Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Әке үкімі

Төрт перделі, бес суретті пьеса

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Айқын Дәуренов — техника ғылымының докторы.
3ейнет — оның қызы, инженер-гидрогеолог.
Ботабек — оның ұлы, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы.
Люба Галкина — Ботабектің әйелі, колхоз председателі.
Есқазы— қойшы.
Жазира — оның әйелі.
Елжас— Есқазының асыранды баласы, колхоздың агрономы.
Шалтақбай Қаңғыбаев — қой фермасының бастығы.
Мейіз — үкімет кешірімі бойынша қайтқан әйел.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бірінші сурет

Өркеш-өркеш құм адырлардың етегімен жағаласып жатқан кең дала. Мезгіл февраль айының орта кезі болса да, жердің қары жоқ. Күзгі күнгі сұрғылт қалпында. Алыста қарлы белестер, оң жақтағы құм жырасынан бір киіз үйдің сырты көрінеді. Сырттан Есқазының «шайт... шайт!» деген даусы естіледі. Аздан соқ екі қолыңда екі шелек мұзы бар Есқазы келе жатады. Оның қолындағы шелекке ұмтылып жүрген бірнеше қойлардың жоны көрінеді.

Есқазы. Аулақ, аулақ! Қу құлқыңның мәңгі құлы Шалтақбайдың малы үшін жиған мұзым жоқ, аулақ әрі! (қойларды қуып жіберіп, үйіне қарай беттей бере тоқтап алысқа қарайды.) Жәкесі! Ау, Жәкесі! Келе қойшы, жаным.

Жазира (үйден сөйлей шығады). Беу, байғұс-ай, сен-ақ сағынасың да жүресің-ау, не болып қалды?

Есқазы. Уһ! Шалтақбайдың құтырған қойларының қоршауынан азар шықтым. Бері таман кел, Жәкесі, қойлардан көз жаздырмай тұра кеңесіп, келісіп алайық.

Жазира. Кеңесетін түк те жоқ, бір түйірін тастай сал.

Есқазы. Ақыл айтуды қоя тұрып, қарашы! Бізге қарай біреу ағызып келеді. Егер ол көшпедің деп шатақ шығаратын тағы да Шалтақбай болса, бұл сапар мен де қарап қалмаймын, сенін, жоқ жерде ақылгөйімсіп қалатының бар, айналайын Жәкесі, осы сапар жайыңа тұр, мақұл ма?

Жазира. Сонда жанжалдаспақпысың?

Есқазы. Жанжалдаспаспын, бірақ жалына да қоймаспын,

Жазира. Емеурінің жақсы емес екен, ойлан, көкесі.

Есқазы. Нені?

Жазира. Үйіп алған мұзың таусылса, жауады деген қарыңды құдай жібермей қойса қайтесің?

Есқазы. Құдай жібермей қойса?! Онда сен былай ет. Құдайдан үміт ет те, ғалымдарға сене бер.

Жазира. Жұтайтын малы жоқ ғалымдарға қысы не, жазы не?

Есқазы. Айналайын Жәкесі! Басқадан бұрын сенімен шатақтасып қалармын, тезінен үйге бара ғой, бара ғой, жаным, бара ғой.

Жазира. Ә, мейлің ендеше. (Кете бере біреуді көргендей кенет тоқтай қалады.) Көкесі-ау, бұл құмда бізден басқа кім бар еді?

Есқазы. Экспедиция ше? Сен оларды да көшіп кетті ғой деп пе едің?! Әне, солардың «победасы». Бері ойысты, сірә маған келе жатқан біреу болар.

Жазира. Саған емес, маған келе жатқан Зейнет.

Есқазы. Ол болса саған емес, маған. Алтын қыз-ау, әттең... (Иығымен қағады.)

Жазира (одан гөрі де қаттырақ қағып). Саған емес, маған. Өзінің темір қазықтайын қара. (Тағы да қаттырақ қағады. Есқазы сонда да міз бақпайды.) Ол сені ата десе, мені апа дейді. (Бар күшімен қағады.)

Есқазы (сонда да міз бақпай). Болдың ба?

Жазира. Тоқта! Мұның елең-алаңда жүргені қалай?

Есқазы. Мен білсем, осы қызым суға жеткен, соны айтып бізді қуантқалы келеді. Қойларды сен қайырып келе қойшы.

Жазира. Әй, кәрі алдампазым-ай, неге мұнша ұзақ сүйдім екен сені. (Иығымен тағы бір қағады да кетеді.)

Есқазы. Сүйіспеншілік қысқа болғанша, өмірдің қысқа болғаны жақсы ғой, Жәкесі! (Шелектерін көтеріп үйге кетеді. Аздан соң Зейнет келе жатады. Есқазы қайта шығып.) Қалай, көгершінім, атаңды қуантқалы келдің бе?

Зейнет. Әзірге қуанта алмай тұрмын-ау, ата! (Қол алысып). Сәлеметсіз бе?

Есқазы. Балапаным-ай, онда мен құдайдың табасына, елдің Күлкісіне қалатын болдым-ay.

Зейнет. Heгe?

Есқазы. Сендерге сеніп көшпей қалдым ғой. Егер су шығара алмай қалсаңдар құдайшылдар ғылымшыл Есқазыға күлмей ме?

Зейнет. Қорықпаңыз, құдайшылдарға сіз күлетін боласыз! Тек, біздің әкей желді тезірек тізгіндеп берсе болды. (Алысқа қарап.) Мына бір самолет келеді, сол кісі болғай, (Самолет гүрілі жақындай түседі.)

Есқазы. Шырағым-ау, су сұрасам желді айтып кеткенің не?

Зейнет. Бұл дала үшін желсіз су да жоқ, жарық та жоқ. Біз зерттеп жүрген суды тартатын да, ертеңгі салынатын малшылар қаласын нұрландыратын да желдің күші.

Есқазы. Кәдімгі осы жынды желдің күші ме?

Зейнет. Иә, осы жынды желдің күші. Оның аты жел электр станциясы.

Есқазы. А, оны естігенмін, естігенмін. Ол, сусыз даласы көп біздер үшін аса қымбат дүние. Бірақ бұл даланың желі кейде мүлдем тынып қалады, сонда қайтеміз? Тағы да құдайға жалбарынып жел соқтыруын тілейміз бе?

Зейнет. Жоқ, жалбарынбайсыз. Біріншіден Қазақстанның даласы желге де бай, ең кедей делінетін осы даланың желі де тәулігіне бес-ақ сағат тынады. Екіншіден, менің әкем жел электр станциясының жаңа түрін жасады. Ол іс болып шықса құдайға да, табиғатқа да енді жалынбайсыздар. (Сағатына қарап.) Ата, сіз маған қалаға барарында соға кет деген едіңіз, қазір жүрмекші едім, аманатыңызды айтсаңыз.

Есқазы. Айтар бөтен аманатым жоқ, көкешім. Елжасым сырқат көрінеді, жолшыбай біздің колхозға соғып, соның көңілін сұрай келсең болды. (Зейнеттің өңі бұзылып кетеді.)

Зейнет. Ата! Кешіре көріңіз, дәл осы тілегіңізді орындау менің қолымнан келмейді.

Есқазы. Неге, жаным-ау? Оның не қиындығы бар? Әлде сен ол жайында бір жайсыз хабар естідің бе?

Зейнет. Жоқ. Мен Елжастың алдында үлкен кінәлы адаммын, оған көріне алмаймын.

Есқазы. Балапаным-ау, не деп тұрсың? Нендей кінәң болса да мен оны алдыңа иіп, аяғыңа жығып берейін, тек себебін түсіндірші?

Зейнет. Жоқ, ата! Мен оның ешуақытта, ешкімге бас имеуін тілейтін адаммын,

Есқазы (қолынан ұстай алып). Қарағым-ай, сен Елжасымның менен де жақыны екенсің ғой. Мені туған әкең Айқындай көр де, жасырмай апта берші.

Зейнет. Жалынамын, ешкімге әзір айта көрмеңіз. Мен оның қолжазбасын жоғалтып алғанмын.

Есқазы. Жоғалтып алдым?!

Зейнет. Иә!

Есқазы. Ол үшін күйінбе де, әуре де болма. Әлгі бір алтын қаламыңды бере тұр, мен Елжасқа хат жазайын.

Зейнет. Не деп?

Есқазы. «Зейнеттегі қолжазбаңды мен алып қалдым, өзің келгенше оқып қоямын» деймін де, ол келген кезде жоғалтып алған боламын.

Зейнет. Жоқ ата, оны алдау екеумізге де ұят. Егер Елжастың халін білуге асықсаңыз, маған шешейді қосып жіберіңіз.

Есқазы. Шырағым-ау, мен қалай жалғыз қаламын?

3ейнет. Жалғыз емессіз, біздің экспедицияның қасына көшіп барсаңыз ондағы жігіттер көмектесе тұрады.

Есқазы. Бұл сөзіңнің жаны бар екен. Жақсы ойлап таптың, балам. (Дауыстап.) Ау, Жәкесі! Жәкесі! Бері таман келші!

Жазира келе жатады.

Зейнет (қарсы барып қол алысады). Саумысыз, апа!

Жазира. Бар бол, балам.

Есқазы. Жәкесі, мына баланың машинасымен барып,. әрі Елжастың көңілін сұрап, әрі жалғыз үй қалған себебімізді Любаға айтып қайтуға қалайсың?

Жазира. Қанатсыз ұшар едім-ау, сені жалғыз қалай қалдырамын.

Есқазы. Ол жағына алаң болма, Жәкесі! Мына баланың экспедициясындағы жігіттер көмектеседі.

Зейнет. Мен қазір келемін, әзірлене беріңіз.

Жазира. Рақмет, қалқам.

Зейнет. Біздің жолдастар келіп көшіріп әкетеді, сіз де әзір болыңыз.

Есқазы. Жолың болсын, қарағым.

Зейнет. Қош болыңыз! (Кетеді.)

Жазира. Ал, шалым, Зейнет кімге келген болды?

Есқазы. Сен менімен ерегісемін деп, масқара қылғанда мақтаншақ болып кетерсің, бар, сөзді қой да жүруге әзірлен!

Жазира. Сені қимай тұрмын.

Есқазы. Бар, көңілімді босатпай.

Жазира. Қисын десең ондай сөзді айтпасаңшы. (Үйге кетеді).

Есқазы (Зейнет кеткен жаңа қарап). Жақсы бала. Әттең, әттең... (Ойланып.) Егер мен әкесінің теңі болсам, Елжасым мұның теңі болар еді-ау! (Кенет қолын сілтеп). Әй, шәйт! Шәйт, жануар! Сендерді ұрлайтын ұры жоқ. Ендігінің ұрысы қағаз ұрлайтын болыпты, қорықпаңдар, шәйт!

Қойларды қайыра көрінбей кетеді. Аздан соң мойнына асып алған қосауызы бар, тістене сөйлеп Шалтақбай шығады.

Шалтақбай. Ей, әулие, мойныңды бері бұр!.. (Өзіне). Домалақ арыздың айтқаны келіп, банданың туысы екенің рас болса, көрген түс десем де көнерсін енді. (Кенет ойланып.) Тоқтай қал, Шалтақбай, тоқтай қал! Домалақ арыз барын сездірмей тұрып, оңашада өзің бір ықтатып ал деп еді ғой Ботабек. Ботабектің жеңісі — менікі, менің жеңісім — Ботабектікі. Сен соны ұмытпа! (Дауыстаңқырап.) Ей, кел деймін бері! Дәл бір арлан қасқырша одырая қарап, жынымды келтіруін-ай ананың!

Жазира (үйден сөйлей шығады). Шалтеке-ау, қасқырдай көріп тұрғаның кім?

Шалтақбай (сасқалақтап). А, а! Шалыңның ызасы жынымды келтіріп тұр еді, болмас, болмас. (Қол алысады.)

Жазира. Шалдың да ызасы мол, құдай үшін көрісе көрмеңдер.

Шалтақбай. Керіспесін десең жық үйіңді, көш тезінен. Одан беріде келісім жоқ.

Есқазы (келе жатады.) Е. Шалтеке, амансыз ба? Немене, қалыңмалын бөліп төлескендей кемпіріме ақырып жатқаныңыз?

Шалтақбай. «Сіз» деуіңнің ар жағында нендей зіл жатқаны белгілі, тоқтат әрі.

Есқазы (таңдана қарап). Жәкесі, бұл кім? Анық өзіміздің Шалтақбай ма?

Жазира. Соны мен де біле алмай тұрмын.

Шалтақбай. Өзің кімсің, алдымен соны айтшы?

Есқазы. Мен «Гүлстан» колхозының мүшесі, оның ішінде Шалтақбай Қаңғыбаев басқаратын бірінші ферманың қойшысы Есқазы Кәбенов боламын.

Шалтақбай. Ар жағын айтқың келмейді, ә? Жарайды, айтпасаң айтпа. Егер менің қарауымдағы қойшы болсаң Ботабектің бұйрығын неге орындамайсың? Басқалар көшкенде көшпей жынымды неге келтіресің?

Есқазы. Сенің қош деген жеріңнің сыры маған мәлім. Ондай қары қалың жерге барып қойды қырар жайым жоқ. Сондықтан әлі көшпеймін. Тіпті су тез шыға қалса мүлдем көшпеуім де мүмкін. Екіншіден, менің отарым бұл жерге жай қыстап қайту үшін емес, табиғаттың сен көрмеген қатал сынына түсу үшін жіберілген, ол есіңде болсын.

Шалтақбай (ызалана сөйлеп жүріп кетеді). Тәжірибе, тәжірибе! Бізді құртатын балаң екеуіңнің осы тәжірибелерің, білдің бе?

Есқазы. Сеніңше қалай: малға жер жетпей жатқанда иесіз жатқан даланы иемдену — құрту ма!

Шалтақбай. Ол сендердің жұмыстарын, емес, «құмырсқа ізіңді біл!»

Есқазы. Е, енді түсіндім. Сен енді менен шөл даланы да қызғанайын дедің бе?

Шалтақбай. Бұл не сандырақ?

Есқазы. Тез шамдануыңа қарағанда сандырақ емес пе деймін. Қорықпай-ақ қой, мен бұл даланы кеудеме тақпаймын.

Жазира. Апыр-ау, қатты сөзге бармасаңдаршы.

Есқазы. Жәкесі, мен саған килікпе дедім ғой.

Жазира. Ескі ауылдың есірік шалына ұқсап турсыңдар, қалай килікпейін, Шалтеке, өтінемін, құдай үшін керісті қойып келісіңдерші.

Шалтақбай (ызаланып басын ие сөйлейді). Алдияр, тақсыр, құлдық, тақсыр, елмен бірге Көкадырға көшесіз бе, жоқ па?

Есқазы. Ертеңгі жауатын қар кетсін, сонан соқ ойланып көрермін.

Шалтақбай. Сен қар жауады деп сандырақтағалы жарты айдан асты, қайда сол қарың?

Есқазы. Оны сонау оқшау тұрған ай мүйізді ақ қошқардан сұрасаң да болар. Әне көрдің бе, ол келе жатқан аяздан мүйізі сырқыраған соң басын шайқап тұр.

Шалтақбай. Қоймен сөйлесетін қой емеспін, жынымды келтіре бермей, ақтық сөзіңді айт, бағынасың ба, жоқ па?

Есқазы. Жоқ... Жоқ... (Кете береді.)

Шалтақбай. Ендеше мен қойларды айдап әкетемін де, қуарған қу басыңды Құмға қалдырамын, банданың қалдығы. (Тұра жөнеледі.)

Есқазы. «Қу бас». Ей, лағнат, не дедің? Мұнан да қарақшы болып қанжар салсаң еді, лағнат! (Жалмажан мылтығын мойнынан ала берген көзбе Жазира жүгіріп барып ұстай алады.)

Жазира. Көкесі-ай, Елжасын, тірі тұрғанда сен қу бас емессің ғой, сабыр етші!

Есқазы. Қоя бер, ондай малғұнға мылтықтың даусы оғынан кем тимейді, қоя бер! (Мылтықты жұлып алып аспанға атып жібереді.)

Шалтақбай (сырттан). Ойбай өлдім! Өлтірді! Аттан, аттан! (Оның шаба жөнелген дүбірі естіледі.)

Жазира. Ей, айуан! Таптадың ғой қойларды!

(Жүгіре жөнеледі.)

Есқазы (жүгіріп бара жатып). Қап Бүйтеріңді білгенде мүрдем жіберетін едім! (Кетеді.)

Сахна аз уақыт бос. Аздан соң Айқын мен Зейнет келе жатады.

Ауыр ойда теңселе басып Жазира келе жатады.

Айқын. Ойлан, балам, ойлан да көзіңді алысқа жібер.

Зейнет (көңілсіз). Көзде алысқа жібергендіктен де қалаға барып қайтуым керек болып тұр.

Айқын (қолын Зейнеттің иығына салып). Жоқ балам! Көзіңді Алматыға емес, Қазақстанның кен даласына жібер. Сонда жапан түзде жалғыз тұрған мына сияқты үйлерді әр сайдан бір көресің. Сонда сезесің өтелмеген борышының қаншалықты зор екенін.

Зейнет. Сол борышының бірі өзіңсіз.

Айқын. Мен ғана емес, колхоз басқармасынан бастап, республика басшыларына дейін түгел борышты. Егер де біз батыл қимылдап жер мен судың, жел мен күннің қуатын толық пайдаланбасақ ол борышты ешуақытта өтей алмаймыз. Сондықтан асығуымыз керек, балам, асығуымыз керек. (Сыртқа тіксіне шарап.) Зекен! Мына бір әйел құлағалы келеді, жүрші.

Зейнет. Шеше, неге мұнша күйіндіңіз, шешетай?

Жазира (жасқа булығып сөйлей алмай үйіне қарай келе береді.) Мен шеше емеспін, қу баспын, қоя бер!

3ейнет. Ол не сөз? (Жазира жауап бере алмай үйіне кіріп кетеді. Зейнет аң-таң. Бір қолында таяғы, екінші қолымда мылтығы сүйретілген Есқазы азар жүріп келеді. Зейнет жетіп барып.) Ататай-ау, екеуіңіз бірдей күйінгендей не болды? Елжас тірі ме?

Есқазы. Елжас тірі болмаса, мені де тірі көрмес едің ғой. (Зейнеттің маңдайынан сүйеді.)

Зейнет. Онда шешейдің жаңағы сөзі не?

Есқазы. Өзінін бес баласы болса да қу бас екенін сезбейтін Шалтақбай оны тірідей көмген. Обалым Ботабекке болсын, соны құтыртып қойған. (Зейнет Жазираның жылаған даусын естіп үйге жүгіреді.)

Айқын. Сәлем, қария!

Есқазы. А, Айқынжан, сәлем! (Қол алысады.)

Айқын. Бұл Шалтақбай деген кім?

Есқазы. Ол сенің атауыңа да тұрмайтын қу сүйек, кім екенін білмей-ақ қой.

Айқын. Қу сүйек болса да сіздерді жаралай алды ғой, білгім келеді, айтыңыз.

Есқазы (күрсіне сөйлеп). Иә, ол маған жазылмастай жара салды. Бірақ, мен кісіні сыртынан жамандайтын мыстан емеспін.

Айқын. Сіз жаңа обалым Ботабекке болсын дедіңіз ғой. Ол не сөз, тым болмаса соны айтыңызшы.

Есқазы (айтқысы келмей қалбалақтап). Айқынжан-ау, өзің немене, мені тексеруге келіп пе едің? Алтын уақытыңды ондай ұсақ әңгімеге жібергенше мына жынды желді бізге қашан байлап беретініңді айтсаңшы.

Айқын. Мені қинайтын даланың жынды желі емес, өзімнің балам болып тұр-ау, қария.

Есқазы. Қой, Айқынжан. Ботабек онша ақмақ емес. (Қолтығынан ұстап.) Жүр, үйге барып бой жылытайық.

Айқын. Жүректе мұз тұрғанда бой қайдан жылынсын.

Шымылдық.

Екінші сурет

«Гүлстан» колхозының лабораториясы. Қабырғаларда — колхоз шаруашылығының түрлерін, өсу кезеңдерін көрсетіп диаграммалар мен плакаттар, буда-будасымен қыстырулы тұрған түрлі өсімдіктер. «Жұлдыз» бидайынан басқасы судаңа, жоңышқа, мия, еркек сияқты жем-шөптер. Ортадағы ұзын столдың үстінде — әртүрлі шыны ыдыстар мен шыны тарелкалы таразы секілді түрлі аспаптар.

Люба, Ботабек, Шалтақбайлар келеді.

Ботабек (сөйлей кіреді). Сен мені ғана танымай қалсаң, мен сен басқарып отырған «Гүлстан» колхозының бар адамын түгел танымай келдім.

Люба (Күлімсіреп). Мені де ме?

Ботабeк. Иә, сені де. (Шалтақбайдың тымағын алып көрсетеді.) Мынаған сен не дейсің?

Люба. Түсінбеймін.

Ботабек. Мынау оқ тескен жеріне қара!

Люба. Сен не сөйлеп турсың? Оғың не?.. Шалтеке, бұл не?

