Алматыда метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезегі аясында үш жаңа станция салынып жатыр — учаске «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін созылады. Болашақ жерасты нысандарындағы қазіргі жұмыстар мен оларды іске қосу мерзімі туралы «Метрополитен» КМК-да айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Метрополитеннің баспасөз қызметі нақтылағандай, әзірге станциялардың ресми атауы жоқ, олар I станция, II станция және III станция деп белгіленген. Ресми атаулар белгіленген тәртіппен бекітіледі.

Станциялар мынадай ретпен орналасқан. I станция — Алатау даңғылы бойында, Абай даңғылынан солтүстікке, Сәбденов көшесінен оңтүстікке қарай, Наурызбай ауданы әкімдігінің маңында. II станция — Алатау даңғылы бойында, Төле би көшесімен қиылысында. III станция — «Барлық» базарының аумағында.

«Метрополитен» КМК-да сондай-ақ әр нысандағы жұмыстардың қай сатыда тұрғанын ашып айтты. Мәселен, I станцияда инженерлік желілерді, атап айтқанда электрмен жабдықтау және газ құбырын шығару жұмыстары орындалды. Мұнда айналма жолдың құрылысы аяқталып, қазба жұмыстары басталып жатыр.

II станцияда инженерлік желілерді шығару және айналма жолды салу жұмыстары аяқталу сатысында. III станцияға келсек, онда қазба және бетон жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде вестибюль мен платформа учаскесін бетондау орындалып жатыр.

Баспасөз қызметі учаскенің құрылысын 2029 жылы аяқтау жоспарланып отырғанын растады.