Алматы облысының Талғар ауданындағы Северцов мұздығында Беларусь туристері адам қалдықтарын тапты. Оқиға орнының координаттары мен фото-бейне материалдар төтенше жағдай қызметтеріне жіберілді, алайда қалдықтарды эвакуациялау мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Анастасия Ахметованың Facebook-тегі жазбасына сүйенсек, 16 тамызда оның Беларусьтен келген таныстары екі апталық тау жорығын аяқтап, түскеннен кейін мұздықта адам қалдықтарын көргендерін айтқан.
«16 тамыздағы жексенбіде менің беларусь достарым, тау туристері, біздің таулардағы екі апталық тректен кейін түсіп, маған хабарласып, видео көрсетті: олар Северцов мұздығында туристің қалдықтарын тапқан», — деп жазды Ахметова.
Оның айтуынша, ақпарат қалалық қызметтерге жеткізілген. 112 нөміріне қоңырау шалу сәтсіз аяқталғандықтан, туристер 109 нөміріне хабарласып, кейін WhatsApp арқылы координаттар, фото және видео жіберген.
Ахметованың айтуынша, бұл аймақта қаза тапқан адам туралы ақпарат 2025 жылғы ресейлік топтың туристік есептерінде кездескен. Беларусь туристері жорық алдында бұл мәліметтерді көрген, бірақ қалдықтар әлдеқашан эвакуацияланған деп ойлаған.
«Олар денені мұздықтан алып кеткеніне сенімді болған», — деп атап өтті жазба авторы.
Оның сөзінше, биыл жазда қалдықтар табылған жерден кемінде екі туристік топ өтіп кеткен болуы мүмкін.
Жақын маңда беларустар Санкт-Петербургтен келген туристерді де кездестірген. Олар жанында жатқан рюкзактан құжаттар тауып алып, оларды ТЖМ қызметкерлеріне тапсыру үшін өздерімен бірге алғандарын айтқан. Құжаттардың құтқарушыларға тапсырылғаны белгісіз, деді Ахметова.
Жазба авторы қалдықтарды мүмкіндігінше тезірек эвакуациялауға, қайтыс болған адамның жеке басын анықтауға және оны туыстарына тапсыруға шақырды.
«Менің жеке пікірім: қалдықтарды сол жерде қалдыру — христиандық, мұсылмандық және жалпы адамгершілік тұрғысынан дұрыс емес. Бұл біреудің ұлы, біреудің әкесі, біреудің ағасы», — деп жазды ол.
Оның пікірінше, қажет болған жағдайда ДНК сараптамасы да жүргізілуі тиіс.
Кейінірек Ахметова Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау шалғанын хабарлады. Оның айтуынша, оған қандай шаралар қабылданатынын нақтылайтындарын уәде еткен.
Осыдан кейін ол жаңарту жариялап, ТЖД ақпаратты полицияға жібергенін мәлімдеді.
«Облыстық ТЖ департаменті полицияға хабарлағанын және құтқарушылардың көмек көрсетуі үшін полициядан хат күтіп тұрғанын айтады. Әзірге хат жоқ», — деді Ахметова.
Ол күздің басталуымен қарға байланысты жұмыстар қиындауы мүмкін деген қауіп білдірді.
«Курсив» редакциясы Алматы облысының Полиция департаментіне түсініктеме сұрап жүгінді. Жарияланым кезінде жауап келмеді.


