Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Алғашқы қар

Кеш болса таяу. Өрістен жайыла қайтқан сиырлардың қарасы да көрінді. Енді сауыншылардың ешқайсысын жұмсауға болмайды. Ал арғы бетте әлі бір шошақтай шөп қалып отыр. Бастықтан бір күнге деп сұрап алған тракторды, соған бола ертеңге дейін ұстаудың жөні тағы жоқ. Қайткенде де ол шөпті бүгін кештен қалдырмай фермаға жеткізіп алу керек. Кім біледі, бүгіннен қалса қол тие ме, тіпті қол тисе де ауа райы қалай болады? Таңертеңнен күн бұлыңғырланып тұр. Енді, әне кешке қарай батыс жақ күңгірт тартып, аспанды бұлт торлай бастады. Осының бәрін зыр қағып жүгіре жүріп ойлаған Күлипа сауыншыларды жинастырды. Кешкі сүттің есебін жазуды солардың біріне тапсырды да, шөпке өзі кетті.

Трактор фермадан ілезде қара үзіп, ұзап шыққан. Еңіске қарай жылан бауыр бар салмағымен екпіндей құйылып, ағып келеді. Кабина іші тымырсық. Жанармайдың қоңырсық иісі қолқаны үзгендей. Лоблығып жүрегі айныған Күлипа басын сыртқа шығарып отырды. Жаңа байқады: дәл маңдайдан салқын жел үрлеп тұр екен. Күшейіп үдей соғар түрі бар. Күн көкжиекке арқан бойы төніп қалған. Бұлыңғыр бұлттың торына түсіп, күрең қоңыр боп тоттанып, тіпті көңілсіз жабырқау кескінмен батып барады. Сүрлеу жолдың екі жағында да жуырда айдалған майбөкпе қара нар. Онан әріде қурай-шөбінің сұры қашып, шаңғытқан ойлы-қырлы күзгі дала. Демін ішіне тартып сұрланып жатыр. Төбеден қанаттары сусылдап екі үйрек ұшып өтті. Көпке дейін көз ұшында жалп-жұлп етіп бұлдырап, ұзап бара жатты. «Бұлар қайтқан құстың соңы болар» деп түйді.

Әлгінде ала өкпе болған Күлипаның ентігі басылып, салқын желден бойы тоңазиын деді.

Бүгін ол таң қылаң бергеннен тыным тапқан жоқ. Тауық шақырған кезде ұшып тұрды да, шашын жүре тарап сыртқа шықты. Жарқырап Шолпан туыпты. Таң алакеуімденіп енді сызаттап келеді екен. Күлипа жүгірген бойда ауылдың о басы мен бұ басындағы сауыншылардың терезесін қағып, түгел оятты. Олардың ұйқысы қанбай күңкілдескенін елең қылмастан ертеңгі сауынды бастатты. Өзі қыршаңқы жиренге тоқым сап мініп, колхоз кеңсесіне тартты. Председательдің де тұрғаны сол екен, беті-қолын да жуа қоймапты. Күлипа оған кезіккен бойда соңынан қалмай қадалып жүріп, осы тракторды пар жыртып жүрген жерінен бір күнге сұрап алды. Өзі бас болып, кешке дейін сауыншыларға төңіректегі шөптерді тартқызды. Шаршағанын қазір ғана сезіп отыр. Бойы дел-сал боп салдырап, ойылған алақандары дуылдап ашып, сәл қисайса ұйықтап кеткелі отыр.

Тракторист Сұлтан сол таңертеңгі үн-түнсіз меңірейген күйінде. Бір ауыз артық тіл қатпайды. Мінезі қызық жігіт. Күлипа оған не десе де құр ыржия күліп отырғаны. Өзінде ашу деген мүлдем жоқ болу керек. Өйткені, әлгінде бір асыққан кезде Күлипа: «Әй, өгіз, жүрсеңші!» деген айқайлап. Ашуланар деп ойлады. Бірақ жігіт мыңқ деген жоқ. Құлағына дейін қызарып, ыржия күлді де қойды. Арбиған қолдары рычагтарды ойыншықша ұстайды. Рычагтар мұның қолында — түбі шіріген ағаш сияқты ілгерілі-кейінді тіпті жеп-жеңіл қозғалады. Осыған қарап Күлипа трактор айдауды оңай болар деп түйді. «Еңгезердей боп, жаны қиналмайтын жеңіл жұмысты тапқан» деп ойлады.

