Ақтауда сатып алушы сыйлыққа алған парфюмнің ауыстырылғанын үйінде байқаған. Дүкен тауарды ауыстырудан бас тартқан соң, тұтынушы шенеуніктерден көмек сұрауға мәжбүр болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақтаудағы сатып алушы сыйлыққа Tom Ford Lost Cherry хош иісін сатып алған, алайда оның орнына Tom Ford Electric Cherry берілген. Екі парфюмнің қаптамасы сырттай ұқсас болғандықтан, қателік тек үйге қайтып келгеннен кейін байқалған.
Бұл ретте тауар ашылмаған және пайдаланылмаған. Қаптамасы да, парфюмнің бастапқы түрі де сақталған.
Сол күні сатып алушы сатушыға қате берілген тауарды Tom Ford Lost Cherry-ге ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды сұрап өтініш білдірген. Алайда сатушы оның өтінішін орындаудан бас тартқан.
«Осыдан кейін тұтынушы сатушыға жазбаша өтініш жолдаған, бірақ мәселе шешілмей қалған. Сонда ол сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен көмек сұраған. Мамандар өтінішті қарап, сатушымен тиісті жұмыс жүргізген. Нәтижесінде тұтынушының талабы қанағаттандырылып, қате берілген парфюм сатып алынған Tom Ford Lost Cherry-ге ауыстырылды», — деп хабарлады ведомствода.
Департамент тұтынушыларға тауарды сатып алу кезінде бірден тексерудің маңыздылығын еске салды. Сәйкессіздік анықталған жағдайда қаптаманы, тауардың түрін және сатып алу фактісін растайтын құжаттарды сақтау ұсынылады.
«Егер сатушы заңды талаптарды қанағаттандырудан бас тартса, тұтынушы өз құқықтарын қорғау үшін түсініктеме мен көмек алуға бізге жүгіне алады», — деп түйіндеді ведомствода.


