Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Алаңдағы маймыл

Құлжада Балқашқа еріп «Қытай базарды» екі айналып шыққанда Мұраттың ойына кенеттен «нұрлы болашақ» деген сөз сап ете түсті. Ол ары ойланды, бері ойланды. Сонда да осы сөздің кімнің аузынан шыққанын есіне түсіре алмады. Әйтеуір көз алдынан нұрлы шуақ төгілген, гүлдей жайнаған әлдекімнің жүзі елестеп өтті де, ой-санасын астаң-кестең етіп қойды. Ол сонда да көз алдында елбеңдеген бейнеден жанарынтайдырмай, кірпік қақпастан қарады да тұрды. Өзіне өзі күбірлеп:

— Мынауың сайтан емес, маймыл ғой, — деді.

— Кім саған сайтан деп тұр, бұл маймыл, — деді қасында тұраған Балқаш. Мұрат қадала қарап тұрған маймылдардан көзін тайдырып, қасында тұрған жолдасына жүзін бұрды.

— Дұрыс айтасың, бұл маймыл емес, бірақ, менің айтайын дегенім...

Балқаш пен Мұрат көше кезіп әбден шаршап, қаланың орталық алаңында жаңа тұрғызылған бұтхананың қасына келгенде олардың жолын алаңда маймыл ойнатқан біреу кесті. Әуелде зыр жүгіріпжүрген маймылдарды қоралап тамашалап тұрған жұрт ол екеуінің назарын бұра қоймаған еді. Кенеттен «шарт!» еткен бишік даусы ғана олардың миын зырқ еткізді. Оған маймыл ойнатқан қытайдың ақыру аралас зекірген, тіпті, маршқа ұқсас бұйрықты дауыс олардықол бұлғап шақырғандай тартты. Ол дауыс ұрсып жатқандай естілетін еді. Екеуі кінәлі адамдай бастарын төмен салбыратып, маймылдарды тамашалап тұрған адамдардың қатарына үнсіз қосыла кетті. Қоршаған жұрттың ортасында мойнындағы темір шығырықтан байланған,қушиған арық, қызыл бөксе үш маймыл қатар түзеп тік тұр. Иілген артқы тірсектері дір-дір етіп, қолдарын шығырыққа байлаулы жіптен алмастан айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Маймылдың мойынындағы шығырыққа байланған жуан арқанның бір ұшы қамшы ұстаған, селеу мұрты тікірейген адамның қолында жүр. Қамшы әр рет «шарт!» еткенде маймылдар «шақ!» еткен дауыс шығарып, тоңқалаң асып, секіріп, иесін айналып безек қағады. Бір қолымен жер тіреп, енді бір қолымен алқымынан алған арқаннан ұстап қолды-аяққа тұрмай жүгірген маймылға иесі әлденені айтып ақырды, қамшымен тиер-тимес етіп тартып жіберді. Жыландай ысқырған қамшыдан шиыршық атқан маймыл «баж» етіп жылаған сәбидей дауыс шығарып, безек қақты. Қалған екі маймыл да «шақ-шақ» етіп, қызыл көздерін үміт пен үрей араласжыпылықтатып, көтерілген бишіктен көз алмай селк-селк етеді. Шырқырап келіп қосылған қандасының жанұшырған даусынан олар да тым-тырақай қашып, ұлардай шулап кетті. Қалған екі маймылға да қамшы тиді. Зыр жүгірген маймылдың біреуі атылып барып қамшы үйіргенқожайынының бас киімін қағып түсірді. Өзінше қарсылық көрсеткені. Оған иесі ренжи қоған жоқ. Қайта, одан ары көңілдене түсті. Түсініксіз тілде міңгірлеп, қамшысын шарт еткізіп қойып, жерде жатқан бас киімін қолына алды. Айнала жұрт қызыққа тоймай, езуінжия алмай тұр. Әсіресе балалар қарық. Үлкендер кедергі болмаса, олар тіптен асыр салған маймылдардың қатарына барып қосыла кеткісі бар. Шартылдаған қамшы үні құлақтарының құрышын қандырып, қызықтыра түскендей. Әжесінің қасында тұрған кішкентай қыз бала қолына ұстаған тәттісін өзіне жақын келген маймылдардың біреуіне лақтырып жіберді. Әжесі оған «тыныш тұр, ол сен берген тамақты жемейді» деді. «Ол неге жемейді?» деп сұрады қызықтаған бала әжесінен. Әжесі оған «ол банан берсең де жемейді, өйткені, ол пандаемес, бамбук та жемейді. Оларға қожайын тәтті мен банан жеуді үйретпеген, қамшы жеуді ғана үйреткен» деді. Шарт еткен қамшы дауысынан соң, маймылдар тағы да қатарға тұра қалды. Шетте тұрған маймылдың бірі жапақ-жапақ етіп, екі қолымен бетін басып, әлдекімнен тілек тілегендей бетін сипады. Тағы бір маймыл көтерілген қамшыға бір, қырма сақалды еркектің мойнында отырып, қолын аспанға шошайтқан баланың саусақтарына бір қарайды. Үшінші маймыл мелшиіп, қыбырсыз тұр. Бірде оның көзі Мұраттың көзімен түйілісе кетті. Мұрат селт етіп, шошып қалды. Ол қыбырсыз тұрған маймылдың жанарында секеңдеп, маймылдармен бірге шолтаңдап жүрген өзін көрді. Маймылдар үшеу емес, төртеу, тіпті одан да көп сияқты. Олардың санын білу мүмкін еместей. Мұрат ары қарады, бері қарады. Олардың арасынан Балқашты көре алмады. Ал өзі арқанмен қосақталып маталған маймылы бар, адамы бар үлкен топтың ортасында жүр. Құлағына шарт-шұрт еткен үн естіледі. Алайда, ол бала кезінде ойнайтын қуаныштан атқан торсылдақтың даусы емес. Дегенмен, оның бойында қорқыныш та, қорлану да, зәбірлену де, тіпті, ойлану да, зәредей қарсылық та жоқ. Қайта құлақтан кіріп бойды алған тәтті әуеннің құшағында оса тиген қамшының ырғағында бар пейілімен, құшырлана билеп жүрген сияқты. Ол қамшы тиген сайын биді табанын шоққа қарыпалған адамдай қарғып-шоршып билейді. Мұрат табанының удай ашып тұрғанын сезді. Ол маймылдардың неліктен бір жерде тоқтай алмай, безек қағатынын енді түсінді. Оның маймылдарға ұқсап секіріп, шоршып, тоңқалаң асқысы, табанын жерге тигізбей жүгіріп кеткісі келді. Мұрат қасында тұрған Балқашқа тағы қарады.

