Алматыда абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау күшейтілді. Жылдың алғашқы алты айында ереже бұзғаны үшін 111,9 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды infohub.kz.
Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері заңды тұлғалар 8 972 абаттандыру паспортын ресімдеп, жоспарланған көрсеткіштерден асып түскен. «Абаттандыру паспорты іргелес аумақты күтіп-ұстауға жауапкершілікті бекітуді растайды», — деп түсіндірді ведомствода.
Алғашқы алты айда мамандар 5 мыңға жуық ауызша ескерту жасап, ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 9 679 әкімшілік материал ресімдеді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 111,9 млн теңгені құрады.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша паспорттандыру науқаны қайта жандандырылғаннан кейін тағы 672 абаттандыру паспорты ресімделді. Осы кезеңде 547 әкімшілік материал жасалып, айыппұл сомасы 12,7 млн теңгеден асты.
Ведомство мұндай шаралар нысан иелерінің іргелес аумақтарды күтіп-ұстауға және қалада тәртіп сақтауға жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.