Күлипа әр адамның өзіне тән ерекшелігін тез байқайтын. Сұлтанның бойынан көзге түскені аюдың табанындай үп-үлкен қолдары. Саусақтары жөнсіз салалы, әрі жуан. Тегінде, Сұлтанның дене бітімі де тым қолапайсыз. Ұзын бойлы, аяқ-қолдары теректен кескендей сидиған, өзі сопақ бас, үлкен мұрны қисық ағаштан жонғандай белінен опырылып, дөңденіп біткен. Кирзі етігінің қонышын қайырып қойған, тізесі сойдиып отыр. Май әбден сіңген комбинезоны қара терідей жылтырайды. «Адамның тұлғасы да осындай рабайсыз болады екен-ау» деді Күлипа ішінен. Үнсіздіктен іші пысқандай:

— Майдың иісі жаман екен, басымды ауыртты, — деді.

Сұлтан оған бажырая бір қарады да, бұрынғысынша үнсіз отыра берді. Арбиған жуан саусағымен мұрнын бір сүйкеп қойды.

— Майдың иі-сі жаман е-кен дей-мін, — деді Күлипа әр сөзін үзіп-үзіп айқайлап.

Өзі іштей: «Мәссаған, керек десе сөйлесуді де білмейді, кеңірейіп. Мал ғой, мал...» деді бір түрлі өзінен-өзі күйіп-пісіп.

Қыздың шаңқылдай сөйлегеніне Сұлтан аузын тұлыптай ғып дүрдитіп, езу тартты да басын шайқады. Біраз жүргеннен кейін барылдаған жуан үнмен:

— Мен керең емеспін ғой, Күлипа, — деді. — Үйренбеген адамға майдың иісі жаман екені рас.

Бұл жолы ерегескендей қыз үндемей қойды. Дәл қазір оған осы жігіттің түр-тұлғасы да, сөзі де, даусы да аса сүйкімсіз көрінді. Тіпті онымен қатар отырып келе жатқаны үшін намыстанғандай болды.

Әлден уақытта Сұлтан төңірегі шелдене қызарған кішірек көздері жыртиып қызға күле қарады. «Өй, жаман албасты, неменеге жетісіп ыржаңдайсың» дегісі келді де Күлипа» — «қойшы, осыған сөзімді қор қылып» деп тыйылды. Жақтырмайтынын білдіре түскісі кеп, шолақ мұрнын тыржың еткізді, ернін шығарып басын далаға бұрып отырды.

Бұрын Күлипа бүл жігітті сыртынан білетін. Ауылдағы қыздар Сұлтанды адамның бірін-бірі сынап көбіне бірін-бірі мазақтау үшін: «Әлгі, сенің Сұлтаның-шы...», болмаса: «Әй, саған Сұлтаннан басқа ешкім қарамас», — деп сол орайда сөз ететін. Соңғы екі-үш жылдан бері Сұлтанның әке-шешесі құда түсіп, айттыра бармаған бойжеткен ауылда некен-саяқ шығар. Бірақ қыз атаулы Сұлтан десе кірпідей жиырылады. Алдыңғы жылы аудан орталығындағы екі жылдық курста оқып жүріп Күлипа аз күнге демалысқа қайтқан. Содан Сұлтанның әке-шешесі бұған да құда түсіп, айттыра келген-ді. Әрине, ол кезде Күлипа Сұлтанның қандай жігіт екенін жөнді білмейтін. Сондықтан ағынан жарылып келген қарттарды қатты сөз айтып ренжітпей, түрлі сылтаулармен шығарып салған.

Енді ғой міне, ауылдағы қыз атаулыға жексұрын болған, сол Сұлтанмен қатар отыр. «Сорлы, түріне қарамай қыз айттырғышын, — деп Күлипа іштей мысқылдай күлді. — Күйеу бала... Хи-ха-ха-ха... Байғұс, өзінде дәрмен болмаған соң екен ғой, әке-шешесін тыным таптырмай құдалыққа аттандыратыны».

***

Трактор сайдың табанына жақындап қалған. Күн әлдеқашан қара бұлтқа сүңгіп көрінбей кеткен еді. Айнала ыс басқандай күңгірттеніп, көз байланып барады. Жел әжептәуір леки соғып тұр. Аспанның батыс жағын сірестіре тұтып алған тұңғиық қара бұлт жаңадан боялған қара тақта тәрізді. Теп-тегіс боп тұтасып, түнеріп келеді. Бір сәт сол қара бұлттың дәл ортасынан тасты жарып шыққан арша тәрізді бір шоқ ақша бұлт пайда болды. Қардай аппақ, әрі үлпілдек, жел көтерген мамықша қалықтайды. Әр минут сайын құбылып біресе жалпылдай ұшқан алып қанатты үйрекке, біресе қара пармен жөңкіле жөнелген тракторға ұқсап кетеді...

