Ақмола облысында көлік құралын қайта жабдықтағаны үшін айыппұл салынған автобус жүргізушісі патрульдерге пара талап етті деп жалған хабарлама жасап, кек алмақ болды. Ер адам полицейлер одан 5 мың теңге алғанын айтқан, алайда тексеру айыптаудың жалған екенін көрсетті... деп хабарлайды infohub.kz.

Оқиға 18 тамызда Астана – Қарағанды – Алматы тас жолында болған. Патрульдер Van Hool автобусын құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Тексеру кезінде көлік салоны қайта жабдықталғаны анықталған: конструкцияда қарастырылған орындықтардың орнына ұйықтайтын орындар орнатылған.

Шымкенттен Астанаға бет алған жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Ер адам полицейлердің әрекетіне наразы болып, кек алмақ болған.

Көп ұзамай «102» желісіне патрульдер одан 5 мың теңге алғаны туралы хабарлама түскен. Құқық қорғау органдары тексеру бастап, көп ұзамай автобусты тапқан.

«Жүргізуші алғашында „102“ желісіне қоңырау шалғанын жоққа шығарды. Оның үстіне, қоңырау шалынған SIM-картаны лақтырып үлгерген. Алайда тексеру барысында полицейлер арнайы желіге хабарлама дәл сол арқылы түскенін анықтады. Кейін ер адам мұны хаттама толтырылғаннан кейін кек үшін жасағанын мойындады», — деді полицияда.

Енді жүргізушіге арнайы қызметтерге әдейі жалған қоңырау шалғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Полиция «102» желісінің нақты оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға арналғанын еске салады. Әдейі жалған қоңырау шалғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде бір ер адамның пара арқылы Қазақстан азаматтығын алғанын айтқан видео тараған болатын. ІІМ тексеру жүргізіп, бұл — шетелдік азамат жасаған жалған ақпарат екенін анықтады.