Ақтөбеде оқушылар бұрынғы жатақхана ғимаратында сабаққа баруға мәжбүр. Жаңа мектеп құрылысына арналған жер телімі 30 жыл бұрын бөлінген, жоба дайын, бірақ қаржыландыру әлі жоқ, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұрынғы жатақханада орналасқан мектеп «Көктем» тұрғын алабындағы жалғыз мектеп. Жергілікті балалармен қатар көрші аудандар мен бақша қоғамдарының балалары да осында оқиды. Нәтижесінде 600 оқушыға есептелген ғимарат екі есеге жуық толып кеткен.
«„Геолог“, „Сая“ сияқты барлық жақын аудандар осында оқиды. Бұл жерге мектеп салуды әлдеқашан бастауға болар еді. Басқа аудандарда екі-екі мектеп тұр, ал бұл жерде әлі күнге дейін осы», — дейді ақтөбелік Қуаныш Қарашев.
«Бұл мектеп ПМК-ның жатақханасы болған. Терезесіз, есіксіз екі қабатты екі ғимарат тұрды. Біз 30 жылдан астам мектеп талап етіп келеміз. Бұрын жеке-жеке адамдар жазса, енді бүкіл елді мекен балаларды қорғауға көтерілді. Өйткені олардың құқығы бар! Бір ұрпақ өсті, екінші ұрпақ өсіп келеді, үшінші ұрпақтың жарық, әдемі мектепте оқуға құқығы бар!» — деді қала тұрғыны Алтынай Нұрқатова.
Сонымен қатар, дәл қасында жаңа мектеп құрылысына арналған жер телімі бос тұр. Тұрғындар жақын арада заманауи сыныптар пайда болады деп үміттенген, бірақ әзірге жоба тек қағаз жүзінде.
«Ескі мектеп ғимараты заманауи талаптарға сай емес. Іші өте тар. Актовый зал, спортзал кішкентай, дәліздерде екі адам еркін өте алмайды. Жаңа мектеп салуды неше рет сұрадық. Бізге ақша жоқ дейді. Қалай?! Бізде ірі қала, сонша ірі кәсіпорындар бар. Менің ойымша, ақша жоқ деп айту ұят!» — деп ашуланды қала тұрғыны Айнұр Жұмаханова.
Шенеуніктер жаңа мектеп құрылысына қаржы әзірге жоқ екенін растады. Екі жыл бұрын 500 орындық жаңа оқу орнының жобасы әзірленген. Смета бойынша алдын ала құны — 3 млрд 600 млн теңгеден астам. Қазір жергілікті билік республикалық бюджеттен қаржыландыруды күтіп отыр.
«2027 жылы қаржыландыру қарастырылса, құрылысты бастаймыз. Егер қаржы толық көлемде бөлінсе, құрылыс мерзімі — 7 ай», — деп түсіндірді Ақтөбе облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.


