Ақтөбе қалалық соты жұмыс берушіні жарақат алған қызметкерге моральдық шығынның орнын толтыру ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Ер адам өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сот отырысы барысында оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталды. Ол қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеген және еңбекті қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтамаған. Нәтижесінде жұмысшы ауыр дене жарақатын алған.
Іс құжаттары мен медициналық сараптама қорытындыларына сәйкес, талапкерге II топ мүгедектігі белгіленіп, кәсіби еңбекке қабілеттілігінің жоғалу дәрежесі 80 пайызды құраған.
Сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, талапкердің талаптарын ішінара негізді деп таныды. Моральдық шығынның мөлшерін анықтау кезінде алынған жарақаттардың сипаты мен ауырлығы, емделу ұзақтығы, мүгедектіктің белгіленуі, физикалық және рухани азаптың дәрежесі, сондай-ақ еңбек қызметін жүзеге асыру мүмкіндігінің айтарлықтай шектелуі және бұрынғы өмір салтының бұзылуы ескерілді.
Сот шешімімен жұмыс берушіден талапкердің пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтемақысы, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен емделуге байланысты көлік шығындарын қамтитын 255 мың теңге көлеміндегі материалдық залал өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне әлі енген жоқ.


