірді. Ол ол ма, болыстық жастар комитетінің хатшысы, жалынды жас қайраткер, еңбекші үшін жан-тәнімен қызмет етіп келген аяулы азаматымыз Қауғабай Шынғалиев бас кесер бандит Құныстың қанды қолынан қаза тапты. Бұл екі ауыр өлім осы мына «Шеген құдықтың» басында болды. Атақты шонжар, қаратаяқ оқымысты, кезінде Алаш өкіметіне жәрдем еткен правитель Ақметше Мұхаметшиннің аулында болды. Аулында ғана емес, Ақметшенің кезеуімен қаза тапты. Табы жат дұшпан советтің адал азаматтарына қол жұмсады. Біз бұл дұшпан оғына қапыда душар болған қадірлі адамдарымызды азалаумен бірге, бүгін оларға: сендердің арман еткен мақсаттарыңа тез жету үшін тап қырағылығын күшейтеміз; еңбекшінің үстемдігін нығайтамыз; қанаудан халас болған еңбектің жемісін арттырамыз; бақытты өмір жасаймыз, деп уәде береміз! — деді.
Жұрт ұзақ уақыт үнсіз қалды. Сонсоң бірер адам тамақтарын кенеп, қозғала түскен кезде, Қарабай:
— Сөз уездік партия комитетінің хатшысы Дәулетов жолдасқа беріледі! — деп өзі кері шегінді.
— Жолдастар! Мен соңғы кездегі өзгерістермен байланысты төмендегі үш сұраққа жауап бере сөйлегім келеді. Мұның біріншісі — адамды адам өлтіріп, қан төгу қашан тыйылады? Екіншісі — біздің басты байлығымыз не нәрседе? Үшінші — ауылды дәулетті, мәдениетті етудің жолы қандай? Міне, осы үш мәселеге қысқаша түрде жауап бермекпін.
Адал шаруа Еламанұлы мен комсомол қайраткері Шынғалиев жолдастың жау қолынан қаза тапқанын уездік атқару комитетінің төрағасы Козеев жолдас айтып өтті. Бұл өте ауыр және аңдаусызда тап болған өкінішті қаза. Мұның өкінішті болатыны жау жасырынып жүріп қапыда бас салды. Бұл ашықтан-ашық майданға шыққан бұрынғы басты жаулар емес, солардың түн жамылып келіп қораға шабатын бөрідей елден аулаң жүрген қалдығы, азғыны. Өздеріңізге белгілі азамат соғысы кезінде майдандасып қан төгістік, ол кездегі дұшпан помещиктер, фабрика-завод иесі алпауыттар, ірі бай мен билер, солардың сойылын соғушы аң генералдар мен аң офицерлер еді. Бұлардың бәрін тас-талқан етіп, Қызыл әскер ап-сап қылғаннан кейін 20-ыншы, 21-інші жылдары банды мазалады. Ол ақ бандыны құртқаннан кейін, енді міне елдегі бай-бектерді паналап жүрген бас кесерлер төбе көрсетті. Жауласу, соғысу, жазықсыз қан төгу деген зұлымдықтың түп-тамыры еңбексіз байитын қанаушы таптың қалдырған жексұрын мұрасы. Еңбексіз баюдың өзі қылмыс. Ал сол қылмысты құрту үшін қанаушы тапты жою міндет. Оны, әрине, қырып тастау жолымен құртпаймыз. Еңбек еттіру жолымен жоямыз. Мысалы: мына Ақметше Мұхаметшинге жақында сот болды. Сол сотта оның кедейлерді қалай жегені ашылды. Он-он бес жыл жұмыс істеп келген адамдарға Ақметшенің төлеген ақысын есептесең күніне ширек тиыннан келмейді екен. Мұндай тегін мал табу жолын жалшыны қанау, оның нәрін борсықтай сору дейміз. Міне, осыны жойып, Ақметше, Дабыл, Салық сияқтыларды еріксіз еңбекке қосқан кезде жұрт тыныш болады. Адамды адам өлтіру жойылады.
Қазақ халқы көшпелі, мал баққан, момын халық; еңбекті сүйетін, жігерлі халық. Бірақ осы халықты билеуші тап мәдениеттен тыс, білімнен тыс, өнімді кәсіптен тыс ұстады. Әбілхайыр ханнан өрбіген жүз елу сұлтан тайпа-тайпаға бөліп, билеп келді. Арқада Абылайдың ұрпағы хандық құрса, Жетісуда Тезек төре дәурендеді; Хиуада Аспандияр, Барақ сұлтандар отырса, Бөкейде Нұралының әулеті өкімін жүргізді. Осы толып жатқан сұлтандардың айдауымен Ресей патшалығының қарауында жүрген кезде соңғы 150 жылдың ішінде қазақ елін «өркендету» үшін жұмсалған қаражатты адам басына шақсаң 6 сом 60 тиыннан келеді екен. Ал мұны жыл есебіне айналдырсақ — жылына бір адамға төрт тиыннан ақша жұмсалған. Міне, билеуші таптың істеген игілік ісі. Мұндай қаражатқа бала оқытып, ауруды емдеп, қала салып, көпір тұрғызып болар ма? Бір келген қайыршыға да қазақ жеті тиын садақа береді. Хан мен сұлтан, патша мен губернаторлардың көрсеткен жақсылығы осындай. Ал біздің басты байлығымыз неде? Басты байлығымыз жерде. Жердің үсті нәубат береді; асты толған алтын мен күміс, темір мен көмір, мұнай мен тұз. Нәубат дегеніміз жердің бетіне шығатын өсімдік. Тары мен бидайды көп егіп, мол өнім алмаған жерде молшылық болмайды. Орал губерниясының көлемі кіші-гірім мемлекеттей — 15 миллион гектар жері бар. Мұның егіске жарайтыны бір жарым миллионнан астам. Ал мына Жымпиты уезін алсақ шабындық, жайылымдық жерін былай қойғанда, тек бидай шығатын егістігінің өзі бір үйге 40 гектардан келеді. Қазір осы құнарлы жерге егетін егісіміз үй басына ширек гектардан да аз. Бельгия мемлекетінде жердің тапшылығынан пияз, сәбіз сияқты пайдалы өсімдіктерді үй төбесіне егеді. Біз табиғат берген ен байлықты пайдаланбай келеміз. Сондықтан қазір өкімет ауыл шаруашылығын өркендету ісін қолға алды. Ауылда отырықшылыққа айналдыру, егіншілік кәсібін күшейту басты мақсат болып табылады.
Бұрын ауылды жаңартуға жылына төрт тиын жұмсалса, қазір еңбекшінің баласын оқыту үшін тегін мектептер салынды; үкіметтің есебінен емдеу, денсаулық сақтау жұмыстары жүргізіліп келді. Енді жерге орналасам деген кедей шаруаға көмек көрсетілмекші. Ал күш біріктіріп жер жыртамын дегендерге кооператив арқылы құрал-сайман берілмекші. Міне, өз билігін өз қолына алған еңбекшілердің үкіметі жарлы-жақыбайларға бар жәрдемін аямай көрсетіп жатыр. Бұл жәрдем тиындап саналмайды, бір сомдап та есептелмейді — халықтың мұң-мұқтажын толық өтегенше көрсетілетін көмек. Сондықтан өздеріңіз бастап, өкімет қостап отырған отырықшылық ісін, егіншілік кәсібін жұрт болып, қауым болып қолға алайық. «Еңбек етсең емерсің» деген халың аузында нақыл бар, сол еңбекке жұмылайық! — деп бітірді Дәулетов сөзін.
Жұрт тағы да кідірістеп, үнсіз қозғала түсіп еді, Қарабай Козеев халықты жетектеп қол соғып жіберді; оны қасындағы Жүнісов қостады да, біріндеп басталған бұл қол шапалақтау ә дегенше дүрілдеген күшті үнді-шуылы аралас дүрсілге айналып кетті. Аздан кейін қос қолын жоғары көтеріп, делебесі қозып кеткен қалың топтың шуылын зорға тоқтатып, Қарабай болыстың партия комитетінің хатшысы Едігеновке сөз беріп еді, ол айқай салып:
— Болыстың қосшы комитетінің қаулысын жариялаймын. Ол мынау: бірінші — жер жыртып, егін салу үшін бірігіп құрал-сайман сұраған он бес үй кедей шаруаларға кооперация қоғамы арқылы темір сабан, тырма, фургон арба, шоп шабатын және сүт тартатын машина сияқты керек құралдар алып берілсін! Екінші — үкіметтен қаражат көмегін алып үй-жай салуға ең жақсы жерден болашақ поселкеге лайық орын көрсетілсін! Кәне, осы қаулыны мақұл дегендерің қолдарыңды көтеріңдерші!
