Алматы тұрғындары «Атакент» саябағындағы ағаштардың күйіне алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілерде сарғайып бара жатқан көшеттердің бейнежазбасын жариялады. Қала тұрғындары билікті шара қолдануға шақырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
aitenqyzy деген атпен тіркелген қолданушы Threads әлеуметтік желісінде саябақ аумағындағы жасыл желектердің күйіп жатқанын көрсететін кадрларды жариялады. «Біздің „Атакент“ күйіп жатыр, қалалық саябағымыздың қурап жатқанын көру өте қынжылтады. Шара қолданып, ағаштарымыздың өлуіне жол бермеулеріңізді сұраймын», — деп жазды ол.
Мәселеге қаланың басқа да тұрғындары қосылды. Пікірлерде олар жаз басында әкімдік пен «Зеленстройға» жүгінгендерін, бірақ ешқандай жауап болмағанын айтады. «Жаз басында әкімдікке де, „Зеленстройға“ да жаздым, „қадағалаймыз“ деп жауап берді, бірақ нәтиже қайда?»; «Мен де өткен жылдан бері „Атакенттің“ жоғарғы жағында не болып жатқанын жазғым келді. Неге ағаштар мен қарағайлар суарылмайды?»; «Бәлкім, бұл инфекция немесе зиянкестер шығар. Өкінішке қарай, бүкіл қалада ағаштарға қатысты жағдай мәз емес», — деп бөліседі қала тұрғындары.
Бостандық ауданы әкімдігі ахуалға түсініктеме берді. Онда саябақ аумағында стационарлық суару жүйесі жоқ екенін, сондықтан көшеттерге күтім мотопомпалардың көмегімен су жіберу әдісімен жүзеге асырылатынын түсіндірді. «Жасыл желектерге тиісті күтімді қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта суару механикаландырылған тәсілмен күшейтілді. Түнгі уақытта саябақ аумағын суару үшін қосымша 5 бірлік суару техникасы жұмылдырылды. Ахуал бақылауда, суару жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде», — деп сендірді әкімдікте.