— Маған неге қарай береді?

— Кім?

— Ана, маймыл.

— Ол саған қарап тұрған жоқ. Бәрімізге қарап тұр.

— Ол бізді танып тұр.

— Кімді танып тұр?

— Ол жаны ашып, бізге қарап тұр.

— Ол неге бізге жаны ашиды?

— Білмеймін.

— Меніңде жаным ашып тұр.

— Кімге жаның ашып тұр?

— Білмеймін, мүмкін, өзіме жаным ашып тұрған шығар.

— Менің шоршығым, секіргім, тоңқалаң асқым келеді, — деді Балқаш аузын досының құлағына жақындатып, сыбырға жақын дауыспен, — бетім емес, табаным оттай қызып барады.

Мұраттың өңі қуқыл тартып өзгеріп кетті. Өзегіне өрт кеткендей болған ол досына әлденені айта қойғысы келді. Бірақ, тамағын кенеп, жұтынып, қанша тырысса да үн шығара алмады. Тек түкіруге ғана әзер шамасы келді. Ол «мүмкін, тіл-аузым байланып қалған шығар» деп ойлады. Мойнындағы темір шығырық қысып, қылқындырып әкетіп бара жатқандай сезілді. Әл-дәрмені кетіп, демі үзіліп кетердей тынысы тарыла берді.

— Рахаттанып тұрсың ғой, — деді Балқаш досының тершіген маңдайына қарап, — жүзің бал-бұл жанып тұр.

— Көңілім біртүрлі болып тұр, — деді Мұрат.

— Неге?

— Мына маймыл неге маған қарай береді?

— Ол танып тұр.

— Ол мені танып тұрған сияқты.

— Ол інісін, болмаса әкесін көргендей әсерленіп тұрған сияқты. Байқадың ба, алақанын жайып, бетін сылап, дұға қылып, бізге бата беріп тұр.