— Мақұл!
— Мақұл!
— Біз де жазыламыз.
— Бізге де құрал-сайман керек! — деп айқайлады бірнеше дауыс қосылып.
— Жазыламын деген адамға жол ашық. Қазірден бастап арыздарыңды қосшы комитеті мен аткомға бере берулеріңе болады! Ал мына тізімді беркісін дегендерің қолдарыңды көтеріңдер!
Самсаған шекпен, шапан, жадағай жеңдер жоғары көтерілді.
— Түсіріңдер қолдарыңды! Үшіншісі — патша тұсында правитель болған, алаш өкіметі кезіне Жымпиты хандығына Текеден мылтық, оқ-дәрі жеткізіп берген, соңғы кезге дейін жалшы мен малға жарлы кедейлердің еңбегін жеп келген, атышулы бандит Құныс бас кесерді паналатып, аңырында екі бірдей азаматтың қанын төктірген, екі уезде көп жылқысы, түйесі және басқа малдары бар Ақметше Мұхаметшеұлы қоғамға зиянды адам есебінде жер аударылсын! Еңбексіз тапқан мал-мүлкі қоғам пайдасына берілсін! Кәне, азаматтар, осы әділ қаулыны қолдарыңды тегіс көтеріп мақұлдауларыңды сұраймын! — деді Едігенов айқайлап.
Жастар ду ете түсті.
— Әділ қаулы!
— Кетсін арамыздан!
— «Шеген құдық» — «Шынғали құдығы» аталынсын!
— Комсомол жастар қоныстану тізіміне тегіс жазыламыз!
— Жер жыртамыз, егін егеміз!
— Қолдарыңды көтеріңдер! — деп айқайлады Едігенов тағы да.
Біріндеп-біріндеп жоғары көтерілген қолдардың саны көбейе берді.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Сол күні...
...Батыс беттен қап-қара бір кесек бұлт көтеріліп аспанның төріне өрлей берді. Кесек бұлттың ізінше тап күн ұялайтын жерден шығып алып бұрқыраған қара құйын сырықтай шаншылып, иегін кесек бұлтқа қадады. Кенет дауыл көтерілді де аспанның алапай-түлепейін шығарып, жерді тұлақтай желпи жөнелді. Қырда сиыр өкірді; ойда жылқы дүрлікті; ауыл үстінде ит ұлып, баланың зәресін, кәрінің үрейін ұшырып жіберді.
— Сұбыхан алла!
— Сұбыхан алла! — десті шалдар сап-сап боп сақалдарын сипап.
— Су жағала!
— Су жағала! — деп жағаларын ұстай қалды кемпірлер.
Үлкен ақ үйлер дауылдың екпініне төтеп бере алмай қабырғасы қайысып кеткендей сықырлады да, арқанмен белін бастырып үлгірген кішкене үйлер безгегі ұстаған адамдай селкілдеді.
Өрістен мал жөңкіліп ауылға ойысты да, жамырап кеткен қозы-бұзау мен жүгірген жан мидай араласып азан-қазан әбігерге айналып кетті.
Сәл уақыт желді ішіне тартып, дауыл тына қалды. Үйден шыға келген Таңқыбайдың шүйкедей Қибатына:
— Анау қара қызық, — деді Сәрсен көктегі шұбатылған жіңішке қара бұлтты көрсетіп, — аждаһа!..
Қибат шөк етіп жерге отыра кетті.
— ...Жеті жүз жыл жер астында жатқан аждаһа жерді шиқандай дүмпіте береді. Күндердің күнінде ол дүмпу жұқара бастайды, аждаһа оны жұқарған сайын жоғары көтеріп, солқылдатып жыртуға айналады. «Жер енді тесіледі!», «Аждаһа енді шығады!», «Енді әлек етеді!», «Аупырым-аупырым!» деген шақта тәңірінің бұйрығымен Мекайыл періште аждаһаның мойнына ноқта салады. Жеті буынды, жеті жүз құлаш шойын шынжырлы ноқтамен Мекайыл көтерген аждаһаның құйрығы тау мен тасқа соғып, төбе-төбені қопарып, жеңіл-желпі дүниенің бәрін үйіріп аспанға атады, ысқырығынан дауыл тұрады, демінен күн күркіреп, көзінен жасыл отын шашады. Аруақты Қуанай ишан: «Анау Шалқар көлінің арғы бетіндегі саздан жақында аждаһа шығады. Есырапыл суырып үреді, жер-көк ғаламды тітірентеді!» деп еді. Бұл сол әулиенің айтқан аждаһасы. Әне көтерілді! Қибат, әне дауылдатты! Үйіңді арқанда! Ақаң үйіне беттеді. Кәне, көмектесіңдер. Ұмтылыңдар! Ұмтылыңдар!..
Шошып оянған Гүлжиһанның өңі құп-қу. Тұла бойы дірілдеп, төсегінің үстінде қозғалмай отырып қалды. Ол қаладағы абыстайдың үйінде еді. Бірақ та қыздың тулаған жүрегі басыла қоймады. Көргенінің бәрі түс екеніне көзі әбден жетсе де, әлденеге үрейлене түсті. «Аман болса игі еді үй іші. Әлде күндізгі ойдың әсері ме? Күткен Әлібектің келмегені...»
Орнынан түрегеліп қыз беті-қолын жуынып, тез киінді де, шай ішпестен үйден шыға жөнелді. Қора ішінде жүрген абыстай оған:
— Гүлжиһан, ертемен қайда бармақсың? Ұйықтасын деп мен шай әзірлеген жоқ едім, — деді.
— Ауруханаға... — деді Гүлжиһан оған жүріп бара жатып, сөзінің аяғын іркіп.
— А, Меңдіқыз ханумға барасың ба? Онда тоқта, — деп әйел қораның төріне қарай бұрылды.
Гүлжиһан тұрып қалды. Абыстай жалма-жан еңкейіп, жаңа ғана суарған гүлдерінің ішінен бір түп гүл жұлып алды да:
— Мынаны ұстай бар, Гүлжиһан. Өзің шайға тез қайт, — деді.
— Көп рақмет, Абыстай. Көп рақмет, — деді қыз гүлді алып.
Ертемен келген Гүлжиһанды көптен білетін және кеше ғана өзі бастап Меңдіқыздың палатасына алып келген сестра қыз тоқтатпады. Ол тек:
— Тез ғана кіріп шығыңыз. Кешікпей доктор келеді, — деп ескертті.
Аз күннің ішінде ауыр қиналып, ұзақ ауырған жандай солып, екі көзі ғана қалған Меңдіқыз кезерген еріндерін қайта-қайта тілімен жұмсартып, Гүлжиһанға үн қатпастан қадала қарап қалды. Түрі бұзылып, өңі қашып, үрейі ұшқан киіктей, елегізе түскенін көріп, ол қыз бар жамандықты естіп келген екен деп ойлады. Өз халінің ауырлығы әйелдің ойынан шығып та кетті. «Сорлы Гүлжиһан! Сорлы сұлуым! Күткен Әлібегің келмей бір сарғайтса, енді мына әкеңнің... ағаңның жайы...» деп жыбырлады әйелдің еріндері. Қыз әлсіреп, талықсып жатқан әйелдің жанына жете беріп, иығын құшақтай отыра кетті. Оның солқылы мен көзден домалаған ыстық жасы кездескен затты сүйрей жөнелетін тасқындай жұлқып, Меңдіқызды бірге ала жөнелді. Неге екені белгісіз, қам көңіл әйел, өз басына түскен ауырлықты бірге жоқтаса келгендей, Гүлжиһанды кеудесіне қыса, қосыла егілді. Кезерген еріндері одан әрі құрғай түсті, солқылдаған иықтар солқылын үдете берді.