«Тамаша! Табиғаттың қара дүлей сұсында да ғажап сұлулық болады-ау» деп ойлады Сұлтан. Ал мына қыз болса осы сұлулықты аңғарар емес. «Аһылап, уһілеп» тыржың-тыржың етеді, ернін шығарады ма-ау. Өзін, жұрт жерге сыйғызбай мақтаушы еді. Неғып мақтайды екен. Өзі шүйкедей, бір-ақ уыс. Не бой жоқ, бір тұтам. Өзі қап-қара, тек екі бетінің қаны тамып тұр дегені болмаса...» Сұлтан ертеден бері осы қыздың жадырап, қабақ жазғанын бір көрмеді. Бүкіл ферманы бір өзі иығымен көтергендей-ақ боп жүр. Сырты жылтырағанмен, мінезі мінез емес, ұшып-қонба тұштақай екен ғой. Апыр-ай десеңші. Сұлтан осы қызға кәдімгідей-ақ қызықты-ау. Тіпті бүгін ертеңгісін шөп тартуға келерін білгенде, асығыста жүрсе де осы қызға арнап өлеңмен хат жазып алды. Ондағы ойы, өз көңілін хат арқылы білдіру еді. Енді, міне, хат бермек түгілі ат-тонын ала қашып отыр. Осы қызбен ұрсыспай құтылса екен. Әй, ендігәрі маңына баспас еді-ау.

— Неменеге күліп отырсың?

— Қызықсың сен, Күлипа, күлмегенде жылаймын ба?

— Е, сонда босқадан босқа, күле ме екен, адам.

— Күлкісі келсе күледі.

— Босқа ыржаңдағанша, айда тездетіп, — деді қыз.

Сұлтан жауап қатқан жоқ. «Қандай дөрекі, мынау ешкімге әйел боп оңдырмас» деп қойды ішінен.

***

Сайдың табанындағы шалшық судан өте беріп Сұлтан тракторды тоқтатты да, шелегін алып радиаторға су құйды, онан соң шымның үстіне ұзыннан етпеттей түсіп өзі су ішті. Күн қараңғы тартып, көз байланған сайын тағаты бітіп, асығып келе жатқан Күлипаның зығыры әбден-ақ қайнады. «Сүйкімсіз адамның су ішкені де сүйкімсіз болады екен-ау. Мал болмаса суды қандай адам өстіп ішеді».

— Әй болсаңшы, тез, сүр жегенсің бе? — деді асықтыра дауыстап.

Сұлтан жеңімен аузын сүртті де, жайлап басып кеп тракторға отырды.

Өрге қарай тырмысқан трактордың арты кейін тартып, жылан бауыр алға қарай күшпен жылжып келеді. Тастақ қабырғаның жалтылдақ селдір бетегесі күні бойғы сүйретілген шөптен жапырылып, бұзау жалағандай жалтырап қапты. Трактор содан тайғанақтап келе жатқандай болады. Күлипаның есіл-дерті тезірек шөпке жетіп, қайтып оралу. Әне, анау белесті асқан соң қабақтан екі шақырымдай ғана жер жүру керек. Онан соң шөпті темір арқанмен түбінен орай байлап сүйреткіге салады да, кері қайтады. Сонымен биыл қысқа деп әзірлеген шөп тегіс фермаға жиналып бітер еді. Бүкіл қыс бойына сауыншылар жылдағыдай шөп тартамыз деп әлекке түспейді. Ал Күлипа болса сүттің артуын талап етіп, есебін жүргізеді. Сауыншылардың бірде-бірі сылтау айтып бұған кінә таға алмайды енді. Жем керек пе, міне, қоймадан керегінше ал, шөп керек пе, әне, ауладан ал да сал. Тегінде, жұмыста берік тәртіптің болғанын ұнатады Күлипа.

Күлипа селк ете түсті. Тағы да, тағы да... Ұсақ жаңбыр тамшылары бетінен ұрғылай бастады.

— Айдасаңшы тезірек! — деді. Сұлтан газ рычагын жоғары қарай жұлқа тартты.

Трактор құлақты жарардай дүрілдеп, ышқына түсті. Жел ұшырып кеп жаңбыр қиырлай жауды. Сұлтан кабинаның екі жақ әйнегін көтеріп қойды. Нағыз тұншықтырар тымырсық енді орнады.

Даладағы қараңғылық қоюлана түсуде. Көз алды бұлдыр тартты. Тұтасқан қара бұлт бүкіл аспан аясын түгел бүркеп қымтап алған. Әлгінде ғана фермадан шығарда дәл осындай болып кетер дегенге сену қиын еді.

«Қазір сауыншылар сауынды аяқтаған шығар» деп ойлады Күлипа бір ауық тәтті оймен көңілін сергітпек болып. Сауыншы қыздардың алыса-жұлыса қызыл бұрышқа қарай жүгірген кезін елестетті. Бүгін фермаға орталықтан жігіттер келіп би кеші болмақ еді.

