Алматыда Kokjiek City тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмысшының қазасы тергелуде. Қайғылы оқиға 16 тамыз кешке болды. 42 жастағы Бақытжан Нәкіпбековтің қауіпсіздік белдігі үзіліп, ол үшінші қабат биіктігінен жертөлеге құлады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Полиция мәліметінше, ер адам алған жарақаттар өмірмен сыйыспайтын болып, ауруханада қайтыс болды. Қайтыс болған адамның артында әйелі мен бес кәмелетке толмаған баласы қалды.

Жетісу ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеудің басталғанын растады. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «16 тамызда Жетісу ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта Қылмыстық процестік кодексте көзделген барлық процестік іс-әрекеттер жүргізілуде. Кінәлі тұлғалар міндетті түрде анықталып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», — деді.

Бұл Қазақстандағы құрылыс алаңдарында жұмысшылардың қаза болуының алғашқы жағдайы емес екенін еске саламыз. Өткен жылы елде осындай бірнеше оқиға орын алып, қоғамның алаңдаушылығын тудырған және құрылыс нысандарында қауіпсіздік техникасын сақтау бақылауын күшейтуге әкелген еді.