— Мен жаздым, Шыраққа. Бәрін жаздым. Ол түсінеді барлық жайды. Ол келуге тиіс кешікпей. Сенде де, онда да жазық жоқ. Сендер айыпты емессіңдер. Мұны бәрі де түсінуі керек. Ағаңа да, ағаңның ісіне де сен күнәлы емессің, — деді Меңдіқыз еңкілдеп.
Қыз кенет басын қайта жұлып алып, Меңдіқыздың бетіне қадалды.
— Не болыпты? Қаршыға бір жамандық істеп пе? Меңдіқыз жеңеше, жасырма!.. Мен... мен түс көрдім... қара дауыл. Бір жамандық болар деп жорып едім. Не болыпты? Не болыпты? — деді қыз сөзін бөліп-бөліп ентіге түсіп.
Бірнеше күннен бері музыка сабағын баса дайындау үшін қалаға келіп жатқан Гүлжиһан «Шеген құдықта» болған үлкен оқиғаны естімеген еді. Жалғыз Гүлжиһан емес, басшы қызметкерлер мен тергеу орындарынан басқа, қала халқы бұл хабармен тегіс құлақтанбаған болатын. Ауруханада жатқан Меңдіқыздың өзіне де мұны Хакім амалсыз айтқан еді. Өйткені: «Меңдіқыз, мен қырға шығып бара жатырмын, ертең кешке, әрі кетсе арғы күні түстен қалмай қайтып келемін» деген еріне әйел: «Мен осындай халде жатқанда қырға шығуды кейінге қалдырмайсың ба?» — деп мұңайған болатын. Кенеттен ауыр күйге душар болып және өте жүдеп қалған әйеліңнің қам көңілін қайғыға бөлемейін деп, Хакім уақиғаның бәрін бастан-аяқ айтып беріп, «мен өзім шықпасам болмайды, бұл жай ғана қылмыс емес, саяси мәні мол уақиға. Бұл ауылдағы тап күресінің, Ақметшенің және Ақметше сияқтылардың атқан ақырғы оғы», деп қорытқан-ды. Мұнан арғы жағын Хакім айтпады да, бірақ не болатынын Меңдіқыз өзі топшылап еді. Бұл жоқ жерден ұшыраған өз бақытсыздығының сол үлкен іспен байланысты екенін бірден түсінген еді. Сондықтан ауылға отряд шығатынын, ол отрядтың қолға түсірсе Құнысты, оны түсіре алмаса Ақметшені баласымен ұстап әкелетінін жақсы сезген еді. Әйел енді өзімен қосыла егіліп жылап, аузынан не жақсылық, не жамандық шығарын білмей телміре қалған бақытсыз қыздың жас жүрегіне қалайша жара салмай жұбатудың амалын іздеді. Оның кезерген еріндері жыбырлай түсті. Жас тамшылаған көздері мүләйім пішінмен мұңая қалды.
— Сен айыпты емессің, Гүлжиһан, — деді ол тағы да арғы жағын айта алмай.
— Меңдіқыз жеңеше, мен өзімді сұрамаймын. Менің айыпты, айыпты емес екенім безбенге түскен жоқ қой. Мен Қаршығаны сұрап тұрмын. «Ағаңның ісіне сен кінәлы емессің» деген не сөз? Ол Әлібекке бір жамандық істеп пе? Әлібек еліне кетті. Елінен осында келмекші емес пе?
— Жоқ, жоқ. Шыраң елде... Басқа уақиға. Сұмдық уақиға...
— Не болыпты? Неге айтпайсыз? Менің жүрегімнің жараланғаны аз болды деп азаптайсыз ба?
— Қаршыға волком хатшысын атып тастаған. Жалғыз ол емес, онан басқа бір шаруаны өлтірген.
— Ұстап әкеліп пе? — деді қыз түсі бұзылып.
— Әкелген жоқ. Бірақ ұстайды ғой, Гүлжан... Жиенді де жауапқа тартады ғой...
Қыз палатадан шыға жөнелді.
Меңдіқыз сол күні ұзақ ойланып жатып, ертеңіне басын көтеріп, ауруханадан ауылдағы Әлібекке екінші хатын жазды.
2
Меңдіқыздың екінші хаты Әлібектің қолына тимеді, кешігіп қалды. Бірінші хатты ала сала алыстағы Алматыға жол тартқан студенттің бұл хат өз қолына тисе не істерін, не жауап жазарын кім білген. Ал өмірі алған бетінен қайтып көрмеген қайсар інісі бұған тез амал табуға кірісті. Әділбек ағасын Орал қаласына өзі апарып, поезға өз қолымен мінгізіп еді. Шетте жүрген балаларының қамын көбірек жейтін, олардың бәрі үйдегі кішкене Әділдің ғана қолына қарап отыр деп түсінетін Балым кемпір:
— Әділжан-ау, мына бір хатты ауылнай әкеліп тастады кеше кешке. Хакімжаннан көрінеді. Оқышы, айналайын. Бір нәрсеге мұқтаж болып қалды ма? Әлде ауырып, сырқап сенің көмегіңді күтіп отыр ма? Әйтеуір бірі анда, бірі мұнда бытырап кетті ғой туған үйден, туған шешеден аулақ. Көкең тірі болса мұндай болмас едіңдер. Қайтейін, қайда жүрсе де тек тірі болсын, — деді хатты қалт-қалт ұстаған қолын баласына созып.
Үлкенге де, кішіге де кекесіні әзір Әділбек кәрі шешесінің қолынан хатты алып жатып:
— Мен болмасам мұның қайсысы адам болар дейсің, — деді Бекей қартқа көзін қысып қойып. — Біреуін анау күні поезға мінгізіп жібердім. «Байқа, поезың жолдан шығып кетіп адасып жүрме, Алматыға барамын деп жүргенде, басқа жақтағы бір қалаға кіріп кетіп жүрерсің сен, Әлібек. Өз қолымнан апарып салар едім, бірақ үйдегі шаруаны істейтін адам жоқ, Бекең қартайып келеді. Екі үйге көз болуға шамасы келмейді» дедім, ымм... бұл Сары ағамның да прокурорлық жұмысы ауыр ғой. Мен болмасам, бүкіл уезді бақылауға миы жете ме?!
— Иә, айналайын, сен болмасаң, Әділжан! Әлжан бала ғой. Алыста жүргеніне зәрем кетеді. Шаруа шаруалап, жұмыс істеп көрмеген балаға қиын ғой, далада жүру. Сары ағаң да өмір бойы оңумен, кеңсе жұмысымен болып, ат үстінде келді.
— А, мынау, Сары ағамнан емес, Меңдіқыздан екен, — деді Әділбек. Хатты ашып, оның ақтың бетіндегі «Меңдіқыз» деген сөзді көріп. — Келініңнен, мама. Ол келінің ақылды. Қазір маған «келіншек ал» деп ақылын айтады, көрерсің. Көп жазған.
— Онысы жөн ғой. Әділжан. Жеңгең ақыл айтпаса саған басқа кім айтады.
— Келін ақылды ғой. Оның ақыл айтқаны да жөн, үлкен аға, үлкен жеңге, Және оның үстіне өзі де кеп оқыған адам, — деді Бекей кемпірдің сөзін қостап.
Бұлар өзара сөйлесіп кетті де, Әділбек хатты тез оқып шықты.
