Ақмола облысының тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болып, қарызға белшесінен батып, 10 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әйел инвестициядан жоғары табыс табуға уәде берген алаяқтарға сенген. Ол FIBO Markets LTD деген жалған инвестициялық платформаға тіркеліп, кейін жалған кеңесшілердің нұсқауларын орындай бастаған.

«Мамыр мен шілде аралығында әйел екі рет несие рәсімдеп, таныстарынан ақша қарызға алып, өз жинағын салған. Соның нәтижесінде алаяқтарға 10,2 миллион теңгеден астам ақша аударған», — деді полиция қызметкерлері.

Әйел бір айдан кейін ғана алданып қалғанын түсінген. Содан кейін ол полицияға арызданған.

Жалған платформалардың әрекетіне қатысты тергеу деректеріне сүйенсек, алаяқтар белгілі брокерлердің атын жамылып, жалған сайттар мен оң пікірлерді пайдаланып, сенімділік көрінісін жасайды. Ақша салғаннан кейін пайдаланушылар қосымша комиссияларға тап болып, ақшаны шығара алмай қалады.

Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды белгісіз инвестициялық платформаларға ақша аудармауға және кепілді жоғары табыс уәделеріне сенбеуге шақырады.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда алаяқтардың жаңа әдісі туралы жазған болатын: алдымен олар шамалы соманы алып шығуға рұқсат етіп, кейін әлдеқайда көп ақша салуға көндіреді.

Сондай-ақ, бұрын алаяқтар қазақстандықтарға коммуналдық қызмет қызметкерімін деп жиі қоңырау шалатыны хабарланған.