Шалтақбай. Келін шырағым, біздер осындай бір масқараға тап болып тұрмыз. Қорқытайын деді ме, жоқ әлде данқына мастанып жынданды ма, не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір бұл Есқазының мені атқан оғы екені анық.

Люба. Есқазы! Кәдімгі өзіміздің Есекең бе?

Ботабек. Есеке, Есеке! Өзінің кім екені белгісіз, сондай адамды Еңбек Ері етіп есіріктендіріп жіберген біздер ақмақ, біздер, әсіресе, ашықауыз — сен екеуміз.

Шалтақбай. Апыр-ау, Ботажан-ау, қатені мойындау жақсы дегенге ере бермеу керек қой, шындығында Есқазыны Еңбек Ері еткен келін де, сен де емес, Елжас қой.

Люба. Жолдас Қаңғыбаев, сізбен сөйлесіп отырған келініңіз емес, колхоз председателі Соны ескеріңіз де, болған жайды дұрыс баяндаңыз.

Шалтақбай. Мәселе былай, келінжан! Әрі Ботажаннын әмірі бойынша, әрі малдың бәрі шөлден қырылатын болған соң Құмтауындағы малды қары бар жерге қарай көшіріп едік, әлгі қияс шалдың қырсықтанып ішпей, жапа-жалғыз құмда қалғаны. Бұрнағы күні екі кісі, кеше үш кісі жіберіп көндіре алмаған соң Ботажанның радио арқылы берген соңғы бұйрығы бойынша, үлкен басымды кішірейтіп алдына барғанымды қайтейін, есірік неменің мен еңкейген сайын шалқая түскені!

Люба. Не деп?

Шалтақбай. Мен сендерге бағынбаймын, қайда көшем, қайда қонам — ерік өзімде, жұмыстарың болмасын деп ақырады тіптен.

Люба. Сонан соң?

Шалтақбай. Ағатай деп те жалындым, алдияр деп те жалындым, тіпті құлағына сөз кірер емес. Сонан соң мен: сенің омырауыңдағы бір жұлдызға бола колхоздың бес жүз қойын құрбан ете алмаймын деп қойларды айдай жөнеліп едім, төбемнен жай түскендей етіп көк желкемнен гүрс еткізгені.

Люба (алақанымен столбы ұра атып тұрады). Жала, провокация.

Шалтақбай. Ботажан-ау, мына келінжан не дейді? Жаласы не? Пракаты не?

Ботабек (керги сөйлеп). Бақытым менің. Сен менің жаңағы сөзіме түсінбепсің ғой.

Люба. Мүмкін. Бірақ, Есқазының адал адам екенін жақсы білемін.

Ботабек. Әй, ақкөңіл аңқылдағым-ай, жұрттың бәрін өзіңдей көресің-ау, аңқылдағым.

Люба. Есқазының адалдығына сен қалай күдіктене қалдың?

Ботабек (бір қолымен Любаның иығынан құшақтап). Мүмкін, сен оның туысы кім екенін естімеген боп көрінгің келер. (Құлағына әлденені сыбырлап.) Жасырарсың?

Люба (Ботабектің қолын ақырын кері серпе, ойлана тұра келеді). Иә! Менің тіпті мұндай өсекті естігім де келмейді. Қазіргі күнде мұндай өсекті айтатындар да, оған сенетіндер де өмірден артта қалған азғындар... Жоқ, жоқ мен бұған ешуақытта сенбеймін.

Шалтақбай. Есіл алтын жұлдыз-ай, арманда кеткен.

Люба. Жараңыз әлі жазылмаған екен, ә?

Шалтақбай. Жара? Ол не сөз?

Люба. Есқазының кеудесіндегі сол жұлдыз бір кезде сіздің жүрегіңізге оқ боп қадалған сияқты еді.

Шалтақбай. Бот нағыз жала! Бот нағыз, қалай еді... иә... бот прокат...

Елжас (кіріп келіп). Люба! Алда бірнеше күндей сұрапыл соғатыны анық болды. Малды тезінен Сағым даласының құмына қайтарыңдар дейді аудан. А, досым, сәлем, (Ботабекпен қол алыса амандасады.) Ал, Шалтеке!

Ботабек. Бұл қалай?.. Сағым даласына қырық жылдан бері жаумаған қардың шынымен-ақ жауғаны ма?

Елжас (Күлімсіреп). Қырық жылдан бері? Мұндай мәліметті сіз қайдан алдыңыз?

Ботабек. Қарттардың айтуы солай. Бұдан қырық жыл бұрын доңыз жылы ғана қар жауыпты. Содан бері ол даланың шілдесі февральдан басталатын көрінеді.

Люба. Бәсе! Шалтақбайға берген бұйрығыңда осындай бір шикілік бар сияқты еді-ау.

Ботабек. Люба! Сен не айтып отырғаныңды сеземісің?

Люба. Болшақ ғалымның ғылымға сенбей, шала сауатты кемпірлердің түсіне сенуі ұят. Елжас, сен радио арқылы елді хабарла. Бірі қалмастан Мәдениет сарайының үлкен залына жиналсын.

Елжас. Бәрі де ме?

Люба. Иә! Мына сұрапыл малдың азығы азайып, сүйегі жұқарған, іші өскен кезіне деп келді, қарсы аттанып қайрат көрсетпесек қаусатып кетуі мүмкін.

Елжас. Ол үшін?

Люба. Ол үшін отар сайын бір адамнан көмекші жіберуіміз керек.

Елжас. Сонда сексен отарға сексен кісі жібереміз бе?

Люба. Екеуімізбен сексен екі.

Елжас. Сағым даласындай мол жеріміз бола тұра малды жыл сайын қырамыз, неткен бейшаралық бұл? (Кетуге ыңғайланады.)

Люба. Тоқтай тұр. Сен мынадай масқараны көріп пе едің, тіпті күтіп пе едің? Біздің Есекең ферма бастығы Шалтақбай Қаңғыбаев жолдасқа оқ жұмсапты, міне оның айғағы. (Тымақты береді.)

Елжас. Не дейді, масқара! (Тымақтың оқ тескен жеріне қарап Шалтақбайға.) Арызыңыз қане?

Шалтақбай. Табиғат сақтасын, ол не дегенің, Елжас-ау. Өзіңе айттым болды. Қартайғанда арыз шаң атанып, елге «Гүлстанның» құрметті екі шалы соттасып жатыр дегізіп колхозымның атына кір келтірер жайым жоқ. Бастан құлақ садаға дегендей, тымағым садаға: «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын», үндемеңдер.

Елжас (таңдана қарап). Деніңіз сау ма? Не айтып тұрсыз?

Шалтақбай. Өмірімде ауырып көрген емеспін.

Елжас. Деніңіз cay болса, мұндай қылмысты кешудің өзі қылмыс екенін қалай білмейсіз?

Шалтақбай. А, солай ма? Онда кінә менде. (Қаламды ала салып қағаз іздеген болады.) Онда, онда мен аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінен бастап прокурор мен сотқа дейін бәріне де жазайын, бәріне!

Елжас. Міні қағаз.

Шалтақбай. Жазсам жазамын, қорқады ғой дейсің бе?

Ботабек. Шалтеке, жау жағадан алғанда, етектен тартар бөрі болмай тоқтатыңыз. (Қалам мен қағазды жұлып алады.)

Елжас. Тоқтатпаңыз, жаза берсін.

Ботабек. Елжас! Бізге кездесіп тұрған кесел мұнсыз да аз емес, өршітпе!

Елжас. Сіз осыны рас айтып отырсыз ба?

Ботабек. Бұлай ету, әрине, партия жолына жатпайды, жатпаса да амалым болмай отыр.

Елжас. Қандай ауыр күн туса да партия жолынан таймаудан артық амалдың да, ақылдың да керегі жоқ. Сондықтан мұндай достығыңызды қабылдай алмаймын, кешіріңіз.

Люба. Дұрыс, ете дұрыс айттың, Елжас. Жолдас Қаңғыбаев! Жазыңыз!

Шалтақбай. Қолқаларың сол болса, бәрін де жазамын. Ботажан! Енді Маған өкпелеме.

Ботабек. Сіз кішкене бара турыңыз. (Шалтақбай тымағын алғысы келеді. Елжас тымақты ұсына бере Шалтақбайдың басына қарап кенет ойланып қалады.)

Елжас. Жоқ бұл қылмыстың айғағы, айғақты зат қашан да іспен бірге жүреді, бара беріңіз.

Шалтақбай. Ботажан Мынау не деп тұр?

Ботабек. Елжас, тымақ сенде тұрса тағы да сөзге қаласың, бізде болсын, не Любаға, не маған бер! Бері әкел!

Елжас. Жоқ, бұл тымақ соттан басқаға берілмейді. (Столдың тартпасына салады.)

Ботабек. Сен шынымен-ақ бізге сенбейсің бе?

Люба. Боташ!.. «Бізің» не? Мен осыңның бәрін ұят көріп отырмын ғой.

Ботабек. Шалтеке, келінің айтса, ініңіз қыңқ ете алмайды, бара беріңіз,

Шалтақбай. Ботажан, құмырсқа да ізін таба білетін, мен жолымды табамын. Келін қанша мықты болса да райкомнан мықты емес, жолыңды таба алмай адасып кетпе, басқа айтарым жоқ. (Шығып кетеді.)

Ботабек (тістеніп). Зымиян, барып тұрған зымиян?! Енді менің беретін үстімнен арызын сайлап кеткенін көрдіңдер ме?

Люба. Сен бүгін немене, көлеңкеден де қорқатын болып кеткенсің. Әншейінде құрдай жорғалайтын Шалтақбай да бүгін өктем сөйлейтін болыпты, бұл қалай?

Ботабек. Бүгінгі Күн: диссертацияның соңғы тарауын жазып бітірген ең қуанышты күнім еді, ақырында, Шалтақбайлар шаттанатын, ең сәтсіз, ең бақытсыз күнге айналып кетті.

Елжас. Диссертацияны анық бітірдіңіз бе?

Ботабек. Бітірдім.

Елжас. Енді ешқандай күдігіңіз жоқ қой.

Ботабек. Жоқ сияқты.

Елжас. Онда жүз грамм араққа да шаттанатын Шалтақбайлар үшін күйінудің өзі ұят. Соны ескеріңіз де, құттықтауға рұқсат етіңіз. (Қол ұсынады.)

Ботабек. Рақмет, достым, бірақ менің бүгін қатты шошынғаным сонша, райком секретарының сұрауларының бірде-біріне жауап бере алмадым.

Люба. Соншама, ол нендей сұрау?

Ботабек. Еске түсірудің өзі қорқынышты. (Елжасқа.) Сен Жаңқаш дейтін банданы білесің бе?

Елжас. Білемін.

Ботабек. Ол кім?

Елжас. Елдің айтысына қарағанда, отыз бірінші жылы шетелге қашып кеткен бір бай.

Ботабек. Сол банданың кесірі бізге де тигелі тұр, достар! Мәселе мынадай Қорқақ Қоянбаев дейтін зымиян біреу осы отырған үшеуміз, Есекең төртеуіміздің үстімізден Москваға отыз екі бет арыз жазыпты. Москва оны тексеру үшін мұнда жіберіпті. Ол арызға қарағанда, Елжас Есқазының туған баласы емес, сол банданың баласы. Есқазы Ақат дейтін інісімен екеуі туысы Жаңқаштың бандасында болып, шекарадағы соғыста ар жаққа өте алмай қалыпты да, өз еліне бара алмай осы елге қашып келіпті. Сол соғыс болған жерде қалып қойған Жаңқаштың екі жасар Елжасын Есқазы бала етіп алыпты.

Люба (мырс етіп). Бұл қандай ертегі?

Ботабек. Бұл ғана емес. Ол арсыздың дәлелдеріне қарағанда: бұлар партия мен үкіметті өмір бойы алдаумен келе жатқандар, ал сен екеуміз бұлардың мансабына жол ашып отыратын жемтіктес досы, досы ғана емес, тіпті құдасы да көрінеміз.

Елжас. Құда?

Ботабек. Иә. Ол сұмырай біздің Зейнеттің де таза жанын кірлепті. Оның сөзіне қарағанда, сен бізге күйеу көрінесін, ол үшін біз бірнеше жылдан бері сенен қалыңмал да алып келіппіз.

Люба. Қайда туып, қайда өскен арсыз еді бұл?

Елжас. Соның да балам дейтін ата-анасы, әкем дейтін баласы, жаным дейтін жары бар ма екен? Әй, жоқ шығар.

Люба. Бар болса, тірлігіне өкінетін болар... Тағы не депті?

Ботабек. Толып жатыр. Ең ақырында Елжас екеумізге өшіге тиісіп, біздің ғылыми еңбектерімізге әсіресе, мынау «жұлдызымызға» қатты шабуыл жасапты.

Люба. Оны да алдау дей ме?

Ботабек. Ең қас жауымыз айтар лас сөздерді аямапты: Екеуі де мансапқор, надан. Сол надан бастарымен екеуі ғылыми атақ алмақ болып диссертация жазып жүр. Ал, ол бидайға сіңген еңбек екеуінікі емес, Алматы ғалымдарыныкі депті.

Елжас. Бір жақсысы, біздің бұл жауымыз онша ақылды емес екен.

Ботабек. Оны қайдан білдің

Елжас. Ақылды болса шабуылды біздің бидайымызға емес,. Сағым даласына өсірген жем-шөптерімізге жасар еді.

Ботабек. Онда ол ақмақ болмады, Өйткені ол: «бұл екі достың түйсіксіздігі сонша, екі миллион мал есіруге болатын Сағым даласын өздері жаратқандай болып жүр, сондағысы бір-екі жыл еккен он шақты түрлі шоп қана» депті.

Елжас. Күншілерге көрінетін күн де, жеткізетін мақсат та люк екенін жазбап па?

Ботабек. Жоқ оны жазбапты.

Люба. Ғажап! Замандастарымыздың қайсыбіріне қарасаң алдағы ғасырды көресің. Ал енді біреулеріне қарасаң еткен ғасыр елестейді, неліктен осы?

Елжас. Амал не, адамның санасы шел дала емес, су жіберсең жайнап сала беретін, Санадағы ескі capсың қандағы дерт секілді, ұзақ емдеп, көп күресуді керек етеді.

Ботабек. Жалақорлық пен мансапқорлық та — ескіліктің қалдығы-ау осы.

Елжас. Ал, біздер соны біле тұра, мансапқорлардың жақсылықты көретін көзі жоқ болса да, қырағы деп көтермелейміз. Қазіргі үлкен қауіптің бірі осы. (Ойланып.) Ғажап! Иә, ғажап бұл.

Люба. Несі ғажап?

Елжас. Ғажабы сол — жалақорлар шпиондарға ұқсайды.

Ботабек. Мысалы несі?

Елжас. Тіміскілегіштігі. Мысалы, менің не жазғанымды ең жақын достарым сіздер білмейсіздер, ал Қоянбаевтар біліп алған?

Ботабек. Сен не жазып едің?

Елжас. Жай бір очерк сияқты бірдеңе,

Ботабек. Не жайында?

Елжас. Сағым даласын мал базасына айналдырудың жолы жайында.

Ботабек. Солай ма еді?.. Оны менен не үшін жасырып келдің? Әлде достықтан кетісіп менімен таласқа түспек болдың ба, бұл қалай?

Елжас. Таласқа емес, сіз бір диссертацияны алты жыл бойы бітіре алмай шабандап кеткен соң, намысыңызды қоздырайын деп жарысқа қатыстым..

Ботабек. Солай ма? Онда сені мен неге құттықтамаймын? (Қол алысып.) Колхоз агрономдарының бәрі де ғалым болатын күн енді алыс емес, солардың қарлығашы сен бол, достым, тілектеспін.

Елжас. Рақмет.

Ботабек. Рақметін, сол болсын, мені бір тілектерімді орында.

Елжас. Айтып көрдіңіз.

Ботабек. Сен екеуміз ғой екі анадан тусақ та, бір анадан көкірегінде өскендей, бір емшекті болып емесіз деймісіз. Сол ана сүтіндей адал достықпен айтар бірінші тілегім: нендей күн туса да біздің адал достығымызға ешбір қаяу түспесін.

Люба. Өте жақсы тілек тіледің-ау, Боташ!

Елжас. Қаяу түсетін достық мұндай болмайды.

Ботабек. Екінші тілегім; сен үлкен талантысың бірақ талантыңды бұлай босқа жіберме. Қоянбаевтардың былшылына қолды бір-ақ сілте де, сол очеркіде үлкен ғылыми еңбек етіп жаз,

Елжас. Тағы не тілейсіз?

Ботабек. Ең соңғы тілегім: менің диссертациямды оқып шық та достық сыныңды айт.

Елжас. Мақұл. Менің очеркімді сіз де оқыңыз. Тіпті керекке жар ары болса диссертацияңызға да пайдаланыңыз.

Ботабек (тіксініп). Не дейсің? Сен менің намысым қорланар сөзді қалай айтып отырсың?

Елжас. Қалай?

Ботабек. Қалай! Сен мені дәрменсіз көретін ең қас жауларым айтар сөзді айтып тұрсың ғой!

Елжас (қолынан ұстай алып). Кешіріңіз, менде ондай ой болмақшы емес.

Ботабек. Сенің күнәңді әрқашан да кешіремін-ау. Бірақ, кешілмейтін бір күнәң, ете аңғалсың достым.

Елжас. Мүмкін.

Ботабек. Сол әдетті таста да ойланшы. Ертең тағы да есекке қалмаймыз ба?

Елжас. Теңдей өсек?

Ботабек. Очеркіңді менің оқығанымды білсе, оның бір жері менің диссертацияма ұқсас болып шықса, мені жазып беріпті деу мүмкін ғой?

Елжас. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді». Біздер егінімізді еге де, қорғай да білеміз.

Ботабек. Оның рас. Бірақ, қазіргі кез қанды ауыз жалақорлардың өз арасында бетке ұстап алып, қара қаламдары мен ұлы тілдерін қабат жалақтатып тұрған кезі, сақтанбасқа болмайды.

Елжас. Қорықсаңыз оқымай-ақ қойыңыз.

Ботабек. Қорқа қоймаймын-ау. Бірақ дұрысы сол болар.

Зейнет кіріп келеді де, есік көзінде тұрып қалады. Люба оны көре сала атып тұрады.

Люба. Зоя! Зояны қараңдар! (Жүгіріп барып құшақтап алады.) Осынша сағындырып қайда жүрсін?

Ботабек. Жаным-ау, өңің сынық қой, сырқаттан саусың ба? (Қол алысады.)

Зейнет. Саумын.

Ботабек. Экспедициядан келесің бе?

Зейнет. Иә! (Төс қалтасынан хат алып Ботабекке береді.)

Ботабек. Бұл кімнен?

Зейнет. Папамнан! (Люба Ботабектің қасына жетіп барады. Ботабек сырғып хатты жүре оқиды, түсі бірте-бірте бұзыла бастайды.)

Елжас. Зейнет! (Қолын, ұсына жақындайды.) Сен мені танымай қалдың-ау!

Зейнет (көзін зорға көтеріп, қолын зорға ұсынады). Танимын, Елжас, жақсы танимын... Әке-шешеңіз сөйлем айтты, сырқатынан тәуір болса келіп кетсін деді.

Елжас. Мұныңа да көп рақмет. (Пауза.) Басқа айтарың жоқ па?

Зейнет (қолын да, көзін де төмен түсіріп). Әзір жоқ. (Елжастың өңі бұзылып кетеді.)

Ботабек. Зекен! Құрметті әкемізге сәлем айт!.. Мен кімнің кім екенін білмейтін балалық кезден кеткенмін... деп айтты де. Қош! (Шығып кетеді.)

Люба. Зоя! Бұл не? Папам не жазып еді!

Зейнет. Кейін естірсің. (Елжасқа.) Әке-шешеңізге айтарыңыз жоқ па?

Елжас (ұзақ қадалып барып басын шайқайды). Әзірше жоқ.

Зейнет. Онда қош бола тұрыңыз. (Кете бере кенет тоқтайды, әлдене айтқысы келеді. Бірақ, Елжастың қадалған көзінен қаймыққандай тұра қарай да алмай үнсіз тұрып қалады.)

Люба. Елжас, мен правленияда боламын. Зоя! Сен маған соқпай кетпе.

Зейнет. Мүмкін соғармын.

Люба. Күтемін. (Кетеді.)

Елжас. Зейнет! Сен маған бір қаралы жандай көрініп тұрсың. Құпия болмаса білуге болар ма екен?

Зейнет. Иә! Ол құпия... (Елжасқа қарай ақырын жүріп келеді. Бірақ кінәлі жандай имене қарап әлденені айтуға оқтайланады да, айта алмай іркіле береді. Ал, Елжас алғашқысындай түнеріңкі емес, кейде махаббат жалыны жүзінен де, көзінен де лаулап тұрғандай болып көрінеді.)

Зейнет (өзіне қарсы келе жатқан Елжасқа жете тоқтап). Мені бөгеген әкемнің аманаты. Ол сізге сөйлем айтты.

Елжас(басын иіп). Бұған да рақмет.