«Шырақ! Мен ауруханада жатырмын. Неге, қалай түскенімді сұрама. Мұны келгесін есітерсің. Ертең, арғы күні шығамын. Тәуірмін... Бірінші хатымда мен мұнда болған уақиғалардың, түгел болмаса да, қысқаша бірқатарын жазған едім. Оны оқыған шығарсың. Ол хатты қолыңа тимеді деуге дәлелім жоқ. Бірақ, не өзің келмегеніңе, не хабарсыз жатып алғаныңа қарап әлденені ойлауға да болады. Осыны алысымен алған сағатта қалаға аттан... Бізге қарай аттан. Не болып қалды соншама, дерсің. Сұмдық уақиғалар болып жатыр. Жазуға ауыр, айтуға қиын. Ең ауыры — Гүлжиһан жалғыз қалуға айналды... Жалғыз басын сүйер адам болмай қалуы мүмкін. Сорлы қызда не жазық бар?! Сен тез келіп сүйемесең, сен құшақтамасаң, сен жұбатпасаң, қолдар жан жоқ! Қаршыға екі адам өлтіріп, соның қылмысты ісімен Ақметшені бүгін ұстап әкелді. Ұстап әкелгенде жай ұстау емес, жай тергеушілер емес. ГПУ ұстап әкелді. Анау күнгі өздеріңіз жолда көрген Құныс біздің үйге кіріп келіп... менің ауырып ауруханаға түскенім содан... Сол Құныстың ылаңы екі адамның басына жетті. Кәдімгі өзің білетін, баяғы бірге оқыған жолдасың Шынғалиев жазықсыз құрбан болды, бір шаруа құрбан болды. Бұларды өлтірген Қаршыға. Бірақ Қаршыға қолға түспей, Құныспен бірге қашып кеткен дейді. Осының бәріне жауапты Ақметше деп отыр қаладағы басшылар. Қалай болғанда да Ақметше ұстауда. Ұстап қана қоймайтын көрінеді. Болыстың қосшы кедейлердің, ауылдың ұйымдардың жиналысында «Ақметшенің мал-мүлкі тегін қазынаға алынсын, өзі басқа жаққа жер аударылсын» деген қаулылар алынып, оны уездік атқару комитеті прокурорға бекітіп берген. Хакім Ақметшенің бүкіл имениесіне тыйым салып, еш жаңқа мал-мүлкі, жиһазы шашылмасын деген бұйрық жазған. Үйінде қызы ғана қалған, сорлы Гүлжиһан қалған. Бұл бақытсыз жанды жалғыз тастауға бола ма? Мен оны қалай паналатамын? Паналатар едім — оған қыз көне ме? Қыздың сүйген жары сен. Сенің сүйгенің де сол қыз. Мұны мен жақсы білемін. Сондықтан бұрынғы ескі әдет бойынша «атастыруды» былай қойғанда да, сенің қақың бар ғой қызды қолынан жетек¬теп өзіңмен бірге алып кетуге. Бұған ешкім қарсы бола алмайды, заң да қарсы емес. Басқа не айтайын. Мүмкін, Хакім қарсы болар. Бірақ Хакімнің де тоқтайтын жері бар... Тез жет, ерлік ететін уақыт жетті. Сүйгенін алды деп саған айып қоюшы болса көріп алармыз.
Асығып күткен жеңгең Меңдіқыз.
Шешеме көп-көп сәлем. Кенжебалаға сәлем. Үй ішінің бәріне тегіс сәлем. М».
Аз ойлады да Әділбек ақыл тапты.
— Мен Жымпитыға жүремін, мама. Ал, Бек аға, шаруаға өзің көз бола тұр. Пішенді келген соң мен өзім реттесем. Қалада коп айналмаспын. Айналуға реті де келмес сірә, — деді ол қабағын түйіп тұрып.
Бекей оның аузынан тағы не шығар екен деген жанша қарай қалды да, Балым кемпір бірден сары уайымға көшті:
— Әділжан-ау, бұл не сөз — қалаға барамын, қазір жүремін дегенің? Қарақтарымның біреуі ауырып қалған жоқ па? Неге үндемейсің, Әділжан? Келіннің аяғы ауыр, босанар кезі де жуық... не болыпты, не жазады?..
— Аман. Өздері аман, мама. Бірақ әлгі жиендер ұсталып қалыпты...
— Құдая тоба. Сақтай көрі ұсталғаны қалай, Әділжан?
— Ұсталғаны солай, мама. Қамап қойса керек Ақметшені.
Бекей тамағын кенеп, бір үлкен билік айтатын адамша, орнынан қозғала түсіп, жүгініп алды.
— Былтырғы Жолды қамаған абақтыға салған шығар. Ақметше жиен де өте ірі адам ғой. Ол Жолдан білімді ғой, — деді. Кемпірге Ақметше мен Жолдың қайсысы ірі, қайсысы білімді екені керек болып қалғандай-ақ.
— Әділжан-ау, Хакімжан әлгі мықтысы емес пе? Неме деп едің жаңа? Пыркарол дедің бе? Ол Ақметшеге болыспағаны ма? Әлде қолынан келмеді ме оны арашалауға? — деп кемпір ыңқыл қақты.
— Мама, мұны мен қазір түсіндіріп жата алмаймын. Бәрібір менің айтқаныма да, басқаның айтқанына да түсінбейсің. Ал, ең түсініктісі мынау: Ақметшені абақтыға салып қойыпты. Баласы... қашып кетіпті. Кісі өлтіріп қашып кетіпті. Ана келінің жалғыз. Мен келінің деп Меңдіқызды айтпаймын, ортаншы балаңа алып беремін деп айттырып қойған келінің — кәдімгі Гүлжиһан келінің бір үйде бір өзі қалған дейді. Қарғадай қызды қаңғытып қойып мен отыра алмаспын. Алып келемін. Осында, мына оң жағыңа алып келіп кіргіземін. Керек болса ана қашып кеткен балаңның артынан өзім ертіп алып барамын.
— Тоба-ау, тәңірім-ау, Әділжан-ау, сен не айттың? Менің құлағым жазатайым есітті ме әлде... Кісі өлтіріп қашып кетіпті дедің бе? О, жасаған, о, тоба! Адам өлді, кісі өлтірді дегенді естімегенімізге көп болып еді ғой. Баяғы Бақи марқұмды хан жігіттері атып кеткеннен бері, орыстар қашқаннан бері құлақ естімеген сөз...
— Иә құлақ естімеген сөз. Балшабайлар меншебайларды қуып қырғаннан бері тыныштық еді, — деді Бекей, тағы да бір аталы сөздің басын қайырып тастадым дегендей, қара сақалын қауқита сипалап қойып.
— Әңгіме осы, мама. Ана үйдің оң жағына шиіңді ұста. Түс киізіңді құр. Жүгіңді дұрыстап жина. Шай-шекер бар. Қонақ аяғы жиілер. Келін келді деген соң қайырлы болсын айтушылар көбейеді ғой. Сенің той жасамағаныңа, балаңның. жоғына жұрт қарай ма, — деп Әділбек шешесіне шаруашылық жөнін сілтеді.
— Қарағым-ау, Әділжан-ау, осында тура әкелесің бе? Тура әкелсең даладан тауып алған бала емес, кәдімгі жол-жорасымен түсіру керек емес пе, келінді?, — деп кемпір саса бастады.
— Мама, қыңқ етпе. Әлібек өзі жасар келген соң тойын. Менің шаруам келініңді әкеліп, қолыңа ұстату. Басқасын балаңның өзі біледі.
— Әлібекжан келемін деді ме?
— Келеді. Ендігі жылы келеді. Ана жылғы Сары ағам сияқты, әйелін қолыңа қондырып, өзі оқуын оқи береді.
— Айналайын, қайдан білейін, мен оның барлық мән-жайын. Әйтеуір сен өзің білесің, қарашығым. Әкеңнің қара шаңырағын ұстайтын өзің. Ана ағаларыңа жәрдем беретін де өзің. Сенің қолыңа арап отыр ғой бәрі. Әйтеуір құдайға шүкір. Күн көргіш малың бар, үйің бар, — деді кемпір баласына қалтқысыз сеніп.
3
Әділбек қалаға ертеңіне-ақ жетіп келді.
— Жай ма, бала? Үй іші аманшылық па? — деді Хакім, күтпеген жерден үйге кіріп келген інісінен. Ол елдегілердің бірі ауырып, болмаса тіпті, онан да жаман халге ұшырап қалды ма деп сескенді. — Әлібек неге кешігіп жатыр?
Асықпай қимылдап, ақырындап сөйлейтін Әділбек, әдетінше жайланысып отыра бастады. Ол көйлегінің жағасын босатыңқырап қойды. Сонсоң жаңа ғана ауруханадан шыққан, көзі кіртиіп, жүзі солған жеңгесіне көз тастап, әйелдің ауыр халге ұшырағанын сезе қалды.
— Біз аманбыз. Мамам сау. Бекең үй іші де мұздай қара көк. Әлібек Алматысына жүріп кетті. Меңдіқыз жеңешемнің... жүдеп қалғаны қиын болған екен, — деді ол арғы жағын өзі де айта қоймай, ағасынан анықтап сұрағысы да келмей.
— Иә, аман болсаңдар болғаны. Жеңгең күтпеген бәлеге кездесіп ауруханаға жатып шықты. Жаны аман қалғанына шүкір деп отырмыз. Әлібек жүріп кетті дейсің бе? Онысы жақсы болған. Мектептері көшеді. Ертерек барып орналасқаны жөн, — деді Хакім.
