Қазақстанда шетелдік азамат Ресеймен шекараны заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін сотталды — ер адам бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Павлодар облысы соттарының Telegram-арнасында мәлім еткендей, 2024 жылдың шілдесінде ер адам жұмысқа орналасу мақсатымен Тәжікстаннан Ресейге келген. Алайда Мәскеудегі «Шереметьево» әуежайында оны өткізбей, кері қайтарып жіберген.
Осыдан кейін шетелдік Павлодар облысындағы «Үрлітөбе» өткізу пункті арқылы шекараны кесіп өткен. Бірақ ресейлік «Павловка» өткізу пунктінде оны тағы да өткізбей, Ресей Федерациясына кіруі 2060 жылға дейін жабылғанын хабарлаған.
«Ресей Федерациясының аумағына ресми тәртіппен өткізілмейтінін түсіне отырып, ол ҚР-дан РФ-ға өткізу пункттерін айналып өтіп, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге қатысты қылмыстық ойға келді, алайда оның әрекеттері өзіне байланысты емес мән-жайларға орай соңына дейін жеткізілмеді», — деп әңгімеледі сотта.
Үспен аудандық соты Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтуге оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады — Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі — 392-бабының 1-бөлігі.
«Сот қылмыстық істі қысқартылған тәртіппен қарап, Н-ны кінәлі деп таныды және оған 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге 5 жылға шығарып жіберумен қатар, жазаны ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге белгіледі», — деп нақтылады сотта.
Үкім заңды күшіне енді.


