17 тамыздан бастап Алматы тұрғындары үйінен 500 метр радиустағы коммуналдық ақылы тұраққа тегін қоюға өтінім бере алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы қалалық Көлік басқармасының мәліметінше, тегін тұраққа қою құқығы бір тұрақ орны мен бір автокөлікке беріледі. Бірақ тұрғындарға нақты орын бекітілмейді — олар тек бос орын болған жағдайда ғана пайдалана алады.
Өтінімді «Алматы паркинг» сайтында немесе eOtinish платформасында арнайы форманы толтырып қалдыруға болады. Бұған дейін Kolesa.kz басылымы қалалық тұрақтар сайтында өтінім қалдыру мүмкін болмағанын хабарлаған еді. Өтінім беру үшін екі әріп пен тоғыз цифрдан тұратын тіркеу куәлігінің нөмірін көрсету қажет, дегенмен қазақстандық техпаспорттарда тек сегіз цифр көрсетілген. Қазіргі уақытта қате түзетілді.
Тегін тұраққа өтінімдерді қарау 15 күнге дейін созылады. Қарау нәтижесін екі аптадан кейін білуге болады.
Бұған дейін тұрақ құны әрбір нақты өткізілген минут үшін есептелетіні хабарланған болатын. Сонымен қатар тегін интервалдар сақталады: алаңдық, жерасты және көпдеңгейлі тұрақтардан шығу үшін 10 минут, тротуарлық тұрақтарда 5 минут.