Зейнет. Сағынып жүрмін, келіп кетсін деді.

Елжас (оның иегінен көтеріп). Басыңды көтер де, бір ғана сұрауға жауап берші! Әке сағынғанда қызы қайтеді?

Зейнет (ойлана қадалып). Мен сізге бәрін де айтуым керек. (Қайтадан сескенгендей). Жоқ жоқ мен қазір түк те айта алатын емеспін. Кешіріңіз, кешіріңіз! (Кейін шегінеді.)

Елжас. Жаным-ау, саған не болды, не болса да айтшы.

Зейнет. Жоқ, менің мұндай дәрменсіздігімді кешіріңіз де, аз Күн сабыр етіңіз. Бәрін де кейін айтамын. Қош болыңыз. (Шыға жөнеледі.)

Елжас (ауыр ойда тұрып қалады). Бұл не! Мен білетін Зейнеттің жаулар мен күншілердің өсегіне сенуі мүмкін бе? Жоқ, менің аяулым! Қаламынан қан тамған арсыз жалақорлар мен жәдігөй күншілдер жаба берсін жаласын, жаға берсін күйесін. Дүниеге кім әкелсе ол әкелсін, мен Компартияның өзі өсірген ұлымын. Ендеше жетем деген мақсатыма жетемін, көрем деген бақытымды керемін. Оны сен де кешікпей көресің.

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Үшінші сурет

Бірінші суреттегі құмның экспедициясы орналасқан жиегі. Бірақ ол кездегідей жері қара, күні жылы емес, көз жетер жердің бәрін қар басып, үскірік соғып тұр.

Сахнада Есқазының киіз үйі ысын арғы түкпірде тұрған бұрғының мұнарасы. Үй іші дүние жиһаздарына онша бай емес. Кереует, стол, орындықтар — бәрі де көшпелікке бейім жасалған жималы. Үйді айналдыра құрылып, жерге төселген кілемдер, ашада тұрған күзен ішіктер үй иесінің бай екенін көрсеткендей. Перде ашылғанда Жазира есікті арқасымен басып Есқазыны шығармай тұр.

Жазира. Сен бармайсың, мен барамын дедім бе? Дедім. (Кеудесінен кері итеріп). Отыр, өңкимей.

Есқазы. Жәкесі! Жаным! Көкешім! Өзің ойлашы! О заманда, бұл заман, осындай боранда әйелін таудан отын әкелуге жіберген еркекті көрдің бе?

Жазира. О заманда, бұ заман осындай боранда жасы үйде отырып, қарты отынға барғанын сен қашан көріп едің?

Есқазы. Бейбақ-ау, қартың кім айтып тұрған? Мен бе?

Жазира. Енді кім?

Есқазы. Екі жас үлкен болсам да, неше жас кіші екенімді көрсетейін мен саған. (Екі қолын Жазираның мойнына айқастырып жіберіп тұрып тартады, Жазира жөнді иіле қоймайды.)

Жазира (күліп). Қой, шалым! Ұршығым болып кетерсің, соқтықпа.

Есқазы (жабыса түсіп). Ұршығың болсам да жерге түспеспін.

Жазира. Қой деймін, балалардың бірі келіп қалса ұят болар.

Есқазы. Келе берсін, көре берсін, өнегені ала берсін.

Жазира. Кемпір-шалдың жарбаңдасқанын үлгі етсе жетіскен екен.

Есқазы. Кімде-кім тату-тәтті өмір сүрсе, кәрілік оны жеңе алмайды. Жастар бізден соны көреді. (Білегін сыбанып.) Сөзді қой да шық былай. Екеуміз күресеміз де ,қай жығылғанымыз барамыз.

Жазира. Әй әні! Алыспастан аунай кетпексің ғой.

Есқазы. Тапқан екенсің аунай кететін бейшараны. Қане, жас болсаң келе ғой.

Жазира (ол да күреске әзірленіп). Келісіп алайық. Қай жыққанымыз барамыз.

Есқазы. О заманда, бұ заман, жеңушіні жеңілушінің жұмсағанын көрдің бе?

Жазира. күресте бәйге кімге берілуші еді? Жыққанға ма, жығылғанға ма?

Есқазы. Жарайды, оған да көндім. (Екеуі балуандарына бірін-бірі аңдып, екі рет айналысады.)

Жазира. Айтпадық деме, мен сенің батыр атағыңа қарамаймын, аяғыңды аспаннан келтіріп тұрып төбеңнен шаншамын.

Есқазы (қашуға ыңғайланып, есік жақты ала береді). Қой, ей! Сенің қыз кезіңде мені солай бір соққаның бар-ды.

Жазира (күліп.) Байғұсым-ай, қырық жыл бойы ұмытпаған екенсің.

Есқазы. Осы алданғаныңды сен де ұмытпа. (Шыға жөнеледі.)

Жазира. О, кәрі түлкі. (Қуа шығады. Сырттан Жазираның даусы естіледі.) Ей, бәрібір құтылмайсың. (Сахна едәуір уақыт бос. Аздан соң Ботабек сәлем бере кіріп келеді.)

Ботабек. Ассалаумағалей... (Аңырып тұрып қалады). Мынаның үйі иесіз қалған ба? (Ортадағы жанып тұрған пешке келіп қолын шақтайды. Біреу есік қағады Ботабек дауыстап.) Келе беріңіз! (Зейнет кіріп келеді де аңырып қалады. Ботабек оған таңдана қарап.) Жаным-ау, сен мұнда неғып жүрсің?

Зейнет (имене сөйлеп). Жәй, бір жұмыспен.

Ботабек. Қай жұмыспен болса да бұл үйге енді көп үйір болма.

Зейнет. Неге?

Ботабек. Пәлесіне қаларсың.

Зейнет. Пәле деген не?

Ботабек. Өзің бұл үйдің төбесіне қандай бұлттың үйіріліп тұрғанын естіп не едің?..

Зейнет. (егескендей). Естідім. Естідім де Елжасқа мені сотқа бер дегелі келдім.

Ботабек. Не дейді?! Сотқа беретіндей не істеп едің?

Зейнет. Ол қолжазбасының жоғалғанын әлі білген жоқ!

Ботабек. Әлі білген жоқ!.. Онда жоқтауға да тұрмайтын бірдеңе болғаны да. Ол үшін сен несіне қиналасың.

Зейнет. Бірдеңе емес, ғылыми еңбек екенін айтқан едім ғой.

Ботабек. Әй, бауырым-ай, өгіз бұзаулап жатыр десе де сене беретін аңқаусың-ау.

Зейнет. Көзім көрсе қалай сенбейін?

Ботабек. Не көріп едің?

Зейнет. Мен оның сол еңбегінен . болашақ үлкен ғылымды көргенмін.

Ботабек (мырс етіп). Сен не мені босқа ызаландырмақсың; не өзің ғылыми енбек пен шалдыр-шатпақты айыра білмейсің, жаным.

3ейнет. Шалдыр-шатпақ екенін сіз қайдан білесіз? Әлде оқып көрген бе едіңіз?

Ботабек. Көргенім жоқ, көрмесем де білемін. Елжас жақсы агроном, бірақ, газеттік очеркі болмаса, ғылыми еңбек жазу оған әлі алыс.

Зейнет. Еңбегін көрместен өзін білуіңіз мүмкін емес, онан да қайдан алып, қашан оқығаныңызды айтыңыз.

Ботабек. Сен мүмкін маған оның банды боп кеткен әкесі Жаңқаштың қайда екенін де айт дерсің.

Зейнет. Әкесінің керегі жоқ, дәптерін айтыңыз.

Ботабек. Сеніңше мен оны тауып алған болармын, солай ма?

Зейнет. Жаңағы бір сөзіңізден үміттеніп қалғаным рас.

Зейнет. Ал, өзіңіз не бітіріп қайттыңыз? Диссертацияңыз қабылданды ма?

Ботабек (шұғыл түнеріп). Жоқ мен құлап қайттым.

Зейнет (шошынғандай). Тағы да ма?

Ботабек (зорға сөйлейді). Иә! Тағы да біраз жөндейтін болдым.

Зейнет (ұзақ қадалып). Қайта-қайта жазасыз, қайта-қайта құлайсыз, құнын, шегі бар ма бұл, жоқ па?

Ботабек. Өздері жаза алмай, жазғанды көре алмайтындар мені құлатып отырған. Солар қай күні құриды, сол күні мен жарық көремін.

Зейнет. Сіз әлі де үміттіксіз?

Ботабек (жалт қарап). Сеніңше қалай? Алты жылғы еңбегімді аяқсыз тастап елге өмір бойы күлкі болуым керек пе?

Зейнет. Қолдан келмейтін істі тастау күлкі емес, тастамау ғой күлкі.

Ботабек (ыршып). Жоғал әрі! Ауғанбайдың кейкі тұмсық қара қызы ғұрлы жаза алмасам өлермін мен.

Зейнет. Мансап деген әзәзіл, сол шіркін азғырып жүрмесін.

Ботабек (түтігіп). Не дейсің, Зейнет?! Осыны айтып тұрған менің жан дегендегі жалғыз қарындасым ба, жоқ әлде қас жауым ба?

Зейнет. Кешіріңіз, сіз кейде өзгенің сөзін иемденетін көрінесіз, мені күдіктендіретін сол әдетіңіз.

Ботабек. Мен кімнің сөзін иемденіппін?

Зейнет. Сіз анау күні республикалық мәжілісте ғой өте әдемі сөйледіңіз. Жұрттың бәрі сізге құрмет көрсетіп жиі-жиі қол соқты, ал мен бетімді басып тұра қаштым.

Ботабек. Неге?

Зейнет. Сіз үшін мен ұялдым, өйткені ол сөз өзіңіздікі еместі.

Ботабек. Енді кімдікі?

Зейнет. Көпшілігі соның алдында ғана өздеріңіз ауданда өткізген мәжілістегі сөйлеушілердің сөзі ғой.

Ботабек. Тіпті, солай болған күннің өзінде оның қандай айыбы бар? Аудандағы мен түгілі астанадағы кейбір жауапты қызметтегі жолдастар да сөйлейтін сөзін, жасайтын баяндамасын, тіпті қаламақы алатын мақаласын да қарауындағы қызметкерлеріне жаздырмай ма?

Зейнет. Әрбір адам өзінше өмір сүреді ғой. Біреулер адал еңбекпен, енді біреулер ұрлықпен.

Ботабек (қатты түтігіп). Не дейсің? Ұрлықпен өмір сүретін мен бе? Мұнан да қарындастықты қара жерге көмсең еді. (Кете береді.)

Зейнет (ұстай алып). Ағатай-ай, мына сөзіңіз батып кетті-ау, кешіріңізші.

Ботабек (кейін серпіп). Жоқ, менің саған деген ағалық сезімім енді көмілді. Аулақ әрі. (Кетеді.)

Зейнет. Ағатай, тоқтаңызшы. (Ол да кетеді.)

Аздан соң. Елжас келеді. Ол пешке отын сала отырып әндетеді.

Елжас.

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да».

Зейнет (жайдарлана кіреді). Сол қыздың кім екенін білер ме едім.

Елжас. Зейнет! (Атып тұрып ұмтыла бере тоқтай қалады.) О, тамаша! Кеше ондай, бүгін мұндай! Бұл қалай?

Зейнет. Мен сізге сондайлық белгісіз, жұмбақ адаммын ба?

Елжас. Бұрын белгілі болсаң да, қазір жұмбақсың. Бұрын сағат сайын ыстық тартып, күннен күнге жақындай түсуші едің, соңғы кезде салқын тартып, бірте-бірте алыстап барасың. Хат жазуды мүлдем қойдың. Осындай көріскенде жүректі тербейтін тәтті сөздерің де кінәлы жанның күбіріңдей сап-салқын бірдеңе.

Зейнет (салқын қанданып). Иә, мен енді сізге жұмбақ адаммын. Әзір айтпақшы емес едім, сіздің басыңызға қауіп төнгенін естіген соң шыдай алмай, өзімді-өзім аямасқа бекініп келдім. Кешірім етпеңіз де, аямаңыз ең қатал үкіміңізді айта беріңіз. Мен сіздің... қолжазбаңызды... (Қатты қайраттанса да айта алмай төмен қарайды.)

Елжас (ұзақ қадалып). Иә, оны не істедің? Ұнамаған соқ отқа жақтың ба?

Зейнет. Ұнамаса бұлай қиналмақ түгілі, отқа жағып та әуре болмас едім ғой.

Елжас. Енді қайтып?

Зейнет (төмен қараған күйі). Жоғалтып алдым.

Елжас (Күлімсірей қадалып). Сырың құпия, өзің жұмбақ едің, соның барлық себебі осы болғай.

Зейнет (үмітті көзбен жалт қарайды), Егер, осы болса,,,

Елжас. Онда мен кемі екі кісілік той жасар едім.

Зейнет (таңдана қарап). Сіз шын қуанып тұрсыз ғой.

Елжас. Жоғалттым деп жүргенім — Зейнетім емес, аз түнгі бейнетімнің көшірмесі болып шықса мен неге қуанбаймын.

Зейнет (таңдана түсіп). Көшірмесі?!

Елжас. Дұрысында саған бергенім көшірмесі емес, қазақшасы болатын. (Екі қолынан үйіре жөнеледі.) Ол жоғалса жоғала берсін, қалғаны болса тағы жоғалсын. Өзің жоғалмасаң мен үшін дүние түгел.

Зейнет (қуанғанынан не істерін білмей, басын Елжастың кеудесіне сүйеп көзін жумады.) Аһ, ой азабынан құтылу неткен рақат еді... Жүрегіңіз неге қатты соғып тұр?

Елжас. Дәл қазір өз жүрегінің соғысы да жай болмас. (Құлағын салып тыңдап.) Тіпті «ащы! ащы!» деп бебеу қағады.

Зейнет (Күліп). Ащысы не?

Елжас. Тойды тездетіңдер дегені ғой.

Зейнет. Тентек шіркін сонша неге асығады екен?

Елжас. Күтіп тұрған қызығы көп болғаны да.

Зейнет. Қанша көп болса да үлгірерміз. Алдымен мына Қоянбаевты табайықшы.

Елжас. Оны қалай табамыз?..

Зейнет. Ол, сіздің қолжазбаңызды оқыған біреу,

Елжас. Олай деуге дәлелің не?

Зейнет. Дәлелім, оны білмеген адамның сізге мұнша өшігуі мүмкін емес.

Елжас. Білгендер неге өшігеді?

Зейнет. Бәрі емес, күншілдері ғана. Мұндай бағалы енбекке күншілдер еш келеді.

Елжас. Мүмкін солардың бірі сен жоғалтқан дәптерді тауып алған болар.

3ейнет. Жоқ, ол құмның астында қалды.

Елжас. Қалай?

Зейнет. Біз оны құм белдің жонында жоғалтқан едік. Келесі күні барып қарағанымызда құм бораны түндегі ізімізді де басып қалыпты. Сондықтан сіз Қоянбаевты өзіңіздегі орысшасын оқығандардан іздеңіз.

Елжас (бір қолымен құшақтап). «Ит үреді, керуен көшеді». Қоянбаевтар үре берсін, біз ілгері кете береміз, кете береміз, олар әркімнен бір соққы жеп қаңқ етеді де қала береді, қорқатын түк те жоқ.

Зейнет. Қапысын тапса қаба да береді, оны да ескеріңіз.

Елжас. Жоқ! Зекен! Дәл Қоянбаевтар енді мені қаба алмайды. Өйткені олардың лас тұмсығы қарылғалы тұр.

3ейнет. Қалай?

Елжас. Олар мен туралы тіпті академик Денисенкоға да жазған екен, ол кісі менің қолжазбамды сұратып алды да мынандай баға берді. (Қалтасынан хат алып береді.) Әдейі саған көрсеткелі әкелдім. Қашан еңбегім жарыққа шыққанша ешкімге айта көрме, айта көрме!

Зейнет (хатты оқып шығады да, Елжасқа ұмтыла бере кейін шегінеді). Не дерімді білмей қалдым-ау. Қолыңызды әкеліңізші. (Елжас қолын береді.) Бәрібір, сонда да сөз таба алатын емеспін.

Елжас. Жүректің бір лүп еткені сөздің мыңынан қымбат, ұқтым жүрегіңді, рақмет.

Зейнет. Ұға білген сізге рақмет. Ал, Қоянбаевтың ол кісіге де жазғанын қайдан білдіңіз?

Елжас (хаттың бас жағын нұсқап). Академиктің мына сөзінен көрініп тұрған жоқ па?

3ейнет. Жоқ бұл сапар көре алмапсыз, сіздің Қоянбаев ден тұрғаныңыз менмін.

Елжас (таңданып). Менмін! Қалайша?

Зейнет. Қолжазбаңыз жоғалған кезде ол кісіге хат жазғанмын. Ондағы ойым: ертедегі күні бір дау туа қалса, қорғаушыңыз әзір тұрсың дедім.

Елжас. Зейнет! Зейнетім! (Күні ақтап алып сүйеді.) Кеудемдегі жүрегім сен екенсің ғой, жаным. (Тағы сүйе бергенде Есқазы кіріп келеді..)

Есқазы (абыржып). О, жасаған, бере гөр! (Кейін шегіне береді.)

Елжас (оны көріп қалып). Көке! Сіз қайда қашып барасыз?

Есқазы. Қатысы не? Жай, әншейін, далаға шыққым келді.

Елжас. Даладан келген жоқсыз ба?

Зейнет (жетіп барып, Есқазының қолын ұстай алады). Тоңып қалыпсыз, жылына қойыңыз. (Кеткісі келеді, Есқазы жібермейді.)

Есқазы. Тоқташы, балам. (Не дерін білмей). А, айтпақшы, суға әлі жеткен жоқсыңдар ма, балам?

Зейнет. Бұрғымыз бүгін жақсы белгілер көрсетіп тұр, кешікпей жетеміз, ата! (Шыға жөнеледі.)

Есқазы. Шырағым-ау, кеудеңде бірдеңең бар ма? Бар болса әлгі баланы шатырына дейін неге шығарып салмайсың?

Елжас (әзіл түрде). Ата-бабамның әдетінде жоқты істеп қайтейін.

Есқазы. Осындай боранда қыз баланы жалғыз жіберген ата-ананы қашан көріп едің?

Елжас (екі қолын көтеріп). Жеңілдім, көке, жеңілдім... (Қолын төмен түсіріп.) Көке, мен Любаларды іздеп келейін, колхозбен сіз сөйлесіңіз. (Сағатына қарап.) Радиоға шақыратын кезі жақындап қалды, өткізіп алмаңыз. (Кетеді.)

Есқазы (белін иіліп пешке таялып келе бере қалтасынан бір хатты алып ойлана қарайды). Ақат, Айман! Екеуінің бірдей қол қоюы тегін емес-ау осы. Кәрілік бізге де жетті, біз де баласыз қалдық. Елжасымызды қайтып бер деді ме екен?.. Иә, оларға да қиын... Оқып өзім өртенгенше, оқымай өзін өртесем бе екен? Жоқ, жоқ. Менің інім мен келінім ондай мейрімсіз емес. (Қайта ойланып.) Дегенмен отқа жақын отырып оқыйыншы. (Хатты оқи бастайды.) Асыл аға! Аяулы жеңге! Ағат айтсақ айып етпеңіздер! (Сезіктеніп). Ммм... бастауы жақсы емес (Тағы оқиды.) Жабылған жаңалық суық сүреңі бізге де жетті. Бұл біздер үшін үлкен қайғы. Бірақ біздер қайғыны қайратқа айналдыра білеміз. Біздер тірі тұрғанда Елжасты ешкім де жаланың құрбаны ете алмайды. Сондықтан сіздерден тілейтініміз: Елжастың біздер туралы түсінігін өмір бойы өзгертпеңіздер (Шаттанып.) Садаға кетейін сендерден. Бәсе, осылай десе керек еді ғой. (Осы кезде рацияның дыбысы естіледі. Есқазы трубканы алып сөйлей бастайды. «Гүлстан», «Гүлстан». Елу үш те жетпіс екі, елу үш те жетпіс екі! Гүлстан! (Ашулы үнмен.) «Дарбаза», не меш-ай! «Дарбаза», не меш-ай! Қыстың боларын ойламайтын шегіртке құсаған немелер басқаның әуе толқынын ұстағанша малдарыңды жұттан қорғасаңдаршы! (Қалпына қайта түсіп.) «Гүлстан!», «Гүлстан!» Сөйлеп тұрған Есқазы! Ал қабылдай бер! Жағдай мынадай: бұлт айыға бастағанымен боран әлі соғып тұр! Сонда да біздің колхоз қырық мың қойдан қырық қылшығын да сындырған жоқ, бәрін де аман алып қалды. Барлық отар құмдағы мекеніне жетіп жайғасты. Тіпті шабан қимылдайтын «Қызыл отау» да келіп жұмысына кірісті. Қысқасы өз колхозымыз жаман емес. Ал, көршілердің, әсіресе, «Дарбазаның» хәлі ауыр. Люба бір топ адамды бастап солардың боранда қалған малшыларына көмектескелі кеше кетіп еді, қайтқан жоқ. Түу, шайтандар, тағы да үзіп кетті.

