Қостанай облысында алимент бойынша қарызы бар борышкерлердің мүлкі өндіріп алынуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыс прокуратурасының ресми сайтында атап өтілгендей, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қарабалық ауданы прокуратурасы жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Алимент өндіріп алу туралы сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Қадағалау қызметі барысында аудан тұрғынының бірінің алименттік міндеттемелерді ұзақ уақыт орындамағаны анықталды. Оның кәмелетке толмаған баласы алдындағы қарызы 3,6 млн теңгеден асты.

Баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін прокуратура атқарушылық іс жүргізу аясында шаралар қабылдады. Нәтижесінде 2026 жылғы 6 мамырда Қарабалық аудандық соты Қарабалық кентінде орналасқан борышкердің тұрғын үйіне өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарды.

Тағы бір жағдайда борышкер бірнеше жыл бойы (2019 жылдан бастап) баласын асырау жөніндегі міндеттерін орындаудан жалтарған. Қарыз сомасы 3,4 млн теңгені құрады.

Прокуратураның бастамасымен борышкердің жылжымайтын мүлігінің 1/2 үлесіне өндіріп алу қолданылды. Қазіргі уақытта пәтер үлесін қарызды өтеу есебінен өндіріп алушыға беру рәсімі жүргізілуде.