Алматыда 4-13 қыркүйек аралығында Орталық және Талды көшелерінің Қакимбек Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның түсіндіруінше, жұмыстарды жүргізу қажеттілігі №2353 және №2363 220 кВ әуе желілерінің зақымдануына байланысты туындап отыр. Соның салдарынан Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін 220 кВ желісінің сақиналық схемасы бұзылған.
Электрмен жабдықтаудың сенімді схемасын қалпына келтіру үшін компания мамандарына Орталық және Талды көшелері ауданындағы зақымдалған кабельдік учаскеде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде орындау қажет.
Жұмыстар барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, тәулік бойы жүргізілетін болады. Қала тұрғындары мен қонақтарынан жол маршруттарын алдын ала жоспарлап, қажетті жұмыстарды жүргізуге байланысты уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауларын сұрайды.


