Алматыда травматология және ортопедияның өңірлік орталығы жұмысын бастады. Ол мегаполис пен Алматы облысының медициналық қызметтерін біріктіреді. Мекеме №4 қалалық клиникалық ауруханасының базасында ашылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, енді Алматы мен облыс тұрғындары ауыр жарақаттар алған жағдайда мамандандырылған және жоғары технологиялық көмекті толық циклмен ала алады. Бұл шұғыл қабылдауды да, күрделі хирургиялық операцияларды да қамтиды. Сонымен қатар, мұнда оңалту шаралары да жүргізіледі.
«Мұндай орталықтың қалада пайда болуы Алматы мен Алматы облысының травматологиялық қызметтерінің тиімділігі мен үйлесімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ведомствода.
Академик Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов өңірлік травматологиялық орталықтардың Астанада (ҰТОҒО базасында), Қарағандыда (профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында) және Балқашта жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. «Алматыдағы жаңа орталық бүкіл оңтүстік өңір үшін негізгі буынға айналады», – деп қосты ол.
Бұған дейін 2026 жылдың басынан бастап елімізде 403 төсек-орынға арналған 26 жаңа бейінді бөлімше ашылғаны хабарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олар кардиология, гастроэнтерология, нефрология, пульмонология, ревматология, эндокринология және гематологияны қамтитын жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың соңына дейін 30-дан астам аудандық аурухананы көпбейінді деңгейге дейін қайта жарақтандыру жоспарлануда.


