Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және отбасы мен балалық шақты қолдау

Қостанай облысы Арқалық қаласы
№10 жалпы білім беретін орта мектебінің  
әлеуметтік педагогы Есімсейтова Бақыткүл                                                      

Адамның шыр етіп жерге түскен минутынан бастап, оны өмірін, денсаулығын, тыныштығын қорғап отыратын заң бар. Бұл заң 1948 жылы     10 - желтоқсанда қабылданған. «Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы», сонымен қатар 1959 жылы қабылданған «Бала құқығы Декларациясы», міне осы декларациядан кейін 61 ел қол қойған 1989 ж 20 қарашада «Балалар құқығы туралы Конвенция» қабылданды.

Білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік педагогтар осы заңдарды басшылыққа ала отырып, бала құқығын қорғау жұмыстарын жүргізеді.
Әлеуметтік педагог - білім саласында басқа мамандармен салыстырғанда біздің ел үшін өте қажетті мамандық.

Әлеуметтік педагог – делдал жеке тұлға, отбасы және қоршаған орта арасындағы осы ортаның педагогикалық тұрғыдан мақсатқа сай қайта құрылуына ықпал ететін  байланыстырушы буын.

Қазіргі кезде елімізде экономикалық және әлеуметтік қиындықтар орын алғаны бәрімізге белгілі. Халықтың басым көпшілігі жұмыссыз болғандықтан әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың саны аз емес. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы баланың білім мен тәрбие алуына кері  әсерін тигізеді.

Бүгінгі менің сіздермен ой бөліскелі отырған тақырыбым әлеуметтік жетімдік дегеніміз не? деп аталады. Конвенцияда «Әрбір бала өз отбасында, ата – анасымен бірге өмір сүруге құқылы» деп айтылғанымен, баланың барлығы мұндай мүмкіндікке ие бола алмайды.

Ата-анасы бар болса да, ата–аналары түрлі себептермен балаға қатысты міндеттерін орындай алмаса, бала әлеуметтік жетім мәртебесіне жатады. Балалардың әлеуметтік жетім болуы әке- шешелерінің ата-аналық құқықтарынан айырылуы, материалдық, тұрмыстық жағдайдың төмен болуы, ата-аналарының бас бостандығынан айырылуы және баланың некесіз тууы себеп бола алады. Әлеуметтік жетімдіктің тағы бір басты себебі, ата-ананың ішімдікке салынуы.

Мен әлеуметтік педагог болып жұмыс жасаған 8 жыл ішінде әлеуметтік жетімдік мәртебесіне ие болған оқушылар саны жыл өткен сайын азаймай отыр.

Қиын жағдайға ұшыраған балалармен жұмыс істеу барысында әлеуметтік педагог баланы және оның отбасын жан-жақты зерттейді, оның жағдайын, тығырықтан шығу жолдарын қарастырады, жоспарлайды. Қиын жағдайға тап болған баланы демеу оңай жұмыс емес. Мұндай  жағдайда оны рухани тұрғыдан қолдап, өзіне деген сенімділігін ояту, алдағы уақытта бәрі жақсы болатынына сенімін күшейту өте қажет. Осындай жұмысты атқару үшін әлеуметтік педагог белгілі бір білім жинақтаған, адамдармен тіл табыса алу, баламен жұмыс істей алу қабілетімен, педагогикалық икемсділікпен қаруланған болуы керек. Сонымен қатар, әлеуметтік педагогтың адамгершілік қасиеті басты назарда болуы керек.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қаламыздағы өмірдің қиын жағдайына тап болған жасөспірімдерді қолдау орталығында  әлеуметтік мәртебесі анықталғанша немесе отбасына қайтарылғанша тәрбиеленеді. Ондай жасөспірімдерді мемлекет қамқорлығына алып,  барлық жағдай жасалады. Бірақ анасының аялы алақаны мен әкесінің қамқорлығын бұл мекемеден ала алмайтыны бәрімізге белгілі. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау мен көмек көрсетілгенмен,ата-анасының орнын  тәрбиешілер алмастыра алмайды.

Менің тәжірибемде жеке басын анықтайтын құжаты жоқ балалар кездесті. Барлық балалар бүгінгі күні туу туралы куәлік алды. Құжат  дайындау оңайлыққа соққан жоқ. Себебі ата–аналар түрлі сылтау айтып, қажетті қағаздарды уақытылы тапсырмайды.

Баланы қамқорлыққа алу және әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде кездескен көптеген қиындықтарды шешу барысында білім бөліміндегі бала құқығын қорғайтын мамандардың көмегімен шешіледі.

Біздің білім ошағымызда бала құқын қорғау мақсатында өткізілген игі шаралар өз дәрежесінде өткізіліп келеді. Қамқоршылар күні  еліміздегі  кенже мерекелердің бірі болса да, №10 орта мектебінде бұл мерекені атап өту дәстүрге айналған. Қамқоршылар күнінің негізгі мақсаты:  отбасы ынтымағын нығайту, адамзаттың назарын әлеуметтік жетімдік қиындықтарына аудару; Ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеп  отырған қамқоршыларды құрметтеу, мадақтау; қамқоршыларды бір-бірімен тәжірибе алмастыру болып табылады. 

Әрбір баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Қоғамда ең басты дәстүрлі тәрбие институты отбасы болып табылады. Баланың отбасынан алғанын өз барлық өмірінде есінде сақтайды. Балаға жақсы көретін, мейрімді отбасының беретінін ешкімде бере алмайды. Міне, сондықтанда Қамқоршы күні тек қана мерекелік іс-шара ғана емес, сонымен бірге зор ақпараттық – түсіндіру жұмысы болып отыр.

Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу - бүгінгі күні мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Баланы отбасына қайтару жұмысы мамандар тарапынан қолдау тапқанымен, балалардың әке-шешесінің тарапынан қолдау таппай отыр. Өкінішке орай көптеген ата-аналар баласын тәрбиелеуден бас тартып, жауапкершіліктерін сезінбесе де, оларға жаза қолданылу мәселесі кенжелеп тұр. Мамандар  мен әлеуметтік педагогтар бала үшін  ата-ананың, туысқандарының яғни отбасының алатын орны ерекше екенін, бала басты құндылық деп ата –ананы   санайтынын қалың жұртшылыққа насихаттаса, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бір қадам жасалар еді. Жетім баланың саны азайса,  балалар үйінің саны азайып, есігі жабылар еді. Жетімдердің отбасына берілуіне, яғни азаюына әр қайсымыз үлес қосуымыз керек.

Кез келген санаттағы балалармен жұмыс барысында  әлеуметтік педагог психологтың, мектеп инспекторы, мектеп медбикесінің және  көптеген мамандардың көмегіне жүгінеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бірлескен жұмыс нәтиже берері сөзсіз.

Бала – біздің болашағымыз. Егер біз бүгін бала бала тәрбиесіне немғұрайлы қарайтын болсақ, онда ертеңгі күніміз бұлыңғыр болады.  Сондықтан әр сәби, әр баланың тағдыры біздің назарымыздан тыс қалмауы керек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама