Ақтөбеде мерзімді қызметтегі әскери қызметші сержанттар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып отыр. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Lada.kz басылымының хабарлауынша, Ақтау тұрғыны Гүлдана Кетібаева 18 жастағы ұлының биылғы жылдың 3 шілдесінде әскерге шақырылғанын және қазір Ақтөбедегі № 6655 Ұлттық ұлан әскери бөлімінде қызмет өтіп жатқанын айтты.
Әйелдің сөзінше, 4 қыркүйекте оған Ақтөбедегі ауруханадан қоңырау шалып, ұлының үш күннен бері сонда жатқанын хабарлаған. Алдымен оны уролог қараған, алайда талдаулар инфекцияны анықтамаған. Осыдан кейін травматолог шақырылып, ол қуық проблемаларын алған жарақатпен байланыстырған, дейді Гүлдана Кетібаева.
Дәрігермен сөйлескеннен кейін жігіт анасына бөлімде оны мезгіл-мезгіл ұрып-соққанын айтқан. Травматолог әскери қызметшіні тыңдап, полицияны шақырған. Сарбаз арыз жазған. Кейін полицияда анасымен бейнебайланыс кезінде оны аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын мәлімдеген.
NUR.KZ тілшісі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған. ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауабында бұл оқиға бойынша Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда. Жан-жақты және объективті тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады.


