Павлодар облысында алимент бойынша 279 борышкер ойын шотын толықтырып, ставка жасай алған. Олардың жалпы жұмсаған сомасы 600 млн теңгеден асты. Бұл туралы infohub.kz сайты облыс прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сонымен қатар, борышкерлер шоттардан 415 млн теңге ақша шығарған. Құмар ойындарға қатысқандардың ішінде 97 адам алимент төлемейтін қасақана борышкерлер болып табылады.

«Қазақстан Республикасының „Құмар ойын бизнесі туралы“ заңының талаптарын бұза отырып, алимент бойынша 279 борышкер өз ойын шоттарын еш кедергісіз толықтырып, құмар ойындарға қатысқан», — деді прокуратурада.

Тексеру қорытындысы бойынша ведомство Құмар ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Осыдан кейін букмекерлік кеңселер Бірыңғай ставкалар мен төлемдерді есепке алу жүйесіне қосыла бастады. Бұл жүйе клиенттерді борышкерлер тізілімі бойынша автоматты түрде тексереді және атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар адамдардың құмар ойындарға қол жеткізуін шектейді.

Қазіргі уақытта жеті букмекерлік кеңсе интеграцияны аяқтады, тағы он оператор тиісті келісімдерге қол қойды.

Прокуратурада атап өткендей, қабылданған шаралар букмекерлік нарыққа мемлекеттік бақылауды күшейтуге, борышкерлердің құмар ойындарға қол жеткізуін шектеуге және алименттерді өндіріп алу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.