Айқын келеді.

Айқын. Сәлем, кәрия! (қол алысады.)

Есқазы. Өзім іздеп барғалы отыр едім, жақсы келдің-ау, Айқынжан.

Айқын. Комиссия бастығы осында деп еді, кетіп қалған ба?

Есқазы. Кешке келетін көрінеді. Қолың тоңазып қалыпты, отқа жақын отыршы.

Айқын (отыра бере). Иә, менің сізге қандай керегім болып қалды?

Есқазы. Өмірде жан баласына айтпаған, айтпаспын дейтін бір сырымды саған ғана айтқалы отырмын, Айқынжан

Айқын. Айтыңыз.

Есқазы (аздан соң). Перзент бермей елу жыл бойы құдай зарлатып еді, енді Қоянбай, Шалтақбай дегендерді кесірінен қалған өмірді зарлаумен өткізетін түрім бар.

Айқын. Неге? Елжас қайда?

Есқазы (булығып зорға айтады). Ол мені туған балам еместі.

Айқын (таңдана қарап). Солай ма еді?

Есқазы (Күрсіне сөйлеп). Баласыздықты бақытсыздық көріп, ет жақын біреудің баласын бала етіп алатын біздің қазақта бір ескі салт бар ғой. Артымда тұяқ қалмай, атым өшер болған соң, сол әдетті мен де істеп, інімнің екі жасар Елжасың асырап алғанмын. Ағайын бірде тәтті, бірде ащы ғой, араздасқан күні балаға айтып қояр деп туған жерді де тастап кетіп едім. (Жаңа булығып, сөйлей алмай қалады.)

Айқын. Ол үшін сіз несіне күйінесіз?

Есқазы. Дәрігер қанымызды да тексеріп, Елжасты менің балам емес екенін табатын көрінеді.

Айқын (қатты тіксініп). Осындай сөзді сізге айтушы қандай оңбаған?

Есқазы. Ол өзіңнің Ботабегің.

Айқын. Ботабек! (Ауыр ойда.) Ол әлі күнге дейін кімге не айтарын да білмейді, ә?

Есқазы. Бала ғой. Мені бұлай есіркеп сипауы ескі жараны тырнау екенін білген жоқ, Елжасымның ең жақын досы болса да, саған айтқан сырымды сондықтан да оған айтқаным жоқ. Мен өзіңнен ғана күтем көмекті.

Айқын (ұзақ жаздан соң). Өзіңізге де белгілі, менің бір ұл, бір қыз, бір келінім бар. Бұрын ешкімге айтылмаған, бір құпия сырымды мен де сізге айтайын: өзімнен туған анау екі баламнан келінімді кем көрмеймін. Соған қарап мен кейде: жақсы болса жастардың бәрі де баламыз, жаман болса өз баламыз да жат деген ойға келемін.

Есқазы (Күрсініп). Любадай келінім болса баланы мен де жоқтамас едім-ау.

Сырттан Ботабек пен Шалтақбай келе жатады.

Ботабек. Өлмейсіз, өлтіртпеймін. Өз беделім жетпесе әкемнің беделі жетеді, тек ешқайсысын мойындамасаңыз болады.

Шалтақбай. Қолымнан басқа келмесе де мойындамау келер-ау, бірақ, табиғаттың өзі сақтамаса қарындасың мені қатты шошытты.

Ботабек. Құрыңыз. (Екеуі ішке кіреді.)

Шалтақбай. Ассалаумағалайкум, ардақты ағалар, аяулы інілер, баршаңызға бір сәлем!

Есқазы (жалт қарап). Шалтақбай! Сен осындай сарамас па едің, не бетіңмен келіп тұрсың?

Ботабек. Бұл кісіні алдыңызға алып келген менмін, Есеке.

Шалтақбай. «Алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген емес пе, Есеке? Ағат айтылған сөзім үшін алдыңызға бас ұрғалы келдім, кешіріңіз!

Есқазы. Сенің шешең де бала таптым деп қуанды-ау, ә?! Жоғал, сұмырай!

Люба мен Елжас келеді.

Люба. Добрый день!

Есқазы (түнерген қалпынан тез жадырап). Балам-ау, елді шошытып қайда жоғалып кеттің? Кәне, бетіңді әкелші. (Бетінен сүйеді.) О, аяз сорса да әлі жалын атып тұр екен.

Люба (Айқынды енді аңғарып тұра ұмтылады). Папа!

Айқын. Балам, тоқтай тұр. Сенің осында келгеніңе неше күн болды?

Люба (ойлана сөйлеп). Бүгін тоғызыншы күн.

Айқын. Содан бері бір көрінбей қайда жүрсің?

Люба. Папа! Он мыңдаған малды мынадай апаттан құтқарып қалу оңай ма?

Айқын. Сонда мен малдан қадірсіз болғаным ба?

Люба (не дерін білмей төмен қарайды). Папа! Ел мүддесін жоғары көруді үйреткен өзіңіз емес пе едіңіз?

Айқын (оның шашынан сипап). Ақылдым менің, мұндай жағдайда мені ұмыта тұруыңа болады. (Елжасқа.) Сен немене? Тап бір менің күйеу баламдай мөлие қалғаның?

Елжас. Кешіріңіз. Мен сізді Любадан басқамызды кермес деп тұр едім. (Қол алысады.)

Айқын. Оны қайдан білдің?

Елжас. Көзіңіз айтып берді.

Айқын. Нені?

Елжас. Әкелік махаббатты. Сіз жаңа Любаны кергенде балапанын аңсап керген кәрі қыранға ұқсап кеттіңіз.

Айқын. Ол барлық әкеде болатын сезім ғой.

Ботабек. Ал, жолдастар, жұмыс кеп, уақыт жоқ әңгімені қысқа бітірейік. Мәселенің түйіні сізде, Есеке! Шалтақбай ініңіз сізден кешірім сұрауға келіп тұр, бұған не дейсіз?

Есқазы. Алдымен жиырма төрт саулықты отарыма әкеліп қосып, сонан кейін ойланып көрермін.

Ботабек. Жиырма төрт саулығыңыз не?

Есқазы. Шалтекелерің мертіктіріп кеткен ішінде он төрт қозысы бар он саулықты айтамын.

Шалтақбай. Ағатай-ау, сіз теле десеңіз оны да төлейін, бірақ жала жаппасаңызшы.

Есқазы. Жала! (Любаға.) Құдай үшін мынаны сөйлетпеңдер.

Люба. Жолдас Қаңғыбаев, сіздің биылғы қысты бір-ақ атпен еткізгеніңіз рас па?

Шалтақбай. Нанбасаңыз Есекеңнің өзінен сұраңыз, қара жорғадан басқа бір жылқыны міндім бе екен.

Люба. Ол әлгі Сапар тағалаған жорға ма?

Шалтақбай. Я, я, соның тап өзі.

Люба. Қалай, тағасы әлі де мықты ма?

Шалтақбай. Өзім суырмай түсетін емес.

Люба. Қарауыңыздағы қойшылардың бірде-бірінің аты тағаланбапты, бұл қалай?

Шалтақбай. Қойшылар мінетін атты тағалайтын қатқан көз әлі де алда жатыр.

Люба. Онда Есекеңнің сізден қой даулауы жала емес, заңды болды ғой?

Шалтақбай (шошынып). Қалайша?

Люба. Қойларды мертіктіргеніңізді мойындап тұрсыз ғой.

Шалтақбай. Мен бе? Мен өз колхозымның малын өзім мертіктіремін бе?

Люба. Өз атыңыздың тағасы да солай дейді.

Шалтақбай. Ботажан-ау, мына келін не дейді? Аттың тағасы құрлы да сенімім болмағаны ма менің?

Люба. Әлі де мойындағыңыз келмей ме?

Шалтақбай. Мылтықтың даусынан шошып, әлгі үркек неменің бір қойды қағып кеткені рас, Есекеңе тіл тигізгенім үшін айыпқа төле десеңіз төлейін, оған жететін малым бар, бірақ бір қой үшін жиырма төрт қойдың құнын даулау сұмдық емес пе?

Люба. Айып салды деп енді менің үстімнен арыз жазбақсыз?

Шалтақбай. Табиғат сақтасын, ол не дегенің, келінжан? Мен ертеде бір арыз жазамын деп жазаланғанмын да, сонан бері «арыз» деген сөздің өзінен шошитын болғанмын.

Люба. Сол жаза жаныңызға баптапты ғой.

Шалтақбай. Сізше мен ештеңені сезбейтін елі жанмын ғой тегі.

Елжас. Өлі жан болмасаңыз басыңыздан өткен оқты қалай сезбедіңіз?

Шалтақбай. Бұл не мазақ! Ботажан, осы мен адаммын ба, жоқ әлде шойыннан құйылған пері мен шайтанның бірімін бе!

Елжас. Кім екеніңізді қазір айырамыз. (Сандықтың ішінен әнеугі тымақты әкеліп басына кигізеді.) Тымағыңыз ғой осылай тұр. (Оқ тескен жерін сұқ қолымен нұсқап.) Есекеңнің оғы мына жерден тиген. Сонда ол оқ басыңыздан қалай өтпеген? Сізді аяған ба, жоқ әлде басыңыз шынында да шойын ба?

Люба (мырс етіп). Арыз жазады деп оқ та қорыққан ғой.

Шалтақбай. Ойпырым-ай, табиғатым-ай, сақтай гөр! Мыналардың бірігіп тапқан қулығын-ай. Сонда мен өз басымды өзім атқан боламын ба, ей?

Елжас. Басыңызды емес, тымағыңызды атыпсыз.

Шалтақбай. Сұмдық, сұмдық! Басқа не айтайын.

Елжас. Айтарыңыз жоқ болса, не демекшісіз?

Люба (Ботабекке). Кімнің кім екеніне енді көзің жеткен болар?

Ботабек. Я жетті. Қылмыс тереңдеп, қылмыстылар көбейіп барады.

Люба (сөйлей түрегеледі). Қылмыстың ауырлап бара жатқаны рас, бірақ қылмысты сенің досың Шалтақбай ғана.

Шалтақбай. Ботажан, мен не естіп тұрмын?

Ботабек (Любаға). Сен кімге не айтып тұрғаныңды сеземісің?

Люба. Кімді сатып, кім үшін отқа түскелі тұрғаныңды өзің сезесің бе?

Ботабек. Мен өзге түгілі өзім үшін де отқа түспеймін.

Елжас. Өзіңізді өзіңіз олай қорламаңыз.

Ботабек (шіміркеніп). Немене?

Елжас. Сіз қоянға тән қасиетті иемденіп тұрсыз.

Есқазы. Жә, өзді өзің салғыласпай, тоқтатыңдар!

Люба. Жолдас Қаңғыбаев, сіз кешке басқарма мәжілісіне келіңіз.

Шалтақбай. Одан не алмақпын?

Люба. Алу үшін емес, басқарманың қатеден берген правосын қайтып беру үшін келіңіз.

Шалтақбай. Атап айтқанда?

Люба. Атап айтқанда, барлық правоңызды алудың мәселесін қоямыз.

Шалтақбай (булығып тымағының түймесін ағыта сөйлейді). Боташ!., Боташ!., Мен... мен достық қарызымды өтеп болдым. Мен., мен бұл қорлыққа енді көне алмаймын. Мен... бұлардың барлық сырын ақтарамын, Қош!.. Қош бол!..

Есқазы. Сендей қорқаудың қолынан көр ақтару ғана келеді. Жоғал енді!

Шалтақбай. Көрерміз кімнің жоғалғанын, көрерміз. (Кетеді.)

Ботабек. Люба, менің сенімен сөйлесетін сезім бар, жүр кеттік.

Айқын (манадан үнсіз отырып, енді ғана Ботабекке жақындайды). Жоқ балам. Алдымен сен екеуміз сөйлесуіміз керек.

Ботабек. Папа, ертең болмаса, бүгін уақыт жоқтау.

Айқын. Менің ертең емес бүгін, тіпті қазір сөйлескім келіп тұр,

Елжас. Люба, жұрт бізді күтіп қалған болар, жүр, Қызылотауға барайық. (Есікке беттей бере, Есқазы аға.) Сіз де жүріңіз. (Олар кете береді.)

Айқын . Люба, сен мұнда қал.

Люба. Жоқ, папа! Дәл осы әңгімені менсіз өткізгендеріңіз жөн.

Айқын. Себеп?

Люба. Екеуіңіздің оңаша кеңескендеріңізді көптен бері көре алмай жүрмін.

Айқын (ұзақ уақыт үнсіз қадалып). Ұқтым, балам, жүре бер! (Люба кетеді. Айқын Ботабекке жақындап келіп бір қолымен құшақтап.) Боташ! Мен сенің соңғы алты жылыңа қатты разымын ғой, сен оны сезетін боларсың, ә?

Ботабек. Сеземін, папатай.

Айқын. Мүмкін сен жас кезіңде әкеңді қалай күйіндіргеніңді де ұмытқан боларсың.

Ботабек. Папа! Ескі жараны тырнап қайтесіз?

Айқын. Ол үшін ауырса ауыратын өз жаным ғой Сен бүгін менің жанымды тағы да ауырттың, балам.

Ботабек (шошынып). Қалай?

Айқын. Сен: дәрігер келеді, қаныңды тексеріп Елжасты кімнің баласы екенін айырады деген сөзді Есқазыға қалай айттың?

Ботабек. Немене, достықпен айтқан сақтығымды ол қастық көріп пе?

Айқын. Достығың жанды ауырту болса, қастығың қандай болмақ?

Ботабек. Кешір, папатай! Алдын сала сақтандырамын деп аңдамай айтып салыппын.

Айқын. Сен өзін, Есқазының қандай адам екенін білемісің?

Ботабек. Білем, папатай, білемін. Ол нағыз асыл адам.

Айқын. Ал, Шалтақбайың қандай адам?

Ботабек. Әділін айтқанда, ол барып тұрған сұм... Оны не үшін сұрадыңыз?

Айқын. Онда сенің жаманмен достасып, жақсымен жауласуың қалай?

Ботабек (Күлімсіреп), Сізше мен Шалтақбаймен доспын ба?

Айқын. Енді қалай?

Ботабек. Керісінше.

Айқын. Бекер!

Ботабек (ызалы). Папа! Мен жапан түзде жалғыз қалған сорлы емеспін. Тіпті сондай қайғылы күйге түссем де дос етерім Шалтақбайдан гөрі ажалдың өзі. Сондықтан намысымды бұлай қорламаңыз.

Айқын. Онда сенің досыңның — жау, жауыңның — дос керуі қалай?

Ботабек. Маған керегі сол. Мына бір лаң аяқталғанша жұрттың бәріне солай көріне алсам өзіме ризамын.

Айқын. А, сен домалақ арыздан қорқып түсіңді өзгертіп жүрсін, бе?

Ботабек. Біріншіден, қазіргі жағдай сақтықты талап етеді, екіншіден, Шалтақбайдың кім екенін білу.

Айқын. Оны білудің енді ғана керек болуы қалай?

Ботабек. Өзім үшін емес.

Айқын. Енді кім үшін?

Ботабек. Оны айтқызбай-ақ, өзіңіз түсініңіз.

Айқын (Ботабекті бір қолымен құшақтай отырып). Менің түсінгім келетіні Шалтақбай емес, өзіңсің... Шошынған жүрек сескене береді.

Ботабек. Папа! Мен қазір бала емеспін, кімнің кім екенін біле аламын.

Айқын. Білем, білем дей бермей тыңда, балам! Мен будан отыз бес жыл бұрын, атап айтқанда, он сегізінші жылдың жазында компартияның қатарына кірдім! Сол күні тұңғыш рет қолыма қару алып америка мен ағылшындардың, ақ пен алаштың Жетісуда ұйымдастырған бандаларына қарсы аттандым. Сол күннен бастап Қазақстанда болған барлық күресті бастан өткіздім. Соның бірде бірінен. сүрінбей, зор даңққа ие болып келген әкеңді будан жеті жыл бұрын сен сүріндіріп, бетіме дақты бірінші рет түсірген едің. Ол кезде де сен бала емес, институттың үшінші курсында оқитын жиырма екі жастағы жігітіңді. Сонда сен не істедің? Бір кезде әкеңе, әкеңе ғана емес, бүкіл халқыңа қарсы оқ атқан бандалар мен байлардың, алашордашылардың тон жамылған балаларының шырмауына түстің. Олар сені теріс жолға салып батпаққа батырды. Егер партия мен үкімет сенің келешегіңнен үміт етпесе, сен жоққа тән едің. Егер оны ұмытып тағы да теріс жолға түсер болсақ, ешкім де енді кешпейді! Ең алдымен кешпейтін өзіңнің әкең. Осыны есіңе мықтап сақта, бар айтарым осы.

Ботабек (көзін оттан алмай мелшиген қалпы). Рас, мен бір кезде адастым. Жастықтың әсерінен адасып теріс жолға түстім. Бірақ дәл қазір сол Ботабекпін бе? Егер де ол болмай, теріс жолдан қайтқаныммен қоймай совет ғылымына аз да болса үлес қоссам оны неге көрмейсіз? Тым болмаса диссертациямды. неге еске алмайсыз. Әлде оны оқып та көрген жоқсыз ба?

Айқын. Оқыдым. Тағы да оқымақпын. Жақсы айтсам тасыма да, жаман айтсам жасыма. Мен сені тағы да құлайтын болар деп қатты қорқып жүр едім, олай емес, диссертацияңның бұл варианты мені қатты қуантты. Ғылыми анализдердің, әсіресе Сағым даласына қандай өсімдікті қалай өсіруді көрсеткен жолдарың ете қызықты. Бірақ ғылыми ойларыңды қорытуға келгенде мейлінше шатқаяқтайсың.

Ботабек. Түсінбедім.

Айқын. Оған мен де түсінбедім. Диссертацияң екі стильде, ала-құла жазылған. Кейбір жерлері сүйсіндіріп Сағым даласының келешегін көз алдына алып келсе, енді бір жерлері тұманданып кетеді.

Ботабек. Тамаша, тамаша көре білгенсіз, папа. Шынында екі стильде екені рас. Оның себебі — мен алдымен ғылыми жағын жетілдіріп алайын деп бар күшті соған салдым да, басқа жағына әлі редакция да жүргізгем жоқ.

Айқын. Асбазшы да шала піскен асты ұсынбайды ғой. Әлі піспеген нәрсені сен неге ұсынасың?

Ботабек. Мен сізден басқаға ұсынғаным жоқ ұсынбаймын да. (Зейнет, оған ілесе Есқазы, Жазира, Люба, Елжастар — кіріп келеді.)

Зейнет. Папа! Шүйінші! Біз әрбір скважинасы жүз елу текше метр су беретін зор бассейнге жеттік!

Айқын (құшағын жайып). Келші, қарлығашым! Болашақтан ұшып келген қарлығаштай көріндің ғой.

Есқазы. Ендеше мен болашақтың қарлығашы деген бір күй тартайын. (Домбырасын алып қағып-қағып жібереді.) .

Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Төртінші сурет

Ботабектің үйі. Орталық бөлменің екі жағында екі есік, мұның бірі сырттан кіретін, екіншісі қатардағы бөлмеге кетеді. Бақшаға шығатын төрде тағы бір есік бар. Сол есік арқылы және оның екі жағындағы терезелерден миуалы бақша көрініп тұр. Перде ашылғанда Люба әндете жүріп стол үстін әзірлейді. Бақша жақтан Зейнет келіп, төргі есіктің көзінде бұған қарап тұр.

Люба. Зоя, сен кімді ойлап тұрсың? Елжасты ма?

Зейнет. Елжасты да, сені де.

Люба. Мені ойласаң кел де көмектес, ал, Елжасты ойласаң тезінен Сағым даласына жет, ол бүгін сонда кетті. Я, өмір заулап барады... Кеше ғана сияқты, бәріміздің сол суық, шел далада сенің суға жеткен күніңді семьямыз болып тойлағанымыз. Бүгін сол жерде Елжастың егіні жайқалып тұр.

Зейнет. Шайыңды тездетші, біз асығыс едік.

Люба (ыдыстарға қараған жағын өзгертпей). Сенің енді тіпті асығарыңды сезіп өзім де тездетіп жатырмын-ау. Ағаң ғой бөгеп жатқан. (Терезеден шарап.) Машинасы магазин алдында әлі тұр. Дәп қазір «пәлен пәленовна, әне бір бөтелкелердің бір-екеуін маған рақым өтіңізші» деп сызылып тұрған болар.

Зейнет. Біздің ағайдың бір жақсысы: жұрттың бәрінің аты-жөнін біледі.

Люба. Оның кісі аттары жазылған блокноттары кемінен отыз шақты болар. Таныстары сондай көп, бір ғажабы достары жоққа тән.

Зейнет. Онысын мақтай алмадық.

Люба. Ия, жайқалар жапырағы жоқ қу ағашты кім мақтасын.

Зейнет. Қу ағаштың бұл жерде не қатысы бар?

Люба. Досы жоқ адам сол секілді емес пе?

Бір қолында коньяк, екінші қолында виносы бар Ботабек келеді.