Қырдағы үй ішінің аман екеніне Меңдіқыз шәк келтірген жоқ-ты. Бірақ Әлібектің орнына Әділбектің кіріп келгеніне ол да елең ете қалған еді. Ал қазір оның ренжігеннен шытынай қалған қабағы сәл жазыла түскендей болды да, оның жүдеу жүзінде енді мұңайған пішін пайда болды. «Шырақ... Шырақ, уәдесінен тайған екен» деген ой орай қалды оны. Сонда да ол сыр бермей, Хакімге бұл жүз өзгерісін де, ішкі ойын да білдірмеуге тырысты.
— Кенжебала, шешініп, жуынсайшы. Күн де ыстық, үстің де шаң болыпты. Шөлдеген де шығарсың. Мен шай қояйын, — деді ақырындап орнынан тұрып.
— Иә, иә, шешін, бала. Ана жақта шелек бар. Алып шығып қорадағы құдық басына жуынсаң да болады, — деді Хакім әйелінің пікірін қостап. — Жеңгеңмен екеуің шайды асықпай отырып ішерсіңдер. Маған қарамаңдар, — ол үйден шығуға бет алды.
Әділбек ағасы мен жеңгесінің айтқанын істей қоймады. Ол сол отырған күйінде қалды да, әлденеге асыға бастаған ағасынан сыр тартуға кірісті.
— Сары аға, елде осы күні бір күбір-күбір әңгіме жайылып барады. Біреу алай, біреу былай дейді. Мәнісін-мағынасын ұғып боларлық емес. «Би-болыстарды жауапқа тартады екен. Бай-бектің мал-мүлкін қазынаға алады екен. Елде коммуна құрылады екен» деген алып-қашты хабар желдей еседі. Біреулер «біздің Ақметше жиен абақтыға түсіп қалыпты» дейді. Бұл не сөз? — деді ол жайбарақат пішінмен.
Хакім ойланып қалды да күліп:
— Саған ондай әңгіменің керегі не, Әділбек? Сен әлі жассың. Бай-бектерді жауапқа тартса жарлыны қанағаны, езгені үшін жауапқа тартады. Ақметше де солардың бірі. Саған мұндай әңгімелерге құлақ түріп, саясатпен шұғылдану ерте, Әділ, — деді.
— Сары аға, дұрыс айтасыз. Маған саясаттың керегі жоқ. Байдың, бектің не болғанында менің шаруам қанша. Әркім өз ісіне жауапты. Ал, «сен жассың» дегеніңіз де жанды сөз. Бірақ мен он сегіздемін. Он сегіз жаста өзіңіз Реальное училищені бітіріп, қызылдардың қатарына ілесіп едіңіз. Сонда сіз жастықпен, білместікпен кіріп кетіп пе едіңіз? — деді інісі түйіліп.
Хакім Әділбекке қарап басын шайқады.
— Ай, Әділбек-ай, сенің осы өжет мінезің, әзір жауап сөз тапқырлығың түбі өзіңе зиян болып шықпаса қайтсін.
— Айтар сөзімді, істер ісімді білмей, екі иығым салбырап, мойныма су кетіп жүрсе, ең пайдалысы сол болар ма еді?
— Қой енді, қарағым, сенімен айтысып жата алмаспын. Жұмысым бар. Жуынып, шайыңды іш. Келген қызметіңді сонан кейін мен қайтып келген соң асықпай отырып сөйлесерміз. Мен де ептеп саған жауап беруге тырысып бағармын.
— Сары аға, менің ұзақ сөйлесетін әңгімем шамалы. Меңдіқыз ауырып қалды деген соң өз көзіммен амандықтарыңды біліп қайтайын дедім. Бұл бірінші жұмысым. Екінші, ана Әлібек ініңіз оқуына жүріп кетті. Үйде басы қалтырап, қолы дірілдеген мүгедек кәрі шешесі қалды. Оған қартайғанда дәрет суын жылытып беретін, кірін жуатын, ас пісіретін келін керек. Ол келінді түсіріп кетуге Әлібектің мұршасы келмей, асығып жүріп кетті. Мен сол кемпірдің, көкемнің көзінің тірісінде батасын оқып кеткен келінін алып кетейін деп келдім. Әкесі тұтқында, ағасы жоқ, өзі қаңғып жүр дейді осы қалада.
Хакім Меңдіқыз бен Әділбекке кезек-кезек қарады. Әйел ерінен жүзін әдейі бұрғандай, теріс айналып, әлденені шұқылай бастады. Ал, Әділбек ағасының бірінші сөз шоқпарына иығын тосып, сазарған күйі онан көзін алмай, «келсең кел» деген қайсар пішінде қалды. Бұл хабардың бәрін: бай-бектер жөніндегі әңгімені, Ақметшенің ұсталғанын, оның баласының қашып кеткенін інісінің құлағына бұлжытпай жеткізген адам тек Меңдіқыз екенін Хакім бірден сезді. Осыны дәлелдегендей әйелінің «күнәлы» кезінде күйбеңдеп, жүзін теріс қарай бұра қалатын әдеті де қазір алдына келе қалды. Бірақ күні кеше, босанар шағында бақытсыздыққа ұшырап, ауруханаға жатып шыққан, баласы түсіп азап шеккен әйелін сөзбен сөгу де, оған тіпті қабақ түюдің өзі де рақымсыздық екенін Хакім жақсы түсінді. Мына қасқырдың бөлтірігіндей құйрығынан ұстасаң бас салуға дайын тұрған өжет інісіне қарсы жауап қату да өте қауіпті еді. Сондықтан Хакім осы жерде бұларды қайырып тастамаса да сөзден ұтылмай, ағалық жолын басым ұстауды көздеді.
— Бала, сен ақылды жігітсің. Ал ақылды жігіт алды-артын әбден ойлап, істер ісін мүлтіксіз етіп істеуге тырысады. Мен сенің жасыңда қызыл отрядқа жазылсам білмегендіктен емес, сана-сезімге сүйеніп істеген ісім. Бірақ ол кезде мен бәрін білдім, бәрін шамаладым дейтін пікірде болғаным жоқ. Тіпті сонан бері, міне он жыл өтті, ал осы он жылдың ішінде де мен дүниенің бар тетігін тауып, бар тілін білдім деп айта алмаймын. Сен осыны түсін. Осыны түсін де әйелді алатын кісінің қыз соңынан өзі жүретінін, қызды барып өзі көретінін, өзі бағалап, онымен өзі сырласатынын ұмытпа. Әркімнің өз қуанышын өзі жасап, өз күйінішін өзі тартатынын ойлау керек. Әлібекке әйелді мен де, сен де алып бермейміз. Ол өзі тауып алады. Кімді алады оның өзі біледі. Ол сенен үлкен, сенен жолы да бөлегірек. Мұндай әңгімені, бала, сен маған айтпа. Доверенностьпен алған келіншек келіншек болмайды, — деді.
Хакімнің үні де қоңыр үнмен күмбірлеңкіреп шықты. Түсі де қоңырқай тартып, қабақ пен қастың арасында қара көлеңкеленген сызықтар жүгіріп кетті. Әйелі оған жүзін бұрмады, безере қалған інісі де оның өзгеше түрде құбыла бастаған реңіне сыйлау берді, үндемеді. Енді кідірсем әңгіме тереңге кетер де¬ген жанша Хакім жалма-жан кепкасын киді де, портфелін көтеріп үйден тезірек шығып кетті. Бірақ тез жүрсе де оның адымы Әділбекке өте нық, өзі сияқты аяқ басысы да салмақты естілді.
— Мен жүремін, жеңеше. Маған Гүлжиһанның пәтерін көрсетіп жібер, — деді Әділбек, ағасының аяқ дүрсілі әрілеп кеткеннен кейін.
— Ойбай, Кенжебала, шай ішіп кет. Қазір қайнайды, — деп Меңдіқыз тыпырши бастады.
— Жоқ. Күтуге болмайды. Темірді қызған кезде соң. Сары ағамның сөзін естідің ғой. Ол тағы бір дәлел табады.
— Оның сөзінің жаны бар ғой, Кенжебала. Қиын-қыстау кезең қазір.