— Ол неге маған қарап қалшияды? —деді Мұрат.

— Ол екеуімізді «қайдан көрдім» деп тұр ғой деймін.

— Оның көзінен бірдеңе байқадың ба? Мен оның жанарынан таныс біреуді көрген сияқтымын. Серік, немесе Құмар ма, әлде Ақтан мұғалім бе, олар онда неғылып жүр,мен тағы біреулерді көрген сияқтымын.

— Сен өзіңді көрдің, солай ма?

— Дәл айттың, ой тоба, сен оны қалай біліп қойдың, мен де аналармен бірге жүрмін..... ана маймыл қамшы тиіп зыр жүгірген сайын неге маған тесіле қарай береді? Ол неге жүгіре береді? Ой тоба, мен бе, мен түс көріп тұрған шығармын.

— Жоқ, бәріміз түс көріп тұрмыз. Біз маймылмен түсімізде жолықтық ау деймін.

— Мен өңімде де көргенмін. Мойнындағы шығыршықтан байланған арқаны бар маймыл екеуміз тастақты, тар, қараңғы көшені бойлап жанұшыра зытқанбыз. Әлі есімде, онда менің де мойнымда темір шығырыққа байлаулы арқан бар болатын. Мен оны шынында танып тұрмын. Мені оята көрме. Менің ұйқыдан оянғым келмейді. Менің маймыл сияқты болғым келмейді, менің оянғым келмейді, Балқаш, түсіндің бе, мені оята көрме.

— Алаңсыз бол, сені оятпаймын, — деген Балқаш досының иығына қолын қойып, басу айтқан болды, — біз не істесек те оянбайық.

— Мені оята көрме...

Мұрат осы әлетте өзінің оянбайтынына сене алмады. Қамшыдан безектеп жүрген маймыл түсімнен сүйреп шығарады-ау деп састы. Өйткені ол университеттің моншасынан шыққан сәтте босағадан көрген екі адамды қарсыда, маймылдарды тамашалап тұрған жұрттың ішінен көріп қалды. Олар сол күнгі бейнесінен бір мысқал өзгермепті. Қара түсті кәстөм-шалбар киіп, қара көзілдірік таққан. Қысқа шаштарын жылтыратып артқа қайыра тарап алыпты. Екеуі де сидиған арық, бір-бірінен айырғысыз, тіпті, бір адам ба деп қалатындайсың. Екеуі де тастамайтын сағыздарын қазір де тынымсыз шайнап, тамаша көрген жұрттың арасында тұр.

Маймыл ойнатушы екі маймылды айрылмастай етіп қосақтады да, үшінші маймылды жібінен босатып, оған мыс табақ ұстатты. Өзі қамшысын тастап, мыс табақтан біреуін көтеріп, айнала тұрған жұрттың алдына барып ыждағатпен қол қусырып, күлімсірей тұрып, «сапарға шыққанда досқа сүйенеміз. Аз болса, аз, көп болса, көп демейміз» деп мыс табағын көлденең тартып, ақша сұрауға кірісті. Жібін шұбатқан маймыл да тірсектері дірілдеп, жалтақ-жалтақ қарап қойып, мыс табақты төбесіне көтеріп, қожайынына ұқсап аралай бастады. Жұрт табаққа бес-он тиыннан ақша тастады. Жомарттығы ұстағандар, тіпті, бірнеше сом ақша да салды. Ақша шығарғысы келмегендер ойын аяқталды деп жылыстап кете бастады. Жеті-сегіз жастардағы ер баланы қолынан жетектеген көзілдірікті қартаң еркек «көшенің ойыны деген осы, көрейік деп тұрып алып едің, енді кетейік» деп баласын ертіп, кері бұрыла бастады. Жиылған жұрттың тарай бастағанын көрген маймыл ойнатушы азғантай кесек ақша түскен мыс табақты жере қоя салып, жерде жатқан қамшыны қайтадан қолын алып, бірнеше мәрте ысқырта сермеп жіберіп, «халайық, тарамаңыздар, маймылдар сіздерге жаңа өнерлерін көрсетеді, соны тамашалаңыздар, тарамаңыздар», — деп дауыстады. Табақ көтерген маймылды жібінен ұстап өзіне тартып, әлдене деп ақырып, бірнеше қамшы шықпыртып жіберді. «Қараңдар, ағайындар,көріңіздер» деді маймыл ойнатушы жарқын дауыспен. Маймыл орнында тұрып секіріп, тоңқалаң аса бастады. Жұрт бұл көрініске қайта жиналды.

