Ақмола облысында мас күйінде көлік жүргізген, жүргізуші куәлігі жоқ әйел ұсталды. Ол достарын үйлеріне жеткізгісі келгенін айтқан. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Оқиға 24 тамызда сағат 02:27 шамасында Буланды ауылында болған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Audi B4 көлігін байқап, тексеруге тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші тоқтау талабын елемей, жылдамдықты арттырып, әрі қарай жүре берген.
Көлікті тұрғын үйдің ауласында тоқтата алған. Рөлде әйел отырған. Құжаттарын тексеру кезінде оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталған. Сондай-ақ, әйелмен сөйлесу барысында полицейлер арақ ішкенін сезген.
Ұсталған әйелдің айтуынша, ол достарымен кездесіп, бәрі бірге ішімдік ішкен. Кейін ол достарын үйлеріне жеткізу үшін көлікке отырған. Көлік әйелдің меншігінде екен.
Құқық бұзушылық фактісі бойынша әйелге қатысты заңда көзделген шаралар қабылданған.


