Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне шабуыл жасады деп айыпталған 16 жасар жасөспірімге қатысты сот процесі басталды. Оқушы қазір психиатриялық ауруханада жатыр және сот отырыстарына қатыспайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың желтоқсанында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тергеу деректері бойынша, жасөспірім анасы мен әжесіне пышақпен шабуыл жасаған. Зейнеткер әйел аман қалған, ал анасы алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Сараптама қорытындысы бойынша, жасөспірімге параноидты шизофрения диагнозы қойылған. Мамандар оның шабуыл кезінде өз әрекеттерінің сипатын түсінбеген деген қорытындыға келген.
Сотқа жасөспірімнің әкесі мен әжесі келді. Олар журналистерден өздерін түсірмеуін сұрап, пікір білдіруден бас тартты.
Оқиғаның мән-жайын сот отырысында Ақтөбе облыстық прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Ельдар Әбиев айтты.
«Жасөспірім ас үйде болған, анасы оған үлгерімі туралы ескерту жасаған. Осыдан кейін ол раковинаның үстіндегі шкафты ашып, қара тұтқалы пышақты көріп, алып, әйелді басқа бөлмеге дейін қуған. Сол жерде оған денесінің әртүрлі жеріне бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан анасы оқиға орнында қайтыс болды», — деді прокурор.