— Оның сөзі әділ сөз, мен оған ешбір дау айта алмаймын. Сонда да оның ескермей кеткен жағы бар. Өзі көріп, өзі сөйлесіп, келіншегін өзі түсіруге Әлібектің мұршасы келмеді. Ол асығып жүріп кетті. Ендігі жылы келемін, барысымен Гүлжиһанға хат жазамын, деп кетті. Ал қазір мына жағдайда қызды жетім лақтай әркімге телміртіп қоя алмаймын ғой. Мен де оның жауы емеспін, жақынымын, Әлібектің бірге тұратын, еншісі бір інісімін. Келіншегін шешесінің қарауына апарып беремін. Ана жылғы өзің құсап үйде отырар. Оның не айыбы бар, — деді Әділбек.
— Келіп амандасып кетуге де уақыты болмады ма? Шырақ та әйтеуір қызыңқ адам, — деп еді Меңдіқыз, Әділбек тетелес ағасының сыйын бере сөйледі.
— Сол былжырақтан не сұрайсың, — деді ол даусын жуандатып. — Ертемен осында жүремін деп отыр еді, сенің хатыңды алды да, сабындай іріп жүре берді. Қорқақ қайның, нағыз қоян жүрек. Ол мына қиындықты сезді де, тәуекел ете алмай, үйренген оқуына тартып отырды. Сөзі сөз емес. «Онда барғанда пәтер керек, тамақ керек, киім керек» деп сары уайым соқты. Мейлі, қатыны өзі оқу бітіріп келгенше үйде отырар, бір адамды асырармыз ептеп. Оған дейін өзі де пысыр.
— Апырым-ай, бізге бір соғып кеткенде болатын еді. Қорыққаны да рас шығар. Осында әлгі бар болғыр жұрттың: «Бай қызын алуға болмайды» деген бәлесі де көлденең тұра қалды. Шырақ сендей батыл емес, Хакім сияқты да емес. Бірақ оның жаны нәзік, аңын адам, дүниеге басқалардан өзгеше қарайтын адам. Ондай адамның өмір талқысына шыдай алмауы да мүмкін. Қайсарлығы аз. Бірақ ағаңды қатал сынай берме. Сендерге, мына Хакім екеуіңе арқа сүйеп өскен жас қой... Ал, Гүлжиһан алып кетуіңе көнбесе не істейсің, Кенжебала?
— Бір қызды көндірермін. Көнбесе басқа бір жөнін табармын.
— Ат-арбамен келдің бе?
— Иә, пәтерде ат-арбам.
— Абыстайдікін білесін ғой, ана мешіттің бергі қатарындағы үшінші үй. Гүлжиһан сонда жатып оқиды. Жақында ғана маған ауруханаға келіп кетті. Екеуіміз қосылып жылап алдың. Ол да мықты жүдеп қалған, — деді Меңдіқыз көңілі бұзылып.
— Мен қызды алып кететін болсам мұнда соқпаймын. Ал әлдеқалай жолым болмай қалса, онда келіп, жай-мәністі айтып кетермін.
Меңдіқыз қайнысына айран берді де:
— Хакім бұған риза болмайды. Мен басқа не айтайын. Өзің біл, Кенжебала, — деді мұңайып.
— Риза болмаса шауып алар дейсің бе?! Ол да Жүністің баласы, мен де Жүністің баласымын. Қылмыс істеуге шыққаным жоқ — жесірімді ала келдім.
— Ай, Кенжебала-ай! Жолың болсын! Басқа не айтайын, — деді әйел көзі буалдырлана түсіп.
Абыстайдың ауласына кіре бергенде бүтін үйдің ішін, қораның ішін гүмбірлеген үнге бөлеген бір музыка аспабының даусы Әділбекті кілт тоқтатты. Аз тұрғаннан кейін, бұл аспаптың пианино екенін шамалады. Бірақ оның атын естігенмен түрін де, түсін де ол бұрын-соңды көрген жоқ-ты, оны қалай ойнайтынын да білмейтін. Сонда да ғажап үнге құлағын тіге қалды.
Жасынан домбыра тартып, ән салған, кештен бастап таң атқанша талмай жыр айтатын Нұрымды көре өскен Әділбек, оған кішкене күнінде, есін біле бастаған кезінде-ақ еліктей бастаған Әділбек, домбыраны жақсы тартатын, әнді де тәп-тәуір сүйкімді қоңыр даусымен құйқылжыта салатын еді. Мына күмбір күй оны басқа бір сырлы, сиқырлы, бірде балқытып, бірде өрлей түскен үн тасқынына тоғытып жібергендей болады. Бір кезде кез алдына қарауытқан қалың орман келеді, орман іші бірде шықылықтап, бірде күмбірлеп, сан қилы дыбысқа толып кетеді...
Әділбек қанша уақыт тұрып қалғанын байқаған жоқ. Ол тек қайран қалған жандай мелшиіп тұрып-тұрып, үннің толастаған кезінде аяғын ілгері баса беріп еді, музыка басқа бір екпінді, күшті, үні таныс, ырғағы көңілде жатқан күйді дүрілдете жөнелді. Бұл өзіне көптен таныс, өте-мөте құлаққа жағымды күй еді. Бірақ мұны домбырада Әділбек сан рет естіп, өзі де тартып үйренгенмен мұның атын да, шығарған адамның кім екенін де білмейтін. Оның тек көз алдында дүниені қаптаған қалың бұлтты, қаһарлы толқынды, суық лепті, үй жыққандай дүлей екпінді қап-қара топан басып келе жатты. Аспан асты алай-түлей ұйтқып-ұйтқып алып қаһарын жазып жібергенде дүниені түбірімен қопарған зілзала тасқын ойды боздатып, қырды тебірентіп, ысырып, ығыстырып жайпай жұтып, қиратып, дүрілдетіп тағы да алай-түлей долдана түсіп, бұрынғыдан да сұрапыл ысқырық пайда бола қалады... Есеңгіреген жанша неге келгенін де ойламай, Әділбек ұйып тұрып қалды. Оның құлағына мырс-мырс жылаған баланың күңгірт өксігі шалынды... Кенет селк етті де, басын көтеріп есікке қарай жүрді.
Есікті ашып қалғанда оның көзіне қап-қара қара сандық — пианино мен оның қасындағы қара көйлек киген қыздың талдырмаш келген сұңғақ денесі шалынды. Бірақ екінші рет көз тоқтатып үлгіргенше болмай орнынан ұшып түрегелген Гүлжиһанның үлкен қара көздері Әділбектің көздерімен кездесе қалды. Алғашқы сәтте қыздың үрейлі жанары «сен кімсің?» деген сұраумен аяғын салаң басқан жігіттің жолын кес-кестегендей болды да, бірден-екі оның айыпты адамдай абдырап тұрып қалғанын көріп, қызды сол сәтте шағыну сезімі билеп кетті: ол бетін басып теріс айналды да, әлгідегі жас баланың булығып жылағаны қайта басталды. Сөз тапқыр Әділбектің бір сәт тілі де тұсалды, өмірде босап көрмеген буыны да дәрменсіздене қалды. Ол не ілгері жүрерін, не осы жерде тұрып қалуын өздігінен шеше алмаған адамша, қыздан:
— Осы жерден-ақ сөйлессем бе екен, әлде былай қарай өтуге де бола ма? — деді.
Қыз тына қалып, Әділбектің сөзіне құлағын тосты, бірақ тіл қатпады, теріс айналған күйі, бұрылмастан пианиноға сүйеніп тұра берді.
— Мені таныдың ба? — деді ақырында Әділбек қызға, сөз бастау ниетімен. — Бір көрген адамыңды кейде танымай да қаласың...
— Әлібек қайда? — деді қыз оның сөзіне жауап қатудың орнына.
Келгенше түрлі айла-амалды бірінен соң бірін орны-орнына жұмсай беруге күні бұрын ойланып келген Әділбек, қыз ермей бәле қылар деген күдікпен:
— Әлібек елде, — деді.
