Американдық рэпер Канье Уэсттің (Ye) 14 тамыздан 15 тамызға ауыстырылған концерті Алматыда тыныш және оқыс оқиғасыз өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көрермендердің қауіпсіздігін 2,5 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қамтамасыз етті.
«Біз үшін басты басымдық әрбір қала тұрғыны мен қонағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіп пен жол жағдайын бақылады», — деді Алматы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов.
Ол сондай-ақ Алматы тұрғындары мен қонақтарына тәртіптілігі, түсіністігі және заңды сақтағаны үшін алғыс білдірді.
«Мұндай ауқымды іс-шаралардағы қауіпсіздік — тәртіп сақшылары мен азаматтардың бірлескен еңбегінің нәтижесі», — деді Алматы полициясының бастығы.
Ye-дің Алматыдағы өнер көрсетуі оның Қазақстандағы алғашқы үлкен концерті болды. Оған бірнеше апта дайындық жасалды. Аренаға Ye шоуының элементтерінің бірі — үлкен сфералық құрылым орнатылды. Ұйымдастырушылар Алматыға 100 тоннадан астам техникалық жабдық жеткізілгенін де хабарлады.
Бастапқыда шоу YE TOUR 2026 әлемдік туры аясында 14 тамызға жоспарланған еді. Ұйымдастырушылар бұған дейін дайындық кезеңінде өнер көрсету күні өзгергенін айтқан болатын: логистика мен турдағы қалалардың кезектілігі түзетілгендіктен, олар концертті дәл 14 тамызда өткізуді жедел келісуге мәжбүр болды, алайда қауіпсіздік мақсатында концертті 15 тамызға ауыстыруға тура келді.
Ал қарсаңында Алматыда жаппай электр жарығы сөнгендіктен іс-шара күмән тудырған еді. Кейін қалада электрмен жабдықтау қалпына келтіріле бастады, алайда мегаполисті қолайсыз ауа райы шарпыды, ұйымдастырушылар жауын-шашын салдарынан сахна күмбезі тайғақ болып, әртіске өнер көрсету кезінде қауіп төндіруі мүмкін деп қауіптенді.