Ботабек. Міне, бәйбіше, қуанышты күннің түрлену! үшін бұйрығыңыз бұлжымастан орындалды. Зейнет, амансың ба? Ой жаным менің.

Люба. Еркем-ау, коньякты қайтесің?

Ботабек. Үндеме, бүгін қартқа қалай да ішкіземін. Егер біздің бүгінгі Қуанышымызға ішпесе, әкем де болса көрмеспін.

Зейнет. Ол ненің қуанышы?

Ботабек. Үндеме, жаным, тойдан той ұласқалы тұр. Бір, екі, үш, төрт.

Зейнет (әзіл түрде). Әдейі болған соң., төрт емес жеті болсын да, бір жеті бойы ішетін.

Ботабек. Ол да ғажап емес. Біріншісі, біздің бүгін жан түршігерлік жаладан құтылғанымыздың тойы. Енді бірі он бес күннен соң мен ғылыми атақ аламын, екіншісі соның тойы. Үшіншісі, Елжас екеуміздің арманымыз іске асып, Сағым даласының жеңілген тойы. Төртіншісі, Елжас екеуіңнің тойың.

Есқазы келеді.

Есқазы (сөйлей кіреді). Аузыңнан айналайын, Ботажан, әсіресе соңғы айтқан тойың ұнап кетті. А, Зейнетімнің өзі де тұр екен ғой, саусың ба, қарағым. (Зейнеттің маңдайынан сүйеді.)

Люба. Боташ, сен байқайсың ба? Осы қаулы шыққаннан бері біздің малшылардың кеуделеріне ғажайып бір шаттық тасқыны құйылған секілді.

Ботабек. Ондай тасқын Елжас екеуміздің кеудемізге бұдан үш жыл бұрын, Сағым даласына апарып жоңышқа мен сұлыны ең алғаш еккен күні құйылғанды.

Люба. Сен тағы да өткендегіңе мәз болып кеттің.

Ботабек. Өткендегіні емес, мен алдағыны айтып тұрмын. Мал қанша көбейсе де, қысы-жазы қолда бағудың үлгісін бүкіл ел ертең біздің Сағым даласынан керетін болады, оны көрсететін біз боламыз. Мен диссертациямның бір тарауын бүтіндей соған арнадым.

Зейнет. Онда Елжас екеуіңіздің ойыңыз бірдей екен, бірақ оның бұл жайында жазғаны бір емес, бірнеше тарау.

Ботабек. Зекен, біздің бір құпия әңгімеміз бар еді, сен бақшаға барып серуендей тұршы.

Зейнет. Бізге серуеннен гөрі тез кету керек. (Шығып кетеді.)

Ботабек (салмақтанып). Люба, Есекең екеуміздің сенімен ақылдасатын бір үлкен мәселеміз болып тұр. Тоқетерін айтқанда, Есекеңнің бізбен құда болғысы, соны бүгін осы үйде папама айтқысы келеді.

Люба. Жүр, самаурынды көтеріс. (Ботабекті қолтығынан ұстап алып кетеді.) Ата, кешіріңіз, қазір сөйлесеміз.

Есқазы(жалғыз). Бастығымыздың қабағы түйіле қалды ғой, бұл қалай? Әлде бұл ниетіміз оған ұнамады ма? Жоқ, ол мүмкін емес. (Айналаға көз жүгіртіп.) Алматыдағы өз үйін білмеймін баласының үйі менің үйімнен артық емес. Ендеше мен неге жасқана беремін осы?

Ботабек самаурынды көтеріп келеді.

Ботабек. Есеке, үйдегі көретін күніміз осы, әйел жұмысының. қақ жартысын өзіміз атқарамыз.

Есқазы. Бізде де солай, шырағым. Кемпірім су әкелсе, мен отын әкелемін. Кемпірім от жақса, самаурынға шоқты мен саламын. Етті ол пісірсе, тұрауын мен тұрамын. Ең ақыры, коньякты ол құйса, ішуін мен ішемін.

Ботабек. Онда сіздің менен артық бір жеріңіз бар екен. Мына келініңіз шарапты маған құйғызады да өзі де ішеді, маған да ішкізеді.

Люба. Бар тапқаның өтірік болды, онан да папамды шақыр.

Ботабек. Айтпақшы, ол қайда?

Люба. Бақшада жүр.

Ботабек. Сенің кейде оған қамқорси қалатының бар сол әдетіңді бүгінше таста да, баса күй. (Кетеді.)

Есқазы. Қызым, қабағың бүгін неліктен қатыңқы?

Люба. Қайдағы бір ойлар келіп, түнімен үйықтай алмадым, соныкі болар.

Есқазы(әзіл түрде). Шалтақбай түсіне кірген жоқ па, әйтеуір.

Люба. Түсіме кірген жоқ, бірақ әртүрлі елес беpiп, ұйықтатпаған сол. Байқайсыз ба, ол сотқа берген кешегі жауабында өз тымағын өзіне атқызған. Ботабек дегісі де келді-ау!

Есқазы. Суға кетіп бара жатқан адам толқынды да қармайтын.

Люба. Ол маған біресе жаралы аңдай, біресе жазықсыз жандай көрінеді, қайсысы екеніне көзім әлі жетпейді.

Есқазы. Шалтақбай жазықсыз жан болып көрінсе шынында да көзіне ұйқы тығылған екен.

Люба. Тек көңіл ұйқысы болмай, көз ұйқысы болса екен. (Күрсіне сөйлеп.) Әй, олай емес пе деп те қорқамын.

Айқын, Зейнет, Ботабектер кіреді.

Айқын. А, қария, сәлем бердік. (Қолын ұсынады.) Хал қалай?

Есқазы. Бүтіндей бір ғасырдан күткенін, бұдан үш күн бұрын көріп қарияның шалқуда, Айқынжан.

Айқын. Ғасырдан?..

Есқазы. Ия! Мен болашақты ойлай қалсам мүлдем шарықтап, тіпті шеберлерімнің шөберелерімен де сырласатынмын. Сонда менің көзіме Сағым даласы бақыт бақшасы болып көрінетін. Бірақ қиялым қанша жүйрік болса да сол күнге жетер жолды таба алмай, малшылардың өмірі коммунизм кезінде де қысы-жазы көшумен өтеді-ау деп қиналатынмын. Енді ол жоқ. Партиямыздың мына қаулысы қиялым жетпеген сол өмірге өзімізді де жеткізгелі тұр.

Ботабек. Ол кез әлі де алыс тұр-ау, Есеке!

Есқазы. Е, шырағым, біздер ойымыз жеткенге қолымызды да жеткізіп дағдыланған елміз ғой, қанша алыс дейсің.

Айқын. Дұрыс, өте дұрыс айттыңыз.

Есқазы. Сезімді қостасаң — бар тілегімді де қоста. Ең алдымен станцияңды тез бітіріп бер.

Айқын. Өзім де сол үшін асығып келемін.

Есқазы. Онда (рюмкені көтеріп). Есқазының арманына жетіп, партиямыздың үш жылда дегені екі жылда орындалуы үшін.

Айқын. Бәріміздің де ұранымыз осы болсын. (Бәрі де көтереді. Айқын Любаға.) Балам, шайыңды тез құйып жібер.

Ботабек. Айтпақшы, папа, сіздер бүгін тағы да бір үлкен қуаныштың үстіне келдіңіздер. Біз бүгін осы" отырған үшеуміз, Елжаспен төртеуміз өліп-тіріліп дүниеге қайта келгендейміз.

Айқын (таңдана шарап). Өліп-тіріліп?!

Ботабек. Ия, биылғы домалақ арыз түгелінен өтірік болып шықты.

Айқын. Сен өзің ол арыздан қатты қорыққансың ба, қалай өзі?

Ботабек. Жақпаған күйесі, жаппаған жаласы жоқ, қорықпасқа бола ма?

Есқазы. Ол иттің ғана баласы, мені банданың туысы деп те соқты-ау әлі.

Айқын. Сіз де қорыққан ба едіңіз?

Есқазы. Өтіріктің өрге баспайтынын білемін, несіне қорқамын.

Айқын (Ботабекке). Ал, сен не үшін қорықтың? Әлде жетпістегі қойшы шал жеткен жерге жете алмаған соншалықты қанатсыз ба едің?

Люба. Папа, бұл ғана емес, мен де қорықтым.

Айқын. Онда екеуіңнен туған бала қояннан да қорқақ болар.

Люба (күлімсіреп). Себебін айтқызыңыз.

Зейнет. Айтып жібер.

Люба. Жаладан емес, сіздің атыңызға кір келтіреміз бе деп қорықтық.

Айқын. Жалақорларың кім болып шықты?

Ботабек. Ол әлі табылмай тұр, тапқызатын да түрі жоқ.

Есқазы. Табылады, шырағым, халықтың көзі көреген, таппай қоймайды. Қоянбаевқа бола келелі әңгімемізді білмейікші, Айқынжан бұдан кейінгі бетің қай жақ?

Айқын. Сағым даласын толық игергенше ешқайда кетпеспін.

Есқазы. Соның жөн, Айқынжан. Қартайғанда балалардан алыстап қайтеміз.

Айқын. Көмейіңізде басқа бір сөз тұр ғой.

Ботабек. Папа! Біздің сізден тілер үлкен бір тілегіміз бар, ол кісінің айта алмай отырғаны сол.

Айқын. Ол не?..

Ботабек. Зекен, жаным! Сен бізді свежий қиярмен сыйлап жіберші.

Зейнет (көтеріле бере астарлай сөйлеп). Қиярыңыз шикі бірдеңе болса, жұламын да лақтырамын. (Кетеді.)

Люба (оның ойын сезіп қалып, сөздің бетін бұрғысы келеді). Біздің бұл атай, қашан Сағым даласы малдың лагеріне айналып болғанша сізді ешқайда жібергісі келмейді (Есқазыға.) Солай ма?

Ботабек. Түк те олай емес. Папа! Бұл кісінің сізбен (именіңкіреп) құда болғысы келеді.

Есқазы. Ия, Айқынжан! Зейнетті балам ету, менің өмірден тілер ең соңғы арманым.

Айқын (Ботабекке). Құдалық сенің, де үлкен тілегің бе?

Ботабек. Ия, менің де, папа! Менің достық қарызымды осылай өтеуге берген уәдем де бар.

Айқын (түнеріп). Уәде.... қарыз... Сонда бұл нендей неке болғаны? Сен өзіңнің баянсыз достығың үшін Зейнетті беруге уәде еткенсің, ә? (Ботабек үндемейді.) Онда мен әлі адасып жүр екенмін.

Бәрі де үнсіз. Люба мен Есқазы ақырын біріне-бірі қарайды, Ботабекте ешқандай өзгеріс жоқ,

Есқазы. Адасқандық па, асқандық па кім білсін. (Кесесін сырғытып жіберіп кейін шегінеді.)

Айқын. Сіз түсінген жоқсыз, Есеке!

Есқазы. Жоқ, жақсы түсініп отырмын. Сен мендей қойшымен құда болуды намыс көресің, бар адасуың сол ғана. Есіңде болсын, мен қойшы болсам да ғалымдардан кеммін деп ойламаймын. (Айқын мырс етеді.) Әттең, жас кезімде байлардың қойын бақпай оқыған болсам сенен кем ғалым болмас едім.

Айқын. Есеке, сізді кем тұтып отырған ешкім жоқ, өтінемін, ондай ойдан аулақ болыңыз.

Есқазы. Ондай сыпайыгершілікті Есқазы түсіне біледі. Сен бізді менсінбейтін болсаң, түгел менсінбе. Люба біздің колхоздың қызы, қайтып бер өзімізге.

Зейнет бір тарелка қияр әкеп стол үстіне қояды.

Айқын. Сіз де адасып отырсыз, Есеке! Рас, Люба колхозшының қызы, Ботабек ғалымның баласы. Сіз осыны ғана білесіз, бірақ екеуінің айырмасы қандай екенін білмейсіз. Менің балам, ең ақыры өзінің әйелінің де үлгісін ала білмепті. Мен соңғы кезде осыны сезе бастадым. Бұрын жасынан жақсы тәрбиелей алмағанымды сезіп өкінуші едім, енді сол өкінішім қоюланып барады. Зейнет, жолға әзірлен! (Екінші бөлмеге кетеді.)

Ботабек. Бүкіл елге жақсам да, өзімнің әкеме бір жақпай қойдым, неткен бақытсыз едім?

Люба. Боташ, сен долдана бермей әкеңнің жаңағы бір сөзіне тереңірек түсін!

Ботабек. Керек болса сен-ақ түсін. Өзімді сыйламаған адамды мен де сыйламаймын. (Басқа үнмен.) Ең ақыры диссертациямның қорғалатын күнін де сұрамастан кетіп барады. Сондай да әке бола ма екен.

Люба. Сен алдымен өзіңді сыйлашы. (Айқын келеді.) Папа, балаңыздың диссертация қорғауына келесіздер ғой?

Айқын. Оған келмесем несіне әкесімін. Үш күннен кейін үкімет комиссиясы барып Сағым даласындағы жел электр станциясын қабылдайды, сендер де келіңдер! (Ботабекке.) Диссертацияңның күні белгіленді ме?

Ботабек. Ғылым советі бүрсігүні белгілейді, одан арғы күні газетке де жарияланады.

Айқын. Есеке, сіз отарыңызға қайтпайсыз ба?

Есқазы. Қайтамын, бірақ сенің машинаңа енді міне қоймаспын.

Айқын басын бір шайқайды да шығып кетеді, басқалар да шыға бастайды.

Ботабек (Есқазыны кейін алып қалып). Есеке, мен тірі болсам ол тілегіңізге жетесіз, жеткіземін. Әзірше қош бола тұрыңыз. (Қол алысады.)

Есқазы. Сен болсаң жоғарылай ауданымыздан кетіп барасың, Академияға барған соң әкең секілді аспанға қарап, ауылдағы біздерді танымай кетесің бе, қайдан білейін.

Ботабек. Ол менде болмайтын әдет, Есеке!

Есқазы. Сақтан! Әдемі кабинеттегі сырлы столдар ақылы аздардың көзін майландырып жіберетін көрінеді.

Ботабек. Бір тәуірі мен олардай қарын мен емес, баспен ойлаймын.

Есқазы. Соның жақсы, қош! (Кетеді.)

Ботабек (жалғыз). «Өзгені танудан бұрын өзіңді таныт, ол үшін неден болса да тайынба» деген сөз бірде бірінің аузына түспейді, ә? Мейлі түспесе, өздерің алдауыма түсе берсеңдер болды, басқаны мен тілемеймін. Сол үшін! Жан білмейтін жасырын сырларым үшін!

Коньяк құйып бөтелкеге соғыстырып ішеді. Любаның келе жатқанын сезіп, диванға жата кетеді, қолында газет.

Люба (оның қасына келіп отырады.) Сен әкеңнің сөзіне шамданбай ақылға сал.

Ботабек. Қойшы, сол алжығанның сөзін.

Люба (оның кеудесіне жантая, шашынан сипай отырып сөйлейді). Өкпешім менің ойлан!

Ботабек. Ал, ойландым.

Люба. Әкең қанша қатты айтса да, басқаның тәтті сөзінен қымбат екенін біл. Оның «адастым» дегені «адастырдың» дегені, сол сөзіне ой жібер.

Ботабек. Оның сөзіне рахаттанған екесің, ә?

Люба. Рақаттанбасам да қынжыла қойғаным жоқ. (Ботабек теріс аунап түседі. Люба оны иығынан тартып өзіне қаратып алады.) Ойлан, еркешім: қанша туласаң да бізден жақынды таба алмайсың. Егер әкеңе өкпелесең, өзіңді ерке ғып есіргеніне, бойыңнан бүгінгі көргендерін тым болмаса бұдан он жыл бұрын көрмегеніне өкпеле. Маған өкпелесең кейбір жат қылықтарыңды оның көзінен бүркеп келгеніме өкпеле.

Ботабек. Сен неге бүркедің жауым ба едің?

Люба. Жауың емеспін, жасырайын да дегенім жоқ. Албырт жастық алғашқы кезде көзімді байлап тастапты. Ол кезде сенің маған өтірік күлкің де сұлу көрінетін. Енді, ой тоқтатып қарасам...

Ботабек. Иә, айта бер. Енді қалай көрінетін болдым?

Люба. Сен өзіңнен басқаның ескенін көре алмайтын, өзіңнен басқаның бәрінен ең ақыры театрдың алдыңғы қатарын да қызғанатын көр кеуделі күншілдер сияқты болып барасың.

Ботабек. Сеніңше, мен анық солаймын ба?

Люба. Ол ғана емес, сен рақатты арақтан тапқаныңдай, бар жақсылықты да құлықпен, алдау-арбаумен қолдан жасап алғың келеді.

Есік қағылады, Люба есік ашуға кетеді.

Ботабек. Кандидат атағын алып, ақшаны кеп табатын болайын, сен қатынмен сонан соң сөйлесермін, әзірше мияулап жүре тұр.

Люба (қуана кіреді.) Боташ! Саған бір үлкен сыйлық әкелдім, биле жылдам... тез... тез!

Ботабек (жатқан күйі аяғын ербеңдетеді.) Міне, биледім, әкел!

Люба. Атақты академик кітап жібергенде төбеңмен билемейсің бе?

Ботабек (атып тұрады). А! Денисенкодан ба? Анық кітап па? (Пакеттің сыртын ұстап.) Ия, кітап. Бұл қалай? Сонда ол кісі менің диссертациямды қорғалмастан бұрын бастырып шығарған ба? (Аласұрып, кітаптың орауын бастайды.)

Люба. Сен диссертацияңды ол кісіге жіберіп пе едің?

Ботабек. Енді қалай? Жүрегі құрғыр неге тулап кетті? (Пакеттің ішінен сырты мұқабалы бір қолжазба мен екі кітап шығады.)

Люба. Кітап дегеніміз сенің қолжазбаң ғой? Жоқ, кітап та бар екен. (Қуанышты.) Міне, ғажап, Елжастың кітабы. (Бірінші бетінен бастап әр бетінен.) Елжас Есқазин... «Сағым даласының болашағы». Ғылыми очерк... Сөз басы да жазылған. Жазған (бір-екі бетін ашады) академик Денисенко. Көрдің бе, Елжас қандай бақытты, ә?

Ботабек(сыр сездірмеуге тырысып). Оның бақытты екенін жаңа білдің бе? (Қолжазбаның иінен конвертке салулы бір хат алады.) Сөз басы қай тонда жазылды екен, оқып шықшы?

Люба. Мұны мақтап жазғанын оқымай-ақ біліп тұрмын, саған жазғанын оқиық?

Ботабек (оқығысы келмей, қыбыжықтап аз тұрады да, амалсыз оқиды, дауысыңда діріл бар). Жолдас Дәуренов! Мынандай себептермен қолжазбаңызды өзіңізге қайтарып отырмын. Сіз Есқазин жолдастық осы тақырыпқа жазған мына еңбегін оқып көріңіз. Не себеп екені маған қараңғы, сіздің бұл еңбегіңіз сол Есқазин жолдастың кітабына қатты ұқсайды... (Міңгірлеп.) Мынау не шатады-ей?

Люба. Оқи бер, оқы!

Ботабек (жаны қысылғанын сездірмеуге тырысып, зорға оқиды). «Сөзім дәлелсіз болмас үшін әлі тиражы басылып үлгірмеген кітаптың екі данасын сізге жіберіп отырмын. Қолжазбаңызды осы кітаппен салыстырып оқысаңыз, кемшілігіңізді қаншалықты мол екенін көресіз. Кейбір жерлеріне белгілер қойып отырдым...»

Люба. Кей жерлеріне дейді? (Қолжазбаның беттерін ашып.) «Есқазиннен, Есқазиннен» деген бір сөзді әр бетіне жаза беріпті, мұнысы несі?

Ботабек (кітапты оның қолын жұлып алып, белгіленген жерін иінен оқиды да, тістеніп тұрып лақтырып жібереді.) Ех, азғын! Арсыз! Опасыз! (Сылқ етіп отыра кетеді.)

Люба. Боташ! Сен кімді айтып турсың?

Ботабек. Кім екенін көрмей тұрсың ба?

Люба. Сонда, Елжас сенің диссертацияңды пайдаланған бола ма?

Ботабек (қатты). Пайдаланбаса мынау не? (Атып тұрып кетуге әзірленеді.) Сондай зымиянды да дос көріп, оған жалғыз қарындасымды да қидым-ау, ай, аңғал басым-ай!

Люба. Өзің тыпырлап қайда барғалы жүрсін?

Ботабек. Почтаға барып Алматыға заказ беремін. Біреудің жеті жылғы еңбегін ғана емес, сезімін де ұрлайтын мұндай ұрыға қарсы бәрін де аттандырамын. (Кетеді.)

Люба (жалғыз). Бұл не сұмдық? (Жалма-жан Ботабектің қолжазбасының беттерін ақтарып, оқи бастайды.) Есқазиннен 37 бетті қара... (енді Елжастың кітабын ашып ішінен оқиды да, онан кейін Ботабектің қолжазбасын оқып сұрлана түседі. Екі кітапты кезек аударып.) Есқазиннен сол 37 бетті қара. Есқазиннен 37—38 беттерді қара! (Екеуін тағы салыстырып оқиды.) Бұл не масқара. Қалайда екеуінің бірі ұры. Сонда ұры кім? Кім? (Ойымен алысып жүріп кетеді.) Кім, Елжас па? Соның мұнда ешкімге көрсетпестен кітабын Москвада бастыруы қалай осы?.. (Кенет шошынғандай.) А! Мен алжастым ба? Не деп тұрмын? Мұндай пасықтыққа кімді қиып отырмын? Елжасты ма? Масқара! Мен не боп кеттім? (Қайта ойланып.) Сонда кім, ұры дерім? Ботабек пе? Жоқ... жоқ... мүмкін емес, мүмкін емес. Тоқта! Тоқта! Мына бір сұмдықтың елесі қылт етті-ау. Диссертациясын соңғы рет жөндеп жүрген кезде осының үстелінің үстінде қазақша басылған бір материал үнемі жатушы еді, сол не?.. Егер ол Елжастың жоғалған қолжазбасын тауып алған болса, кімге бастырады? Сайраға ма? Жоқ, оның байымен өш! Енді кімге, Әлде Мариямға бастырды ма? Жоқ, оның өзінен қорқатын. Енді кімге? Мейіз ол кезде сотталып кеткенді, басқа кім бар? Тоқта, тоқта! Оның сотталмастан бұрын басуы мүмкін-ау. Ия, сол. Ботабектің онан басқа сенері жоқ. (Телефонға жетіп барып, кенет тоқтай қалады.) Оның өзі жел ауыз әйел еді, ойдағым болмай ұятқа қалар ма екенмін? Жоқ, неде болса көндім. (Телефонды алып.) Маған бір де он екіні беріңізші... Мейіз жеңгей бар ма екен? А, өзіңізсіз бе? Кешіріңіз, мен өзіңіздің көршіңіз Люба ғой. Жеңгей, уақытыңыз болса маған келіп кетіңізші. Тойды енді жарты айдан кейін көрерсіз, қазір үлкен жұмысым болып тұр, тез келіңізші! (Телефонды орнына қояды.) Осы мен не істегелі тұрмын? (Ойланған күйі келіп Ботабектің қолжазбасына қайта үңіледі. Аздан соң есік қағылады.) Келе беріңіз! (Мейіз келіп кіреді.) А, сіз келіп те қалдыңыз ба?

Мейіз (күлімсіреп). Бұрын шабан-ақ едім, лагерьден қайтқаннан бері елгезек болып кеттім.

Люба. Қалай, жақсы демалып жүрсіз бе?

Мейіз. Атама! Жаным рақаттан басқаны сезінбейтін болып кетті.

Люба. Үкіметіміздің сенімін ақтап, адал енбек етсеңіз, барлық өміріңіз рақат екенін де сезетін боларсыз.

Мейіз. Биылғы кешіріммен босаған мен сияқтыларға өзінің ғана адал болуы аз, өзгені де адал етуі керек.

Люба. Осы ғой менің сізден күткенім. Отырыңызшы.

Мейіз (отырады). Мен ата-ананың да, жолдастың да, достың да, жастайынан қосылған қосақтың да мейірімін көрдім. Бірақ, үкімет мейірімі соның бәрінен де қымбат екен.

Люба. Өте ақылды сөз. Тек осыны ұмытпағайсыз.

Мейіз. Әкеп қой қолды. (Қол алысады.) Есінде болсын менің қазіргі ен. сүйерім адалдық, адал адам үкіметіміздің жақсылығын ешуақытта ұмытпайды.

Люба. Онда жасырмай айтыңызшы, сіз былтыр сотталардан бір ай бұрын Ботабектің қандай құпия материалын бастықсыз?

Мейіз. Құпия!.. Алла! (Орнынан атып тұрады.) Сен мені құрттың ойбай, құрттың! Сұрама оны, сұрама. (Екі қолын ербеңдетіп, кейін иегіне береді.)

Люба. Сізге не болды?

Мейіз. Түк те болған жоқ, мына пәлені сұрай көрме.

Люба. Сіз жаққа ғана адалдықты көбірек айтқан едіңіз ғой.

Мейіз. Жо-жо-жоқ. Үй ішінің ондай ұсақ жұмысын үкімет жұмысымен араластырма.

Люба. Жеңгей, ойланыңызшы! Егер біреудің ұрлығын жасырып, қылмысына ортақтассаңыз қалай болады.

Мейіз. Апыр-ай, жаным-ай, не дейсің? Ол қалайша ұрлық?

Люба. Өтірік аңқауланбаңыз.

Мейіз. Мен ант бұзудан қатты қорқатын адаммын, бауырым. Есім шығып кетті, бауырым... Өзің білесің, мен сонау екі баламның арқасында босандым ғой. Ешкімге айтпасқа сол екеуін атап ант берген едім. Құдай-ай, өзің сақтай гөр.

Люба. Антты кімге берген едіңіз?

Мейіз. Кімге болсын, Ботабекке де. (Теңселіп жүpiп кетеді.) Сорлы басым... Артында осындай сұмдығы барын қалай білмедім.

Люба. Балаларыңызды атап ант бергендей не Күн туды?

Мейіз. Қылмысы бар адамның әдеті емес пе, қыл-қыбырдан да қорқатын. Қайдан сезгенін білмеймін, ол менің жасырын сауда істейтінімді біліп алыпты. Егер мына материалды басқаныңды тірі жанға айтар болсаң, соттатам деген соң, есім шығып кетті.

Люба (қолын алып). Рақмет сізге, көп рақмет.

Мейіз. Не үшін?

Люба. Әмірімді қорғап қалғаныңыз үшін. Ендігі тілегім бұл жайды әзір дабыра қылмай қоя тұрыңыз.

Мейіз (паузадан соң). Жоқ бұл тілегіңді орындай алмаймын. Мен енді бірін емес, бәрін де айтамын. Ол маған дәл сотталардан аз-ақ бұрын тағы бір құпия материал бастырын алған-ды, оны да айтамын. Лагерь 390-ден құтылып келгеннен кейін сенен жасырып 500 сом ақша берген-ді, оны да айтамын. Антым боса да бұзылды, енді аянарым жоқ. Екі баланы құдай сақтар, сақтамаса ұжданымның садағасы.

Люба. Екіншісі қандай материал?

Мейіз. Қорқақ Қоянбаев деген біреудің арызы.

Люба. Қорқақ Қоянбаев?

Мейіз. Ия!

Люба. Кімдер жайында жазылған?

Мейіз. Қателеспесем соның ішінде сен де барсың, Ботабектің өзі де бар. Сонан соң әлгі «Гүлстан» колхозының агрономы Елжас пен оның әкесі Есқазы бар.

Люба. Сізге оны не үшін бастырды?

Мейіз. Не үшін екенін маған айта ма? Мына біреу біздің үстімізден түскен арыз екен, осыны құпия түрде машинаға бастыру керек болып тұр, бұл мемлекет құпиясы деп ешкімге айтпасқа тағы да ант алды... Немене бұл да ұрлық па?

Люба. Ұрлықтың да, сұмдықтың да ен үлкені осы. (Жүріп кетеді.) Сіз енді кете беріңіз.

Мейіз (кете бере қайта оралып). Қарағым Люба! «Аузы күйген үріп ішеді» деген. Мен аузы күйген адаммын, қылмысты біле тұра айтпауым қылмыс болар. Өзін айт, айта алмасаң өзіме қойып бер. Екі баламды құдай сақтар, сақтамаса өзі алар, көндім. Мен енді ешкімнен де қорықпаймын.

Люба. Екі Күн шыдасаңыз бәрі де ашылады. Тек осы айтқандарыңыздың анықтығына менің көзімді әбден жеткізіңіз.

Мейіз. Қалай?

Люба. Мен жоқта келіңіз де, өзімен ақылдасқан болып кетіңіз, аржағын өзім білемін.

Мейіз. Мақұл, мақұл. (Кете бере, қайта тоқтап.) Тоқтай тұр, сонда не деп ақылдаспақпын?

Люба. Біздің сол ұрлығымызды ел біліп қойыпты, енді қайттік десеңіз болды.

Мейіз. Ол да жөн екен. (Кете бере тағы тоқтап.) Елін кім десе не деймін?

Люба. Кім екенін білмеймін, біреулер телефон арқылы сұрап, қорқытып жүр деңіз. Оның келетін мезгілі болып қалды тез шығып кетіңіз.

Мейіз. Кетейін, кетейін. (Кете бере тағы бұрылып.) А, оған қашан келейін?

Люба. Мен қазір кетіп, оңаша қалдырамын, кешікпеңіз.

Мейіз. Ой, құдай-ай, мұның ақыры не болар екен. (Кете бере тоқтап.) Қарағым Люба, осыдан тағы бір пәлеге ұшырай қалсам, анау екі балам саған аманат.

Люба. Енді ешқандай пәлеге ұшыра алмайсыз, қорықпаңыз! (Шығарып салып, қайта келеді.) Бұл әйелге сену де қиын, екеуінің сөзін қалай естісем екен? Олар ғой осы бөлмеде, мына жерде отырып сөйлеседі... (Терезенің пердесін жамылып.) Осы жерге жасырынсам ба екен... Жоқ, мұнан сезіп қалады!

Төргі бөлмеге кетеді, аздан соң. Ботабек келеді, ол ауыр ойда, папирос алып тарта бере төргі үйден шыға келген Любадан шошып селк ете түседі.

Ботабек. А, сен екенсің ғой?

Люба. Енді кімді күтіп едің? (Өте береді.)

Ботабек. Менің қазір Алматыға жүруім мүмкін, үйді тастап қайда кеттің?

Люба. Үйдің іші уланып кеткендей кеудем өртеніп барады, кел бойына барып қайтпасам болатын емес.

Ботабек. Мен саған үйді кімге тастаймын деп тұрмын ғой, естимісің?

Люба. Санасы ескеннен бері ұрлықты қойды ғой жұрт. Кім алар дейсің, таста да жүре бер. (Кетеді.)

Ботабек. Мынау не деп кетті-ей? Әлденені сезгендей қалай-қалай қадалады өзі. (Телефон сылдырайды, тыңдап.) Ия, ия, Алматы ма? Бұл кім? А, Сатеке, сәлеметсіз бе? Хал жаман емес. Сіздің тапсырған шаруаңызды да ыңғайлап қойдым. Әкей екі сөзге келген жоқ, осы сапардан қайтып келісімен орындаймын деді. Ой, қызық екенсіз ғой, әке мен баланың кездесуі де сөз бе? Мысалы, ол кісі Сағым даласына кетіп бара жатып, осы үйден жаңа ғана аттанды. Сонда мен бәрін де айттым. Рақметті кейін айтарсыз, әзірше мынаны айтыңызшы, менің жұмысымды қайттіңіз? Жөндеп болдыңыз ба? Ой, көп рақмет... Сатеке, сол жайында бір үлкен соғыс болғалы тұр. Есқазының Елжасы деген біреу менің осы диссертациямды ұрлап алып Москваға бастырып жіберіпті. Сұмдық болғанда атамаңыз тіптен, бұған не істеу керек? (Шаттанып.) Өте дұрыс айтасыз, құрту керек. Ондайлар өмір сүретін бізде орын жоқ. Соны президенттен бастап тіліңіз жеткен жердің бәріне жеткізе беріңіз. Мен бе? Мен тіпті бүгін кешкі поезбен баруға да әзірмін. Онда барған соң сөйлесерміз. Әзірше қош бола тұрыңыз.

Ол телефонды қоя бергенде Мейіз келеді. Ботабек жалған күлкісімен орнынан әндете тұрады.

«Жүрсің бе аман-есен көз көргенім

Жоқ екен бұрынғыдан өзгергенің!»—

Мейіз. Көз көргенің өзгеріп, көргендерінің бәрін күткелі келді.

Ботабек. Көйт-көйт. Екеуміздің бірімізден-біріміз жасырар сырымыз бар ма?

Мейіз. Менің елден жасырар сырым жоқ. Істер қылмысымды істедім, тартар жазамды тарттым, енді ешкімнен қорқа алмаспын.

Ботабек (сезіктене). Осы сен не айтқалы келесін?

Мейіз. Осы сенің маған бастырған былтырғы купел материалың кімдікі? Арызың кімдікі? Түнеугі берген ақшаң кімдікі? Алдымен соны айтшы?

Ботабек (үрейлене құшақтай алып). Жап аузыңды, жап тезірек! (Жүгіріп есікке, онан терезеге барады.) Сен қатын тез жындыханаға бар, бар, тезінен бар!

Мейіз. Керек болса өзің бар.

Ботабек. Сен жынданыпсың. Жынданбасаң осындай сөзді айтармасың? Мен саған қай кезде материал бастырып, қай кезде ақша беріп едім?

Мейіз. Бері қарашы!

Ботабек. Немене, сенің бетің. мен қарамаған бет пе еді? Міне, қарадым. Осындай жаламен қорқытып тағы да сүйгізбексің ғой. Жоқ, тамырым, таудай пәле үйсең де мен сені енді сүйе алмаймын да, бұл құрған тұзағыда түсе алмаймын, шық үйден, шық тезінен!

Мейіз. Былш еткізіп түкірер едім, әттең бір кезде өзім сүйген бетті аяп тұрмын. Ертеңге дейін шыдай тұр, мұндай бет түсірілмей кетпес. (Шыға жөнеледі.)

Ботабек. Мейіз, Мейіз, жаным, кішкене тоқташы! (Соңынан жүгіреді.)

Люба (төргі үйден шыға келіп). Ертең кездесетін болдыңдар ғой, несіне асығасың?

Ботабек. А! Люба!.. Сен... Сен ұрылардай есіктен шығып, тесіктен кіргенің қалай?

Люба. «Жолдасың соқыр болса бір көзіңді қысып жүр» деген емес пе? (Күрсіне сөйлеп.) Бірақ, мен көзімді жұма алмадым, көп жайды көріп, көп жайды естіп келдім:

Ботабек. Кімнен? Көлдегі балықтардан ба? Жоқ, әлде жаңағы сияқты малын да, жанын да саудаға салып жүрген саудагерлерден бе?

Люба. Бәрінен де... Қыбырлаған жанның бәрі де мені мазақ етті. Бәрінің де айтатыны бір ғана сенсің. Елжастың қолжазбасың ұрлағанымен қоймай, оның көзін жойып, еңбегін еркін пайдалану үшін істемеген қастығы жоқ. Қорқақ Қоянбаев деген атпен өтірік арыз жазған да, қыстыгүні Шалтақбайды Есқазыға айтақтап төбелестірген де, оның өз тымағын өзіне атқызып арыз бергізген де. Елжасты әкесінің қылмысын жасырды деп қаралау үшін, ол арызды өтірік бүркемек болған да сенің байың Ботабек дейді бәрі де. Енді оның ешқайсысынан ештеңе шығара алмаған соң, қарындасын бетке ұстап Елжасты жалған достықпен арбап жүр дейді олар.

Ботабек. Өшір үніңді!.. (Екеуі біріне-бірі үнсіз қарасып қалады.) Сені де жарым деп келдім-ау, ә?

Люба. Сол сөзді саған мен айтқалы тұрмын. Жаным деген сөзді соңғы рет айтып жалынамын, бәрімізді бірдей масқара етейін демесең, ақтығына елдің көзі жеткенше, диссертацияңды тоқтата тұр.

Ботабек. Жанашырымсың көлгірсіген жәдігөй. Онан да «бар көксегенім осы еңбегіңнің жарық көрместен отқа жағылуы, егер тілімді алмасаң әлгі сияқты есуас, өсекшілердің жалған арызын жаңбырдай жауғызамын» деген сөзді ашық айт!

Люба. Әрбір сөзің қат-қабат мұз болып жүрекке қатып жатыр. Сонда да төзіп керейін, айта бер! Олай деуге дәлелің қайсы?

Ботабек. Дәлелім сол — сен мені махаббат дәрежесімен бірге көшіп-қонып жүретін желбуаз деп қорқасың.

Люба (ызамен мырс етіп). Ашығырақ айтшы, сен ғылыми атақ алған соң өзімді менсінбей тастап кетеді деп қорқамын ба?

Ботабек. Ол ғана емес, сен өмірдің маған бұйырған бар рақаты мен бақытын Елжасқа бұйырмақсың.

Люба. Ашығырақ айтшы! Атақты сенің емес. Елжастың алғанын, өзімді сенің емес, Елжастың сүйгенін тілеймін бе?

Ботабек. Енді қалай? Елжасқа менің диссертациямды берген де, Маскваға жіберткен де сенсің. Мұны да танымысың?

Люба. Тергелмей кетпейтініңді сезіп, берер жауабыңды ерте әзірлеген екенсің. Бірақ, жазадан құтқара алатын жауапты емес, өзіңді өзің масқаралайтын күлкіні әзірлепсің. (Бар ызамен, бірақ салмақты үнмен.) Неткен құнсыз, неткен арсыз едің?

Ботабек (тістене айқайлап.) Тоқтат! Қан болайын демесең, тоқтат тезінен!

Люба (ызалы күлкімен). Отелло! Түрің Отеллоның Дездемонаны өлтіргелі тұрғандағы түріне ұқсайды, бірақ екеуіңнің айырмаң жер мен көктей. Ол адамгершілікті құрметтейтін асыл адам. Ал сен өзіңді де қорлайтын ұрысың. (Кетуге беттейді.)

Ботабек (алдын кес-кестеп). Тоқтат, деймін мен саған.

Люба. Мені енді тоқтата алатын тек өлім ғана. (Қарсы жүріп.) Жоғал жолымнан!

Ботабек. Есіңде болсын, мен сенің өзімді осылай сатып кететініңді ерте-ақ сезгемін, сезгемін де әзірленгенмін. Енді таудай пәле үйсең де қаңбақтай көрер мен жоқ. Екіншіден, менің негізгі ұрым Елжас емес, оның сыбайласы сенсің. Ертең сот скамейкасында Елжаспен бірге сен де отырасың. Осыны есіңе мықтап сақта да (жолды босатып) жөнел!

Люба. Асыға күтем, сол сотты! (Қатты екпінмен кете береді.)

Шымылдық.

ТӨРТІНІШ ПЕРДЕ

Бесінші сурет

Бірінші суретте Есқазының үйі тұрған жерге жел станциясы салынған. Оған жалғас әріректе станцияның пропеллер орнататын мұнарасы, мұнараның арғы қабатында бір-екі шатыр тұр. Соған жалғаса үш қатар болып тізбектелген двигательдер сахна төріне қарай созылып кетеді. Солармен жарыса қазылған қанал көрінеді. Сахнаның екінші жақ шетін ала, тақта-тақта болып егілген егіннің шеті көрінеді. Бір тақтадағы бидай алтын шашақтай жарқырап көз тартады. Екінші тақтадағы семіп қалған, үшіншісіндегісі жап-жалпақ күйінде көгеріп тұр. Әріректе бойлап өскен сұданқаның басы көрінеді. Перде ашылғанда станцияның көлеңкесінде тұрған стол басында Айқын мен Жазира отыр.

Жазираның қолында торсық. Айқынның қолында кесе.

Айқын (кесесін сырғытып). Көптен-көп рақмет, жеңеше. Мен әбден тойдым.

Жазира (кесеге тағы құйып жатып). Сый аяқтан кейін өзім де енді құймаймын.

Айқын. Сіз мені бүгін өмірімде татпаған дәммен сыйладыңыз.

Жазира. Е, о да болса Зейнетжанның арқасы ғой.

Айқын (Күлімсіреп). Зейнет болмаса бұл шұбатты маған татырмас па едіңіз.

Жазира. Әрине.

Айқын. Неге?

Жазира (торсықтың аузын буа бастайды). Мен өзімді сыйлағандарды ғана сыйлаймын.

Айқын. Мен қашан сізді сыйламадым?

Жазира. Мені сыйласаң шалымды да сыйлар едің ғой.

Айқын. Ол кісіге мен не жаздым?

Жазира. Жазығың сол, даланың жынды желіне де қиған ақылдыңды оған қимадың.

Айқын (аңырып). Түсінбедім, жеңеше.

Жазира. Кеше ол құдалық жайын сөйлесе барғанда өзіңнің не дегеніңді есіңе түсірсең бәріне де түсінесің.

Айқын. Сіздіңше мен не деуім керек еді?

Жазира. Ол үшін көп ақылдың керегі жоқ. «Біздің балаларымыз әке-шешесі матастыратын бұрынғының жастары емес, ерікті өздеріне берейік» деуің керек еді.

Айқын (Күлімсіреп). Осы ақылыңызды шалыңызға неге айтпадыңыз?

Жазира. Айтылған еді, алжиын деген бе, осы сапар жаза басыпты. Ғалым мен қойшының құдалығы бұрынғы замандағы бай мен кедейдің құдалығыңдай кәдірсіз болар, онан да Айқыннан бір тілек тіле де қайт деп жіберсем, ол өзінше лағыпты.

Айқын. Сіз менен не тіле деген едіңіз?

Жазира. Балалардың арасына кіріспеуіңді тіле деп едім.

Айқын (ойлана қарап барып күлімсірейді). Ол кісі сізді сыйлайтын секілді еді, қартаяйын деген бе?

Жазира. Жоқ, ол құдайын сыйламаса да мені сыйлайды.

Айқын. Сыйлайтын болса тіліңізді алмас па еді?

Жазира. Оны желіктіріп жіберген Ботажан көрінеді.

Айқын (кенет салуын қанданып қымызды жұта салады да, түрегеледі). Рақмет сізге. Мен енді жұмысыма кірісейін. (Мұнараға беттей бере алыстан біреуді көргендей болады.)

Жазира (өзіне). Осының қызына үй ішімізді түгел ғашық қып қойған бұл құдайға не айтарсың.

(Алысқа қарап.) Өзі бір келмеді-ау, соңғы рет бетінен бір сүйіп кететін.

Айқын. Ес ағаң болу керек, малшылар жақтан біреу келе жатыр. (Мұнараға шыға бастайды.)

Жазира. Ол сенің қараңды енді қайтып көрмекші емес еді, жүрегі шыдамаған ғой байғұстың.

Айқын. Онда сіз сол шыдамсыз жүректі қазір бір қуантыңыз.

Жазира (атып тұрып). Қалай?

Айқын (мұнараның басына шығып әлденені бұрай бастайды). Не үшін екенін айтпаңыз да, тек «шүйінші! Шүйінші!» дей беріңіз.

Осы кезде алыстан Елжас пен Зейнеттің қосылып салған әні естіледі. Сол өнге құлағын тігіп Айқын да, Жазира да үнсіз, қимылсыз тұрып қалады. Жазираның жүзінде үлкен бір шаттық бар. Ал Айқынға шаттана қарап тұр. Аздан соң сахнаның төр жағынан аяғын маң-маң басып, Құлағын әнге тіге Есқазы келе жатады.

Есқазы. Тыңдашы, Айқынжан, тыңдашы! Қарабайдан басқа ешкім айыра алмайтын жүрек үні ғой мынау. (Дирижировать етіп әнге өзі де қосылады.) Қызығасың кеп, қызығасың кеп, амал не, қолдан келмейді.

Жазира (даладан шыға келіп оны бассалады). Шүйінші, көкесі! Шүйінші!

Есқазы. Жәкесі-ау, не үшін?

Жазира. Не үшін екенін сұрама да, шүйіншімді бере бер. Әкел бері жұлдызды. (Омырауындағы Алтын Жұлдызға жармасады.)

Есқазы (жақтырмай). Немене, өзіңде жоқты иемденіп, мыналарға мазақ болайын деп пе едің?

Жазира. Олар не деп мазақтайды?

Есқазы. «Қойшыларға берілген бір жұлдыз бәріне де жетеді» деп күлмей ме?

Жазира. Алтын Жұлдызы бар адамды ешкім де мазақтамайды, сылтауратпай әкел тез.

Есқазы. Адамды омырауына ғана қарап бағалайтын есуастар бұл кезде азайған, Жәкесі! (Сыбырлап.) Немене, әлде Айқын ризалығын берді ме?

Жазира. Неге екенін білмеймін, сенен шүйінші сұра, қуант деген өзі. Сен қаузай бер, мен Зейнетжанның қымызын шатырына қояйын да, соятын мал келтірейін. (Кетеді.)

Есқазы. Айқынжан! Сен айтып жіберші, жанағының шүйіншісі не?

Aйқын (төмен түсе бастайды). Құрметті құда-ау, алдымен амандасайық та.

Есқазы (таңдана, ұмтыла басып). Құда! Кім? Мас бе?

Айқын. Оның таңданатын несі бар?

Есқазы. Айқыным-ай, асылым-ай, кешегі бір сөзіңнен түршігіп қалып едім, тезірек түсші, құшақтап тұрып бір сүйейін.

Айқын. Ия, сіз кеше мені аз білетініңізді көрсеттіңіз. (Екеуі құшақтасады.)

Есқазы. Кешір, бауырым, кешір! Елжасым да мені оңдырған жоқ. (Айқынның құлағына.) Ол, тіпті ескіліктің көлеңкесінде қалған екенсіз ғой, енді қалың малды да төлеңіз, некемізді қидыру үшін колхоз орталығына мешіт салдырып, молданы да шақыртыңыз дейді.

Айқын (Күліп). Сіз не дедіңіз?

Есқазы. Не дейін ұялдым да үндемедім.

Айқын. Ия! Малша маталғанымызды сезбей құдалықты біздер ғана қуаныш көрдік, ал бүгінгі жастар үшін ол қорлық.

Есқазы. Оны мен де білемін-ау, Айқынжан. Бірақ, адамның үйленер кезі өміріндегі ең жауапты кезеңі ғой.

Айқын. Оны Елжас пен Зейнет бізден кем түсінбейді. Сондықтан сіз екеумізге қалған ендігі міндет—тойға шақырылатын достардың тізімін жасау ғана.

Есқазы. А! Қайта айтшы, бауырым. (Қуанғаннан не дерін білмей оның қолынан ұстай алады.) Тойды қашан жасаймыз дедің?

Айқын. Оны жастардың өзінен сұраймыз.

Есқазы (қолын сілкіп). Өмірден күткен ең асыл тілегіме жеткіздің, Айқынжан, көп жаса Бақытты бол!

Айқын. Сізге де соны тілеймін. Енді маған рұқсат етіңіз, жұмысыма кірісейін.

Есқазы. Айқынжан-ай, мазаңды ала бердім-ау. тағы да бір тілегім болып тұрғаны.

Айқын. Айтыңыз.

Есқазы. Мына малшылар бүгін үйлеріне қайтатын емес?

Айқын. Неге?

Есқазы. «Біздің қазір кеудеміз емес, даламыз толы қуаныш, мұндай қуанышты күндерді қараңғы үй« де еткізуге болатын емес. Айқын жолдас бір үлкен жомарттық істеп жарықты бүгін берсе екен» дейді.

Айқын. Үкімет комиссиясынан бұрын өзім көріп алмақ болып әзірленіп жатырмын. Лампаларыңызды орната беріңіздер! (Қайтадан мұнараға өрлейді.)

Есқазы. Бүгін бе?

Айқын. Қазір.

Есқазы. Қарағым Айқын-ау, түсімде көрген бақыт даласын өңімде көрсетіп, ай мен күнді қабат құшақтаттың ғой онда.

Айқын. Уақыт өтіп барады, тез жетіңіз.

Есқазы. Сағым даласындағы сансыз көз енді саған қадалады, талдыра бермей өзің де тездете көр! ( Кетеді.)

Сахна шетіне келіп бір машина тоқтап, ішінен Елжас пен Зейнет түседі. Зейнеттің қолында бір буда суданка бар.

Зейнет. Папа! Елжастың сусыз есірген суданкасын қараңызшы!

Елжас. Іске сәт, Ай аға!

Айқын. А! «Победамен» желдей есіп жүрген министрлердің бірі екен десем, сен бе едің?

Елжас (Күлімсіреп). Күткеніңіз министр, кергеніңіз колхоздың агрономы. Қайтесіз, соған да разы боласыз да? Зейнет, жүр енді мына бір участкені көрейік.

Зейнет (Күбірлеп). Өзің бара бер, мен папаммен бет ашысқалы тұрмын.

Елжас. Байқа, бет ашысамын деп буркеп алма! (Кетеді.)

Айқын (Күлімсірей басын шабад.) Соған да разы боларсыз дейді, ә?

Зейнет. Папа! Оның сөзін қойыңыз да, мына суданкасына қараңызшы, менің бойымнан екі есе биік.

Айқын (төмен түсе бастайды). Ол келесі жылы бұл далаға гектарынан жүз емес, мың центнер түсетін шөпті де егеді. Сонда сен оны не деп мақтарыңды білмей жүрме.

Зейнет (ұялып төмен қарайды). Папа! Мен емес, өзіңіз ғой, Сағым даласын сөз ете қалсаңыз, оның қайта жаралуына ең алғаш себеп болған Елжас деп оны есіңізден тана мақтайтын.

Айқын (әзілдеп). А, сен Елжас жайында айтылған тәуір сөздің бәрін жаттап жүреді екенсің-ау.

Зейнет (ұяла сөйлеп). Неге екенін білмеймін, өзінен өзі жатталады да қуанта береді,

Айқын. Сол қуанышыңа мен де ортақпын.

Зейнет (шаттана жалт қарап). Папа! Рас айтасыз ба?

Айқын (құшақтап). Бақытты бол, балапаным, бақытты бол!

Зейнет (аймалап). Папа! Біздің өмір неткен қызықты.

Айқын (Күлімсіреп). Оны жаңа ғана сездің бе?

Зейнет. Ойланбадыңыз.

Айқын. Ойландым, балам. Неге олай дегеніңе де түсіндім. Рас біздің өмір қызықты. Ол неліктен?.. Өмірдің үш түрлі ғажайып сәулесі бар. Ол — кіршіксіз таза махаббат, ол — достық, ол — енбек. Кімде-кім осы үшеуіне ие бола алса одан бақытты жан жоқ. Ондай адамға өмір сүру өте жеңіл де, қызықты да. (Қолындағы бір тал бидайға күлімсірей қарап келе жатқан Елжасты иегімен нұсқап ақырын сөйлейді.) Соның, бірі мынау. Сен де дәл сондайсың, сондықтан да екеуің теңсің.

Зейнет. Папа, неге сіз бүгін оқшаулана сөйлеп отырсыз.

Айқын. Енді сен ойланбадың. Мен оқшауланғаным жоқ, сендерге қарап өзімнің жасарғанымды көріп отырмын. Бар, шешелерін қымыз әкелген-ді, шатырға барып соны ішіңдер.

Зейнет. Шеше! Ол кім?

Айқын. Өзіңнің енең Жазира.

Зейнет. Папа! (Бетін әкесінің иығына басады.)

Айқын (екеуін екі қолымен құшақтап). Екеуіңнен ендігі бір тілегім, әкелеріңе қарамай өздеріңе қараңдар! (Екеуін екі сүйіп.) Бақытты болыңдар, балапандарым! (Елжастың қолындағы бидайды енді аңғарып.) Мұның не?

Елжас. Көріңіз! (Бидайды көрсетіп.) Біздің бұл даланы: малдың өрісіне емес, астықтан мол өнім беретін егін жайға айналдырамыз, дегенімізге енді жұрттың бәрі де сенетін болды.

Айқын. Оған менің ешқандай күдігім жоқ, балам. Ертеңгі күні талай совхоздар осы далаға кеп орнайды әлі. (Алысқа қарап.) Мына бір шаң не?

Елжас. Өзі ел жақтан келеді.

Зейнет. Екпіні «Победаға» ұқсайды.

Айқын. Онда кім болғаны?

Елжас. Отарларды аралауға шыққан облыс басшыларының бірі болар.

Зейнет. Мен білсем, осы келе жатқан біздің Люба.

Елжас. Ол келмекші емес-ті... Бірақ, машинасы ұқсайды.

Зейнет. Машина айдасы да ұқсайды... Әне, айттым ба, соның тап өзі.. Жүр, алдынан шығайық.

Елжас пен екеуі кетеді. Сахна сыртына келіп тоқтаған машинаның дыбысы естіледі. Аздан соң қолында Елжастың кітабы мен Ботабектің қолжазбасы бар Люба келе жатады.

Айқын (қарсы жүріп). Кірпігіңнің әр талынан ауыр қайғының жасы төгілгендей, нендей қасіретті әкеле жатырсың, балам?

Люба (жасқа булығып, әзер сөйлейді). Папа! Өзінің мансабы үшін басқаның бақытына, бақытыңа емес, тіпті өміріне де қастық ететін, достықты зұлымдықтан, махаббатты сайқалдықтан табатын адамды не деуге болады?

Айқын. Адамды емес, азғынды де!

Люба. Ондайды жолдасым деуге бола ма?

Айқын. Жоқ, болмайды.

Люба. Балам деуге бола ма?

Айқын. Ешуақытта.

Люба. Ендеше сіздің Зейнет екеумізден басқа балаңыз жоқ.

Айқын. Не деп турсың, Люба? Тұлабойыма у тарап барады, азаптамай айт жылдам.

Люба (кітаптың бір данасы мен Ботабектің қолжазбасын ұсынады). Айта алатын емеспін, өзіңіз көріңіз.

Айқын (Любаға ұзақ қадалып барып алады). Бұл не?

Люба. Ботабектің диссертациясы мен Елжастың кітабы. Академик Денисенко бірін үлкен ғылыми еңбек деп бастырыпты да, екіншісін ұрлық деп қайтарыпты.

Айқын. Ұрысы кім?

Люба. Ұры да, домалақ арыздың иесі Қоянбаев та сіздің балаңыз Ботабек.

Айқын (қатты күйініп). Жалған! Айтып тұрғаныңның бәрі жалған! Жоқ, жоқ таласпа, таласпа! (Жүріп кетеді.) Қанша арсыз болса да , оның дәл мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес. Сен әлдекімнің сөзіне алданып, жалған айтып тұрсың. Жалған! Жалған!

Люба. Егер Жалған болса қуанар едім, амал не, ол тілегім болмай тұр, папа!

Зейнет жүгіріп келеді, оған ілесе Елжас та келеді.

Зейнет (әкесін келе құшақтап). Папа, сізге не болды?

Айқын. Әкең өзіне өзі жанат айтатын күйге түсті, балам. (Елжасқа.) Мен екі қолымның бірін шапқалы тұрмын, адалы қалады да, арамы шабылады, соның бірі сенсің, Елжас.

Елжас(аң-таң). Түсінбедім. Ай аға!

Айқын. Түсінесің. (Қатал қадалып). Сен маған Ботабектің диссертациясын қай кезде оқығаныңды, кітабыңды біздің академия арқылы Алматыда бастырмай, салғаннан Москваға жіберуіңнің мәнісін айт!

Елжас. Мен Ботабектің диссертациясын ешуақытта оқыған емеспін. Оқымайын дегенім жоқ, оның өзі көрсеткісі келмеді, нанбасаңыз Любадан сұраңыз. Екіншіден, менің еңбегімді сіздің академияда ешкім елеген жоқ, Москваға жолдаған да өзім емес, өздері сұратып алды.

Айқын. Кім сенің еңбегіңе сырттан ғашық болып жүрген?

Елжас. Академик Денисенко. Ол кісіге айтушы да өзім емес.

Айқын. Енді кім?

Елжас. Қасыңызда тұр.

Айқын. Зейнет пе?

Зейнет. Иә, менмін, папа!

Айқын. Сен осы еңбектің екеуін де оқып па едің?

Зейнет. Иә, екеуін де оқыдым.

Айқын. Қалай, біріне-бірі ұқсай ма?

Зейнет. Жоқ, ұқсамайды, тақырыбы бір болғанмен, жазылуы екі басқа.

Люба. Ол сен екеумізді диссертациясының ескі түрімен алдап келіпті, мына жаңа түрін оқыған жоқсың.

Зейнет (ала беріп). Бұл қандай түрі?

Люба (ашып нұсқайды). Денисенкодан мынадай баға алып қайтқан түрі.

Зейнет (шошынғандай). «Есқазиннен», «Есқазиннен» дей берген, бұл қалай? Папа, бұл не сұмдық?

Айқын (қолжазбаны оның қолынан қайта жұлып алып үнсіз қарап тұрып қалады. Аздан соң ғана басын зорға көтеріп залға қарайды.) О, сорлы Айқын! Бұл рас болса кім болдың! Қазақ даласының талай қараңғы түкпіріне болашақтың сәулесін апарып, әрбір орнатылған жаңа лампаларды керген сайын ұлы адамның нұрына бөленген еліңді көруші едің де, бар мақсатына жеткендей шалқушы едің. Мынау рас болса енді кім болдың? Талай даланы гүлдендіріп, талай қаланы нұрландырсаң да жалғыз ұлыңның санасына сәуле бере алмай, кеудеңе қадалатын оқ жыланды өсірсең кім болдың? (Теңселе басып шатырына қарай жүріп кетеді.. Қалғандар соған қарап суың ойда тұрып қалады.)

 

Елжас. Қартты бекер қинадың-ау, Люба!

Люба (Күрсіне сөйлеп). Қанша ойлансам да айтпай жасырудың жөнін таппадым.

Зейнет (көзінің жасын сүртіп). Сенің «бекерің» не?

Елжас. Мен достық үшін барлық абырой, атақты құрбан етіп, Ботабекті қорғап қалсам деп едім. (Отыра кетеді.) Бірақ оған ұжданым жіберер емес.

Зейнет. Қалай қорғамақшы едің?

Елжас. Бар кінәны өз мойныма алсам..

Зейнет (қатты тіксініп) Елжас! Осы ма енді сенен күткенім?

Елжас. Мұны өзім де күткен емес едім, әкеңнің жаңағы қиналғаны батып кетті. Жан ауырса ойдың теңселетін әдеті ғой.

Зейнет. Ол енді сенің де әкең емес пе, есіркеймін деп өлтіруін қалай?

Елжас. Өлтіру!

Зейнет. Тым қаттырақ теңселіп кетіпсің жігітім. (Любаға). Ботабектің өзі не дейді?

Люба. Оның ойынша ұры өзі емес, Елжас.

Елжас. Люба, сенің өміріңде айтқан тұңғыш өтірігің осы болар?

Люба (ішінен асынып алған сөмкесінен шеті шала жанған қалың дәптерді суырып алады). Онда мынаны Мейізге көшірткен өзің боларсың?

Зейнет (қарап жіберіп). Ғажап-ау, бұл Елжастың былтыр мен жоғалтқан дәптері ғой.

Елжас (жетіп барып дәптерді қолына алып қарайды да, суық түспен Зейнетке қадалады. Әлдене айтқысы келеді, айта алмай түсі бірте-бірте оқи бастайды). Жоқ, саған ашулану менің қолымнан келмейді екен.

Зейнет. Елжас! Сен мені кім деп тұрсың?

Елжас. Кім болсаң да мәңгі сүйерім сен ғанасың ғой, онан да мынаны айтшы, мұны отқа салған кім?

Зейнет. Сүйемін дейсің де жазалайсың, бұл қалай?

Елжас. Жаза?!

Зейнет. Бұлай күдікті болғанымнан жазаланғаным жақсы,

Елжас. Кешір, сәулем. Мынаған тиген от жүрегімді шарпып кетті де, не дегенімді өзім де білмей қалдым.

Зейнет. Бұл маған да жеңіл тиіп тұрған жоқ. (Любаға.) Сен мұны қайдан таптың?

Люба. Мен Мейізден алдым, оған беруші Ботабек көрінеді.

Зейнет (қатты тіксініп). Ботабек! Менің ағам! Онда маған бәрі түсінікті.

Елжас. Түсінікті болса әні, өзі де келе жатыр, мынау соның машинасы.

Люба (сескенгендей). Ол мұнда не үшін келді? Мүмкін басқа...

Елжас. Жоқ сол. Ол машинасын сенен де қызғанушы еді ғой, басқаға беруі мүмкін емес.

Зейнет. Келсе келсінші! Кімнің кім екенін көріңкіреп алайық.

Елжас. Тоқал алған ба, қасындағы әйелі кім?

Люба (шошынып). Мейіз! Бұл қалай? (Жалмажан дәптерді сөмкесіне сала бастайды.)

Зейнет. Сен одан сонша неге шошындың?

Люба. Мынау саудагер әйел мені не алдады, не сатты. (Сырттан Ботабектің өктем даусы естіледі.)

Ботабек (сыртта). Керек кезінде өзім шақырамын. Машинада отыра тұр. (Екпіндей басып жыға келеді де, өтірік күле сөйлейді.) Һа, екі опасыз! Менің қолжазбамды тағы да ұрлап кеп тығылған жерлерің осы дала ма? Кәне, беттерін шыдаса екеуің менімен айтысыңдар да, қолжазбамды қайтарыңдар.

Елжас (қолын ұсынып). Айтыспастан бұрын амандассақ қайтеді?

Ботабек (оның қолын қағып жіберіп). Тарт арам қолыңды! (Тістене сөйлеп.) Сендей қарақшыны да адам деп, дос көріп келдім-ау, ә!

Зейнет. Аға! Кішілік жүзбен өтінемін, адаммен адамша сөйлесіңіз.

Ботабек. Кім адам? Мынау ма?

Елжас (ызамен мырс етіп). Есек адамды да өзіндей есек деп түсінеді деуші еді, сол рас екен-ау, (Айқын келе жатады.)

Ботабек. Не дедің? Қайта айтшы!

Елжас. Қайталасам дәлелдеп тұрып одан да қаттырақ айтармын, сол себепті айтқызбаңыз.

Есқазы (Айқынның бүйір тұсынан шыға келіп). Дегдарым-ау, кез талып көңіл сарғайды ғой, енді қашан?

Айқын оған жауап қатпастан Ботабекке қадалған қалпын өзгертпестен жүріп келеді, Есқазы оған таңдана қарап Любаларға жақындайды.

Айқын (ауыр салмақпен жүріп кеп). Ей, жаным менің тең жалғызым! Мен тірімін бе, жоқ әлде өз қолыңмен тұншықтырып өлтірдің бе? Маған соны тезірек айтшы!

Ботабек. Папа! «Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк болыпты» деген ғой, қырық тұрсын, сексен болса да ақиқатқа көзіңізді жеткіземін, қазір. Босқа қиналмай отырыңыз, папа, отырыңыз. (Қолынан демеп отырғызбақ болады, Зейнет Елжастың кітабын алып ішінен оқып тұрады.)

Айқын. Сөйтші, құлыным, ақтығыңа көзімді тез жеткізші, кең дүнием тарылды ғой. (Отыра бере әлдене есіне кенет түскендей селк етіп қолындағы қолжазбаға бір, Ботабекке бір қарайды.) Бірақ, мен қатты шошып келдім, балам.

Ботабек. Туған балаңыз менен де жақын көріп келген адамдарыңыз азғын болып шықса әрине шошынасыз.

Есқазы. Ботажан-ай, аузың неткен жаман еді, азғын деп тұрғаның кімдер?

Ботабек. Сіздің балаңыз, өзімнің жалған досым Елжас пен жәдігөй жарым Любаны айтып тұрмын.

Люба (өзін-өзі қанша тежесе де шыдай алмай). Папа! Тоқтатыңыз!

Айқын. Жоқ, балам, бұл өзінің кім екенін маған түңғыш рет жаңа көрсете бастады, тоқтатпаймын. (Ботабекке қадала түсіп.) Жыныңның қалғаны болса тағы да құса түс!

Ботабек. Егер әділін айтуды жын құсу деп түсінсеңіз, жаманшылықтың отына май құйғаныңыз емес пе, папа?

Айқын. Әділ дегенің өтірік болса ше?

Ботабек (қатулана түсіп). Мен шындықты ғана сүйетін, кімде-кім шындықтан қорықса оны жер бетінен орны жоқ өлі жан дейтін адаммын. Сондықтан әрқашан да айтарым шындық. Қазіргі айтылатын шындық сол: менің диссертациямды Люба арқылы ұрлап алып, алдымды орау үшін мұнда ешкімге көрсетпестен Москваға жіберіп бастырған бұл заманның қанды балақ ұрысы міне! (Елжасты қолымен нұсқап.) Міне, алдыңызда тұр.

Елжас (мырс етеді де Айқынға қарайды). Қанды балақ ұрының алдыңызда тұрғаны рас, Бірақ, менің құрметті досым Ботабек ұрының кім екенін дәл таба алмай адасып тұр, нұсқап жіберуге рұқсат етіңіз.

Ботабек. Кім сонда ұры?

Елжас. Жаңа ғана мені нұсқаған қолыңызды қайырып апарып кеудеңізге тіресеңіз, ұрыны да табасыз.

Ботабек (айғайлап). Сонда ұры сен емес, мен бе?

Зейнет-Люба-Елжас (үшеуі бір дауыспен). Сен!

Ботабек (қарқылдап). Ха, ха, ха! Үшеуінің бірдей қарқылдауын қара, «Мен, мен, мен» дегізермін әлі, асықпаңдар!

Есқазы (Айқынға жетіп барады). Қарағым, Айқын-ау, мыналарға не болған?

Айқын. Қасыма отырыңыз. Қазір сіз екеуміздің біріміз мынау екі ұлдың біріне үкім айтамыз.

Есқазы. Айқынжан-ай, мұндай сөзді сенің аузыңнан қалай естідім?

Айқын. Ол ғана емес, екеуміздің бірімізге ертең халықтың үкімі айтылады.

Есқазы. Не дейді? Біздің жазығымыз не?

Айқын. Баласын жаман тәрбиелеген әке болашақтың жауы. Өйткені, әрбір әке не өсірсе де болашақ үшін өсіреді.

Есқазы. Онда маған ешкім де үкім айта алмайды, өзім де айтпаймын.

Айқын. Неге?

Есқазы. Басқа жаманшылығым болса болар, дәл баламды жаман тәрбиелегенім жоқ.

Айқын. Сіз айтқан осы сөзді менің де айтқым-ақ келеді, амал не, ойым тұманданып, тілім күрмеле береді. (Ботабекке.) Әкеңнің басына төнген қасіреттің қаншалықты ауыр екенін осыдан сөз де, жасырмастан шыныңды айт. Сен қалай алдырдың, ол қалай алды?

Ботабек. Өзіңізге де, академияның барлық басшыларына да белгілі, мен осы тақырыпта жеті жыл бойы жазып келемін. Жасыратыны жоқ, бір жаздым — құладым, екі жаздым — Құладым, үшінші рет тағы жаздым —тағы құладым. Төртінші рет жазғаным ғалымдардың кең талқысына түсті де талқаным шықты. Бұрын «тақырыбы тамаша, қалай да мұны өлтірмеу керек» деуші еді, бұл сапар одан да айрылып, өлімші болып үйге қайттым. Бірақ олар мені өлтіре соғумен бірге үлкен ойлар да салып жіберді. Бір жағымда сайрап сол асыл ойлар, екінші жағымда Сағым даласының болашағы тұрды. Тіпті көретін түсім де сол болып алды.

Айқын. Мен саған қандай түс көргеніңді емес, қолжазбаңды қалай алдырғаныңды айт деп отырмын.

Ботабек Кешеден бергі зерттеулерге қарағанда, Елжас оны Люба арқылы қолына түсіріпті де, Мейіз Саудабаева дейтін машинисткеге бастырыпты. (Мейіз жасырынып келіп бұлардың сөзін тыңдап тұрады.)

Люба. Онда келтір Мейізді.

Ботабек. Келеді, келтіремін. Сенің кеше оны қорқытып бар пәлені маған аудармақ болған сұрқиялығың аудандық прокурорға да белгілі.

Люба. Папа! Шыдамым таусылып барады, келтіртіңіз қуасың.

Зейнет. Жоқ; оны әзір келтіртпеңіз. Қуанын бірі менмін, одан бұрын менен сұраңыз.

Айқын. Балам, менен туғаның рас болса ең туысың да, жақының да тек әділдік қана болсын. Ешқайсына бұрмастан турасын айт.

Зейнет (Ботабекке). Сіз мұны, өз сөзіңізбен айтқанда, төртінші рет құлап қайтқаннан кейін жаздыңыз ғой, ә?

Ботабек. Иә, содан кейін жаздым.

Зейнет. Егер де Елжастың бұл кітабы сіз мұны бастамастан бұрын, тіпті сіз құламастан бұрын жазылған болса, ұрлады дейтініңіз не? Түсіңіз бе?

Ботабек (мырс-мырс күліп). Боздағым-ау, менің айтып тұрғаным ғылыми еңбек те, сенің айтып тұрғанын өзің жоғалтқан оның почеркісі ғой.

Зейнет. Ал, егер сіздің ғылыми еңбегіңіз Елжастың сол жоғалған почеркісі болып шықса қайтесіз?

Ботабек. Немене? Сен оны маған қашан беріп едің?

Зейнет. Сіз сұрап алуды сүймейтін көрінесіз, Түн , ішінде, құм боранда жоғалған сол дәптер сіздің суық қолыңыздан да өтіп, отқа да түсіп, ақырында өзімізге қайтып келді. Люба, көрсет көзіне!

Люба. Оның кезегі кейін. Мейізді келтіртіңізші.

Айқын. Ол қайда?

Ботабек. Осында. Мыналардың бетін соттан бұрын сіздің алдыңызда ашып берсін деп әдейі алып келдім.

Айқын. Сонда мен бұларға сенбей, қайдағы бір саудагер әйелге сенбекпін бе?

Ботабек. Ол қанша саудагер болса да, бірге тұрған ағасын сатқан жоқ-ты, ол да советтің тең праволы азаматы.

Айқын. Кімді кім сатып тұр, ойланшы!

Ботабек. Оны өзіңіз де көріп отырсыз ғой. Көзіңізді әлі де жеткізе түсейін, бір сұрау беруге рұқсат етіңіз. Ей, Елжас, жас жаның бар ғой: осыдан бес ай бұрын Шалтақбай келіп арыз айтатын күнді есіңе түсір де, бір рет шыныңды айтшы, сол күні емес пе еді, Сағым даласының болашағы жайында очерк жазып жүрмін дегенің?

Елжас. Бәрі де есімде. Сіз де диссертацияңызды сол күні бітіргенсіз-ді.

Ботабек (Айқынға насаттана қарап). Көзіңіз енді жеткен болар.

Елжас. Босқа масаттанасыз. Ол кезде менің бұл кітабым Москвада, академик Денисенконың қолында болатын.

Ботабек. Ойдөйт деген, сен енді куәні алыстан іздедің бе? Ол құлығың да бізге белгілі, досым.

Елжас. Дәл осы үшін ондай үлкен ғалымды куәлікке шақырсам қорлаған болар едім. Сенің куәң менің де куәм болсын, келтір.

Айқын. Балам, жастықтың әсерінен адасқан болсаң тіпті кешіруге де уәде етейік. Осы отырған екі әкеңнің алдында бар шыныңды айтшы.

Елжас. Осы тілегіңізді, әсіресе «кешіреміз» деген сөзді Ботабекке де айтсаңыз қайтеді?

Айқын. Оған айтуым жеткен-ді.

Елжас. Ботабек, мен енді сенің екі көзіңнің біріндей жақыныңмын. Достықты, жолдастықты, туысқандықты салып өтінемін, адаспа, арандағалы тұрсың.

Ботабек. Па, сен мені енді осылай арбам ақ болдың ба?

Елжас (Айқынға бұрылып). Балам, дедіңіз, әке тұтып папа дейін. Құрметті папа! Менің сізден, сізден ғана емес, барлық әкелерден, тіпті барлық совет адамдарынан сұрайтын екі түрлі сұрауым бар.

Айқын. Сұрау бермей, жауап бер.

Елжас. Сұрауымның өзі жауап ретінде айтылғалы тұр. Менің жазған кітабым (кітапты нұсқап) бұл емес, міне, алдарыңызда керіліп жатқан Сағым даласы. Ол ешбір ұрының қойнына сыймайды. Сондықтан кітап жайын сөз етуді басқаларға беремін де, мынадай сұрау қоямын. Ой жіберсеңіздер өздеріңіз де көресіздер: Ботабек бір жылдан бері маған қарсы неше түрлі қастық әрекеттер жасап келіпті. Бірақ, сол әрекеттерінің бірде-бірі маған дарыған жоқ та, тіпті сезілген де жоқ. Сол себепті менің тарапымнан ешқандай қарсылық та көрген жоқ. Солай бола тұрса да ол тілегінің бірде-біріне жете алған емес: неге олай? Неліктен оның маған деген қастықтары сондай кедергіге кездесе берді? Неліктен оның жан ашыр жақындары оны қорғамай, мені қорғайды? Неліктен, екеумізді де білмейтін бейтаныс академик мені емес, оны ұры дейді? Осынын себебін айтыңызшы?

Айқын. Жаманшылық бейне жарғанат. Біздің өмір ол шарықтайтын қараңғы емес.

Елжас. Өте дұрыс айтасыз. Ең соңғы сұрауым: Зейнет туған ата-анадан Ботабек те туды. Зейнет өскен қоғамда Ботабек те өсті. Зейнет оқыған совет мектебінен Ботабек те оқыды. Зейнет көрген совет тәрбиесін Ботабек те көрді. Ендеше, бұл екеуі неліктен екі түрлі, неліктен екеуі екі дүниенің — бірі бүгінгінің, енді бірі — орта ғасырдың адамына ұқсайды?

Ботабек. Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай соғып, көлеңкеге тон пішіп болдың ба?

Елжас. Сенің көлеңкеңе өлшеніп тігілсе, тон екеш тон да күншіл, жалақор, мансапқор болып шығар еді.

Ботабек (қарқ-қарқ күліп). Көктемдегі көкек те өз атын өзі тап осылай шақыратын.

Елжас (Айқынға). Мен соңғы сұрауымның жауабын күтіп тұрмын.

Айқын (азадан соң). Дарынсыздық — күншілдікке, күншілдік — арсыздыққа апарады. Бұл да солай болуы, мүмкін, әзірше айтарым сол. (Ботабекке). Келтір куәңді.

Люба. Папа! Бір минутқа (Сөмкесінен жаңағы дәптерді алып Ботабекке меңзейді.) Мынаны танисың ба?

Ботабек. Танымасам да хабарым бар, маған жала етіп жапсыру үшін Мейіздің қолындағы Елжастың дәптерін әкеткеніңді естігенмін.

Люба. Оған мұны беруші кім, енді айтарсың

Ботабек (Любаның өзін нұсқап). Міне, беруші! Менің диссертациямды көшіріп алушы Елжас болса, бастырушы сенсің .

Зейнет (кенет киіп кетеді). Тоқтай тұр, Люба! (Ботабекке). Сіз осы соңғы сөзіңізде тұрасыз ба?

Ботабек. Мен көзім жетпей айтқан емеспін де, айтқанымнан қайтқан емеспін.

Зейнет. Мейіздің басқаны анық осы дәптер ғой.

Ботабек (енді ғана сестене бастайды, бірақ сыр сездірмеуге тырысып). Өз айтысына қарағанда осы.

Зейнет. Папа! Кімнің кінәлы екені енді оңай ашылды. Егер де бұл мен жоғалтқан дәптер болса кінәлы Ботабек те, басқа болса кінәлы Елжас. (Дәптердің беттерін ашып қарай бастайды.)

Айқын. Екеуі де Елжастың қолымен жазылған болса оны қалай айырамыз?

Зейнет. Мен оқыған дәптердің ішінде салған белгілерім бар-ды. (Сабырсыздана қарап.) Өшіріп тастаған ба? (Қуанып.) Міне таптым! Мұндай талантты. (Оқи бастайды да кенет өзгеріп.) Жоқ, папа, мұны сіз оқымай-ақ қойыңыз.

Айқын (жұлып алады). Әкел бері! (Оқиды). Мұндай талантты «шалды» мен қалай сүймейін? Ім-м!

Есқазы (Зейнеттің маңдайынан сүйіп). Садағаң кетейін сенің.

Елжас (Ботабекке жақындап кеп ақырын күбірлейді). Ана сөзді Мейізге мақтану үшін өшірмедің ғой, ә?

Айқын. Зейнет, шақыр әлгі әйелді.

Ботабек (дауыстап). Мейіз, кел бері! (Зығырланып.) Кімнің кім екенін керерміз енді. (Екі көзін жерден алмай тұнжырап Мейіз келе жатады. Ботабек оған дем бермек болып.) Айт бәрін де, ақта үкіметіміздің үмітін, ақтар шындықты.

Айқын. Бері жақындаңыз.

Зейнет. Жеңеше, сіз ешкімнен де қорықпаңыз. Бізге тек (дәптерді көрсетіп) мынаны отқа салушының кім екенін айтсаңыз болды. (Мейіз үндемейді.)

Люба. Сіз кеше маған не дегеніңізді есіңізге түсіріңізші.

Елжас. Мейіз! Бұрынғылар «өтірік өрге баспайды» дейтін, қазіргі өтірік өр түгіл ылдиға да баса алмайды. Соны ескер де шыныңды айт.

Мейіз. Ой, құдай-ай, антым тағы да бұзылатын болды-ау. (Ботабек үрейлене бастайды.)

Люба. Антты кімге беріп едіңіз? (Мейіз үндемейді.) Тағы да Ботабекке ме?

Зейнет. Мен сізге мынаны отқа салған кім деп тұрмын? Ботабек пе, жоқ әлде өзіңіз бе?

Ботабек. Айт кім екенін, іркілмей айтып жібер! (Мейіз не дерін білмей, әркімге бір жалтақтай береді.)

Айқын. Сіз маған мынаны қашан басқаныңызды ғана айтқызшы. (Мейіз онан сайын қысыла түседі. Айқын ауыр салмақпен.) Сіз саудаға малыңыз бен жаныңызды, тіпті балаларыңызды салсаңыз да, арыңызды сала көрмеңіз. (Мейіз тағы да үндемейді.)

Зейнет (столды сарт еткізіп). Айтасыз ба, жоқ па?

Мейіз (селк етіп). Айтайын, жаным, айтайын. Боташ-ау, осы тұрғандардың бәрі де өзіңнің жақындарың ғой, шыныңды бұларға айта салсаңшы.

Ботабек (қатты шошынып). Мейіз, сен не сандырақтап тұрсың?

Мейіз. Жоқ Боташ. Мен енді сенің қолыңнан өлуге де бармын, өтірік айтуға жоқпын.

Ботабек. Сен мыналардан шошып есіңнен адасқаннан саумысың?

Мейіз (шамданып). Сенің ұятың жоғалғанымен, менің есім жоғалған жоқ, қыздырма аузымды.

Айқын. Маған енді бәрі де түсінікті. (Аз паузадан соң Ботабекке.) Сен әлі де мойындамаймысың?

Ботабек. Ешуақытта.

Айқын (көзін Ботабектен алмай). Зейнет, қолжазбаның төртінші бетіндегі сызылған жерлерді оқышы!

Зейнет (Ботабектің қолжазбасын ашып оқи бастайды). «Фактілерге көз жіберейік! Қазақстанда он жеті миллион қой бар, жеріміз әрбір қойға он алты гектардан келеді. Сол бір ғана қойға тиісті он алты гектар жермен екі мың қойды сақтай алатын мүмкіндігіміз бар бола тұра неге біздер жыл сайын, мыңдаған малды аштан қырамыз? Неге біздер Сағым даласы сияқты бос жатқан жерлерді тезірек игеріп, астықпен бірге мал азығын молайтпаймыз? деген заңды сұраулар туады».

Айқын. Болды. (Ботабекке.) Мұны жазған анық сен бе?

Ботабек. Енді кім ғой дейсіз?

Айқын. Бұл менің ақтық сұрауым болады, ойлан.

Елжас. Мүмкін, қайдан алғаны есіне түспей тұран болар, көмектесіп жіберуге рұқсат етіңіз.

Айқын. Жоқ... Өзінің мансабы үшін ешкімді де аямайтын ол үшін өзінің туған әкесі мен қарындасын да, жаны сүйген жары мен жан қияр досын да, жолдасын да, арын да, жанын да сататын мұндай арсызға ешбір көмектің емі жоқ... Кім мұны өсірген? Мен бе? (Көзі жасаурап кетеді.)

Зейнет. Папа! (Сөйлей алмай бетін әкесінің тізесіне басып отыра қалады.)

Люба. Папа! Жақсы әкенің баласы көп деуші едіңіз ғой, папа!

Айқын екі тізесіне келіп сүйенген Зейнет пен Любаның шаштарынан сипап, ауыр қайғыда үнсіз отырып қалады.

Елжас (Ботабекке). Қайғымен көміп отырғаның кімдер? Ойланшы.

Есқазы. Мұндай баланың барынан жоғы жақсы екен ғой.

Айқын. Иә, дұрыс айтасыз, Есеке, мұндай баладан баласыз өткеннің өзі жақсы. (Зорға түрегеліп, залға қарап сөйлейді.) Ей, ата-аналар! Болашақ ұл мен қыздың да ата-аналары! Баршаңыздан бір тілек: адам . баласы өз бетімен өсе беретін шөлдегі сексеуіл емес екенін ұмытпаңдар! Егер оны ұмытар болсаң сен адамның емес, мына секілді азғынның әкесі болдым дей бер!

Ботабек (жыламсырап әкесіне ұмтылады). Папа, папатай, кешір!

Айқын. Садаға кет, папа деуден. Сен енді менің балам емессің. (Люба мен Зейнетті құшақтап Ботабекке жақындайды.) Сен Зейнеттің ағасы да, Любаның сүйгені де емессің, жоғал! Жоғал тезінен?

Ботабек сүмірейіп кейін шегіне береді. Айқын жалт бұрылып, теңселе басып барып мұнараға шығады да, станцияны жүргізіп жібереді. Ә дегенде зор тасқын күштің гүрілі естіледі де, оған, ілесе бұлардың қасында тұрған мұнараның басындағы пропеллер әр қанатына орнатылған қызылды-жасылды лампалардан алуан түрлі әдемі сәуле шаша, зырылдай жөнеледі. Оған ілесе алыстағы мұнаралардың басындағы пропеллердің бәрі де сол түрге, сол қимылға көшеді. Батар Күн мен жел электр станциясының сәулесіне әр мұнараның түбінен аспанға атылған фонтан суы күмістей шағылысып, Сағым даласын ғажайып сұлулыққа бөлеп жібереді. Соған таңдана шуласқан малшылар жан-жақтан қаптап кетеді.

Зейнет (алысқа бар шаттығымен қарап). Папа! Қараңызшы, көз көрсе де, көңіл сенер емес. Папа, қараңыз!

Елжас. Неткен сұлу дүние!

Люба. Ой жетпейтін ғажап қой мынау, папа. Қараңызшы.

Есқазы. Қарағым Айқынжан-ай, Ильичтің нұры жарқ еткенде-ақ, Сағым даласын ғасырлар бойы басып жатқан қараңғылық көзден де, ойдан да ғайып болды ғой. Келші! (Құшағын жаяды.)

Айқын (алысқа қарап). Қуаныңдар! Мен үнін де қуаныңдар! Менің сендер үшін өсірген адал ұлым осы — елім!

Шымылдық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама