Алматы облысы Талғар ауданының тауларынан белгісіз адамның мәйіті табылды. Ол туристер тарапынан Северцев мұздығы маңынан табылып, құтқарушыларға хабарланған. ТЖМ қызметкерлері қаза тапқан адамды шамамен 3400 метр биіктіктен эвакуациялады, деп хабарлайды infohub.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар оқиға орнына жетіп, қиын жердегі тау бөлігінен мәйітті эвакуациялаған. Оны жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
Жұмыс аяқталған соң, қаза тапқан адам Алматы облысының тергеу-жедел тобына тапсырылды. Мамандар адамның жеке басын және оқиғаның мән-жайын анықтауы тиіс.
Ведомство тауға шығу кезінде қауіпсіздік шараларын еске салды: маршрутты алдын ала зерттеу, ауа райын ескеру, өз физикалық мүмкіндіктеріңді және дайындық деңгейіңді объективті бағалау. Жақындарыңа жоспарланған маршрут пен қайту уақыты туралы хабарлау, қалтаңда зарядталған телефон, байланыс құралдары және қажетті жабдық болуы ұсынылады.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.
Бұған дейін Алматы облысы Талғар ауданындағы Северцев мұздығында Беларусь туристері адам қалдықтары мен туристік жабдықтарды тапқаны хабарланған. Алматы ТЖД мәліметінше, ақпарат өңдеуге қабылданған.