Жаңбыр сытыры жиілеп, төменгі құз жақтан сумаңдаған соқыр тұман шыға келді. Лезде төңіректі емін-еркін жайлап алды. Енді дала мүлдем түнеріп, көзге түртсе көргісіз тас қараңғылық басты. Сұлтан тракторының фарын жақты. Тек, бұлдыраған сүрлеу жол, себелеп тұрған ұсақ жауын көрінеді. «Осы кері қайтқанымыз дұрыс болар ма еді» деп бір ойлады Күлипа. Сұлтанға қарап еді, ол со бұрынғы күйінен өзгерместен, қаннен-қаперсіз отыр. Ауа райының бұзылуы ойына кіріп шығар емес.

— Сұлтан, адаспаймыз ба?

— Білмеймін, — деді жігіт ыржия күліп. Онан соң адасуды тілеп отырғандай-ақ. — Адассақ тракторды тоқтатамыз да таң атқанша кабинада айқасып жатып ұйықтаймыз. Трактордың кабинасында бір рет ұйықтағанғ түгің кетпес, — деп қойды.

Күтпеген жерден мұның тілмарси сөйлегеніне Күлипаның ит жыны ұстады. «Өй, жаман албасты» дегісі келді де іркіліп қалды. «Байғұстың ойын қарай гөр» деді ішінен. Онан соң:

— Көп сөзді қайтесің, тездет, — деп қабағын шытты.

***

Енді шөпке жеткенше Күлипа ештеңені де ойламауға тырысты. Тастай қараңғы түнге көзі бұлдырап талғанша қарады да отырды. Дала меңіреу жатыр. Оқта-текте трактордың фарына соғылып қала жаздап, дәл аяқ астынан кішкентай торғайлар тіке көтеріледі, жарықты қуалап біраз ұшады да, түн қойнауына зып етіп еніп, зым-зия жоқ болады.

Тұман арасынан әлсірей шыққан трактор жарығы шөпке түскенде Күлипа қатты қуанды.

— Oho! Жеттік-ау, кәне, мен арқанның ұшын ұстайын, сен айналып шық, — деді ол.

Өзі трактор тоқтамастан-ақ жерге секіріп түсті. Демнің арасында шөпті тракторға тіркеп те алды.

— Мен шөптің үстіне отырамын, айдай бер, — деді Күлипа дауыстап.

Тырмысып жүріп шөптің үстіне отырып алды. Шөп су екен. Үңгіп отырмақ болып қолымен жұлқылап, аяғымен тепкілеп көріп еді, күші жетпеді. Біраз әуреленді де ештеңе шықпайтын болған соң, сол қалпында-ақ отыра кетті. Жемпірінің жотасынан жауын өтіп, киімі денесіне жабыса бастады. «У-у, брр», — деп иығын қиқаңдатып, жиіркеніп қойды. «Жарайды, қазір-ақ үйге жетеміз ғой, еріп кетпеспін» деді онан соң өзін-өзі жұбатып. Шалқасынан жатып маңдайына жабысқан су шаштарын қайырып, жаңбыр тамшыларына аузын тосты. Бала кезінде жаңбырлы күні өстіп ойнайтын. Анда-санда ойлы-қырлы жерлерге келгенде жұмсақ қана бүлк ете түскені болмаса, шөп орнынан қозғалмай тұрған тәрізді. Күлипаның киімдері тегіс су болып, бойын суық алайын деді. Желдің өті де суытып алай-түлей боп жындана соқты.

Кенет... жауын тамшылары жентектеліп тама бастады. Енді бетіне тиген жауын тамшысы емес, ери жауған алғашқы қар түйіртпектері екенін сезді Күлипа. Басын көтеріп алақанын жайды. Иә, дәл солай. Жаңбыр арты қарға айналған екен. Ұп-ұсақ түйіршіктер бетке құмша тиіп, тызылдата бастады. Күн суытып кетті. Әрі-беріден кейін жел бірте-бірте баяулап барып басылған. Енді қар жапалақтап жауды. Түнерген тастай қараңғылық сәл сейілгендей болды. Төңірек біртіндеп ағараң тартты. Бұл құбылыс қардың әсері екенін Күлипа бірден аңғарды. Меңіреу далада қардың алғашқы жаууы соншалықты сұлу көрініс еді. Күлипаның бойын суық мықтап буып алып, буындары дірілдей бастады. Шөптің ортасын ашпақ болып тағы да тырмаланып әрекет етіп көрген, әлі жетпеді. Қар жауған үстіне жауа берді. Трактор сол бір қалыпты жылдамдықпен жылжып келеді. «Ең болмаса, орта жолға келген шығармыз» деп ойлады Күлипа. «Енді аз ғана шыдасам фермаға да жетеміз ғой». Бірақ қанша ұзақ жүрсе де сайдағы суға жете алмай келе жатқандарына таңданды. Трактор тоқтады да, Сұлтан жерге түсті.

— Неге тоқтадың?

— Сен тоңдың ғой.

