Ақтөбеде полицейлер қала көшелерінде қауіпті маневр жасаған жүргізушілерді жауапкершілікке тартты. Олардың бірі «Өнер орталығы» алдындағы алаңда дрифт жасаса, екіншісі үйлену тойының керуені кезінде көліктен сыртқа шығып тұрған жолаушыларды тасымалдаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ІІМ сайтының мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полиция қызметкерлері Ақтөбедегі «Өнер орталығы» алдындағы алаңда BMW көлігінің жүргізушісі дрифт жасап жатқан видеоны анықтаған. Жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды. BMW көлігі арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Тағы бір жағдайда полиция қызметкерлері үйлену тойының құрамында келе жатқан Chery Tiggo көлігін анықтады. Жүргізуші қауіпті маневрлер жасаған, ал жолаушылар көліктен сыртқа шығып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндірген. Жүргізушіге қатысты үш әкімшілік хаттама, ал жолаушыларға қатысты тағы екі әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік те арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады. «Қауіпті маневрлер, көлікті әдейі көрсете басқару және жолаушыларды белгіленген талаптарды бұза отырып тасымалдау азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіреді», — деп мәлімдеді ІІМ.


