Ақмола облысында жергілікті тұрғынның сергектігінің арқасында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған тоғыз жүргізуші жауапқа тартылды. Ер адам қауіпті маневрлерді бейнеге түсіріп, жазбаны полицияға жіберген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, азамат Арайлы ауылына кіре берісте қауіпті жүргізуге куә болған. Ол бұзушылықтарды камераға түсіріп, барлық қажетті дәлелдемелерді қоса отырып, «Омниканалдылық» жүйесі арқылы материалдарды жолдаған.

Жазбада жүргізушілердің «Басып озуға тыйым салынады» және «Елді мекеннің басы» жол белгілерін елемейтіні көрінеді. Олар жол жиегімен басып озу, авариялық жағдай туғызу және үздіксіз сызық арқылы қарсы бағытқа шығу сияқты әрекеттер жасаған.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша полицейлер құқық бұзушыларға қатысты тоғыз әкімшілік хаттама толтырды.

Полиция департаментінде мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін атап өтті. «Әсіресе елді мекеннің жанында жол жиегімен басып озу және қарсы бағытқа шығу қауіпті. Азамат ұсынған бейнежазбаның арқасында біз оқиғаның мән-жайын объективті түрде анықтап, заңда көзделген шараларды қолдана алдық», — деп атап өтті ведомствода.

Өтініш берушінің өзі мұндай жүргізушілердің мінез-құлқы қайғылы салдарға әкелуі мүмкін болғандықтан, бейжай қала алмайтынын түсіндірді. «Менің ойымша, әрқайсымыз жолдағы қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді түсінуіміз керек. Жүргізушілердің жоғары жылдамдықпен ереже бұзып, басқа адамдарға қауіп төндіргенін көргенде, шетте қалуға болмайды. Сондықтан мен жазбаны полицияға тапсыруды жөн көрдім және фактілер бойынша тиісті құқықтық баға беріледі деп үміттендім», — деді ақмолалық.

Полиция өтініш берушіге азаматтық ұстанымы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектескені үшін алғыс білдірді.