— Тоңған жоқпын.

— Қой, Күлипа, суық тиіп ауырып қаларсың, түсіп тракторға отыр.

— Менде жұмысың болмасын. Айда! — деді Күлипа ызаланып. «Сенің қамқорлығың жетпей келе жатыр еді» деп қойды ішінен. Сұлтан тағы бірдеңе дейін деп еді, Күлипа оның аузын ашқызбастан:

— Айда! — деді шаңқылдай айқайлап. Жігіт фуфайкасын шешіп, шөптің үстіне лақтырды.

— Мә, жамылып отыр.

Май-май ауыр фуфайканы Күлипа иығына желбегей жамылды. «Фу, иісі қандай жаман»

Тағы да жүріп кетті. Қар жауған үстіне жауа түсуде. Енді бірде Күлипаға шөп қардың үстімен өзі сырғанап келе жатқандай көрінді. «Е, сайға келіп қалған екенбіз ғой» деп қуанды. Бірақ әне жеттік, міне жеттік дегенмен сайдың табанындағы су жеткізер емес. Сай шеті ұшы-қиыры жоқтай созылып, трактор мен шөп таусылмас бір ұзақ еңіске қарай сырғанап келе жатқан сияқты. Тіпті, енді бірде бұлар еңіске емес, өрге қарай сырғанап келе жатқандай боп көрінді. Қалтырап тоңа бастаған Күлипа әлгінде жиіркене жамылған фуфайканы киіп, қаусырынып отырды.

***

Трактор тоқтады. Сұлтан жерге секіріп түсіп, еңкейіп жүр.

— Не болды? Бірдеңең жоғалды ма?

— Біз адаса бастадық қой деймін, Күлипа, — деді Сұлтан күмілжіп.

— Қойшы ары. Осы тұрған қарыс жерге адасып, ұят емес пе.

— Маған сенбесең өзің түсіп қарашы. Жол қайда?

Күлипа бағанағы өзі тырмысып шыққан жерден түсе бергенде аяғы тайып кетіп, жерге гүрс құлады. Сұлтан ұмтылып кеп оны қолтығынан ұстап көтеріп алды. Өкшесі мен жамбасы оңбай ауырған Күлипаның көзінен жас ыршып кетті. Бірақ сыр бермей, өзін демеген Сұлтанды итеріп жіберді де, ақсаңдай басып трактордың алдына барды. Көз алды теңбіл шұбарланып тұр. Қар торғайбастанып құйын ұшырған мамық жүндей қалықтайды, фар сәулесін қиырлай кесіп жапалақтайды. Аяқ басын көметіндей боп қапты. Күлипаның малмандай су етігінің тобығына дейін үлпек қар жабысып, ери бастады. Бір қабат жұқа шөлкиден суық сыз тыз етіп өте шықты. Трактор бір қалыпты ақырын ғана күркіреп тұр. Айнала аппақ, жым-жырт. Не көз тоқтатар қылаң көрінбейді, не құлақ қағар дыбыс естілмейді.

Күлипа бұрын адасу жайлы елден еститін де оған таң қалатын. Адамның күнделікті өзіне жақсы таныс, аралап жүрген жерінен адасуы оған өте сенімсіз, күлкілі көрінетін. Енді, міне, бүгіннің өзінде ары-бері бірнеше рет шиырлай жүрген жолдан адастық деуге оның мүлдем сенгісі келмейді. Бірақ дәл қазір былай жүрсек тура барармыз-ау деп айта алатын емес. Қалай қарай жүрсе де дұрыс сияқты.

— Ал қалай жүреміз? — деді Сұлтан.

Қаперінде ештеңе жоқ, сол бәз-баяғы қалпы.

— Қалай жүреміз, — деп ызалана қайталады, зығыры қайнаған Күлипа оны мазақтап.- — Көз алдыңда сайрап жатқан жолдан адасып қара басты ма?! Жүр, енді қалай жүрсең де.

— Ойбай, қызықсың ғой... — деді күле күмілжіген Сұлтан, онан соң әудем жерді тоңқаңдаған күйде айнала қарап шықты да, қайтып оралды, арбиған саусағымен мұрнын сүйкеп қойып. — Меніңше осы бетімізбен біраз жүре түсейік.

Күлипа үнсіз келісіп, тағы да шөптің үстіне шығуға беттеген.

— Кел, тракторға отыр, — деді жігіт.

Күлипа оның сөзін тыңдамастан шөпке жармасты. Қанша тырмысқанмен аяғы тайғанақтап шыға алмады. Қолы тоңып, қарманып ұстау қиын болды. Ауыр фуфайка да иығынан төмен басып жіберер емес.