Мұрат алдына келіп өзіне табақ тосып тұрған адамды тани кетті. Ол әлгіндесағыз шайнап тұрған адамның біреуі еді. Қаракөзілдірігін алмаса да Мұратқа тесіле қарап тұрғаны аңғарылады. Жүзінде күлкі де, күңірену де жоқ. Бейне мәйіттің өңі сияқты сұп-сұры. Мұрат шалбарының қалтасына қол жүгіртіп, тиын-тебен іздеді. Бірақ, оның саусақтары қалай қарманса да ештеңені іліктіре алған жоқ. Мыс табаққа қасында тұрған Балқаш әбден тозып, түте-түтесі шыққан елу тиындық ақшаны салғанан кейін ғана ол тыныштала қалды. Қара көзілдірікті табаққа түскен ақшаға көз қырын да салған жоқ. Ол, тіпті, Мұратқа емес, әлдебір алысқа қарап тұрған адам сияқты көрінеді. Енді ол табағын көтеріп келесі адамға қарай жылжыды.

— Мен оны танып тұрмын, — деді Мұрат демін ішіне тартып күбірлеп.

— Кімді айтасың, қытайды ма, маймылды ма? — деп Балқаш оған қарап қойды.

— Ана мыс табақ көтергенді.

— Ол маймыл ғой.

— Жоқ, ол тіпті де маймыл емес, адам. Әлгінде қарсы жағымызда тұрған, біреуіне ақша бердік, енді біреуі қайда кетті, олар біздің ізімізбен жүр.

— Сен не деп тұрсың, —деді Балқаш, досының бетіне қарап, — мен жаңа ғана адамға емес, маймылға елу тиын бердім.

— Енді біреуі қайда, тапшы.

— Қалғанекі маймылды әлгінде қара киген екі адам жетектеп кетті. Оны қайтейін деп едің? Маймылын біреулер алып кеткенін мына байқұс байқаған да жоқ.

Алаңның қақ ортасындабаяғы заманнан қалған мешіт тұратын. Оның маңдайшасындағы жазу әлдеқашан өшіп қалған. Соңғы бірнеше жылда мешіттің төбесіндегі жарты ай мен күмбез жоғалды. Азан шақыратын мұнарасы бір күні құлатылды да, кесектері жол таптағыш машинамен ұсатылды, сол орында цемент қосылып, бұтхананың алдындағы алаңға тұрғызылған мүсіннің тағаныетіп қайта құйылды. Сонымен мешіт бір күнде бұтхана болып шыға келді. Алаңға естіліп тұратын баяғыдағы азанның даусы өшіп қалғанымен, бұтханаға сонау Ыми тауынан әкелінген он екі тонна тұратын алып қоңырау орнатылды. Енді айналаны сол даңғараның үні діріл қақтырып тұратын болды. Қаланың тарам-тарам жолдары түйісетін алаңда содан бастап алып мүсін менмұндалап тұратын болды. Ол мүсінде айдар-шашы желбіреген шүршіт қарсы алдына қабағын қарс түйіп, айбарлана қарап тұр.

Ойын біткен соң, жұрт тарай бастады. Жібін шұбатып тоңқалаң асқан маймыл да, мыс табақ көтерген адам да жоқ болып кетті. Әлгі жез қоңырау үш мәрте соғылған соң, әлде кімдер бұтханадан қызыл бояумен сырланған, айдаһардың, жолбарыстың суреті салынған ағаш табытты қаумалай көтеріп, мүсіннің алдына әкеліп қойды да, өздері қайтадан бұтханаға кіріп, көрінбей кетті. Қоңырау тағы да үш мәрте соғылды. Балқаш әлгі өзінен өзі қатуланып тұрған мүсінге қарап тұр. Оған мүсіндегі шүршіт қатуланып тұрғандай емес, ыржия күліп тұрғандай сезілді. Мүсіннің ұзын айдарына байланған екі маймыл тоғайда сайран салып жүрген көп маймылды елестетті. Маймылдар бірде қарғып мүсіннің иығына шығады, бірде төбесіне отырып алады. Бір маймыл әлде кім лақтырған бананның біреуін алып өрмелеп барады. Мүсіннің төбесінде отырған маймыл қолтығын қасып, бит қарап отыр, айналасына, төменде құжынап жатқан жұртқа бей-жай ғана қарап қояды. Балқаш жай басып, анадайда табыт ағаштың қасында тұрған Мұраттың қасына барды. Мұрат ағаш табытқа зер сала қарап, сипап тұр. Қасына келген Балқашқа:

— Мынау сом ағаштан жасалыпты, — деді.

— Әлгіндегі маймылдар осында жүр, — деді Балқаш.

— Қайдағы маймыл?

— Әлгіндебіреулер алып кеткен маймылдарды айтамын, оларды мүсінге байлап кетіпті.

— Мына табыт қандай берік. Жасалғанына жүз елу, тіпті, одан да көп уақыт болған шығар. Оған біреу «мен жатамын» деп сонау ішкі қытайдан сүйретіп келіпті, бірақ, өзі жатпапты.

— Сонда жүз елу жылдан бері бұл табытағаш бос тұрған ба?

— Мүмкін, бос тұрған шығар, әлде біреу жатты ма екен?

— Меніңше, мұндай табытағашқа бір адам емес, бір халық, тіпті, бірнеше халық та сыйып кетеді. Өйткені, ол мәңгілік тозбайтын, шағылмайтын етіп жасалады. Оған біреулер «өзім жатамын» деп алып, соңынан өзге халықты тұтас салып жібереді.

— Ол неліктен мәңгілік тозбайтын, шағылмайтын етіп жасалады екен деші? — деді Мұрат ағаш табытты сипап тұрып.

— Өйткені, ол — табытағаш, өмірде екі нәрсе ғана мәңгілік болады, оның бірі — дарағашы, енді бірі — осы табытағаш. Олар тозбайды, содан да оған бәрі сияды.

Мұрат назарын өзіне қарап тұрған адамға аударды. Табытағаштың аржағында әлгінде көрінбей кеткен қара көзілдірікті адам қарап тұр. Үнсіз, тек сағыз шайнауын ғана тоқтатқан. Бет пішіні қураған жапыраққа, тозған тамның реңіне ұқсайды. Өңінде өңменіңнен өтер сыз бар. Мұрат одан көзін тайдырып, табытағашты қайтадан мейірлене сипады. Табытағаштан тараған ызғар саусақтарын сорып, жүрегіне құйылғандай болды. Табытағаш бұлқынып жатыр.

— Мұнда кім жатқанын білесіз бе? — деді әлгі адам жай дауыспен, табытағашты ол да сипады. Үні Мұратқа ерекше таныс сезілді, —мұнда менің досым жатыр.

— Солай ма?

— Иә, ол сіздің де досыңыз.

— Менің бе?

— Иә, сіздің.

—Сонда қалай...

— Айтпағыңыз, қашан өлді дейсіз ғой...

— Иә...

— Ол өлген жоқ, тірі, өлмейді де, сіз білуге тиіссіз.

— Кім өлмеуге тиіс?

— Досыңызды айтамын, ол өлмеуге тиіс, солай емес пе?

— Солай ғой, бірақ...

— Оны көргіңіз келе ме?

Мұрат табытағаштың бетінің еппен кейін ысырылғанын байқады. Ол табытағаштың ішіне үңілді. Табытағашта көзі жұмулы жатқан адам Мұрат үңілгенде кенет көзін ашып, оған жымия қарады. Мұрат табытта жатқан адамды бірден тани қойды. Ол әлгінде маймыл ойнатып жүрген еркек еді.

— Не деп күбірлеп тұрсың? — деді Балқаш Мұраттың бетіне қарап.

— Мынау тұтас ағаштан ойыла салыпты.

— Оны әлгінде айттың ғой.

— Мен өзімді моншада тұрғандай сезініп тұрмын.

— Өйткені, жаңбыр жауып тұр. Дүние деген үлкен монша, оған адамдар жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді, — деді Балқаш досының құлағына сыбырлап.

— Алаң сол баяғысындай құжынаған адамға толып, үнсіз мүлгіп тұр. Мұрат та мүлгуде. Оның қасында тұрған Балқаш қана айналасына жалтақтап, қарай береді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама