Алматыда «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 7 669 балаға мектеп формасы мен құрал-жабдық сатып алуға 60 мың теңгеден берілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Осы мақсатқа барлығы 460 млн теңге бөлінді. Қаражат ата-аналардың карта шоттарына толық аударылды.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында 133 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Тамақтандыру тікелей білім беру мекемелерінде ұйымдастырылды.
Алматы мектептерінде барлығы 356 мыңға жуық бала оқиды. Биыл бірінші сыныпқа 32 922 бала барды, оның 30 046-сы мемлекеттік мектептерге, ал 2 876-сы жекеменшік мектептерге.
Бұған дейін «Курсив» 1 қыркүйекте Алматыда сегіз жаңа мектеп ашылғанын, қаланың білім беру инфрақұрылымы жалпы 12 065 оқу орнымен толыққанын жазған болатын. Жеті мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынса, тағы бір 550 орындық мектеп «Зерделі» шағын ауданында ашылды.
Сонымен қатар, реконструкциядан кейін №160 мектеп жұмысын қайта бастады, 340 орындық жаңа №15 мектеп-интернаты салынып, №112 және №174 мектептердің қосымша ғимараттары пайдалануға берілді. Осы оқу жылында Алматы мектептеріне алғаш рет 32 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы барды, 11,5 мың оқушыға мектеп автобустары жүргізілді.


