Астанада ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік гранттарды жымқыру жолы анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан «Өсімдік майларын регенерациялау және тазарту бойынша өндірісті ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруға жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгеге дейінгі грант алған.
Ақша қаражаты жабдық, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлардың ақысы ретінде өз бақылауындағы компаниялардың шоттары арқылы шығарылғаны белгілі болды.
«Атап айтқанда, жобада көзделген үш тот баспайтын болат өндірістік желісінің орнына техникалық талаптарға сай келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған. Дайын өнім шығарылмаған және сатылмаған», — деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігінде.
Салдарынан мемлекетке 297 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Жымқырылған қаражат өңделген өсімдік майын жеткізу ақысы ретінде екі аффилиирленген компанияның шоттарына аударылғаны анықталды.
«Кейіннен аталған қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаны өз бетінше қоса қаржыландыру ретінде рәсімделген, сондай-ақ автомобильдерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарға жұмсалған. Оның үстіне, жоба мониторингіне жауапты «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге көлеміндегі заңсыз сыйақы үшін анықталған бұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпей, қаржыландыруды жалғастыруға ұсыныс берген», — делінген хабарламада.
Қазір екі күдікті қамауға алынған.
Соттың санкциясымен 6 автомобильге, пәтерге және жабдыққа тыйым салынды.
Тергеу жалғасуда.