— Келсеңші енді, қыңыраймай. Өзің бір кері тартқан қыз екенсің, — деді Сұлтан бірінші рет оған ызаланып. Сөйтті де өзі Күлипаны қолынан ұстап, дедектетіп тарта жөнелді. — Кабинада сені ешкім жемейді ғой, жүр бері. Үсті-басың су-су, қараптан-қарап жүріп ауру тілеп қызықсың өзің.

Күлипаның тыртыса тартыншақтанғанын елең қылмастан, оны кішкене балаша екі қолтығынан тік көтеріп алып, трактордың кабинасына отырғыза салды. Есікті сыртынан мықтап жауып қойды. Кабина іші жылы еді. Күлипа тісі-тісіне тимей сақылдай дірілдеп қоя берді.

— Қызықсың ғой өзің, дәл бір менімен ұрсысқан адамдай болмағың не, — деді Сұлтан оны күлімсірей сөгіп.

Қар жапалақтап тұр. Трактор бір қалыпты жылжып келеді. Төңірек аппақ. Қай жер, өр ме, еңіс пе, айыру қиын. Ұзақ жүрді.

— Біз станциядан келетін үлкен қара жолдан да өтіп кеттік. Кәне, қайтып біраз жер жүр де оңға бұр. Сайдағы суға түссек ауылды тез тауып аламыз, — деді Күлипа.

***

— Сұлта-а-н

— Мен мұндамын, — деп жігіт әлдеқайда әлсіз дыбыс берді.

Дауыс шөптің астынан шыққандай болды. Күлипа шөптің құз жағына таяп келді. О, сұмдық! Сұлтан шөптің астында қапты. Шөп Сұлтанға ғана ілініп тұрған сияқты.

— Сұлтан-ау, не істеймін? — деп Күлипа жылап жіберді.

— Тас-с, тас-с... Осы төңіректе тас бар шығар, трактордың табанына төсе... Онан соң қорықпай қатты айда.

Күлипа жылап жүріп айналадан тас іздей бастады. Анадай жердегі қараң-құраң етіп жатқан жақпарлардың арасынан көлпек қарды тепкілеп, тас жиып алды. Табанына тас төсеп, тракторға қайта отырды. Қыздың ендігі бар есіл-дерті әлгінде ғана Сұлтанның үйреткендерін ұмытып қалмау... Педальді басты... Жылан бауырдың тастарды астына жаншып, шақыр-шұқыр еткізгені естілді. Сөйткенше болған жоқ, жылжи бастады. Алға... Тоқталмаса екен. Тағы да шегіншектемесе екен. Жоқ, тоқталар емес, жүріп келеді. Дір-дір етіп қара терге түскен Күлипа тістенген күйде газ рычагын тарта түсті... Талай жер жүріп барып тоқтады. Трактор жайдаққа шыққан сияқты. Сұлтан жайын енді ғана ойланған Күлипа түсе сап, кері қарай жүгірді. Жігіт қабақта демін алып отыр екен. Қатты қалжырап қалғанға ұқсайды.

— Амансың ба, Сұлтан? — деді қыз.

— Аманмын... Естен кетпестей бір қорықтық-ау, Күлипа, ә, — деп Сұлтан зорлана күлді.

Жігіт орнынан көтеріліп сәл сылти басып тракторға қарай бет алды. Күлипа оны демеймін деп қолтығынан ұстаған, бірақ жігіт сылти басса да қатты-қатты адымдап, қызды өзі сүйрете жөнелді.

Тракторға кеп отырған соң, кабина ішіндегі кішкене шамды жағып екеуі бір-біріне қарады. Екеуі де енді шын көңілден қуана күлісті. Сұлтанның бетін бірнеше жерден тікен жырып кетіпті. Шып-шып қан шығып тұр. Күлипа орамалын алып еппен қанды сүртті.

Орамалының иісі қандай әдемі, қолы қандай жұмсақ... Тегінде, қыз қимылының бәрі де көзді арбап әкетеді. Не сиқыры бар екен?.. Жігіт бойын кенеттен ғажап бір тентек сезім билеп кетті. Бас салып қызды қатты-қатты қысып сүйгісі келді. Қыздың қолынан ұстай алды.

— Ой... сындырдың қолымды, Сұлтан, — деді әлденені сезгендей зәресі ұшқан Күлипа. Үрей толы қыз көзі кірпік қақпастан кең ашылды. Неткен сұлу көз! — Жоқ, Сұлтан, өйтуге болмайды.

Жігіт қыз қолын босатып, теріс қарап кетті.

— Жарайды аса қолпаштап кетсең ғашық боп қалармын, — деді онан соң әзілге бұрып.

***

«Сұмдық-ай, не деген қорқынышты еді» деп ойлады қыз.

Тағы да бір қалыпты трактор жүрісі. Ентігі басылып, әлгіндегі үрейлі сәттердің дірілі өтейін деген. Күлипаның денесі қайта тоңази бастады.

Енді бірде трактор өзінен-өзі пыр-пыр етіп барып тоқтап қалды.

