Ақтөбеде бір айдан астам уақыт бойы автобөлшектер дүкенінің сатушысынан ақша бопсалаған екі ер адамға қатысты сот процесі аяқталды. Олар оны пышақпен және өрт қоюмен қорқытқан. Келтірілген шығынның жалпы сомасы бір миллион теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, жәбірленуші автобөлшектер сататын бутikте сатушы болып жұмыс істеген. Алғашқы болып одан ақша талап еткен 24 жастағы танысы 20 мың теңге сұраған. Бірнеше күннен кейін ол сатушының жұмыс орнына қайта келіп, 400 мың теңгені алып кеткен.

Кейін оған тағы бір досы қосылып, екеуі бутikке үнемі келіп, ақша талап ете бастаған. Құрбанды одан әрі қорқыту үшін олар пышақ көрсетіп, бутikті тауарымен бірге өртеп жіберетінін айтқан. Қорыққан жас жігіт қарақшыларға не сұраса да беріп, тіпті несие де рәсімдеген. Бұл жағдай бір айдан астам уақытқа созылып, соңында берілген ақшаның жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгені құраған.

Сотта екі айыпталушы да кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірілген залалды толық өтегендіктен, жазасын жеңілдетуді сұраған. Сатушы ер адамдардың пышақпен келгенін растап, өмірі мен тауары үшін қорыққандықтан ақшаның бір бөлігін несиеге алуға мәжбүр болғанын айтқан.

Айыптаулардың ауырлығына қарамастан, жәбірленуші айыпталушыларға ешқандай талабы жоқ екенін, оларды кешіргенін және медиативтік келісім жасасқанын мәлімдеген. Нәтижесінде екеуі де нақты мерзімнен құтылып, еркіндікте қалды. Сот оларды үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге міндеттеді.