Әлде батылсыздау шыққан сөзінің бостығын құлары іліп қалды ма, әлде «өзі келмей, інісін жібергені несі» деп таңырқады ма, әйтеуір қыз бұрылып, Әділбектің жүзінен шын жауап іздегендей қадала қарады. Әділбек Гүлжиһанның аз уақыттың ішінде үлкен өзгеріске ұшырап қалғанын айқын айырды: анау күнгі мөп-мөлдір көз аздап ісіне түскен және оның үстіне қамсыз күлімсіреген шырайдан айрылып, үрейлі, дәрменсіз, елеуреген қалыпқа көшкен — ауыздан ақсыз шыққан бір ащы лебізге де жасы ыршып кетуге дайын. Дөңгелек келген жұқа өңді жүзі сәл бозғылт тартып, жақтары ұзара түскен, бойы да бұрынғыдан анағұрлым сұңғақ сияқты. «Неге алдадым! Шынымды айтсам да ешқайда бұлтара алмайтын киіктің жетім лағындай жаутаңдап қалған байғұс қыз», деп аяп кетті ішінен Әділбек. Бірақ айтылған сөз айтылған, оны кері қайырып алуды жөн көрмей, жігіт сөз бұйдасын одан әрі соза түсуге кірісті.
— Әлібек өзі келмеді. Оның себебі жұрт көзіне түспеуді мақұл керді. Сондықтан мен келдім сені алып кетуге, — деп бір қойды да, Әділбек тағы бір қулық тапты: — Мүмкін, мен өзім сені Текеге апарып, жиенмен жолықтыруға жол іздермін. Өйткені, Әлібектің оңуы басталып қалады, ол тез жүріп кетуге қам жасауы керек.
— Сен мені алдап тұрсың ғой, Әділбек. Мұнда басқа бір сыр бар. Маған соққы аз тигендей, Әлібектің сөзіне тұрмай уәдеден тайғанын жасырғың келді ме? Мен оған: алты күн өтіп, жетінші күні қалада боламын деп сөз бергенмін. Ол: «Мен сенен бұрын жетермін» деп бас изеген. Қиыншылық басқа түскен сағатта тебе көрсетпеуді қалай деп түсінуге болады? Айтқан күні табыспауға бөгет болған не? Бұған сен жауап бермей-ақ қой, Әділбек. Мен жауапты кейін өзім алармын алатын кісімнен. Бірақ... — деп қыз жылап жіберді де, сөзінің аяғын жұтып қалды.
— Оның бәрі әшейін нәрсе, — деді Әділбек. — Айтқан сағатта бақта жолығу, қолтықтасу, бас изесу, қол алысу дегендерді шығарып жүрген осы қаланың жігіті мен қыздары — мына өздерің. Біздің қырда мұндай нәзік бұлтарыстар болмайды. Айттырды ма — айттырды, бата қылысты ма — бата қылысты. Ат жегілді ме — жегілді. Сонан кейін қызды арбаға көтеріп бір-ақ ұрып, тартып кету ғана қалады. Басқасы соңынан өзі реттеле береді. Бұл ғұрыпты шығарған біз емес — ата-баба. Жүз жыл, мың жыл бойы осылай келеді. Осыдан қазақ жаман болды дегенді естігеніміз жоқ. Және көрмей, сырттан да алып жүре береді қалыңдықты. Аяғы ақсақ, көзі соқыр болмаса бітіп жатыр әңгіме.
Гүлжиһан ойланып, оның бетіне тік қарап тұрды да:
— Мені Текеге апарып папаммен кездестіру ниетімен келдің бе, болмаса сол «арбаға көтеріп бір-ақ ұрып қазақшылап» алып кетуге келдің бе? Сен ойыңдағы барыңды тура айтатын жігітсің, мен мұны бір көргенде-ақ сынағанмын. Жасырма, нақ шыныңды айт. Әлібек қашып қалды ғой? Болмаса ол басы байлаулы тұтқын емес қой. Ерікті жігіт демей ме оны да мына саған ұсаған.
— Гүлжиһан, айтыс бітпейді. Сені мен сұрақтап, мені сен сұрақтай берсең өте ұзақ сүреге кетеміз. Менің көкем мен сенің папаң мұнан он екі жыл бұрын бата қылысты, мұны жұрт та біледі, біз де білеміз. Мұны бұзатын да, орындайтын да Әлібек пен сен екеуің. Орындауға жәрдем беретін мына мен сияқты туысқандарың. Қазір киінесің де менің арбама мінесің. Дүние, жұрт, ел деген нәрселерді соңынан қарастырармыз. Текеге де өзім алып барамын, керек десең онан арғы жаққа да жіберуге шамамыз келеді. Меңдіқыз сен жақ, мен сен жақ, Әлібек өзіңдікі. Әңгіме осы. Мен шөлдеп кеттім, су болса су ішейін, — деді Әділбек жанындағы орындыққа отыра беріп.
— Гүлжиһан үн қатпастан су әкеліп берді де, өзінің жаңағы тұрған пианино жанындағы орнына барып, сүп-сүйір ақ саусақтарын ұқалай берді. Ол не істеуге білмеді. «Тәуекел етіп Әділбектің арбасына міну керек пе? Бұл — біржола өзі көрмеген жат жерге, жат елге, мәңгі-бақи кері бұрылмайтын сапарға аяқ басу емес пе? Тағы алда не тұр? Папа тағдыры не болмақ? Ақтық рет оның алдынан өтуге жол жоқ па? Әлпештеген әке артынан баратын ұл мен қыздың бірі бақытсыздық жолға тайып, бірі өз қамын жеп барар жеріне барып тынды демей ме? Жалғыз қызынан опасыздық көрген Көбіктідей қарғап: «Өспесін өркен!» деп сақалын жұлмай ма?..»
Ол тағы да солқылдай бастады. Бұл жолы даусы бұрынғыдан да әрі ащы, әрі қатты шықты. Сырттан жүгіріп кірген абыстай:
— Не болды, не болды? — деп қызды жұбата түсті де, безере бағып орындыққа шаншылып отырған танымайтын ауыл жігітіне қарады.
Қыз абыстайды құшақтай алып, онан әрі егіле берді.
— Нашар хабар әкелді ме? — деді абыстай Гүлжиһанның иығынан қағып, Әділбекке қабағын шыта қарап қойып.
— Бұл Әлібектің інісі, абыстай... Маған келген, ағасы жіберіпті, — деді Гүлжиһан өксігін баса алмай, бөліп-бөліп сөйлеп. — Папама апарады мені... Текеге... Еліне алып кетеді... — Бұрыннан Ақметшенің де, оның қызының да тарихына қанық және Жүнісовтерді сырттан жақсы білетін абыстай бұған бірден қол қойды.
— Онда неге жылайсың, Гүлжиһан? Бекер жылайсың. Мықты сүйеніші бар адам жыламайды. Берік боларға керек. Текеге тез бар, свидания сұра, абзиды көр, сөйлес. Адвокат аларға тура келер бәлки. Сөйлес, тез жүруге керек, — деді әйел, Әділбекке енді жылы тырайын сыйлай қарап.
Әділбек «мәнісі осылай» деген пішінмен бұл орта жастағы толық әйелге басын изеп қойды.
Мұнан кейін әңгіме жолға әзірленудің айналасында болып, ат-арбасын алып келуге кеткен Әділбек қайта оралғанша, абыстай қызды киім-кешегімен, көрпе-жастығымен буындырып-түйіндіріп дайын етті.
— Бақытты бол. Жолың болсын! — деді ол Гүлжиһанның бетінен сүйіп.
Арбаға еңіреп.мінген қызға қарай алмай, теріс айналып мырсылдады да, абыстай қолын бір бұлғап, қақпасын жаба берді.
4
Ертеңгілікте ми қайнатар ыстық болғанымен, түс ауа күн райы өзгеріп кетті. Арқа беттегі, сонау Жайық жақтан көрінген қоңыр бұлт бірте-бірте қара қошқылдана түсіп, біраз уақыт өткеннен кейін алыстағы тарамданып жауған жаңбырдың көктен жерге төгілген қара қоңыр бұрымдары айқындала берді. Бір кез қырдың жүрдек желі есіп, етектегі бұлттарды шоғырландыра бастады. Аспан ала бұлтқа айналды. Күн көзін бір мезет сызаттап жапқан жіңішке бұлттар жел молайып, жүрісі үдеген сайын кесегі ұлғая түсті. Көп уақыт күн көзін көрсетпей бүркеп алып, анда-санда ғана оның шұғыласы жарқ етіп төгіле қалады да, қайтадан жоғалып, қабағы жабық қоңырқай пішін әлемді қоңырайта түседі. Қырдың құбылмалы күні...