— Жанар май бітті, не істейміз? — деді Сұлтан.

— Мен қайдан білейін, тап ауылды, адасқан сенсің, — деді қыз. Сұлтан үстіндегі пиджагын шешті.

— Неге шешесің, кимеймін.

— Кимегені несі. Кәне, мен сыртқа шыға тұрайын, үстіңдегі су жемпіріңді шешіп таста да, мынаны киіп ал, әйтпесе бәрібір жылынбайсың. Сөйтті де, өзі кабинадан шығып кетті.

— Кисеңші енді. Керілдесіп тұрамыз ба осы суықта, тоңып! — деді бұйырған үнмен. Күлипа қалш-қалш етіп шешіне бастады. Етіне жабысқан су жемпірінің түймесін әзер ағытты.

— Сұлтан, сен өзің тоңасың ғой, — деді жұмсақ үнмен.

— Мен тоңбаймын. Гимнастеркам қалың, әрі құрғақ.

Пиджакты киген соң, Күлипаның бойы жылынайын деді.

Қалшыл басылып, сәл ғана діріл қағып отырды. Сұлтан екі жақтың да есігін мықтап жауып Күлипаны айқара қымтады да:

— Ал, енді осы жерде отырып таңның атуын күтейік, — деді. — Сен ар жағыңа қисай да ұйықтай бер.

Әуелде Күлипа шалқайған күйде, сыртқа айналаға қарап үнсіз отырды. Кабина іші қараңғы. Тым-тырыс. «Қазір ғой қыздар рақаттанып тәтті ұйқыда жатқан шығар», — деп ойлады. Әрине әуелде ұйықтау деген Күлипаның қаперіне де келген жоқ.

— Әңгіме айт, Сұлтан, — деді әлден соң.

— Не айтам, — деді қозғалып қойған жігіт. — Мен әңгіме білмеймін.

— Қыздарға ғашық болғаныңды айт.

— Мен әлі ешкімге ғашық болған емеспін, — деді Сұлтан күмілжіп.

Күлипа оның жүзін көрмесе де тап қазір қызарып кеткенін бірден сезді. Екеуі де біразға дейін тағы үнсіз отырды.

— Қой, Сұлтан, сенің бұл сөзіңе кім сенеді дейсің, онан да бәлсінбей йтсаңшы, — деді Күлипа көтеріле отырып. — Ешкімге ғашық болып көрмесең, неге әке-шешеңді ылғи құдалыққа жібересің.

— Қызықсың, Күлипа. Соларды мен жіберді ғой дейсің бе, өздері бой бермейді. Жай айтқанға түсінбейді, ал қатты айтайын десең ренжиді. Енді қартайғандарында соларды ренжіткім келмейді де, қарсы тұрмаймын. Маған ешкімнің көнбейтінін білемін де, мейілдері, барса бара берсінші деймін.

Жігіт үні жабырқаңқы шықты.

— Солай ма еді? — деді таңданған Күлипа.

«Шынында да Сұлтанға ешбір қыздың көнбейтіні рас қой» деп ойлады ол ішінен. Бір түрлі аянышты. Енді бұл тұрғыда сөз қозғауды жөн көрмеді. «Шіркін-ай, тезірек таң атса екен. Түу, не деген қапас түн еді». Тұман қоюлана түсті. Сыртта ешбір тіршіліктің белгісі жоқ. Тек әлдене ызыңдайды. Күлипа құлағын тігіп далада жел соғып тұрғанын аңғарды. Жел кішкене тесіктен өтіп, кабинаның әйнегін ызыңдатып тұр. Күлипаның денесі тітіркеніп, дір ете түсті. Аяғы қатты тоңып кетті. Қимылдатып көріп еді, бармақтарының жаны жоқ тәрізді. Қысып тұрған етікті сезбейді. «Шынымен аяғымды үсітіп алам ба» деп қорықты ол, ақырын тырпылдатып тебініп қойды.

— Немене, аяғың тоңды ма? — деді Сұлтан елең етіп.

— Жо... онша емес, аздап қана...

Сұлтан оның сөзін елеместен, еңкейіп етігін ұстап көрді.

— Аяғың үсіп кетер, етігіңді шешіп аяғыңды бауырыңа басып отыр, — деді.

— Рас, сөйтейінші, — деп Күлипа бірден келісті.

Шешпек болып еді, су-су етігі аяғына жабысып шешілмеді. Сұлтан күш салып тартып, әзер суырды. Шөлкиі су, аяғы тастай суық еді. Күлипа аяғын бауырына басып отырмақ болған.

— Тоқтай тұр, — деп Сұлтан жібере қоймады

Өзінің үлкен қолдарымен оның аяқтарын біраз уқалап, дуылдап жан кірді дегеннен кейін ғана босатты. Аяғы жылынған соң Күлипа маужырап қалғиын деді.

