Алматыда «София» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ыстық су мәселесін шешуді талап етіп, түнгі наразылық акциясына шықты. Оқиға орнынан түсірілген видео kris__p__kaz Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Видео сипаттамасында айтылғандай, Алматының Алатау ауданындағы «София» тұрғын үй кешенінің тұрғындары ыстық сумен жабдықтау мәселесіне назар аударуды талап етті.

Алматы әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алатау ауданындағы «София» тұрғын үй кешенінде 11 қыркүйекте ыстық сумен жабдықтауда үзіліс болған. Себебі — мүлік иелері бірлестігі (МИБ), басқарушы компания және энергиямен жабдықтаушы ұйым арасындағы қарыз бен шешілмеген келісімшарт мәселелері.

Әкімдік араласқаннан кейін қазандықтың жұмысы мен ыстық су беру сол күні 23:20-да қалпына келтірілді. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, тұрғындардың электр энергиясы бойынша жалпы қарызы 24,83 млн теңге, тағы шамамен 7 млн теңге автономды қазандықтың жұмысына тиесілі. МИБ мәліметінше, жеке қазандық электр энергиясын тұрғын үй кешенінің желілері арқылы алады, бірақ оны электрмен жабдықтауға жеке келісімшарт жасалмаған.

Тұрғындар шағымданған соң оқиға орнына Алатау ауданы әкімі аппаратының және Алматы әкімдігінің бейінді басқармаларының өкілдері жедел келді. МИБ, «Volden V» ЖШС басқарушы компаниясы және энергиямен жабдықтаушы ұйыммен бірлесіп, жағдайды реттеу және ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда қазандық қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алматы әкімдігі жағдайды бақылауда ұстауды жалғастыруда. Тараптар қарыз бен келісімшарттық қатынастар мәселелерін заңнамада белгіленген тәртіппен пысықтауда.