Тарантас зырлап келеді.
Оқта-текте ойына Әлібек оралып, алдағы белгісіз болашақ, бұлдыр күндердің жұмбақ жақтары ГүлжиҺанның көз алдына жарқ етіп ашыла қалғандай болады. Үлкен қала... Әдемі көше... көп халық... Қасындағы қолтығынан демеген Әлібектің қолы... Арғы жағы оның көз алдына да келмейді. Оны анықтай түсуге қыздың көңілі ілгері жылжымайды. Оның көз алдында кешегі күн: «Шеген құдық». Жазғы үй, қысқы қыстау. Күзгі дала. Кішкене Жымпиты. Мешіт жанындағы абыстайдың қарағай үйі. Оңу, музыка...
Шідертіге дейін арбада отырған екеудің небар әңгімесі бірнеше сөзбен ғана басталып, аяқтала берді.
— Арба тынышсыз болса аңырын жүрейін.
— Жоқ. Тынышсыз емес.
— Шөлдеген жоқсың ба? Шөлдесең алдағы ауылға түсіп сусын ішейік.
— Жоқ. Күн тыншу емес.
Одан әрі өрістеуге әңгіменің желісі табылмады. Тек қана Шідерті өзенінің суы тартылып қалған жайпақ сайынан өте бергенде, арт жақтан қуып жеткен арбалы ғана бұл томаға тұйық жайды бұзып жіберді.
— Әділбек! Сен бе, Әділбек! — деді қатты шығып кеткен таныс дауыс.
Жалт қараған Әділбектің көзі Шолпанның үлкен көздерімен құшақтаса қалғандай болды. Ат басын тежей түсіп, Әділбек қуанып кеткендей:
— Жол болсын, Шолпан! — деді дауыстаңқырап.
— Нанайын ба өз көзіме, нанбайын ба? — деді әйел таңданып. Сөйтті де Әділбекке «тоқта» деген ишарат берді.
Ат басын тежеңкірей түскен Әділбектің арбасын пар ат жеккен фаэтон жанамалай қалды. Шолпан делбе ұстаған Әділбек пен оның қасындағы жүзі сынық сұлу қызға кезек-кезек қарады.
— Ауылға шығып барасың ба? Біздің жаққа емес пе? — деді Әділбек.
— Жоқ. Алысқа. Қызылордаға. Оқуға кетіп барамын, Әділ. Бұл қалай, қасыңдағы қыз... — деп әйел бөгеліп қалды.
Шолпан Гүлжиһанды танығанымен, оның мына келе жатқан сапарының мәнісін түсінбеді. «Ұсталған әкесінің соңынан кетіп бара жатыр ма? Онда Әділбектің қандай қатынасы бар? Әлде... шынымен Әлібек... осы қызға... бай қызына қол артқаны ма?..»
Әділбек жасырмады.
— Танымайтын ба едің, Шолпан? Бұл Гүлжиһан... жеңгем. Өзім келіп үйге алып бара жатырмын.
Шолпан басын шайқап қалды да, жалма-жан орамалын түзеген болып, таңданған пішін көрсетпеуге тырысты.
— Үй ішің аман ба? Шешем дені сау ма?
— Сау. Ауылға түспейсің бе?
— Жоқ. Асығыспын, Әділ. Сәлем айт. Бәріне сәлем. Көп-көп сәлем. Шешеме арнаулы сәлем...
Атшы делбені қағып жіберді де, делбесін керіп келе жатқан пар ат есіп жөнеле берді.
— Сау бол, Әділ! — Шолпан ақ орамалмен жоғары созған қолын ұзақ уақыт төмен түсірмеді.
Ол артына қарайлай-қарайлай әріледі.
Ері әңгімеге ілігіп, орнынан алынып, семьясында сынықтық пайда болса да, өмірдің талай қырқасын белден басып келе жатқан Шолпанның жүзі аса жарқын еді. Алыстағы астанаға, ондағы өзі сырттан білетін Алма, Мәдиналарға жетуге, оқуға орналасуға асыққан Шолпанды тез жеткізейін дегендей, алып ұшқан аттар әп-сәтте белестен әрі асып, құлдырап бара жатты.
Ағаларының біріне бой бермей, өз бетімен өмір сүріп келе жатқан жас Әділбек те шаруам түгел деген пікірде еді. Кім білсін, оның жолы да өзіне лайық шығар. Қасында болашақ жеңгесі бар...
1947 жыл. январь — октябрь 1962 жыл.
ТҮСІНІКТЕР
X. Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» романы белгілі «Ақ жайық» трилогиясының заңды жалғасы. Онда азамат соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтірудің соңғы кезеңі мен бірінші бесжылдық жоспардың қабылдану қарсаңындағы Орал өңірінің өмірі баяндалған. — «Көп жыл өткен соң» романы 14 тараудан тұрады. Онда екі жүзден астам адамдар аты аталып, жүзге жуық кейіпкерлер оқиға үстінде көрінеді. Отыздан астам кейіпкердің дараланған портреті мен мінездемесі беріліп, олардың арасындағы қақтығыс үстінде өмір шындығының сыры ашылады. Мұнда да «Ақ жайық» романының үш кітабында кездесетін Хакім Жүнісов сияқты кейіпкердің арада біраз жылдар өткеннен кейінгі өмірі қамтылған.
Хакім бейнесі кітаптан кітапқа ауысқан сайын бірте-бірте өсу үстінде көрініп, типтендіріле түседі. Ол «Ақ жайық» трилогиясының алғашқы кітаптарында (1918 жыл) қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерге көп мән бере бермейтін, жасқаншақ, сыры тұйық жас жігіт есебінде көрінсе, трилогияның соңғы кітабында (1919, 1920-жылдар) Совет өкіметі жағына біржолата шығып, оның идеясы үшін күресуші, азамат соғысының ауыр жылдарында Қызыл Армияға көмектесуші жалынды жауынгер есебінде бейнеленеді. Ал, «Көп жыл өткен соң» романының бірінші кітабында кедей — жалшылардың жоқтаушысы, Коммунистік партияның мүшесі, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын саяси басшы есебінде көрінеді. Ол «үкімет нұсқауы қалай, қай түрде іске асырылып жатқанын» бақылайтын — (305-бет) уездік прокурордың қызметін атқарады.
Романдағы Хакімнен басқа ескі заманның езгісін басынан кешіріп, советтік заманда ғана теңдікке қолы жеткен Шолпан образы мен уездік партия комитетінің секретары Ғабдол Даулетов образдары да сәтті шыққан. Жазушы Ғ. Даулетов образы арқылы 18 жасынан бастап бөкейліктерді басқару ісіне белсене араласқан, Советтердің Бүкілроссиялық VII съезіне делегат болып қатынасқан, көсеміміз В. И. Лениннің қабылдауында болған, ВЦИК-тің мәжілісінде Бөкейдің ішкі ордалығының жағдайы туралы арнайы баяндама жасаған белгілі революционер большевик Хамит Чурин бейнесін жасаған.
Әсіресе, романдағы жауыздығын ішіне бүгіп, Совет өкіметінің саясатына берілмей, қолынан келсе қастандық жасауға тырысып отырған Ақметше мен оның қолшоқпарына айналған Құныскерей, ұлы Қаршыға бейнелері шеберлікпен жасалған.
X. Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» романының бірінші кітабының алғашқы үзінділері «Социалистік Қазақстан» газетінің 1963 жылғы 13 марттағы санында «Жанталас» деген атпен басылып шыққан. Одан кейін «Кітап жаршысы» газетінің 1963 жылғы 15 августағы санында «Күшік күйеу» деген үзінді жарияланған. Романды Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы 1963 жылы қазақ тілінде жеке кітап етіп басып шығарған. Романның орысша алғашқы варианттарынан үзінділер: 1068 жылғы 26 майда «Қазақстанская правда» газетінде «Песня» догон атпен, Орал облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің органы «Приуралье» газетінің 1968 жылғы 17, 18, 19 октябрьдегі сандарында «Много лет спустя» деген атпен жарияланған. X. Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» романының бірінші кітабы туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде (6.Х.1963) X. Әдібаевтың «Күрес жылдары» деген, «Орал өңірі» газетінде (9.Х.1963) Р. Зариповтың «Көп жыл өткен соң» деген мақалалары жарияланған.
М. АТЫМОВ.