АҚШ-тан келген жас саяхатшы Шығыс Қазақстан облысында қиын жағдайға тап болды, бірақ оған бұрыннан ерлік жасаған учаскелік инспектор көмекке келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы – Өскемен тас жолының 23-шағынауданы маңында Улан ауданының учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Төтепов үлкен рюкзагі бар жас жігіттің көлік тоқтатпақ болып тұрғанын байқады. Полицей тоқтап, көмек ұсынды. 23 жастағы АҚШ азаматы Спенсер Қазақстан бойынша автостоппен саяхаттап, Алматыға бет алғаны белгілі болды.

Учаскелік инспектор оны стационарлық полиция бекетіне дейін жеткізуді ұсынды. Жол-жөнекей олар әңгімелесті. Спенсер Қазақстанда саяхаттау мүмкіндігіне қуанышты екенін айтып, жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы мен мейірімділігін ерекше атап өтті.

Бекетке жеткен соң Нұрдәулет Төтепов саяхатшыға жолдас іздеуге көмектесті. Көп ұзамай жүргізушілердің бірі Спенсерді Жарма ауданына дейін жеткізуге келісті, ал америкалық ол жақтан Алматыға қарай жолын жалғастырды.

Айта кетейік, 20 тамызда Улан ауданының Қасым Қайсенов ауылында Нұрдәулет Төтепов құбырды тазалау кезінде есін жоғалтқан екі жұмысшыны құтқару үшін кәріз құдығына түскен еді. Өз қауіпсіздігін ойламай, ол екеуіне де сыртқа шығуға көмектесіп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.