Ақтауда куәгерлер ағаш түбінен бірдеңе іздеп жүрген ер адамды бейнеге түсіріп алды. Бейнеавтордың болжамынша, бейтаныс адам есірткі салынған қойманы іздеген болуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz.
Кадрларда жас жігіттің 27 шағын ауданындағы №76 үйдің жанындағы ағаш түбіндегі топырақты қазып жатқаны көрінеді. Ол мезгіл-мезгіл телефонға қарап, содан кейін ағашты айналып өтіп, екінші жағынан қазуды жалғастырады.
Бейне авторының пікірінше, ер адам есірткі заты бар «закладка» деп аталатын қойманы іздеген болуы мүмкін.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл хабарламаны тексеретінін мәлімдеді. Ведомство мұндай күдікті жағдайлар туралы 102 нөміріне хабарлау қажеттігін еске салды.
Өңірде сондай-ақ «STOP Синтетик Маңғыстау» Telegram-боты жұмыс істейді. Тұрғындар ботқа есірткі закладкаларының ықтимал орындары, наркографити, сондай-ақ есірткі жарнамасы мен сатылуына байланысты интернет-ресурстар мен аккаунттар туралы ақпарат жібере алады.
Өңірлік полиция департаменті азаматтарды бейжай қарамауға және кез келген күдікті жағдайлар туралы хабарлауға шақырды. Әрбір өтініш полиция қызметкерлерімен тексеріледі.