***

Әлден уақытта Сұлтан жерге түсті де, біразға дейін тым-тырыс жоқ болып кетті. Ұйқылы-ояу отырған Күлипаға көпке дейін желдің гуілінен өзге ештеңе естілмеді.

«Сұлтан қайда, мені тастап кетіп қалды ма? Айдалада трактордың үстінде бүрісіп мен жалғыз қалсам. Иә, өте қызық-ақ... Бірақ Сұлтанның бар киімі менде, үсті жұқа, тоңады ғой. Менде де ұят жоқ, оның бар киімдерін киіп алып, тым-тырыс ұйықтап отырмын». Ойын Сұлтанның даусы бөліп жіберді.

Жігітке тесіле қарады. Сұлтанның түндегі тікен жыртқан бет-аузы қара торланып, кешегіден сәл ісіңкі еді.

Таң аппақ болып атқан екен. Аспан ашық. Жер бетін алғашқы ақша қар басыпты. Көзді солқылдата суырып шағады. Салқын таза ауа тұла бойды дір еткізеді. Қандай рақат! Күлипа бойын жаза керілді де Сұлтанға қарап жымиды. Жаңа ғана көрген түсі есіне түсіп, тағы да қызарып кетті.

— Міне, қызық!.. Күлипа, біздің қай жерде тұрғанымызды қарашы, — деді Сұлтан ой жақты нұсқап.

Күлипа кейін бұрылып өзі де таң-тамаша болды. Бір жарым шақырымдай жерде таң шұғыласына бөленіп ферма тұр.

— Адасқан жеріміз-ай, — деді жігіт күліп, — жүр, кетейік. Жанар май әкелмей болмас.

Енді екеуі де фермаға қарай жаяу тартты. Тобықтан асқан алғашқы қар, үлпілдек қар ерекше таза еді. Күлипа бір іліп алып қарбыта асап жіберді

— Бала сияқтысың ғой, — деді Сұлтан, онан соң күректей алақанымен өзі де бір іліп асады. Үлпек қар тіліне тиер-тиместен еріп сала берді. Тағы да бір қарбытты. Сұлтан кең-кең адымдап алда келеді. Күлипа оның бір адымын екі аттап әзер ілеседі. Аяғы тайғақтайды.

— Ақырын жүрші, — деді.

Сұлтан жүрісін баяулатты. Күлипа тез еңкейіп қарды уыстап алды да, Сұлтанның желкесіне салып жіберд

— Түу, суығын-ай, — деді Сұлтан тыржыңдап.

Оның жауап қайырып ойнай қоймағанына ыза болған Күлипа қарды іліп ап желкесіне тағы да салды.

— Мен қарға аунатармын, — деді жігіт бұл жолы оған тұра ұмтылып.

Күлипа собалаңдаған үлкен фуфайкамен төмен қарай далпылдап жүгіре жөнелген. Сұлтан қуып берді. Енді бірде екеуі де ақша карды шаңғытып ұмар-жұмар жығылды. Атып тұрған Сұлтан:

— Бір жерің ауырып қалды ма, Күлипа? — деп, қызды жердей дегбірсіздене көтеріп алғанда, Күлипа бір уыс қарды оның бетіне тағы шашып жіберді де, сықылықтай күліп тағы да жүгіре жөнелді.

Екеуі осылайша бірін-бірі қуалап, қар лақтырып, ойнай жүгіріп фермаға қалай жеткендерін де білмей қалған. Талай рет қуып жетіп ұстаса да, Сұлтан, қыз мойнына қар салған жоқ. Тек фермаға таянғанда екеуі де ойындарын тоқтатып үсті-бастарын қақты.

— Күлипа, — деді Сұлтан сыбырлай сөйлеп. — Мә, хат берейін аласың ба?

— Ол не хат? Керегі жоқ, ары... — Меселі қайтып қатты ыңғайсызданған Сұлтан өрттей боп қызарып, хатты қалтасына қайта тықты. Ол енді үстін әлі де қаққыштай берген Күлипаға бұрылмастан, кең адымдап, фермаға қарай жүрді. «Ақымақпын мен, — деп ойлады өз-өзіне ыза болған Күлипа. — Неге алмадым...»

— Сұлтан, Сұлтан! — деді жігіттің артынан жүгіре дауыстап.

Боп-боз болып, көзі жасаураған Сұлтан оны көңілсіз күтіп алды. Күлипа жігіттің қалтасына қолын сұғып жіберді де, хатты өзі суырып алды.

— Бар, енді жүре бер, — деді онан соң.

Жігіт жүріп кетті, ал Күлипа хатты қолына ұстап біраз тұрды. Хат шақпақ дәптердің парағынан бүктелген май-май еді. «Күлипа...» деп басталыпты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама