Ақмола облысының тұрғыны астанадан пәтер сатып алуға тырысып, 10 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Полицияның анықтауынша, бірнеше жыл бұрын таныс әйел аталған тұрғынға Астанада пәтер сатып алуды ұсынған. Ол пәтердің қамауда екенін, ал рәсімдеуге уақыт пен қосымша шығын қажет екенін айтқан.
2022 жылдан бастап жәбірленуші танысына бірнеше рет ақша аударған. Күдікті бұл қаражатты әртүрлі жарналар, қызметтер мен ұйымдастыру мәселелерін шешуге жұмсайтынын түсіндірген.
Бірнеше жыл ішінде аударылған жалпы сома шамамен 10 миллион теңгені құраған. Алайда уәде етілген пәтер сатып алынбаған, ақшаны қайтару мүмкін болмаған.
Мәселенің шешілмегенін көрген әйел полицияға арызданған. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.


